АҚМОЛАҒА КӨШКІН, АҒАЙЫН!

  • 15.08.2014
  • 661 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Марат ҚАБАНБАЙ,жазушы

Сонымен, астанамыз Ақмола – Қазақ­стандай алып пластинканың қақ ортасы, нақ кіндігі. Түптеп келгенде, Алматы қазақтың, Ақмола қазақстандықтардың астанасына айналатындай. Ежелден найзасы желкілдеген батырлар мен кітап ақтарған ағартушы ойшылдардың, үкісі бұлғақдаған сал-серілердің, қаламын халық тағдырына қайраған ақын-жазушылардың бір Отаны – осы төңірек – Сарыарқа-тын! Жері жасыл, орман, көлді, сулы, нулы, берекелі өлке. Сан ғасырлар бойы халқымыздың рухани орталығы болып келген Сары­арқаға XX ғасырда алла, неге екені бел­гі­сіз, қаһарын қатты тікті. 16-жылғы көтеріліс, азамат соғысының ылаңы ең алдымен, осы Торғай, Қызылжар, Кереку, Көкшетау, Ақмоланы ұйпап-тұйпап, қан қақсатты. 1921-22, 1932-33-жылғы атақты аштықтарда алдымен Сарыарқа ақсүйек болып қырылды.

Тек қолдағы төрт түлік малға ғана қарап отырған сері халық жүгенін ұстап, ақ таяққа сүйеніп, сенделіп қалды, шөкелеп түсті. Tipі қалғаны ақтабан шұбырындыға ұшырап, түстікке қарай жосылды. Сондай сойқандардан енді-енді ес жия бергенде тың көтерілді, ішкі Ресейдің бір бөлігі қотарыла көшіп келіп, саныраған, әлсіреген жамағатты тура талтүсте нақ үстінен басты. Нәти­же не? Қазақ астаналық облыста – 24%, Көкшетауда – 33%, Қостанайда – 18%, Солтүстік Қазақстанда – 19%, Қара­ғандыда – 20%, Павлодарда – 32% ғана. Және де қазақ екенін ұмытпағаны, негізінен, ақсақал ата мен кимешекті әже, апаларымыз. Кейінгі толқынның басым көпшілігі төлқұжаттан ғана қазақ екенін білетін, славян менталитетіндегі қазақтар. Биағаң, ұлы Бейімбет Майлин жазып кеткен қалың ауыл бұл күнде жоқ, іздемеңіз, таба алмайсыз, құрып біткен. Оған олар кінәлі емес. Айыпты – бұл өлке үшін кері дөңгелеген тарих доңғалағы, терісінен соққан алағай да бұлағай замана желі.

 


Әйтсе де, өткенге – салауат, келешекке – бақуат! Аш болсақ та, тоқ болсақ та, көк байрақты егемен елміз. Сонау Батыс Қазақстаннан басталатын теміржол республикамыздың түстігін бөктерлей басып өтіп, Семейге дейін алдымен орысты, сонсоң талай қазақты тасып, бір-біріне араластырып, құда-құдандалы етіп, туыс­тастырып, табыстырып, бұл аймақтарды қазақтандырып үлгірді. Түрксіб орай құшақтап, қысып жатқан тек осы Орталық және Солтүстік Қазақстан ғана біз дегенде бетін бермей, сеңдей қатып жатыр еді. Астананың Ақмолаға көшуі сол сірескен көкмұз сеңге ауыр сүймен түсіргендей екен. Замана ақыр аяғы қазақ үмбетінің ғасырлар бойы көлдетіп төккен көз жасын көргендей болды. Өз Отанын іздеген неміс, орыс бұл өлкеден ірге көтеріп, сөгіле бастады. Біраз селоларда трактор, комбайнға мінетін, машина рулін ұстайтын адам қалмады деп естиміз. Олардың орнына Моңғолиядан келген туыстарды қоныстандырып жатырмыз. Ресей жерінен өз аяғынан келіп жатқан қандастар да жоқ емес. Сөйтіп, 250 жыл бойы Ресей империясы қазақты шалғынды өлкеден шөлейт түстікке қарай ығыстырып келсе, енді, қарама-қарсы процесс – Арқаға оралу басталды. Інжілде жазылғандай, адасқан ұл өз ортасын іздегендей.
Бірақ, бұл – аз, өте аз! Моңғолдық ағайындар ел есеңгіреген мынау шаққа тап келіп, іркіліп қалды. Ал, кезінде қазақтың қолынан қысылған кезде дәм татқан Александр Солженицын сол табаққа түкіріп, жуықта ғана теледидардан аузы қисаймай: «Қазақстанның бес облысы ежелден Ресей жері» деуге дейін барды. Ауыз Солженицындікі болғанмен, ниет – әлі де империялық пиғылда қалып отырған Ресейдікі. Яғни, астықты, малды, құт берекелі, құнарлы өлкені қиғысы жоқ, уыстан шығармай бауырға мүлдем басып қалу – түпкі ойы. Оның үстіне базбір халықаралық ереже бойынша, жергілікті халықтың саны 30%-ға жетпесе, ол жер дәл сол халықтікі деп есептеле де бермейді. Есебі, Арқа мен Солтүстіктің тағдыры қазір қалт-құлт, қыл көпірдің нақ үстінде тұр. Ашығын айтқанда, ғасырдың аяғына шейін таласып, тырмысып, аталмыш бес облыстың әр-қайсысында қандастарымыздың санын, кем дегенде, 30%-ға жеткізбесек, XXI ғасырда бұл өлкенің қазақстандық деп аталуы да екіталай. Ендеше, сырт елдерден келіп жатқан қазақтарды осы өлкеге төгу керек. Ресейдің бергі бетінде мал бағып жүрген қазақтардың арасына адам, өкіл жіберіп, өз ішімізге тарту қажет. Оның үстіне империя қазақтың басым көпшілігін шөл, шөлейттерге қуып тастағаны мәлім. Қазақ іргесін бермей отырған Сыр бойы, Арал төңірегі құлазып, ауру жайлап, Семейдің біраз жері радиацияланып бітті. Ендеше, осы төңіректегі қазақтар өз ұрпақтарын жарымес, кемтар, мутант ұрпаққа айналдырмайын десе, жері көп бүлінбей, суы лайланбай тұрған Арқаға, Ақмолаға жаппай қоныс аударуы керек. Қазақтың туған жер дегенде күрсінгенде қарс ұрып, өкпесі түсетіні, ата-баба зиратын қимайтыны, өлсек те сүйегіміз осында қалсын дейтін мінез-құлқы бәрі­мізге белгілі. Қазақстан келешекте тіс­тегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпесін десек, алты жасар баладан алпыс жасар данаға дейін ойланыс керек. Ақсақал аталар мен қария әжелер туған жерін қимаса да, жас, қайратты балалары мен немерелеріне ақ батасын беріп, алыс жолға – Ақмолаға, Арқа же­ріне қолтықтан көтеріп, аттандырып салғаны жөн. Тек от жағып, су ішіп отырған жерін – Отанын ошағым деп ұғатын тар түсініктің аясында қалумына ылдым-жылдым, алымы кең заманға жараспайды. Әр қазақтың Отаны – Алатау мен Арқа, Атырау мен Алтайдың кез-келген пұшпағы мен шаршы метрі! Бала мен шаға, немере мен шөбереміз жаудың жеріне бара жатқан жоқ, ежелден бойымыз құт боп қонған қазақ жеріне, абайсызда айырылып қала жаздаған өз Отанына қоныс аударып бара жатыр – осы естен екі елі шықпасын. Және олар құр кетпей, өздерімен бірге түстік пен батыстың, шығыстың әлі оншама іріп бұзыла қоймаған қазақ діні мен тілін, мінез-құлқын, салт-дәстүрін өздерімен бірге алып барады. Барған жерінде баяғы тың көтерген жылдардағыдай білекке білек, күшке күш қосып, Ақмолаға, Арқаға көк туды әбден орнықтырып тігеді. Сөйтіп, бұрын да құда-құданда дегенде жанын беретін қазақ тағы да бас жесіп, туыстасып, Арқа жерінде ошақтың үш бұтындай Үш жүздің балаларынан түзілген, қайратты да өжет, қаны жаңарған жаңа қазақ өсіп-өне бастайды. Қысқасы, әр қазақ – ұлтымыздың қиналып отырған жерінен табылса ғана нағыз қазақ! Күн сәулесі ұлы даланың барлық жеріне бірдей түсетінін естен екі елі шығармайық. Ұлтымыздың ендігі тағдыры Арқада шешіледі. Астананы ауыстыру оңай емес, бірақ, бұл тұста байбалам да артық. Орынбордан Қызылордаға, одан Алматыға ауысқанда жағдайымыз бұдан ауыр болмаса, жеңіл болған жоқ. Соғыстан кейін де елбесіп-селбесіп күн көрдік қой, басқа түскен бір салмақты көптеп көтеріп алармыз. Тек түбі баянды болсын.
Бұл ұлы жорық, тың серпілісті – миграция мәселесін мемлекет онсыз да базар нарқы тұралатқан халықтың өзіне итере салмай, көші-қон департаменті ұзақ жылдарға есептелген бағдарлама жасап, мұрындық болса қане! Моңғолиядан, Иран, Қарақалпақ жерінен ірге көтерген ағайындарды онсыз да халқы тығыз, өсіп-өну потенциалын тауысуға таяу оңтүстік облыстарға, уланған құладүз Семей жеріне тоғыта бермей, ең алдымен осы бес облысқа орналастыру жағын ойластырған дұрыс. Ойластырып қана қоймай, департаменттің өзі, Тіл комитеті халыққа үлгі көрсетіп, Ақмолаға тез арада түпкілікті көшіп алуы керек. Тіл үшін нағыз күрес енді қызады. Дәл қазір Алматыдан бастап Кереку, Семей, Өскемен, Талдықорған, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда қалаларындағы Қожанасырдың лашығындай қисайған жаман жатақханаларда қазақ жастары екі қолдары бос, ішерге ас таба алмай, ішіп-жемін күнделікті сауда-саттық, ұрлық-қарлықтан ғана айырып, қаптай өріп сандалып жүр. Яғни, криминалды, наразылыққа өте бейім орта! Оларда жазық та жоқ, ауылды ала бастаған жұмыссыздықтан қажып, қаладан кәсіп тауып, үй алам ба, адам боламын ба деп аңқалақтап келгенде мына сұм заман «маңғыт, аузыңа саңғыт!» деп, ту сыртын беріп, алдап кетіп отыр. Ақмолада басталайын деп отырған үлкен-үлкен құрылыстарға осы жастарды ең алдымен апарып салу керек. Тағы басқа толып жатқан құрылымдарға да өзіміздің қаракөздерді пайдалану қажет. Тың өңіріндегі орыс, неміс кетіп, босап қалған селоларды Орта Азия мен Кавказдан бас сауғалап келгендерге үлестіре бермей, жұмыс табылмай, өз ауылында өзі босқын болып жүрген қазақ жастарын көшіріп апарып, мал бақтырып, егін өсіртпесек, ертең – кеш. Өзгеге мырза, өзіне сараң, өзімшіл емес, өзгешіл мінезден құтаятын болсақ, осы ғасырда басымызға бақыт құсы әлдеқашан қонатын еді. Ол бізге бақыт құсы емес, империяның екі басты самұрық құсы болып қонақтап, жез тырнағын туған жерімізге аямай салып отыр. Оған қазақстандық орыс халқы жазықты емес, олардың өздері де кезіндегі империя саясатының құрбаны. Сондықтан, қазақстандық, оның ішінде арқалық орыс ағайындар береке, бірлік болса, қазақ жері қазаққа да, ниеті түзу орысқа да емін-еркін жететінін ұққан­дары жөн.
«Аспан ашық, жер жазықта кәне, көтеріл, қоныс аударуы несі?!» – деген күдіктің әр қазақтың көкірегіне ұялауы әбден мүмкін. Біз бұл жерде жаңалық ашып отырған жоқпыз. XX ғасырда алып империялар бүтіндей ыдырап, есі барлар елін тауып, әр ұлт пен ұлыс тарихтан белгілі байырғы мекенін іздеп, ежелгі шекарасын белгілеп жатыр. Қазақстан да осы процесті бастан кешуде. Әлемдегі халықтың 30-дан бірін, ал, жер шарының 7-ден бір көл-көсір бөлегін иеленіп отырып, бес облысқа сұ­ғын қадаған Ресейді ат төбеліндей аз қазақ енді түзей алмайды. Біз онсыз да көш­пелі заманның ыңғайындағы жайбасар, тәубашыл халықпыз. Өткен ғасырлардағы осы аңқаулығымыз бен жалқаулығымызды қайталамай, тағдыр ұсынып отырған өз үлесімізді ерінбей ала білуіміз керек. Ол үлес – ең алдымен территориямыздың тұтастығы, ел, халқымыздың амандығы. Арқа жерінде кезінде қырылып қалған, босып кеткен қалың қазақтың орны қазір үңірейіп бос тұр. Мына иінтірескен сұм заманда, алды-артты бағамдап, байқамасақ, аңғармасақ, ол орын оп-оңай толады. Әрине, өзге жұрттың, бөтен ұлыстың есебінен… Толып та тұр. Дешті Қыпшақтың күдірейген қыр арқасы, қабан жалы болған Арқада ата-бабамыздың сүйегі саудырап жатыр. Шет жағасы трактор табанына тапталып, түренге түсіп кеткен. Намысы бар ұлт өлгендерін өлексе еткен емес. Болашақта Арқада егін азайып, мал көбейеді. Экология да, экономикада, ұлтымыздың мамандық бейімі де солай дейді. Ендеше, қазақтың дәл Арқа дегенде іркілетін еш реті жоқ. Әншейінде «қазақпыз» деп кеуде қаққанда құдайға жетпесек те, ол кісіден бір де кем емеспіз. Әсіресе, өзара күш, ноқ көрсетуге келгенде. Ал, өзге десе өлімсірей қалатын жаман әдетіміз де жоқ емес. Екі қарға төбелессе, үшіншісіне жем болады. Үш жүз шекіссе кімге азық болатыны белгілі. Бұл – алгебра емес, арифметика! Соңғы кезде Ресей баспасөзінде: «Қазақ дегеніңіз үш жүзге бөлінеді екен, өздері бастары бірікпейтін кеще көрінеді!» деген сөз көтеріле бастады. Мұның арғы жағында: «Үшеуін үшке бөліп тастап, икемге көнгенін бауырға басып, баяғыдай билей бермейміз бе» деген сасық қулықтың қасқыр құлағы қылтиып тұр. Әлгі аса қадірменді қарт абыз Әлекең, Александр Солженицын мойнын созып, дәметіп отырған бес облысыңыз – Арқада! Ресейдің рухани да, әскери де экспансиясына өте-мөте қатты ұшырап, әбден қалжырап, тәлтіректеп тұрған жеріңіз де осы Сарыарқа. Ендеше, шаршап-шалдыққан, адаса жаздаған ортаншы балаға мынау сын сәтте көмек, жәрдем керек. Ендеше, Елбасы бастаған ұлы көшке томағаны сыпырып, аяқтағы тұсауды шешіп, батыл-батыл басып, керуен болып, ерейік, түстік, батыс, шығыстағы қаракөз кәрі, жас ағайын! Түтін шыққан, оқ зулаған басқа елдерден қашып-пысқан өзге ұлттар біздің жерге қотарыла көшіп кеп жатқанда, өз туған топырағымызға ірге тебуден, кәсіп істеп, өз жерімізге өзіміз ие болудан ұялмайық! Арқаға толайым ел көшіп барып жатса, әдебиет, мәдениет, сауда-саттықтың мырзалары мен ханымдары қайда барады, олар да сәумеңдеп халықтың соңынан ереді. Көш көлікті болсын, халайық!
Сөз соңы: жалпы, астананың Ақмо­лаға көшуін әрбір қазақ ел өміріндегі үлкен бетбұрыстың басы деп ұғып отыр. Бұдан былай сөзіміздің мәтелі «Баяғыда, Ақмола астана болғанда…» деп келеді. Біздің дәуірімізге дейінгі, кейінгі деген сияқты. Осыған дейін болдық, егемен болдық деп той тойладық. Енді білек сыбанып, жұмыс істейтін кез әбден келді. Тәуелсіздігіміздің сыналар сын сәті енді туды. Ел, халық ұлттың сапалы санаға ауысар кезі осы жаңа аста­наға көшумен тұспа-тұс келгендей. Сары­жұрттағы бойкүйездікті, жүзшілдік пен парақорлықты, надандықты ескі, кір, қоқыс киімдей үстімізден шешіп тастап, жаңа астананың шаңырағын игі ниет, ақ көңілмен үш қолдап көтерейік те!

1994 ж.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!