БІЗГЕ «ұлтшылдардың билікке келуі» емес, «билік жүйесінде ұлтшылдық принциптерінің басымдыққа ие болуы» керек

  • 15.08.2014
  • 583 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдірашит Бәкірұлы, «Ақиқат»

Осы мақаланы жазу алдында жұрт фейсбукта әншіміз Роза Рымбаеваның «Бешбармақ» әніне түскен клипін қызу талқылап жатыр екен… Кезінде Роза қазақты «Әлиясымен» танытқанда − онымен мақтандық, оны көкке көтердік! Ал, бұл жолы…, бұл жолы олай бола алмады. Мысалы, мен бұл әнді «Қазақтың қолынан бешбармақ жеуден басқа ештеңе келмейді, өзгеге көрсетер қазы-қартадан басқа түгіміз жоқ» деген тұрғыда қабылдадым… Және де, бұл клипте «ауыздарыңды қазы-қартамен майлап отыра беріңдер, қалғанын өзгелер реттейді дегендей ишара бар-ау» деп қабылдадым…

Бұрын «Сағынайдың асында сойылған малда қисап жоқ» дегенде – оны «ел байлығы» деп түсінуші едім, бұл жолы қазекеңнің қисапсыз малдан ажырап, жал-жая мен қазы-қартаны түсінде көретін таңсық астай жырлап кеткенін көріп, бұл – Абылайдың түсін жорыған сәуегейдің сөзіндегідей «арыстан халықтан тышқан халыққа айналып бара жатуының бір көрінісі емес пе?» деп намыстандым… Содан кейін, «қазіргі заманда ұлттық құндылықтарымыз, әдетіміз бен дәстүріміз, жөн-жораларымыз, ар-ұят пен абыройымыз қайда барады?» деп ойланып, осы мақаланы жазуға отырдым. Шынында да, қазақ қайда барады?  

Қазіргі мемлекеттік ұлт саясатының идеологиялық астары туралы

Қазіргі қазақ мемлекеті тәуелсіз даму жолына түскелі бері ұлттық идеологияны қалыптастыра алмай жатыр ма, қалай? Бұл дейтініміз, оның орнына ресми идеология шеңберінде «өркениетті елдердің қатарына қосылу» мәселесі көп көтеріліп жатқан сияқты. Алдымен «дамыған елу елдің қатарына ену», одан кейін, «отыз елдің қатарына ену» туралы арнайы мәлімдемелер жасалды, шешімдер қабылданды. Бірақ, осы мәселе төңірегінде қоғамда көптеген сұрақтар туды, мысалы: «Өркениетті дамыған елдердің басты критерийлері қандай?», «Оған жету үшін қоғамда қандай өзгерістер болуы тиіс?», «Қазақтың ұлттық сипаты өркениет көшіне ілесу барысында шайылып кетпей ме?», «Еліміздің көп ұлтты болуына байланысты мемлекеттік жауапкершілік қай ұлттың мойнына жүктеледі?», «Осы кезеңде туындайтын бәсекелестікте ұлтаралық тұрақтылықты сақтап қалу мүмкін бе?» дегендей және басқа мәселелер қылаң берді. Мұндай алаңдаушылыққа негіз бар. Өйткені, мемлекет өзінің ұлттық сипаты мен болмысын айқындай алмаса, ондай мемлекетте ұлтаралық араздықты қоздыру аса қиын емес. Ондай қатерден, тіптен, өзінің ұлттық сипатын ашық түрде жария еткен Украина мемлекеті де құтыла алмағаны − осыған дәлел. Он­да Украинаның Ресеймен шекаралас облыс­тарында жиі қоныстанған орыс диаспорасы алдымен  «тілдік дискриминацияны» алға тарта отырып, соңынан, Ресейдің Қырым түбегін өзіне қаратып алуын ескеріп − Украинадан бөлінудің «қырымдық сценарийін» қаз-қалпында қайталауға әрекет етті. Соңы азаматтық соғысқа ұласып, осы мәселеде әлемнің қақ жарылғаны белгілі. Яғни, бұл мысал бізге өркениетке барар жол «мемлекеттің ұлтсыздануынан» емес, қайта керісінше − мемлекеттің негізін құраушы ұлттың әлеуетін неғұрлым «өркениеттендіруден» басталатынын анықтап берді. Қалай дегенмен де, дамыған елдердің тарихы осыған меңзейтіні рас: мысалы, Жапон мемлекеті ұлттық құндылықтарды дамыта отырып, өркениет жетістіктерін өз экономикасы мен мәдениетіне бейімдей алды. Нәтижесінде, бұл мемлекет өзінің ұлттық брендін қалыптастырып, әлемдегі геосаясатқа араласуға қабілетті ондаған елдердің қатарына көтерілді. Екінші мысал: соңғы 20-25 жылда аса жоғары қарқынмен дамып келе жатқан  Қытай мемлекетін алайық. Олар да «ұлттық құндылықтарын» сақтауды басты міндет санайды. Тіптен, ондағы авторитарлық жүйе көп ұлтты мемлекеттерге тән «ұлттық ерекшеліктерді» жоюды ашық түрде мақсат етіп қойды. Оны Ұйғыр-Шыңжан өлкесінде қарқынды түрде жүзеге асыра бастады. Бұл, өз кезегінде, ондағы ұйғыр халқының наразылығын тудырды. Қытай өкіметі ол наразылыққа «сепаратистік көтеріліс» деген баға беріп, оны аяусыз басып-жаншуда. 
Бірақ, Қазақстандағы жағдай олай деуге келмейді. Біздің мемлекетте ондай бірде-бір автономдық құрылым жоқ. Оның есесіне, бізде де өзге ұлттардың өзара шоғырлана орналасқан территориялары жеткілікті. Яғни, бізде төтесінен келіп килігетін сепаратизмге негіз жоқ болса да, бізде оның пайда болу мүмкіндіктері бар. Осы ерекшеліктерді ескере келе, біздің мемлекет өз саясатында сол «мүмкіндіктерді» жұмсарту, болашақта болдырмау шараларын әуел баста қолға алуы тиіс. Оның бірден-бір жолы – Қазақстанды унитарлы мемлекет деп жариялаумен бірге, мемлекетке қатысты қазақ ұлтының статусын бірден анықтап алу қажет. Олай болса, мемлекеттің мәдени келбетін анықтайтын құндылықтардың көш басында қазақылық, яғни, қазақы болмыс пен дәстүр тұруын – қай жағынан алып қарасаңыз да «Құдай сүйерлік іс» деп білемін.

Қазақ қоғамының қазіргі 
келбеті қандай?

Қоғамның келбетін айқындайтын қандай факторлар? Бұл сұрақ, әрине, жоғарыда баяндалған ұлттық идеология мәселесімен тығыз байланысты. Себебі, ұлттық мәселе біржақты және ашық қойылмаған кезде қоғамның кескін-келбеті де соған сай әркелкі қалыптасары анық. Дегенмен, біздің қоғамда осы мәселе туралы сөз болғанда, әңгіме, негізінен, қазақ ұлты мәселелері төңірегінде өрбитінін атап айту керек. Біз өз ішімізде қазақ ұлтының «мемлекетті құрушы» статусын ресми түрде мойындамасақ та, ол бүкіл әлемде мойын­далған факторға айналды.  Себебі, әлемдегі мемлекеттердің сипаты капитализм дәуірінен бастап тек ұлттық факторлармен анықталып келеді.  Мемлекеттер үшін «көпұлттылық» дегеніміз қосалқы, жанама фактор саналады. Ендеше, әр мемлекетте өзіндік ұлттық құндылықтардың басымдықта болуы −  табиғи құбылыс болып есептеледі. Мәселен, Қазақстан да барлық елдер сияқты  БҰҰ қатарына қазақ ұлты атынан енді. Ал, БҰҰ алдында ілулі тұрған көк байрақ та – Қа­зақтың Туы! Ендеше, біз қоғамдағы тіл дуализмін, діни айырмашылықты және басқа құбылыстарды қоғам табиғатынан туындайтын құндылықтар дей алмаймыз. Біздегі мұндай әртектілік белгілі бір жағдайларға қатысты пайда болған −  тарих сәл өзгеше болғанда болмауы да мүмкін нәрселер.  Бірақ, әрине, осылай дей отырып, біз қазіргі жағдайды мойындамаймыз демейміз,  қалыптасқан жағдайды шындық деп қабылдау қажет екені өзінен-өзі түсінікті. Сөйтіп, егер мұны шындық деп қабылдасақ, онда біз неге «көпұлтты мемлекет» жағдайында әр ұлтқа қатысты жеке-жеке бағдарламалар қабылдамаймыз? Ол мүмкін бе? Меніңше, еш мүмкін емес. Себебі, мемлекет дегеніміз – эгоистік құрылым. Ол өзінің мақсатын «ұлтпен» емес, «халық» ұғымымен байланыстырады. Сөйтсе ғана − мемлекет ұлтаралық татулықты сақтаудың бірден-бір кепіліне айнала алады. Ал, ұлт – мемлекетті құрушы тарихи субьект.  
Бізде тұратын көп ұлттың әрқайсы­сының өз тарихи Отаны бар. Онда олардың ұлттық даму бағыты айқындалған. Биыл Ресей шетелдердегі орыс диаспорасына көмек туралы арнайы заң қабылдады. Сол заңға сүйене отырып, Ресей Украинадағы жағдайға ықпал етті. Мәселен, орыс ұлты өкілдері басым тұратын Қырым автономиялық Республикасын осы заңға және БҰҰ конвенциясындағы «Ұлттардың өз еркін таңдау құқы» туралы бабына сүйене отырып өзіне қосып алды. Сондықтан болар, біздегі орыс диаспорасы өз даму бағытын әлі күнге дейін тек қана Ресеймен байланыстыра қарайтынын жоққа шығара алмаймыз. Ұлт ретінде осылай болса да, олар азамат ретінде өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыруға міндетті. Бұл – еліміздің Конституциясында және мемлекет аралық қатынастарда арнайы келісімдермен бекітілген. Олай болса, Қа­зақстан мемлекетіне өзінің ұлттық болмысы мен бейнесі ретінде «қазақ құндылығын алға шығаратын кез әлдеқашан пісіп-жетілді және осы бағытта даму жолымызды анықтауымыз қажет»  деп нық сеніммен айтар кез келді дейміз!

Ел тозбасын, бала азбасын десек…

Қазақта «Елу жылда − ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген сөз бар. Оның мағынасы «жүз жылда салт-дәстүр жаңарады» дегенді білдірсе керек.  Бірақ, қазір ұлттық сананың эволюциялық даму үрдісі қазақы негізде емес, біршама космополиттенген негізде даму үстінде болғандықтан, елімізде «қазақы бала» дегеннен гөрі шетелдік тәлім-тәрбие алғандарға құрметпен қарау басым. Ол Отаншылдық мәселесіне келіп тіреледі. Содан болар, жастардың көбі өз болашағын шет елмен байланыстырғысы келетін жағдай көбейіп келеді. Сөйтіп, біріншіден, «ресми түрде дәріптелетін жалпыадамзаттық өркениетке ұмтылыс – ұлт санасындағы Отанға деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді көмескілендіріп бара жатқан жоқ па?», деп те ойлайсын. Ал, ойға шек қою жоқ. Жасыратыны жоқ, осы мәселе елдегі билік партиясы – «Нұр Отан» партиясының шараларынан үнемі көрініс тауып келеді. Тақырыбына қарасаңыз, партияның әрбір акциясы отаншылдық сезімді нығайтуды көздейтінін байқау қиын емес. Әйтсе де, Отанды сүю акциямен емес, ол − қанмен және ұлттық тәрбиемен келетін қасиет. Сондықтан, отаншылдық сезімнің қалыптасуына бірден-бір негіз болатын құндылық – ұлттық тәрбие дер едік.  Екіншіден, отаншылдық сезімге елдің ауыр тұрмыс жағдайы да әсер етуде. Адам саналы тіршілік иесі болғандықтан, ол өзінің және ұрпағының болашағын ойлауға мәжбүр. Сол себептен, көптеген озық ойлы адамдар табысы мол елдерге аттануды қош көреді. Отан дегеннің қаншалықты қымбат екенін біле тұра, ұрпағының жарқын болашағын қамтамасыз етуді мақсат тұтып, сондай қадамға бара алады. Оларға Отан «тұрақты мағына» − көшіп кетпейді, ұшып кетпейді,  қалаған уақытта қайтып оралады. Ал, шетелге барып табыс табу  − «уақытша мағына», жағдайды түзеу үшін ғана.  Бірақ, шетке кеткеннің алғашқы легіне Отан «тұрақты мағына» болса да, олардан кейінгі ұрпақ үшін солай болып қаларына кепілдік жоқ. Қайта, керісінше, әрбір осындай қадам өз қатарына мыңдаған жастарды қоса түседі… Оны түзеудің бір ғана жолы бар, ол – өз елімізде еңбектің, оқу-тоқу мен ғылым-білімнің құнын арттыру, адамдардың тұрмыс жағдайын өркениеттендіру, әлеуметтік жағдайды коррупция шеңберінен құтқару және т.т..  Ал, бұл, енді, «Нұр Отан» партиясы шаралары шеңберінен шығып кететін мәселе. Билік партиясы алдымен осыны ұқса дейміз. Сонда «шынайы отаншылдық» пен «ұраншыл, жалған отаншылдықтың» ара жігін жұрт өзі-ақ ажыратып алар еді, ал, ондағы басты құндылық – «азамат» ұғымы ретінде қалыптасатын болады.
Батыс Еуропа елдерінің тәжірибесі бізге былай дейді: «мемлекетің «көп ұлттылық» принципін негізге алуы, оған басымдық беруі қоғамдағы әлеуметтік-саяси ыды­рау­шылыққа апарады. Кез келген әлеуметтік топтың, не ұжымның, спорт командасының жетекшісіз қалыптаса алмайтыны сияқты, көп ұлтты мемлекет те өзінің «жетекші ұлтына» сүйенбей дами алмайды. Сондықтан, Еуропа елдері де қазір ұлттық құндылықтарға басымдық бере бастады. Әрине, бұл ешқандай да таза ұлтшылдықпен немесе олардың басынан өткен фашизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын құбылыс. Еуропалықтармен салыстырғанда қазақ ұлтының үлкен артықшылығы бар – қазақтар ұзақ уақыт бойы өзге тараптың ықпалында болып келгені себепті, кез келген жағдайда, кез келген тәжірибені бойларына еркін сіңіре алатын халыққа айналған. Қазақтар әлі де өмірге паңданып емес, таңданып қарайтын жағдайда тұр. Олай болса, қазақтар ұлт ретінде әртүрлі құндылықтарды өз бойынан өткізіп, синтездей алады. Бұл – біздің басты артықшылығымыз. Мысалы, қазіргі тіл дуализмі жағдайында қазақы қалыптағы адам орысша ділде қалыптасқан қандасымен оңай тіл табыса кетеді. Әрине, кейде бір-бірін қатты сынға алып жатса да, олар сын сағаты соқса – әрқашанда бірге боларын іштей сезеді. Сондықтан болар, бұл айырмашылық олардың жүйкесіне аса қатты салмақ салмайды. Себебі, «қазақы қазақ» өз қандасы «қазақыланады»  деген үмітте болса, «орыстанған» қазақ – табиғи түрде қазақылыққа қарай ұмтылуды парыз деп ұғады. Сөйтіп, олар өзара осындай үйлесімдік тапқан. Жарты ғасырдан астам −  бірі – «оңы» бірі – «солы» болып, бірақ, тұтасымен алғанда − «қазақпыз» деп жарасып өмір сүріп келеді. Енді, бірақ, тәуелсіздік алған соң, бұл мәселеде ұлт бір айқындыққа қол жеткізуі тиіс. Онсыз болмайды! Қаншама толерантты болсақ та, болашақта төзімсіздікке жетелейтін ондай факторлардан айықпасақ – ол «көпұлттылықтың» одан әрі жалғаса беруіне, тіптен, өзге пиғылды күштердің оны (көпұлттылықты) елімізді бөлшектеуге құрал ретінде қолдануына әкелуі әбден мүмкін. Ендеше, қазақ ұлт ретінде монолиттене түсуі қажет. Өйткені, тарих бізге тәуелсіздікті уақытша берген жоқ, оны «мәңгілік етсін» деп берді. Яғни, қазақ өзінің «бүтін болмысын» құрай отырып, өзінің ішкі мағынасындағы «қазақ затына» да, «қазақ атына» да сай болуы тиіс. Ұлтына қатысты алғандағы қазіргі жасандылықтан тезірек арылуы тиіс. Ал, көп тілді меңгеру, әлемдік озық мәдениетті меңгеру – «қазақы болмыстың» сыртқы формасы күйіне түсуі қажет. Біз еліміздің ұлттық саясатының түпкілікті мақсатынан осыны күтеміз!

Сын түзелмей, мін түзелмейді

«Біз ұлт ретінде баяғыда қалыптасуымыз керек еді, енді қиындау»… Кейбір адамдар осы сөзді көп айтады. Содан кейін «қалыптаса алмаған кінә өзімізден» дейді де, кінаратты халықтың өзіне жүктей салады. Бірақ, олар халықтың мемлекеттегі басты міндеті, шын мәнісінде ұрпақ жалғастыру, яғни, демографияны қамтамасыз ету, еңбектеніп, мемлекеттің адами және басқа байлығын еселеу, дәстүр мен мәдениет сабақтастығын үзіп алмау екеніне назар аудармайды. Ал, халықтың ұлт ретінде ұйысуы табиғи жағдайда ғасырларға созылатын процесс. Бірақ оны жеделтетуші бірден-бір тетік бар, ол – атқарушы Билік. Қазақстанда нарықтық экономика ену барысында  өзін халықтан бөлек санайтын кейбір әлеуметтік топ қалыптасып үлгерді. Ол топтың мақсаты билік жүйесін өз қолдарында ұстау. Осы жолда олар  өздерін халыққа қарсы қоя отырып, халық атынан үкім шығаруға, өздеріне ыңғайлы схемаларды жүзеге асыруға, қажет болса, тарихи сабақтастықтан бас тартуға даяр. Мұндай топтың өкілдерін тек қана пайда үшін жұмыс жасайтын Трансұлттық компанияларда, Даму институттарының ақсаусақ менеджерлері арасында жиі кездестіріп жүрміз. Кейде, олардың ұлтсызданған идеологиясын насихаттайтын ақпарат құралдары да табылады. Осы – тек дүние-байлыққа ұмтылатын пиғыл өзгермейінше, қоғам жақсылыққа қарай қадам баспайды деп сеніммен айтуға болады.   Неге? Мәселен, Адамдар билікке «халқыма қызмет етемін» деп келеді… Бірақ, алдынан «дүние-байлық» деген әзәзіл шыққанда, оған екінің бірі шыдас бере алмай, пиғыл да, ниет те күрделі деформацияға ұшырап, өзгеріп сала береді. Содан кейін халықтың қолындағыны тартып алатын, жеке мүддесі үшін жан беретін обырлар өмірге келеді. Ал, егер, олар ел басқару тұтқасы қолына ұстаса, онда жақсылық күтпе: олар «басшы» болып халқын ұшпаққа шығармайды! Өйткені, «Отан мүддесі» дәл қазір, табан астында көзге көрінбейді, сондықтан, ол туралы ертегілер мен уәделерді ұзағынан айтып, халықты алдап-арбай тұруға болады. Ал, «жеке мүдде» − қазір дәмін тататын, рахатын сезетін дүние:  қармадың – қаптың, алдың – кеттің! Сондықтан, біздің халық ондай жағымсыз қылықты «уызынан жарымағанға», «түк көрмегенге» теңеп, оған деген жиіркеніш туғызып отырған. Өз кезегінде, бұл теңеулер «тектілік-тексіздік» мәселесіне ұласады: текті − Отаны үшін жанын береді, тексіз − жаны үшін Отанын құрбан етеді!  Халық осы ережені үнемі есте ұстаған. 
Өткенде, мен «қалыптасқан жағдайдан бізді демографиялық секіріс құтқарады» деп шарасыздықтан жазған едім. Ондағы үмітім мынау болатын: «Орта неғұрлым қазақылана түскен сайын оның озық өкілдері де ұлттық мүддеге қызметті күшейте береді. Ол кезде «мақсат ортақ­тығы» қазақтың бұрыннан қауымдасып өмір сүру принциптерін оята келе, қазақы құндылық тәрбиесін қазіргі шашыраңқы күйден, бойкүйездік пен жалғандықтан арылтып, жұртты жұдырықтай жұмыл­дыра бастайды. Ал, қазақтың қауымдасып өмір сүру принциптері, негізінен, әділдік пен өрлікке тәрбиелеген. Қазақтың «жігіт», «ақсақал», «азамат» ұғымдарының мәнісін осындай мағыналар толықтыратыны бекер емес. Сондықтан, қазір мәселені былай: «ұлтшылдардың билікке келуі» емес, «билік жүйесінде ұлтшылдық прин­циптерінің басымдыққа ие болуы» деп қою керек сияқты. Тезірек соған жетейік! 

 

Алдыңғы «
Келесі »