Кенесары-Наурызбай туралы жазылған жырлардағы тарихи шындық

  • 06.03.2012
  • 13257 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Күлзада Мырзағалиева,

Филология ғылымдарының кандидаты,

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының доценті.

Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай», Досқожа ақынның «Қоштасу жыры», Күдеріқожаның «Қарқаралы тауымен қоштасу жыры», Көкбайдың «Абылай мен Кенесары», М.Сералиннің «Топжарған», Н.Ахметбековтің «Жасауыл қырғыны», Қ. Бекқожиннің «Науан», авторы белгісіз «Қарақас-Кенесары», «Наурызбай-Қаншайым», «Кенесары туралы жыр», «Саржан батыр» дастандардың бәрі – тарихи жырлар. Өйткені онда 1837-1847 жылдар аралығындағы Кенесары мен Наурызбай бастаған көтерілістің жай-күйі баяндалады. Яғни, тарихта болған ұлттық батыр бейнесі сомдалып, ол өмір сүрген дәуірдің жай-күйі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі баяндалады. Жер, ел және белгілі адамдар аттары аталады. Ахмет Байтұрсынов Әдебиет танытқышында: «Тарихи жыр деп тарихта бар, мағұлым оқиғалар турасында өлеңмен шығарған сөздер айтылады. Қазақта өз тілінде жазылған тарих болмағанмен, қазақта болған уақиғалар, қазақтан шыққан адамдар турасында басқа жұрттардың тарихында жазылған  мағлұматтар бар, халықтың өзінің есінен кетпеген қазақ басынан кешірген уақиғалары толып жатыр. Солар туралы өлең етіп шығарған сөздер болса, солар тарихи жыр болады», – деп атап көрсетіп, «Орақ-Мамай», «Абылай», «Кенесары-Наурызбай», «Ерназар», «Бекет» өлеңдерінің тарихи жыр екенін айтады [Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. І-том.-Алматы; 2003,-289 б.].

Кенесары мен Наурызбай туралы жазылған тарихи ғылыми еңбектерді бір-бірімен салыстыра отырып оқыған кісі өмірде болған жайдың шындығы мен қоспасын айырып, тарихи шындықтың көркем шындыққа қалай айналғанына көз жеткізері анық. Жапас руының бір бөлігі 1838 және 1843 жылдары Кенесары көтерілісін жақтап, оған қатысады. Кенесарыны тек Жаппас руының заурят хорунжий Жанғабыл Төлегенов пен Алтай Көбековтің қол астындағығылар ғана қолдамайды. «Олардың ауылын 1845жылы талан-таражға ұшыратты.

Кенесарының   Жаппас руына тізе батыруына мынадай оқиға себеп болды: 1844 жылы осы Жаппас руынан зекет жинауға Наурызбайды 100 жасауылымен жіберген болатын. Бұл кезде жаппастықтардың Алтыбай мен Жанғабыл бастаған кейбір тармақтары патшалы Ресеймен тығыз байланыста болып, ішінара Қоқан хандығымен де сыбайласа араласты. Жаппастықтар Наурызбай мен жасауылдарын иіліп қарсы алып, өздеріне жүктелген зекетті жинап беруге уәде етіп, кешке қонақасы беріп ауыл-ауылға бөліп қондырады. Түн ортасы ауып, жасауылдар ұйқыға кеткенде, заурят хорунжий өзінің жасақтарын жиып, Наурызбай мен оның жасауылдарын өлтіруге уәделесті.

Наурызбайдың жүз жасаулының 95-і қаза тапты…» [Бекмаханбетов Е. «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында». Алматы: «Санат», 1994 -180-181 б.б.]

Осы жайт Н.Ахметбековтың «Жасауыл қырғыны» поэмасында былайша көрініс табады:

Шығармай, тұншықтырып дыбыстарын,

Алдырмай ауызынан тыныстарын,

Бас салып екі жігіт ә дегенше

Бітірді қарауылдың жұмыстарын.

Сол кезде зыр жүгіріп қарға келді.

Жанғабыл жасырынған жарға келді

– Үні өшті қарауылдың, бәрі ұйқыда,

Бас салып бауыздай бер бар да, – деді.

…Қақалып, қанға толып ауыздары,

Жаһанның жатты тулап жауыздары.

Астынан керегенің сүйреп алып,

Тізерлеп, басып жатып бауыздады.

Кешегі Кеңес дәуірінде Кенесары «жауыз», «бүлікші», «қарақшы» оны дәріптегендер «ұлтшыл» атанды. Солардың бірі Н.Ахметбеков еді. Ақын Кенесары-Наурызбай көтерілісін алғаш объективті түрде көрсетіп, хан Кене мен Наурызбай ерлігін асқақтата жырлайды. Бұл ел арасында сөз болып, жоғарыға жетеді. Амал жоқ, қуғын-сүргінге ұшырамау үшін Н.Ахметбеков бұл дастанын Кенесарыны қанды балақ қарақшы етіп суреттеп, қайта жазады. Жоғарыдағы өлең жолдарындағы «Жаһанның жатты тулап жауыздары» деуі сондықтан.

Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай дастанында да Жаңқабылдың  есімі аталып, еткен ісі паш етіледі:

…Кіші жүзге сыя алмай,

Тастай қаштың жерінді

Төлеген ұлы Жанқабыл

Ерлікке мықты, сенімді

Тоқсан кісіңді өлтірген

Алып па едің кегіңді?.

Нысанбай – халық басынан кешкен осы бір тарихи оқиғаны жырлаушы ғана емес, сол қимыл-әрекеттердің бел ортасында басынан аяғына дейін жүрген қатысушы қаһарманы. Сондықтан да ол бірде:

«Нәсіл затын сұрасаң,

Аша майлы Керейтпін…

Он бес жасқа келген соң

Кенесары-Наурызбай

Төрені іздеп келгенмін, – десе осы «Кенесары-Наурызбай жырының соңында:

Өлең-жырға Нысанбай

Машһүр шешен, нар еді.

Бір естіген адамдар

Сөзіне тағы зар еді.

Көзімен көріп, сөз қылған

Соғыста өзі бар еді, – дейді

«Қарақас-Кенесары» тарихи жырында Шыңғыс ханның жиырма жетінші ұрпағы, Абылай ханның немересі, мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837-1847 жылдар арасындағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, қазақ жұртының соңғы хандарының бірі Кенесары Қасымовтың үрім-бұтағы айтылады.

«Кенесары» дастанында:

«Қасым хан – Абылайдың жалғыз ұлы,

Одан басқа жоқ еді ұлы-қызы,

Бір болса да бірегей болып туған,

Қарапайым хан емес көптің бірі.

Баянсыз байқасаңыз мына жалған,

Жарлының малын, жалғыздың жанын алған.

Қасым хан отыз жаста дүние салып,

Төрт баласы артында жетім қалған.

Саржан мен Есенкелді, Кенесары,

Тетелес үш жастардан аралары.

Аттарын төртеуінің түгел айтсам,

Төртінші ең кішісі – Наурызбайы» , – [«Бабалар сөзі», 29 т. -242 б.]

Нысанбай жырында да, Нұрхан, Мұхамеджан поэмаларында да, тағы басқа жырларда да Кенесарының таңдаулы батырлары Иманның, Жәукенің, Төлебайдың (Жеке батыр), Ағыбайдың, Бұқарбайдың, Меңдібайдың, Дулаттың, Шәкірдің аттары жиі аталады. Бұл батырлар да ойдан шығарылған емес, өмірде болған адамдар. Иман-Аманкелді Имановтың атасы болса, Жәуке Назарғұлұлы Батпаққара жерінде 1822 жылы туып, 1804 жылы қайтыс болған [Тәтіғұлов Ә. Кіші Арғын Төлек руының шежіресін тарқату кестесі. Алматы. Казгор ЖА,2000, 3-4б.]. Руы – Төлек Жәукенің аты ұрпақтарына неліктен ұран болып айтылады? Оның аты не себепті тарихта қалған? Оны жазушы журналист, ғалым Жұмабек Кенжалиннің Алматының  «Қаз ақпарат») баспасынан 2011 жылы жарық көрген «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» кітабынан оқып білулеріңізге болады.

Ағыбай – «Арғыннан шыққан Ағыбай», – деп Жамбыл Жабаев жырына қосқан, «Білмеген Ағыбайды ел болмаған, Тең келіп қарсыласар ер болмаған», – деп Иса Байзақов өлеңіне арқау еткен Кенесарының әскери кеңесшісі әрі бас батыры болған Ағыбай. Кенесары мерт болғаннан кейін Ағыбай Ақмола облысының жеріне қоныс аударып, сонда Қайрақты деген жерде сексен үш жасында дүниеден өтеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Жарық көрген «Ағыбай батыр» қиссасы мен1985 жылы шыққан жазушы Жүсіпбек Алтайбаевтың «Ағыбай батыр » повесі осы кісінің ерлік жолына арналған.

Бұқарбай – Табын руынан шыққан батыр болса, Шәкір – торғайлық руы қыпшақ, Қитаба. Қитабаның ішінде Түйешке. Жангелдин ауданында «Шәкір тамы» деген там бар, Шәкір еліне келіп көз жұмған. Басқа батырлар да өмірде болған айтулы тұлғалар екенін Е.Бекмаханов жоғарыда көрсетілген кітабында егжей-тегжейлі айтқан. Кенесары мен Наурызбай туралы жырлардағы жер атаулары да өзгертілмей алынған. М.Сералин «Топжарған» поэмасында:

«Майқара, Қарасайға бітер қалың,

Қошалақ семіртеді арғын малын…

Қаңтарда Жыланшықты қыстау еткен

Жайлауға Торғай суын көктей өткен», –

десе, Н.Ахметбеков «Жасауыл қырғынында»:

«Сазды Әйет, Сарыарқада Түйемойнақ,

Саржайлау, сабатына бие байлап…

Жағалап жан бауырлай Бестөбені

Ызғындай қызыл-жасыл көш келеді…

Жыланшық жайлауына жетіп қонды,

Жыландай ирелеңдеп, жылжып аққан…»

Жайлауға Қошалақты қалап алды,

Хан ауылы Қарасайға қона қалды», –

деп жырлайды.

Қарасай, Қошалақ, Жыланшық – Торғай бойындағы, Әйет, Түйемойнақ, Бестөбе – Тобыл бойындағы елді мекендер. Түйемойнақ – қазіргі Денисов ауданы. Бұлардың бәрі тарихи шындық. Ақындар тарихи шындықты көркем шындыққа айналдырған. Әрине, суреткер болған жайды, оқиғаны, құбылысты сол қалпында ала салмайды. Оған шығармашы таңдай, талғай қарайды, бір құбылысқа екінші бір құбылыстың қадір- қасиетін, ерекшелігін, қуат күшін дарыта ойдан қосады, өзгертеді, толықтырады, дамытады, әсерлейді, әсемдейді, айшықтайды, көркемдік шындық тарихи шындықтан туындағанымен, оның көшірмесі болып қалмайды. Өмір құбылысы, автордың субъективті пікірі объективті шындыққа ұласады. Сөйтіп бір-бірімен жымдасып, кірігіп логикалық шындықты құрайды.

Кенесарының (1802-1847) өмірі мен қаһармандық істері жайында сөз етілген жырлар – өмірде болған  тарихи шындықтан туындаған көркем шығармалар.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ахмет сұлтан Кенесарыұлы «Кенесары және Сыздық сұлтандар». – Алматы, «Жалын» 1992. -45 б.

2. Бабалар сөзі. Жүз томдық: қытайдағы қазақ фольклоры. – Астана. 2006. – 396 б.

3. Жұлдыз журналы. – Алматы, 1990. 8 тамыз.

4. Нұрхан Ахметбеков өлеңдер, айтыстар, дастандар. – Алматы, «Ел-Шежіре» 2007.

8-702-349-36-33. (714)2-50-15-34 үй

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!