• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Ақпарат
  • >
  • Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімов тұрған үйге естелік тақта орнатылды

Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімов тұрған үйге естелік тақта орнатылды

  • 11.10.2014
  • 833 рет оқылды
  • Пікір жоқ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Бүгін Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы (1970-1984 жж.) Бәйкен Әшімов тұрған үйге естелік тақта орнатылды.

Оның ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Сұлтан Жиенбаев, Кеңес Аухадиев, Бәйкен Әшімовтың ұлы Оңдасын Әшімов, қыздары Нэйлюфар мен Рауза Әшімовалар және басқа да туған-туыстары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Ахметжан Есімов Бәйкен Әшімовтың өнегелі өміріне, атқарған еңбектеріне тоқталды.

«Бәйкен Әшімов Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметінде жүргенде республикамыздағы кәсіпорындарды электрлендіру, механикаландыру және өндірісті автоматтандыру істерін жүзеге асырды. Жаңа технологиялар енгізді. Соның арқасында энергетика, химия және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау салалары қарқынды дамыды. Бәйкен Әшімов жұмыста өзін тамаша ұйымдастырушы және талапшыл басшы ретінде көрсете білді. Елбасының сенімді серігі болған Бәйкен Әшімов — өмірі өнегелі, ішкі мәдениеті аса жоғары, халқына сыйлы, ұрпақ қамын жеген санаулы азаматтарымыздың бірі еді. Оның өмірі мен еңбектері мәңгілік ұмытылмайды» — деді А. Есімов.

Замандастары мен әріптестерінің атынан сөз сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев Бәйкен Әшімовты былайша еске алды:

«Бүгін — қуанышты күн. Өйткені, Бәкеңді еске алып, оған арнап естелік тақта ашып отырмыз. Біз 14 жыл бірге істестік. Мен 14 жыл оның орынбасары болдым. Бәкеңнен кейін бізде күні бүгінге дейін жоғары дәрежеде 14 жыл үкімет басқарған адам болған емес. Бәкең мен Димекең өте тату болатын. Қандай тапсырма болса да, Бәкең оны бұлжытпай орындайтын. Бәйкен Әшімов Қазақстанда ғана емес, бүкіл одақ деңгейінде абыройлы болған кісі. Сондықтан оның ұлағатты өмірі мен сіңірген еңбектері бүгінгі ұрпаққа үлгі» — деді С. Жиенбав.

Бәйкен Әшімов тұрған М. Төлебаев көшесі бойындағы №119 үйдің алдында өткен шараға барлығы 100-ден астам жиналды.

Айта кетелік, Бәйкен Әшімов — көрнекті мемлекет, қоғам және партия қайраткері. 1970-1984 жылдар аралығында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Төрағасы, 1984-1985 жылдар аралығында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы және осы жылдарда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
Бәйкен Әшімов 1917 жылы, бұрынғы Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Айыртау болысына қарасты Шабақбай ауылында туған. Әкесі Әшім, ұлы дүниеге келгеннен кейін алты айдан соң көз жұмыпты. Анасы Сақып ерінің соңында ұлын өсіріп, жетілдіреді.
1932-1935 жылдары Бәйкен Әшімов Петропавл темір жол фабрика-зауыттық училищесінде слесарь мамандығына оқиды. 1936-1938 жылдары ауыл шаруашылық техникумында білім алады. 1938-1940 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының Ленин аудандық комитетінде комсомолдық қызметтер атқарды. 1941 — 42 ж. Айыртау ауданы орта мектебінің мұғалімі болды. 1942 — 45 ж. екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. 1945-1961 жылдары Айыртау, Зеренді аудандарында және Көкшетау облысы партия комитетінде басшылық қызметтер атқарды. 1961-1970 жылы аралығында Қарағанды, Талдықорған облыстарын басқарды. 1970 — 1984 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы; 1984 — 85 ж. Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы болды. 
доска

доска

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!