Көпсалалы Жолдама

  • 07.03.2012
  • 494 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Досмухамед Кішібеков,

ҚР ҒА академигі

Мен осыған дейінгі Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған жолдауларын тыңдап, оқып, лекцияларымда қолданып келген болатынмын. Бұл жолдаулардың бұрынғы кеңес жылдарындағы қабылданатын бесжылдық жоспарлардан айырмашылығын талдап айтатын едім. Бұрынғы Кеңес дәуіріндегі жоспарлар біріншіден өте үлкен мемлекетке сай қабылданғандықтан, оның әрбір жеке адамға тиімділігі байқалмайтын. Сондықтан, әр адам  тек өзіне міндеттелген жұмысты ғана білетін. Екіншіден ол жоспар қабылданғаннан кейін заңға айналып, қатаң, қасан болып, оған творчестволық өзгеріс жасауға ешкімнің еркі болмайтын. Сондықтан жоспар, бір бөлек жеке адамдар тіршілігі, еңбегі өз алдына бөлек көрінетін. Жеке адамға нақты тиімділігі де көрінбейтін. Ал, егемендігімізді алғалы бергі қабылданып келе жатқан Президентіміз ендірген жолдаулар – ол халықпен тікелей әңгімелесу, оған бағыт, бағдар жасау, оның творчестволық мүмкіндігін ашу. Айтылған мәселелерді ілгері дамытуда әркім ерікті, оның үстіне бұл жолдаулар әр адамның өміріне, тұрмысына тікелей байланысты жасалатын болған. Соның нәтижесінде еліміз бұрынғы Ресей орталығына бағындырылған қатаң тәртіптен құтыл, тез дамудың «Қазақстандық жолына» түсті, өтпелі дәуірдің қиындықтарын саналы оймен жеңу арқылы орасан дами бастады. Қазақстан әлемдік дүниеде тек өз орын тауып қана қойған жоқ, ірі дамыған 50 елдің қатарына жетуді алдына мақсат етіп қоя білді. Ол мүмкіндікті орындауға ішкі потенциалымыз бар екенін байқадық, соның көзін аштық. Бізді әлем байқап, таныды, бізбен есептесетін болды. Қарым-қатынас жасауға ынталылығын көрсетуде. Осылардың кілті – халқымыздың Президентіміз басшылығына зор сенімі, дән ризалығы, тұтас бірлігі. Сондықтан президентіміздің әр жылдық жолдауын дамудың жаңа белесі деп түсінеді, қуанышпен қабылдайды. Өйткені біз тәртіпке үйренген елміз. Бұрынға үлкен коллектив болып, жоспарлы дамудан жеке шаруашылыққа көшкенде де ара-дала болмай, басшылық, бағдарлама қабылдауға әзір екендігімізді таныттық. Әрбір Президент жолдауы – бізге берілген сенім-күш, мол мүмкіндік, үлкен бастау деп білеміз.

Биылғы 27 қаңтарда жасалған президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың кезекті он бесінші жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту –  Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталған. Бұл жолдаудың басты ерекшеліктерінің бірі – ол әрбір адамның тұрмыс жағдайына, өмір тіршілігіне арналғандығы. Президентіміз өзі айтқанындай жолдауда сайлаушылар тілектерін, «Жаңа өзен» сабағын ескергені байқалады. Бұл жолдау он басым мәселелерді қамтыды. Олармен ел танысуда. Мәселен адамдарға жұмыс орнын көбейту, адамға қарызға баспана ұсыну – елдің қуатын арттыру, халықтың денсаулығын нығайту, сақтау, адам капиталының сапасын арттыру, ғылым, білім дәрежесін көтеру, судьялардың сот төрелігін жүргізгенде заңмен ар-ожданды басшылыққа алу, сот үкімін қайта қарауды азайту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту проблемасы, денсаулық әркімнің жеке басына ғана емес, сондай-ақ қоғамға, мемлекетке қажет екендігі, пенсия мәселелері, кадрларды сапалы дәрежеде сараптау, спорт кешендерін көпшілікке тиімді ету және т.б. көптеген мәселелерге тоқтады. Жалпы алғанда сол көрсетілген 10 басым мәселенің 8-і адам өміріне, тұрмыс жағдайын жақсартуға арналғанын көрсетеді. Сондай-ақ жолдауда Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау сияқты ірі және орта, кішігірім қалалар проблемасы, олардың экономикасы мен мәдениетін ойластыру баса айтылды. Сонымен қатар Президентіміз айтқан «Богатырь», «Қарашығанақ», «Қашаған» кен орындарымен ENRC, «Қазақмыс» компанияларының басым активтері мемлекет иелігінде болатынын айтты. Бұл, әрине, қуанышты, егемендігімізді күшейтетін әрекеттер. Ауылшаруашылығы, әсіресе отгон назарда болды. Мұның бәрі әлі де 5-6 жылға созылатын дағдарыс «алмағайып заманда» жасалып отырған үлкен, батыл, біздің қолымыздан келетін, шамамыз жететін бастама болып табылады.

Көтерілген мәселе сан-сала. Олардың бәрі зертеледі, іске асырылады. Бұл әлемдік дағдарыс сел тасқынына жасалып отырған тек тосқауыл емес, оларды басып өтіп, алға «жүйрік аттай» озып шығу бағдарламасы.

Ал енді менің айтайын дегенім, онша көп еленбей, айтылмай келе жатқан Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жоғары интеллектілігі. Президентіміздің ерекше оратор (шешен) екендігі белгілі. Әл-Фараби айтқандай бұл басшы адамға керек қажеттердің бірі. Президентіміз екі тілде де орысшадан-қазақшаға, қазақшадан-орысшаға мүдірмей аударып, бірдей сөйлейді. Президентіміздің бұл қабілеті де белгілі. Менің айтарым: Н.Ә. Назарбаевтың айтылмай жүрген ішкі дүниесі, интеллекті. Мәселен жолдауда айтылған мемлекетіміздің сан-салалы бір жылдық, одан да ілгері атқаратын жұмысын бір баяндамаға сыйғызу, бірін қалдырмай елге айтып беру. Ол бір. Екіншіден, сонша жауапты, ауқымды 50 минутқа созылған, әлем тыңдап, көріп отырған, ресми сөзді қайталамай, жаңылыспай, қағазға қарамай айтып беруі – бұл Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстанның ішкі және сыртқы жағдайын бес саусағындай егжейі-тегжейлі білетіндігі ғана емес. Одан да басқа табиғи ерекшелігі. Мәселен, әлемде талай басшылар болған. Олардың бәрінде мұндай қабілет болды ма, әлде жоқ па айта алмаймын. Мәселен, В.И. Лениннің «Что такое советская власть?» деген тақыыпта радиодан сөйлеуі керек болған. Сонда 7-8 минутқа созылған бұл сөзді В.И. Ленин алдымен қағазға жазып, ал сөйлегенде жатқа айтқан көрінеді. Сондайақ, 1941 жылы үшінші шілдеде Ұлы Отан соғысы жайындағы 15-20 минуттай бүкіл елге арнап И.Сталин радиодан сөйлегенде, кино, радио операторлары жазып алуға үлгере алмай қалып, кейін ол сөзді әлгілер жанын орамалға түйіп, тарихқа керек деп Сталинді әрең дегенде көндіріп, өзін қайта сөйлетіп, сөзін жазып алған көрінеді. Біздің бүгіндері кейде көріп қалатынымыз сол жазып алынған материал екен. Әлгі  жылдарда идеология жұмысын қолына алып, оны  жүргізген. А.А. Жданов: «еркін сөз сөйлегенде, салынған ізден шығып кетпес үшін әлсін-әлсін қағазға қараймын» деген екен. Бірақ, мұның бәрі еркін сөйлеудің өте қиын және жауапты екенін байқатады. Қандай басшы болмасын ол сөзін ұдайы болмаса да қағазға қарап айқан. Кезінде Л.И. Брежневте еркін сөйлегенде блокнотына анда-санда болса да қарап айтатын. Бұл жөнінде Н.Ә. Назарбаевтың интеллекті басқа, ерекше жоғары екенін біз тағы да осы жолдау кезінде байқадық. Бұл әсірелеу емес, таза шындық. Жолдауға байланысты осыны да айтқан жөн дегенім келеді. Уақытында айтылмаған сөздің құны да болмайды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» демейме дана халқымыз.

Жолдау мол бағдарлама, оны іске асыру бәрімізге бірдей күнделікті жағдайымыз және болашағымыз деп білеміз.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!