ТАРИХҚА АДАЛ БАСЫЛЫМ 90 жылдық торқалы тойын өткізді

  • 22.10.2014
  • 727 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде тойланды. Жыл бойы жалғасқан басылымның жарқын мерекенің басты іс-шарасы өткен жұмада Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда өтті. «Ақ жол» және Алаш ардақтылары» атты ғылыми-теориялық конференция газеттің мерейтойымен қатар ұлт қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдығына да арналды. Қос тарихи датаны біріктірген айтулы конференцияға есімдері елге танымал тарихшылар, ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, іргелі басылым редакторлары қатысты.

  Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали жүргізіп отырды. Конференцияның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр тарихы тереңде жатқан қарашаңырақ басылымының 90 жылдық мерейтойымен облыс әкімі атынан құттықтады.

–Бастауын 1924 жылы «Ақ жол» газетінен алатын басылым осы жылдар ішінде оңтүстікқазақстандықтармен бірге талай белестен өтті. Уақыт талабына сай атауы өзгеріп отырған қасиетті қарашаңырақ бүгінде мемлекеттік саясатты елге кеңінен насихаттап, халық пен билік арасын байланыстыратын алтын көпірге айналды.

Бүгінгі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жылдық торқалы тойы қалың оқырманның төл мерекесі деп те бағалаймын. Ендеше, ортақ мерекеміз құтты болсын. Газет ұжымына мерейлі мерекелеріңіз толымды тірліктерге ұласып, шығармашылықтың шыңынан көрініп, оқырмандарын қуантатын хабарларыңыз көбейе беруіне тілектестігімді білдіремін, — делінген өңір басшысының құттықтауында. Ербол Әбілхайырұлы редакция ұжымына шығармашылық табыстар тілей отырып, облыс әкімінің атынан су жаңа автокөліктің кілтін газеттің Бас редакторы Б.Тайжановқа табыс етті.

Ғылыми-теориялық конференцияда «Ұлт қайраткерлері және Алаш мұраты (Т.Рысқұлов пен С.Қожановтың мұрасы негізінде)» тақырыбында бас баяндаманы филология ғылымдарының докторы, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, профессор, белгілі алаштанушы Дихан Қамзабекұлы жасады.  Ол Т.Рысқұлов пен С.Қожановтың төл тарихымыздағы орны және ұлт қайраткерлерінің Алаш мұратын жүзеге асыру жолындағы күресі жөнінде байыпты пікірлер мен құнды деректер айтты.

–«Оңтүстік Қазақстан» газеті – оңтүстіктің үні мен айнасы. Бұл басылым талай тарихтың қатпарларын анықтаған. Ал осы мерейтойға қос арысымыздың 120 жылдығын қосып отырғандарыңыз тарихқа адал екендіктеріңізді көрсетіп тұр. Басылымның бастауындағы «Ақ жол» газетінде қолтаңбасы қалған ұлт қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов кеңестік қатарға өз бағдарламаларымен, ұстанымдарымен енді. Олардың бірі – түркі, екіншісі – «Бірлік туы» мұратына адалдығын танытып, өмірінің соңына дейін елшілдік арқауынан тамырын үзбеді. Аталған тұлғалардың ұстанымы кешенді, тұжырымдамалы болғанын саясаттағы қадамдарынан да, жазғандарынан да, тіпті өмірдегі қарапайым тіршілігінен де байқаймыз. Тұрар кеңестік тоталитаризмге – марксизм құндылықтарына негізделген, бірлігі күшті Түркістан республикасын, ал Сұлтанбек әсіре большевиктік дүбара орталыққа – зиялысы мен ұлттығы мықты қазақ орталығын дәлелмен, парасатпен қарсы қойды, – деді Д.Қамзабекұлы.

Мұнан кейін тарих ғылымдарының докторы, профессор, облыстық тарихшылар мен саясаттанушылар қоғамының төрағасы Әнуар Исмайылов «Т.Рысқұлов түркі әлемінің көрнекті мемлекет қайраткері» тақырыбында баяндама жасады. Ал, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Түркі академиясының ғалым-хатшысы Амантай Шәріп Сұлтанбек Қожановтың Алаш ардақтыларымен, атап айтқанда Ахмет Байтұрсынұлымен, Міржақып Дулатовпен, Әлихан Бөкейхановпен қарым-қатынасы және идеялық бірлігі жөнінде жан-жақты әңгімеледі. Сондай-ақ, шешен ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Шымкентте Т.Рысқұловтың және С.Қожановтың атында мектеп болғаны туралы қызықты әрі тың деректі жария етті.

Келесі сөз филология ғылымдарының кандидаты, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Саққа берілді. Қайрат Өмірбайұлы өзінің «Алаш көсемсөзінің тарихи маңызы мен өміршеңдік мәні» атты баяндамасында ХХ ғасырдың басында ұлттық мүдде үшін болған күресте көсемсөздің айрықша маңызға ие болғанына тоқталды.

 — Алаш зиялылары баспасөзде біртұтас қазақ идеясын көтерді. Олардың бір ғана қаруы болды. Ол – қалам. Яғни, қайраткерлеріміз ХХ ғасыр – білімнің ғасыры екенін жете түсінді. Баспасөз арқылы ұлттық сана-сезімді оятып, оны көтеруді көздеді, – дей келе «Қазақ» газетінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгерұлы, Мағжан Жұмабаев секілді қаламгерлер ұлт мүддесін тереңнен қозғаса, кейіннен Мұстафа Шоқай ашқан «Бірлік туы» газетінде олардың қатары  Мұхамеджан Тынышпаев, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Хайретдин Болғанбаев секілді қай­раткерлермен толыққанын айтты. Кеңестік қызыл шекпенділер «Бірлік туына» да «Қазақтың» кебін кигізіп, жауып тастаған кезде халықтың ендігі жоқтаушысы Сұлтанбек Қожанов жетекшілік жасаған «Ақ жол» газеті болғанын, «Қазақ» пен «Бірлік туы» көтерген жүк салмағы бертінде «Ақ жолға» түскенін жеткізді.

Конференцияда облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ханбибі Есенқарақызы да басылымның тарихы туралы қызықты деректер айтты. Бүгінде басылымның тарихы газеттің Ташкенттен Шымкентке көшкен кезінен, яғни 1924 жылдан басталып жүргенін, негізінде «Ақ жол» газеті 1920 жылдан шыға бастағанын сөз еткен ақын ғалымдарға осы деректерді жан-жақты зерттеуді аманат етті.

Мұнан кейін «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бақтияр Тайжанов басылымның өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы әңгімеледі.

Конференция барысында тарих ғылымдарының кандидаты, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушысы Бахадыр Айтай «Т.Рысқұлов – Өзбекстан тарихнамасында» және тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің профессоры Хазіретәлі Тұрсын «С.Қожанов  және «Ақжол» газеті» атты баяндама жасады. Сондай-ақ, Тұрар Рысқұловтың туысқаны, түлкібастық қария, бүгінде 90 жасқа толып отырған Мұраталы Төленбекұлы мен Сұлтанбек Қожановтың немересі, атасының аты мен тегін алып жүрген Сұлтанбек Қожанов құттықтау сөз сөйлеп, газет ұжымына сыйлықтар табыс етті.

Конференцияда ақын Мұхтар Шаханов сөз сөйлеп, өзінің «Оңтүстікте» қызмет атқарған жалынды жылдары туралы әдемі естеліктер айтты. 

–Әр кезеңде бірен-саран адамдар ғана шындықты айтып алға шығады, ал қалғандары бұғып қалады. Қазақтың жартысынан астамын қынадай қырған ашаршылық туралы шындықты сол заманда алғашқы айтқандардың қатарында Тұрар Рысқұлов бар. Сондықтан бүгінгі конференцияның маңызы зор. Міне, қай заманда да кім шындығын жоғалтып алса, ұлттық мүдденің тамырына бойлай алмаса, мейлі, ол кім болсын құны бес тиын. «Оңтүстік Қазақстан» газеті сыналап болсын заман шындығын, айтып, жазып жүр. Бұл газетті шындығын жоғалтпаған басылым деп айтуға болады. Бәріміз де шындығымызды жоғалтпайық, – деді М.Шаханов.

«Оңтүстік Қазақстанның» 90 жылдық торқалы тойына жоғарыда аты аталған қонақтардан бөлек, сатирик, жазушы Көпен Әмірбек, Мархабат Байғұт, Әкім Ысқақ және Еркін Рақышев сынды республикаға танымал көптеген азаматтар қатысты.

 

*****

 

Жоғарыда айтқанымыздай, жыл басынан бастап ұлт қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдығы және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жылдық мерейтойларына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазақ тарихында өзіндік орындары бар тұлғалар туралы Созақ ауданында, Кентау қаласында ғылыми-теориялық конференциялар өткізілді. Ал «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы өңірдегі барлық аудандарды аралап, оқырмандармен жүздесті. Бұл кездесулерге Байдулла Қонысбек және Мархабат Байғұт секілді осы басылымда қызмет еткен ардагер қаламгерлер де қатысып, жұртшылықпен ой бөлісті. Ардақты тұлғалар мен газеттің мерейтойына орай ұйымдастырылған шағын футболдан республикалық турнирге жергілікті журналистермен қатар Алматы қаласы, Жамбыл, Қызылорда облыстарының БАҚ өкілдерінен құралған командалары қатысып, салауатты өмір салтын насихаттады. Редакцияда газет тарихы туралы мұражай жасақталды. Деректі телефильмдер түсіріліп, облыс әкімдігі, облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен 38 баспатабақтық кітап жарық көрді. «Оңтүстік Қазақстан» — 90» деп аталатын жинақта басылымның тарихы мен танымы, газетте бұрын еңбек еткен редакторлар мен журналистер туралы және редакцияның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында мол мағлұматтар қамтылған. Ал, «Ақ жол» және Алаш ардақтылары» атты ғылыми-теориялық конференция осы іс-шаралардың барлығының мазмұнды қорытындысына айналды.

Сондай-ақ, айтулы мерекеге орай «Алаш ардақтылары және Мәңгілік Ел идеясы» атты шығармашылық байқау ұйымдастырылған болатын. Байқау қорытындысында белгілі тарихшы-шежіреші Момбек Әбдәкімұлы бірінші орын иеленсе, екінші орын өңірге белгілі тарихшы Нариман Нұрпейісовке, үшінші орын Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Ұлттық университетінің студенті Балнұр Игіліктегіне бұйырды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, бірқатар қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.  

Басылымның Бас редакторы Бақтияр Тайжанов айтқандай, «Оңтүстік Қазақстанның» тойы барша қазақтың тойы. Осы сөзді ниеттес, тілеулес ағайындар, басылымның тұрақты оқырмандары мен редакциямыздың жанашыр достары тағы бір рет дәлелдеді. Мерейтойда ізгі тілегін арнап мерейімізді тасытқандардың қатарында ҚР Сенатының депутаттары Қуаныш Айтаханов, Әли Бектаев, Мәжіліс депутаттары Уәлихан Бишімбаев, Шалатай Мырзахметов, Ұласбек Сәдібеков, Оразкүл Асанғазы, Розақұл Халмұрадов, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Қазақ газеттері» ЖШС-інің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Әбдірахманов, Халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшиддин Паттев,  «Sport» республикалық апталығының бас редакторы Дүрәлі Дүйсебай, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы,  Қазақстан Коммунистік халық партиясы ОҚО комитетінің бірінші хатшысы Нұрлан Қадырқұлов, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Досыбай Шерімқұлов, ОҚО прокуроры Ибраһим Иманов,  ОҚО білім сапасын бақылау департаментінің басшысы Әбдіғаппар Жақсыбеков, ОҚО қаржы полициясының бастығы Серікбай Ерімбетов, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов, Мақтаарал ауданының әкімі Серік Тұрбеков, Сарыағаш ауданының әкімі Бұқарбай Парманов, Бәйдібек ауданының әкімі Батырбек Көшербай, «Ернұр» корпорациясының президенті Ерлан Нұрмаханов,  «Қазақстан – Шымкент» телеарнасының директоры Уәли Қыдыров, республикалық «Дөңгеленген дүние» газетінің бас редакторы Талғат Орманов, «Жанубий Қозоғистон» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Мұрат Әбубәкіров және тағы басқалар болды. Сонымен қатар мерейтойда газет қызметкерлері әртүрлі деңгейде марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Бас редактор Бақтияр Тайжанов, техникалық бөлім меңгерушісі Жамбыл Ділдәбеков пен аға тілші Ғабит Сапарбеков облыс әкімінің Грамотасына ие болды. Ал, облыс әкімінің Алғыс хаты Асхан Майлыбаева, Атанбек Наурыз, Нұрлан Кенжеғұлов, Сабырбек Олжабай, Гаухар Сапарова мен Әнуар Жұмашбаевқа табыс етілді. Ал, Серікқали Жексенбаев, Қалдыгүл Дәуренбекова, Дилара Бименова, Ғабит Сапарбеков сынды журналистер Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қазақстан Журналистер Одағының Алғыс хаты Суханберді Оразалыұлы, Ертай Бекқұл, Асхан Майлыбаева мен Сабырбек Олжабайға тапсырылды.

Сондай-ақ, редакция ұжымы айтулы іс-шараға демеушілік жасап, ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсеткен Созақ ауданының әкімі Аманғали Аймұрзаев, Түркістан қаласындағы «Қуаныш» базарының басшысы Әбдіғаппар Шәймерденов, облыстық мәслихаттың депутаты «Тұран-Құрылыс» МКМ-нің директоры Сұлтанбек Сүгірбаев, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев сынды азаматтарға алғыс айтады.  

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ.

 

 

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!