Ислам феномені және Исламофобия

  • 11.11.2014
  • 1196 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Амангелді Айталы, 
философия  ғылымдарының
докторы, профессор

Исламофобия немесе мұсылмандар христиан көзімен

Ұлы діндердің ішінде алуан түрлі пікір тудырып, біреулерді үрейлендіріп, бі­реу­лерге қуат беріп, күллі әлемнің ынта-на­зарын өзіне аударып отырған Ислам діні. «Ислам қайта өркендеу дәуірі», «Ислам рене­сансы», «Ислам феномені» сияқты теңеулер XX ғасырдың 80-90-шы жылдарында айтыла бастады. Ғалымдар, сарапшылар ислам діні туралы қалыптасқан тұжырымдарды ой елегінен өткізіп, жан-жақты ойланып пікір бөлісті. Егер, фено­мен ұғымын таңқаларлықтай кұбылыс десек, Ислам XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасырдың басындағы феномен болып отыр. Бұл феноменнің, әсіресе, тәуелсіздік алып, демократиялық даму жолына түскен, өз діндерімен табысып жатқан халықтар үшін маңызы өте зор. Сонымен бірге, бұл фено­мен Исламға қарсы әртүрлі ағымдар туғызды.


Кезінде сарапшылар XX ғасырдың жан­түр­шігерлік қайғысы неміс фашизмі мен ста­линдік тоталитаризмді христиан дінімен бай­ла­ныстырған. Себебі, фа­шизмнің де, мар­к­сизм­­нің де отаны – Гер­мания, ал, советтік тотали­таризм К. Маркстың пролетариат диктатурасы теориясының жемісі ғана. Сондай-ақ неміс, национал-социалистерінің еу­ро­палық еврейлерді ұлт ретінде жоюға арналған Освенцимді христиан дінінің күйреуінің басы деп бағалаған. Дегенмен, фашизм де, советтік тоталитаризм де жеңіліс тапты. Христиан діні мен мәдениеті өз құндылықтарын мойындатты. Дін мен тоталитаризм, фашизмнің арасында байланыс жоқтығын уақыт дәлелдеді.
XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасырдың басында шабуыл Ислам дініне, оның құндылықтарына бағытталуда. Олар­дың пікірлеріне қарасаңыз әділдік, демо­кратия, еркіндік мұраттары тек еуро­па­лық, христиандық мәдениеттен туын­­­дайды-мыс. Кедей, езілген, қысым кө­­­ріп жәбірленгендерді христиан діні ғана қолдайтындай көрінеді. Әйгілі аме­ри­­калық ғалым Сэмьюел Хантингтон адам­заттың дәстүрлі діни мәдениетіне қа­рай бөлінуі, іргелерін аулақ салуы XXI ғасырда кақтығыстарға әкелуі туралы пікірі әртүрлі ойға жетеледі. 1995 жыл­дың қаңтарында РФ Сыртқы істер минис­трлігі жанындағы Дипломатиялық  ака­­демияда сөйлеген сөзінде, ол ойын жал­­ғастыра келіп, тоталитаризм мен либералдық демократияның арасын­дағы қайшылық либералдардың пайдасына шешілгенмен, бүгін әр халық, әр мемлекет капитализм мен социализм текетіресі жойылғаннан соң енді: «Біз кімбіз?» деген сұраққа жауап іздеуде. Ол адамдардың тегін, ұлтын, дінін, ділін, тарихын, салтын білуге итермелейді. Ізденіс тайпалық, этникалық, жақын діни қауымдастықтарға, өркениеттерге апарады. Ал, ол бөтен құндылықтарға қарсы тұрумен, қақтығыспен бірдей дейді С.Хантингтон.     
Оның концепциясының осал тұсы да осы. АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей, Үндістан, Араб мемлекеттері, басқа да өркениеттер, олардың бәсекелестігі жанжалдарға әкел­­мей тұрмайды делінеді. Сондай-ақ, өрке­ниет ішіндегі тайпа, этносаралық қай­шылықтарға басқа мемлекеттер араласып, олар халықаралық сипат алады. Сонымен, халықтарды  бір-біріне қарама-қарсы қойып отырған бүгін таптық қайшылықтар емес, мәдени, діни құндылықтар, олардың бір-бірімен үйлеспеуі. Дегенмен С. Хантингтон аса қауіпті күш деп Ислам мәдениетін атайды: «Я говорю о том, что у Ислама кровавые границы, такими  они   по видимому  останутся. … Западу придется привыкать к тому, что он уже не в состоянии как раньше, навязывать свои ценности незападным странам» (С.Хантингтон (США). «Столкновение цивилизаций и что оно может означать для России» «Общественные науки и современность» 1995 ж. № 5, 135-6.).
Ресей славян, православие мәдениеті мемлекеті болғандықтан, славян емес мем­ле­кеттерді оның ішінде Қазақстанды да атап өтеді автор. Айтқан ойы: қазақтар  өз мәдени, діни жолын іздейді, түрік мұсылман қауымдастықтарына енеді дегенге саяды. Анығына келсек, Ислам және басқа діндерден төніп тұрған қауіпте емес, ке­рісінше, әлемдік және дәстүрлі – ұлттық діндердің батысқа мойынұсынбай, өз төлтума жолымен дамуға ұмтылысында болып отыр. Сонымен, бүгінгі әлем өрке­ниеттер, мәдениеттермен діндер­дің өзара ынтымақтастығы мен қайшы­лық­тарына толы. Бұл жағдай жер жүзін астан-кестен оқиғаларға соқтырмас үшін қандай «жаңа әлемдік тәртіп» орнату қажет? Осы орайда 2000 жылы жарық керген екі публицистикалық еңбек еуропалықтардың назарын аударды.
2000 жылы жарық көрген «Искусство управления государством. Стратегия для меняющегося мира» еңбегінің авторы – Ұлыбританияның 1979-1990 жылдарғы премьер-министрі болған М.Тэтчер («Со­циально-гуманитарные знания», 2004 ж. №5, 54-138 беттер). Сол жылы шыққан «Смерть запада. Как вымирающее население и нашествие иммигрантов губят нашу страну и цивилизацию» кіта­бының авторы Патрик Бьюкенен – белгілі америкалық сая­саткер, АҚШ-тың үш пре­зидентінің кеңесшісі болған, 2000 жылы өз кандидатурасын президенттікке ұсын­ған белгілі тұлға («Социально-гуманитарные знания», 2003 ж. №4, 3-19 беттер). М.Тэтчер Ислам мемлекеттерін, әсіресе, Ирак, Сирия, Иран, Ливия, Суданды «жауыз мемлекеттер» қатарына қосады. «Олар демократиялық мемлекеттер емес, ол елдер біздің түсінігіміздегі заң­дармен басқарылмайды», – деп оларды кінәлайды. «Жаңа әлемдік тәртіпті» АҚШ қана енгізе алады. «Американың ғана моральдық құқы бар, сонымен бірге, оның материалдық қуаты оған дүниежүзінің жетекшісі болуға мүмкіндік береді», деп түйеді М.Тэтчер. Ал, НАТО блогы болса – АҚШ бастаған 19 мемлекеттің Еуропа мен бүкіл жер жүзінде бейбітшілік орнататын қорғаныс одағы. «НАТО шындығында әлемдік полицей болуға таянды», – деп қанағаттанарлық сезіммен атап өтеді, автор. М.Тэтчер көксеп отырған Батыс үстемдігін христиан дінінің үстемдігін аңсау деп қабылдамағанмен, мұ­сылман әлемі бұл күшке үлкен сақтықпен қарайтыны, оны отаршылық, миссионерлік мүд­делердің көрінісі деп күдіктенетіні сөзсіз. 
П. Бьюкененді басқа мәселелер тол­ған­ды­рады. Толғандырып қоймайды, тіпті, Ба­­тыс­қа ажал төнді деп айқай салды. «Исламофобия» туғызып отырған демо­графиялық фактор болады. Оның болжамы мынадай деректерге негізделген. XX ғасырдың 60-жылдарынан бас­тап Батыстың байырғы ұлттары сан жа­ғынан ұдайы азая бастаса, Азияда, әсі­ресе Ислам елдерінде, халықтың саны өсуде. Мұсылмандар және басқа да ұлт­тар өкілі Еуропа мен Америкаға ағыл­ды. П. Бьюкенен мына деректерге сүйе­неді. 1960 жылы әлемде 3 млрд. адам тұрса, оның төрттен бірін еуропалықтар, аме­­рикалықтар, австралиялықтар, ка­на­­далықтар құраған. 2000 жылы әлем халқы екі есеге өсіп, 6 млрд.-қа жет­­кен, бірақ еуропалықтардың үлес салмағы алтыдан бірін ғана құраған. 2050 жылы әлем халқы 9 млрд.-қа жетіп, еуропалықтар оның тек оннан біріне тең болады. Бүгін Германияда миллиондаған түріктер, Францияда миллиондаған ал­жир­лықтар өмір сүруде. «Еуропаның күні санаулы, – деп түйеді Бьюкенен. — Ислам әлемінен жаппай қоныс аудару ескі континенттің этностық құрамын өзгертеді…» Еуропа халқының келбеті барған сайын арабтық, «исламдық сипат алып барады».
2003 жылғы 1 ақпанда «Известия» газе­тінде «Бельгия халифаты» атты мақала жарияланды. Оның авторы Э.Гусейнов, жақын арада Еуропада, Бельгия жерінде жаңа Араб мемлекеті пайда болады, деп жазады. Қалай болғанда да халқының саны жағынан төртінші орын алатын Бельгияның бай қалаларының бірі – Антверпен көшелерін полициямен бірге мұсылмандардан жасақ­талған қара киімді морокан милициясы күзетеді. Еуропаның Араб лигасы арабтарға мемлекеттік кызметке квота талап етіп қана қоймай, мұсылмандарды еуропаландыруға қарсы әрекеттенуде.
Әрине, мұның барлығы да шындық. П.Бьюкенен Батыстың «Исламның тас­қынымен» қорқытып, ашулы амал­дар­ға шақырады. «Христиандар өз ел­де­рінен айырылғысы келмесе, оларға жақ­сы сілкініс қажет. Оларға сондай-ақ шайқасқа әзір лидерлер қажет». Сонымен, М. Тэтчер де, П. Бьюкенен де Батысты төзімсіздікке, мұсылмандармен егеске шақырады. Олар XXI ғасырда крест жорығын жаңғыртуды ұсынды. 

«Қаралы Сейсенбі» және 
Исламофобия дағдарысы

«Қаралы Сейсенбі» («Черный  Вторник») деп аталып кеткен 2001ж 11қыркүйектегі АҚШ-тағы  террористік уақиға Ислам туралы жаңа және әртүрлі қайшылы пікір -таластар туғызды. Бірқатар мемлекет қай­раткерлері, саясаткерлер, бұқаралық ақ­парат құралдары саяси әдептілік сақтап, «террорист» деген ұғыммен «мұсылман» ұғымдарының арасында ажыратуға, маз­мұнын анықтауға тырысты. АҚШ-тың Ирак, Ауғаныстан, олардың жақтастарын қар­­сы-әскери қимылдары исламға қарсы емес, сол мемлекеттерде тамырын жайған «халықаралық терроризмге» қарсы әрекет деп түсіндіруге тырысады. Сонымен бірге, «Ислам» мен «террор» егіз, себебі, дәл осы Ислам дінін ұстанушылар ғана дін үшін құрбандыққа барып отыр делінеді. Мұсылмандардың санасында ислам азапқа, бейнетке, ажалға дайын болу идеясы терең ұялаған. Олар соқыр сенімнің, алдын ала маңдайға жазылып қойған тағдырға тәуелді. Мұсылмандарды қара­лау қуатты елдерге қарсы күресті де үдетті. Ал, мұсылмандар арасында Ауғаныстанға қарсы соғыс қимылдары батыс елдеріне, американдықтарға, израил­дықтарға қарсылықты, одан әрі үдетті. Қара­пайым мұсылмандар талибандарға  қар­сы соғыс «кәпірлердің Исламға қарсы  «крестілер мен еврейлердің соғысы» десе, ислам елдерінің лидерлері ол ұстанымды қабылдамады. Усама бен Ладеннің Ислам дініндегілердің атынан пікір білдіре алмайды деп, Араб мемлекеттер Лигасы мәлімдеме жасады. 
Мұсылман әлеміне, Исламға батыс әлемдік қауымдастығы 2001жылдың 11 қыркүйегіне, Қаралы Сейсенбіге, дейін де көз тігіп келген. Ол түсінікті де. Мәселе, мұсылман мемлекеттерінің саяси маңыз­дылығында, сонымен бірге, бұл өңірде мұнай қоры­ның молдығында. Пайданы әріректен ойлайтын батыс саясаткерлері Ислам тұрақтылықтың факторы ма, әлде тұрақтылықты шайқалтатын фак­тор ма? – деген мәселенің төңірегінде те­рең ойланады. Бұл мәселе төңірегіндегі пікір алмасулар да әртүрлі фобиялар (үрей, алаңдаушылық, қауіп-қатер, негізсіз ақпараттар, абыржу) көрініс алғаны белгілі. Исламды көп жағдайда стереотипке айналған үш ұғымға тіреді: «ксенофобия, (бөтенді жау көру), зорлық-зомбылық, әйелді жеккөру (жено- не­на­вистничество)». Сонымен бірге, «ұлы үрей», оның әртүрлі көріністері, ұлт­шыл­дық, нәсілшілдікті де исламмен байланыстырды. Осындай пікір, әсіресе, Шешенстанмен соғыс кезінде Ресейде де өрбіді, оған постсоветтік ислам деп ат қойды. Исламға қызығушылық бұл елде де тек ғылыми мақсаттан тумағаны белгілі, саяси мүдде басым болды. Себебі, Ресейде 20 млн. жуық мұсылмандар бар  және Ресей теңіздей толқыған көптеген мұсылман елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен де шекаралас. 2001 жылғы АҚШ-тағы қаралы сейсенбіден кейін Исламға деген көзқарас одан әрі бұзылды. Ол көңіл-күй қазақстандық славяндар арасына тарады. Қоғамдық пікір Ауғаныстанды бомбылауды қолдады. Сонымен, батыстық және Ресейлік қо­ғамдық пікірге Исламмен экстремизммен, тер­роризмді жа­қын­дастыру, тіпті, бір деген пікір ұя­лай бастады. Ал, тарихта христиан, буд­­дист және иудизм, басқа да көптеген діни қауымдастықтар арасында да шектен шыққан әрекеттер өте көп, сондықтан, бөтен дінді айтарлықтай шыдамсыздықтың үлгілері жеткілікті. Мұсылмандар тек бөтен дін­дермен ғана емес, өзара да соғысқа барып жатыр.
Біріншіден, өткен тарихта да, бүгін де мұсылмандар арасында соғыстар аз болмаған, мысалы 1980-1988 жылдар аралы­ғындағы Иран мен Ирак немесе 1990 жылғы Ирак пен Кувейт арасындағы соғыстар. Мұсылмандар арасында алауыздық Пакистан, Сирия, Ливия, Ливанда қақтығыстар болуда. Сондай-ақ, мұсылмандар арасын­да ғана емес, мұсылман емес елдерде жан­жал, қақтығыстар жиі болып тұрады. Мысалы, Солтүстік Ирландияда ұзаққа созылған католиктер мен протестанттар соғысы, Шри-Ланка мемлекетіндегі тамил-индустер мен сингал-буддистердің жанжалдары. Екіншіден, сунниттер мен шииттер, шииттер мен басқа секталар арасындағы қақ­тығыстар сияқты жанжалдар христиандар арасындағы өте жиі кездеседі, кей­де, тіпті, өткір сипат алады. Мысалы, орыс православ шіркеуі мен Ватикан, болмаса украин униттермен қарым-қатынас өте күрделі. Есімде, 2001жылдың 22-25қыркүйек аралығына Рим Папасы Иоанн Павел ІІ Астанада болды. Оның даналық парасатқа мол сөздері тек католиктерді ғана емес, барлық дін өкілдерін, әсіресе мұсылмандарды таңқалдырды. Бірақ, сол кездегі ҚР Парламенті Мәжі­лісінің орыс депутаттарын таңқалдырмады, кері­сінше, ашуландырды, шамырқандырды. Сапары аяқталып католик шіркеуінің билеушісінің еліне қайтуын асыға күтті. Бірақ жағымсыз пікірлер ресми түрде емес, пікір алмасу ретінде айтылды. Үшіншіден, Ислам дінін адамдарды өлімге әдейі дайындайды, олар «тірі бомбаға» айналдырады, есесіне ол дүниеде рахат көреді деп жұбатады деп сынау орынды, бірақ, осылай адамның көңілін аулау барлық діндерде бар.
Ресейдегі эсер-бомбистердің, Жапония­дағы ками­кадзелерді, айтсақ та болады. Бүгін Ресейдің Санкт-Петер­бург қаласында террорист-революционерлерге ар­налған ес­­­­керт­­кіштер жеткілікті. Ол ескерткіштер тер­роризммен күресіп жатқан Ресей бас­шы­­ларының бүгін басын қатырып отыр. Ал, Индияда ұлты тамил террорист-әйел өзімен бірге Раджив Гандиді жарып өл­тірді. Бұл мысалдарды жалғастыра бе­руге болады. Бір сөзбен айтқанда, идея үшін құрбандық исламға ғана тән құбылыс емес. Ал, Ислам діні біреудің  өміріне қастандық жасауға, дүниесін меншіктеп сіңіріп кетуге тыйым салады. Ірі мұсылман мем­лекеттері, олардың арасында Сауд Арабиясы да бар, 2001ж. 11қыркүйектегі террорлық әрекетті сынап, «барлық әлемдік діндердің қағи­дасына, барлық адамгершілік және адам­заттық құндылыққа жат» деп бағалады.
Ислам қуатты да қасиетті дін, сонымен бірге, тек жаратушыға ғана сенім емес, ол өмір сүру  амалы, тұрмыс қалпы, жүйесі, тұтастай өркениеттің негізі. Ислам ілімі, қағидалары өмірге келген күнінен бастап, өмірден озғанша мұсылман пен­десін өз ықпалында ұстайды, мінезін, тәртібін айқындайды. Ислам қоғамның экономикалық сипатын, ел басқару жолдарын, әдістерін айқындайтын діни-мәдени дәстүр. 
Сонымен бірге, Ислам біртұтас дін деп тек шартты түрде айтуға болар. 
Қасиетті Құран Кәрім Араб тілінде Араб еліне түскенмен, кейін тілі, мәдениеті, дәстүрлі басқа да елдерге тарай бастады, Ислам діні басқа ұлттар ерекшеліктеріне бейімделді, басқа халықтар да ислам­ға икемделді. Сондықтан, бүгін афри­кандық Ислам, кавказдық Ислам, евроислам, посткеңестік Ислам, қазақы Ислам деген ұғымдар пайда болды. Ұлт­тар, бір жағынан, өз бойына ана тілімен бірге төл мәдениеті, дәстүріне сүйен­се, екінші жағынан, мұсылман  ілі­мімен, мәдениетімен байыды. Оны ғы­лыми әдебиетте синкретизмнің бір ерекше, сәтті көрінісі дейді. Бүгін «Ислам экстремизмі, «Ислам терроризмі», «Ислам радикализмі» деген сияқты ұғымдар Ресейден аударған қазақстандық оқу­лықтарда ғана қолданылады. Ал, әлем­дік саясат тілінде ұғымдар бүгін пайдаланылмайды. «Исламофобия» осылай дағдарысқа ұшырады.

Негізгі қайшылықтар

Дегенмен, христиандар мен мұсыл­мандар ара­сын­дағы қарым-қатынастарға өр­ке­ниет­тер ерек­шелік­теріне байланыс­ты қай­­шы­лықтар ықпал етіп отыр. Біздің зама­ны­мыздың маңызды белгісінің бірі – Ис­ламның қайта түлеуі. Исламтану ілімінде капитализмнің де, социализмнің орнын басатын үшінші бағыт Ислам өркениеті болып есептелінеді. Батыс капитализмі мен демократиясы ар-ұяттан аттауға әкеліп, елдерін аздырды. Ал, марксизм болса, ашық кұдайсыз, атеистік ілім, ал, имандылықты сақтайтын, дін мен заңды ұштастыратын Ислам ілімі ғана.
Әлемде бүгін бір жарым миллиардқа жуық мұсыл­ман бар деп есептеледі. 57 елде олар сан жағынан басым, ал, 30 мемлекетте сан жағынан аз болғанымен, дін жағынан ықпалды топтар. Жаңарған исламдану жолын таңдау барысында «Исламдық мемлекет», «Исламдық экономика», «Исламдық демократия» мо­дельдері жүзеге асырылуда. Бұл модельдердің христиан дініндегілерден басты айырмашылығы діннің коғамдағы алатын орнына байланысты. Христиандар үшін дін мемлекеттен бөлінген, мемлекет зайырлы болып есептеледі. Исламда зайырлы мемлекет деген ұғым жоқ. Дін мен мемлекет, дін мен қоғам, дін мен саясат, экономика, тәрбие біртұтас қауымдастықты құрайды. Өз кезегінде Ислам діні христиандардың «Богу божье, а кесарю кесерево» деген қағидасын дін мен елді бөледі деп сынға алады. Батыс адамдарының моральдық азуын, жыныстық қатынастардағы шексіз еркіндігін, отбасылық қатынастардың дағдарысын, зорлық-зомбылық, наша­қорлық пен маскүнемдіктің себебін дін­нің мемлекеттен бөлінуінен, діннің тәлім-тәрбиелік мәнінің әлсіреуінен деп түсіндіреді. Батыстың рухани дағдарысқа ұшырап отырғанымен еуропалык сарапшылар да келіседі.
Мұсылмандар ұстанып отырған демо­кратиялық үрдіс, Ислам әлеміндегі адам құқы, әйел құқы туралы түсінік батыстық үлгіден өзгеше. Сондықтан, Батыстың демократияны мұсылман елдеріне күшпен енгізуге тырысуын Ислам дінін жоюға арналған әрекет деп қабылдады. Батыс бол­са Ислам дінімен емес, экстремизммен күресеміз деп ақталады. Ислам әлемінде де адам құқы мәселесі қатып қалған қағидалар деу орынсыз, шариат талаптарын халықаралық талаптармен ұштастырудың жолдары 1990 жылғы Ислам конференциясында қабылданған «Исламдағы адам құқы Декларациясында» көзделген. Қайшы­лық­тардың экономикалық негізі бар. Ислам мемлекеттері, егер, мұнайға бай бірнеше мемлекеттерді айтпағанда, артта қалған елдер. Олардың мұнай мен газды айтпағанда, шет елдер шығаратын тауарлары бір Финляндияның өндіретін тауарларынан аз. Соңғы 20-жылда 22 Араб елінде адам басына шаққандағы табыстың өсуі 0,5% қана. Бір ғана Израильдық ғалымдардың саны барлық Араб елдерінен  көп. Араб тіліне шет елдер тілінен аударылатын  әдебиет мысалы, Грециямен салыстырғанда 5 есе аз. Оның себебі қашанғы отарлау саясатымен ақтауға болады? Түркия кезінде Араб елдері сияқты артқа қалған ел еді. К.Ататюрк саясаты елді жаңартуға жол ашты. Араб елдерінің бүгінгі тарихи көштен қалып қоюының басты себебі, әлеуметтік-экономикалық жүйеде, әлі де мемлекеттік биліктің үс­тем­­дігінде, кәсіпкерліктің дамуына құ­қық­тық кепілдіктің жоқтығында. ХІV ғ. өмір сүрген Араб тарихшысы Ибн Хал­дун халифат экономикасының дамуын тежеп отырған биліктегілердің  меншік құқын таптауында, халықтың меншігін иеленіп кетуінде деген. Осыдан да халық еңбек етіп байлығын асыруға мүдделі емес, технологиялық даму да ал­ға баспады. Өнеркәсіп техникалық жағынан ілгерілемеді, индустриалдық құлдырау басталды. Мұсылман ойшылдары Құран мен хадистың  бұлжытпай орындауын қадағалап, жаңа қоғамдық идеяларға, прогреске қарсы болды. Батыстың озық технологиялық идея­ларын қабылдамады. Осылай мұ­сыл­ман елдері оқшаулана берді, догматизм мен схоластика үстемдік алды. Мә­­­де­ниет, білім мен ғылым жағынан мұ­сыл­мандар бір кезде Еуропадан жо­ғары болғандарын біледі. Бірақ, ол заман өт­ті. Бүгін «кәпірлер» алға шықты. Олар мұсылман әлемін кемсіткісі келеді, олар­ға жат құндылықтарды тағып, Исламды таптағысы келеді. 
Дегенмен, мұсылман елдері мен батыс елдерінің байланыстары соңғы онжыл­дық­тарда терең сипат алуда. Түрік, Араб, басқа да мұсылман дініндегі ұлттар өкіл­дерінің Еуропа мен АҚШ-қа қоныс аударуы бұрын бір-бірінен алыс халықтар мен діндердің араласуына, жақындасуына жағдай жасады. Мұсылмандар мен христиандар жұ­мыста, базарларда жиі кездесіп, көрші бо­лып катар өмір сүріп жатыр. Батыстың аза­маттары мұсылман дінін қа­былдай бастады. Батыс технологиясы ешқандай ке­дер­гісіз мұсылман елдеріне ену­де. Студенттер, профессорлар, ғалымдар, инженер­лер батыс елдерімен жиі байланыста. Сонда да Батыста әлі де болса Ислам діні ту­ра­лы мәлімет тапшы, болса да жиі бұрмаланған. Араб елдерінің кейбір топтары радикалдық идеяларды қолдайды. Осыдан «Ислам фундаментализмі», «Ислам терроризм» сияқты исламды бұрма­лайтын ағымдар пайда болды. Олардың мәніне еуропалықтар терең бойлай бер­меді. Мысалы, әрбір экстремистік ой-пікір терроризмге ұласа бер­мейді, бірақ, әр­бір терроризм ол экстремизмнен басталады. Фундаментализм мен терроризм де әртүрлі ұғымдар. Фундаментализм діннің бастауына, ірге тастарына, фундаментіне оралуды біл­діреді. Фундаментализм қай дінге де тән. Ис­лам фундаментализмі (араб­­ша «салафия»-са­лаф-ата-бабалар) дін­­ді бұр­малаудан тазарту, байлыққа ке­нел­­ген ысы­рапшылдыққа жол берген азғындардан алас­тау. Фундаменталист бола тұра экс­тре­мизмді сынауға, ал, терроризмді айып­тауға болады. Ис­лам еш уа­қытта зорлыққа, күш жұм­сауға шақырмайды. Сондықтан, бүгінгі саяси лексикада «Ислам» мен «Исламист» ұғымдарын айырып айтады. «Ис­­ламист» саясаттанған ислам, Ислам құн­дылықтарынан аулақ, зорлық-зомбылық, жолына түскендер. Оның себептері де бар. Әсіресе Таяу Шығыстағы  дау-жан­жалдар. 
Бүгін бүкіл әлемнің назарын аударып, көп айтылып та, жазылып та жүрген жалғыз дін – ол ислам. Мә­селе, мұсылмандардың са­ны­ның өсуінде ғана емес, оның саяси белсен­ділігінде. Ислам бүгін ең қуатты, ең өміршең дін. Жан қиярлықтай құш­тарлықпен берілу басқа діндерге тән емес. Ислам – өмірдің тірегі, барлық дүниенің өл­шемі. Сонысымен де өз үмбеттерін көбейтеді, бі­реулерге қуат береді, бі­реулерге үрей туғызады. Ис­лам фено­менінің де, ислам фобия­ның да себептері осында. 

 

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!