Қадыр режиссурасының жаңалығы мен жаңғыртулары

  • 19.04.2012
  • 785 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ж. БолдыҚов, Т. Жүргенов атындағы

ҚазҰӨА магистранты

Режиссер Қадыр Жетпісбаев еліміздің рес­публикалық, облыстық театр сахналарында қы­рыққа тарта спектакль қойған айтулы режиссер. Бұл дүниелер оның шығармашылық ізденісін, кәсіби қабілетін танытады. Сонымен қатар, өзін толғандырып жүрген мәселелерді уақыт талабына сай өзіндік түйіндер жасап, ерекше көзқарасын, талғамын, қолтаңбасын қалдыруға ұмтылғанын көрсетеді. Спектакль сюжеттерінде орын алған түрлі бейнелер, көркемдік идеялық, философиялық, қоғамдық-әлеуметтік, моральдік-эстетикалық мәселелер, тәрбиелік мәні бар тұстары режиссердің алға тартқан мақсат-міндеттерін анық байқатады. Қадырдың шеберлігін шыңдай түскен режиссерлік шешім, драматург ойды сахна тілі мен актерлер ойыны арқылы жеткізе білгенін, кезінде театр сыншылары мен зерттеушілер атап өтті. Осы орайда режиссердің шығармашылығы туралы Қ.Уәлиев былай дейді: «Қ. Жетпісбаевтың режиссерлік өнеріне ой жүгірте отырып, іштей баға беріп қарасақ, жоғарыда аталған үш спектакль – «Ажар мен Ажал», «Дала дастаны», «Құлыным менің» айрықша орын алады екен. Олай дейтініміз, режиссер тап осы спектакльдерді қою үстінде өзінің өнерпаздық, суреткерлік танымы мен жанына жақын келетін жайларды, сахналық көркемдік бейнелеу құралдарын қалай пайдалануды, ең басты тұлға – актерлермен қалай жұмыс істеу керектігін жақсы ұғып, біржола түсінгендей болады», – деген ойы өзіндік қолтаңбасын танытатын сара жолын айғақтай түседі [1].
К. С. Станиславский тұжырымына көз жүгірт­сек, ол: «Нағыз режиссер- режиссер-мұғалім, режис­сер-суретші, режиссер-әдебиетші, режиссер-ұйымдастырушы болуы керек», – дейді [2]. Театр труппасын ұйымдастыруда әртістер арасында жақсы жағдай туғызудың ең басты түйіні, істі басқарып жүрген режиссердің беделді болуымен тығыз байланысты.
Ұйымдастыру қабілеті мол Қадыр өзінің алғашқы сахналық қойылымын, Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесі бойынша, Қалжан Нұрмаханов сахналық жүйеге түсірген «Аңсаған менің әнімсің» пьесасынан көруге болады. Спектакльде өзіндік стильге салып, диалог құру ерекшелігіне, сөйлеу мәнеріне мұқият қарағандығы байқалады.
Шығармадағы жүрек елжіретіп, жан тебірентер сырлы сезімді, мөлдір махаббат ықыласын сахна тілімен, актер ойынымен көрермен қауымға жеткізе білген. Көркем әдебиеттен – «Жәмила» повесінен алған ыстық әсерінен кем түсірмей жеткізіп беру керектігін жас режиссер өте жақсы түсінген. Сондықтан да спектакльдің сахналық, режиссерлік шешімін жаңылыспай табуда жаңа талаптар сұранысы мен негізгі айтылар ойлардың тереңінен іздейді.
Жетпісбаев институтты бітірісімен Гурьев облыстық қазақ драма театрына жолдамамен барып, бірнеше спектакль қойды. Қойылымдардың елеулілері, сахналық жағынан көркем шешім тапқандары деп бурят драматургі С.Шагжиннің «Сандықтан шыққан сайтан» атты комедиясы мен Әбділда Тәжібаевтың «Халқым туралы аңызын» бөліп айтуға болады.
Қадыр әуелгі кезде, режиссерлік қызметінің алғашқы екі-үш жылында, күллі өзі қойған спек­такльдердің барлығына да театр маманы ретінде режиссерлік көзқарас тұрғысынан келуге, сол арқылы өз сөзін айтуға, өз ой-пікірін қосуға, ізденіске толы идеялық мазмұнының толық мәнін ашуға күш салды. Бұл жас режиссердің өзін-өзі іздеудің басы болса керек. Мәселен, С.Шагжин пьесасының әр көрінісін қазақтың нақыл сөздері мен мақал-мәтелін орынды әспеттеуі осыған анық дәлел.
Қадыр бұдан соң 1965 жылы Алматыға арнайы шақыртылып, республикалық балалар және жасөспірімдер театрында драматург Шахмет Хұсайыновтың «Күн шуақта» пьесасын сахнаға шығарды. Қадырдың екі жылға жуық режиссерлік тәжірибесінде шын мәнінде алғашқы рет қатты қиналғаны осы жолы болды. Оған екі түрлі себеп әсер етті. Бірінші – пьесаның өмірде нақты прототипі бар. Прототип ретінде колхоз құрылысының даңқты қайраткері, ұйымдастырушысы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов өмірі мен қызметі, қоғамдық қайраткерлігі арқау етіліп алынған. Екіншіден – Қадыр келгенге дейін пьесаны басқа бір режиссер қоймақ болып, әртістермен жұмыс істей бастапты. Бірақ, неге екені белгісіз, режиссер пьесаны аяқтамай тастап кеткен. Қайсыбір актерлер рольдеріне еніп те қалыпты. Жетпісбаев шала біткен істің басына келгендей сезімге түсті. Бәрін өзінше, өзінің түсінік-түйсігі режиссерлік «көруі» бойынша жасайын десе, бас кейіпкер Байсалды ойнайтын Қазақ ССР-нің халық әртісі Байділда Қалтаев пен Қазақ ССР-нің халық әртісі Сәлима Саттаровалар бұрыңғы өздері тапқан шешімдерінен ажырағысы келмей, жаңа шешімге жуық арада көне, келісе қоймай көп әуреге салады. Бірақ режиссер өзі қалаған шешім мен көзқарасқа беріктігін танытып, өз ой-пікірін дәлелдеп шығады. Соның нәтижесінде майталман актер Б. Қалтаев колхоз шаруашылығының белсенді ұйымдастырушыларының бірі ретінде аты шығып, кейін ауыл шаруашылығы өндірісінің атақ-даңқы айдай әлемге танымал болған Байсал (Н.Алдабергеновтың сахнадағы көркем бейнесі) сынды ардагер азаматты салмақты, ақыл иесі етіп мүсіндеп, оның халықтың қалың ортасынан жарып шыққан басалқалы, байыпты басшы, шебер ұйымдастырушы екенін бар қыр-сырымен жарқырата ашып берді. Толыққанды сахналық образ жасады.
Спектаrльге халықтық, ұлттық нақыш беру мақса­тымен қазақ театры тәжірибесінде тұңғыш рет спектакльді бастан-аяқ домбырамен сүйемелдеуді енгізді. Композитор, Қазақ ССР-нің халық әртісі Нұрғиса Тлендиев музыкасын жазып, өзі тікелей домбырамен сүйемелдеп шыққан спектакльдің эмоциялық, поэтикалық, үндік-дыбыстық әсері көрермендерге өзгеше ықпал еткен тәрізді. Жас режиссердің алдына қойған мақсаты – спектакль көріністерінде халықтық, ұлттық мінезді ашу, психологиялық, философиялық, қоғамдық-әлеуметтік, көркемдік-эстетикалық, идеялық мазмұнын айқындау. Сахнада ұлттық музыка аспаптарының сүйемелдеуімен, халықтық әуен-саз негізінде жазылған музыка айрықша әсер қалдырады. Қадырдың бұл бастамасы игілікті болып, кейін домбырамен сүйемелдеген спектакльдер көбейіп, кең өріс тапты.
Қ. Жетпісбаевтың жас кезінен жақсы көретіні – көркем әдебиет, өлең-жыр. Институтта оқып жүргенде, одан соң режиссерлік қызмет атқарып жүрген кезінде ешкімге көрсетпей өзінше түртінектеп жазып қоятыны болатын. Соларын сараптап қараса, іске асары, қажетке жарары бар секілді екен. Қайта қарап, редакциялап, соның бірі – «Құдай қосқан құдалар» деген комедиялық пьесасын Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының көркемдік кеңесінің талқысына ұсынады. Пьесаны театрдың бас режиссері, СССР халық әртісі, СССР мемлекеттік сыйлығының лауреты Әзірбайжан Мәмбетов ұнатып, академиялық театр сахнасында Қадырдың өзі қоюына кеңес береді. Сөйтіп, бұл пьеса 1966 жылдың ерте көктемінде «Алаяқтар» деген атпен сахнаға шығарылды. Спектакльде Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов сынды СССР халық әртістері, Сәбит Оразбаев, Нүкетай Мышпаева, Мәкен Байзақова, Таңат Жайлыбаев Қазақ ССР-нің халық әртісі сынды республикаға белгілі актерлер ойнаған.
Бұл, жас режиссердің қазақ театр өнерінің қара шаңырағындағы ізгілікті қадамы. Бір қызығы сол, Қадыр әуелі мұнда режиссер емес, драматург ретінде келген. Бұл жақсы ырым, игілікті жоралғы болатын.
Осыдан кейін-ақ Қадыр академиялық театрға ауысады.
Режиссердің мұндағы алғашқы қойған спектаклі Сәкен Жүнісовтың «Ажар мен ажал» драмасы. Бұл автордың тұңғыш пьесасы еді. Пьесаның бойында жаңалық сарыны сезіледі. М. Әуезов, Б. Майлин, Ғ. Мү­сіреповтердің белгілі әңгімелер оқиғаларынан («Қорғансыздың күні», «Ананың ашынуы», «Раушан коммунист»), автор өзінше жаңа шешім іздестірген.
Спектакльде халық тағдыры, әйел-ана тағдыры басты тұлғаға айналған. Мұндағы ана бұрынғы ұлттық драматургиямыздағы аналарға мүлде ұқсамайды. Мұндағы ана – күрескер, өз бақыты, өз тағдыры үшін қандай қиындыққа болса да қарсы тұрып, қажырлы күрес жүргізеді. Соның нәтижесінде өз мақсатына жетеді. Ажар өз өмірінде үш бірдей аса күрделі қоғамдық-әлеуметтік өзгерісті басынан өткереді. Спектакльдегі Ажар бейнесін шын мәнінде қазақ әйелінің ғасырлар бойы басынан өткерген қайғы-қасіреті, өмір-тағдыры, ең соңында азат та бақытты Октябрь таңына ерлікпен, күреспен жеткен азаматтың өр тұлғасы деп түсінген.
Міне, режиссер Қадыр Жетпісбаев пьесаның бас кейіпкері Ажардың осы күрескерлік қасиетін спектакльдің негізгі өзегіне айналдыруға ерекше назар аударды. Режиссердің бұл мақсатының ойда­ғыдай орындалғанының ең басты дәлелі, Ажарды ойнаған Қазақ ССР-нің халық әртісі Шолпан Жандарбекова мен Бөпішті ойнаған Қазақ ССР-нің халық әртісі Камал Қармысовтың 1980 жылы Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығын алғаны болса керек.
Осы арада айта кететін бір жағдай – Қадыр қазақ режиссерлері арасында жаңа жаза бастаған жас драматургтермен өзгеше көп жұмыс істеген режиссер. Оған мысал ретінде марқұм Құдаш Мұқашевтің ұлы ақын Ілияс Жансүгіров өміріне арналған «Дала дастанын», Оралхан Бөкеевтің бүгінгі жастар тұрмысын қозғаған «Құлыным менің» шығармасын ерекше атап айтуға болады. Ал осы спектакльдердің өміршең әрі табысты болғаны баршаға мәлім. «Ажар мен ажал», «Құлыным менің» спектакльдері кезінде Бүкілодақтық бәйге алды. Сондай-ақ бұлардың барлығы да алды он-он үш жыл, соңы бес-жеті жылдан бері академиялық театр сахнасынан бір түспей жүріп келе жатыр. Бұл кездейсоқ оқиға емес. Қазақтың әйгілі жазушысы, академик Сәбит Мұқанов «Дала дастаны» спектаклі туралы кезінде баспасөз беттерінде жазған ой-тұжырымдарында жоғары баға бергені баршаға мәлім [3].
Режиссерді «Бөлтірік бөрік астында» мен «Құ­лы­ным менің» де жастар проблемасы қатты қызықтырған. Біз үнемі жастарды «олайсың-бұлайсың» деп сөгеміз, ұрсамыз, бірақ оған жақсы болудың жөнін, жолын айтып, қол ұшын бермейміз. Жалпылама ақыл айту, өнеге айту басым, ал нақты көмек кем. О. Бөкеевтің «Құлыным менің» шығармасында Бозтайлақ осындай адам. Бозтайлақ – халықтың рухани өмірінің көркі мен сән-салтанатын бұзып-жармай әсем, әдемі, сұлу күйінде сақтап, көздің қарашығындай қастерлеп, болашақ ұрпаққа жеткізуді армандаған ішкі жан дүниесі бай, күрделі, асыл азамат. Режиссер күрделі тәрбиелік, әлеуметтік, идеялық, адамгершілік мәселелері сахналық көрі­ністерден сәтті шешімін таба білді. Оған дәлел – пьеса авторы О.Бөкеев осы тұңғыш драмалық туындысы үшін актер Қ.Тастанбеков екеуі Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты деген құрметті атаққа ие болды.
Енді бұрынғыдай емес, өзінің режиссерлік идеясының, ой пікірі мен мақсат-мүддесінің сахнадан сәтті шешім тауып, көрермен қауым көкейіне тұтас жетуіне ең басты себепкер – актер екенін өзгеше қатты сезінеді. Қадыр сахнадағы көңіл күйді залдағы көрерменге жеткізуді армандайды. Ол үшін қойылымның поэтикалық, көркемдік мағынасын толық ашу қажет. Арманына қол жеткізу үшін әрбір кейіпкердің жан дүниесінің қозғалысына барлау жасап, ұқыптылықпен зерттеу жүргізді. Сөйтіп, спектакль шешімін іздеген кезде ең алдымен онда ойнайтын актерлер шеберлігі мен мүмкіндігін айрықша еске алып отыруды тұрақты әдетке айналдырды.
Қ. Жетпісбаевтың сахналаған спек­такльдерінде тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдік тұрғыдан байыпты, ауқымы кең дүниелер жасады. Өнердің тағы да жаңа, көркем, тылсым сырларына Қ. Жет­пісбаев жалықпай еңбек етуі театр сахнасында бү­гінгі күнде өзінің үйлесімді жалғасын тауып ке­­леді. Осы орайда Ә. С. Рахимовтың режиссура және драматургия мәселелері туралы жазған мақа­ласындағы ойы «Пьесаның көркемдік деңгейі өмір құндылықтарының сырын қаншалықты дәрежеде аша білуіне жатады. Режиссер өмірді неғұрлым терең білсе, драматургиялық шындықтың өлшемін де соғұрлым дәл анықтай біледі. Сондықтан да режиссерге күнделікті өмірді біліп қана қоймай, оны өзінің суреткерлік көзқарасымен зерделеп, ой таразысынан өткізіп, өзгеше бір жорамал жасай білгені құба-құп. Әр режиссер, тіпті, әр театр өз пьесасын талмай іздеуі керек. Сонда ғана өнердегі қолтаңба мен бағыт туралы сөз қозғауға болады», – Қадыр Жетпісбаевтың режиссуралық өнерпаздығына толыққанды баға бергендігін дәлелдей түседі [4].
Қорыта айтқанда, қазіргі алдыңғы қатарлы театр сыншылары мен алдыңғы буын ағаларымыз Қ. Жетпісбаевтың өнер жолына үлкен баға беруі режиссердің шығармашылық лабораториясында көрініс алған халықтық үлгілер, әлеуметтік үн, көркемдік тәсіл, жаңалықтар мен жаңғыртулар өзінен кейінгі режиссуралық жолды дамытушы буынға үлгі болуында.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!