«АҚЫННЫҢ АҚЫНДЫҒЫ – АРДА ҒАНА»

  • 05.02.2015
  • 1356 рет оқылды
  • 3

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ,
сыншы

Жас ақындар арасында бір ыңғайсыз әрі ұнамсыз үрдіс қалыптасып келеді. Ол – тұңғыш кітапқа: 
бір емес, 
екі емес, 
үш емес 
одан да көп адамға алғысөз жаздыру деген дерт және поэзиялық жинаққа: 
бір емес,
екі емес,
үш емес
пәленбай мақалаларды поэзиямен параллель беріп отыру деген екінші дерт…
Негізі, бір әдебиетшінің 
пікірі,


алғысөзі,
батасы
бір кітапқа ешқашанда аздық етпейді. Ал, алғашқы шығып отырған жинаққа бір емес, бірнеше адамның алғысөзін жариялау – өзіңнің талантты екеніне сеніңкіремегенінің көрінісіндей әсер қалдырады. Немесе бұл оқырман қауым­ға қарата «міне, мен осындаймын» деп оларды сендіруге тырысушылық сияқты әрекет. Тек әйтеуір, ақындардың бұл істері – «ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз өтеді» дегендегідей болмаса болды.
Әлде, бұл «жұлдыз ауруы» ма? 
Алдыңғы буын ағаларға қа­райық­­шы, қай ақынның тұңғыш кіта­бында үш-төрт, бес-алты, жеті-сегіз, он-онбес адамның алғысөзі бірінен соң бірі беріліпті?! Қасиетті әдебиет табалдырығын енді аттаған таланттардың бесіктен белі шықпай жатып, осындай мақтанқұмарлық қасиеттерінің ерте гүлденуі оларды одан әрмен менменшілдікке итермелеп, асқынған атаққұмарлыққа ғана жетелейтінін жасырмауымыз керек.
Талантты тірісінде құрметтеу керек. Бірақ, дәл жоғарыдай емес, ағайын.
Өкірте мақтау,
көпірте мақтау,
лепірте мақтау – 
ақынды мақтамен бауыздау, батпаққа батыру. Бір саптағы әскер сияқты бой түзеген пәленбай атақты кісінің айтқан алуан сырлы, сан қырлы сөздерін өлең кітапқа сықап толтырмай, автор қажет деп тапса, ол сөздерді бөлек кітапша қылып шығарғаны жөн болады. Мәселен, «Пәленше Түгеншеұлы деген жас ақын туралы айтылған сөздердің бірінші томы…» дегендей ат қойып.
Енді, нақты дәлелдерге көшейік.
Серік Ақсұңқарұлы бір-ақ ауыз сөзбен «құбылыс» деп бағасын берген Азамат Тасқараның «Жусан қыз» (Астана, «Фолиант», 2013 жыл) атты тұңғыш кітабындағы осындай олқы­лықтарға тоқталайық. Бірінші «Ата қа­зақтың иісі» деген атпен Фариза Оң­ғар­сынованың алғысөзі беріліпті. Әрі қарай кезегімен (атақ-дәрежелері де жа­зылған): Роллан Сейсенбаевтың, Жәркен Бөдештің, Тыныштықбек Әбді­­кәкімұлының, Қазыбек Исаның, Ма­ралтай Райымбекұлының, Талғат Ешенұлының алғысөздері бірінен соң бірі жалғасып кете береді.
Ешкімді де алғысөздер  ақын етпейді ғой…
Ал, Ақберен Елгезек «Шексіздік сыртындағы шам» (Алматы, «Хан­тәңірі», 2014 жыл) деген кітабында өзі туралы жазылған зерттеу-мақалалар легін бірінен соң бірін бермейді. Оның ерек­шелігі, әр мақаланы он-он бес беттен кейін кіргізіп отырады.
Біз бұл жолы мақалалардың тақы­рыптарына емес, тек кісі есімдеріне ғана тоқталайық. Олар: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Таласбек Әсемқұлов, Нұрғали Қадырбаев, Айгүл Кемелбаева, Дүкен Мәсімханұлы, Әбіл-Серік Әбілқасымұлы, Сәруар Қасым, Мәдина Омарова, Серік Құсанбаев, Құдияр Біләл, Динара Мәлікова. 
Қарап отырсаңыз бәрі белгілі есімдер. Бірақ, бұл ненің көрінісі? Керуендей тізілген осы кісілердің алғысөздері мен мақалаларын бір кітапқа кіргізудің не қажеті бар еді? Бір кітапқа бір аннотация мен бір алғысөз де жетпейтін бе еді?! «Мақтауды кім сүймейді, мақтауды кім жек көреді» десек те, әр нәрсенің өз орны болуы керек.
Егер де, сіз «бұл кітапқа пәленбай зерттеуші-сыншылардың мен және менің шығармашылығым туралы мақалаларын кіргізбесем, анау өле­ңімнің һәм мынау өлеңдерімнің табиғаты мүлдем ашылмай қалуы мүмкін, оқырман түсінбей қалады» деп ойлайтын болсаңыз, онда қолжазбаңызды толығымен бір қаламгерге оқытып шы­ғып, бір рецензия жаздырып алуға, сосын, оны тұңғышыңызға жариялауға әбден болады.
Сонымен қатар, Алмас Темірбайдың «Автопортрет» (Алматы, «Үш Қиян», 2007 жыл) атты кітабының соңына:
бір емес,
екі емес,
үш емес,
төрт беттен тұратын шығармашылық өмірдерегінде он жылдың бедерінде (1996-2006 жылдар) алған атақтары мен марапаттарының бүкілін жіпке тізіп тұрып жазып шығуын қалай түсінуге болады? «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенді қоятын кез жетті. Мұқағали айтқандай, «Ақынның ақындығы – атақта емес, ақынның ақындығы – арда ғана». Ендеше, ақын аманатына адал болайық.
Қажетсіз қайталаулар немесе немқұрайдылық
Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Бір-біріне ұқсамасын ақындар!» деген сөзі бар емес пе еді?!. Сол сияқты, бір өлеңі бір өлеңіне ұқсап жататын ақындардың да кемшілігін көрсетудің ерсілігі жоқ деп білеміз…  Себебі, кей тұстарда орынды-орынсыз бір сөзіңді қайталай беру – дұрыс үрдіс емес. Яғни, бір айтқан сөзін екі айтып жататын ақындар жоқтың қасы дей алмаймыз. Бар. Дейтұрғанмен де, біздікі осы мәселені қозғап, әдеби ортаға ой тастаудан туған пікір ғана. 
Осындай олқылықтарды Әсел Назаралы (Бір тамшы жыр» кітабы, «Халықаралық Жазушылар баспасы», 2013 жыл), Олжас Сәндібек («Уәде» кітабы, «Жазушы» баспасы, 2013 жыл), Қуаныш Медеубаев («Қара жәшік», «Фолиант» баспасы, 2013 жыл) сияқты жас ақындардың өлеңдерінен  байқауға болады… 
Мысалы, «Бір тамшы жыр» кітабының авторы Әсел Назаралы деген жас ақынның «Берекесізге» (51-бет) дейтін бір шумақтан ғана тұратын өлеңі бар. 
Неге менен іздеп жүрсің бір жылу?
Жанарыңнан көрдім тілсіз бір арай.
Көңіліңді қалдырды ма бір сұлу?
Жабырқай ма ширек жүрек тың­дамай? – деген сол шумағын аса көп еңбектеніп өзгертіп жатпай-ақ, сәл-пәл ғана өзгертіп, тақырыбын  «Мазалама» (84-бет) деп қоя салып, тағы бір келесі жалғыз шумақтық өлеңінде әрі қарай былайша дамытыпты:
Неге менен іздеп жүрсің бір жылу,
Жанарыңнан көрдім тілсіз бір арай.
Көңіліңді қалдырды ма мың сұлу?
Ақылыңды Сезім жүр ме тыңдамай.
Ең ұтымдысы – ақынның осындай кемшілікке барып, оқырмандарды бұлайша мазаламағаны дұрыс еді… Бірақ, бұл – ақынның ғана емес, редактордың да, корректордың да кемшілігі. Алайда қазір баспаларда мұндай жауапкершілік жоқ десе де болады. Берген қолжазбаңды талғамай шығара береді.
Ендігі сөз еткелі отырған ақынымыз – Олжас Сәндібек. «Уәде» атты тұңғыш жыр жинағының авторы. Өлең өлкесіне «Саған деген сезімімде де, жырым да /Дәл өзіңдей мөп-мөлдір», (4-бет) – деп жырлап келген Олжас басқа өлеңдерінде де осы «мөлдір өлең» тақырыбына соқпай кетпеген… Мәсе­лен, мына бір тамаша өлеңінде:
«Бар болмысың кіршіксіз көрінетін,
Жанарыңнан айналдым мөлдіреген.
Тілден емес, жүректен төгілетін,
Мен саған жазсам деп ем мөлдір өлең» (5-бет) – десе, келесі бір өлеңінде:
«Не күтіп ең жаным-ау енді менен,
Жасыңды сүрт көзіңнен мөлдіреген.
«Менің мұңым – махаббат» шамам келсе,
Мөлдіретіп жазармын мөлдір өлең» (27-бет) – деп жоғарыда бір айтқан арман-тілегін  тағы да қайталаған. Тек бұл жердегі өзгеріс – тілек формасындағы сөздің уәде үлгісіне ауысуы ғана. Әділін айту керек. Мұндағы бір өлеңіндегі қайталаулар толқынына қарсы емеспіз.  Әрине, ақынның «мөлдір» сөзін түрлендіріп қайталауы кездейсоқтық емес. Қайта, бір шумақта бір сөздің бұлай жиі қай­талануы – ақынның ойын күшейту бағытында, сол ойына оқырман назарын аударту ұғымында жұмсалған. Ол ойды күшейтіп, экспрессивтік-эмоциялық қу­а­тын арттыру мағынасында қолданы­лып тұр. Дегенмен, алдыңғы өлеңде айтқан ой-мұратыңды келесі өлеңге де жүк қылып, соны қайта жырлап шығудың қажеттілігі қанша еді?!
Сонымен қатар, Қуаныш Медеу­баев­тың өлеңдерінде де осындай ұқсастықтар бар.  «Әуежай» атты (39-бет) өлеңіндегі:
«Тағдырдың билетіне қарайлаймын
Әуежайдан бір ұшақ ұшқан сайын», – деген өлең жолдары «Астаналық ақын қыз» (185-бет) өлеңіндегі:
«Аспарадан арманым қол бұлғайды
Астанаға бір ұшақ ұшқан сайын», – деген үзіндіде екінші тармақтар қайталанып жатқан жоқ па?! Бұл жердегі екі өлеңдегі де ой бөлек, әрине. Бірақ, бір сөзді бірнеше рет қайталай беру сөздің дәмін кетіріп жібер­ген сияқты. 
Сөз соңында айтарымыз, бір айтқан ойды сәл өзгертіп алып басқа өлеңдерде әрі қарай жалғастырып айту немесе сол сөздерді келесі туындыда да пайдалану – егіз қозыдай өлеңдердің санын көбейту ғана емес пе? Себебі, мұндай қажетсіз қайталаулар болмашы нәрсе болып көрінгенімен бұл – автордың сөздік қорының, тіл байлығының жұтаң­ды­ғынан хабар береді немесе өз сөзіңе немқұрайдылықпен қараудан туындайды… 
Редакциядан: Жас сыншы Бауыр­­жанның назарларыңызға ұсы­ны­лып отырған ой-пікірлеріне қосылуға да, қосылмауға  да болады. Соған қарамай, сын жанрында мұндай да мәселелердің қозғалып отырылуы заңдылық. Өйт­кені, алуан-алуан пікірлер, сан қырлы да, көп сырлы әңгімелер әдеби про­цестің қозғаушы күші. Бұлай деп отыр­ғанымыз, табиғаттың төрт мез­гілі, уақыттың толқыма лептері қан­шалықты қайталанса, соған орай ақынның да сезімінің қас-қағым сәті  соншалықты қайталануы бек мүмкін. Ал, сөз бен сөйлемдердің немесе кейбір тұстағы шумақ қайталанулары әдеби процесте реминисценциялау дейді. Тіпті, орыстың ұлы ақыны Пушкиннен бастап, өзіміздің қазақ ақындарында да мұндай қайталаулар жиі болып тұрған. Дейтұрғанмен де, ЖАС СЫНШЫНЫҢ назарларыңызға ұсынып отырған мақа­­лаларындағы мәселелердің кейбір тұстары орынды екендігін ешкімнен жасыра алмаймыз. Ендеше, жолың болсын жас сыншы!

 

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Келісемін. Айтылған кемшіліктерді бірлесе түзетейік, бауырлар!

  2. Акындардын осындай тірліктері шынындада ұятты жағдай екен. Брежнев дертінен сактасын акындарды. Окырманды сыйламау екен екіншіден. Не макала жаз, не олен жаз. Акындар осы екі тандаудын бірін тандаугға қақысы бар.

  3. Бұл кітаптарды оқыдым. Аталған авторлар алғысөз жазбаған. Жеке өз пікірлерін білдірген. Бұны шатастырмау қажет секілді.

Пікірлерге тыйым салынады.

Мұрағат

error: Content is protected !!