МӘҢГІЛІК ЕЛ ЖӘНЕ ЭТНОПЕДАГОГИКА МӘСЕЛЕЛЕРІ

  • 17.03.2015
  • 2528 рет оқылды
  • 1

Серік Пірәлиев, 
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің 
ректоры, педагогика  
 ғылымдарының докторы, 
ҚР ҰҒА академигі, профессор

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының басты құндылығы – Мәңгілік Ел идеясына ерекше мән беруі. Бұл ретте Ұлт көшбасшысы: «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел  – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы», – деп тұжырымдайды. Әрине, ата-бабалар аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, егеменді дамудың 22 жылын артқа тастап отырғанымыз ақиқат. Сондықтан, Елбасы ұзақмерзімді даму мен экономикалық өсуді мақсат еткен Күшті және Қуатты Қазақ мемлекетін өркениетті жолмен құрудың тағы бір Стратегиялық жоспарында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел бола­шағының іргетасын қалаған басты жеті құндылыққа да ерекше тоқталды. Ия, халқымыз үшін қашанда жеті санының орны бөлек. Сонымен бірге, бұл Стратегияның жастарға арналғанын, оны жүзеге асырудағы жастардың рөлін атап өтті. Демек, бұл келелі тұжырымдар білім беру саласы мамандарына зор жауапкершілік жүктейді. 


«Қазақстан жолы – 2050: Бір мақ­сат, бір мүдде, бір болашақ» – қашанда жастардың жарқын болашағына бағыт-бағдар беретін маңызды құжат.  «Мәңгілік ел» – бәсекеге қабілетті ел, оған жеткізетін бәсекеге қабілетті ұрпақ болмақ. Қазақ­стан Республикасының Президенті Н. Ә. На­зар­­баевтың қоғамымыздың қазіргісі мен ер­тең­гісіне қажетті рухани күштің көздерін қайдан көруге, неден іздестіруге болады деген көкейкесті ойын таратқан Жолдауы білім беру мекемелерінде, ғалымдар арасында үлкен серпіліс жасады. Демек, елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлт­тық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйе­сіндегі ізденістерін көрсету – басты мін­детіміз. Тәрбие көп қырлы, сан алуан сипатты, күрделі, қоғамдық, әлеуметтік, ұлттық, жалпыадамзаттық, халықтық, көп жақты феномен. «Мәңгілік Ел»  жал­пыұлттық идеясы – жастар тәрбие­сіндегі стратегиялық бағдар беретін не­гізгі идеология тұрғысынан бүгінгі жоғары оқу орындарында тарихи тағы­лым ретінде қабылданып отыр. «Мәң­гілік  Ел» идеясы үздіксіз білім беру жүйе­сін­де оқытылатын барлық пәндердің маз­мұнында толықтай кіріктіруді қажет етеді. Көп ұлтты Қазақстан Республикасында мемлекеттік идеология тұрғындардың құ­рамын ескере отырып жүргізіледі. Қа­зақстан Республикасының Президенті  Н.Ә. На­зар­баев біздің мемлекетімізде «бар­лық халықтардың бір-біріне сіңісіп ке­туіне және бір-біріне қысымшылық жасауына, ұлттық құндылықтарға, тілге, жалпы адамзаттық ұлттық байлықтарға құр­­метпен қарамаушылыққа жол жоқ», – деп көрсетеді. Осы тұрғыдан ал­ғанда, жоғары оқу орындарында елімізді мекен­дейтін ұлт пен ұлыстардың рухани құн­дылықтарын қамтитын «Толеранттық не­гіздері», «Этнопедагогика», «Ұлттық тәрбие негіздері», «Дінтану», т.б. пәндері оқы­тылып отыр. Көпжылдық тәжірибе көр­сеткендей, аталған пәндер болашақ ма­манның тарихи санасы мен ділін қалып­тастыруда негізгі орын алады. 
Ұлттық тәрбие  – жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудің қайнар көзі, рухани мұрасы. Еліміз тәуелсіздік алғалы қол артқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістік пен мемлекеттілікті баянды етпекке, әрі келешектегі ел тұт­қасы жастардың санасын дамыту үшін тек материалдық игілікті ғана мақсұт ету жет­кіліксіз. Олардың бойына ата-баба дәс­түрі мен өз халқының тарихын қас­тер­­леуге, ең бастысы, отансүйгіштікті ны­ғайту үшін ұлтының рухани-мәдени құн­ды­лықтарын сіңіру қажет. М.Шоқайдың «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды», – деген түйінді ой-пікірі ұлттық рухани-адамгершілік құн­ды­­лықтарды бойына сіңірген адам ғана қандай да келеңсіз іс-әрекеттерден аулақ жүретініне себеп болатыны мәлім деген ойды білдіреді. Халқымыздың сан ғасырлық тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерінен туын­даған ұлттық тәрбиеге қатысты тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар мол. Осы орайда, студенттің қоғамның талаптарына сай кәсіби және тұлғалық дамуында, жоғары  азаматтық, адамгершілік, психологиялық және физикалық сапа-қасиеттерін, мінез-құлық дағдысын, әрекеттерін қалыптас­тыруда жоғары оқу орнындағы ұлттық тәр­биенің ықпалы зор екендігіне 2009-2010 оқу жылынан бастап Абай атындағы ҚазҰПУ-де жүргізіліп келе жатқан «Ұлт­тық тәрбие» пәнінің нәтижесі дәлел бола алады. Ұлттық тәрбие пәнін оқыту барысында студент жастардың бойында  ұлттық құндылықтарын қалыптастырудың негізгі көрсеткіштері болып табылатын өз халқының тарихи даму ерекшеліктері мен мәдениетінің өзгешеліктері туралы білімді меңгеруі, Атамекенге, туған жерге деген сүйіспеншілікті, намыс, Отан тағдыры үшін жауапкершілік сезімдерін, рухани мәдениетті, салт-дәстүрді сақтауға  жауапкершілікпен қарайтын патриот-аза­матты қалыптастыруға бағытталады.
Берік сақталып және ұрпақтан-ұр­паққа мұра болған салт-дәстүр ұлттық тәрбиенің негізгі идеясы. Ата-бабалар жолы, олардың өмірлік, жасампаз еңбек тәжірибесі жастар тәрбиесіндегі негізгі ком­понент ретінде саналады. Демек, қо­ғамдағы тәрбие мен білім беру ұлттық  тәр­биесіз тиімді қызмет атқара алмайды. Ұлттық тәрбие беруді қазақ этнопедагоги­касы негізінде қарастыру тиімді. Қай заманда болмасын заманына қарай жеке тұл­ғаның болмысын қалыптастыру туралы ой­лар мен пікірлер көпшілікті толғандырып келген. Жеке тұлғаны қалыптастырудағы ке­мелділік, мінсіз адам бейнесі тәрбиенің ең жоғары көрсеткіші ретінде қабылданып, қоғамда жоғары жауапты міндеттерді ат­қаруға лайық деп танылған. Бүгінде ТМД  мем­­лекеттерінде өз халқының тарихына, ті­­ліне, дініне, мәдениетіне, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарына  деген  қызығушылықтары не­гізгі факторға айналды.  Ата-бабаларының ұрпақтан-ұрпаққа берілген мәдениетінің  бөлінбейтін бір бөлшегі  ретінде этнопедагогика да осы қызығушылық аймағынан тыс қала алмайды. Осы тұста белгілі пе­да­гог-ғалым Г.Н. Волковтың «этнопеда­гогика – мәдениеттің ұлттық және жал­пыадамзаттық құндылықтарын, ең ал­­ды­мен этностың барлық ұрпақ­тары арасындағы тарихи-рухани мұрагер­лікті (сабақтастықты), әрбір этносты ұлттың басты белгілерінің бірегейі ретін­де сақтауға көмектеседі», – деп этнопе­даго­гиканың мәні мен ерекшелігін өзгеше ашып көрсеткен пікірін назарға алуды жөн көрдік. Этнопедагогика отбасы, ру, тайпа, халық, ұлттың ежелгі құндылықтары, оларда адамгершілік-этикалық және эстети­калық көзқарастар қалыптастыру, балалар тәрбиесіндегі этникалық топтардың эм­пирикалық тәжірибесі туралы  ғылым екен­дігін ерекше атап көрсетуге болады. 
Этнопедагогика әлеуметтік әре­кет­­тесу және қоғамдық ықпал үдеріс­те­рін зерттейді, оның барысында тұл­­ға әлеуметтік нормаларды, құнды­лық­тарды, тәжірибені меңгеретін; баланы оқыту мен тәрбиелеу туралы халықтық білімді жинақтайды және жүйелейді, діни ілімдердегі, ертегідегі, жұм­бақтардағы, мақал-мәтелдердегі, ойын­дардағы бейнеленген халықтық да­на­­лық, отбасы философиялық-эти­ка­лық, педагогикалық ой-пікірлер мен көз­қарастар, яғни барлық педа­гоги­калық әлеует тұлғаның тарихи-мә­дени қалыптасу үдерісіне әсер етеді. Тә­жіри­беге сүйенетін болсақ, 1997 жылдан бастап, белгілі ғалымдар Қ.Жарықбаев,  Ә.Табылдиев, С.Қалиевтың басшылығымен   жоғары оқу орындарындағы болашақ ма­ман­дарға жас ұрпақты тәрбиелеудің халықтық дәстүрлерін және халықтық тәр­биенің құралдарын теориялық тұрғыдан түсіндіретін «Этнопедагогика» курсының типтік бағдарламасы  мен оқулықтары дайындалып, оқу-тәрбие үдерісіне  ендірілген. Сонымен қатар, этнопедагогикалық зертханалар, кафедралар, орталықтар құрылып, бұлар педагогикалық ғылымдарды қа­зіргі заман тұрғысынан зерттеудің нысаны болуы үшін осы мәселелердің шеңберін кеңейтуге мүмкіндік береді. Осы еңбектерде ең алдымен қазақ этнопедагогикасына қа­тысты мәселелер әр қырынан мазмұндық көрініс тапты. Сөйтіп, қазақ этнопедагогикасы өзінің одан ары дамуына және белгілі бір логикалық қалыптасуына қажетті шабыт алды. Әрине бұның бәрі сонымен қатар жалпы этнопедагогиканың одан әрі дамуына мүмкіндік береді. Қазақстан Рес­публикасы 130-дан астам халық пен ха­лықтар өкілдері мекендеген өте сирек біре­­гейлі көп этникалығымен сипатталатын мемлекет. Бұл үлкен байлық, біздің қоғамның барлық жалпы жетістігі, басқа ха­лықтардың құнды мәдени мұраларының жетістіктері мен Қазақстандықтарға беретін мүмкіндіктер. «Мәдениеттің көп түрлілігі және тілдер бұл, біздің еліміздің әрбір халқын түпнұсқасымен дамыту, нақты шығармашылықпен өзара байытуға мүм­кіндік беретін баға жетпес сый», – деген еді Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Демек, этнопедагогиканың жалпы негіздерін оқыту, сонымен қатар әртүрлі халықтардың этнопедагогикасы (ең алдымен Қазақстанды мекендеген халықтардың) мемлекетіміздің Президенті көрсеткендей сол бір сирек кездесетін байлығын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, болашақ мамандардың этнопедагогикалық білімін жетілдіру және этнопедагогикалық мәде­ниетін дамыту, олардың бойында этнотоле­рант­тылықты, этникалық мәде­ниетке және басқа этникалық топтың өкілдеріне құр­­­­мет­пен қарауды қалыптастыру, қазіргі мек­тептің көпұлтты ұжымында білім бе­ру үдерісін  ұйымдастыру барысында этно­педагогикалық білімді пайдалану білік­­тілігі мен дағдысын қалыптастыру көзделген.
Қазақ халқы үшін қашанда адамның адамгершілігі, ар-намысы, денсаулығы, дос­тық, еңбек, үлкенге құрмет, кішіге ізет көр­сетуі ізгі құндылықтар болып табылған.  Заманауи жағдайда халықтық өсиетті қоғамда және ғылымда қолдану – рухани-адам­гершілікті, азаматтық-отансүйгіш тұл­ғаны, олардың тұлғааралық және ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру шарттарының бірі болып табылады. Дәстүр – белгілі бір ұлттың немесе халықтың ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын, тарихи қалыптасқан, олардың әлеуметтік ортасында ұзақ уақыт бойы сақталып отырған әлеуметтік-мәдени құндылықтар жиынтығы. Халықтық дәстүрді зерттеу тәжірибесі көрсеткендей, оның  дәлелдеусіз қабылданатын негізгі пікірлері, яғни, жорамалдары бұрын да және бүгін де тәрбиенің тиімді құралы бо­лып табылады, сонымен бірге өскелең ұр­пақ­ты қоғамдағы өмірге, еңбек әрекетіне, өзінің өмірлік ұстанымына ғана емес, Қа­зақ­станның басқа да халықтарына түсі­ніс­тікпен толерантты тұрғыдан қарауға дайындауда маңызды рөл атқарады. 
Қазіргі заман жағдайында халықтық пе­­дагогика үшін аса маңыздысы көпұлтты Қазақстан қоғамында толерантты қатынас орнатуға мүмкіндік туғызатын  дәстүрлерді сақтау болып табылады. Тәрбиедегі толе­ранттылық мәселесін адам мен табиғат бірлігі заңдылық ретінде сақталған, туған жер, Отан, ата-ана, отбасы, халықтық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғы, тұр­мыстық және діни оқиғалар  қастерлі бол­ған тәрбиенің халықтық педагогикалық тә­жі­рибесі арқылы шешу мүмкін. Педаго­гикалық үдерістегі қолданылатын салт, дәс­түр­лер, оларды меңгеру  «әдет», «намыс», қоғамды адамгершілік-рухани сауық­­­­ты­ру­дың толерантты қарым-қаты­нас қа­лыптастырудың педагогикалық бө­лін­бейтін бөлшегі болып саналады. Бар­лық халықтар үшін «намыс» категориясы  ортақ. Бұл сөз мағынасы «қадір-қасиет», «бедел» деген адамгершілік тобында өзара бір-біріне жақын сөздер екенін анықтайды. Олардың өзара айырмашылығын тек осы қасиеттерге дұрыс баға берілген кезде ғана көруге болады. Намыс адамның жан-дүниесі мен Отанының, отбасының, ұлтының, қор­шаған орта мен қоғамының мәнін сезінуімен оянып, соның амандығы мен бүтіндігі үшін күресінен көрініс табады. Өзін-өзі танудан бастау алған адамның рухани ізденісі оның қоршаған ортасын меңгеруіне ұласады. Ұлы бабамыз Қаздауысты Қазыбек бидің «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қағидадан кө­­рініс тапқан, яғни, ар-иманның қадірін білумен айқындалатын намыстың бір түрі адамның адамдық келбетін айқын­дайтын асыл қасиеті. Адам өз бойындағы ең асыл құндылық иман, ар-ождан қазынасы екенін танып білгеннен кейін, оны қорғау, ұлғайту қамымен ғылым, білім іздеп еңбектенсе ол шын мәніндегі намысты тапқаны күмәнсіз.
Намыстың тағы бір көрінісі – қо­ғам­дағы өз орнын белгілегеннен кейін­гі қауым алдындағы өзінің адам­дық борышы, халқына еңбек ету бағытындағы адамның отансүйгіштік сезімі. Бұл оның ұлттық құндылықтарын түйсінуінен, туған халқымен етенелігін сезініп, оның рухани мұраларына деген риясыз ықыласынан және туған елін қор­ғау­ға ұмтылысынан байқалады. Сон­дай-ақ, отбасының мұң-мұқтажын қамтамасыз ету және оны қорғаумен байланысты намыс тағы да көрініс береді. Адам өзі қымбат деп білген нәрсесін неғұрлым қастерлеп, құрметтесе және оған сүйіспеншілік сезіммен қараса – бұл намыстың белгісі. Демек, намыс адамға тән асыл махаббат сезімімен тығыз байланысты. Махаббат намыстың сезімдік қайнары болса, намыс махаббаттың құндылықтық мәні, әрекеттік қыры, намыс адамның жігерін жанып, ерлік пен тәуекелге жетелейтін, табандылығын арттырып, қажыр-қайрат бе­ретін қуат. Намыс жайлы Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) хадисінде былай делінеді: «Ер жігіттің үш намысы бар: бірі – иманы, екіншісі – отаны, үшіншісі – отбасы, өзгесі жалған намыс». Яғни баянсыз нәрселер үшін бәсекеге түсу намыстың белгісі емес. Ал, адам қадір-қасиеті мәлім нәрселерді сыртқы жаудан қорғаумен қатар, ішкі жаудан, яғни, адамның өз бойындағы ішкі кеселдерінен қорғауының да маңызы зор және бұған өте көп күш-қайратын жұмсауға тура келеді. Намыс деңгейі адам­ның өз бойындағы нәпсіқұмарлық, қия­натшылдықпен күресінен де көрінеді. Се­бе­бі, жоғарыда аталған құндылықтарға сырт­қы дұшпанның жаулығынан гөрі адам­­ның рухани азғындауымен ұштас қан­дай да бір қадірлі нәрсенің қасиетін жоятын нәпсіқұмарлықтың жаулығы басым. Ш.Уәлиханов: «ұлттық намыс – қа­зақ халқының қозғаушы күші», ол ардан туады. Ар мәдениеттің тұтқасы. Халық арды бәрінен де биік қояды, оны қорғайды. Ар – жеке адамның кісілік дәрежесінің белгісі», – деп есептейді. 
Барлық халықтың рухани байлығы мен эстетикалық құндылығын еңбек қа­лыптастырады және ол сол халықтың өмірі мен берекесін қамтамасыз етеді. Сон­дықтан да, халықтық педагогика жас ұрпақты еңбексүйгіштікке тәрбиелей оты­рып, жеке тұлғаның адамгершілік және ойлау қабілетінің, физикалық тұрғыда өсуі­не сонымен бірге оның эстетикалық талғамының қалыптасуына ерекше көңіл бөледі. Бұл қазіргі жаһандану дәуіріндегі ұлттық ерекшеліктерді сақтау барысындағы негізгі талаптарының бірі болып табылады. Бұл талаптан шыға алмаған ұлттар тарих сахнасынан жоғалып жатыр. Себебі, халықтық педагогика ұлттарды өзгелерден ерекшелендіріп, ұлттың өмір сүру ұзақ­тығын қамтамасыз етеді. Халықтық педагогикасыз ұлттың болмысы сақталмайды. Осы ерекшеліктер кез-келген ұлттың іш­кі және сыртқы қалыбын толықтырып тұрады. Себебі, әрбір ұлт халықтық тәр­бие үрдісінде өзіндік ерекшеліктерді, салт-саналық тәрбиені және оның өзіндік әдістемелерін қолданады. Халықтық тәр­биенің ерекшелігінің өзі осында.
Көп ұлтты мемлекеттерде этнос­а­ралық  қарым-қатынасты орнату және оны қолдау,  ұлтаралық келісімді және төзімділікті қамтасыз ету ерекше маңызды. Өйткені, сол мемлекеттердің болашақ дамуы мен тіршілігі аталмыш жағдайларға тікелей байланысты. Осыған орай, белгілі бір елді мекендеген барлық халықтардың ұлттық салт-дәстүрін, тілі мен мәдени ерекшелігін мемлекеттік деңгейде қолдау қажеттілігі туындайды. Халықтардың ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпы мен мә­де­ниетін сақтау және дамыту рухани-адамгершіліктің жойылуы мен  жеке тұл­ғаның негізгі белгілерінің құлдырау процесін тоқтата алады. Этнопедагогика ғылымы қазіргі таңдағы әлемдегі ұлттардың кірігу үрдісін баяулатудың негізгі құралы болып табылады. Ол ұлттардың өзіндік ерекшеліктерін, өзін­­­­дік білім беру, тәрбиелеу ерекше­лік­терін нақтылайды және даралайды. Президенттің «Туған жеріңнің, өз халқыңның тарихын білмейінше шынайы патриот болу мүмкін емес…» дей келе,   Қазақстан білім беру мекемелерінде ар­найы «Қазақ елі» пәнін енгізуі туралы ұсынысы бүгінгі күн тұрғысынан өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Тарихи тәжірибе көрсетіп отырғандай, өз халқының тілін,  мәдениетін,  оның өткені мен бүгінін білмеу жалпы адамның және халықтың дамуына орны толмас шығын әкеледі, ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен уақыт байланысының бұзылуына әкеліп соғады.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университетінің ғалымдары  рес­пуб­ликадағы жетекші мамандармен бір­лесе отырып, осы «Мәңгілік Ел» жалпы­ұлттық идеясын іске асыру барысында «Қазақ елі» жобасы – жаңа заман талабы» атты тұжырымдама дайындап, оның негізгі бағыттарын айқындады. Жобаның мақсаты – Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-мәдени жағ­дайында қазақ халқының тарихын, тілін, төл мәдениетін, салт-дәстүрлерін, өзіндік ерекшелігін үйрету негізінде ұлт­тың рухани құндылықтарын ұрпақтан-ұр­пақ­қа мирасқорлықпен жеткізе алатын бо­лашақ мамандардың ұлттық санасын  қа­лып­тастырудың біртұтас  жүйесін құруға бағыт­талады. Қазақстанның жоғары оқу орындарында енгізілетін «Қазақ елі» пә­ні Президент ұсынғандай метапәндік си­патта болуы керек. Бұл пән Қазақстан мек­тептерінде енгізілетін пәннің логикалық жалғасы ретінде студент жастардың ұлт­тық тарихи санасын үздіксіз дамытуды қам­тамасыз етуге бағытталады. Жоғары оқу орын­дарында оқытылатын «Қазақ елі» пәнінің негізгі міндеті болашақ маман­дар­дың ұлттық тарихи санасын және жа­ңа қа­зақ­стандық патриотизмді жоғары дең­гейде дамыту бойынша білімдерін кеңейтіп тереңдету, атап айтсақ, кәсіби өзін-өзі та­ну және бағалау тұрғысында же­­тіл­діру. «Қа­зақ елі» пәнінің негізгі маз­мұнына қазақ халқының ұлттық мәде­ниетінің не­гізгі құрамдас бөліктері болып табылатын ұлттың тарихы, тілі, салт-дәстүрлері, қай­таланбас ерекшеліктерін терең зерделеу негізінде студенттердің бойында (ұлт­тық айырмашылықтарына қара­мас­тан) өз елінің өткені, бүгіні мен бола­ша­ғы арасындағы сабақтастық негі­зінде ұлттық, тарихи және әлеуметтік сананы, қазақ хал­қының мәдениеті әлемдік мәде­ниеттің ажы­рамас бөлігі ретіндегі көз­қарастарын дамыту қамтылады.
Бүгінгі күнді алып қарасақ, елімізді өр­ке­ниеттілікке жеткізетін, ел экономикасын дамытатын, сондай-ақ, Қазақстан Рес­пуб­ликасын 30 дамыған елдер қатарына қосылуға мүмкіндік беретін «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асыруды жаңа заман талабы тұрғысынан қарастыра оты­рып, бабалардың ерлігі, бүгінгі буын­ның ерен істері және жас ұрпақтың жасам­паздығы арасындағы  сабақтастық болғанда ғана қазақ елін «Мәңгілік Ел», «Қазақ елі» дәрежесіне көтеруге болатынына сеніміміз мол.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Мақаладан гөрі Одаға жуық екен

Пікірлерге тыйым салынады.

Мұрағат

error: Content is protected !!