Арыстың әлеуеті артып, ажарланып келеді

  • 18.05.2015
  • 2415 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сейіт ЕРТАЙ,
Арыс қаласының әкімі

– Құрметті Сейіт Мырзақұлұлы, сұх­батымызды қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ. Қалада қандай жаңалықтар бар? 
– Алдымен оқырмандарға түсінікті болу үшін қаламыз туралы қысқаша мәлі­мет берсем деймін. Арыс – қала және 6 ауылдық округті біріктірген өзіндік ерек­шелігі бар шаһар. 1928-1963 жылдар ара­лығында Европаның кейбір мемлекеті сыйып кететін үлкен ауданның орталығы болған. Оның аумағы шығысында қазіргі Шымкент қаласының Қатын көпір селосынан басталып, батысы Сырдария мен Әмудария арасындағы Қазақстан шекарасына дейін барады. Оңтүстігі мен Солтүстігін Ордабасы мен Қаратау қоршап тұратын. 


Аудан орталығы Арыс 1956 жылы аудандық дәрежедегі қала атанып, 1965 жылдан бері облыстық бағыныстағы қала мәртебесіне ие болып келеді. Былтырғы жылқы жылы арыстықтар  үшін   берекелі  де мерекелі   жыл  болғанын ерекше  атап  өткім  келеді. Тамыз айының басында   қала   күнімен   бірге   еліміздегі   ең  үлкен Арыс теміржол торабының 110 жылдығы    сал­танатты  түрде мерекеленді. 1904 жылы теміржол вокзалы салынып, алғашқы   пойыздың   келуімен   қаламыз  тари­хының жаңа кезеңі басталады. Оның шежіресі еліміздің тарихымен са­бақтас. Өнеркәсіптің пайда болып, қазақтардан жұмысшы табының  қалып­тасуы, алғашқы революциялық   ұйым­дар  құрылып, патшалық езгіге қарсы бас  көтеруі   осы теміржол  тора­бының   салынумен тығыз  байланысты. 
Арыс – ұлылардың табаны  тиген, рухы қалған киелі қала. Бұл біз үшін үлкен мақ­таныш, әрі  үлкен жауапкершілік  деп  түсінеміз. Кезінде вокзал перронында қа­зақтың кемеңгер азаматтары, мемлекет  және  қоғам  қайраткерлері:  Сәкен Сейфуллин, Ілияс  Жансүгіров, Бейімбет  Майлин, Сұлтанбек  Қожанов, Темірбек  Жүргенов, Ғани  Мұратбаев тағы  да  ондаған асыл  азаматтарымыздың іздері қалған. 1985 жылы   маусымда   Қазақ   ССР Министрлер   Каби­неті   төрағасы еліміздің Президенті   Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев  қаламызда  болып, оның тыныс-тіршілігімен   таныс­қан. 
Өткен жыл Президентіміз Н.Назар­баевтың «Қазақстан-2050» стратегиясын  іске  асырудың  тағы  бір  белесі  ретінде  жемісті  қорытындыланды. Еліміз  әлемдегі   бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына  қо­сыл­ды. Енді, тәуелсіздік   жылда­рындағы жетістіктерді сақтап қалу­мен   қатар, әлем­нің  ең  дамыған 30  мемлекетінің   қата­рына  кіру  және  «Мәңгілік Ел»  болу  үшін    Елбасымыз 2014 жылғы 11 қараша­дағы Жолдауында «Нұрлы жол» жаңа   экономикалық саясатын іске асыру міндетін қойып  отыр. Ол елімізді әлемдік экономикалық дағ­дарыстан қорғауға және дамуын қамта­масыз етуге бағытталған. Оның тұғы­ры – инфрақұрылымды дамыту.
Басты жаңалық, Елбасы Жолдауын іске асыра отырып, қаланың әлеуметтік-эко­номикалық дамуы нәтижесінде әлеу­­мет­тің әлеуеті артып келеді. Әлеу­мет­тік-мәдени саланың, тұрғындарды бас­па­намен, жарықпен, сумен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. Шаһарымыз көр­кейіп, ажарланып келеді. Аталған жұ­мыстар туралы төменде толығырақ тоқтап өтетін боламыз.  
– Қазір ауылдың жағдайы қандай, қалай өркендеп келеді. Елді мекендер тұрғындарын не алаңдатады?
– Соңғы  жылдары ауыл шаруа­шылы­ғын   қолдауға, оны  дамытуға   Елбасымыз   тарапынан үлкен  көңіл   бөлінуінің және ауыл еңбеккерлерінің қажырлы   еңбегінің  нәти­жесінде  ауылдар еңсесін тіктеп, жағ­дайы жақсарып, халқының   әл-ауқаты көтеріліп  келеді. Айта  кеткен  жөн,  теміржол салын­ған кезден бастап, ауылдықтар пойызбен  әрі-бері өткен жұртқа еккен өнімдерін, жасаған бұйымдарын сатып күнелтіп келген еді. Алайда, бұдан күнделікті ас-суды айыратындай нәпақа түспесе, мол   табысқа батып қалу мүмкін еместігін шаруалар бүгінде ұғып отыр. Молынан егіп, мол өнім алып, алысқа  сату, тіпті,  экспортқа шығару тиімді екенін, қажет болса өнімді қайта өңдеп, сатудан да   пай­даға кенелуге болатынын түсініп, осы бағытта жұмыс жасалуда. Бұған, сондай-ақ, «Сыбаға», «Бизнестің жол картасы», «Жұ­мыспен қамту 2020 жол картасы» бағ­дарламалары ауыл экономикасын, ша­ғын және орта бизнесті дамытуға үлкен ықпал етуде. «Балапанды күзде санайды»  дегендей  біздің  ауыл  еңбеккерлері жыл қорытындысында облыстық рей­тингтік көрсеткіш бойынша 2-орын­ға ие болып, облыстық   «Алтын  күз-2014» мерекесінде марапатталды. 
2015 жылы мал басы, өндірілген мал өнімдері, алынған төл барлық түрінен артқан. Егін шарушылығында да жетістіктер баршылық. Қазақстан Республикасы   үде­мелі индустриялық-инновациялық   дамуы­­ның 2010-2014  жылдарға арналған   мем­ле­кеттік   бағдарламасы  негізінен ауылды аймақта іске асырылуда. «Қазына жер ЛТД» ЖШС-і асыл  тұқымды 800  бас ірі  қара малға арналған  тауарлы  сүт  фермасын салып, пайдалануға  берді. 389 бас   аналық   асыл  тұқымды   ірі   қара мал  сатып алды. Биыл  жобаның ІІ- кезеңіне  сәйкес, 411 бас  аналық сатып  алынатын болады. Ақдала ауылдық округі аумағынан 2016-2017 жылдар аралығында жалпы құны  2,5  млрд теңгені  құрайтын  «Ордабасы  құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асыл  тұқымды  күрке  тауық  фабрикасын салу  қолға алынуда.
Қожатоғай ауылдық округінде   «Инно­вациялық энергетика» ЖШС-і, сонымен қатар «КАZ  GREEN  TEK  SOLAR» мекемесі    француздық   «Urbasolar» компаниясымен   бірлесіп, күн   сәулесінен энергия өндіретін электростанциялар  са­луға жұмыс жасауда. Әрине,  проблемалар да  бар. Солардың   бірі, каналдарды   жөндеп   қалпына   келтіру. Биыл  Ақдалада 3, Дерменеде  1 канал ағымдағы жөндеуден   өткізіледі.
Кәсіпкерлер жалпы өндірілген өнім­нің 65 пайыздан астамын беріп отыр. Өз шаруаларын дөңгелетіп, қаланың эко­номикасына лайықты үлес қосып, оның қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып жүрген кәсіпкерлеріміз бар­шылық. Олардың қатарында мал ша­руашылығы мен айналысатын зейнеткер Аман Бердімбет 1998 жылы жеке меншік темір жол колледжін ашып, мамандар дайындауда. Абдула Сүйінбаев «Арыс шпал зауыты» ЖШС-нің жұмы­сын жолға қойған. Әкелі-балалы Ағабек, Бауыржан Сарбасовтар наубайхана ашып, диірмен салып, тұрғындарды нан өнімдерімен қамтамасыз етуде. Бас дәрігер Әбілқасым Жарымбет «Тораптық аурухана» ӨК құрып, халықты емдеуде. Кәсіпкер Жамбылбек Тұрсынбеков басқарған «Ақ жол» ЖШС ұжымы облыс байынша ең төменгі жол ақыға жолаушыларды тасымалдауда. Кәсіпкерлерден Айтбек Төреханов, Балтахан Әбуев, Төлен Әжібаев, Әбіш Ерімбетов, Орынбасар Жолдасбеков, Әбсаттар Ахметов, Мұрат Тағаев, Құлман Сатыбалдиев, Төлеген Жұмабаев, Рахымжан Кенжебаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының қалалық бөлімінің төрағасы Маханбет Төлебековтерді атап өткен жөн. Белсенді кәсіпкерлер арасында Мүсілима Рахымжанова, Аққыз Қаныбекова, Са­пар­күл Момбекова, Сәрсенкүл Әлжан, Гүл­мира Үсенбаева, Алтынай Тұманова, Гүлмира Танкеева сынды нәзік жандылар бар.  
Шағын және орта бизнесті   дамыту­дағы басты жаңалық Президентіміз Н. Назарбаевтың тікелей тапсырмасын бас­шы­лыққа алып, облыс әкімі А.Мырзах­метов    ұсынысымызды  қолдап, облыстық   бюд­жеттен  134  млн   қаржы   бөлдіріп, «Кәсіпкерлер орталығы» құры­лысы жүргі­зілуде. Көктемде іске  қосылады. Мұн­да кәсіпкерлер палатасының қалалық  филиалы, «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы», жергілікті қаржы инсти­тутта­­рының өкілдері, қала әкімдігінің кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және  жер қаты­настары, сәулет және қала  құрылысы  бөлімдері   орналасады. Яғни, кәсіпкерлерге және  жаңа іс бастаймын  дейтін азаматтарға қажетті қызмет көрсетуге, несие беруге   бар жағдай  жасалады. 
– Қала аумағында мәдениетті қазіргі заман талабына сай дамыту жолында қандай іргелі істер жүргізілуде? Атқарылған жұмыстар қандай деңгейде жүзеге асырылды?
– Мәдениет саласында жетістіктер бар­­­шылық. Реті келгенде айта кетейін, қала­мыздан елімізге белгілі мәдениет қайрат­керлері шыққан. Олардың арасында Қазақстанның халық әртісі, жезтаңдай опера әншісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, әнші Ақжол Мейірбеков, талантты композитор, әнші Ержан Серікбаев, сәулетші Тілеуберді Бинашевтар бар. Мәдениет пен әдебиетті егіз деп алсақ, белгілі жазушы-сатирик, драматург Садықбек Адамбеков, жазушы, драматург Дулат Исабеков, жазушы Нұрғали Ораз, ақындар Қосжан Мүсірепов, Бекен Әб­діразақов, Нәмет Сүлейменовтерде біз­­дің қаланың тумалары. Еліміздің рухани саласында өшпес із қалдырған, ал­ғаш­қы Сыртқы істер министрі, елші, академик Төлеген Тәжібаевта біздің атақты жерлесіміз. Осы «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлыныңда кіндігі біздің Арыста кесілген. Қаламызда өмір сүріп жатқан Қарсыбай Ақтаев, Сабырхан Әлібек, Темірхан Әбдік, Роза Сұл­таналиева, Әбсаттар Жүніс, Ерлан Жүніс, Сиезхан Кенжеханов, Әмірхан Жұ­ма­ғұловтар шығармашылықпен  айналысуда.
Мәдениет саласының материалдық-тех­никалық базасы нығайтылуда. Байырқұм ауылындағы клуб жеке меншіктен қайта­рылып, жөнделді. Монтайтас ауылдық клубыда күрделі жөндеуден өткізілді. 30 жылдан астам жөндеу көрмеген халық ақыны Ергөбек атындағы қалалық мәдениет үйін жаңғырту биыл жазда аяқталады. Он­да концерт залы, өнерпаздарға қажетті бөлмелер бар. Сонымен қатар, мүгедек кө­рер­мендерге де жағдай жасалады. Облыс­­тық  «Мәдениетім – мерейім»  атты бай­­қауында қала өнерпаздары І-орынды  жеңіп алып, жеңіл автокөлікке ие  болды. Осын­дай байқау  алғаш рет «Мәдениетім – мақтанышым» атты тақырыппен қала мен ауыл өнерпаздары арасында ұйым­дас­тырылды. Бас жүлде «Нексия»  авто­көлігін қалалық емхана өнер ұжымы, І-орынды Монтайтас ауылдық округі, ІІ-орынды білім бөлімі мен әскери гарнизон, ІІІ-орынды теміржол өнерпаздары мен   Байыр­­құм ауылының өнер ұжымы өзара   бөлісті.
– Қазір елімізде жастардың әлеуеті мен біліміне көп көңіл бөлінуде. «Интеллектуалды ұлт» бағдарламасы да бар. Осы орайда, жастарды білім мен ғы­лымға баулуда қандай істер ат­қарылуда?
– Тәрбие мен оқыту баланың сәби кезінен басталатынын ескере отырып, был­тыр Көктем мөлтек ауданында 280 орындық   бала бақша пайдалануға берілді. «Балапан»  бағдарламасы   аясында 2 жеке  мен­шік бала бақша   ашылды. Олардың саны 35-ке жетіп, балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу және   оқытумен қамту  71 пайыздан   асты. Соңғы  2 жылда барлық 39  мектепке 153 бейне бақылау камералары орнатылды. Білім саласына жұмсалған қаржының,  төккен тердің өтеуі болар, Ұлттық біріңғай тестілеудің орташа көрсеткіші 77,6 балды құрады. Бұл бұрынғы оқу жылымен салыстырғанда 6,2 балға жоғары. Сөйтіп, ҰБТ нәтижесі бойынша облыста 4-орынға тұрақтадық. Шәкірттеріміз халықаралық, республикалық және облыс­тық жеке пән­дерден олимпиадалық сайыстарда жүлделі орындарды иемденіп, мектеп ұжымдары мен ата-аналарын, қала жұртшы­лығын қуанышқа бөлеуде.
Білім мекемелерінің материалдық жағ­­дайын жақсарту биыл да жалғасады. Ақ­қала ауылында жалпы орта мектептің жаңа жайы пайдалануға беріледі. Бізде үш ауысыммен оқытатын мектеп жоқ. Осы жылы барлығы 4 мектеп, оның ішінде Шөгірлі және Шағыр ауылдарындағы апатты жағ­дайдағы соңғы екі мектептің жаңа ғи­маратын салу да қарастырылған. Сонымен, бұл мәселе де шешімін табатын болады. 9 мектеп пен 1 бала бақша ғимараттарын күрделі жөндеу қарастырылған. Дермене ауылында 75 орындық бала бақша құ­рылысы жүргізілуде. Мемлекеттік және жеке  мен­шік   серіктестік   аясында Монтай­тас  ауылынан 100 орындық бала  бақша   және Теміржол колледжі мекемесінен 75  орын­­дық   шағын  орталық  ашылады. 
– Қаладағы әлеуметтік мәселелерге тоқ­тала кетсеңіз. Қандай проблема бар және қалай шешілуде?
– «Қазақстан-2050» стратегиясындағы әлеуметтік саясаттың жаңа принциптеріне сәйкес шаралар жүзеге асырылуда. Бас­ты міндет – кедейшіліктің және жұмыс­сыздықтың өсуіне жол бермеу. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы да жауапкершілікпен іске асырылуда. Жұмыссыз жүрген жастарды аталған бағ­дар­­ламаға қатысып, белгілі бір кәсіпті игеріп, еңбек етуге бағыттаудамыз. «Адамның   үйі болмаса күйі  де болмайды» дейді   халқымыз. Қазіргі кезде қала бойын­ша  пәтер  алу  кезегінде 621  азамат (отбасы) тұр. Баспанамен қамтамасыз ету мәселесіндегі басты жаңалық – оларды салу және жаңғырту жүзеге асырылуда.   20 жылдан астам уақыт бойы бірде бір көпқабатты тұрғын үй салынбаса, «Қолжетімді   тұрғын   үй- 2020»  бағдарламасына сәйкес 2014 жылдан  90 және  60  пәтерлі   2 тұрғын  үйлер құрылысы   жүргізілуде. Биыл пайдалануға беріліп, 150  отбасы  баспанаға ие болады. Тағы  да 108  пәтерлік  3  көпқабатты үйлер  салу жоспарлануда. Ширек ғасырдан бері жөндеу көрмеген көпқабатты тұрғын үйлер Қазақстан Республикасының  «Тұр­ғын  үй коммуналдық шаруашылығын   жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға   арнал­ған бағдарламасына» сәйкес былтыр   Рес­пуб­­ликалық бюджеттен 75 млн қаржы   бөлініп, тұңғыш рет 5 қабатты 5 үй күрделі   жөн­деуден  өтті. Ал, қалалық  бюджеттен 37 млн теңгеге 2 апатты үйлер  күрделі жөнделді. Айта кету керек, жоғарыдағы көрсетілген үйлердің тұрғындары жаңғырту барысын өздері қадағалады. Олардың өтініш­тері, талаптары ескеріліп отырылды. Үйлердің шатыры, жалпы қолданыстағы есік, терезелері ауыстырылып, ішкі байланыс телефоны қойылды. Жертөлелеріндегі жылу, су, кәріз жүйелері жөнделді. Биыл  15 үйді   жаңғырту   жоспарда  тұр. 
Тұрғын үйлерді жылумен және кә­різ жүйесімен қамтамасыз етуді жақ­сарту мақсатында «Өңірлерді дамыту» бағ­дарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен 56 млн теңге бөлініп, №1 орта мектептің, бала бақшаның және орталық стадионның кәріз жүйелері салынып, пайдалануға берілді. Қаладағы ыстық су көзінен «Арыс – Жылу» ЖШС-не қарасты орталық қазандыққа дейінгі жылу құбыры толық жаңартылды. Биыл аталған қазандықты күрделі жөндеу, Көктем   мөлтек  ауданында  шағын  қазандық орнатылып, кәріз   жүйесі құрылысы  аяқталады. Аталған ауданда бірте-бірте жаңа шағын қалашық бой көтереді. 
Инфрақұрылымның   маңызды   бөлігінің   бірі   жол  екені  белгілі. Жолдарды, әсіресе, ауылдық  аймақтарда салуға  және  жөндеуге   үлкен көңіл  бөліп  келеміз. Былтыр  қала мен ауылдарда 35 көшеге  асфальт  төселініп, 2 көпір салынды. Ақдала мен Дермене   арасындағы, Қожатоғай – Сарыкөл жолы  2 көпірмен  салынуда. Осы уақытқа дейін шешілмей келген Монтайтас ауылынан   Сарыағашқа баратын 35 шақырымдық   автожол, теміржол үстінен өтетін аспа   көпірмен салынып, халық  игілігіне қызмет етуде. 
Тұрғындардың   өтінішін   ескере  отырып, адамдар мен  көліктердің   қауіпсіздігін    қамтамасыз  ету мақсатында   бағдаршамсыз қалаға алғаш рет 6 бағдаршам, 9 бейне  бақылау  камералары орнатылды. Оқушылар   мен бүлдіршіндердің   өміріне қауіп төнбеу   үшін қаладағы барлық мектептер мен   бала бақшалар алдынан өтетін   автомобиль жолдарына жасанды  кедергілер   қойылды. 2015  жылы  барлығы  25  көшені   жөндеу және 1 көпір салу қолға алынады. Арыс өзені үстінен өтетін 2 көпірді жөндеу жоспарлануда. Сонымен бірге қала аумағындағы көшелерге бейнебақылау камералары және  бағдаршам, жасанды жол кедергілерін   қою жалғасады. Қала және елді мекендерді   көгілдір отынмен  қамтамасыз  ету  бойынша жұмыс жасалуда.  
– Қаланы көркейту де жүргізіліп жатқан болар. Әркім өз қаласы мен ауы­лының көрікті болғанын қалайды емес пе?
–  Дұрыс айтасыз. Қаламызды    көріктен­діріп, көгалдандыру және абаттандыру жұмыс­тарының  ауқымы да, сапасы  да жақсара түскенін айтқан жөн. Алаң­дарға, саябақтар мен гүлзарларға, көше қиылыстарына жаңадан гүлдер егіліп, гүлді газондар қойылды. Тағы бір жаңалық, көп­қабатты тұрғын үйлердің қас беттеріне, көшелерге түнгі түрлі-түсті жарықтар орна­­­ты­лып, қаламыз сәндене түсті. Жаңғыр­ту­дан өткен көпқабатты тұрғын үйлердің және жаңа салынып жатқан құрылыс  нысандарының әсем әрленген сыртқы  кел­беті қаламыздың ажарын ашып тұр десек артық айтқандық емес. Бұл жұмыстар биылғы қой жылы – той жылы да  жалғасын   табатын болады. Орталық саябақты, Жеңіс скверін, Батырлар алаңын, жастар саябағын көркейтуге 121 млн теңге жұмсау көзделуде. Арыс-Шымкент трассасы бойынан 12 га жер теліміне саябақ салу, «Мәңгілік Ел» белгісін орнату, қаламыздың «Құрметті азаматтары» алллеясын салу жоспарлануда.  
– Оңтүстік Қазақстан еліміздегі ха­лық саны бойынша көш бастап тұрған облыс. Осы тұста Арыс қаласының хал­қы мен өсімі туралы айтып өтсеңіз.
–  Қазіргі кезде қала тұрғындарының саны 73006 адам болса, бұдан 5 жыл бұ­рын 63243 құраған, яғни, он мыңға жуық адамға өскен. Бұл халықтың  әлеуметтік жағ­дайы жақсарып, салауатты өмір сал­тының қалыптаса бастауының, ден­саулық саласының жақсара түсуінің, спорт­­пен шұғылданушылардың қатары­ның көбейе түскендігінің айғағы болса керек.     
Денсаулық пен спорт салаларының жағдайына жеткілікті көңіл бөлінуде.  Былтыр қалада «ОҚО СЭСО» РМКҚ-ның қалалық сараптамалық филиалының жаңа ғимараты, Жиделі ауылында меди­ци­налық тірек пайдалануға беріл­ді. 2015  жылы Ақдала ауылындағы дәрі­герлік емхана күрделі жөнделеді, туберкулезге қарсы диспансердің айналасы қор­шалады. Қаламыздан жаңа аурухана  салу  бойынша жұмыс жүргізудеміз. Спорт  саласындағы ең үлкен жетістігіміз қаламыз­дың мақта­ны­шына айналған Жазира Жаппар­құлдың ауыр атлетикадан әлем чемпионатында ІІ-орынды жеңіп алып, күміс  жүлдеге ие болуы. Қаршадай қызымыз ауыр зіл  темірді ғана емес, бүкіл еліміздің сенімі мен жауап­кершіліктің ауыр жүгін де көте­ріп, үл­кен абыройға бөленді. Жазира қазақ қыздарынан шыққан әлем  чемпио­натының тұңғыш күміс жүлдегері. Әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев екеуі қазақтың өкілдері ретінде ұлттың  даң­қын асқақтатты. Жерле­сіміз ретінде Жазираның  бұдан да үлкен жетістіктерге   жете  беруіне шын  жүректен  тілектеспіз. 
Былтыр көп қабатты тұрғын үйлер арасында балалар спорт және ойын алаңшалары салынды. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Көп жылдардан бері айтылып, шешімін таппай келе жатқан спорт-сауықтыру кешені құрылысы былтыр басталып, биыл аяқталатын болады.
– Былтырғы жылы 11 қарашадағы Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында еліміздің тұрақты дамуы үшін керегі ең бастысы ел бірлігі деп тағы да аса маңызды екенін атап өтті. Бұл тарапта қандай жұмыстар атқарылуда?  
– Ынтымақсыз елді – ұрысы билейді, Ынтымақты елді  – дұрысы билейді, – дейді   дана  халқымыз.
Елбасымыздың   сарабдал саясатының, көреген басшылығының  нәтижесінде  ел бірлігі   нығайып  келеді. Оған  Ұлт   көш­бас­шысы бастамасымен құрылған Қа­зақ­стан  Халықтары   Ассамблеясы,   әлемдік   дәстүрлі дін өкілдерінің халық­аралық   жиыны, жергілікті  атқарушы   билік   өкіл­дері  де қызмет етуде. Айта кету керек, қала­­мыздағы Нұр Отандықтар, қоғамдық ұйымдар мен тұрғындар Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастамасын қызу қуаттады. Республика бойынша айтылған барлық ұсыныстарды, ішкі және сыртқы жағдайды ескере келе Елбасымыз сайлау өткізу туралы өте дұрыс шешім қабылдады деп ойлаймыз. Қала жұртшылығы толық қолдап отыр.
Облыс әкімі А.Мырзахметовтың бас­қаруымен Қазақстан   халықтарының   кіші   ассамблеясы, «Ырыс алды – ынтымақ»  форумы   өңіріміздегі түрлі   ұлттар  мен ұлыс­тардың  татулығы  мен  бірлігін  сақтау  жолында   жұмыс  жасауда. Қаламызда  да  «Ырыс алды – ынтымақ» форумы, славян,  өзбек, татар-башқұрт  және   иран-әзірбайжан мәдени орталықтарының   өкіл­­­дері, «Ел бірлігі» қорының филиалы    тұр­ғын­дар   ынтымағына  қызмет  етуде. 
2015 жыл «Қазақстан-2050» стра­тегия­сының маңызды бір белесі «Нұрлы   жол» жаңаэкономикалық саясатты іске   асырудың алғашқы  жылы. Бұл  бәрі­мізге үлкен  міндеттер жүктеп, қажырлы   еңбекті керек етеді. Биылғы жыл – мерекелі  жыл. Біздің  халқымыз   Қазақ  хандығының 550  жылдығын, Ұлы  жеңістің 70 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен  Конс­ти­туциямыздың 20 жылдығын    атап  өтеді. Осы орайда мынаны айтып өту парызым деп білемін. Ұлы Отан соғысына біздің ауданнан 10 мыңнан астам жауынгер қатысқан. Олардың 6-ы, атап айтқанда Бейсен Онтаев, Берген Исаханов, Садық Исмайлов, Иван Журба, Нағи Ілиясов, Ережепбай Молдабаевтар асқан ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының батыры атағына ие болған. Аға ұрпағымыз тылда, еңбек майданында аянбай ерен еңбек еткен. Сол кезде 13-14 жасында ересектермен қатар күні-түні жұмыс жасаған, еңбегімен ер атанған: Социалистік Еңбек Ерлері Әуесхан Салықбаев, Боранбек Шүкірбеков, Кабжан Мұхаметжанов, Сырлыбек Байжанов, Әбдуәлі Балғынбековтер біздің мақтанышымыз. 
Аталған   мерекелерді   еңбектегі   жетіс­тіктермен лайықты қарсы алу әрқайсы­мыздың патриоттық міндетіміз. Алдағы   тір­ліктер   «Жұмыла   көтерген   жүк  жеңіл»  дегендей, бәрімізден іскерлік пен жаңа­шыл­дықты  талап  етеді.  Сол  үшін  де ең  алдымен елдің ауызбіршілігі, ынты­мағы   қажет.
– Тағы да 2-3 сауал… Қала тұрғындары туралы пікіріңіз? Ең басты мақсатыңыз және әкімнің еңбегі немен бағаланады?
– Тұрғындар негізінен еңбекқор, кіші­пейіл, қарапайым, адал, әділ сөзде тұратын, құдай деген жандар. Мен осы қалаға қызмет жасағаныма өзімді бақытты санаймын және мақтан тұтамын. 20 жылға жуық мемлекеттік қызметте жүргенде басты мақсатым – еліме қызмет ету болды және болып қала береді. Мен үшін халықтан алғыс алудан және оның сенімінен артық бақыт жоқ. Бұл әкім еңбегінің ең жоғарғы бағасы деп білемін.
– Басшылардың өз командасымен келуіне немесе қызметке кірісе салысымен ауыс-түйіс жасауына көзқарасыңыз қандай?
– Бұған түбегейлі қарсымын. Өзіңіз білесіз, әкім болып 2012 жылы 6 тамызда тағайындалдым. Ешкімді ертіп келгенім жоқ және ауыстырған да жоқпын. Бұрын да осы қалалық әкімдікте 4 жылдай әкім орынбасары болып істедім. Мұндағы қыз­мет­керлер өз ісіне берілген, білікті, жауапты, ынтымақты, елдің бірлігіне, қаланың дамуына қызмет етіп жүрген азаматтар. Шаһардың әлеуметтік әлеуетінің арта түсуі, оның келбетінің өзгеріп, ажарлана түсуі жалғыз менің ғана еңбегім емес, әкімдік қызметкерлерінің, барлық еңбеккерлердің, қалалық мәслихат депутаттары мен мекеме басшыларының қажырлы жұмысының нәтижесі деп білемін. Маған әрқашан қол­дау көрсетіп келе жатқаны үшін оларға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар қаламыздың шын жанашыр­лары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтахановқа, облыстық мәслихат депутаттары Пернебек Райымбеков пен Аманулла Раманқұлға айтар алғысымыз шексіз.
– Соңғы сұрақ. Қоғамдық ұйымдар­мен және бұқаралық ақпарат құралда­рымен байланысыңыз қандай дәреже­де?
– Олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауға тырысып келемін. Ашық­тық және жариялылық принципін ұстана­мын. Қаладағы атқарылып жатқан жұ­мыстар туралы тұрғындарды үнемі хабардар етіп отырамын. Сол мақсатта, мысалы, өткен жылдың қазан айында қала мен ауылдардың бір топ ақсақалдарын және қоғамдық ұйымдар басшыларын ар­найы шақырып, салынып жатқан құ­ры­лыстар және жаңғыртылып жат­қан объек­тілермен таныстырдық. Он­дағы негізгі мақ­сат олардың сыни ұсы­ныстары мен пі­кір­лерін тыңдап, жұмыс барысында ес­керіп отыру болды. Қалалық, облыстық газеттерде жиі сұхбат беремін. Қалалық «Арыс толқындары» телеарнасын­да менің бастамаммен енгізілген «Әкім сағаты» бағ­дарламасы аясында тоқсан сайын тұрғын­дармен тікелей эфирде байланыс­қа шығып келемін.
Автордан: Қаламыз күн өткен сайын гүлденіп, көркейіп келеді. Істелінген шаруаларды тізіп шығу оңай болғанымен, оның артында қаншама тірліктер атқарылғанын біле де бермейміз. Жоғарғы органдарға қажеттілігін дәлелдеп, жобалық-сметалық құжаттар жасатып, жоспарға, бюджетке енгіздіріп, оны бөлдірту табандылықты, біліктілікті, іскерлікті, кісімен тіл табыса білуді қажет етеді. Әрине, шешуін күткен проблемалар да аз емес. Олар және шешу жолдары туралы жоғарыда айтылды. Бәрі уақыт еншісінде. «Әкім болып, халқына жақын болуды» мұрат тұтқан азамат болса, барлық мәселелер өз шешімін таба береді деп сенеміз.

Сұхбатты жүргізген
Жания ӘБДІБЕК,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!