ЖЕЛІДЕГІ «ЖАЛМАУЫЗ» ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМ арамза ақпараттар ағыны аласталса…

  • 17.06.2015
  • 802 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
журналист

Айтты-айтпады, бүгінде интернет деген «итке» де, «хитке» де айналып тұр. Оның «хитке» айналатыны қазір интернетсіз өмірді көз алдыңызға елестете алмайсыз. Жардай-дардай қызмет бабында отырғандарды былай қойғанда, бесіктен белі жаңа шыққан бала­қайлардың өзі темір жәшікке сағаттап таңылады. Ғаламтор өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған ғасырда интернет оқыту мен ойын-сауықтың таптырмас құралы да. Оның «итке» айналатыны осында жатыр. Өйткені, ойын-сауық қауіп-қатердің ошағы. Бұл мәселеге педагогтар да қатты алаңдап отыр. Интернет ойындарының оқушылардың пси­хологиялық, эмоциялық және дене бітіміне кері ықпал ететіні белгілі болды. Жастардың зейіні нашарлап барады. Бұл жөнінде дәрігерлер де келіседі.


Ресейдің «Пусть говорят» телебағ­дарла­масында компьютерлік ойындарға тәу­ел­ділігі артқан балалардың психикасы көрсетілген. Онда компьютерге «кіріп» кеткен баланы әке-шешесі орнынан тұрғызбақ болғанда тісін ақситып, ызаланып, тіпті, ит сияқты ырылдап айбат шеккен бала бейнеленген. Әлгі бала бірнеше күн тамақ ішпей, сабақ оқымай, дүниедегінің бәрін ұмытып, виртуалды «жауларын» өлтіре алмай қиялындағы ерлікке беріліп кеткені соншама, ноутбугын алып қоймақшы бол­ған анасына күш жұмсағысы келеді. Ана­сына қол көтергісі келетін жат әрекетке, зұлымдыққа тәрбиелейтін компьютерді адал ақшасына сатып әперген әке-шешенің енді ойлануына тура келеді. «Егемен Қазақстан» газетінің 2015 жылғы 13 наурыздағы санында белгілі ғалым, мемлекет қайраткері Төрегелді Шармановтың «Құндылықтар құлдырауы» атты көкейкесті мәселелерді қозғаған мақаласы жарық көрді. Мақаланың маңыздылығы соншалық, оған Ұлт көшбасшысы – Президент Н.Назарбаевтың назары түскен. Ол басылым басшысына «Бұл мәселені әрі қарай қозғау қажет. Басқа да адамдар осы тақырыпты жалғастырсын» деп тапсырма берген. Артынша, 2015 жылғы 28 наурыз күнгі «Егемен Қазақстанда» Парламент Мәжілісінің депутаты, Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесінің Бюро мүшесі Қуаныш Сұлтановтың «Ұят туралы айту ұят болып барады» атты мақаласы жарияланды. Онда ащы да болса мынадай сөздер бар. «Жастар қазір газет оқымайды, жастар түгіл орта буын, аға буынның да едәуір бөлігі газеттен көз жазып, адасып қалды. Елдің көзі, көңілі негізінен теледидарда. Қолдарындағы телефон, айфондарда, үйде, кеңседе компьютер экрандарында. Ал, ол қорап­шалардың іші, әртүрлі каналдары ең сорақы қырғын соғысқа, қанқұйлы аяусыз төбелестерге, адам өлтірудің жантүршігерлік әдіс-тәсілдеріне, жаншо­шытарлық зұлымдықтарға, былапыт балағаттарға, анайы, жабайы боқ­там­­паздыққа толы. Электрондық құрал­дардағы адамдардың түр-тұрпаты, жалаңаш жиіркенішті денелері – оны көріп отырған жас адамға қалай әсер етуі мүмкін? Бұл – ғаламдық шабуыл, ғаламдық технологиялық ақпараттық қауіп. Жас ұрпақтың миына, жүрегіне, санасына кенедей жабысып кіру, бұл – санаға бағытталған басқыншылықта ұлт, тазалық, адамгершілік, әділдік, тәртіптілік деген ұғымдар мүлдем жұрнағымен жоқ. Керісінше, мейлінше азғындықты насихаттау. Ұлтымызға, ұлттық сана, мәдениетімізге, құқы­ғымызға ақпараттық қысым» деген қауіп айтты.
Келісуге   әбден  болады. Бұл қауіп бүгін айтылып  жүрген жоқ. Компьютерлік ойындар бала санасына  әсер ететіні соншалық, кейде олар сол темір жәшіктерден көрген­деріне еліктеп, жантүршігерлік қылмыстарға баратыны да жасырын емес. Алысқа ұза­майық, жуырда кәмелетке толмаған қыз мектепте жүріп ұятты болып қалды. Оқу­шылардың қару асынып мектепке баратыны жиі айтылады. Айтқан жерден аулақ, бірін-бірі атып, пышақтап өлтірген жасы кәмелетке толмаған балалардың қылмысы көбейіп тұр. Сонда, қатыгездікке шімірікпей баратын балалар қайдан пайда болды? Жалпы, компьютерлік технологиялар жыл өткен сайын жетілдіріліп келеді. Көздің жауын алатын анимэ картиналарға қарап, осы ойынға балақайлар қалай кіріп кеткендерін өздері де байқамай қалады екен. Баланың басын айналдыруда бұл ойындар алдына жан салмайды. Ақырында жеткіншектер жауыздықты бойларына жұқтырып алады. Іштегі ыза-кегін осында өлтіріп сыртқа шығарады.
Ақпараттық қысымға, басқа да қауіпті қатерлерге қарсы елімізде арнайы заң да қабылданды. Алайда, осымен тоқтай салған келеңсіздіктерді көрмей отырмыз. Мәселен, жуырда ғана облысымызда «Жасөспірім» атты жедел-профилактикалық іс-шара барысында екі жасөспірім қару ұстап жүрген жерінде құрықталды. Тәртіп сақшылары сағат 23.00-ден кейінгі уақытта көңіл көтеретін орындарда, сондай-ақ үйден тыс жерлерде жүрген 166 жасөспірімді анық­таған. Түнгі тыныштықты бұзғаны үшін 4 жасөспірім бөлімге жеткізілген. Бұл бір түннің ғана оқиғасы. Енді мұны айдың отыз күніне бөлсек, қаншама жасөспірімнің ойынханаларда омырылып отырғанын санап шыға аласыз.
Ресей Мемлекеттік Думасы «Балаларды олардың денсаулығы мен сана-сезіміне зиян келтіретін ақпараттардан қорғау туралы» федералдық заң шы­ғарған. Кейіннен осы заңның 16 бабына өзгерістер енгізіпті. Неге? Өйткені, арамза ақпараттар ағыны бала санасын улайды. Ұрпақ уланса – мемлекет уланады. Осы тұрғыдан алғанда, бізге де осындай заң қажет және оның пәрменді жұмыс істеуіне көп болып жұмылғанымыз жөн.
«Диджиспик»

Төрегелді Шармановтың мәселе кө­терген мақаласына үн қосқан Мырзатай Жолдасбеков ағамыз «Бұл сөз айтылуы керек еді» атты материалында: «Бала-шаға шалқасынан жатып, таңның атысы, күннің батысы, көзі ұйқыға кеткенше қолындағы планшеттен көз алмайтын болып алды. Жаңалыққа, білгенге қарсы емеспін, бар уайымым – ұрпақ көзден, бүйте берсе сөйлеуден қала ма деп қорқамын» деп алаңдайды. «Басқасын айтпағанда, бір шаңырақтың астында тұрып, емен-жарқын әңгімелесуден, шер тарқатудан қалып барамыз. Жас ұрпақ тәрбиені темір жәшіктен, өнегені интернеттен алатын болды. Осыдан кейін ұлға – өнеге, қызға – тәрбие, кісілік қайдан пайда болады? Абай айтқандай, әрнәрсенің шегі, шекарасы болады емес пе? Осылай жалғаса берсе Алла берген қазақтың шешендігінен де, көсемдігінен де айрылып қаламыз ба деп уайымдаймыз» деп ойын сабақтайды.
Кезінде «Компьютер тілі қашан қа­зақ­шаланады?» деп мәселе көтердік. Қа­зақшаладық. Бірақ, қалай қазақшаладық? Әң­гіме, осында. Әлеуметтік желілерде адам­­дардың бір-біріне қарым-қатынасы арт­ты. Олар виртуалды қарым-қатынасқа көш­келі қазақ тілі мазақ тілге айнала бастады. Небір құйтырқы, жасанды сөздер пайда бола бастады. Оқып отырып күйінесің. «Қазақ тілі осылай түрлене берсе, түбінде шешендігіміз түгілі есендігімізден айырылып қалмаймыз ба» деп шошынамыз.
Компьютер алдындағы қыз бен жігіт бір-біріне хат жазып отыр. «Қаяқтасың?». «Үйдемін». «Келсін бе?». «Қашан?». «Қазр». «Күт. Кеатрм». Жастардың асы­ғыс, апай-топай сөздерін тірілтіп көрелік. «Қаяқтасың?» дегені «қай жерде отыр­сың?» дегені екен. «Кеатрм» дегені «келе жатырмын» дегені болып шықты. Бұдан да сұмдық сөздер оқуға болады. Тізбелей беріп қайтейік
Интернеттегі қарбаласқа орай, көп­теген шетел тілдері тілдік өзгерістерге ұшырап жатыр. Ағылшын лингвистері сым телефоны шыққан заманда-ақ бұрмаланған, өзгеріске ұшыраған, қыс­қартылған тілді «диджиспик» деп атапты. Демек, уақыт үнемдеу үшін нормаларды бұзып жазу деген сөз. Компьютер алдында сағаттап отыратын жастар осылай қойыртпақ тілді көптеп ендіре берсе күні ертең бір-бірімізді түсінуден қаламыз ба деп те қорқамыз. Мұны біреулер тілдің бұзылуы емес, қарым-қатынастың «сандық технологияға кө­шуімен» байланыстырады. Қалай дегенде де технология мен тілді бір арнаға түсіруге болмайды. Ата-бабаларымыз қа­лыптастырған бай да бейнелі тілімізді қойыртпаққа айналдыруға жол жоқ. Интернетте, әлеуметтік желіде «баратырм», «келатырм», «универбарам» деген сияқты қисынға келмейтін сөздері уақыт өте келе ауызекі тілге, одан әрі әдеби нормаға еніп кетсе, бармақ тістегеннің көкесі сонда болады.
Түптеп келгенде, қарым-қатынастың технологияға көшуінен басқа-басқа, қазақ үлкен опық жейді.

Виртуалды әлемдегі әзәзілдер

Онлайндағы озбырлықтың бірі – зорлық-зомбылықты, қаныпезерлікті, суицидті, жыныстық қатынасты насихаттау. Бүгінде кез келген жастағы адам әлеуметтік желілерде, онлайнда «дос» таба алады. Мұндайға, әсіресе, балиғатқа толмаған бойжеткендер әуес. Өйткені, мектептен, сыныптан, өзіне тең таба алмайды да (бұл түрлі әлеуметтік жағдайларға байланысты) онлайн қыз­метіне жүгінеді. Түр-тұрпаты, жасы белгісіз жан оған керемет қамқоршы, сырлас, ниеттес болып көрінеді. Осылайша жап-жас қыздың сеніміне кіріп алады да бірте-бірте оған мынадай бұйығы өмірден құтылудың амалын ұсынады. Виртуалды досы оның сеніміне әбден кіріп болған соң, эротикалық суреттер жібере бастайды. Өмірдің мәні жыныстық қатынаста екенін жасы кәмелетке толмаған бала­лардың бойына бірте-бірте сіңіреді. Осылай болашағы бұлыңғыр қызды жы­­ныстық қатынасқа тәрбиелейді. Жел­­өкпе жас әзәзілдің шеңгеліне түсіп қал­­ғанын сезбей де қалады. Ал, қолға бір түс­кен соң, «досының» уысында. Жасаған сорақылықтарын бейнекамераға түсіріп алады. Сосын, мынадай масқараға душар болған жасөспірім кері шегіне алмайды. Әшкере болудан қорқады. Ақырында виртуалды әлемінен тапқан әзәзілге жаңа клиенттер тауып берумен айналысады. Сенімді ақпарат құралдарының айтуынша, педофильдердің қолына көбінесе 13 жасқа дейінгі балалар түседі екен.

«Қызым – үйде, қылығы – түзде»

Интернетпен бірге әр үйге «ит» те кіретінін көріп отырсыз. Сондықтан, мұндай қауіп-қатерден құтылудың жолы қайсы? Мамандар бұл үшін ата-аналар балаларының интернетте кімдермен байланыс жасайтынын күнделікті бақылап отыруы керек дейді. Бұл үшін әрбір ата-ана компьютерді шебер меңгергені артық болмас еді. Енді, интернеттің танымдық, қызғылықты, пайдалы желілері де барын теріске шығара алмаймыз. Ендеше, сағаттап компьютер алдында отырған кішкентайыңызға темір жәшіктің денсаулыққа зияндылығымен қатар ішіне бүккен құйтырқы қаупі барын да үнемі есіне алып отырыңыз. Озбырлықты, зорлық-зомбылықты насихаттайтын сайттарды жауып тастау жөнінде заң қабылданғанымен, ит пен баланың қорыған жерге өш екенін де ұмытпайық. Қазір жасырын вирусы бар пираттық ойындар да көп. Компьютерді қойып, баланың қолындағы телефонда да небір сорақылықтар бар. Осының барлығы баланың психологиясына кері әсер ететінін біле тұра «үйде, көз алдымда отырсың» деп оған қымбат тех­нологиялық жабдық сатып әпереміз.
Ал, сіз балаңыздың көз алдыңызда отырып-ақ басқа әлемге кіріп кететінін білесіз бе? Бұл «қызым – үйде, қылығы – түзде» дегенге келіңкіремейді, қазір қаршадай қа­ғын­ғандар қылығын үйде де көрсете беретін   болды. Ұлттық құндылықтар құл­ды­рамас үшін үйден, тәрбиені бесіктен бастау алған жөн. Өйткені, ел боламын деген жұрт алдымен бесігін түзейді.

 

Алдыңғы «
Келесі »