ҚАЗАҚ ЭЛИТАСЫ МЕН ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

  • 17.06.2015
  • 11829 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дина Имамбаева, 
әлеуметтанушы

Мемлекет ұлттық мүдде топтастырған саяси және рухани элитаның, көрнекті көшбасшылардың ерік-жігерінің, іс-әрекетінің нәтижесі. Ұлттық мүддеден ұлттық идея пайда болады. Ал, ұлт зиялылары осы идеяны іске асыруға қызмет етеді, білімі мен білігін арнайды, қажет болса өмірін қияды. Мемлекеттің ғұмыры ұзақ болуы ұлттық элита мен интеллигенцияның саны мен сапасына, қажыр-қайратына, болашақты болжау қабілетіне тікелей байланысты. Адамзат қоғамы ешқашан біртекті, біркелкі болған емес. «Единица – жақсысы, қалғандары өңкей нөл». Себебі, «көпте ақыл жоқ, ебін тап та жөнге сал» (Абай). Нағыз зиялылар – аз, санаулы болуы заңды, себебі, осы жолды өз еркімен қалап алу адамнан ақыл-ойды, қайрат-жігерді, тектілікті, парасаттылықты талап етеді. «Единицаға» көмектесетін тек жаратушысы мен өз бойында тұтанған көкірегіндегі от пен ақыл-санасы ғана. Идеясы мен сенімі алға жетелейді. Тек адамгершілік қуаты мен ғұмыры осы жолмен өтуге жетсе болғаны.  


Элита – ең таңдаулы адамдардың қауы­мы. Халық басқарушы билікке түгел­дей қатыса алмайды, сондықтан, бұл міндетті элита атқарады. Олар бұқара халықтың биліктегі өкілі, ел соларға сенім артады, соңынан ереді, бағыт-бағдар алады, түзе­леді, еліктейді.  Элита дегенде, жоғар­ғы билік пен көрнекті тұлғалар еске түседі. Алайда, мемлекеттік басқару құры­лымдарындағы билеуші элита – фор­­мальды топ қана, олардың көп­шілігі бұған кәдімгі қызмет, кәсіп түрі, артықшылықтарға ие болудың бір жо­лы, мансап ретінде қарайды. Бұл топты нағыз элита деп емес, билеуші топтың мүшелері ретінде қабылдау қажет. Бұған қарағанда, элита, интеллигенция болу жүре пайда болатын ерекшелік емес, ол туабітті қасиет, адам зиялы болып дүниеге келеді, бұл қасиет оның қанында, тегінде жатыр. Халықтың жадында қалған тұлғалар билікке таласпай-ақ өз парыздарын атқарған. Осындай бейресми элита өкілдері қоғамдық жүйеге, халықтың дүниетанымына, мінез-құлқына орасан зор ықпал ете алады. Мысалы, Лев Толстой ешқандай ресми лауазымға ие болмаса да, сол кездегі орыс қоғамында үлкен рөл атқарды. Қазақ  қоғамында да бүкіл халықтың мұң-зарын арқалап, билікке жеткізу жолында азап шегіп, тер төккен тұлғалар көп. Солардың ішінде, әсіресе, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Абай, Шә­кәрім гуманитарлық интеллигенцияның көш­­басшысы ретінде ұлттық жаңғыруға үлкен үлес қосты. Қазақтың гуманитарлық элитасы құрамы жағынан әрқилы болды, олардың арасында ата-тегінен төре, би-болыс болғандар да, қарапайым халықтан шық­қандар да бар. ХІХ-ХХ ғасыр шегінде ұлттық-саяси белсенділік танытып, қазаққа қызмет ету жауапкершілігін алған осы әлеуметтік топ болатын. Сондай-ақ, олардың бүкіл іс-әрекеті, өмірі мен шығармашылығы зиялылық, интеллигенттілік деген ұғым­дардың түпкі мән-мағынасына сәйкес келді. Бұл тұлғалар рухани тазалық, дег­дарлық, аскеттік, биік гуманизмімен ерек­шеленеді. Дүниеауи тірлік пен пенделік ұсақ­тықтан жоғары көтеріліп, ұлт мүддесін мұңдайтындарды қазақ әулие санап, табынатын піріне айналдырған. 
Жалпы, интеллигент деген тек жо­ғары білім, кәсіп, мамандық иесі болу емес. Біз мұнда интеллигенцияға анық­тама беруден аулақпыз, бұл оның ең үздік өкілдері туралы ойлар ғана. Тарихи тәжірибеге зер салсақ, интеллигент болу жақсы тәрбие мен жақсы тек, ақыл мен сана арқылы келеді. Интеллигент тұлға – рухани болмысы пенделігінен басым тұратын тәуелсіз ой иесі. Оның еркін ой-пікірі, ұстанымы билік құрып тұрған идеологиялық шеңберге сыймауы да мүмкін. Себебі, олардың интел­лектуалдық қабілеті, парасатты көре­ген­дігі құрсауға көнбейді, шеңберге сыймайды. Ол өз ұстанымына тұрақты, табанды. Белгілі бір уақыт мезетінде көзқарастарын күрт өзгерту оларға жат. Өйткені, «Ұлтына, жұртына қызмет қылу – білімнен емес, мінезден» (Әлихан Бөкейханов). Олар өз ұстанымдарына қайшы келетін кез-келген көзқарасқа қарсы әрекет етеді. Осы берік ұстаным олардың қара басының қамын ойлап, ресми биліктің қолшоқпарына айналуына жол бермейді. Тіпті, олардың бұл таңдауын түсіну үшін де өре керек. Бірақ, мұндай тұлғалар аз болуы заңды.  Нағыз зиялы, интеллигент тек өзінің адамгершілік категорияларына – ар-ұятына, намысына ғана бағынады. Бұл қасиеттер тіпті аскетизммен де астасып жатыр. Ар-ұят – оның қадір-қасиетінің қорғаушысы, жол сілтеушісі.  
Қазақ халқы ұлт, мемлекет, ел ретінде осы күнге дейін келіп жеткені үшін өзінің ел бастаған ардагерлеріне, қол бастаған батырларына, сөз ұстаған би-шешендеріне, яғни, бүкіл көшбасшы қайраткерлеріне қарыз­дар. Олар  зиялы    деген  атына лайық ұлт ал­дын­дағы па­рызы мен жауапкершілігін терең түсінді және оны орындады. Ал, бү­гінгі қазақ зиялы­сы, ұлттық интел­лигенциясы қандай, ол алдыңғы тол­қынмен сабақтастығын сақтай алды ма, жоқ па, жалпы зиялы деген атқа лайық па деген сұрақ туады. Иә, ал­ғашқы қазақ интеллигенттері, элитасы кімдер еді? Жалпы, қазақ элитасы мен интеллигенциясының бастау көзі сонау түркілік дүниетанымда, рухани-мәдени құндылықтарда, түркі халқына тән өмір сүру ережесіне айналған  үйлесім мен парасаттылықта жатыр. Көк Тәңі­рі­не табынған аспан текті бүкіл түркі ха­лықтарына ортақ әл-Фараби, Қорқыт ата, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Яссауи және т.б. ғұламалар университет білімін тауыспаса да, ең биік адами және рухани көркем біліктерге ие болды және сол қабілеттерін бүкіл адамзаттың рухани-мәдени игілігіне жаратты.
Қазақ халқының тарихи даму кезеңдеріне сәйкес және қалыптасқан жағдайға қарай өзінің ұлттық көшбасшылары болды. Әрқилы кезеңдерде ақсүйектер, хан тұ­қымы, діни көсемдер, байлар осындай мін­дет атқарды.   Жаугершілік кезеңдерде батыр­лар, қолбасшылар ел алдындағы өз міндеттерін абыроймен орындап шықты. Мысалы, Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек батырлар қазақтың жойылып кету қаупі төнген кезде  көптің ішінен суырылып шығып, қол бастады. Осындай батырлар – жаугершілік заманның зиялылары, олардың миссиясы – қалың әскерді жұмылдырып, жауына тойтарыс беру арқылы елі мен жерін сақтап қалу болды. 
Қазақты дербес мемлекет еткен хандық за­мандағы  саяси  және рухани элита мен интеллигенцияны билер, батырлар, қолбас­шылар, интеллектуал ақындар мен шешендер, абыз жыраулар құрады.  Бірінші Қазақ мемлекеті  тұсында өмір сүрген абыз жырау, ойшыл-философ Асан Қайғы өз заманының нағыз көшбасшы тұлғасы болды. Оның мифтік бейне емес, нақты өмір сүргені дәлелденген. Асан Қайғы сол кездегі Қазақ хандығының саяси элитасының ұлт үшін ұйымдасып, бірігу жолына түсуіне үлкен ықпал еткен қайраткер. Ол халықтың қамын ойлап, ханның өзіне сөзін өткізді, теріс қылығын бетіне басты. Асан Қайғының өзіндік азаматтық ұстанымын жүзеге асы­руға тырысып, қазақ мемлекеттілігінің қа­лыптасуы үшін қызмет етуі және сөйтіп өзінің интеллигенция, элита өкілі ретіндегі міндеті оның жеке бас мүддесін ойламай, басты орынға халықты қоюынан анық көрініс тапқан. Ханның кеңесшісі болған Асан ата ен даланы елсіз қалдырмау үшін, көшпелі елден мемлекет, біртұтас держава құру  үшін, хан мен халық арасындағы мәмілегер, дипломат, саясаткер ретінде жаңа мемлекетті өз қолымен құруға атсалысты. Желмаясымен жер шолып, қазақ елінің мемлекеттік шекарасын айқындап, даланың әрбір түкпіріне географиялық сипаттама берді. Оның «Жерұйық» идеясы – тұтас бір стратегиялық бағдарлама, әлеуметтік саясат, үйлесімді, тұрақты дамудың баламасы, әділетті заң үстемдік құрған кемел елдің бейнесі. Асан ата бүкіл Қазақ ордасының зиялыларын бір мүдде төңірегіне топтастыруға ұмтылды. Әрине, Асан Қайғының бар­лық тілегі жүзеге асқан жоқ, тіпті, Жәні­бек ханның өзі кейде оның ақыл-кеңестерін қабылдамады. «Ай, хан, мен айтпасам білмейсің, Айтқаныма көн­бейсің. Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің, Қымыз ішіп, қызарып, Мастанып, қызып терлейсің. Өзіңнен басқа хан жоқтай, Елеуреп неге сөйлейсің?!» десе, ол төніп келе жатқан бодандықтан сақтандырғаны. Енді, бірде «Еділ қатса кім өтпес, Едіге өлсе кім кетпес», – деп, көшпелілер өркениетінің күні таяп қалғанын болжады. Бүгінгі күні құрылғанына 550 жыл толған Қазақ хан­дығы сол дәуірдегі қазақтың саяси және рухани элитасының: Керей мен Жә­ні­бектің, Асан Қайғының, Жиренше ше­шен­нің және т.б. басты жетістігі. 
Халықтың тұрмысы, арман-тілегі басты мұң-зарына айналған Асан Қай­ғы­ның бүкіл дүниетанымы мен көз­қарасы адамгершілікке, әділеттілікке, ар-намысқа негізделді. Қарапайым ха­лықтың әлеуметтік қажеттіліктері үшін кү­ресіп, халыққа қажетті нәрселерді хан алдына қойып отырады. Осы ті­лек­тердің іске асуын ханнан талап етеді. Асан Қайғының Қазақ хандығы тұ­сын­дағы барлық іс-әрекеті, қабілеті, кемеңгерлігі оны қазақтың алғашқы ин­теллигенттерінің бірі, рухани элита өкілі деп санауға негіз береді. 
Хандық билік тұсындағы саяси эли­таның тағы бір табысы – Тәуке ханның тұсында дүниеге келген «Жеті Жарғы» заң жинағы. Осы бір дәс­түрлі дала құ­қығының ерекше үлгісі сол кездегі Хан Кеңесі мен Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би бастаған зиялы қауымның ақыл-парасатының же­місі. Хан кеңесі – атақты батырлар мен әділдігімен аты шыққан билерден, хан-сұлтандардан құралған ең жоғары саяси элита. Кеңестің шешімдерін хан да, халық та бұлжытпай орындауға міндеттілігі оның беделі мен әділдігінің айғағы. Қазақ елінің Ресей патшалығының қол астына кіруі саяси-әкімшілік реформаларды ала келді. Осы тұста тарих сахнасына қазақ зиялыларының жаңа толқыны шықты. Оның басында Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы тұрды. Ыбы­рай Алтынсарин отаршылдардың қар­сылығынан қаймықпай, қазақ қоға­мын мектеп ашып, білімге жетелеу арқылы кө­теруге ұмтылуы, Шоқанның ғалым­дығы, зерт­теушілігі, ағартушылығы, демо­крат­ты­ғы және т.б. қасиеттерімен қоса, оның «Елдестеріме пайдамды тигізу үшін аға сұлтан болғым келді» деп, оларды чиновниктерден, қазақ байларынан қорғамақ болуы зиялылықтың ең биік үлгісі. 
ХХ ғасыр басында орыс отаршыл­ды­ғының озбырлығы барған сайын арта түскен шақта ұлтшыл азаматтар арғы тегіміздегі Алаш атымен бірігіп, ұлттық идеяны ту етіп бас көтерді. Осы зиялы топтың көш­басшысы Әлихан Бөкейханов: «Біз, хан тұқымы, қазақтың үмітін ақтап, елдігін, тәуелсіздігін сақтап қала алмадық, қарызымызды ақтау үшін көшін бастай алмасақ та, қосшысы боламыз» деуі де оның асқақ мұратын халық тағдырымен байланыстыруынан. Сол тұс­тағы зиялылардың алдыңғы сапында қа­зақтың жалпытүркілік тұтастық идеясын көтерген Мұстафа Шоқай, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі – Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!» деп, ұлтын оятқан Міржақып Дулатұлы, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Асан Қайғыдан кейін қазақтың шекарасын белгілеп берген Әлімхан Ермеков, «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз!» деп ұран салған Сұлтанмахмұт Торайғыров және т.б. тұрды.  Ар, намыс, әді­лет, адами қадір-қасиет, өз ұстанымына адалдық, тұрақтылық, тектілік – ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының бас­ты ерекшелігі. Қуғын-сүргінде, азап лагерь­лерінде, түрме тозағында, тергеу камераларында олар өздерін нағыз ер-азамат сияқты ұстады. Олар ешқашан өздеріне интеллигент, элита атағын таққан жоқ және бұған заман да мұрша бермеді. 
Алаш интеллигенциясының мақсаты олар­дың өз сөзімен айтқанда: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс» (Ә.Бөкейханұлы), «Менің идеалым қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру…» (А.Байтұрсынұлы), «Кез болған соң кер заман біздің баққа, Жау жарағын асырып, міндік атқа. Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын, Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа» (М.Дулатұлы). Олар жасаған құрбандық, яғни, тыныш тіршілік пен бұйығы өмірден бас тартып, озбырлық пен отаршылдыққа қарсы бастарын тігуі олардың алдына қойған мақсатына жету үшін жасалды, бұл жай мақсат емес, бүкіл бір ұлттың, халықтың мүддесі, болашағы, тәуелсіздігі. Басты құрбандық – өмір. Өз өмірін пайдаға – халықтың пайдасына жарату. Алаш арыстарының дүниетанымдық позициясы берік, ол – сталиндік, социалистік билік ұлт ретінде мүлдем жойып жіберуге тырысқан, сол үшін ұлттық санасын құртуға, тарихи жадысын өшіруге ұмтылған қазақтың тағдырымен байланысқан ұстаным. Алайда, бұл ұстаным олардың трагедиясына айналды, азап шектірді, ақыр соңында өмірлерін жалмады. Алаш интеллигенциясы қылышынан қан тамып тұрған патшалық жүйеге қарсы шығу, одан кейінгі большевиктік, атеистік билікке қарсылық  – жанып жатқан отқа түсумен тең екенін анық білді. Бірақ, алған бағыттарынан таймады. Өйткені, олар алысқа көз салды, болашақ қазақ елінің тәуелсіздігін аңсады. Сол міндетті орындауға ұмтылып, сталиндік культтің топан суына қарсы тұрып, өз өмірлерін қиюға барды. Сонысымен де тарихта өшпес із қалдырды, халық рухының сақталып қалуына ықпал етті. Әрине, ол кезде де бұқара халықтың арасында тобырлық мінез  танытқандар,  оларды қара­лағандар, сатып кеткендер, ұстап бергендер болды. Олардың жеңіліске ұшырауы да осындай алауыздықтан. Бұл зиялылар түрме азабынан да өтті – ХХ ғасыр басындағы қазақ  интеллигенциясының өмірін түрмесіз елестете алмаймыз. Олардың арасында бостандықтан айрылмағаны кем де кем. Бірақ, олар қандай қиындыққа тап болса да, асыл мұраттарына адал болды. Керісінше, өз ұстанымдарын – сөз бен істің бірлігін дәлелдеп кетті. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының өмірі мен қайраткерлігі біртұтас, бір өрім – бұл нағыз азаматтық пен жеке басының құрбандығы. Олардың ақындық, жазу­шылық таланттары да ұлтқа қызмет етті. Демек, ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясы ешкімге қарыздар емес. Керісінше, қазіргі қазақ оларға мәңгілік қарыздар. Олардың тарихи тәжірибесі бүгінгі тәуелсіз мемлекеттің уығын қадап, шаңырағын бекемдеуге қызмет етті, сол кездегі зиялы қауым салып кеткен ағыс тасқынға, ұлы қозғалысқа айналып, мемлекетшілдіктің іргетасына айналды. Содан бері ол ағыс бірде тереңде иіріліп, бірде судың бетінде қалқып, бірде жойқын алапат күш болды, бірақ ешқашан көзден таса болған жоқ. Ол қазақ рухының бастау-бұлағы болып, тұнып тұра береді. Осылайша, қазақтың ХХ ғасыр басындағы интеллигенциясының басты ерекшелігі – олар адамгершілік пен ұлттық мүддеге адалдық сынағына төтеп берді. Алаш интеллигенциясының ерлігі, азаматтығы, бүкіл өмір бойы қатаң озбырлық құрсауда жүріп өз ұстанымдарына адалдығы және толық қорлықта, қуғын-сүргінде көз жұмуы оларды қазақ зиялылығы мен интел­лигенциясының эталонына айналдырды. Бұл – ұлттық элита феноменінің айқын көрінісі. 
30-жылдардың қуғын-сүргіні, одан кейін­­гі 2-дүниежүзілік соғыстан кейін еп­­теп есін жиған халық Хрущевтік жы­лымық тұсында еңсесін тіктей бастады.   Әсіресе, 1960-жылдары әлемнің көптеген елдерінде бой көтерген студент жастардың қозғалыстарының ықпалы аз болған жоқ.  Дегенмен, Батыс Еуропадағы жастардың әлеуметтік көтерілістері негізінен тұл­ғаның өзіне, оның шығармашылық әлеуетін жү­зеге асыруына, табиғи болмысына оралуына, күнделікті күйбең тірліктен босанып,  қиялды шарықтатуға, контрмәдени романтизмге бағытталды. Ал, осы 60-жылдары Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастары  «Жас тұлпар» атты қоғамдық-саяси, ұлтшыл-дәстүршіл бағытта ұйым  құр­ғаны мәлім. Бұл озық ойлы жастар алыста жүріп, өз елінің жағдайын бас­қалармен салыстырудан туған көз­қа­растарын бөлісіп, елінің ертеңіне алаң­дау­шылық білдірді. Кеңестік  би­лік­тің қазақ еліне қатысты саясаты, ұлттық кадрлар, тіл, діл мәселесі төңірегінде бі­рікті. Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, А.Қадыржанов бас­таған сол кездегі студенттер өздерін ұлт мүддесі жолында біріккен рухани қауымдастық іспетті көрсетті. Бұл Алаш идеяларының өмір­шеңдігінің бір көрінісі және ХХ ғасыр басы мен кеңестік билік тұсындағы қазақ интеллигенциясы мен зиялы қауымының арасындағы рух сабақтастығының дә­лелі. 1950-1980 жж. біртұтас «кеңес хал­қының» құрамындағы қазақстандық ин­­теллигенция қалыптасты, сонымен қатар,  интеллигенцияның  орыстілді және қазақтілді  болып жікке бөлінуі де дәл осы кезеңнен басталды. Қазақтың орысша білім алған, дүниетанымы мен көз­қарасы өз ұлтының мәдени-рухани тамы­рынан айрылған космополиттік, кеңестік идеологиямен уланған тобы мен таза қазақ интеллигенттер, әсіресе, мәдениет, әдебиет, өнер саласындағы, басым көпшілігі ауылда туып, уызына жарыған зиялылар тобы арасында көзге көрінбес бір майдан жүріп жатты. Қазір де айтылып қалатын «менің балаларым (немерелерім) орыс мек­тебінде оқиды, сондықтан, мен орыс тілін қолдаймын» деген сияқты пікірлер сол кеңестік менталитеттің, жасанды «ұлттар достығы» идеясының санаға сіңіп қалған қалдығы. Дегенмен, бұл ке­зеңде орталықтан таңылған орыстандыру мен жергілікті жердегі ұлттық үдерістер қатар жүрді, оның бір көрінісі 1980 жылдары атқарушы билікте ұлттық кадрлардың көбеюі және олардың саяси орталықтан дербестенуге ұмтылуы ақырында этно­кра­тияның салтанат құруына алып келді. 
Кеңестік кезең мен ХХ ғасыр ба­сын­дағы интеллигенция арасында па­­рал­лель жүргізетін болсақ, алашшыл­дар ұлт мүддесі үшін сөз бен істің бір­лігін көрсетсе, ал, кеңестік кездегі интел­лигенцияның этикалық көзқарасы бас­қа­шалау. Бұл кезде де қазақтың шы­ғарма­шылық интеллигенциясы өзінің ұлттық рухпен сусындаған туындыларымен ұлтқа қызмет етті. Дегенмен,  олардың еркін әрекеттенуіне коммунистік партияның көреген көзі, зұлым саясаты ерік бере қоймады. Кеңестік билік қазақтың мүддесін қорғайтын, сол жолда бас біріктіруге қабілетті озық ойлы тұлғалардың алдына тосқауыл қойды. Жекелеген диссиденттердің көзін жойды. Бірақ, соның өзінде шеңберге сыймай, әділдікті жақтаған, қара қылды қақ жарып, өзіне зиян екенін біле тұра шындықты айтқан, биліктің теріс ше­шіміне қарсы тұрған тұлғалар болды. Ар-намысын жоғары ұстап, ешкімге басын имей өткен  Бауыржан Момышұлы генерал шені мен батыр атағын иеленбей қалса да, өзінің бүкіл өмір жолымен, азаматтық тұлғасымен адами қасиеттің биік үлгісі. Мұндай тұлғалар саяси элита арасында да болмай қалған жоқ, 1950-1960 жылдары Қазақ КСР-інің жоғары басшылығында қызмет атқарып, қазақ мемлекетінің ау­мақ­тық тұтастығын сақтап қалуға үлкен ең­бек сіңірген Жұмабек Тәшенов «қандай қызметте болса да өз елінің мақсат-мүд­десінен шығатын, халықтың жағ­дайын ойлайтын, ұлттық мәселелерді КСРО бас­шыларының алдында тайсалмай қоятын, жүрегі қазақ деп соғатын біртуар азамат еді» (С.Нұрмағамбетов). Кеңестік билік тұсында жоғары лауазымды қыз­меттерінен айрылып, өміріне қауіп тө­не­тінін біле тұра қазақтың мүддесін, құн­дылықтарын қорғаған Н. Оңдасынов, Ж. Шаях­метов, І. Омаров сынды тұл­ға­лар ұлт­тық  саяси элитаның абыройын сақтап қалды. Әсіресе, қазақтың сая­си және рухани элитасының нағыз бет-бейнесін көрсетіп берген Желтоқсан кө­терілісі болды. Алаңға шыққан жастарды қолдап, арашалауға ұм­тылған қазақ зиялылары көп емес. Кө­лең­кеден қорыққан заманда шындықты ай­тып, ұлттық рухын, азаматтық намысын жо­­ғары ұстаған Шона Смаханұлы, Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шаймерденов, Сұлтан Сартаев, Алдан Айымбетов интеллигенция, зиялы қауым – халықтың тілі мен үні екенін дәлелдеді. Бұл  тұлғалар да туған халқының болашағына алаңдаушылықты жеке басынан жоғары қойды. Ұлттық атаулыға табу қойылған сол кезеңде қазақтың ұлттық руханиаты мен мәдениетін өздерінің шы­ғармашылық әлеуеті, әдеби туындылары, музыкалық шығармалары арқылы сақтап қалған осы топ болатын.   
Желтоқсан көтерілісі қайғылы аяқ­талса да, ол тек қазақ қана емес, бүкіл Ке­ңес Одағының құрамындағы ұлттық республикаларды дүр сілкіндіріп, ұлттық үрдістерге серпін берді. Мұны, тіпті, қазіргі орыс интеллигенциясының өзі мойындайды. Осы кезеңде Кеңестік билік басында тұрған М.Горбачев бастаған «Қайта құру» реформасына сәйкес жаңа идеология саяси және әлеуметтік-эко­номикалық құрылымда бірқатар өз­герістер алып келді. Жариялылық, де­мо­кратия ұрандары экономикалық жағ­­­дайдың нашарлауымен қабаттасып, бір­те-бірте биліктің ырқынан шығып кеткені соншалық, ақыры отаршыл пи­ғылдағы орталық өз іс-әрекетінің құр­банына айналып тынды. Осы тұста одақтас республикаларда «сепаратизм» деп бағаланған ұлттық үрдістер басталды. Бұл ақырында КСРО құрамындағы ұлттық республикалардың «тәуелсіздік шеруімен» аяқталды. Сонымен, Қазақстан 1991 жылы егемендік алып, өзгерістер дәуіріне аяқ басты. Ендігі тұста саяси және рухани элита алдында үлкен міндеттер тұрды. Ол міндеттер – коммунистік ре­жимнің 70 жыл бойы жиналған бүкіл зардаптарынан құтылу, құлдық психологиядан арылу, ұлттық жаңғыруға жол ашу және т.с.с. Бірақ, мұндай ұлттық мемлекеттілік үшін аса қажет әрі қиын  істі орындау үшін ең алдымен мемлекет пен қоғам өзі­нің бұрынғы созылмалы сырқаттарынан құ­тылуы тиіс және ол  басқару орындары та­рапынан жүргізілуі тиіс. Ал, ондаған жыл бойы коммунистік идеологияға,  компартияның нұсқауларын басшы­лыққа алатын саяси жүйеге қызмет еткен элита үйреніп қалған әдетін тастауы оңай емес екені сөзсіз. Ол үшін саяси биліктегі элита циркуляциялануы немесе жаңғыртылуы қажет. Уақыттың өзі өзгеріс екендігін ескерсек, элита да тірі ағза тәрізді, үнемі тазарып, жаңарып, өзгеріп отырса ғана өміршең, әйтпесе тоқырауға ұшырайды, шіриді. Осы  бір өтпелі кезең, яғни, 1990 жылдардың басы кеңестік өткеннің кеселдерінен арылып, жаңа даму бағытын таңдайтын, сөйтіп ұлт пен мемлекеттің болашақ тағдырын шешетін тұс болатын. Әлем елдерінің тарихында мұндай сәттер аз емес. Мысалы, 2-дүниежүзілік соғыстан кейінгі Германияда жасалған люстрация қоғам мен мемлекетті фашистік нацизмнен тазарту, халықтың сеніміне ие болу мақсатымен фашистік билікке қатысы барлардың бәрін орнынан алды, жауапқа тартты. Олар жаңа қағидаларға, демократиялық тәртіпке жарамсыз деп танылды. Бұл кейіннен Германияның тұрақты даму жолына түсуіне ықпал еткен бір фактор болды. Тіпті, Чехословакиядағы люстрация кезінде осы идеяны көтерген бұрынғы диссиденттер министрлік орын­ға отырған. Сондай-ақ, Кеңес Ода­ғы құрылған жылдардағы басқару органдары мен билікке шығу тегіне қарай, яғни, кешегі бай-болыс, хан тұқымдарын жолатпай, тек кедей таптан шыққандарды қабылдауы да нағыз люстрация саясаты болатын  (Әділетсіз сайлау да люстрацияның бір түрі). Осылайша, қазақтың саяси элитасы – негізінен бұрынғы кеңестік партиялық номенкла­тура құраған саяси күштер қоғамда анти­коммунистік, антисоветтік көңіл-күй ба­сым болып тұрған тұста, осы сәтті пайда­ла­нып, басқару құрамын жаңартуға, сол арқылы мемлекетқұраушы ұлттың заң­ды артықшылығын бекіту, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нығайту, «бір ұлт – бір мемлекет» қағидасы арқылы ұлт құру ісіне бағыт алу міндеттерін жүзеге асыруға ықылас таныта қоймады. Егемен ел болдық деп, бөркін аспанға атып қуанған ел алғашқы эйфориямен саяси биліктің сапасы, оның негізінен ұлттық мүдделерге бағыт алуы сияқты процесті назардан тыс қалдырды. Бұған тәуелсіздіктің экономикалық дағдарыспен қатар келуі де кедергі болды. Ел басшылығының «алдымен – экономика, сосын – саясат» ережесі, оған қоса қазақтың пайдасына шешілмейтін демографиялық жағдай және т.б. әсерімен қазақтың зиялы қауымы ұлт үшін оңтайлы сәтті  уыстан шы­ғарып алды. Өкінішке орай, бұл орны толмас қателіктің зардабын қазақ ұлты ұзақ тартатын болады. Әрине, элитаның жаңғыруы тек люстрация сияқты қатаң шаралар арқылы ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік мобильділік, яғни, білімі, қабілеті және басқа тұлғалық қасиеттеріне қарай мансаптық жоғарылау бойынша да жүзеге асырылады, мысалы, бұл тәсіл АҚШ-та элитаны жаңғыртудың бір тетігі ретінде жақсы жұмыс істейді. Бірақ, біздегі мемлекеттік билік органдарындағы сыбайлас жемқорлық жағдайында әлеуметтік мобильділік арқылы лауазымға қол жеткізу туралы сөз қозғау қиын. 
Әр заманға сай интеллигенцияның алдына қойылатын міндеттер де өзгеріп отырады. Жаугершілік кезеңдегі міндет – халық пен мемлекетті сақтап қалу үшін жауға қарсы тұру болса, қазіргі заманда – білім мен ғылым, бизнес пен кәсіпкерлік, инновация арқылы ұлтты өркендету жолында қызмет ету. Ендігі ең басты ұлттық мүдде – осы. Жаңа дәуірде елдің болашағын айқындайтын маңызды фактор – тұрақты экономикалық өсім, сол арқылы халықтың әл-ауқатының жоғары деңгейін қамтамасыз ету. Бірақ, тек экономикаға басымдық беріп қоймай, ұлттық үрдістерді негізге алу, халықтың рухани-мәдени құндылықтарын нарықтық қатынастармен үйлестіре отырып жүргізген елдің ғана болашағы бар. Міне, сондықтан, алдағы 40-50 жыл – қазақ елінің тағдыры шешілетін мерзім – бар болу не жоқ болу, мемлекетқұраушы ұлт ретінде басымдық алу немесе диаспораға айналу. Бұл міндеттер жалпы қоғамның және әсіресе, оның зиялы қауымының жауапкершілігі, келер ұрпақ алдындағы парызы. Әркім өз кәсібімен ұлтқа қызмет етеді. Алайда, бұл бағытта бар нәрсені пайдаланбау, әсіресе, білімді, өз кәсібінің майталмандарының білімін кәдеге жаратпау белең алды.  Біреудің жарқ еткен жақсы еңбегін көре тұра көзге ілмеу, «оқығам жоқ» (Таласбек Әсемқұлов) құбылысы – интеллигенция өкілдері (бұл арада «зиялы» атауын қолдану қисынсыз)  арасында өзара алауыздық, көреалмаушылық сияқты жат көрініс бар. Тіпті, жеке бас мүддесін көздеп, отбасының жағдайын ойлап, билікке қолшоқпар болғандар  оқыған қауым туралы теріс пікір туғызады. Ал, қазіргі заманғы ұлттық элита міндетін атқару мүмкіншілігі бар  нағыз креативті топ – жоғары білікті менеджерлер болса, олардың ұлттық мүддені ойлауға және қорғауға қабілеттілігі күмәнді, өйткені, олардың басым көпшілігі қазақтың ұлттық құндылықтарынан жаттанған ұрпақ өкілдері. Осыдан келіп бүгінгі интеллигенция мен зиялылар деп кімді айтамыз, олардың  қоғамдағы орны қандай деген алаңдаушылық туады. 
Жалпы, интеллигенция мен элита өкіл­дері де қоғам мүшелері. Қоғамда болып жатқан түрлі үрдістер олардың көзқарасы мен ұстанымына, өмір салтына   ықпал етпей қоймайды. Әсіресе, қазіргі жаһандық бұқаралық мәдениет, ақпараттық төңкеріс, оған қоса, ғылым мен техникалық прогрестің қоғамда біртекті, стандартталған өмір салтын қалыптастыруы қалыптасқан жүйеге қарсы шығу көріністерін қиындата түсті (қай кезде де рухани элита – билікке бейресми оппозиция) және бұл сол адамның өзі үшін қауіпті. Адамдардың барлығы тұтынушы деген атау алды. Қажеттілігіне қарамастан, жаңа шыққан тауар түріне ие болуға жаппай ұмтылу, біркелкілену, бір үлгілену салдарынан қоғамдағы аса өзекті, өткір мәселелер бүркеліп қалуда. Қаншама демократиялық, құқықтық қоғам құрамыз, пікірлер плюрализмі бар, төртінші билік сияқты либералдық құндылықтар құлашын кеңге жайды десек те, мұның бәрі жасандылықпен астасып, саяси билікке қызмет етуде. Керісінше, жеке тұлғаның даралығы, оған  артықшылық беретін қасиеттері жойылып барады. Көпшілік қауым өздерінің тұтынушылық мұқтаждығының құлы­на айналып, қызығушылықтары – сан­алуан гаджеттер, брендтер, тұрмыстық техниканың ең озығына ие болу, сәнді киім, тамақ, неше түрлі ойын-сауық орталықтарында бос уақытты көңілді өткізуге келіп тірелді. Нарықтық ­қо­­ғамда әрбір адамның да өз құны бар, ол өзін тауар ретінде ұсына алады. Барлығы сатылады. Мұндай жағдайда заттың билеп-төстеушілігіне берілмей, ин­­теллигенттік пен зиялылықтың адам­­­­гершілік ұстындарына адал болып қа­лу кім-кімге де оңай емес. Міне, тұ­тынушылық қоғам адамды заттардың билігіне бағындырып, алдап-арбайды. Тіпті, қоғамдағы нақты қарсы күштердің өзін қажетті бағытқа бұрып жіберуге болады. Бұл кезде озық ойлы адамдардың өзі үндемеуді, қарсыласпауды, барлығын ақылға жеңдіруді жөн көреді. Біркелкі заттарды пайдаланатын, біркелкі уақыт өткізіп, біркелкі ойлайтын адамдар сая­сатшыларға, мемлекеттік билікке де өте тиімді. Сол үшін олар бұл үдерісті қолдап отырады (мысалы, сауда ойын-сауық ор­талықтарын қаржыландыру). Бұ­дан бұ­қаралық ақпаратты ұсынып, реттеп отыратын тетіктердің де мүддесі бай­қалады. Ал, осындай заманауи өмір салтынан, қалыпты (стандартты) тірліктен, біркелкі ойлаудан қашқан кейбір адамдар дінге бой ұрады. Бұл салада да өз мүдделерін өткізуді көздейтін топтар бар екенін білеміз. Осыдан келіп, енді билік органдары мен интеллигенция өкілдері руға, жүзге бөлінуіне қоса, діни ағымдар бойынша жіктелу дертіне ұшырады. Бұдан былай қазақ қоғамындағы орыс­тілді және қазақтілді екі әлемге енді діни көзқарасы алшақ топтар қосылып, бірін-бірі түсінбейтін және түсінгісі де келмейтін, мүлдем бөлек бағыттағы бір-біріне қарсы лагерьлерге айналу қаупі бар екендігі жасырын емес. Ал, нағыз ұлттық мүддені қорғайтын, дәстүрлі мәдени капиталға ие шығармашылық интеллигенция өкілдері – ғалымдар, жазушылар, өнер адамдары, журналистер қазақтың ру­хани-мәдени құндылықтарына негіз­делген қоғам құру жолында  біріге алмай отыр. Бірақ, олар қазақ қоғамының да кез-келген социум сияқты сапасы жоғары элитаға ие болғысы келетінін ұғынатын уақыт жетті. Сол үшін де қазақтың саяси және рухани элитасы халық алдындағы жауапкершілігінен тайқып кетпей, өзара түсіністікпен дұрыс жолға бастайды деген үміт зор, өйткені ұлттық мүддеден бастау алатын, ұлттық идеяға сүйенетін ұлттық мемлекет үшін бұдан басқа жол жоқ.

Алдыңғы «
Келесі »