АҚЫН ЖАЗСА ӘҢГІМЕ… (Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесін оқығанда туған ой)

  • 20.10.2015
  • 1578 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ғұсман Жандыбаев,
жазушы

Қазақ прозашыларының «өз кезінде» өлең жазбағаны кемде-кем. Бұл – екі себептен. Біріншіден, жалпы, әдебиеттің бас­тауы – поэзия. Екіншіден, өлең – қазақтың «Бесік жырынан» бастап ана сүтімен бірге жұтқан рухани азығы. Кешегі ғасырға дейін қазақтың «әдебиет» деп өлең-жырды айтып келгені де осыдан. Үшіншіден, жоғарыдағы себептерге байланысты, қазақ үшін поэзия «халықтық (ұлттық) жанрға» айналып кеткендей әсер туады: өлең дегенді екі ауыз сөзді ұйқастыра салу деп түсінетіндер аз емес, «қазақ – ақын халық» деген тіркес «қанатты сөзге» айналғалы қашан. Бір қарағанда бұл – жақсылық секілді. Екінші жағынан, батырдың қолындағы қылыштай, хан ұстаған қастерлі аса таяқтай қасиетті жанрды көрінгеннің ала жүгіретін көсеуіне айналдыратын жағдай да – дәл осы. Сөйтіп, біздің қазақта, өлеңді өткел етіп проза жағалауына секіріп кеткендерді айтпағанда, келсін-келмесін «өлең жазу» – екінің бірінің машығы. Жас кезінде «жазып тастаған» өлең, дастандарын еш болмасын деп кеш бастырып жүретін қариялар да жоқ емес. «Кәртейгенде жорға шығып», алпыстан жасы асқанда «ақын» атанып жүретіндер де бар. «Таяқ лақтырсаң – ақынға тиеді» дейтін «мәтел» осыдан шықса керек. Сөйтіп, бүгінде қазақтың романшысы да – ақын, журналшысы да – ақын, әншісі мен әкімшісі, оның атқосшысы да – ақын!


Жә, мейлі делік. Ал, енді, «керісінше», ақын әңгіме жазса ше? Онда не «қызық» болады? Оқырман көпшілік үшін бұл да жаңалық емес. Әдебиетте ежелден бар үрдіс. Пушкиннің «Капитан қызын», Лермонтовтың «Біздің заманның геройларын», Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін», Жансүгіровтің «Жолдастар», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романдарын, Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі мен публицистикалық «Ақан серісін» еске түсірсек те жеткілікті. Демек, әдеби жанрларды «жекешелендіруге», меншіктенуге, біреудің қанжығасына байлап беруге болмайды екен. Осыдан келіп, мәселе – жанрды «бөлісіп алуда» емес, оны қалай игеруде, қалай жазуда екені өзінен-өзі түсінікті болады. Әдеби жанрды өз араларында «бөлісіп алғаны» үшін, соғыс жылдары Орталық Комитетке жазған хатында Бауыржан Момышұлының Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезовтің өздеріне де сын айтқаны тегін болмасқа керек. Жанрдан жанрға өтіп жүріп, жанрдың беделін түсіретіндер де, оның мәртебесін көтеретіндер де бар екені даусыз. Әрине, Лермонтовтың поэзиясындағы асау қан оның «геройларында» да атқылақтап, ойнап тұр және бұл шығармасымен автор орыс әдебиетінің көркем-публицистикалық жанрына өзгеше реңк, өзіндік тың екпінді ағыс қосқан. Демек, ақын Лермонтовтың проза аймағына «енуі» орыс әдебиеті үшін де, автордың өзі үшін де зая еңбек болған жоқ. Әйтсе де, орыс әдебиетіндегі Лермонтов шыңы бұрынғыша поэзия өлкесінде қала бергені тағы рас. Әңгіме, тіпті, мұнда да емес. Ең бастысы – «Геройларды» орыстың бүгінгі жас прозашыларына көркемдіктің үлгісі етіп көрсету ешкімнің ойына да кіріп-шықпақ емес. Ал, Мағжан Жұмабаевтың жалғыз әңгімесі «Шолпанның күнәсі» мен көсемсөз түріндегі «Ақан серісі» … Бұл енді мүлде басқа әңгіме.
Басқа болатыны – әдебиеттегі жолын шағын жанрлардан бастайтын қазіргі жас (тіпті, кейбір көптеген жасамыс та) қазақ прозашылары үшін, жоғарыдағы екі шығарманы, алдарына «көрнекі құрал» ретінде жайып қоюды ұсынуға болар еді! «Жазсаң, тек осылай ғана жаз» дегендіктен емес, жаманды місе тұтып кетпеске, жақсыдан шарапат алмаққа, жақсы мен жаманның бағдарын айыра білмек үшін. Егер, орыс прозасы Лермонтов биігінен әлдеқашан өрлеп кеткендіктен, оған қарайлауы жоқ болса, ал қазақ прозасы үшін мұны айта алмаймыз. Әсіресе, ХХІ ғасырдың табалдырығынан аттап өткен әдебиетіміз алып тұлғалы болсын десек, «ескі» әдебиетті «қайта құрып» жатқан жас күштердің аяқ алысына немқұрайды қарамақ емеспіз. «Бүгін-ертеңгі» бұл әдебиеттің «тілі» қандай болмақ? Танымы мен талғамының, көркемдік құралдарының өлшемдері ше? Өйткені, әдебиет – ұлт рухының көшбасшысы. Әдебиет қандай болады деген – ұлт қандай болады дегенді білдіреді. Егер, біз ұлтымыздың рухын, тілі мен ділін сақтағымыз келсе, онда Мағжанның да және басқалардың да үлгі етерлік еңбектерін «ескі оқулық» ретінде жауып қоюға тиіс емеспіз. Ал, онда олардан нендей өнеге алмақпыз? Осы орайда Мағжан Жұмабаевтың «Шол­панның күнәсі» әңгімесі мен «Ақан се­рісін» қайта ашып қарағанда туған кейбір ойларды ортаға сала кетпекпін.
Сонымен, «Шолпанның күнәсі»!
Мағжанның жоғарыдағы екі шығар­масы да 1923 жылы жазылып, газет-жур­налдарда жарық көрген. Арада 90 жыл. Бірақ алтынның шірімейтіні, асылдың тозбайтыны рас болып шықты. Жанрдың барлық шарттары тұрғысынан қатаң түрде, тіпті, әдетте айта беретініміздей, «бүгінгі күн көзімен» қарағанның өзінде, аталмыш шығармалардан үл­гі алатынымыз бен үйренетініміз жет­кі­лікті. Әсіресе, көркемдігі – көңіл тоғайып, көз тоярлықтай. Мағжан әң­гімесі – өлеңдеріндей мінсіз сұлу! Сол өлеңдердегі өлімді жеңген өршіл рух мұнда да өз биігінен үн қатады. Жастықтан ба, ерке-мастықтан ба, көзсіз махаббаттың құрбаны болған Шолпан о дүниеге бір емес, қатарынан үш күнәні арқалап кетеді: ең әуелі күйеуі Сәрсенбаймен арадағы ойын-күлкілі қызық күндерін әлі бойына бітпеген болашақ баладан қызғанып, Құдайдан «бала бере көрме» деп тіледі. «Ері мен екі ортадағы махаббат оты бәсеңдемей бір қалыпты тұрғаны сол баланың жоқтығынан ғой деп ойлады Шолпан. Үш жыл бойы ері де Шолпанның оттай ыстық, желдей жібек құшағынан басқа ештеңе тілемеген еді…». Құдай да оның осы тілегін бергендей, Шолпан бала тапқан жоқ. Бұл – Шолпанның бірінші күнәсі еді. Бірақ, бұл – өмір тәлкегінің басы ғана екен. Үш жылдан кейін Шолпанның ойы бір-ақ күнде өзгеріп, енді Құдайдан бала тілейтін болды. Алайда сегіз жыл өтсе де бұл тілегі қабыл болмады. «Бірін-бірі қуалап, ой соңынан ой озды, тілей-тілей тілек тозды. Соға-соға жүрек тозды», бірақ, «қайырылып қарау білмейтін, аяу бермейтін өмір Шолпанның да, жүрегінен саулап аққан қанына, қанаты сынып өліп жатқан жанына кідіріп, бұрылып қараған жоқ…». Бастабында «өзім бедеумін бе» деп бақсы-балгерге қаралып, аузынан дұға түспей, аяқ астынан сопы болған Шолпан, түнде Сәрсенбаймен жатқанда мүлде басқа мінез көрсетіп, «денесі өртке, құшағы жалынға, аузы отқа айналды. Сәр­сенбайдың қойнына жата бастағанда, мойнына бұғалық түскен киіктің асау лағындай, өміріне ер затын бірінші рет көретін он үш жасар жас қыздай дірілдеп, күйіп-жанатын болды». «Бойыма бала бітсе» деп, бар ынта-шынтасымен беріліп бақты. Бірақ… күндердің күнінде, бедеу өзі емес, Сәрсенбайдың бедеу екеніне көзі жетті Шолпан пақырдың. Осылайша іштей алысқан, арымен арпалысқан талай күндер мен түндер өтті. Ақыры шарасыз Шолпан ең соңғы шешімге келді. «Теңізден терең, таудан зор күнә қылып болса да, ол бала табуға» бекінді. Сөйтіп, өзіне сүйкеніп, көңілін білдіріп жүретін ауылдағы Әзім­бай деген жас жігітпен бір орайы келгенде төсек ләззатын бөлісті. Күйеуінің көзіне шөп салып, екінші күнәға батты. Әрине, ізгі тілек үшін, бала үшін. «Әзімбайға денесін уақытша беріп, жанын аман алып қаламын деп ойлады Шолпан. Бірақ, ой мен ісі біріне-бірі қабыспады. Үш-төрт айдың ішінде Шолпанның жаны да Әзімбайға құл болып, берік байланып қалып еді…». Шолпанның үшінші күнәсі осы болды. Сөйтіп, күнәға белшесінен батқан сорлының бала көтеріп, бір тілегі қабыл болғаны не керек, мұның соңы ауыл-үй арасының өрттей өсегіне ұласып, бағы жанбаған байғұс Шолпан күйеуі Сәрсенбайдың ауыр соққысынан Құдайдан тілеген іштегі баласымен бірге жарық дүниемен қош айтысады. Өлер шағында «күшпенен көзін ашып, сыбырлап: – Балам қайда? Балам!..» деуге ғана шамасы жетеді. Әңгіменің өне бойынан домбыраның қос ішегінен жарыса шыққан бәсекелес егіз үндей, өмір мен өлім күйі қосарлана, қабаттаса естіліп тұрады. Кейіпкердің трагедиялық халі Мағжан ақынның өз басындағы мұң-шерімен  ортақтасып, бірігіп, астарласып кеткендей. 1918 жылы сүйіп қосылған жары Зейнеппен небары тоғыз ай отасып, ол бала үстінде қайтыс болғанда туған тұңғыш ұлы ол да тоғыз айдан соң аурудан шетінеп кеткен еді. Нәзік жанды ақын жүрегін баураған ауыр қайғы енді оған «Мені де, өлім, әлдиле» деп өлең жаздырған секілді. Жаралы жүрек, қапалы көңіл барлық құсасын осындай бір шерлі де өктем жігерлі жырлармен сыртқа шығарғысы келгендей.
«Қажыдым енді, күш бітті,
Көңілсіз, салқын, күн бұлтты.
Жел бұйығып тербелед.
Әлдекімнің өлгенін,
Оны қалай көмгенін
Әңгіме ғып күңіренед.
Жел, күңіренбе, жасың тый,
Өлім күйі – тәтті күй,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..»
Бұл – өлім алдында басын иген дәрменсіз жанның дауысы емес, сол өлімнің көзіне тура қарап, онымен тепе-тең тілдескен, өр көңілмен тірескен, өмір үшін күрескен қаһарман ердің сөзі. Өліп бара жатып, соңғы күшін жинап көзін ашып, өмірінің гүлін, өзі арман еткен жас сәбидің үнін іздеп сыбырлаған Шолпанның жан дүниесінде де осындай арпалыс бар еді. Оның сыбырлағаны – өлім қақпасының есігінен ары өтіп бара жатып, өзі үшін емес, артта қалып бара жатқан өмір үшін алаңдаған адамның жан айқайы болатын. Осылайша Мағжан ақын Шолпан тағдыры арқылы өзінің шексіз мұңды, түпсіз сырлы жырларындағы өр де тәкаппар лирикалық кейіпкерінің қасіреті мен қасиетін өзге бір реңкте ашып көрсетеді. 
Егер, лирикалық кейіпкер – ақын­ның прототипі дейтін болсақ, онда Шолпанның күнәсі – ақынның өз күнәсі. Бара-бара бұл күнә, үлкен философиялық жобада, жұмақтан қуылған Адам мен Хауаның, түптеп келгенде тағдыры тәл­кек адам байғұстың күнәсі болып, тұтасады. Бұлай деуге негіз бар, өйткені Мағжан Жұмабаев – ХХ ғасырдың Қорқыты (оның «Қорқыт» дастанын жазуы тегін емес), аса зор философ ақын, философиялық лириканың ірі өкілі. Оның әрбір сөзінен, әрбір өлең жолынан философия-қобызының қа­шықтық талғамай алыстан жететін күшті үні естіледі, өлімнен қашқан Қорқыттың қобызы өмір күйін кү­ңіренткеніндей, Мағжан ақынның әйел мен әлем сұлулығына тамсандыра­тын кең ауқымды махаббат жырлары да өз табынушыларының көңіліне күн шуағын құйып, жігерін еселеп, жүректерінде мәңгілік өмір отын маздатады. Ақын жырының, ақын сырының құдіреті осындай. «Шолпанның күнәсі» – Адам ата ұрпағының тәлкекке түс­кен тағдырының, күнәдан тазаруға ұмтылған сәтсіз де болса шексіз-сансыз талпынысының бір куәсы. Ал, «Ақан сері» – көркемдігі әңгімеге бергісіз очерк-мақала. Ақанның өлеңдеріндей көр­­кем, әндеріндей әсем шығарма. Енді, махаббат жыршысы Мағжан махаббат мұңшысы Ақанға айналады. Тағы да сол адам тағдырының симфониясы, махаббат гимні ойналады.
Мағжан Жұмабаев шығармала­рынан бүгінгі-ертеңгі жас ұрпақ, оның ішінде қалам ұстап, ой баққан қауым не алады? Бір ғана сөзбен айтсақ – бәрін де табады. Онда адамға тән жүрек, жан құбылысының бәрі бар. «Педагогика» («Психология») деген көлемді дүниені де бекер жазбаса керек. Мағжан шығармашылығы – жан дүние ғылымы, жүрек ілімі. Тіл мен ділдің, ой мен сезімнің, от пен судың, жан мен қанның қарпысуынан, шарпысуынан туған, күн мен түннің, жел мен жердің табысуынан ұрықтанып, өніп шыққан өміршең әуендер олар, тіршілік пен сүйіспеншілік музыкасы!
Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері ғана емес, әңгімесі мен мақалаларының өзі – бір ғажап поэзия! Жайлаудың мың бояулы жасыл шалғынындай құнарлы, шұрайлы, көркем тілін айтпағанда, сан тарамды тау бұлақтарындай тамырында ыстық қаны тулаған, қалың жыныс ормандай жан дүниесі шулаған, табиғаттың өзіндей тылсым бір әлем. Шығыстан шыққан күндей қайран Мағжанның қазақтың маңдайына біткені – бір қуаныш болса, маңдайымызға сыймай кеткені – мың өкініш. Бірақ бәріміздің бағымызға қарай:
«Сансыз күндер ой астына көмілдім,
Қор болып ем көңілін таппай                                 көңілдің.
Жаспен жасып, оймен азып тозып ем,
Өліп едім, бүгін тағы тірілдім», – деп ақынның өзі айтқандай, Мағжан жырлары, Мағжан сырлары халқымен қауышып, мәңгілік ғұмырға ие болды. Мағжаннан үлгі алу, Мағжаннан үйрену дегеніміз – ғұмыры мәңгілік өнер өнегесін алу.
Мағжан ақын – сұлу жырдың, сұлу сырдың ақыны. Оның әңгімесінің өзі де жыр дедік. Бірақ ақын қай­сы­біреулерше, бастауыш пен баян­дауыштың орнын ауыстырып, «қа­расөзбен жырладым» демейді. Сұлу сыр тоқиды. Сұлу сыры сұлу жыр болып толқиды. Мағжан сырларының, Мағжан жырларының құпиясы да, құдіреті де осында. Алла оған талант сыйлаған, ақын сол сыйды халқына тарту етті. Соның бір айғағы – алдымыздағы «Шолпанның күнәсі» әңгімесі. Ендеше, «Әңгіме жазса – ақын жазсын, ақын жазса – Мағжан жазсын» деген сөз өзінен-өзі ауызға орала кетер еді. Ал, бұл әсте де прозашыларымыздың мәртебесін төмендету де, құқығына қол сұғу да емес, Мағжандай қадірліміздің қасиетін жете тани түсу мақсұтында айтылған бейнелі лебіз деп білсек құба-құп. Мағжанша жылай білгенге, Мағжанша жырлай білгенге не жетсін!
Жаса, мәңгі жаса, Мағжан!

 

Алдыңғы «
Келесі »