ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ ПУБЛИЦИСТИКАДАҒЫ ЕЛДІК МӘСЕЛЕЛЕР КӨРІНІСІ

  • 09.11.2015
  • 1897 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Журналистика жанрларының табиға­тына үңілсек, әрқайсысының осы жүйедегі өзіндік орны бар. Сонымен қатар, бас­қасына ұқсамайтын назар аударарлық  ерек­шелері де жеткілікті. Әлбетте, бұқа­ралық ақпарат құралдарында жарияланатын әрбір материалдың белгілі бір тақырыбы, көтеретін жүгі, мәселесі бар. Осы ретте қадап айтарымыз жанрлық тұрғыдан келгенде әрқайсысының ел­дік, күрделі әлеуметтік мәселелерді оқыр­манға жеткізудегі әдіс-тәсілдері, формалары әрқалай. Бұл эпистолярлық публицистикаға да тән. Өйткені, жанрлар жүйесіндегі басқа «әріптестеріне» қарағанда эпистолярлық жанрдың өзіндік функционалдық айырмашылықтары аз емес. Ой-көзқарасты хат арқылы жариялай отырып, автор еш алғаусыз ағынан жарылады, жүрек түкпіріндегі ең өзекжарды ойларын газет-журнал оқырмандарына жайып салады. Осы тұрғыда зерттеуші А.Тертычныйдың мына пікірі назар аударарлық (автор ойын өзгеріссіз беру мақсатында түпнұсқа тілінде беруді жөн санадық – М.Т.):»… очень часто письмо в газете – это публичный вызов адресату, приглашение на открытую «арену», где он должен продемонстрировать на виду у всех не только свои профессиональные качества или свою власть, но и личное мужество, интеллект, нравственную стойкость. Естественно, не каждый способен выступить в роли рыцаря на турнире, лицом к лицу с оппонентом» [1.125]. Яғни, автор өз пікірін БАҚ арқылы жариялай отырып белгілі бір тақырып төңірегінде ойларын ортаға салып қана қоймай, кей ретте маңызды мәселені дәлелдеу мақсатында белгілі бір оппонентімен «шайқасқа» түсуі де бек мүмкін. Сол арқылы нақты дерек-дәлелдерін көпшілік назарына ұсынады. 


Жалпы, эпистолярия мәселесі едәуір дәре­жеде зерттеу нысанасына айналған. Ол туралы бірқатар ғалымдар (А.А. Елистратова, Л.В.Щерба, Г.О. Винокур, Е.У. Галкина-Федорук, К.А. Долинин) өз зерттеулерін жариялады. Бірқатар ғалымдар (А.В. Курьянович, О.Н. Седова, Л.В. Нижникова, О.Ф. Цыцарина, П.Е. Бухаркин) эпистолярияның жанрлық-стилистикалық ерекшеліктерін зерделесе,   қайсыбіреулері (Л.А. Калимуллина, О.П. Фесенко, Ю.Н. Филиппович, Н.Д. Арутюнова, М.М. Бахтина, А.А. Бешкарев)  лексика-семантикалық құрамының ерекшеліктерін таразылап, оның функциялары мен классикалық композициялық принциптерін (Н.В. Глухих, А.Н. Ковалева, И.А. Вяткина, А.Н. Гвоздев, И.Р. Гальперин) бағамдады,   Е. Мелетинский, Ю. Лот­ман, М. Гаспаров хаттың мифопоэтикасын талдады.
Қазақ журналистикасында эпистолярлық публицистиканың тамаша мысалдары аз емес. Алайда, ол арнайы түрде іргелі зерттеулер нысанасына айнала қойған жоқ. Жекелеген басылымдарда тиіп-қашты мақалалар жарияланғаны болмаса кандидаттық немесе докторлық диссертация қорғалмаған. Бұл жанрдың дамуы, әсіресе, ХХ-ХХI ғасырда ерекше қарқынға ие болды. Ол бастапқыда ұлтымыздың маңдайға басар тұлғаларының өзара хат алмасулары түрінде көрініс тапса, ХХI ғасыр бедерінде заманауи бұқаралық ақпарат құралдарының ерекше қарқынмен дамуы барысында қанатын кеңге жая түсті. Дей тұрсақ та, мұрағаттардағы қыруар хаттар зерттелмей,талданбаған күйі мұрты бұзыл­мастан тұр. Шын мәнінде онда ұшан-теңіз ақпараттық дүниелер қордаланып жатыр. Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Бірқатар республикалық деңгейдегі басылымдар бұл атыраптағы жазбаларға да мән беріп, жекелеген авторлар ұсынған эпистолярлық дүниелерді жариялады. Алайда, ол теңізге тамған тамшымен бірдей десек қателеспейміз. Солардың арасында қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстанда» аракідік жарқ ете қалатын жарияланымдар оқырманды елең еткізуде. Соның нақты бір мысалы, жазушы Шерхан Мұртаза мен публицист Камал Смайыловтың республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің беттерінде 1996-1997 жылдары жарияланған хаттар циклы. Бұл хаттарды қазақ эпистолярлық публицистикасының классикалық үлгісі деп сеніммен айтуға болады. Ол хаттар кейіннен «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» деген атпен жеке жинақ болып та шығып, одан кейін екі қаламгердің де таңдамалы шығармаларының көптомдық жинақтарына енді. Бір айта кетерлік жайт, хат жазысқан екі адамның ойлау дәрежелері мен ақыл-білімінің қарайлас болғаны оқырманды да желпіндіріп отырады. Біреуінің ойы екіншісінікінен әл­деқайда асып кетсе, бесті мен құлынды жарыстырғандай әсер қалар еді. Ал, мына, жағдайда екі қаламгер ауыздықпен алысқан қос сәйгүліктей бір-бірімен тең дәрежеде пікір бөліскен. Шерхан Мұртаза белгілі жазу­шы болғанымен білімі мұхиттай терең Камал Смайыловтың эрудициясын мойындап әрі шын пейілімен атап көрсетіп,ризалығын білдіріп отырады. 1996 жылғы 12 шілдеде жарияланған «Алтын сандықтың кілті кімде?» атты хатында Шерағаң бүй дейді:» Камал дос! «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Қазақстан. ХХІ ғасыр» атты көлемді мақалаңды оқып, (25 маусым, 1996 ж.) көңілім әр саққа жү­гірді. Бір себептен сүйсіндім. Бір себептен…күмәндімін.
Сүйсінгенде, алғырлығыңа, жур­налис­­тік тапқырлығыңа сүйсінемін. Біз болсақ «Қазақстан ұлан-байтақ, Қазақстан бай» деген жалпы ұғыммен сөйлейміз. Сен болсаң, сол байлықты нақты цифрлармен сөйлетесің. Цифрлар сенің құлдыраңдап жүгіріп жүрген жиендерің сияқты. Тіпті, жердің жеті қат астында жатқан байлықтың бәрін грамдап өлшеп, есеп-шотты сарт-сұрт еткізіп, тиынына дейін шығарып қоясың. Сөйтесің де «Қазақстан қазба байлықтары – 10 триллион доллар!» деп бір-ақ тоқ еткізесің» [2.257-258].
Бұны хас тұлғалардың, ірі таланттардың ірілігі, бірінің жақсылығына екіншісінің сүйсі­не білетіндігінің нақты көрінісі демеске лажың жоқ.Осы арада Ресейдің көсемсөзді зерттеген ірі ғалымы В.В.Ученованың «В то же время у журналистики для ведения политической деятельности есть надежное оружие – публицистика. Под последней понимается совокупность актуальных популярных политических текстов, предназначенных для массового распространения и воздействия на текущие политические процессы посредством их оперативного документально-эмоционального отражения» [3.10] деген сөзі еске түседі. Яғни, эпистолярлық публицистиканы қоғам­дық пікір қалыптастырудағы қару ретінде пайдалана білу керек.Осы орайда «Өнер алды-қызыл тіл» деген нақылды еске алудың да артықшылығы жоқ. Ал, қоғам­дық-саяси ойды қалыптастыруда белгілі кө­семсөзшілердің көшелі ойларының маңызы ерекше екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас.
К.Смайылов пен Ш. Мұртазаның хат алмасуларында еліміздің өміріндегі өзекжарды мәселелердің  көптеген қырлары талданған. Екі автор да өз пікірлерін мемлекетшілдік, азаматтық, ұлтжандылық деңгейде  тебірене төгілдірген. Ойлары терең һәм мағыналы, дәлелді. Жүрек түкпіріндегі қыжылдарын да еш жалтақтаусыз, өткір түрде лекілдете отырып оқырман назарына ұсынған. Келесі хатында Камал Смайылов өзіне тән зеректікпен, энциклопедиялық білім терең­дігімен оқырман қауымға өте қызықты ақпараттарды жайып салған.  «Дос Шерхан! Сенің «Егемен Қа­зақстанда» «Қазақстан. ХХІ ғасыр» атты мақалама байланысты хатыңды мұқият оқып шықтым. Осындай бір күдік-сұрақтың сенің тарапыңнан болатынын сезіп жүр едім. Сен бұдан бұрынырақта бір жерде «Қазақстан жері миллиард адамды асырай алады» деп айтқанымда, «О не дегенің, оны білсе, андыздап отырған көршілер лап беріп, бас салатын болады!» деп қорқыныш айтқансың. Шынында, бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымы мамандарының ғалымдар берген деректер негізінде жасаған қоры­тындысы. Осыған орай тағы бір дерек бар. Біздің қазіргі Жер-Анамыз (сен өте аянышты жазғансың оның жәйін) кемінде 20-30 миллиард адамды асырай алады және де тамағын тоқ, көйлегін көк етіп, жарасымды тіршілік жасауға мүмкіндік береді екен. Адамдардың ақылы жетсе, саясаткерлердің рахымы болса, жердің жомарттығында шек жоқ. Бұл аңқылдаған ақкөңіл оптимизм емес, кәдімгі нақты есеп, дерек. Иә, бұл – мүмкіндік, ал оны жүзеге асыру басқа мәселе», – деп көшелі ой-толғамдарға жетелейді әріптесін [2.260-261] дейді. 
Ой-толғамдары қаққан қазықтай нық, деректері дәлелді, пікірлері пайымды. Сөз саптасынан жергілікті емес әлем­дік деңгей менмұндалап тұр. Тағы бір таң қалдыратыны, Камал Сейітжанұлы әріп­тесінің ойын алдын-ала анық бажайлап, сол ретте де жүрек тебірентерлік толымды тұжырымдарын төгіп-төгіп жібереді. Бұдан артық қандай тебіреніс болмақ ? Бұл – парасатты публицистің терең толғанысы, ұлтжанды азаматтың шаруа қожа­лықтарына жанашырлықтан туған ұтымды ұсынысы, жүрекжарды жанайқайы. Шындығында, кез-келген Үкімет ең алдымен өз елінің мүддесін бірінші кезекте ойлап, бүкіл ұлттың темірқазығы,тірегі іспетті ауыл шаруашылығын кешенді дамытуға, ондағы қарапайым қандастарымыздың жағдайын жасауға міндетті. Көсемсөзші К.Смайылов осы өзекжарды мәселені әріден қозғап, билік тұтқасын ұстап отырған шенеуніктерге де өрелі ой тастап отыр. Біле білгенге бұл жазбаларда ертеңімізге елеңдеу, «қалай ел боламыз» деген күретамыр бағыт-бағдарға тиісті министрліктердегі шен-шекпенділердің назарын аудару ниеті айқын аңғарылады. Осындайда белгілі зерттеуші Акоповтың мына пікірі еске түседі: «Письмо – это жанр публицистики, представленный в виде обращения какого-либо автора к какому-либо адресату, содержащего текст на социально-политическую,экономическую, куль­турно-бытовую или иную тему, имеющий общественное значение и предназначенный для опубликования. Авторами писем могут выступать отдельные граждане, группы людей, коллективы предприятий и их руководители, общественные деятели, -объединенные какой-либо партийной, корпоративной, про­фессиональной принадлежностью или просто общими взглядами [4.4.]. Осы пі­кір­дегі «жекелеген азаматтар», «қоғам қайраткерлері», «кәсіби тұрғыда біріккен» деген тіркестер хат алмасып отырған екі тұлғаны аңғартып тұр. А. Акоповтың «немесе жалпы көзқарасы» деген сөзіне арнайы мән берсек, біз тілге тиек етіп отырған қос қаламгер елдік мәселелерде ірілігімен көзге түскен қоғам қайраткерлері. Өзара жазысқан хаттарында екеуі де көкейлеріндегі ойларын іркілмей айтқан. Соның тағы бір мысалына назар аударалық. Шерағаң «Алтын сандықтың кілті кімде?» атты хатында жер мәселесін жүрегі қан жылап отырып жазады. Мына жолдарға назар аударалық: «Мысалы, Ресейге жалға кеткен Байқоңырдан қазір оқтын-оқтын, еміс-еміс бір ызалы, өкінішті үндер естілгендей болады. Ата-бабасынан бері қарай мәңгі-бақи сол жерде өмір сүріп келе жатқан қазақтарға Ресейдің азаматтығын алмаса, жұмыс бермейтін көрінеді. Өз елінде, өз жерінде отырып Ресейдің аза­мат­тығын ал, әйтпесе, қайқайып тұр. Екінің бірі. Мүмкін, сенде басқа деректер бар шығар. Лайым, менің естігенім қате болғай» [2.258], – дейді тебіреніп.  Осы жолдардан-ақ қарымды қаламгердің шығар­машылық шыңға шыққандығын, көсемсөздік қуат-қарымын аңғару қиын емес. Осындайда профессор Т. Амандосовтың «Публицистика – дәуір үні» деген аталы сөзі еске түседі. Шынында, қос көсемсөзшінің – адресат пен адресанттың арасындағы парасатты пікір алмасулардан замананың жүрек дүрсілі, уақыт үні айқын естілетіні шүбә келтірмейді. Тура осы сәтте зерттеуші Б. Л. Модзалевскийдің мына бір пайымы ойға оралады: «Хаттар бізге жазушының ақыл-ойы мен ең құнды жақтарын аша отырып, оның бүкіл жұртшылық алдында жасырған құпиясын әшкерлейді» [5.3]. Шерағаңның жер туралы айтқанына Камал Смайылов тұшымды жауап қайырып, әлеуметтік мәселелерге де назар аудара кетіпті. 
Елдік мәселелерді еркін талдаған екі жур­налист-жазушының үнқатысуларын оқып отырғанда бір-бірлерінің ой-пікір­ле­рін толық­тырып, шыңдап отыратынын аңғару қиын емес. Эпистолярлық публицистиканың басты ерекшеліктерінің қатарынан саналатын бұл түйінді жайт Ш.Мұртаза-К.Смайылов «дуэтінің» ерекше бір артықшылығы деуге толық негіз бар. Әрине, шағын мақалада қос таланттың мұ­қым хаттарын талдап шығу қиын. Бұл болашақта жазылатын іргелі зерттеудің кіріспесі дей тұралық.

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті,
филология ғылымдарының 
кандидаты

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Тертычный А.А. Жанры периодической печати Учебное пособие М.: Аспект Пресс,  2000 г.
2.  Смайылов К. Үш томдық шығармалар жинағы, -Алматы: «Қазығұрт» баспасы,2003. Том 1.-448 бет.
3. Ученова В. В. Исторические истоки публицистики. – М., 1972. С. 10
4. А. И. Акопов. Аналитические жанры публицистики.Письмо.Корреспонден­ция.Статья. Изд-во Инс-та. массовых коммуникации. -Ростов-на-Дону,1996.
5. Модзалевский Б.Л. Предисловие к кни­ге Пушкин. Письма.т. I, М. -Л.,1926.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!