Қаһарман хан бейнесі мен қасиеттері

  • 09.11.2015
  • 1712 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ықпалы күшті ер еді,
Киімді бала тудырған.
Алтынды қылыш будырған,
«Абылайлап!» ат қойып,
Жауды көрсе, қудырған.
Көп сарғайтып келмедің,
Кенехан, саған не болды?!
Дорбадан жемін жегізген,
Қысырдың сүтін емізген,
«Басқыншы қалың жау келсе,
Алып шығар!» дегізген,
Кенекемді қалдырып,


Көкбурыл саған не болды?! – деп Нысанбай жырау ерлігін, өрлігін, қайтпас қай­сарлығын еске алып, сағынышпен жыр­лаған қазақ халқының 1837-1847 жыл­ғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, соңғы ханы Кенесары Қасымұлы жайында ел арасында жыр, аңыздар көп та­раған. Со­лардың алғашқысы Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастаны бол­са, одан кейін Ж. Шайхыисламұлының   «Нау­рызбай-Ханшайым», авторлары бел­гісіз «Қарақас-Кенесары», «Саржан батыр», Дос­қожаның «Қоштасу жыры», Көкбайдың «Абы­лай мен Кенесары», М. Сералиннің «Топжарған», Н. Ахметбековтің «Жасауыл қырғыны», Қ. Бекхожиннің «Батыр Науан» тарихи дастандарының шығуы, М. Әуезовтің «Хан Кене» пьесасының, І. Есенберлиннің «Қаһар» романының жазылуы жайдан-жай емес. «Кенесарының қайғы-өкінішімен біткен жорығы қазақ баласының барлығына да қадірлі, қасиетті әңгімедей болып көп жайылған. Бұл жырдың көп жайылуына екінші бір себеп болған нәрсе – Кенесары ісінің өзге батырлардың ісінен әлдеқайда ірі, әлдеқайда көлемді оқиға болғандықтан туды», – деп М. Әуезов жазғандай, бұл – ел сүйіспеншілігі, ерлікке тағзым, өшпес ескерткіш!
Ер намысы – ел намысы, ел намысы – ер намысы! Кенесары өз басының қамы үшін емес, ел намысын ойлап, сол жолда күресті, сол жолда мерт болды. Сондықтан да, ол ел жадынан өшпейді. Айбынды, асқақ, аяулы, арлы тұлғаның бейнесі жыр жолдарына айнала бермек.
Патша үкіметі 1822 жылы «Сібір қа­зақтары туралы Жарғы» шығарып, бұрынғы қалыптасқан хандық құрылым мен билік үлгілерін жойды. Қазақ елін ресейлік басқару жүйесіне көшіріп, біржола сіңіріп жіберуді көздеп білгенін істеп бақты. Қазақтың құнарлы топырақты, орман-тоғайлы ай­мақтарын иемденіп, Ақмола, Ақтау, Қызылжар, Көкшетау әскери бекіністерін салуы, Солтүстік, Шығыс Қазақстанның шұрайлы жерлерін алуы, алым-салықтың өсуі халық наразылығын тудырмай қоймады. Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық қозғалысын алғаш Ғұбайдолла сұлтан бастаса, кейін оны Саржан сұлтан, Кенесары, Наурызбай жалғастырды. Кенесары орыс пен қазақ арасындағы қарым-қатынасты, татулықты, бірлікті қалап, патшаға хат жолдағанымен, онысынан түк шықпады. Сондықтан да, елін ысырып, қонысынан қуып, қонышынан басқан басқыншыларға қарсы шықпай қарап отыра алмады, намысқа мініп, қарсы ұмтылды. Сол намысты ер Кене Хан  батырдың халық қадірлеп, жырға қосып, қастерлеген қасиеттері қандай еді?
Нысанбай:
Ақылы дария Кенекем,
Хан еді мойынсұнбаған, – десе, Жүсіпбек Шайқыисламұлы:
Хан болды Кенесары Орта жүзге,
Жайылды әруағы өзге елге.
Хакім боп жеті жұрттан иығы асты,
Жарамас шөп шалуға басқан ізге.
Анасы Наурызбайдың бөлек еді,
Өзінің қатарынан зерек еді.
Дүниеден қайран ерлер өтіп кетті,
Қазақтың баласына керек еді, – деп жырлайды.
Хакім бұл жерде әкім деген ұғымда емес, дана деген мағынада айтылып тұр. Кенесары да, Наурызбай да өз қатарынан асып туған, ел қамқоры болған адамдар. Осы екі шумақтың мықтылығы соңғы тармағында жатыр. Шындығында да қазақтың баласына Кенесары мен Наурызбайдай намысты ерлер талай керек болды ғой!
  Сондықтан да болар, Омар Шипин де:
Ерлігі Наурызбайдың ерен еді,
Хан Кене ақылдасқан зерек еді.
Ортада оба ағаштай терек еді,
Екеуі қапылыста өліп кетті, –
Қазақтың баласына керек еді, – деп Жү­сіп­бек ойын дәлме-дәл қайталайды. Тарихшы Е. Бекмаханов: «Аңызға қарағанда, Кенесары тым кішкентай болып туыпты, оған ат қойған адам титтей нәрестені алақанына салып тұрып: «Өзі құрттай ғана екен, ендеше аты «Кене Сары» болсын» депті.  [Бекмаханов Е. «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында». -Алматы: «Санат», 1994. -55 б.], – деп көрсетсе, «Кенесары» жырында:
«Кене емес Кенже дейтін әуелгі аты,
Баламның Кенжесі деп, осы – арты.
Түсі сары күреңдеу болғандықтан,
Кенесары деуге де түскен сәті.
Кенедей шықшытында болған меңі,
Кене деп қалар елдің көрсе көзі.
Үлкен де, кіші де емес, күрең қызыл,
Жабысып тұрған бейне кене өзі.
Біреу Кенже дейді екен, біреу Кене,
Екі аты ортақ болып бір өзіне,
Төртінші ұл – Наурызбай туылған соң,
Кенже деу лайықсыз өз көңіліне.
…Кене десе, кенедей өзі дағы
Кенедей жабысады іске орнықты» [«Кенесары», «Бабалар сөзі», 29 т. 242 б.], – деп, жоғарыдағы аңызда айтылғанды растай түседі.
Кенесарының түрі, бет-әлпеті, бойы қандай адам болғаны жайында өзі көзімен көріп, араласқан Наурызбай Шегенов: «Кенесары орта бойлы, ашаң, таңқы мұрындау» кісі болғанын айтса [ҚРҒА 25 қор, І-тізбе, 2/2-іс, «Бүлікші сұлтан Кенесары Қасымовтың іс-әрекеті жөніндегі жазбалар], Кенесарының бейнесін оны көрген адамдардың айтуы бойынша жазып алған Б. Салтабаев: «Кене хан арық­ша келген, орта бойлы, жуан мойынды еді. Оның  жүзі  қараторы, тартымды, көздері жал­тылдаған, бүркіттікіндей қызыл және танауы делдиіңкіреген еді. Кішірек мұрты және қалың, сары қоңыр шоқша сақалы бар. Ол аз сөйлейтін және өзін қаталдау, бай­­салды,  үлкен бір  бекзаттықпен ұстайды. Ол басына  құндыз терісімен көмкерілген кі­шігірім тері тымақ киеді. Киімдерінің сыртынан түйе жүннен тоқылған сұр шекпен жамылып,  оның ішінен кәмшат терісінен тігілген тон киеді. Жейдесі мен шалбары ақ матадан қолдан тоқылған» [Салтабаев Б. Қырғыз тарихының материалдары. КРҰҒА қолжазба қоры], – дейді .
Халық ақыны Нұрхан Ахметбеков «Жасауыл қырғыны» дастанында ішік жамылып, аюдың бөстегінің үстінде отырған Хан Кенені былайша суреттейді:
Төртбақтау адам екен бойы тапал,
Қайқы мұрт, бурыл жирен селдір сақал.
Қой көздер тарамданып тарғыл                               тартқан,
Отты ұшқын зәреңді алып оқтай атар.
Дөң мұрын иегіне біткен еңкек,
Секілді кесек томар жатқан келтек.
Кетеді кейде ілгері, кейде кейін,
Сөйлесе, басындағы алтын телпек.
…Бір кенеп көкірегін, шаңқ етті Хан
Кірпідей тікірейтіп селдір мұртын [Ахметбеков Н. «Жасауыл қырғыны», -Алматы: «Ел-шежіре», 2007. -193-194 б.б.]. Дәлме-дәл болмаса да жоғарыда көрсетілген Хан бейнесі, киген киімі бір-біріне сәйкес келіп, бір-бірін толықтырып тұр. Нұрхан ақынның Кенесары көзінің отты ұшқын шашып,  адамның зәресін алатынын суреттеуі де шындыққа жанасады. «Наурызбай-Ханшайым» дастанында Кенесары Ханшайымды көріп, көркіне қайран қалып:
Басқа әйел түлкі болса, құндыз екен,
Аспанда анық Шолпан жұлдыз екен.
Туды деп адамзаттан кім айтады,
Перизат, Хорлығайын нұр қызы екен.
Науанжан жарын тауып алған екен,
Әйелден бар Құдайым салған екен.
Деуші еді: «Қосылмайды екі жақсы»,
Айтқаны бұрынғының жалған екен», – деп тамсанады. Көп ұзамай-ақ Ханшайым Кененің көзі тиіп, талып қалады да, үш күннен кейін дүниеден өтеді. «Кенесары» поэмасында да Хан Кененің көзінің өткірлігі айтылады:
Бір мең бар оң көзінің құйрығында,
Көрінбес жайшылықта қарағанда.
Таңырқап, я сұқтанып тесірейсе,
Нұрланып көрінеді ар жағында.
Тігіліп басқа жанға сұқтанбайды,
Тамсанып көзі түссе, сау қалмайды.
«Көз түсті, тілі тиді» дейді халық,
Кейінірек айтармын осы жайды.
Жалтылдар түн шамындай көзқарасы,
Жетімдікке көңілінің жоқ аласы.
Бөрінің құнан көкжал арланындай,
Қасымның артта қалған төрт баласы.
Тағылым ап жақсыларды жүрген                 жақтай
Кішіні аяп, үлкенге құрмет сақтай.
Атаның абыройы, дәулетімен,
Келеді жаужайынан адам қақпай [«Кенесары» Бабалар сөзі. 29 т. -243 б.]. Кенесарының үстіне шекпен жамылып отыратыны, не киіп жүретіні, түсі сары, келтек мұрынды, бойы аласа, өткір қой көзді, төртбақ адам болғаны көптеген еңбектерде айтылады. Қаһарман ханның сол бейнесі ол жайында  жазылған жырларда да қайталанады. И.Ф.Бабков: «Хан кене өзінің киімін де әскери қолбасшыларға сай таңдайтын. Жалтыраған эполеттері бар, барқыттан тігілген шекпен киген қолбасшыдан алшақтау жерде ту көтеруші жауынгер тұратын. Ұзын найзаларын көлденең ұстаған сардарларының ортасында хан өз серіктерінен оқшау көрінетін» [Бабков И.Ф. Мои воспоминания о службе в Западной Сибири» к.н. СПБ., 1912.-29 б.], – деп жазады.
Ақын Әбубәкір Қайран «Кенесары» деп аталатын  поэмасында:
Түйе жүн сұр шекпенін серпіп тастап,
«Алла!» деп Кенесары атқа қонды» [Жұлдыз,№1,1911.5 б.], деп, Хан Кененің киі­мін түстеп, кескін-кейпін, іс-әрекетін де көрсетеді.
Кенесары жаужүрек батыр ғана емес, білікті қолбасшы да бола білген. Орыс тарихшысы Н.Н.Середа Кенесарының ұлы тұлға, мәртебелі әмірші екендігін, оның рухы дәм берген жауынгерлерге еуропалық әскер қолбасшыларының өзі қызыға қа­райтындай болғанын айтады. «Жортуылда жолындағының бәрін жайпайтын дала дауылындай екпінді де тегеурінді Кенесары хан ешбір бөгет алдында кідірмейтін, – дейді. – Қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып, шамырқандыра түсіп, көздеген мақсаты жолындағы тос­қауылдарды талқандар керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кене­сарының осындай қасиеттерін көшпенділер ерекше бағалап, жанын пида етуге дейін баратын».
«Кенесары» жырында Кене ханның жас кезіндегі бір ерлігі суреттеледі.
Кенесары екі бірдей ағасының өліміне себепкер болған  ташкенттік Бектербекпен бетпе-бет кездесіп қалады. Кездессе кек алуды ойлап жүрген Кенесары Бектербекті жекпе-жекке шақырып, «Әуелі, Бектербегім, кезек саған, //Қазақта мақал бар: «өзбек-ағам». //Кіші тұрып, үлкенге жол береді, //жасы үлкенді біз қазақ дейміз ағаң» – деп Бектербекке қасқиып қарсы қарап тұрады. Бектербек көк найзасын ала  ұмтылғанда, Кенесары қағып үлгіреді. Қатты қол, ауыр найза мықынынан сауытын жарып кетеді. Қайтарып, қайта найза дәлдегенше Ер Кене жауын желкеден салып өтеді. Бектербек омақаса жығылып,  мойны үзіледі. Кенесары енді қасындағы  серіктеріне ұмтылғанда олар «ағатайлап» қаша жөнеледі. Қуып жетіп Саржанды қылышпен шапқан Қамалды атынан аударып түсіреді. Екіншісі «баяғы қылышты Керім екен, Саржанның «хатты орысқа берді деген.// Өз қылығын өзіне оған да қып, // Қашқанын тағы қуа жөнеледі. Оны да бел асырмай ат үстінен көтеріп алып, алдына салып, шыңғыртып уәдесін алады:
–Үй, батыр ойбайлама,
Серттессек, тұрамысың уағдаңа.
«Бектербектің өлгенін көрдім» деп бар,
Кейінгі келе жатқан палуандарыңа [«Кенесары», Бабалар сөзі, 29 т. -286 б.]. Ағылшындық Томас Аткинсон Кенесарының қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярла­ғанын, олардың найза мен айбалтаны тамаша игеріп, өздерінен күші басым, жаудан қаймықпай соғысатынын, жеңіске жететінін естігенін айтып: «Егер, білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең мықты атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән» дейді.
Ресей отаршылдары жерімізге ендеп кіріп, Көкшетау маңына да қоныстана бастаған тұста Кенесарының «Абылай ханның Руссиямен жасасқан шартын бұзғандарына көніп отыру бізге ұят. Құдай қаласа, барлық қазақтың басын қосып, Абылай хан дәуренін қайта орнатуымыз керек. Алла тағала өзі бізге жар болғай [Кенесарыұлы А. «Кенесары және Сыздық сұлтандар». – Алматы: Жалын, 1992. -8 б.], – деуінен-ақ оның ел намысын ойлайтын  ары биік, баба өсиетіне адал азамат екенін аңғарамыз.
Ақын Қалижан Бекхожин:
Жүрегім өрт болады ер дегенде,
Ерді айтсам еңіреген ел дегенде.
Ежелден ерлік істі елім сүйген,
Сондықтан сүйсінемін ерге мен де, – деп тебірене жырлап, «Несі бар өткенінде бұл қазақтың, //Тәйірі-ай, көшіп қонып жүріпті-міс» дейтіндерді түйреп өтеді. «Ашынса аспандағы айға» ұмтылған, Арқадан аруақты ұлдар шыққанын» мақтанышпен айтып, қазақ халқының ешкімнен кем болма­ғанын жігерлі, өткір өлең жолдарымен жеткізеді. «Асыр сап ат үстінде өскен елміз, Найзаны нажағайға теңегенбіз» деп оқушысына өршіл рух беріп,  Кенесарының ерлігін, өрлігін мадақ етеді. Дұшпанынан Абылайлап кек алуға аттанған Кенесары тұлпарының тұяғы Арқаны дүбірлетіп, Шығыста жеті жұртты шулатып, Батысқа атқан оқтай барып, даңқы алысқа кеткенін айтады.
Сескенткен айбынымен жеті жұртты,
Жұңғар мен шүлдірлеген жау шүршітті.
Арқаның аруақты батырлары
Бір кезде тау теңселтіп, жер сілкінтті.
Сарнатып жел қобызын есе тартып,
Ерліктің әсерімен жыршы шалқып.
Сөйледі қанша батыр өтседағы
Солардан Кенекемнің айбыны артық! [Батыр Науан «Қазақ әдебиеті» 20.09.2002].
Ақынның асыра айтуы сенімді, өлеңнің соңғы екі жолы Мағжан Жұмабаевтың :
Арқада Көкшетауға жер жетпейді,
Басқа жер көңілді ондай тербетпейді.
Арқада Көкшетауға жер жетпесе,
Қазақта Кенекеме ер жетпейді, – деген жолдарын еске түсіреді.
Ілияс Жансүгіров «Күйші» поэмасында:
Жанжалды үй арасы ұшасынып,
Арыстан отыр төрде тісі ақсиып, – деп Кене Ханды арыстанға теңеп суреттейді. Ра­сында да Кенесарының мақсат-мүддесі ауыл арасындағы күбір-сыбыр, дау-дамай пен­де­шіліктен аулақ, тым алыста болатын.
М. Әуезовтің «Хан Кене» пьесасында Кенесары «Мен сүйенер өмір, мен жұбанар үміт қалған жоқ… бұдан арғыны көргенше Алланың ақ бұйрықты ажалы келсін», – деп торығады. Ол бұл сөз рухани қажып, күйреп, жеңілгендіктен айтып, өлім тілеп отырған жоқ. Ол қайратты, қайсар, өр, өжет. Ол үшін туған елінің тәуелсіздігі жолында күрестен бас тарту – өлімнен де сорақы. Кенесары өз қамын емес, ел қамын жеп күйзеліп, күңіренеді. Ел намысынан артық не бар?!
Кенесарының шындықты сүйетіні, ағы­нан жарылып, ақиқатын айтқан кісіге кешірім жасай білетіні Мұса Шорманұлының мына әңгімесінен байқалады. Кенесары көтерілісіне маңайдағы ауылдар түгелге дерлік қосылғанда Шорман ауылы Ерейменнің етегінде жалғыз қалады. Бұған қатты ашуланған хан «Көшетін болса, тезірек көшсін, көшпесе  ауылын шауып келіңдер» деп жүз сарбаз беріп Қанжығалы Тастан батырды жібереді. Мұны  естісімен қаржастар орыс өкіметіне еріксіз елден ауып бара жатқандарын, көтеріліске қарсы екендіктерін, Кенесары әскерлерінің саны мен қандай қарулары барлығын, елдің көбі ру басы батырларынан қорқып еріксіз қосылып жатқанын, мұндай топтың қолдауымен ұзаққа  бармайтынын, орыс­тар  шабуыл жасаған күні-ақ барлық мал-мүлкі қолға түсіп, әскері жан сауғалап қашып кететінін айтып хат жазып, бір орыс жігіті мен қара түнде қарсақ ізінен жаңылмайтын, жер бедерін жақсы білетін  Қарақашқын дегенді ертіп түн жамылтып аттандырады. Қарақашқын қапыда қолға түседі. Киім-кешегін, аттың жал-құйрығын сүзіп, ертоқымының киіздерін кескілеп тінтеді, ештеңе табылмайды. Ерді сындырып қарағанда, ердің қасын қашап, қаптал мен қастың арасына  тыққан Мұса Шорманұлының тыңшылық хабарын тауып алады. Қарақашқынның қол-аяғын кісіндеп қамал, Хан әскерлік-қолбасылар кеңесінде хатты оқытып, талқыға салады. Кеңес мүшелері Мұсаның бұл ісін Кенесарының өзі шешуін қалайды. Хан Мұсаны шақыртады. Мұсаны  қасына еріп келген Қасқарау деген  жігітпен қосып өлім жазасына бұйрылғандар жататын үйге қамап тастайды.
Арада біраз күн өткеннен кейін Мұсаны Хан ордасына алдырып, амандық-саулық сұрасқаннан кейін:
– «Мен сенен бір сөз сұрайын: өмірде шын сөз айтып көрдің бе?» – дейді хан.
– Тақсыр,  мен  кімнің  алдында  тұр­ғанымды  жақсы  білемін. Шындық мұ­ратқа, өтірік ұятқа жеткізеді. Қандай сөз сұрасаңыз да, мен шындықты айтамын,- дейді Мұса. 
– Қазақтың  өз  алдына  ел  болуына,  осы  жүрген   елдің  сол  мақсатқа қарай бас қосуына не себепті, қарсы болып жүрсің, соны айт, – дейді хан Мұсаға.
Мұса бар ойындағысын жасырмай ақтарып айтады. Кене Хан кешірім жасайды [«Кенесары туралы Мұса Шорман­ұлының әңгімесі» Жұлдыз, № 8, 1990. -198 б.].
Кенесарының малға, дүние-мүлікке қы­зықпағанын «Наурызбай-Ханшайым» жы­рын­дағы мына жайттан байқаймыз. Наурызбай Ханшайымға қолына түскен олжа – Үш мың бес жүз жылқыны түгел қалдырып, еліне құр қол оралады. Кене Хан оған өзінің оң жағынан орын беріп:
– «Қырық жігіт, есен барып, келдің бе аман?
Тарылды сен кеткелі маған заман.
Жылқысы Тілеуқабақ көрінбейді,
Қой десем, болмап едің, жері жаман, – деп тұспалдағанда, Ер Науан болған жайды баяндап:
Бұралып талшыбықтай бойға жеткен,
Іс болса айтыңыздар бізден өткен.
Жұмыстың бастан-аяқ жайы солай,
Уа, аға, лайық па екен бермей кеткен? – дейді. Сонда, Кене ханның көңілі толып:
Жылқы алғаннан бұл ісің он есе артық,
Шақырайын той қылып, оң мен солды, – деп той қамына кіріседі.
Кенесары хан жайында бір жарым ғасыр бойы айтылып, оның ерлігі кейінгі жастарға үлгі-өнеге болып келеді. Кешегі Желтоқсан  да Кене Хан басқарған ұлт-азаттық көтерілісінің жалғасы іспетті. Егемен ел болуымыз – даңқты бабамыз арманының жүзеге асқаны!

Серікбай ОСПАНҰЛЫ,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық 
институтының профессоры,
Күлзада Мырзағалиева, 
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

  Пайдаланылған әдебиеттер: 

Бекмаханов Е. «Қазақстан ХІХ ғасыр­дың 20-40 жылдарында». -Алматы: «Санат», 1994. -55 б.
«Кенесары», «Бабалар сөзі», 29 т. 242 б.
Алматы: Жалын, 1992. -8 б.
Батыр Науан «Қазақ әдебиеті» 20.09.2002.
Жұлдыз, № 8, 1990.  -198 б.].

Алдыңғы «
Келесі »