БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ БАТЫРЫ

  • 09.11.2015
  • 1068 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Өмірзақ АҚЖІГІТ,
журналист

«Адамды құртуға болар, бірақ, 
жеңуге болмайды».
Э. Хемингуэй.

Иә, қадірлі оқырман біз тақырыпты дәл осылай қойдық және бұл жерде ешқандай асыра сілтеушілік жоқ деп білеміз. Философия ғылымының докторы атанған ат төбеліндей аз ғана қазақтың бірі, атақ-даңқы бір басына жететін, бірақ, ақшасы жоқ адамды пайғамбар жасына келгенде газет шығаруға итермелеген қандай күш? Ол күш — халқына деген сүйіспеншілік. Сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі сүйіспеншілік. Тәуелсіздіктің бақ құсы екі жүз елу жыл дегенде басына қайта қонған халықты дұшпандары бесігінде тұншықтырғысы келді. Шетелдің ақшасына арқа сүйеген олар ақпарат майданында қазақ ұлтына қарсы жаппай шабуылға шықты. Ашық түрде және тұрақты түрде. Нарық екі өкпесінен бірдей қысқан қарапайым халық нан табудың қамымен әлек болды. Зиялыларымыз ше? Бұғып отырды. Бұғып отырдық. Бәріміз. Әлі бұғып отырмыз. Міне, он жылдан асты, майданда жалғыз, жеке батыр Алдан Айымбетов қана соғысуда. «Один в поле не воин» дейді орыстар. Жоқ, бұл ереже қазаққа жүрмейді. Жүрмейтініне Алдан ағаның ерлігі куә. Үш мың жылдық тарихында қазақ халқының тағдырын жеке батырларының ерлігі шешіп келген. Жасы күні кеше желтоқсанның 29-ына 73-ке толып отырған, терісі сүйегіне әрең ілініп тұрған, айқайламасаң естімейтін құлағы ауыр, бар қорегі қара шай мен ащы темекі Алданға күш-қуат беріп отырған қалың қазағының махаббаты, тілегі мен батасы. Халқымызда қазір «ұлттың ар-ұяты» деп атауға болатын екі-ақ адам болса, біреуі немістен туған қазақ Герольд Бельгер, екіншісі қазақтың өзінен шыққан Алдан Айымбетов. Ол бүгін өз өкіметі «менің жұмысымды істеп отыр ғой» деп ең бірінші етіп марапаттаудың орнына сый-сияпаттан мақұрым қалдырып, он жылда газетін екі рет жауып, өзегіне теуіп отырған адам. Ертеңге – аңыз. Жүз жасаңыз, Алдан аға, сіз халқыңызға әлі керексіз!

«Казахская правда» бұдан 
5 жыл бұрын

 – Осы газетті шығаруыңызға не түрткі болды?
– Түрткі көп. Орыс тілінде шық­қаны – ойымыз өзге ұлттарға жетсін дегенім. Қазір елімізде қатерлі жағдай қалыптасты. Өкімет басында отырғандар мен ақша жасап жүргендер орыс тіліндегі басылымдарды ғана оқиды. Екі ұлтты шағыстырып жүрген алаяқтар орысша жазады. Оларға орыс халқы да келісетіндей орыс тілінде жауап қажет.

– Қазақтың ортасынан ойып орын алған «Караван» секілді газеттердің пайда болуы неліктен деп ойлайсыз?
– Бұл біздің сайлап алған бастық­тары­мыздың бос белбеулігі. Бір де бір мем­лекет мұндай жағдайға төзе алмайды. Біз орыстілділердің көңілін қалдырып қоймаймыз ба деп жалтақтаймыз. Мәселе, халқың менен арыңның алдында таза болу ғой. Тек зиялы қауым ондай ерлікке бара алмайды. Себебі, олардың көбісі сатқын, қара басының қамын ұлттың мүддесінен әлдеқайда жоғары қояды.
– Елбасымыз ұстанған бағыт туралы не айтасыз?
– Президенттің басқа халықтарды қазақ тентектерінен қорғауы құптарлық. Десек те, қазақтың түбегейлі мүддесі үшін Елбасыға әлі де біраз тер төгуге тура келеді.

«Казахская правда»  бүгін
«Қазақстан ұлты» дегеннің 
артында не тұр?

 – Осыдан біраз жыл бүрын «жаңа қазақтар», жас қазақтар, байлықтың буына мас қазақтар «төлқұжатқа қазақ ұлты деп жазбайық» дегенде зиялыларымыз дүрлігіп кетіп еді. Енді бүгін «Қазақстан ұлты» деген идеяға қарсы олардың өре түрегелмеуі неден?
– Өре түрегелмеу – қазақ зиялылары түгелімен осы идеяны қолдайды деген сөз емес. Әңгіме мынада. Бұл пікір – Елбасының аузынан шыққан пікір. Ескіден қалған «ұлықпен тіреспе, палуанмен күреспе» деген сөз бар емес пе? Содан кейін Елбасының ойында не тұр? Оны да түсіну оңай емес. Оны бір кезде өзі айтады. Мен соған сенемін. Бұл сөз осылай айтылған күйінше қалып кетпейді, оған бір күні Президентіміз қайта оралады. Сонда қандай оймен айтылғаны, халық қалай қабылдағаны, дұрыс қабылданды ма, жоқ па, осының бәрі сыртқа шығады. Сондықтан, ол кісінің алдын орап бір нәрсе айту орынсыз болады деп ойлаймын. Елбасымыз «Қазақстандық ұлт» деп ой тастап қойды. Ғалымдар мәнісін ашып бермесе, әзірге қарапайым халық бұл ойдың ар жағында не барын түсіне қойған жоқ. Мүмкін Президент тағы да бір сөзінде бұл ойды анықтап айтып кетер.
– Бұл идеяның шығу себебі неде деп ойлайсыз?
– Білмеймін. Мүмкін біздің еліміз көп ұлтты болғандықтан қазақтар өзге ұлт өкілдерін бауырына бассын деген ниет шығар.
– Баршаның баласын бауырына басқан ұлт біздей-ақ болсын… Зиялы қауымның кейбір өкілдері бұл идеяны тікелей қате деп жатыр ғой, сіз қалай ойлайсыз?
Оның дұрыс-бұрысын уақыт көрсетер. Қалай болғанда да, қазақтың тәуелсіздікке қолы әлі толық жете алған жоқ. Қазаққа қазіргі таңда өзіміздің ішімізден келетін жау жоқ-ау деп ойлаймын. Қазақстанда тұрып жатқан халықтар ішінен не ойлап жатқанын өздері біледі, бірақ, қазаққа қарсы ашық ешнәрсе істей қоймайды. Менің қаупім сыртқы елдерден. Әлемдегі АҚШ бастаған үш алып мемлекеттің екеуінің – Ресей мен Қытайдың қыспағында қалып қоймас па екенбіз, солардың біреуіне жем болып кетпес пе екенбіз деген қаупім бар.
– Жем болып кетпеудің жалғыз жолы бәріміздің бір адамдай болуымыз ғой.
– Иә, оның солай екені рас. Бірақ, бұл жолда бізге патриоттық сезім жетіспейді. Мен «Казахская правда» газетін шығара бастағанымда ешкім маған қол ұшын берген жоқ. Әлі де сол бермеген күйі келеді. Ақшасы барлар «мынау өзі ұлтшыл газет екен, бізге зияны тиіп кете ме» деп қорықты. Үкіметтегілер болса, мен оларды сынап отыратындықтан көмек бермеді. Міне, он жылдан аса бір өзім жұмыс істеп, ауруға да шалдығып отырмын. Бірақ, ауырғаныма қарайтын шамам жоқ, жұмыс істеуге тиіспін. Әзір маған ауруға да болмайды… (Алдан ағамен бұл сұхбат ауруханада алынды – авт.)

Санымыз аз, сапамыз да шамалы…

– Қазір халқымыздың саны аз екені белгілі, ал, сапамызды қалай көтереміз?
– Біздің елімізде қазақтың үлесі ең кемі 80 пайызға бармай сапа көтерілмейді. Өйткені бізде ұлттық сезім нашар. Қасымыздағы өзбектердің өзі бұл мәселеде бізден әлдеқайда биік тұр. Олардың өзінің тіліне, ән-күйіне, жалпы ұлттық құндылығына деген құрметтері айрықша. Балтық жағалауындағы латыштар секілді өзінің елінде ұлттық үлесі көп болмаса да сана-сезімі жоғары дамыған елдермен бізді салыстыруға мүлде болмайды! Олар даму жағынан орыстардың өзінен жоғары тұр. Ленин кезінде Финляндия, Польша секілді елдерді уысынан шығарғысы келмеді, бірақ, ұстап тұра алмайтынын сезген соң амалының жоғынан жіберді. Біз үшін сана-сезімімізді күшейтудің жалғыз жолы – санымызды көбейту. Ол үшін сырттағы қазақтарды көптеп көшіріп әкелу қажет. Шетелдердегі 5 миллион қазақтың тең жартысы келсе де көп мәселе шешілер еді. Біз болсақ келген қазақтың өзін өзекке теуіп, кейін қайтуға мәжбүрлеп жатырмыз. Мен оралмандарды әкелумен айналысатын ҚР Көші-қон және демография агенттігінің жұмысын сынап, соңғы кездері бірнеше мақала жаздым. Агенттіктің бұрынғы бастығы Алтыншаш Жағанова жасына қарамастан сыланып, сипанудан қолы тимеген адам. Көшіп келген қазақтың қамын ойлаудың орнына қайтсе Мәжіліске депутат болудың қамымен жүрген Жағанованың депутат болуына кесірімді тигіздім. «Осы агенттіктің адамдары оралмандардан пара алады» деп, газеттер шулап жазып жатады. Басшы адам осындай істерді тікелей назарында ұстап отыруға тиіс қой. Шет елдердегі қазақтарды көшіріп әкелудің біздің ұлттық рухымыздың оянуындағы орны орасан зор.
– Бүгінгі таңда еліміздегі мемлекеттік тілді жүйелі, белсенді, батыл түрде енгізе алмауымыздың себебі неде?
– Бұған себеп, біріншіден, Үкімет осалдық жасап отыр, жалтақтық жасауда. Үкімет «мекемелерде қазақ тілі енгізілсін» деп айтуын айтады, бірақ, оны өкшелеп істетпейді, қадағалап отырмайды. Бір сөз шығып кете ме дейді. Баяғы жалтақ қазақ.
Тәуелсіздік алғанымызға 13 жыл болды. Талай белден астық. Аяғынан қаз-қаз тұрып келе жатқан мемлекетті етегінен тартушылар кезінде көп болды. Тіл мәселесінде болсын, басқа мәселеде болсын, бұрыннан қазақ халқын езіп-таптап қалған халықтар өзінің бұрынғы әдетін әлі де істегісі келеді. Оларға бәрін бірден тастай қою оңай емес. Мұны да түсіну керек. Орыстар қазақ жерінде қашаннан өз үйінде, өз жерінде тұрғандай сезінді. Ал, біз болсақ жетім бала сияқты солардың аузына қарап жалтақтап, олардың тілін үйренгенде орыстың өзіне үйрететін жағдайға жеткенімізге мәз болып, өмір сүрдік. 270 жылдай біз орыстың қол астына қарағанымызда патша кезінде болсын, кеңес кезінде болсын олардың әкімдері де, үлкендері де басқа халықтардан гөрі осы қазақты жек көрді ғой. Қазақты олар, тіпті, адамсынбады да. Өзбекке де, татарға да тісі онша батқан жоқ, Кавказ халықтарын, тіпті, еркелетіп жіберді. Халықтардың ішіндегі ең қоры қазақ деп ойлады, соның зардабы әлі келе жатыр бізде. Тізесі әбден батып қалған, тағы да бір нәрсе деп қоя ма деп, қорқақтай береміз. Кеңес одағындағы ең езілген халық, ең езілген ұлт біз болдық. Орысша айтқанда, олар бізді, тіпті, «презирать» етіп келді. Қазақты адам қатарына қос­пауы олардың әдетіне айналды.
Жылдар өте келе қазақ өзін көрсете бастады. Мен нарық басталған кезде «сауда білмейтін қазақтың жағдайы қалай болар?» екен деп уайымдап едім, жоқ, халқымыз заманның бағытын түсініп, өмірден өзіне тиесілі орынды ала бастады. Міне, осы жағдайда қазаққа бұрынғы көзқарас өзгере бастады. Қазақты мен­сінбеу, оны мазақтау кішкене азая бастады. Әлі де, мемлекеттік тілдің іске аспай жатуы – соның дәлелі.
Содан кейін үкіметтегілер жауапкер­шіліктен қорқады, орнымыздан айы­рылып қаламыз деп ойлайды. Сосын зиялы қауымның тарапынан белсенділік көрмеймін. Бізде «Қазақ тілі» деген қоғам бар ғой академик Әбдуәлі Қайдари деген азамат 15 жыл болды бір орында отырды. Жалпы, ол кісіні өзім сыйлаймын, одыраңдаған мінезі жоқ, сындырған нандай сыпайы адам. Бірақ, кездескен жерде мен ол кісінің әлтек-тәлтегін шығарамын. «Ей, қалай бұл,15 жылдан бері қазақ тілінің арқасында жер шарын аралап біттің. Түркияға шапқылап барып келесің де тұрасың. Тіпті, түріктердің орденін де алдың. Мен мына Қаскелеңге неше жылдан бері баруға шамам келетін емес. Сөйтіп жүрген сен қазақ тілін көркейтуге не істедің, осы?» деймін ғой. Ләм-мим демейді. Ол да орнынан ай­рылып қаламын ба деп қорқады. «Президент боламын» дегендерден қазақ тілінен емтихан алады. Өңкей сондай бір жауапсыз жұмыстардың қасында жүреді. Бір себебі осындай аға буын зиялылардың жалтақтығында.

Олжас ортақ тұлға бола ала ма?

– 2006 жылғы Президент сайлауы үлкен текетіреске апарып соғады деп ойламайсыз ба?
– Текетірес әлбетте болады. Ол бүгін-ақ басталды, ал, кейін, тіпті, күшейеді. Өйткені, Президентке қарсы оппозициядағылар да бірігейін деп жатыр. Олардың да көзі ашылып келеді. Баяғыда, мынау, Сырдың бер жағында бір адам арғы беттегі қайықшыны түнде ояттырып, шақырып жатқан көрінеді. Қайықшы: «Сен кімсің сондай-ақ мені түнде оятатын?» деп сұраса, «Мен теріскейдің Сәкейімін» дейтін көрінеді. Сол айтпақшы, Сәкейлер қазір көбейді ғой. Олар бұған дейін бір-бірімен күресіп, бірікпей келді. Енді, бірігеді. Бірақ, кімді ортадан шығарады, мәселе осында. Үлкен талас болуы мүмкін, дегенмен, түбі бір адамға келіп тоқтайды.
– Ал, бар ма ондай адам?
– Қажыгелдинді ұсынар еді, оны ешкім сайламайды.
«Ақ жолдың» ішінен біреуді лайық көруі мүмкін. Сосын, Тұяқбайдың да бөлініп шыға келуінде гәп бар. Мен сол Тұяқбайдікі президенттік сайлауға дайындық-ау деп ойлап қаламын.
–Қажыгелдиннің «барлық оппози­ция­лық күштер «Ақ жол» Партиясының айналасында біріксін» деген ұсынысына қалай қарайсыз?
– Оның айтып отырғаны оппозицияны Назарбаевқа қарсы біріктіру, ал, біздің көздейтініміз қазақ ұлтының бірігуі. Олардың көкейін тесіп бара жатқан нәрсе қалайда билікке жету, қазақты ойлап жатқан олар жоқ. Біздің ойлайтынымыз қазақ халқының қамы. Бұл екеуі мүлдем екі бөлек дүние.
– Жақында Заманбек Нұрқаділов «келесі Президент сайлауына ортақ тұлға ретінде Олжас Сүлейменовті де ұсынуға болады» дегендей пікір айтты. Сіз не дейсіз?
– Олжас, әрине, өте талантты адам. Ақыл-ойы керемет терең. Бірақ, жалпы бізге «Олжас,, Олжас» дегенді қою керек. Біріншіден, Олжас қазақша білмейді. Екін­шіден, ол қазақты адамсынбай, мен­сінбей қарайтын адам. Олжаста ұлттық сана-сезім жоқ. Баяғыда ол «Халық конгресі» деген партия құрды. Сол партияның Олжаспен тең төрағасының бірі Мұхтар Шаханов мені шақырып, партия бағдарламасының ұлттық саясат туралы бөлімін жазуды ұсынды. Бірнеше күннен соң бағдарламаны түзушілер Олжастың кабинетіне жиналдық. Менің кезегім келді. Олжас отыр, оның қарсысында мен отырмын. Мен жазғандарымды оқып отырмын. Соның ішіндегі «Возрождение казахской нации» деген жеріне келгенімде, Олжас орнынан ұшып тұрып: «Убрать эти слова!» деді. Мен де орнымнан атып түрегелдім. «Какого черта тогда вы созда­ете партию!» деп, қолыммен столды қойып қалдым. Екеуміз осылайша бетпе-бет келіп қалдық. Үшіншіден, оның жасы да келді, алға қарай баспайды. Олжас – саяси өлік. Онда бедел жоқ. Ол ешнәрсе істей алмайды. Оның себебі бар. Бейнелеп айтсам, оның аяғына кісен салулы тұр. Сондықтан, Олжас Үкіметке қарсы ештеңе айта алмайды, қорқады, тыныш отырады. Міне, он жылдан асты, бір ауыз ләм-мим демейді.

Ұлттық идеология орнығар 
күн қайда?

– Он үш жылдан бері бізде ұлттық идеологияның орныға алмауының сыры неде?
– Біріншіден, «ұлттық идеология» деген не, соны анықтай алмай келдік қой. Оның элементтері қандай? Анықтап жатқан жан баласы жоқ. Қайда ұмтыларыңды білмей тұрған соң, орнықтырудың да реті келген жоқ. Сен Мәскеуге барғың келсе, ұшақпен барасың ба, пойызбен барасың ба, мәшинемен барасың ба, бір шешімге келіп аласың ғой. Ал, біз болсақ әйтеуір ілінгенімен кетіп бара жатырмыз.
Ұлттық идеология дегеніміз негізін, тоқетерін айтар болсақ – қазақтың ұлт­тық мемлекетін құру. Мәселені осыдан бастау керек.
 Бұған басшылар әлі жалтақтап келе жатыр, әлі жалтақтап келе жатыр. Басты себеп, міне осында.
– Он екі жылдық білім беру жүйесіне; жоғарғы сыныптарда жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде өту деген идеяға қалай қарайсыз?
– Мен бұған қарсымын. Ағылшын тілін үйренуіміз керек, оған дау жоқ. Міндеттіміз. Бірақ, мектептің соңғы сыныптарында пәндерді ағылшын тілінде өту деген менің қазақ ретінде намысыма тиеді. Ағылшын тілінде мектепте сабақ беру үшін ол тілді игеру өте жоғары деңгейде болу керек. Ондай дәрежеге жету үшін Лондонда, Манчестерде тұру керек,  сол жақта тілді үйреніп, бойға сіңіру керек. Сондықтан, мен бұл бастамадан ештеңе шықпайды деп ойлаймын. Бұл далбаса! Біраз жылдан соң өздері де мойындап, мұнымыз қателік болған екен дейді. Кезекті бір қателік. Дәл осындай болады, көресің де тұрасың.
12 жылдық білімге келетін болсақ, мұны мен түсінбеймін. Менің ұрпағым, бізден кейінгі де талай ұрпақ білім алып шыққан кеңестік білім жүйесі өте дұрыс жүйе болатын. Рас, ондағы идеологиялық, әсіресе, қоғамдық пәндердегі ғылыми коммунизм, маркстік-лениндік фило­софия деген сияқты біржақтылықты алып тастау керек. Ал, жаратылыстану пәндерін сол күйінше қалдырған дұрыс. Мысалы, Киселевтің геометриясындай геометрия болған емес, болмайды да. Ларичевтің алгебрасы, Брадистің төрт таңбалы логарифмдік таблицасы сияқты кеңес кезінде жасалған керемет дүниелерді лақтырып тастауда қандай қисын бар? Оларды қалдырған дұрыс.
Баланы 6 жастан оқыту – оның миын қолмен ашыту деген сөз. Екінші сыныптан математика өткен деген не сұмдық? Онда балаға шешесінің құрсағында жатқанда арифметиканы үйретуіміз керек шығар. Мен сондықтан қазіргі сабақтың түрі көп, сағаттың саны көп заманда баланы 12 жыл оқыту дегенге түбегейлі қарсымын. Көп, құрғақ теорияның орнына спортпен айналысуға, үйірмеде шұғылдануға, мамандық игеруге көбірек коңіл бөлген жөн.
– «Бір ай Ақпарат министрі болсам» деген бұрынырақта айтқан бір сөзіңіз бар еді. Бір ай министр болсаңыз не істер едіңіз?
– Біріншіден, алдыңғы сұраққа айтқан жауабымның бәрін кіргізер едім. Ең алдымен 12 жылдық білім дегенді жояр едім. 12 тұрмақ, 11 жылдық дегеннің өзі дұрыс емес. Мен 10 жылдықты қайта енгізер едім. Екіншіден, шетел тілін үйрену деңгейін көтерер едім. Қазіргі балалар шетел тілінің қажеттігін түсініп қалды. Кеңес кезінде шетел тілін білсең жақсы, білмесең де жаман емес, еш қиналмай күн көруге болар еді ғой. Қазіргі таңда бизнес болсын, ғылым болсын ағылшын тілін білмеу қиындық тудыратынын жастар жақсы түсінеді. Тек осыған тиісті жағдай жасалу керек. Үшіншіден, мұғалімнің мәртебесін көтерген болар едім. Мұғалімнің ешуақытта бізде беделі биік болған емес. Әр облыста өзінің пединституты болды, бірнеше педучилищесі болды, ол оқу орнына негізінен басқа институтқа түсе алмағандар барып түсіп жүрді. Міне, қазір тағы да пединституттарды қолға алайын деп жатыр. Қолға алса алсын, бірақ тағы да аяқ асты болып кетпесін. Сондай-ақ, мұғалімдердің айлығын міндетті түрде көбейту керек және пайыздап емес, еселеп көбейту керек.
– Сіздің Заманбек Нұрқаділов туралы пікіріңіз өзгерген жоқ па?
– Жоқ, өзгерген жоқ. Әрине, оның азаматтық қасиеті бар, оны жоқ деуге болмайды. Қасқырлығы да бар. Сыртынан қарағанда, менің бұдан да бұрын бір рет жазғанымдай түрі сондай «мәмбетоватый» болғанмен, ақылсыз деуге болмайды, ақылы да бар. Онда бәрі де бар. Бірақ, оның қалай десем екен, мінезінің ұрда-жық, әпербақандығы тағы бар. Қазір ол «оппозиция жағына біржолата шықтым» деп жүр ғой. Дегенмен, Президент шақырып алып жақсы жұмыс берсе кетіп қалады-ау деймін. Алматы қаласына әкім бол десе, ол ұшып барады. Барады да, басқаша сөйлейтін болады.

«Қарапайым қазаққа қалталы қазақтан қайран жоқ»

 – Сіздің «жаңа қазақтардан» көмек сұраған кезіңіз болды ма? Ал, олардың өздерінің сұратпай жәрдем берген сәті кездесті ме?
– Менің ишара жасаған кезім болды. Мынандай бір: 
Дарияның суы шалқып, сыртқа теппес,
Ішіне үйрек қонып шайқалтпаса.
Біреудің жайын біреу қайдан білсін,
Осындай ишарамен байқатпаса, – деген сөз бар ғой. Мен ишарамен байқаттым, бірақ, ешқайсысы қол ұшын беруге жарамады. Ал, қарапайым қазақ сүйсінетіндігін білдіріп, батасын беріп жатады. Ол, тіпті, жанын беруге дайын, бірақ, қолында ақшасы жоқ. Ақшасы бар қазаққа қарапайым қазақтың керегі жоқ. Сондықтан, мен өз күнімді өзім көріп келе жатырмын.
– Ұлттар арасына жік салып, от жағатын «Караван», «Мегаполис» секіл­ді басылымдармен айтысып, үкімет органдарының бұл мәселеде атқарар ісін сіз ат­қарып келесіз. Ол үшін алған алғысыңыз болды ма?
 – Мен ешқайсысынан ешқашан алғыс алған жоқпын. Мен Гиллердің кезінде «Караванмен» айтысқанмын. «Караванның» ажалы менен болады!» дегенмін. Сол сертімде тұрдым – Гиллердің «Караванының» үнін өшірдім. Одан кейін «Казахстанская правданың» редакторы Срыбныхтың есігін теуіп шығып бара жатып: «Запомни, моя фамилия Айымбетов, ты будешь жалеть, что на белый свет родился» дедім. «Мен сенімен ұстасқанда айрылмайтындай ұстасамын» дедім. Оны қудым жұмыстан.
«Мегаполис» болса әп-әжептеуір газет болып келе жатыр еді, болып та кетер ме еді, бірақ бұл газет келді де қазақты жамандай берді, қазақты масқаралай берді. Кейде, тіпті, түрі келіспеген, моңғол, қалмақ сияқты қазақтың суретін басады. Ия көз жоқ, ия мұрын жоқ, ия мойын жоқ, бір сұмырай! Осыны «қазақ» деп көрсетеді. Мен соған қарсы болдым. Мен, тіпті, өзімнің суретімді бастым, қасына Ахас Тәжутовтың суретін қатар қойдым. Мынау сен моңғолсың, ал, мен европалықпын, ал, мен сияқты толып жатыр. Сен мынау қазақтың қызы деп бір сұмырайды көрсетіпсің. Мен өзімнің немере қызымның суретін салдым. Көзі танадай жарқыраған. Неге сен қазақты төмендетесің?
Сосын ол тарихта да қазақтардың саққа ешқандай қатысы жоқ деп жазады. Мен оны да ғылыми тұрғыдан тас-талқан етіп шықтым. Тәжутов кетті, кейін қазаққа тиісуін қойды. Газеттің редакторы қазақ, бірақ, бойында қазақтың қаны жоқ неме еді. Кеше ғана ол да кетті. Алда қалай болады, өмір көрсетеді. Меніңше, әзірге ақын айтқандай «покой нам только снится»…

«ЕВРАЗИЯ KZ» 
газеті, №03, 31.12.2004 жыл.

 

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!