ОЙЛЫ ЖИНАҚ – ӨЛШЕМІ

  • 30.11.2015
  • 553 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,
«Ақиқат»

Писать о стихах сейчас  почти 
так же трудно, как писать стихи.
Ю.Тынянов

Шынында да, бұл күндері өлең жазу қаншалықты күрделі болса, ал, ол туралы пікір-тұжырым, ой айту да соншалықты қиын. Өйткені, қазіргі қым-қиғаш, қар­балас кезеңде поэзия ел-жұртқа керек пе? Керек болса,  оның үлгісі, яғни, по­шым-порымы, мазмұн-мәні қандай, әрі қаншалықты болуы тиіс. Кім оған қалай келеді? Міне, бұл уақыт мінбесінен бірде-бір түспей келе жатқан мәңгілік сұрақ. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, ұстаз, ұлағатты тәрбиеші Ғалым Мұтановтың «Айналаңды нұрландыр» жыр кітабы оқырман жүрегіне қалайша жол тартып, жыр сүйер қауымды несімен тамсандырып, қаншалықты көңіл сүйсіндіреді. Аталған жинақты оқып отырып, орыс ақыны Евгений Винокуровтың: «Для меня поэзия – это прежде всего мысль» – деген сөзі есіме түсті. Бұлай дейтініміз,  назар­ларыңызға ұсынылғалы отырған жыр жинағының негізгі желісі – автордың ой-өлшемі өрнегінің көрінісі, жемісі. Жалпы, ақылды поэзияға көтеру Абай дәстүрі десек, оны жалғастырушылар Қадыр мен Жұмекен болатын. Ол сол қалыпта бүгінгі күнге дейін созылып келеді.

Созыла береді. Өйткені, өмір мен адам ғұмыры, қоршаған орта негізі соған жетелейді. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, біз  Ғалым Мұтанов жыр жинағын оқу барысында осынау ойға бекерден-бекер берілген жоқпыз. Себебі, «Айналаңды нұрландыр» жыр кітабы – ойлы азамат-ақын туындысы. Ақын өзінің негізгі мамандығынан тыс, поэзияға ден қой­ғандағы мақ­­саты оқыр­манды ой­ландыру, сол ар­қылы Абай, Ыбырай, Ахмет Бай­тұрсынов секілді зиялыларымыздың дәс­түрі – ағар­ту­шы­лықты да жал­ғастыру. Со­ларға үн қосу. Ұр­пақ сабақ­тастығын көрсету. Ал, бұған әркім әр түрлі жолмен келіп, сан алуан мақсат-мұрат, тәжірибеде қол жеткізеді. Яғни, уақыт көшінің үзілмеуіне ықпал ету. Осы тұста ақынның «Осы көш» өлеңіне назар аударып көрейікші. Өлең: 
Біреу ерте, біреу кеш,
Тоқтауы жоқ осы көш, – деген толымды ұйқас жыр жолымен басталып:
Санаспайды уақытпен,
Кетер  алып  кезекпен, – деп түйін­делетін ойды толымсыз ұйқас мәнерінде жеткізеді. Қажым Жұмалиевтың «Әде­биет теориясына» жүгінсек, осы бір өлең шумағындағы қатар өрілген толым­ды және толымсыз ұйқастың басты сал­мағы ойға негізделген. Уақыт көшінің көрінісіндей көрінген бүгінгі тыныс-тіршілігіміз өлең тілімен өрілгенде, нә­зік лиризмге қарағанда сал­мақты ойға жетелейді. Ақын «Әрбір адам – жолаушы» дегенде лек-легімен келіп жататын ұрпақ сабақтастығының не­гізін сол көштен іздейді. Жалпы, Ғалым Мұтанов поэзиясындағы ой өлшемі сезімді қы­тық­тайтын нәзік лиризмге қарағанда, фило­­софиялық категорияға жататын бол­­­мыстың табиғатын аңғартады, әрі мең­­­зейді. Автор өзінің саналы ғұмырын ғылым мен ұстаздыққа арнаумен бірге, табиғатынан болмысына қасиетін қанағаттандыру үшін, ол ақын ретінде өзімен өзі оңаша қалады. Автор өлеңдерін біреулерге арнап емес, өзінің талап пен талғам тілегін қанағаттандыру жолындағы көңіл толғанысын, ой тол­ғамын, өмірден түйіп, көрген-сезгенін өлең тілінде сөйлетеді. Осындайда есіме белгілі ақын Константин Симоновтың: «Если Вы пишете стихи просто для собственного удавольствия и если это Вам доставляет минуты радости, то пишите их», – дегені түседі. Міне, осыған қарап, атақты ақынның айтқанындай «Айналаңды нұ­рландыр» жыр-жинағы авторының жүрек­жарды сырлары мен ой өлшемдегі өр­нектері оқырманға же­тіп жатса неге қуан­басқа. Неге тілге тиек етпеске. Атал­ған жинақтағы ерек­ше­ліктерді де сол тұстан іздеген жөн. Ақын кейбір кездері шабытқа ерік бергенде «Аясында тірліктің» деген төкпе, бірақ, аумалы-төкпелі ырғақ буын легінде әрі толқындағы  жыр жолдарына да бой алдырады. Осы бір жырдағы қазақ ауыз әдебиетіндегі жыр үлгісіне жататын төкпе ұйқастың көрінісі бізді еріксіз елең еткізді. Назар аудартты. Енді, өлеңнің өзіне жүгінелік: 
Аясында тірліктің, 
Жүріп жатыр алмасып. 
Жинағаның мен бергенің, 
Жоғалтканың мен тергенің. 
Көргенің мен көрмегенің, 
Құлдырауың мен өрлегенің. 
Қуанғаның мен күрсінгенің, 
Сүйсінгенің мен күйзелгенің 
Тойғаның мен аш болғаның, 
Асқаның мен сасқаның. 
Үлгергенің мен қалғаның, 
Алғаның мен қалдырғаның. 
Ұттың ба, әлде ұтылдың? 
Оны кейін білерсің. 
Жинақтап барып барлығын, 
Жеткенде, мәресіне өмірдің. 
Міне, назарларыңызға ұсынып отыр­ған өлеңнен көркемдік пен суреткер­ліктің озық бір үлгісінің көрінісін көре алмайсыз. Себебі,  өлең табиғаты оны кө­термейді. Көтер­мейтіндігі, аталған жыр­­­­дағы философиялық ойдың жемісі мен құрылымы қазақтың шешен­дік өне­ріндегі шеберлікке келетін рито­рикалық дидактикалық және мазмұнды да, мәнді сөз өрнегін­дей әсер беруінде. Бұл көне жыр үлгісі, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда ақ өлең мәнеріне келетін мақам. Ал, енді, оның одан бір ғана айырмашылығы төкпе жыр үлгісіндегі толымды ұйқасқа баратын тұстары. 
Жалпы, бүгінгі  поэзияның табиғаты сан алуан. Олай болатыны, күрделі уақыт­тың табы қандай да жағдайда өнерге әсер етпей қоймайтындығында. Ал, сол сөз өнерінің бірі  – поэзия. Бағамдай қарағанға, қазіргі жаңа бір кезеңнің тыныс тіршілігі де жоғарыда айтқанымыздай поэзияға да ықпалын тиігізбей тұрмайтыны анық. Ақынның:
Уақыт өте құндылығы артады,
Жас ұлғая өзіне ол тартады, – деген тол­ғауында сол уақыттың табы жатыр. Бұл «Туған жердің топырағы» атты өлеңнен алынған қос жол. Ой өлшемімен қарасақ, шынында да, адамның жасы ұлғайған сайын, оның бүкіл болмысын туған жеріне деген ұлы махаббат тартып тұратыны рас емес пе? Ендеше, сол өлеңдегі:
Туған жер әркімнің өз жұмағы,
Болса да әртүрлі құрамы, – деген толымсыз ұйқастар арқылы өзінің туған жерге деген ыстық сезімін білдіруі, ендігі бір жерде лирикалық кейіпкердің көзімен де, сөзімен де автор:
Сенде туып, адам болып жаралды,
Сенде өсіп, қасиетінен нәр алды, – десе, неге ақынға сенбеске. Өлең толымсыз ұйқастан, толымды ұйқасқа алмасқанда, ол өзімен бірге ой логикасын да нықтай түседі. Осы өлеңдегі үш шумақтың өн бойындағы қайталанып отыратын «Туған жердің топырағы»  деген жолдың мән-мағынасы да осында жатыр. Бұл өлеңнен адам табиғаты мен поэзия табиғаты арасындағы ойшылдық өлеңге барынша үлкен салмақ сала келе, автордың жан сырын ашады. «Айналаңды нұрландыр» жыр-жинағында мұндай ойға құрылған өлеңдер көптеп кездеседі. Мысалы, ақынның «Көңілге қаяу түс­се…»,  «Жетегінде көңілдің», «Адам солай жаралған», «Тағдырдың жазғаны», «Жақ­сы адам», «Арлылық» секілді  тағы да басқа өлеңдері соның айғағы. 
Жинақтағы адамды тағы бір ойға қалдырып, толғандыратын жырлар қата­рына жататын өлең «Жастық шақ». Онда, автор:
Бәрі де таза, бәрі де ақ, 
Оралмайтын ол бір бақ. 
Үмітімен сәні көп, 
Тойыменен әні көп. 
Артта калды қол бұлғап, 
Қызуы мол жастық шақ!
Иірімі жоқ бұл ағыс, 
Әкетті мені тым алыс. 
Өзіңде өткен жаз бен қыс, 
Болды қазір сағыныш. 
Өмірдің өтіп көктемі, 
Жақындатты күзді енді.
Табиғатта әр маусым, 
Қайталайды алмасуын. 
Өмірінде адамның олар, 
Бар-жоғы бір рет болар. 
Мезгілге өткен адамдар, 
Оймен ғана ора­лар! – дейді. Осын­дағы толымды да, толымсыз ұйқас жолдарынан тұратын тұтастық адамды жастық шағын еске алумен бірге, өмір көшіндегі тағдырдың таби­ғатпен байланысын ойлы жеткізеді. Мұнда да ақын философиялық-ой­лы өлең табиғатына орай толымды да, толымсыз өлең ұйқасы өрнегі мен үлгісінен бір танбайды. Бұ да көңіл-күй толғанысының өзіндік бір көрінісі. Қалыбы. Маған осы өлеңдегі тақырып тұтастығы ұнайды. Бұл поэзия тынысының кеңдігі мен ақынның табиғаттың төрт мезгілі арқылы көз көріп, көңіл түйгенді жыр жолына түсірудегі шеберлігінің көрінісі. Адам жанының тол­ғанысы, оның сөзінің ақиқаты. Мұн­дайда оны сырттан бақылағанға қарағанда, оған жүгінген жөн. Бұны айтып, бұлайша толғап отыр­ғанымыз, бізді ақынның «Көңілге қаяу түссе…» деген бір шумақ өлеңі соған жетеледі. Иә, көңілге қаяу түскенде автор-ақын айтқандай:
Көңілге қаяу түссе намыстан,
Кеуде де күйзеліп, күйер жан.
Жүректен қатты алқынған,
Шабар басқа ыстық қан.
Міне, осы бір шумақтағы ой түйіні – аумалы-төкпелі көңіл-күйдің көрінісін толымды әрі толымсыз ұйқас арқылы нақты, сосын нанымды және жинақы жеткізеді. Автор көз алдыңызға жүректің алқынған, жиі соққан кезіндегі басқа шапқан ыстық қан толқынын келтіріп, көңіл алаңдайды. Толқытады. Бұ да ақын жеңісі, жыр-жемісі. Яғни, оқырманды бей-жай қалдырмауы.
Әрине, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, Сөз басында айтқандай поэзияға әркім әртүрлі келеді. Сол жолда әркім, яғни, әр ақын өзіндік қалам қарымын танытады. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, Ғалым Мұтановтың «Айналаңды нұрландыр» жыр-жинағының өзіндік ойлы оқырманы бар. Өйткені, бұл жинақ сол ой өлшемінің ақындық көрінісі, көңіл мен жан толқынысы, ой өлшемінің жемісі. Ендеше, ақынға осы жолда  сәттілік тілейміз.

 

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!