МИФТІК СЮЖЕТТЕРДІҢ КӨРКЕМДІК-ЭСТЕТИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ

  • 26.02.2016
  • 1760 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мақалада мифтік танымның қазіргі әдеби туындылардағы көркемдік тәсіл ре­тінде қолданылуы сөз болады. Көрнекті ақын Е. Раушановтың «Аспанға көшіп кеткен ел» поэмасындағы мифтік танымға негізделген сюжеттің мән-мағынасы талдаулар арқылы талданады. Осы сюжетпен үндес «Нұрдан жаралған» романындағы желі де салыстырыла қарастырылады. Қаламгер шығармаларындағы образдар жүйесі, бейнелеу тәсілдерінің қыр-сыры зерделенеді. Көркемдік кеңістіктегі аспанның поэтикалық болмысы, ақынның оны суреттеудегі идеялық ұстанымы танытылады. Мифтік сюжеттің қазіргі әдебиеттегі көркемдік қызметі талқыланып, сол негізде тұжырымдар жасалады. 


Кілт сөздер: мифтік таным, көркемдік ойлау, мифтік сюжет, «аспанға  көшу», әруақ-кемпір, Қарой жұрты, тылсым, мифтік құбылушылық,  ізгілік әлемі, тазалық, гуманистік идея, көркемдік-идеялық мән, халық тарихы, киелі рух символы.
Көркем туындылардада аспан әлемі халықтың тарихымен, тағдыр талайымен де тікелей байланыста суреттеледі. Оған мысал – Е.Раушановтың «Аспанға көшіп кеткен ел» поэмасы. «Ақ қашып, қызыл қуған» дүрбелең заманның бір оқиғасын арқау еткен бұл туындының мазмұны мифтік-аңыздық сипатта. Ақын кешегі күннің шындығы мен мифтік-аңыздық желіні қабыстырады. Бұл көркемдік тәсіл, асылы, халықтың рухани бітім-болмысын замана аясында тұтас сипатымен таныту мақсатынан туған ізденіс нәтижесі. 
Қазіргі поэмалардағы мифтік сюжеттердің көркемдік, идеялық қызметіне талдау жасай отырып, миф пен әдебиет байланысын, мифологиялық ойлау мен поэтикалық ойлау арасындағы сабақтастықты таныту мақсатында көрнекті қазақ ақыны Есенғали Раушановтың «Аспанға көшіп кеткен ел» поэмасы талданып, салыстыра қарастыру мақсатында осы автордың «Нұрдан жаралған» романы қарастырылады. Поэмалардағы мифтік сюжеттердің қызметін талдауға арналған мақалада талдау, жинақтау, салыстыру әдістері қолданылады. 
Орыс әдебиеттанушысы М. Н. Эпштейннің «Қазіргі әдебиеттегі мифологизм түп негізі философиямен сабақтасатын рефлектілі сипатымен, сондай-ақ, суреткердің мифке интеллектуалды қарым-қатынасымен ерекшеленеді» [1, 224] деген пікірі мифтік танымның көркемдік ойлау жүйесінде жаңғыруының мәнісін танытады. Ұйқасы мен мазмұнының қиюласуында мін жоқ, қара өлеңнің төгілген ырғағымен баяндалған оқиға халық қасіретін көз алдымызға әкеледі. Қазаққа бұйдаланып, бұл күнге боздап жеткен қара бура – қара өлеңге мұң шаққан ақынның өзі де халықпен бірге жасасып келе жатқан рухани бір тұлғаға айналған:
Қара өлең, сен де кәрі, мен де кәрі,
Мағлұм-дүр сырымыздың елге бәрі.
Дариға ай, не басталмақ, мен білмеймін,
Екеуміз опат болған жерден әрі.
Қара өлең, сен де ескірдің, мен де ескірдім,
Ескіріп, кебін кидік өлмес құлдың.
Бұл, бәлкім соңғы дастан біз жазатын
Бұл дәурен, енді айналып келмес құрбым.
Дастан жырлардың дәстүрлі бастамасы тыңдарманға қарата сөз бастау болса, бұл поэма қара өлеңмен сырласудан басталған. Қара өлең – ұлттың жаны мен жүрегі, рухы.  Лирикалық қаһарман бұл жерде ақын болмысының шеңберінен шығып, тұтастай ұлттық бейнеге айналған. «Мен де кәрі, сен де кәрі», «мен де ескірдім, сен де ескірдің» деген толғаныстар осыны айғақтайды. «Басынан неше түмен бұлт айналған заманның» зарын төге келе, ертегі айтып бермекке ниет еткен лирикалық қаһарманның әңгімесінің шешімі тосын. Сонымен, бұл ертегі, яки, хикая не туралы?
…Ысқырып, жылан орап керегені,
У тамып шаңырақтан төбедегі.
Көшті ауыл көтеріліп түн ішінде
Ақ орда адыра қап дөдегелі.
Желіде құлын қалды сона талап,
Желінбей сүр ет қалды шара табақ.
Деген бар иесіз үй – киесіз үй,
Ақ төбет сұғынды-ай бір ала тамақ.
Бейбіт тіршілігі астан кестен болып, ауылдың көтеріле көшкені осындай суреттермен берілген. Заманның зобалаңы «жыланның керегені орағаны», «шаңырақтан удың тамғаны» түрінде бейнеленген. Ауылды аяқ астынан дүрліктірген – қызыл әскер бері жүрді деген хабар. Ауылдың қызыл әскерден шошынуы да жайдан жай емес:
Өткен жаз бас көтерер абаданды
Сол қызыл қойша иіріп сабаған-ды.
Көктемде шошақ мылтық ақтар шауып,
Қарайған қара орманын талап алды.
Құдайға, Еділ анаға сыйынған ауыл құмға сіңіп жоғалған. Атты әскер ауылдың орнын сипап қалған. Иесіз қалған ауылды тінткен қызыл әскер «әруақтай ағараңдаған бір кемпірді» алып шыққан. Әруақ кемпірдің сипаты  бөлекше:
Бұрмады әруақ-кемпір бетін бері,
Ақ тастан қашап қойған секілді өңі.
Ел қайда? Кімсің өзі? Неге қалдың?
Бастықтың етпеді әсер жекіргені.
Паң кемпір, бекзат кемпір кереметтей,
Ол емес, қалбаң қағар ебелектей.
Ақ мая әсем басып келді міне,
Басқа ұрған дыр қамшыға елең етпей.
Оқиғаның ертегілік баяны осы жерден бас­тау алған. Кемпірдің басын шаппақ болған қылыш мойынға өтпей қалады. Орыс Иванның қылышы кеспеген мойынды нән қазақтың қылышы кескен. Осы жерде тағы бір ғажап көрініс болады:
«Ал, балам, шөліңді бас, қанымды ішіп», –
Құлады жансыз дене шағыл құшып.
Сол мезет кесілген бас орынынан
Аппақ боп, сүт атылды, кәдімгі сүт!
Ананың сүті киелі. Киеге қол көтергенді әруақ атады делінетін түсінік бар. Бұл оқыс ғажап қызыл әскерді де шошытады. Шошынған әскер ауылды тастай қашқан:
Қан емес, сүт атылды арда бұлақ,
…Айғыр топ қашып шықты жалға бір-ақ.
Сүт қуып бара жатты соңдарынан
Қырға өрлеп, өрге шауып, жарға құлап.
Поэманың бірінші бөлімі осы оқиғамен аяқталады. Екінші бөлімде қызыл әскер кеткен соң ауылға қайтып оралған адамдар төрт түлігі аман, шаңырақтары ойрандалмай орнында тұрғанын көріп бір таңданса, бассыз жатқан өлі денені көріп екі таңданады. Бітім-болмысы бөлек, ақ көйлекті кірпияз жан өлерінде қос қолымен төсін жауып, етегін қымтап алыпты. Оқиғаға тосыннан араласқан әруақ-кемпір үлкен идеялық жүк арқалаған символдық бейне. Сондықтан да, автор оны ерекше қалыппен суреттеген. Басына қылыштың өтпеуі, қазақ қолындағы қылыштан ғана басы кесілгенде қан орнына сүттің ағуы, елірген қызылдарды сол сүттің қуалауы, өліп жатқанда да төсін жауып, етегін қымтап алуы, ел жиылып, қабір қазып, жерлемек болғанда, тіпті, отыз кез лақатқа сыймауы ертегі оқиғасына ұқсас болғанымен, поэма ертегі емес. Кемпірге қатысты әрбір ғажайып оқиғаның өзіндік астары бар. Кемпірмен бірге аталатын ақ мая да осындай символдық мәнге ие. Кемпір мен үдере қашқан ауыл адамдары сыйынатын Еділ ананың арасында тығыз байланыс бар. Сонымен, кемпірдің мүрдесі отыз кез лақатқа сыймай, елді таң қалған үстіне таңдандырып тұрғанда ақтардың келе жатқан хабарынан ауыл қайта дүркірей қашады. Ақтар кеткен соң ауылға оралған адамдар мүрдені де таба алмай қалады. 
Ақ қашып, қызыл қуған заманның зобалаңына ұшыраған Қарой ауылының көрген қасіретін паш еткен поэтикалық оралымдар мен бейнелеулер поэманың көркемдік мазмұнын тереңдете түскен. Зобалаңы көп заманның «некесіз көрде туған сұм ғасыр» болып суреттелуі, қап-қара құмның қан жұтуы халық кешкен қасіретті сезіндіре түсер жолдар. Ақ пен қызылдың ортасында қалған Еділ аулының кейуанасын ақтың оғы жалмаса, шалды қызылдың қылышы турайды. Сол сәтте ғайыптан пайда болғандай ақ маялы кемпір алға түсіп, аман қалған қазақтар сол кемпірге ілесіп, сытылып шыға береді. Ақ маяны көздеген қызыл әскердің аты үркіп, құлап өледі. Халық санасына сіңген киелі ұғымдардың ақ мая, ақ кемпір, ақ сүт, ақ қара бас аққу, топ қаз түрінде көркем символдық детальдар болып қызмет атқаруы бұл поэмаға мифопоэтикалық сипат дарытқан. Кие, қасиет – халық рухын сақтаушылар һәм қорғаушылар. Бұл ұғымның өзі жаратылыстың тылсым сырымен, Жаратушының құдіретімен сабақтасады. 
Қызыл әскердің оқыстан ажал табуынан да сескенбеген «айғыр топтың» көз алдында ақ мая тұра қалып сілкінгенде ақ қара бас қуға айналып сала береді. Кереметке ұласқан қанды түнде топ қазақ топ қазға айналып, аққуға ілесіп, шашырап, жаңа шығып келе жатқан күн астына қарай  ұшып бара жатады… Мұндай мифтік құбылушылық желісі қазақ ертегілері мен аңыздарында көптеп ұшырасады. Дәстүрлі желі десе де болады. Аруаққа сыйынып, одан медет сұраған ауылды сол аруақтар әлемінен келген ана құтқарып, аспан әлеміне көшіріп әкеткен. Бұ дұниеден о дүниеге өту де мифтік құбылыс түрінде түсіндірілетін көне аңыздар бар. Мұның өзі рухтың мәңгіліктігі туралы сенімді аңғартады. Құбылушылықтың қауіптен құтылу мақсатында жүзеге асатынына «Қырық қыз» мифі мысал. Мифтік құбылушылықтың кей жағдайларда адамның қауіп-қатерден. Осындай дәстүрлі мифологиялық әңгімелердің поэтикалық суреттеулерге ұласып, көркемдік-идеялық жүк арқалауы көне дүниетаным туындатқан мифологиялық ойлаудың көркемдік ойлауға  сабақтасып, пішіндік өзгерістермен рухани игілікке қызмет етуінің көрінісі.
Аққу мен қаз – байырғы қалыптасқан наным-сенім бойынша киелі құстар санатында. Қазақ мифологиясында бұлар тотемдік құстар. Әдебиеттанушы  Дж. Макльсон мифопоэтикалық танымдағы аққу бейнесі туралы мынадай түсініктеме береді: «Ақынның, әншінің, сондай-ақ, асқақ поэзияның символы. Бұл символиканың негізі  жанның( рухтың) аққу бейнесінде аспанды кезуі, қайта жаңғыру, кіршіксіз тазалық, кемелдік, тәкаппар жалғыздық, ерлік пен поэзияның әулиелік бастау-сипаты туралы та­ным-түсінікпен, сондай-ақ, ажалмен байланыс­ты» [1; 105]. Зұлмат кезеңге тап болған Қарой ауылының адамдарының қазға айналып ақ қара бас қуға ілесіп ұшып кетуінің тұспалы рухтың қандай қысылтаяңда құтқарылып, ғұ­мырын жалғастыратынының мысалы. Ас­панға ұшу түп негізге оралу, аманат жанның өз тұрағына келуі. Ақ қара бас қудың өзі ерекше киелі, қасиетті құс сипатында ишараланады. Діни аңыздарда Алланың шерісі Әзірет Әлі  бақилық болғанда, оны ақ түйеге мінген жұмбақ адам келіп алып кетеді [2, 137-138]. Бұл поэмада ақ мая мінген Еділ ана рухы ауыл адамдарын аспанға қарай бастап кеткен. Өлімді рухтың тәнді тастап шығуы деп түсіндіретін діни таным «аспанға көшу» сюжетіне астар болған. Сәттік алдамшы фәниден мәңгілік бақиға қарай құс болып ұшып кету көркемдік ұғымда Қарой ауылы шеңберіне жинақталған ұлттық болмыстың жасампаздығының тұспалы. Ақынның айтпақ ойы, ұстанымы осы сюжеттік шешіммен нақты көрінген.
Осы сюжет ақынның «Нұрдан жаралған» романына қосалқы желі болып енген. Романның лирикалық әуені және мифтік-аңыздық сипаты бірден аңғарылады. Алғашқы сөздің өзі аспан әлеміндегі жұлдызға бағытталған. Бас кейіпкер «біздің заманымыздың қаһарманы» Еділ атты жас жігіт. Тілі мен стилі жағынан өзге романдардан табиғаты бөлек бұл туынды қазіргі әдебиеттегі жаңашылдықтың, шартты түрде алсақ, постмодернистік ағым көрінісінің бір мысалы. Романдағы Марина қазіргі өркениет заманының адамы. Махаббаттың қасіретін шегіп, шерленген қыздың тағдыр талайы бұралаң. Романдағы махаббат желісі Еркінбек-Марина-Еділ арасында өрбіген. Қазіргі психологиялық прозадағы сана ағымы тәсілі, психико-лирикалық шегіністер, ішкі монолог, диалогтар дерлік автордың жаңаша ізденісін танытады. Бұл көркемдік ізденістер романның толыққанды туынды болып тууында оң нәтижесін берген.
Еділдің мынау жарық жалғаннан өзіне серік, сырлас етіп тапқаны аспандағы жалғыз, жарық жұлдыз. «Сен сөніп қалмашы, жарық жұлдыз» деген бала Еділдің жалбарынуы «жерде бір адамның ғұмыры үзілсе, аспанда бір жұлдыз сөнеді (ағып түседі)» делінетін діни-мифологиялық нанымның жаңғырығы. Тағдырын жұлдызбен байланыстырған бұл жас кейіпкердің психологиялық ахуалы, жан толқынысы, өмірлік мұраты жұлдызбен бейнеленген. Жұлдыз бен Еділ егіз бейне. Жұлдызбен тілдескен сәтінде «Аспанға көшіп кеткен ел» поэмасындағы оқиғаның мәні екінші бір қырынан танылып, Еділ-ана бейнесі тереңірек ашылған. Ана дүниедегі Еділ-ананың, Еділ әулетінің хал-жағдайын сол жұлдыз баяндап берген [122; 29-31]. Жұлдызға мекен болған аспан әлемінің қалпы, өзгеріс-құбылысы дерлік романның өн-бойына сіңісіп, маңызды көркемдік-символдық детальдарға айналған. Жұлдыз авторлық бейнелеуде кәдімгі адам кейпіне еніп, орталық кейіпкердің бірі болған. Ол тілдеседі, жылайды, ақыл айтады, сырласады, кейде үнсіз қалады.
Еділ әулетінің бүгінгі ұрпағы екенін Еділ балаға әжесі айтқан. Еділдің әжесі нәсілі, діні бөлек өзге ұлттан. Немересіне елін, жұртын, Қарой деген ауылды табуы керектігін айтатын да әжесі. Бұл жерде де оқиғаға жұлдыз араласып, Еділге әжесімен сөйлесу керектігін ескертеді.  Әже әңгімесімен о дүниедегі Еділ әулетінің жай күйі, Масат, Жасат ахундар, Атанияз туралы айтылады.  Қара тұман жұтып қойған Қаройды, жер бетінде қалмаған Еділ тұқымын қайдан табары белгісіз. Еділмола деген көне қорым, Ащыағар сайды айтады әжесі. Бұл Еділ оны да білмейді. Жасат ахунның ұлы Шахмансұр діндар, қажы әкеге еш ұқсамаған. Содан да, оның тірлігі, іс әрекеті бөлек. Сондықтан да ол ұрпақ көңілінде қалмаған.
Еділ жұртының иесі мен киесі Еділ-ана туралы аңыз да автордың аспан әлемі туралы көркемдік танымы мен суреткерлік ұстанымын анықтай түседі. Мұсылмандық мифологиядағы нұр, нұрдан жаралу желісі Еділ атты қызбен байланыстырылған. 
Діни мифологияда Хақбикана уа тағала ең алдымен Мұхаммед салла аллаһу алайһи уа саламның нұрын жаратқаны белгілі. «Нұр наме» кітабында кемеліне келген нұрдың Алланың өзіне арнап жаратқан жеті дариясында жетпіс мың жыл тұрғаны, осы нұрдан Алла тағаланың пайғамбарлардың рухын, Лаух пен Қаламды, Ғарыш пен Күрсіні, Ай мен Күнді, он сегіз мың ғаламды алты күнде жаратқаны баяндалады. Пайғамбардың нұры кемерден кемерге, бір құрсақтан келесісіне өтіп, Абдуллаға келіп жеткен екен. Одан Әминаға көшіп, Мұхаммед ғ.с. дүниеге келеді. Әуелі нұры жаралып, өзі күллі пайғамбарлардың ақыры болып дүниеге келген Мұхаммед ғ.с. сондықтан да «әуелі де Мұхаммед, ақыры  да Мұхаммед» болып айтылады. Кеңістікте отыз мың жылда көрінетін Насрақи атты жұлдыз Мұхаммед ғ.с.-ның нұры делінеді [3; 134-136]. «Нұрдан жаралған» романының әу дегеннен аспандағы Жұлдызға тіл қатудан басталғанының көркемдік бастаулары осы әңгімелерге негізделген.
Автор роман мазмұнына енгізген, қалыңдығы «Нұрнамадай» (осы кітаппен салыстырылуының өзінде үлкен мән бар) деп анықтама беретін «Еділ-ана» жырының идеялық мәні терең. Автор толғаған жыр мазмұны бойынша, Байдың теңдессіз сұлу қызы Еділ Қарой жұртында түс көріп, аян алады. Сімірген нұры бойына сәби болып бітіп, алтын айдар ұл туады. Сол нұрдан жаралған ұлдан тараған ел Еділ-ананың атымен аталған екен. Аспаннан түскен нұрдан жаралу адамзат баласының аспан әлемімен байланысының, адамзаттық тіршіліктің түп бастауы аспанда екенінің ишарасы. Мифтік әңгімелердегі Адай руының түп аталарының нұрдан жаралғаны туралы сюжет те еске оралады осы жерде. «Нұрдан жаралған Адай» [3; 167] мифтік әңгімесі «Еділ-ана» жырынан деп автор келтірген сюжетпен ұқсас. Кіші жүз Жанарыстың Алауынан өрбіген Алшынның ішінде Қыдыр деген бай болыпты. Байлығында қисап болмағандықтан елі оны «Бай» деп атаған. Қыдырдың Жанби атты әйелінен туған Қанбибі далада серуенде жүргенде көзі ілініп кетеді де, бойына көктен құйылған нұрдан оянады. Осы нұрдан жүкті болып, дүниеге Адай атты бала келеді. Автор «Еділ Ана» жырынан деп келтірілетін үзіндіде қыздың аты –Еділ. Ол Қарой жұртында түс көріп, түсінде нұрды алтын жиек ақ кеседен сіміреді. Мифтік әңгіме Раушановтың көркемдік кеңістігінде басқаша түрленіп, авторлық ұстанымға сай көркемдеулермен өңделген.  Аспан әлемінің тылсым сырымен сабақтас тағы бір сюжет – Қарой жұртына Меккенің көшіп келуі. Автор бұл оқиғаны 1922 жылғы Қаройды қара тұман жұтқаннан екі жыл бұрын болып еді деп, шындыққа жақындата түседі.
«Қаройға Мекке көшіп келді.
Қаройға Мекке таң намазы кезінде көшіп келді де, жұрт бесіннің төрт бас сүннетінен кейін екі бас парызға қосып, тағы да төрт рекет сүннетті тамат еткенше ауыл алдындағы кең жазықта бүкіл сән-салтанат, азан-хаумет, тәж- дәулетімен нұр шашып тербеліп тұрды. Жасат ахун пайғамбарға салауат оқып, «Аллаһакбар» деп бет сипағанда барып, Мекке жарықтық әуелі жеті қадам, кейін тоғыз қадам, сосын қырық қадам кейін шегініп, ұзай берді, ұзай берді.»  [4; 51-52]. Бұл оқиға Жасат ахунның  Меккеге бара алмадым деп арман етіп кеткен ұлы ананың рухына соңғы аятын оқыған таңда болады. Осы күні намаздыгерде Жасат ахун қайтыс болған. Қасиетті Мекке сән салтанатымен көшіп келген Қарой да тегін ауыл емес. Ақтар мен қызылдар кезектесе шапқан ауылдың қасіреті осы ауылға келін болған орыс қызының – роман кейіпкері жас Еділдің әжесінің көз алдында өтеді. 
Қарой ауылын қызылдар шапқанда Жасат ахунның інісі Атанияз да қаза табады. Ағаның жарты денесін Жасат ахунның жанына жерлеген Шахмансұр әйелін алып, Қарой жұртынан мүлде кеткен. Шындығында, Қарой оларды тас­тап, қап-қара тұманға жұтылған… Қасиет пен кие қонып, аруақ жар болған, сол себепті де Мекке көшіп келген қайран ауыл киесі мен иесінен айрылған қасіретті көтере алмай, қара тұманға жұтылған. Қызыл әскердің командирі жасаған сұмдық іс бұл мекендегі ғасырлар бойы ұйып қал­ған құтты қашырып, киені үркіткен. Командир Еділмоладағы Жасат ахунның құлпытасына әкеліп, шошқаны өлтірген. Шошқаның шашыраған қаны моланы жуып кеткенде қап-қара тұман көтеріліп, Еділмоладан екі аппақ итала қаз ұшып шығып, күнбатысты бетке алған. Сөйтіп, Қарой жер бетінен жоқ болған [4; 56-57]. «Аспанға көшіп кеткен ел» поэмасында құс болып ұшу желісі романда осылайша түрленеді. Екі аппақ итала қаз – киелі рухтың символы.
Еділ ананың нұрдан жүкті болып, алтын айдарлы ұлды дүниеге әкелуі аңыздай баяндалса, Меккенің көшіп келуі мен Қаройдың қара тұманға жұтылу оқиғасы жас Еділдің әжесінің көрген шындығы болып баяндалады. Үнемі өзі иемденген аспандағы жалғыз жарық жұлдызбен тілдесіп жүретін Еділ бұл аңыздарды санасына сіңіріп өскен. Маринадан айрылған сәтінде де жұлдызға мұң шағып, тілдеседі. О дүниелік әжемен тілдеседі. Аспани – бақилық ғұмырға ауысқан Марина Еділдің әжесінің қасында. Әжесі болса, Еділ ана әулетінің қасында. 
Рухани тазалықты іздеу, оны аңсау, түп бастауларға ұмтылу Еділ ана туралы аңыздан, Қарой ауылына қатысты оқиғалардан, Жұлдызды жанына медеу, сырлас еткен Еділ әрекетінен аңғарылады. Маринаның түйсінуі түрінде суреттелетін Найзақара шыңының арғы бетінде тазалық мекені –Қарой, Еділ жұртының жатқаны туралы ой, Маринаның Еділ меншіктенген аспан төсіндегі жұлдызды іздеуі – сол ізгілік әлеміне ұмтылу. Ізгілік әлемінің тұрағы аспан. Яғни, ақынның поэтикалық тілінде көп айтылатын тұжырым: аспан –  кіршіксіз рухтар мекені. Романдағы гуманистік идея осы аспан әлемінің аясына сіңіріліп, ол тылсым сырлы, қат-қабат құпиялы, рухтардың сақтаушысы болған күрделі архетиптік образ болып шыққан. 
Суреткер пайымында тазалық атаулыны өзіне сіңірген Аспан әлемі ғажап сырлы аңызға толы Жаратушы Алланың мекені…
 «Аспанға көшіп кеткен ел» поэмасы – халық тарихының бір кезеңін арқау ете отырып, сол қасіретті кезеңді бейнелеп беруде ұлттық танымнан туындаған мифтік сенімді көркемдік-идеялық тұрғыда мақсатты түрде өзек еткен астары терең туынды. Ақын өзіндік ұстанымы мен көзқарасын танытуда мифтік сюжеттерді негізге ала отырып, поэтикалық қуаты мол туындыны дүниеге әкелген.

Жанат Аймұхамбет,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, 
филология ғылымдарының 
докторы

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Эпштейн М. Литература и миф. // Мифы народов мира. Энциклопедия в двух томах. – т. 2. – М., 1997. – 719 с.
2.Макльсон Дж. Жанр «лебединой песни» в русской лирике // Символизм и русская литература ХІХ века. – СПб., 2001. – 356 с.
3. Қазақтың мифтік әңгімелері. Алматы: Ғылым, 2002. – 320 бет.
4. Раушанов Е. Нұрдан жаралған. // Таң-Шолпан. – 2001. № 5, 2002. – № 1.

Алдыңғы «
Келесі »