Мемлекеттік қызмет тиімділігін арттырудың кейбір жолдары

  • 16.07.2012
  • 6111 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жәмилә Бекбосынова,
ҚР Приезиденті жанындағы мемлекеттік басқару институтының магистранты.

Мемлекеттік басқару органдары, ең алдымен, мемлекеттік басқару қызметін атқаратын күрделі механизмдер жүйесі. Бүгінде, мемлекеттік басқару дегеніміз – адамдардың әлеуметтік қызметі және соның негізінде қалыптасатын қоғамдық қарым-қатынастар деп түсіндіріледі. Ол әлеуметтік ортада жүзеге асырылып, әлеуметтік ортаның ықпалын, әсіресе, қоғамның әлеуметтік құрылымы тарапынан өзіне тигізетін ерекше мәнді ықпалын басынан өткізеді. Бұл орайда, мемлекеттік басқаруды ғылыми тұрғыдан танып-білуде әлеуметтану әдістерінің рөлі барынша түсінікті. Мемлекеттік басқару қоғамның қандай да бір жекелеген саласына ғана қатысты бола алмайды.
Көптеген мемлекеттер өз дамуының белгілі деңгейінде қоғам өміріндегі мемлекеттік және жеке институттардың рөлі туралы ойлана бас­тайды. Өйткені, мемлекеттік ұйымдар мен жеке құрылымдардың басқару және ұйымдастыру қызметінің арасында елеулі айырмашылықтар бар екеніне талас жоқ. Мемлекеттік органдар мен оның құрамдас элементтерінің қызметіне ұйымдастыру тұрғысынан талдау жасаудың маңызды мәселелері қарастырылады.
Мемлекеттік органдар дамуының объективтік бағыттары байқалады: бюрократизация, дифференция, кәсібиліктің өсуі. Мемлекеттің әрбір саласына мемлекеттік органдардың ерекше түрлері сәйкес келеді. Осы орайда, мемлекеттік қызметтің маңызы айқындалады: мемлекеттің конституциялық негізде баянды етілетін азамат­тардың мемлекеттік органдар мен оның аппаратындағы мемлекеттік басқаруды, басқа да мемлекеттік міндеттер мен қызметтерді атқаруды жүзеге асыратын кәсіптік қызметі [1].
Қазақстанның бүгінгі әкімшілік реформала­рының барысы биліктің, мемлекеттік саясаттың, қоғамдық ой-пікірлердің бірден-бір зейін қояр нысаны болып отырғанын көрсетеді. Тәуелсіздік жариялаған алғашқы кезеңнен бастап, бүгінгі таңға дейін атқарылып келе жатқан оң істер түбегейлі саяси, экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық өзгерістер мен реформалар кезеңі деп айтсақ артық етпейді. Мемлекеттік органдар жүйесінің қалыптасуы мен дамуы, мемлекеттік басқару ісіндегі жалпы ілгерілеушіліктер, сондай-ақ, Қазақстанның тәуелсіздігінің негізгі тетігі болып табылады.
Қазақстан Республикасында бірнеше жыл қатарымен мемлекеттік басқару құрылымын оңтайландыру мен жетілдіру процестері үздіксіз жүргізіліп келеді. Аталған процестердің негізгі мақсаты Қазақстан дамуының ағымдағы және жоспардағы мәселелерін нәтижелі де тиімді шешетін кәсіби үкімет құру болып табылады. Жоғары нәтижелі қызмет атқаратын қазіргі заманға сай мемлекеттік басқару жүйесі мен мемлекеттік қызмет жұмысын қалыптастыру – бүгінде алдыңғы қатарға шығып отырған негізгі мәселелердің бірі деп саналады. Сонымен қатар, Қазақстандағы экономикалық, әлеуметтік және басқа да реформалардың орындалу барысы, қоғамды демократиялық жолмен дамуы, құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуы, жалпы елдің тұрақтылығы мен дамуы мемлекетті басқару тетіктерінің жағдайы мен қызметшілердің кәсібилігіне, олардың еңбек нәтижелігі мен бастамашылдығына, ел таңдаған саяси бағыт бойынша қызмет атқаруына байланысты болады [2].
Мемлекеттік басқару тарихына көз жүгіртер болсақ, ХІХ ғасырдың соңында көптеген индустриалды дамыған мемлекеттер тиімділік пен өнімділікті анықтауға тырысқан болатын. АҚШ алғашқылардың бірі болып, тиімділікті арттыру мәселелерін қарастырып, оны шешуді қолға ала бастады. Итермелеуші факторлардың негізгісі қоғам мемлекеттік қызметтің, әсіресе, жергілікті деңгейде тиімділік төмендігіне алаң­дағаны болды. Көптеген қалаларда жергілікті деңгейде өнімділікті, еңбек нәтижелігін арттыруға бағытталған қозғалыстар жүріп жатты. Кейіннен бұл процесс жоғары мемлекеттік органдар дәрежесіне дейін көтерілді. Осылайша, АҚШ-та жалпыұлттық тиімділік бюросы құрылды.
Стратегиялық мақсаттарға табысты қол жет­кізу мен бәсекеге қабілетті дүниежүзінің 50 елдерінің қатарына ену бойынша, басымдықтарды жүзеге асыру үшін, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевпен 2006 жылдың қыркүйек айында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған әкімшілік реформалары бастама алды. Елбасы Қазақстан Республикасы Парламенті сессиясының ашылуында «Корпоративті басқару, ашықтық және қоғам алдында есеп беру қағидаттарын шетелдің озық үлгілерін, тәжірибелерін қолдана отырып, мемлекеттік басқаруды жаңғыртуымыз керек» деп атап көрсеткен болатын.
Бүгінде, жылдам өзгеріп келе жатқан әлеу­мет­тік-экономикалық жағдай мемлекеттік органдар алдына ХХ немесе ХІХ ғасырмен ауқымы, күрделілігі, кешенділігі жағынан салыстыруға келмейтін жаңа мақсаттар мен міндеттер қояды. Сондықтан, уақыт талабына сай болу үшін мемлекеттік басқару субъектілері басқарудың әдеттегі, дәстүрлі әдістерін қайта құруларды қарас­тырумен қатар, қызмет тиімділігін, нәтижелігін ұдайы көтеруі тиіс.
Атқарушы билік органдарының қызмет тиімділігін, еңбек нәтижелігі мен олардың жү­зе­ге асыратын мемлекеттік функцияларының сапасын арттыру және мемлекеттік қызметтер көрсету саласы соңғы 10 жыл ішінде елімізде қолға алынған реформалардың басты себебіне айналды. Мемлекеттік қызметтің лайықты деңгейде қызмет етуінде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі аса маңызды орын алары сөзсіз. Еңбек нәтижелігі мен қызмет тиімділігі арттырылмаған жағдайда ел өміріндегі кез келген саланың, соның ішінде экономикалық жаңарулар, стратегиялық бағдарламалардың жүзеге асырылмайтыны белгілі.
Қазіргі таңда, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілердің қызмет тиімділігін арттыру бойынша талдаулар мен зерттеулер саны көптеп кездеседі. Тиімділік теориясының дамуына экономика, басқару және мемлекеттік басқару теориялары зор үлес қосады. Алайда, бағалау көп жағдайда көрсеткіштер және аттестациялау түрінде жүргізіліп келеді. Бағалаудың мұндай түрлері мемлекеттік қызметшілер тарапынан ресмилік деп, олардың еңбегіне сай жалақы алуына еш әсерін тигізбейді деп қабылданады. Осылайша, мемлекеттік органдар жұмыс нәтижелігін тиімділігін арттыру, мемлекеттік қызметтің кадрлық әлеуетін қалыптастыру, қолдану мен дамытудың маңызы арта түсті.
Дүниежүзілік тәжірибе мемлекетті басқарудың мінсіз құрылымы ешбір елде қалыптаспағанын көрсетеді. Дегенмен, мемлекеттік билік орган­дарының қызметін жетілдіру әрбір елдің не­гіз­гі мақсаттарының бірі болып табылады. Қа­зақстанда алдағы кезеңде мемлекеттік орган­дардың тиімділігі мен еңбек нәтижелігін арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекеттік органдар қызметін нақты бағалайтын жүйе қажеттігі туындап, оның нәтижесінде Қазақ­стан Республикасы Президентінің бастама­сымен 2010 жылғы 19 наурыздағы №954 Жарлығымен «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі» бекітілді [3].
Қазақстанда жүйені әзірлеуге бірқатар алғы­шарттар әсер етті:
– мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдар­ла­маларды іске асыру тиімділігін бағалау мен олар көрсететін мемлекеттік қызмет сапасы арасында өзара байланыс жоқтығы;
– көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын бағалау мен бақылау жүйесінің болмауы;
– мемлекеттік қызметшілердің қолданыстағы еңбекке ақы төлеу жүйесінің олар көрсететін қызмет сапасын ынталандыру деңгейінің төмен­дігі. Осыған орай, бағалау жүйесіне сәйкес, мемле­кеттік қызметті реформалаудың негізгі мақсаты болып азаматтық қоғам дамуы мүддесін көздей отырып, мемлекеттілікті нығайту таңдалды.
Мемлекеттік органдардың қызмет тиімділігін бағалайтын аталған жүйе орталық мемлекеттік органдар (министрліктер, комитеттер, агенттіктер және т.б.) мен жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жетілдіру мен жұмысының нәтижелігін арттыру мақсатында әзірленген құжат болып табылады. Жүйені әзірлеу барысында туындаған мақсаттар:
– мемлекеттік органдар қызметі тиімділігін бағалау кезінде отандық және шетелдік үздік тәжірибелерді қолдана отырып, неғұрлым дәл нысандарды, бағалау тәсілдері мен әдістерін таңдау;
– тиімділікті бағалауға қажетті институционалды және нормативті базаны құру арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдар жұмысының, қызметінің, еңбегінің тиімділігін бағалаудың жалпы кешенді жүйесін қалыптастыру.
Қызметті бағалау жүйесінің басты мақсаты кез келген деңгейдегі мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау мен міндеттер мен қызметтердің жүзеге асырылудағы тиімділік көрсеткіштерін анықтау. Елбасының барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың қызметтері тиімділігіне әр жыл сайын бағалау жүргізу жүйесін бекіту арқылы Қазақстан мемлекеттік басқару саласында сапалы жаңа кезеңге аяқ басты. Қазіргі кезеңдегі мемлекеттік органдарды жетілдірудің стратегиялық міндеттеріне келетін болсақ:
– бүгінгі таңда нарықтық бастама мемлекеттің белсенді де жедел араласуын қажет етеді;
– экономикалық және әлеуметтік салалардағы белсенді саясат мемлекеттің рөлін көтеруді білдіреді. Нәтижесінде – бұл қоғамның қажеттілігі­не сәйкес, тиімді заңдар мен нормативті-құқықтық актілерді дайындау және орындау;
– мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру – Қазақстанның болашағын анықтайтын негізгі фактор. Яғни, бұл – маңызды стратегиялық міндет. Сондықтан, бүгін мемлекеттік қызметші­лердің және мемлекеттік органның жалпы жұмы­сы­ның тиімділігін арттыру керек және тиісінше, мем­лекеттік ресурстарды ұтымды қолданған жөн;
– мемлекеттік аппараттың жалпы және оның жекелеген буындарының жұмысының тиімділігін арттыру алдыңғы қатарлы ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды ендіруге жағдай жасауы керек [4].
Мемлекеттік органдар жұмыс нәтижелігін арттырудың халықаралық тәжірибеге жаңадан еніп келе жатқан әдістерінің бірі – АҚШ ғалым­дарымен жасалған теңдестірілген көрсеткіш жүйесі. Теңдестірілген көрсеткіштер жүйесін мемле­кеттік органдар қызметіне ендіру бір қара­ғанда жеңіл әрі қарапайым болып көрінгенімен, шын мәнінде үлкен күрделі әрекеттерді талап ететін іс. Әрине, теңдестірілген көрсеткіштер жүйесі мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижесін көтеруде, жалпы мемлекеттік басқаруда маңызы жоғары.
Теңдестірілген көрсеткіштер жүйесін мемле­кет­тік органдарда қолдану стратегиялық менеджмент мен ұйым құндылықтарын басқару жаңалықтарына сай келу емес, жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін ойластырылып жасалған таңдау. Теңдестірілген көрсеткіштер жүйесі, бірінші кезекте стратегиялық жоспарлар мен алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудың тиімді құралы.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы» (2006 жылдың 30 наурызы № 80) Жарлығына сәйкес, нәтижелікке бағытталған стратегиялық жоспарлаудың жаңа жүйесін әзірлеу туралы шешім қабылданды. Жарлыққа сай, әр мемлекеттік орган 2009 жылға дейін өз дамуының 5 жылға арналған стратегиялық жоспарын әзірлеуі тиіс болатын. Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін енгізудің алғашқы жобасы Қазақстан Республикасының Салық комитетінде жүргізілді. Шараның басты құралы ретінде Қаржы Министрлігі теңдестірілген көрсеткіштер жүйесін қолдануды шешті. Салық комитетінің қызметкерлеріне теңдестірілген көрсеткіштер жүйесі туралы оқытулар жүргізілді. Осылайша, Салық комитеті басқа мемлекеттік органдар ішінде алғашқылардың бірі болып, комитетінің жұмысына стратегиялық жоспарлау жүйесін, ТКЖ картасын, қызметтің негізгі көрсеткіштері мен процесті басқару жүйесін әзірлеуге кірісті.
Теңдестірілген көрсеткіштер жүйесін мемле­кет­тік органдар қызметіне ендіру мүмкіндіктерін қарастырып көрейік. Қазіргі таңда, Қазақстанда орталықсыздандыру қарқынды жүріп келеді. Орталық мемлекеттік органдардың функциялары жергілікті органдарға берілуде. Жергілікті атқарушы органдар үшін инвесторлар тартуда жаңа мүмкіндіктер пайда болып, олар халықаралық экономикалық, сауда-қаржылық, гуманитарлық байланыстарда дәнекерге айналуда.
Осылайша, көп жағдайда, жергілікті органдар өздері шешім шығарып, оларды іске асыруда қаржы көздерін өздігінше іздестіреді. Әлеуетін экономикалық даму арқылы арттыра алатын қабілеті бар. Теңдестірілген көрсеткіштер жүйесі арқылы мемлекеттік орган басшылығы қызметтің көрсеткіштері жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік алады. Олардың жетістігін бақылай алады. Сондай-ақ, мемлекеттік орган өз иелігінде табысын басқаруға тиімді құралды меңгереді.
Қорыта келе, мемлекеттік орган немесе кез келген ұйымда болсын жұмыс нәтижелігін арттырудың қолданыстағы әдіс-тәсілдерімен қоса, доктор Ицхак Калдерон Адизес аталған мәселе бойынша өзінің пікірін білдіреді: «кез келген ұйымда жұмыс нәтижелігін, қызметтің тиімділігін арттырудың басты алғышарты – қызметшілердің өз ісіне деген құрметі мен сүйіспеншілігі болып табылады». Яғни, әр адам өз ісінің маманы болмаса, қызметте де жақсы нәтиже көрсете алмайды деген сөзбен қорытындылағым келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жоламан Қ. Д., Мұхтарова А. Қ., Тәукелев А.Н. «Мемлекет және құқық теориясы». – Алматы, ҚазМУ баспа орталығы. 1999. – 154 б.
2. Эффективное государственное управление: материалы ІІІ Акад. симпозиума (Астана, 25 ноября 2011 г.) Астана: Акад. гос. Упр. При Президенте РК, 2011. – 101 б.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығымен бекітілген «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі»: http://akorda.kz/
4. С.Ғ.Қапаров. Қазақстандағы мемлекеттік қызметті жетілдіру, – Астана, «Алсем – Астана» б., 2010 ж. 184-185 б.б.

Алдыңғы «
Келесі »