Қазақ көші қаңтарылмауы керек…

  • 26.02.2016
  • 998 рет оқылды
  • 1

Маржан СӘБЕТ,
журналист

Елімізге соңғы 24 жылда 1 миллионға жуық қандасымыз ат басын бұрыпты. Елбасымыз өз сөзінде «Сырттағы отандастарымыздың келуіне жол ашып, олардың ел ішінде орналасуына жағдай жасауымыз керек» деген еді. Алайда, шетелден келіп жатқан қазақ көшінің кейбір тұстағы өзекті мәселелері әлі де күн тәртібінен түспей отыр. Төрткіл дүниеге тарыдай шашылған қазақтың басын біріктіріп, бірлігін нығайтуымыз керек. Осыған  орай, Жалпыұлттық социал-демократиялық пар­тияның «Таным» пікірсайыс клубы «Ақиқат» журналының ақпараттық қолдауымен «Қазақ көші қаңтарылмауы керек…» деген тақырыпта талқылау өткізді. Қазақстан Республикасының биылғы «Көші-қон туралы заңына» енгізілген өзгертулер мен толықтырулар, қандас­тары­мыздың азаматтық алудағы қиындықтары түйткілді мәселелерге қалай әсер ететіні туралы «Таным» пікірсайыс клубының жетекшісі Жұмаш Кенебай, «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Рақым Айыпұлы, тарих ғылымының докторы Нәбижан Мұқамедқанұлы, кинозерттеуші,  ғалым  Шаяхмет Имашұлы, қоғам қайраткері Болат Дүйсенбі, заңгер Кәмиша Ес­мұхамбетқызы, сауда саласының қызметкері Алтынай Қартаңбаева өз пікірлерін ортаға салған еді.


Жұмаш Кенебай 1Жұмаш Кенебай: – «Айғайлай-айғайлай қас­қырдан да ұят болды» немесе «Айта-айта Ал­тайды, Жамал апа қартайды» дегендей, қазақ көші туралы жыр әлі күнге дейін  басылатын емес. Ал, қазақ көші дегенде мен әдеттегідей 3 шумақ өлеңнен бастап кетсем. 
Жарқырамай қазағымның маңдайы,
Бір шөл қысып, кеберси ме таңдайы?
Күн туар ма ел еңсесі түзелер,
Түзелмесе көші-қонның жағдайы…
Көне тарих, көне жырын толғады,
Кім шектейді мүмкіндікті қолдағы?
Күн туар ма Қазақ Көші түзелер,
Ширек ғасыр, Тәуелсіз ел болғалы. 
Жат мекенде, мұңлы жанар жас алды,
Қандай күш ол тұсаулайтын асауды?
Ши­рек ғасыр тәуелсіз ел болғалы, 
Қа­зақ көші қаңтарылар қашанғы?.. – дегендей, алғашқы сөз кезегін  «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры, журналист, саясаткер Рақым Айыпұлына берейік.
Рахым айыпұлыРақым Айыпұлы: – Жалпы, қазақ көші жайлы мәселе аз айтылған жоқ-ау деймін… Қазақ көші біраз уақыт қиын жағдайды басынан өткерді. Себебі, 2007 жылдардан бері қарай, осы көшке байланысты барлық берілген жеңілдіктер, жасалған жағдайлар біртіндеп қысқара бастады. Мысалы, өздеріңіз білесіздер, 1992 жылы  Қазақстан Республикасының Үкіметі арнаулы қаулы қабылдаған болатын. Ол №392-қаулы деп аталады. Бұл қаулыда қазақ диаспорасына білім алу, осы жерде жүргенде медициналық көмек беру т.б. барлық жеңіл­діктерді қарастырған болатын. Мысалы, бұрын белгілі бір қазақ осы елге келіп, белгілі бір себептерменен уақытында азаматтық ала алмаса, ол тіркеуін ұзартып жүре беретін. Ал, енді, 2006 жылы, 2011 жылы  Үкіметтің №306-қаулысы шықты.  Содан бері қарай шетелде тұратын қазақтар егер елге келсе, азаматтығын өткізген жағдайда ғана 2 ай мерзімге тіркеуге тұруға мүмкіндік алады. Демек, бұрынғыдай тіркеу мерзімін ұзартуға мүмкіндік жоқ. Осының кесі­рінен, мыңдаған отбасылар қазір тір­кеусіз отыр. Былайша айтқанда, не жұмысқа орналаса алмайды, не ол жақта жоқ, не бұл жақта жоқ… Одан кейінгі жағдайларды өздеріңіз де білесіздер, 2013 жылы « Көші-қон туралы» Заңға өзгерістер енді. Мұнда қазақтарды тек белгілі бір аумақтарға ғана қоныстандыруға мүмкіндік бар. Қалған жағдайда, Республиканың басқа аймақтарына қоныстану керек болса, онда олар өздерінің төлем қабілетін растау керек болады. Былайша айтқанда, бір адам 1 млн 444 мың  теңгедей төлем жүргізуі қажет. Ал, енді, бір отбасыда қанша адам бар есептеп көріңіздер, қанша ақша қоюға болады. Осыдан кейін көш мүлдем тоқтады деуге болады. Себебі,  2012 жылмен салыстырғанда, қазір көшіп келетін адамдар саны 7 есеге қысқарған. Бұл қорқынышты көрсеткіш. Мұнда ең басты кедергі болып отырған нәрсе, Үкіметтің К. Мәсімов қол қойған №362 қаулысы. Мұнда екі түрлі құйтыртқы бар: біріншісі, қандастарымыз келген елі­нен өзінің басқа елдің азаматтығын қабыл­дайтынын, атап айтқанда, Қазақ­стан­­­ның азаматтығын қабылдауға рұқсат бере­тін шығу парағын алып келу керек. Бы­лайша айтқанда, мен Қытайдан кө­шіп келіп, Қазақстанның азаматтығы керек болса, Қытайдың рұқсатын алуым керек. Қытайдың: «Біз рақым қылып, Қазақ­станның азаматы болуына қарсы емеспіз», – деген. Екіншісі, сотталмағаны жөніндегі анықтама немесе сотталымының бар екені жөніндегі анықтама. Сосын, ол жерде не себепті сотталғаны немесе сотталымының жоқ екені туралы айтылуы керек. Онда да оны белгілі бір көлемде әкеле салуға болатын еді. Бірақ, оны алудың өзі күрделі жағдай болып отыр. Оны алғаннан кейін, оны осындағы Қытайдың немесе басқа елдің дипломатиялық өкілдігі растау керек. Бұл анықтаманы сатып алған жоқ деп. Ал, бұл іс жүзінде мүмкін емес. Осындай себептерге байланысты көштің қиындығы одан бетер ұлғайып кетті. Республика айқындап берген, оңтайлы өңірлерде оралмандарды қоныстандыру кезінде талап етілген анықтамаларды міндетті түрде сұрайды. Осыған байланысты көптеген қиындықтар туындады. Көш тоқтады, көшіп келген азаматтардың өзі азаматтық алған жоқ. Алар еді, алуға мүмкіндігі болған жоқ. Екінші жағдай, жеке кәсіпорындар және қоғамдық мекемелер, Жазушылар одағы, Жұмысшылар одағы т.б. өте маңызды бір лауазымға бір адамдарды тағайындау керек болса, онда жаңағы органдардың келісімімен анықтамаларды алуға болады. Жеке адамдарға үзілді-кесілді берілмейді. Енді, меніңше түйіткіл осында. Мен бұны құқықтық актілермен белгілеу, реттеу керек шығар деп ойлаймын. Өйткені, енді Қытай Заңы бермесе, сен өз Заңың бойынша сұрасаң, мұны қалай шешу керек? Сонда енді қандастарымызды бір анықтамаға бола елге кіргізбейміз бе? Басты түйткіл осы… Оны жақын арада шешеді деген үміттемін. Мәселен, Республикамыздың Солтүстік өңірлерінде, 10 жылдың ішінде адам саны 100 мыңға кеміп кетті. Жүздеген мектеп жабылып қалды. Ал, енді Шығыс Қазақстанның өзінде адамдар саны 10 жылда 70 мыңға кеміп кетті. 70-тей мектеп жабылып қалды. Сондай жағдайларға байланысты, мүмкін солтүстік өңірлерге адамдарды көбірек ынталандыру керек шығар. Жаңағы кедергілерді жоюдан тыс, осындай ынталандыру шараларын жүргізу керек. Бірақ, Үкімет оны жасапты. Бұдан былай барғандарға қызметтік пәтерлер беріледі, көп балалы отбасылар мен жастарға жеңілдіктер қарастырылады. Бұрын мынадай болатын, бір ауданда миграциялық полицияның бір өкілі отырады. Оралмандарды қабылдайды, сондықтан, бүкіл адам соған жалынуы керек. Өйткені, бүтін бір ауылға келгендерді қабылдау бір адамның қолында ғой. Сонымен, сен ол адаммен дос болуың керек. Оның делдалдары болады. Сауда жүрген жерде оның делдалдары болады ғой. Содан кейін, көп нәрсені қиындатып жіберген. Қазір ондай емес, халыққа қызмет көрсету орталықтары бар, сол жерде оны қабылдап алады, жеке адамның бірімен байланыс жасамайсың. Соған құжаттарыңызды өткізесіз, сонымен бәрі шешіледі. Барлығы бір қалыпқа келіп, жақсарған. Ал, одан кейін мынадай жағдай, мәселен, бізде бір кедергілер болып тұр. Бұрын заңда: «Көлік құралдарын қоса есептегенде шетелдегі қазақтар барлық мүлкін шекара кеденінен алып өтуі керек», – делінген болатын. Бірақ, Еуразиялық одақта мынадай жағдай, ауылшаруашылық техни­каларын кіргізуге болмайды. Он­да олардың тракторы, тағы басқа тех­никалары кірмейтін болып қалды.  Енді, мәселені Үкімет қалай реттейді, оны білмеймін енді. Заң бойынша біздің халықаралық келісімдеріміз бар ғой, мысалы Еуразиялық одақ ішіндегі, онда «ауыл техникалық заттары шетел­ден кірмейді» делінген. Ол дегеніміз, қандастарымыз шетелдегі тракторын, ауыл­ шаруашылығы техникасын кіргізе алмайды деген сөз. Бұл да бір түйткіл. Үкімет мұны бір қалыпқа келтіріп, шешетін шығар деген үміттемін. Жалпы, көші-қон жайлы жағдай осындай болып тұр. 
Жұмаш Кенебай: – Интернетте осы та­қырып төңірегінде талқылау өтеді дегенді естіп, көші-қон мәселесіне қатысты көп­теген адамдар пікір қалдырыпты. Соған тоқталар болсақ, Саясат Бейісбаев деген азамат: «Кеше Парламентте сырттан ке­летін ағайындарға 3 айдың ішінде аза­маттық беру мәселелері көтеріліп, Заң­ға түзету енгізілетіні туралы жақсы жа­­ңа­­лықты естідім. Лайым солай болғай. Сондай-ақ, Икрам Адырбековтың «оралман» сөзінен қашуы, «отандастар» деп атауы көңілге жылы шуақ ұялататын сияқты. Мы­салы, одан әрі көшті жалғастырмасақ, кешіксек жағдай қиындай береді. Сириялық босқындар Еуропаға ағылуда. Жақында қырғыздар өз елінде 1,5 млн. босқынды паналатамыз деп хабарлады. Егер, Біріккен Ұлттар Ұйымы басқа да Халықаралық ұйымдар: «Қазақстанның жері байтақ, бос жатыр, онда 1 млрд. халықты асырауға болады, сондықтан қазақ жерінде миллиондап босқынды орналастырайық», – деп бізге қы­сым көрсетіп, талап қойса, бәле сонда болады. Сондықтан шеттегі ағайындарды «Отандастар» ретінде атамекеніне жеделдетіп көшіріп, теріскейге, шырайлы, құнарлы ай­маққа жүздеп, мыңдап қоныстандыруымыз, жіберуіміз керек. Әйтпесе, күні кешегі ғаламторлардағы жағдайлардай, Қытайлар аз қазақты тепкілеп, түбімізге жетіп жатса қайтеміз» – деп жазады. 
Нәбижан мұқаметқанұлы 4Нәбижан Мұқа­мед­­қанұлы: – Біздің елі­мізде көші-қон мәсе­лесінің сөз болуының басты себебі,  алғаш Тәуелсіздік кү­ні­нің қарсаңында Мем­­­­ле­кетіміз шетел­дегі эт­­ни­калық қа­зақ­тарды тарихи Отанына қайтару жөнінде қаулы қабылдады. Елбасы ең алғаш осы идеяны көтеріп, өзі үндеу жариялаған болатын. Содан бері қарай қарап отырсақ, бірнеше рет заңдар қабылданды, Үкіметтік ережелер шығып жатыр. Ол да бірнеше кезеңдерден тұ­рады. Бұл идеяны, мен айтар едім, біздің Қа­зақстандағы ең маңызды салиқалы сая­сат деп. Өйткені, Тәуелсіз мемлекет құрған екенсіз, сіз ұлтыңыздың тарихына жауаптысыз және болашағына бей-жай қарамауыңыз керек. Сонда ғана бұл нағыз қазіргі мағынадағы, ұлттық сипаттағы мемлекеттің саясаты, стратегиясы болады. Біздің мемлекетімізде сондай стратегиялар жасалып, заңдар қабылданған. Өкінішке орай, күн өткен сайын, еліміздің әлеуметтік-экономикасы жақсарған сайын, оралмандарға келуге кедергі көбейіп кетті. Бұның ар жағында түрлі себептер бар. Басты себеп, ол әлеуметтік-экономиканың тапшылығынан емес, пейі­ліміздің тарылуында болып отыр. Бұл пейілдің тарылуы, әрине, мен айтар едім, біздің өзіміздің ұлттық тұрғымыздан емес, белгілі бір көмескі күштердің ықпал жасап жатқанынан болуы әбден мүмкін.  Өйткені, Қазақстанның қазіргі болашағында қандай мемлекет қалыптасады, ұлттық мемлекет пе әлде азаматтық қоғам ба деген мәселелер талқыдан түскен емес. Ең басты мәселе – 5 жылдан бері қарайғы, Үкіметтің қабылдаған қаулыларында шетелдегі этни­калық қазақтардың Отанына оралуына шектеу қойылуы кедергі болып отыр. Осы кедергілердің салдарынан сол 5 жылда біз­дің елімізге «оралам», «келем» деп, өзін «қа­зақпын», «мен қазақпын», «Қазақстан үшін еңбек етемін» деген жасы бар, қарты бар, бәрінің келуіне үлкен кедергі болды да, көші-қон тоқтап, қаңтарылып қалғаны белгілі. Әлемде жағдай өзгеріп жатыр. Бір ғана ақиқат бар: «көп қорқытады, терең батырады», – деген. Демек, мемлекет құрушы ұлттың халқы сол мемлекетте негізгі басымдыққа ие болмайынша, ол мемлекетте Тәуелсіздікті орнықтыруға кепілдік жасау өте қиынға түседі. Бұл тарих дәлелдеген факты, ақиқат. Ал, енді, қызығы сол, біздің көптеген саясатымыздың бір-біріне қа­­­­рама-қайшы тұстары өте көп. Біз әлеммен салыстырып қарайық, мысалы, мен жоғарғы оқу орнында  жұмыс істеймін. Бізде, бекер обалы не керек, жылда квота беріледі. Пәлен 100 бала, 500 бала, 600 бала оралмандар іріктеліп келіп, біздің жоғарғы оқу орнымызда оқып, азаматтық алған. Олар қазір үйленіп, осы жерге сіңіп, еліміздің әр саласында еңбек етіп жатыр. Ал, енді соңғы 5 жылдан бері осындай 400-500 баланы оқытамыз. Оқуды аяқтағаннан кейін, «сен енді еліңе кетуің керек» деп қайтадан жібереміз. Тіптен, магистратураны оқығанның өзінде зарлатып, елден шығарылып жіберілген студенттердің, магистранттардың жағдайын өзім жақ­сы білемін. Олай болатын болса, біздің саясатымыз не үшін жасалды? Біз қайтадан шетелге маман дайындап беру үшін жасалды ма? Жоқ, болашақта Қа­зақстанның  әлеуметтік-экономикасын дамыту үшін мамандар дайындаймыз ба? Кім үшін дайындаймыз? Қазір қарап отыратын болсақ, мысалы біздің Қытаймен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Қытайдың өзі Орталық Азияда, көптеген мемлекеттерде қытай тілін оқытатын мамандар дайындайды. Олар сол жердегі Қытай компанияларымен бірлесіп жұмыс істейді. Оларға да қытай мәдениетін меңгерген жақсы маман керек. Ал, енді, біз өзіміз әкелеміз, өзіміздің ұлт, өзіміздің қандас, 4 жыл пәлен миллион қаражат жұмсаймыз, соңында оны күштеп шекарадан қайтадан шығарып жібереміз. Бұл қандай сәйкессіздік… Он­дағы біздің мақсатымыз не болды? Өткен жолы ғана қабылданған Заңды қай­тадан қарап, өзгерістер енгізді, көптеген қоғамдық сала өкілдерінен пікір алынды, ұсыныстар қабылданды. Қазіргі заңымызға біраз жігіттер ат салысқанының арқасында, этникалық қазақтардың елімізге келгені бар, келейін деп жатқаны бар, ойланып жатқаны бар, солардың арыз-армандарын айту нәти­жесінде қазіргі жоғарыға танымдық өз­геріске байланысты, жаңа Заңның көптеген тиімді жақтары бар. Елбасымыз біздің бас­ты идеологиямыз «Мәңгілік ел құру» деп айтты. Әзіргі мәселе, осындай «Мәңгілік елді» қалай құрамыз? «Мәңгілік ел» менің түсінігімде, бүкіл дүниежүзіндегі қазақтарға ортақ арман, ортақ міндет болу керек. Осы «Мәңгілік ел» үшін елде және шетелде тұрып-ақ еңбек етуі тиіс. Әрине ең жақсысы еліне келіп тоғысу арқылы, еліне келіп елдесу арқылы Қазақстанның әлеуметтік-экономикасы мен тәуелсіздігін нығайтуға үн қосу керек деп есептеймін. Өзін қазақ деп таныған болса, бәрімізде қазақ деген таным болса, қазақтардың бір ғана Тәуелсіз мемлекеті ол Қазақстан деп таныған болса, осы Қазақстанда мен өмір сүрем, еңбек етем деген арманы болса оны неге қабылдамасқа. Демек, мұндай танымға келудің өзі үлкен мәселе. Әзір шыны керек, біздің қоғамда халық заты қазақ болғанымен, шын ниетімен «қазақпыз» деуден әлі де намыстанатындар бар. 
Жөні келсе, біраз қаржысы болса, пәлендей мемлекетте өмір сүргісі келе­тіндер жоқ емес. Ал, соған қарағанда, елім деп еңіреп, келем дегенге неге жол ашпасқа. Әзір әлемдік жағдай тіпті күрделі. Әзіргі әлемде түрлі дағдарыстан босқындар көбейді. Көптеген болжамдар бар, Қазақстанды игеру үшін аз дегенде 60 млн. адам керек. Ал, 60 млн. адамды қайдан біз жеткіземіз. Мұндағы мәселе ол 60 млн. ба? Ол қандай мақсатта жасалды? Қандай ниетте жасалған үгіт-насихат? Әзірге оның жөні бір басқа. Ең маңыздысы, қазіргі кезде қазақтарға бірігу, тұтастану, ұлттық бірегейлік керек. Сонда ғана біз еліміз бен жерімізді сақтай аламыз, Тәуелсіздігімізді нығайта аламыз, әлемдік экономикамызды дамыта аламыз. Ол абсолютті ақиқат. Олар келем деп тұр, әзірге ешқандай квота, экономикалық көмек сұрап жатқан жоқ. Тек қана кішкентай мәселелерді шешу ғана қалды. Жоғарыда Рахым айтқандай ол көшіп келеді, бірақ, өзінің жеке мүлкін алып өте алмайды. Бұл адам құқына тән емес қой. Оның тракторы болсын, машинасы болсын ол жеке отбасының мүлкі. Жеке мүлкін неге жекеменшігінен айырып тастау керек. Сонда, Қазақстанға ол тракторын, ауыл шаруашылық техникасын тастап, жалаңаш, құр қол өзі келу керек пе? Ол қандай ел? Бұдан кейін, енді, осы мәселе Заң күшіне енгеннен кейін Үкіметке жол тапса екен дейміз. Шыны керек, бұл жерде біз алдыменен шетелдегі қазақтар, әсіресе, қытайдағы қазақтар келем дегендегі қиыншылықтар өте көп. Не үшін этникалық қазақтар Қазақстанға келуі керек? Бірінші кезекте, біздің Қазақстанға Тәуелсіздікті нығайту үшін, әлеуметтік даму үшін, біртұтас ел болу үшін, «Мәңгілік елдің» негізін қалау үшін керек. Осындай стратегиялық маңызы бар тұрғыдан қарайтын болсақ, келем дегендерге кең жол ашу керек. Енді, қазіргі жағдайда сіз келмесеңіз басқалар келеді. Өзің келмесең, басқа сенің орныңды басады, ертең жағдай басқаша болады. Ол түрлі тәсілдерменен жүзеге асырылады. Сондықтан, бізде бос орын болмай, шекара аумағындағы ауылдар қаңырап қалмауы керек. Оны біз әзірге жоғарғы ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан, мемлекеттің стратегиясы тұрғысынан ойланатын, түсінетін кез келді деп есептеймін. Мінеки, жаңа заң қабылданғаннан кейін, біздің Үкіметтің атқарар міндеттеріне осының барлығы болуыменен өз тиянағын тапса екен. Көптеген келеміз деп отырғандар бар. Олар заңға тік келудің қиындығын айтады. Қандастарымыз келіп, масыл болайын деп жатқан жоқ. Өз күшімен келеді, өз үйін, жерін сатып алады, өз күнін өзі көреді. Тек қана, құжат жөнінде аздаған жеңілдіктер берсе ғана болғаны. Одан артық қандай жеңілдік керек? Енді, ойланып қарайықшы, әлгі жалаңаш босқынды қабылдап алсақ,  «ол кім?», «діні қандай?», «нанымы қандай?», «қылмысы бар ма, жоқ па?» деген мәселелер тұрады. Біз, өзіміз, қазақ үшін неге соншалық тарыламыз? Соны түсінбеймін… Әсіресе, мемлекет құрып жатқан жағдайда. Сондықтан, ұлттық тұрғыда, идео­логиялық жүйе­міз­бенен осындай сәй­кессіздіктерді қоюы­мыз керек. 
Шаяхмет ибашұлыШаяхмет Имаш­ұлы: – Мен көші-қон мә­­­се­­лесін көтеріп жүр­ген, соған араласып жүр­­ген маман емеспін. Дегенмен де, ол енді атым қазақ болғаннан кейін, сол бір үй­дің 4 бала­сының 3-уі сонау жұт заманында Қытай асып кеткен екен. Менің атам, әйтеуір бір себептермен қалып қойыпты. Сол 3 атаның екеуі, сонау 62-жылдары елге оралды. Бір ата түптеріміз қалып қойған еді. 10-15 жылдың көлемінде солардың ұрпақтарының алды келе бастады. Алды келді де, арты келе алмай қалды. Сондықтан, сол бір үйдің 4 баласының 3-нің жартысы сол жақта. Мал өрісі бар, Нарынқолдың ар жағында. Солардың қазіргі зар мұңын, көзіммен көріп бірнеше рет барып та келдім. Өнердің саласында жүргеннен кейін әйтеуір дәріптеп, концертімізді беріп, көңілдерін басып та қайттым. Бірақ, жағдайлары жаман деп те айта алмаймыз. Ол баяғы қазақтың жері ғой. Өзі Нарынқолдың ар жағында, 10-15 шақырымда екен. Бірақ, Қытайлар үлкен қала салып тастапты. Бұрын ең дала болатын еді дейді. Ешкім ол жерде қазақтың бар екенін, кімнің бар екенін білмейді. Сол сияқты 91-93 жылдары мен облыстық аппаратта істеген кезде, ең бірінші көші-қон басталған заманда араласқан едім. Ол кезде бір басқарманың бастығы болатынмын. Содан бөркімізді аспанға атып, бауырларымыз келеді осында, қандастарымыз келеді деп, анау Қорғасы бар, басқа да жерлерде мал сойып, алдынан шығып, төс қағыстырып күтіп алдық. 1992 жылы ең бірінші қазақ құрылтайын аштық. Сөйткен қазақтар еді. Уақыт өте келе, адам өзгеріп, қазақ қонақжайлылығы өзгеріп, әртүрлі себептермен сылтау тауып, тырнақ астынан кір іздеп, көшті тоқтаттық. Бір тылсым күш тоқтатты. Одан кейін күйе жағу бас­талды. Олар келеді де масыл болады, олар келеді де дүние сұрайды, оларға біз беріп жатырмыз, олар бізге не береді, деген түкке тұрмайтын бірдеңелерді сылтау еттік. Кезінде олар әртүрлі себептермен кетті. Ағы келіп бір шапты, қызылы келіп бір шапты. Менің әжем айтып отыратын: «қайсысы келеді, қашан келіп атып кетеді, зорлап кетеді, шауып кетеді деп қорқып отыратын едік», – деп. Ол қызылың кім, ағың кім екенін түсінбейтін заман болды. Сол алай-дүлей заманда кеткен еді. Қандастарымызды қайтару біздің елдің ұрпақтарының міндеті еді ғой. Сол міндеттен қашамыз Заңға бағынып. Заң, Заң, бітпейтін Заң әйтеуір. Күнде екі мың Заң дейді. Заң адамға қызмет етуі керек қой. Министр не істеуі керек? Министрдің жұмысы сол халықтың жағдайы болуы керек. Сол қазақ деген халық болмаса, министр кімге керек? Оны қырғыз Министр жасамайды, орыс жасамайды. Ол қазақ деген халық басы аман тұрғанда Министр болып отыр. Әр адамда «мен не істеймін деген?» сұрақ тұру керек. Мұғалім баласын оқытуы керек, дәрігер емдеу керек, әкім өзінің ауданындағы адамдардың дұрыс өмір сүруін қадағалау керек. 
Болат дүйсеновБолат Дүйсенбі: – Кө­ші-қон мәселесін бі­раз жылдан бері ұлт­қа жаны ашып жүр­ген азаматтар, бел­сенділер көтеріп жүр. Абай айтқандай: «Адам­ды та­­мырынан ұстап отыр», – деген саясатты ұстанып жүрген азаматтармыз ғой. Бұл біздің 5-6 жылдан кейін бірінші рет, жиналып отыруымыз. Барлығы осы шақырған жиналысқа келген адамдардан белгілі болып отыр. Бұл да үлкен ойланатын жағдай. Осыдан 10 шақты жыл бұрын халқымызда бір серпіліс болып еді. Сол серпіліс кезінде біраз қоғамдық ұйымдар құрылды. Солар­дың бірі «Ұлт тағдыры» ұйымы болды. Осыдан 8 жыл бұрын біз осы Үкіметтің Заңын сараптап отырып, өзгеріс енгізу керек деген ұсынысымызды білдіргеміз. Ол жерде сіздер айтып отырған, баяндамашы айтып отырған мәселелердің көбі қамтылған. Бірақ, өкінішке орай ол уақытта оны біз әзер дегенде жеткіздік. Парламентке жеткіздік, Үкіметке жеткіздік. Газетте де басылды, телевидениядан да көрсетті. Біраз нәрселер болып еді. Бірақ, одан кейін өкінішке орай, неліктен бәрі құрып кетті деп қазір айтып отырмыз? Неге десек, билікті сынау оңай. Бірақ, сол билікті сынау үшін, өзіміз халықпен үлгі көрсетуіміз керек. Қандайда бір қоғамда болмасын, психологиялық орта қалыптастыру қажет болады. Сол қалыптаспағаннан кейін,  қазір бір шындықты айтайықшы. Әр қазақта ауылға барсаң да, қалаға барсаң да мынау қытай, мынау моңғол, мынау қарақалпақ, мынау өзбек деп бөліп отырады. Мәселені осыдан бастайық. Өзіміз неге ең алғаш Заң қабылданғанда, мынау оралмандар деген адамды кеудесінен итеретін ұғымды қалыптастырып жібердік. Ең үлкен қате осыда болды. Сол уақытта халыққа олай емес, бұл былай деп түсіндірген ешкім болған жоқ. Сол жүйе ары қарай асқынғаннан кейін, жаңағыдай қарама-қайшылық туып отыр. Ең бірінші біз өз қазағымызға, туысымызға, таныстарымызға түсіндіре білуіміз керек. Мен, мысалы, ауылға барғанда, талай осы өзімнің ағайындарыммен: «Ей, сен нені айтып отырсың? Бұл өзіңнің қандасың. Әріберіден кейін рухани жағынан ол сенен жоғары тұр. Біз осыны ұмытпайық», – деп сөзге келіп қаламын. Сондықтан, қазір ойлауымыз керек, біз не үшін жан-жақтан қазақтарды жинауымыз керек? Бізге ең бірінші, өзіміздің, келешек мемлекет құрушы халықтың мәдениеті, содан кейін рухани ата-бабалармен сабақтастығы керек. Онсыз келешек жоқ. Осы мәселеге мен өтініш жасар едім. Бізде белгілі бір қалыптасқан жүйе жоқ. Әрбір халқына жаны ашитын қазақ өзі істеп жүрген газетте, журналда, телевидениеде болсын, айына екі-үш рет қана кішкентай тақырыппен мәселені үнемі көтеріп, халықты үйрету керек. 
Ұлттық идея деген не? Ұлттық   идея  деген   мемлекет  құрып отырған ха­лық­тың мүддесін қорғау, келешегін ойлау. Жаңа сіздер айтып отырған Тәу­елсіздік сонда ғана сақталады. Бар­лық идеология қай салада болмасын алдымен ұлттық идеядан туады. Әрқашан да біздің келешегіміз – жастар. Біз өзіміздің қолымыздан келгенді істедік. Қолы­мыздан келмегенді істей алмадық. Біз басқа заманда өмір сүрдік. Енді, елдің иесі жастар. Халықта кінә жоқ. Ұрпақтар, жастардың бәрі бізде оқығанымен, Ресей бәрін жинап алып жатыр. Ал біз өзімізде оқыған өз мамандарымыздан қашып отырмыз. Міне, осы жағдайдан бәрі туып жатыр. Сондықтан, сіз болайық, біз болайық, жерімізде үнемі біреуді кінәлау, біреуді сынауға емес, осыған көңіл аударуымыз керек. 
Болат Дүйсенбі: – Бұл жерде сотталма­ғанын  анықтайтын  қағаз жайлы айта кетейін. Бұны тоқтату керек. Ол ойдан шы­ғарылған дүние. Неліктен? Қытай елінде кім сотталды, кім сотталмағанын бағдарлайтын жүйелі анықтама базасы жоқ. Оны беретін біздікі сияқты ұйым да жоқ. Сондықтан, бұл әдейі істеліп отырған шаруа. Неге дейсіз ғой? Қытайлардың өздерінде оны алу үшін, тек қана тұрған жеріңдегі кісілерге барасың. Ол тұрған жеріңдегі ұйымның беруге құқысы жоқ. Міне, мәселе қайда жатыр. Біз осыны білуіміз керек. Әр мемлекеттің құрылымынан, жүйесінен хабардар болуымыз керек.
ЗаңгерКәмиша Есмұ­хам­бетқызы: – Мен өзім де елге оралған оралманмын, қазақпын. Мен кел­ген жылы өте көп құ­­жаттар жинау керек болатын. Және біз келіп, азаматтық алғаннан кейін де, қандай да бір  Үкіметтен бөлінген же­ңіл­­діктерді алмадық. Бірақ, барлық нәрсе, анықтамаға тіреліп отыр. Неге? Себебі, қазіргі таңда ұлттық қауіпсіздік деген бар. Шынымен де, ол адам сол мемлекетте кім болды? Біз ол тұлғаны анықтауымыз керек қой. Сондықтан, мен ойлаймын, әрине, Қазақстанға кел­ген соң, оған қаншама жеңілдіктер берілген соң, әрбір қандас елімізге болысуы керек. Мені қателесіп тұр деп айтатын шығарсыздар… Шетелден келген басқа ұлттар қазақстандық болуға тырмысады. Қаншама құжат олардың мойнында бар. Солардың бә­рін ерінбей, бірталай өкініш айтпай-ақ, тез-тез жинап, заңдастырып алады. Көші-қонда біраз қиыншылықтар болды. Қазір жеңілдіктер тұрғанда, неге біз бір анықтама үшін қайта-қайта орала беруіміз керек. Анықтаманы не үшін Қытайда алу қиын, айтайын ба? Себебі, Қытайда әрнәрсе Заңға байланыс­ты. Кішкене бір нәрсе болды ма, бірден Заңға тартады. Олар Заңнан қорқады. Ал, екін­шіден, мен ойлаймын, елге келген соң, «елім маған не берді емес, мен еліме не берем» деп келген жөн сияқты. Мені де ешкім күткен жоқ бұл елде. 
Рақым Айыпұлы: – Мен сізге түсін­діре кетейін бұл жерде. Қауіпсіздікті бірінші кезекте дедіңіз. Өйткені, бұл елдің қауіпсіз болуы біздің қауіпсіздігіміз, солай емес пе? Және тағдыры осы елмен байланысты барлығының қауіпсіздігі. Ал енді, осы жөнінде. Ол анықтама «ұлттық қауіп­сіздікке ешқандай қатер төндірмейді» деген анықтама емес. Ол болмашы ғана анық­тама, былайша айтқанда. Сотталдың ба, сотталмадың ба деген анықтама. Бұрын, мысалы, адамдар сотталып жаза басуы мүмкін ғой. Қылмыскер қайда жүрмейді? Олар біздің де елімізде бар.Қазақстанда 17 млн. адам тұрамыз, періштелер ғана тұрмаймыз. Барлығымыздың кемшілігіміз бар. Қылмыскерлер жетіп жатыр. Бірақ, біз оларға да мүмкіндік беруіміз керек қой. Мүмкін біреу, мысалы, жаза басып, саяси насихаттар өткізген шығар, ол кінәсіз шығар біздің ұғымда. Ал, енді, бұл жердегі әңгіме анықтаманы алудың қиындығында болып тұр. Ол анықтама жаңағы билік орындарының кез-келгенінің қолынан жұлып алатын дүние емес. Егер, ол оңай боса,  кез келгені алып алатын еді. Біз мемлекетімізге басқа кінә тақпас едік. Ол көші-қон бүгін ғана басталған жоқ қой. Ол 90-жылдардың басында бас­талып кетті. Одан бері қарай 25 жыл өтті, одан анықтама сұраған жоқпыз. Сіз заңгерсіз, ия. Қаншама сотталғаны бар миллиондаған қазақ келді ғой. Сол кісілерге: «мынау былай екен, байқамай қалыппыз, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін мынадай-мынадай топтар кіріп кетті бізге», – деп айттыңдар ма? Ондай анықтама жоқ қой. Әрине, біз білеміз ұлттық қауіпсіздік бәрімізге керек екенін. Бірақ, ол анықтама ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірмейтінін анық­тамайды. Оған байланысты емес. Миллиондаған адам келіп жатыр. Оның ішінде жақсы адамдар бар, жаман адамдар болуы мүмкін, террорист те болуы мүмкін. Онымен Ұлттық комитет айналыссын, біз неге салық төлеп отырмыз? Неге бейкүнә адамдар өзінің пәктігін дәлелдеу керек. Содан кейін қайтарайық біз оларды. 49-бапта 17 түрлі тосқауыл қойылған. Егер де, сол елде қылмысын өтеп келген болса, оны қайтаруға да біздің құқығымыз бар екен. Ол 49-баптың 1-тармағында жазулы тұр. Бізде барлық мүмкіндік жасалған. Әңгіме жаңағы бір ғана анықтаманың қиындығында болып тұр ғой, біздің айтайық дегеніміз. 
Кәмиша Есмұхамбетқызы: – Менің қан­дастарым келеді ғой осында Өзбек­станнан. Мен өзім негізі Ақтөбеде Байғанин деген ауылда өскенмін. Туған жерім Нүкіс. Қандастарымнан сұраймын: «Не үшін осы елге келмейсіздер? Қазақтың санын кө­бейтпейсіздер ме?» – деп. Сонда бір айта кететіні, олар көп құжат жинау керектігін, анықтама алу керектігін айтпайды. Ол жақта анықтама алуда қиындық жоқ. Тек 1,5 миллион төлеу керек. Үкіметке салық бересің. Олар сол үшін келе алмай отыр. Мен соны жеңілдетсе деп ойлаймын. 
Нәбижан Мұқамедқанұлы: – Бұл ха­лық­аралық талап. Ол бүкіләлемде бар. Мұндай әңгіме қайдан туды дегенде, 2009 жылы жалпыұлттық санақ жүрді ғой. Сонда, қазақтың Қазақстандағы құрамы 75%-ды құрайды деді. Оның ішінде, 1 млн. оралман келді деді. Мәселе осыдан кейін басталып кетті. Бізде қазір көп айтып, аударып та бердік, Парламенттің көп Заңын білуіміз керек, Қытай Заңын білуіміз керек. Қытайдың төлқұжатын қарасаңыз, арт жағында жазулы тұр, «Қытай азаматы шетел азаматтығын қабылдаған күннен бастап, қытай азаматтығы автоматты түрде алынып тасталады» деп. Ал, Қытайдың көші-қон Заңын қарайтын болсаңыз, онда көптеген тексерулер бар. Егер, сіздің қолыңызға шетелге шығу төлқұжаты берілсе, сіз еркін адамсыз деген сөз. Оларда біздегі сияқты емес, 16 жасқа келгенде жеке куәлігіңізді береді, ал, шетелдік құжатыңызды бірде береді, бірде бермейді. Қытайда ол көптеген тексерулерді, тіпті, банкте қарызыңыз бар ма, жоқ па соны тексеру арқылы береді. Ал, енді, оны тексеріп бергеннен кейін Қытайда анықтама беру базасы жоқ та. Біз айтамыз, сен ана жерден бар да тіркеуден шығып кел, Қытай айтады тіркеуден сені әзір шығаратын болсақ, құжаттарыңды алып қоямыз, шетелге шыға алмақ түгілі, Қытайдың шекарасында жүре алмайсың. Қараңыз, осы, сонда, мүмкін бе? Екінші бір нәрсені ойланыңыз, Қазақстанға қауіп қазақтан келіп тұр ма, жоқ басқадан келіп тұр ма? Сіз, қазақтарды тексермесе, қазақтардан ұлттың қауіпсіздігіне қауіп келеді деп ойлайсыз. Осындай ойлау жүйесі қайдан сіңді бізге? Ал, біз дәлелдейік, 1 миллион қазақ келді дейік… Осы күнге дейін шетелден Қазақстанға келіп жатқандардың қаншасы осында келіп, қылмыс жасады? Салыстырма бар ма Заңда? Ал, қазіргі мәселе қазақ аз болса қауіпті ме, көп болса қауіпті ме? Мәселе осында болып тұр ғой. Біз «Мәңгілік елді» қандай негізде құрамыз? Жоқ, бұл құжатсыз келсін деген сөз емес. Мүмкін емес құжатты сұрау, бірінші сауатсыздық, екінші халықаралық ұят нәрсе. Мысалы, сізге айтайын, мен ЖОО-да оқытушымын. Пекин университетін бітіріп келдім, бізге магистратураға түсуге емтихан берді. Сонда айтады, сен ана дипломыңды анықтатып кел деп. Бардық… Олар: «Қазақстан кімсіңдер деді? Кеше құрылған мемлекет. Интернетте тұр, қарап ал, біздің шәкірттер Еуропада, Америкада жүр. Біреуі анықтама сұраған емес. Ал енді, Қазақстан сұрайды. Бар, интернеттен қара, сол жерден түсініп ал», – деп шығарып салды. Ал, енді, қайтеді ана жерде қабылдамайды, мына жерде мойындамайды. Бұл кімді қинау?  Маман екені тұр, емтиханнан өтіп тұр. Мысалы, өзіміздің маман екенімізді дәлелдедік қой.  Қытайда оқығанбыз. Құдайға шүкір, маман ретінде танылып отырмыз. Айтыңызшы, осы дұрыс па? Адамды тентіретіп қойды, мүмкін емес құжаттарды сұрайды. Бұл бюрократия емес, ар жағында үлкен күш жатыр. Бюрократия барлық жерде бар. Заң бұзған адам, күмәнді адам ешқандай жағдайда шетелге шыға алмайды.
Болат Дүйсенбі: – Сіз енді заңгер бол­ғаннан кейін мен бірнәрсе айта кетейін. Сіз оны түсінуге тиіссіз. Бізде Заңды күнде шығарып жатыр ғой. Бізде үлкен бір қателік бар. Ол өзіміздің көптеген сауат­сыздығымыздан туады. Көптеген саяси сауат­сыздық, заң тұрғысынан сауатсыздық, басқа да сауатсыздық. Мысалы, жаңағы «Көші-қон туралы» Заң, жалпы шетелмен жұмыс істейтін Заңды шығару үшін, әрбір елдің заңында ол бар ма, жоқ па, қалай оны байланыстырамыз, қалай шешіледі, сол қарастырылмаған. Қытайда неге жоқ? Бізде неге бар? Мысалы, біреуінен анықтама сұрамайды. Неге десеңіз, бүкіл Еуропа бағытында бағытталған мемлекет құрылымында, бұлардың бәрі жүйеге қойылған, жөнге келтірілген. Оларда мәліметтер базасы бар. Сондықтан, олар оны сұрамайды. Ал, енді, Қытайда ол жоқ. Екінші бір мәселе, оны ұмытпауымыз керек. Қытай ешқашан өз еркімен арыз берген адамды жарайды бара ғой деп жібере салмайды. Жіберуге мүлдем тыйым салады. Өздерінде 1,5 млрд халық болса да, оларға ассимиляцияға ұшыраған пайдалы. Үлкен саясат бар соған да көңіл аудару керек. Міне, мәселе қайда жатыр. 
Кәмиша Есмұхамбетқызы: – Қытай мен Өзбекстанды алып қарайтын болсаңыз, салыстырмалы түрде Заңдарында қарама-қайшылықтар бар екен ғой. Мен Қытай Заңында не бар, не жоқ екенін білмедім. Сіз айтып отырсыз. Бізде Өзбекстанда бар. Неге десеңіз, анықтама беріледі. Ол жағынан ешқандай қиындық жоқ. 
Нәбижан Мұқамедқанұлы: – Өзбек­стан­да да және Қытайда да қиын жерлері бар. Өзбекстан үйін саттырмайды, Қытайда үйін сатып кете алады. Өзбекстанда бел­гілеп қойған, сіз үйіңізді мына комитетке өткізесіз, сатасыз деп. Өзбекстаннан келген азаматтар осыларды көп талқылап жүр. Ал, енді, Қытайда ерікті бағаға сата аласыз. Жері­ңізді, үйіңізді сатып кетуге болады. 
Болат Дүйсенбі: – Ол да заңда ашық жазылмаған, меніңше, ол туралы бір мақа­ла болған. Осында мықты бір керемет Өзбекстанның азаматы, сол Нүкісте істеген, марқұм болып кетті. Сол кісі бір мақала жазған. Мақалада осыларды көрсеткен. Біз сұрақ қойғанбыз. Мына кісінің айтып отырғаны шын. 100% десек қате шығар, 90%-ы үйін өткізіп кетпесе жібермейді. Ол шындық. 
АлтынАлтынай Қартаң­баева: – Мен осы күнді күттім, қазір қуаныш­тымын. Бізде ұлтжанды жастарымыз өте көп. Ұлт мәсе­лесі аға буыннан бастап, жастарға дейін ойланатын түйткіл. Мен қадіріміздің қаш­қанынан жылаймын, көп жүрегім ауырады. Мемлекетіміз де болсын, көп жерде қазақты мазақтап, қа­зақты аяққа таптайтындар көп. Біздің Заңымыз әлсіз деуге болады. Заң қатал болса, бізде де бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Қытай 1 млрд. халықты бір Заңмен бағындырып отыр. Олар Заңға бағынады, Заңнан қорқады, адамнан қорықпайды. Ал, біз адамнан қорқамыз. Ойбай мені атып кетеді, өлтіріп кетеді, жоқ қылады деген ұғымдамыз. Бұл жерде тіл мәселесі бар. Ұлт болуымыз үшін бірінші тілімізді дұрыстап алуымыз керек. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болды. Содан бері жоғары жақта 42 әріпті жаттай алмай келе жатқан адамдар бар. Сөзді құрастыра алмайтындар бар. Сол да бір жағынан біздің намысымызға тиеді. Шетелден келіп жатқан қандас­тарымызды кейде телеарналардан кө­рем, шынымды айтсам, жаным ашиды. Өткенде Еңбекшіқазақ ауданында  Қы­тайдан келген қандастарымыздың жиналысы өтті. Олар қайтадан көшеміз дейді. Себебі, біз неше жыл болды құжат ала алмай жатырмыз, дейді. Басты, себеп тағы да сол құжат мәселесі. Бір үйден жас отбасы келді. Екі баласы бар Қытайда туылған. Балаларында Қытайдың төл­құжаты. Қазақстанға келді, 3 баласы осында туылды. Енді, оларға Қа­зақстанда туылған балаларыңды тас­та да, өзің көше бер деген талап та қойылып жатыр екен. «Сонда мен 3 баламды тастап қайда кетемін» дейді. Ондай мәселе де бар. Міне, Еңбекшіқазақтағы он шақты үйдің адамдары көшуге бекінген. Бізде жұмыста бір қыз болды. Әке-шешесі Қытайда тұрады,  өзі осында оқиды. Ол жерде де осы мәселе. «Мен ала алдым», – дейді, құжатты. «Енді әке-шешемді көшіру үшін, көп қосымша анықтамаларды талап етіп отыр», – деп мұңын шақты. Ұлт болуы үшін, Елбасымыз айтқандай, үлкен ел болу үшін, шынында да жан-жақтағы қазақтарды алып келу керек болып отыр. Ондай жағдайда құжат жөнінде мәселе болмау керек деп ойлаймын. Алдымен көшіріп алып келсін, сосын құжаттарын заңдастырсын, сосын, барып ішінара, мемлекеттің ішіндегі тексеріс жұмыстарын жүргізсін. Өздеріңіз айтып отырғандай, соттылығын тексерсін. Ондай мәселелерді мемлекеттің ішінде шешу керек деп ойлаймын. Бірінші кезекте, барлығын алып келу керек. Кең байтақ жерімізді басқалар иемденіп алып жатыр. Ал, біздің жастарымыз шетелге кетіп жатыр. Келген талай қандастарымызды көріп жүрмін, өкінішпен қайтып жатыр. Осында орныға алмағандар бар. Неге қалмайсыз десең: «кім маған құжат дайындап береді», – дейді. Ұлт болу үшін тіліміз бен дінімізді жоғалтпай, сол қазақтарды алып келу керек деп ойлаймын. 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Шетелден келген отандастарымызға Қазақстан азаматтығын еш кедергісіз берсе нұр үстіне нұр болар еді.Менің ойым келешек қазақ ұрпағы үшін жақсы болар еді.

Пікірлерге тыйым салынады.

Мұрағат

error: Content is protected !!