Елбасы Жолдауы және білім көкжиегі

  • 26.02.2016
  • 2067 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серік Пірәлиев,  
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһан­дық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму»  атты халыққа Жолдауы – қазіргі әлем­дік экономикалық, саяси, рухани дағдарыс жағдайдағы ел тағдырын тығырықтан алып шығар уақыт талабына сай бағытталған тарихи құжат болды. Ол экономикалық бағдарлама ретінде де аса құнды. Жалпы, халық Елбасының тарапынан әлемдегі дағдарысқа байланысты тығырықтан шығаратын жол мен күрмеуін шешетін үміт пен демеу күткен еді. Елбасы бейбітшілік пен ынтымақтастықтың тірегі ретінде  өз миссиясының мазмұнын, қызметін қазіргі жағдайға нақты бағыттап берді. Елбасының халыққа жаңа Жолдауында қазіргі жаһандық ахуал сыни тұрғыдан терең талданып, дағдарыстың ерекшеліктері мен экономикалық, саяси-әлеуметтік жолдары анықталды. Жолдаудың өзекті мәселесі адам, халықтың экономикалық ойының өзгеруі, өмірінің мәні оның руханиятымен тығыз байланысты. Адам өзінің бойындағы қасиетін асқақтата отырып рухани қуатын әлемге паш етуі арқылы өз өмірінің мәнін пайымдайды.


Бүгінгі әлемдік дағдарыс қаржылық қана емес, қазіргі әлемнің геосаяси жүйесінің дағдарысы екені белгілі. Президент бұл дағдарыс адамдарға үлкен сабақ болады, тойымсыздықтан тыйылып, қанағатқа, ысыраптан бойды аулақ ұстап, салауатты үнемділікке үйретеді деп атап көрсетті. Жолдау дағдарысқа қарсы басты үш міндетті – өсім (өсу), реформа, даму бағытын көрсетіп, жаңа жаһандық нақты ахуалдағы еліміздің келешекке беталысын айқындап берді. Елбасы алға Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы үшін орындалатын бірнеше міндет қойды. Бұл Жолдау тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына қадам басар шақта жарияланды. Елбасының сөзімен айтқанда «Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету!». Жолдаудың жаңалығы, біздің экономикамызды жаңа сапалық деңгейге көтеру. Ол дәрменсіз активтерді жекешелендіру, салық салуды реттеу, бәсекелестік ортаны қалыптастыру. Бұл Жолдаудан Елбасының нағыз реформатор ретінде дағдарыс кезінде құрылымдық өзгерістерді пайдалана отырып өсудің жаңа көздерін айқындап бергені байқалады. Ендеше Жолдауды жүзеге асыру бізге экономикалық дағдарыстан қиналмай шығуға кепілдік берері анық. Шикізаттық мемлекеттен индустриясы дамыған елге айналудың маңыздылығын өмір тағы да бір дәлелдеді. Ендігі кезде біздің елде төменгі бағадағы экспорттау негізіндегі өсімді қамтамасыз ету көзделіп отыр.  Жолдауда  мемлекет пен жеке кәсіпкерлер арасында серіктестіктің, оның ішінде инфрақұрылым туралы кең мүмкіндіктер ұсынылып отыр.  Үкіметке, аймақ басшыларына шетелдік инвесторларды тарту мақсатында кешенді шаралар жасау керек екені айқындалды. Жаһандық жаңа ахуалға біздер үйреніп қана қоймай,  әлемнің алыңғы қатарлы дарындары мен ақыл-ойын, жаңа технологияларын тарту, ол үшін соған лайықты құқықтық, экономикалық және мәдени жағдайлар жасау, қалтаға қарап өмір сүру, көрпеге қарап көсілу керектігін де айтты Президент.
Мемлекет басшысы беделді саясаткер ретінде дау-жанжалдарды реттеудегі Қа­зақ­станның рөлін, ядролық қарусыз әлем орнатудағы ұстанымын, терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі позицияларының айқын екенін тағы да дәлелдеді. Мысалы, Ресей мен Түркия қарым-қатынасын рет­теудегі Н.Ә. Назарбаевтың ықпалын әлем ха­лықтары оңды бағалауда. Биылғы Жолдау Кіріспе және қорытынды сөздерін есептемегенде, негізінен, шартты түрде бес бөлімнен тұрады. Жолдаудың «Жаңа жаһандық нақты ахуалдың сын-қатерлері» мен «Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүм­кіндіктері» бөлімінде  дағдарыстың си­паты мен астарын, негіздемесін айтып кет­се, «Қазақстанның дағдарысқа қар­сы мүмкіндіктері» бөлімінде әлемдегі дағдарысқа қарсы Қазақ елінің 7 мүмкін­дігін санамалап көрсетеді. Елбасының көзқа­расы­мен қарасақ, қазіргі жағдайда жаңаша дамуға мүмкіндік бар.
Жолдаудың «Біздің дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз  немесе міндетіміз» бөлімінде «Мәңгілік Ел» атты болашаққа бағыттаушы жоспар негізінде әрекет ету жолдарына талдау жасалады. Мұнда да бас­ты 3 бағыт айқындалып талданған. Олар – өсу, реформалар, даму. Ал, Жолдаудың төртінші бөлімі «Дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағы­ты»  деп аталып, соған нақты талдау жасалады. Алғашында қаржы секторын тұрақ­тандыру, екіншіден, бюджет саясатын оң­тай­ландыру, үшіншіден, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталан­дыру, төртіншіден, жаңа инвестициялық саясаттың негіздеріне  тоқталып, онда бес түрлі мәселеге баса көңіл бөледі. Жолдаудың бесінші мәселесі «Жаңа әлеуметтік саясат»  деп аталады. Осы бөлім білім саласына тікелей қатысты.  Өсімнің астарында экономикалық, қаржылық, әлеуметтік жағдайды қарастыру мәселесі ғана жатқан жоқ. Экономикалық жағдайдың оңтайлануы білім мен ғылымның жетілуіне, оның өміршеңдігіне ықпал жасайды. Экономикалық өсімнің болуы мен тұрақтылығы білім мен ғылымға қон­дырмалық негіз болып, елімізді әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына жетелейді. Осыған дейін қабылданған бес институционалды реформадағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары арқылы мемлекеттік, корпоративтік менеджментті, қаржылық өзгеріс жасау арқылы елімізді дамыту терең білімділікті, біліктілікті, шеберлікті қажет етеді. Ал, бұл – болашақ үшін қажетті мамандықты толыққанды әрі білікті игеру деген сөз. Яғни, бұл білім мен ғылымның көзін жетілдіруге келіп тіреледі.
Даму бағытында қоғам дамуын өзгеріс жасау арқылы экономикалық тұрақтылыққа жеткізу мемлекеттің, оның басты қозғаушы күші – жастардың, қоғамның білімділігін, біліктілігін, мәдениетін, тәлім-тәрбиесін, қажырлы да еңбекқор болуын қажет етеді. Мамандар даярлау, кадрларды қайта даярлап, мамандығын жетілдіру, оларды жұмыспен қамту сияқты үздіксіз білім беру жүйесі де – ел экономикасының дамуына ықпал ететін үдеріс. Біздегі үздіксіз білім беруді жетілдіру Жолдаудағы көрсетілген даму бағытына сай жоспарланғаны орынды. Биылғы Жолдаудың ішінде ұлт мұраты, ел тәуелсіздігі, ұрпақтар сабақтастығы мен оның болашағы сияқты құндылықтар назардан тыс қалған жоқ. Елдің, ұлттың өмір сүру бағыты ретті болса,  халық білім мен ғы­лымды  өмір   сүру құралы, өмі­рінің азығы болатын тетігі ретінде ұс­танады. Сонымен қатар, Жолдауда Елбасы бұқара халықты  жан-жақты қолдай отырып, денсаулық сақтау, білім беру, әлеу­меттік қорғау салалары мен мемлекеттік қыз­меткерлердің   жалақысын, зейнеткерлердің    зейнетақысын, студенттердің, магистрант­тар мен докторанттардың стипендияларын, жарымжандар мен қорғаушысы жоқ­­тардың жәрдемақыларын ұлғайтуды көз­деп отыр. 2016 жылдың қаңтарынан мұ­ға­­лімдер жалақысының 29 пайызға дейін көбейтілетіні ұстаздар үшін елеулі көмек. Әлемде дағдарыс, қаржының тапшылығы жағдайында әлеуметтік көмек көрсетудің тек қана біздің елде қолға алынуы біздерді қанат­тандыра түседі.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев Жолдауда Қа­зақстан жастарын «білімді, еңбекқор, бас­та­машыл, белсенді болуға, жұмыс пен сұранысы бар өңірге батыл қадаммен баруға, шеберлікке» қол жеткізуге шақырып, жоғары оқу орындары мамандарына, пе­дагог-ғалымдарға білім беруде, кәсіби маман даярлауда үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Жолдаудағы «Қазір… ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген адам озады» деп бағыт сілтеуі – студенттер мен оқытушылардан ғылыми ізденіс пен кәсіби шеберлікті, біліктілікті талап еткені. Бұл үшін білім жүйесін инновациялық технологиялармен жабдықтап, білім алу мен білім берудің, оқытудың халықаралық талаптарын меңгертудің маңызы зор.
Биылғы Жолдауында Елбасы тағы да жаңаша бастама көтеріп отыр. Президент жастарға мамандық меңгеруге қатысты кеңесін айта келе, тегін кәсіби жұмысшы мамандықтарын игеру үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлінетіндігін айтты. Кез келген бастауыш техникалық кәсіпті меңгерген азамат «жерде қалмайды». Тарихқа көз жү­гіртсеңіз,  ұлт зиялыларының бәрі дерлік мектеп жасында-ақ ең жоқ дегенде бір кәсіпті лайықты меңгерген. Бұл олардың тіршілігінде, қайраткерлік дамуында көп пайдасын тигізген. Қазақта «Ерінбеген  етікші болады» деген тағылымды нақыл бар. Жасыратыны жоқ, қазір де, бұрын да сапалы зат бағаланған. Ал, «мықты етікші болуды армандаған жан шебердің жанында бес жыл жүріп үйренгені» ескі деректерде жазылған. Кәсіби шеберлік, мамандық жолында ерінбей іздену деген – осы! Мұның қызығын алғаш өзі, онан соң халқы көреді. Кәсіптік техниканың әрбір саласына осындай ұстаным қажет. Елбасының «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» атты  жобалық  бағдарламасын  айналымға 2017 жылдан бастап түсіруді жоспарлауы – білім саласын жаңғыртуға жаңаша жол салынып жатқандығының белгісі. Бұл болашақта педагог мамандарды даярлап оқыту бағытында да серпіліс болатындығынан үміттендіреді. 
Мемлекет басшысының білім беру саласына қатысты айтқан бұл сөздері көптің көкейінен шықты. Аталған салада ешқандай қаржылық қысқарту болмайтыны, алдағы уақыттар белесінде де қолдау көрсетіле беретіні баса айтылды. Бұл – Елбасының саяси көрегендігі. Себебі, адами әлеуетті дамыту арқылы ғана дағдарысты еңсере алатынымызға сеніміміз кәміл. Осы орайда Қазақстан Республикасында педагогикалық білім беру мен маман дайындаудың көш басында тұр­ған  жоғары білім берудің қара шаңырағы саналатын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде орындалып отырған жұмыстар Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттермен үйлесім табуда. Жолдаудың жаңа әлеуметтік саясаты бөліміне орай, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде студенттерді әлеуметтік қолдаудың  тұшымды  да тиімді  жүйесі жасалған. Тек соңғы жылдың өзінде әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған санатқа жататын 455 адам анықталып, ақылы бөлім­дегі студенттерге оқу ақысын төлеуге жеңіл­діктер жасалды, бір реттік материалдық кө­мек берілуде, жетім балаларға түскі ас тегін беріліп, медициналық тексеруден ақы-пұлсыз өтуге мүмкіндік жасап отырмыз. Студенттердің салауатты өмір салтына, эсте­тикалық тәрбиесіне және физикалық дамуына көңіл бөлінуде. 
Біздің  оқу орнымызда ел бірлігін ны­ғайту мақсатында университеттегі Кіші Ассам­блея, «Педагогика және ЮНЕСКО», «Ұлттық тәрбие» кафедраларымен қатар «Филология және көптілді білім беру» институттары табысты жұмыс  жасауда.  Әлемдік аренада еліміздің Халықаралық  қатынастардағы жағымды имиджін қа­лып­тастыру бағытында ауқымды ша­ралар өткізіп  жатқан «Сорбонна-Қазақ­стан» институтын да атап өтуге болады.  Мы­салы, қараша айының 25 мен 27 күн­дері аралығында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Р. Б. Сүлейменов атын­дағы Шығыстану институтымен  және Францияның Орталық Азия­ны зерттеу Институтымен бірлесіп оқы­ту­шылар мен студенттерге және зерт­теу­шілерге арналған «Халықаралық қа­тынастарды оқудағы  Орталық Азия мен Қазақстан тарихындағы жазба деректер мысалындағы тарихи дереккөздер»  ат­ты семинар және «Қазақстан тарихы дерек­көздер мен материалдар негізінде» конференциясы болды. Оған еліміздің танымал ғалымдарымен  қатар Францияның елшісі бастаған зерттеушілер атсалысты.  
ХХІ ғасырда жалпы адамзаттың даму жолын білім мен ғылым айқындайтыны нақты мәселе. Қазіргі таңда әлемдік даму үдерісінде білім мен ғылым –  өмір сүрудің негізгі тетігі. Сондықтан да, білім мен ғылымды елді индустрияландыру мен ұлттық экономиканы қоғамның әлеуметтік сұраныстары талаптарына сай етіп дамытуды қамтамасыз ету – кезек күттірмейтін іс.
«Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуал­да: өсу, реформалар, даму» атты Жол­дауды Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университеті ұжымы жаппай қол­дап отыр. Әлемдік дағдарыс тек экономика саласында ғана емес, рухани, мәдени, білім беру бағытына да салмақ салары анық. Елбасы  айтып өткендей, бұл қиыншылықтарды «Бі­ріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағиданы ұстанып, аянбай тер төгіп, адал еңбек ету арқылы жеңіп, тығы­рықтан шығатынымызға сеніміміз мол.
«Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тіле­гіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік», – деп атап өтті Елбасы өз Жолдауында. Зиялы қауым ретінде біздің оқытушы профессорларымыз  Елбасының Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттап, әрбір қазақстандықтың жүрегіне жеткізуге атсалысуда. Халық аузында айтылатын «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз дәл бүгінгі жағдайға толық орайласады. Ең жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде демекші, Елбасымыздың саясатын көп болып қолдап, жарқын болашаққа батыл бетбұрыс жасауымыз керек. Сол арқылы біз бағдардан айнымай, Мәңгілік Ел болуға қадам басарымыз анық.

 

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!