КҮНДЕЛІК БЕТТЕРІНЕН

  • 11.05.2016
  • 1496 рет оқылды
  • 1

Герольд Бельгер,
жазушы

30.03.14 

Газеттерден не оқысам да жыныма тиіп, құсқымды келтіреді. Сондықтан ұйықтар алдында Шығыс жәдігерліктеріне ден қойдым. Иноятолла Канбудың (ХVІІ ғасыр) «Таным ордасы» деген кітабын парақтадым.
Редактор Алёна алдағы бір-екі күнде жаңадан шығатын «Казахские арабески» атты кітабымның версткасын әкелетінін айтты. Жақсы хабар. «Есік ашық, келе бер», – дедім. Көңілім көтеріліп қалды, әрине.

02.04.14 
Парижден Сейітқасым телефон берді. «Не алып келейін?» «Блокнот». «Қандайын?» «Алақандайын». «Француздың сұлу бикеші ше?» «Ол өзіңе! Кемпірім аман болсын». «Жақсы, Гер-аға! Көріскенше!»
04.04.14 
Елбасы тағы да музыканттардың орнын ауыстырды. Ауыстыра берсін. Крылов айтатындай: «Бәрібір, оңып жатқан шаруа шамалы».
05.04.14 
Осы күндерде менің көңілімді қабартатын не дейсің бе? Қазақтардың шектен тыс қызығушылық танытып, ойдан-қырдан қоятын қыжыртпа сұрақ, қияңқы сөздері. Жанашырлық білдіргенсіп, өтірік көлгірситіні. «Алда болатын 80 жылдық мерейтойға жоспарың қалай?» «Дайындық жүріп жатыр ма?» «Билік не ойлайды?» «Президент аппараты қозғалуы керек» дегендей.
Оу, жарқындарым, қойсаңдаршы! Мұндай әләулай кімге керек? Құлақты сарсытып біттіңдер ғой! Менің мерейтойымда кімнің қандай шатағы бар? Ол жеке бастың шаруасы емес пе? Отбасылық қуаныш-қызық! Әлде, асатпай жатып құлдық деп, жалпақ әлемге жар сал деймісің? Немесе көрінгенге қол жайып, жылу жинап, әкімқараларға хат жазып, атақ-марапат сұрайын ба? Жоқ! Төменшіктейтін мен емес. Егерәкиде, рақымы түскен біреу-міреу кітаптарымды шығарып беріп жатса, сол да жетеді. Басқадай ештеңеге зауқым жоқ. Бос дырду, той-томалақты атама. Бұл тұрғыда өзімді Нұрпейісовтің адал шәкіртімін деп санаймын. Қазір де, бұрын да. Әзелден!..
08.04.14 
Айналайын ақ көңіл адамдар-ай! Газет-журналдарда үзбей шығып жататын жазған-сызғандарыма қарап солай топшылай ма екен, мені бұрынғыша Шоқан ескерткішінің маңайынан іздейді. Ал, маған Шоқан ескерткіші тұрмақ, бір сәт есік алдына шығып әрлі-берлі жүрудің өзі қияметтен қиын боп тұр емес пе? Қайтейін-ай, қайтейін! Қайда жүрсің, Аманхан?!
09.04.14 
 Үйге режиссер Головинский мен оператор Сергей екінші рет келіп, 2 сағат 15 минут уақытымды алды. Бірінші рет жазғандары сәтсіз бопты. Дыбысы шықпай қапты. Сондықтан, жүрегімнің ауырғанына қарамай, Симашко туралы монологты қайталауға тура келді. Бәлкім, әлденелер дұрыс қамтылған шығар, бірақ, маған камера алдында сөйлеу өте қиын болды. Кешке дейін атқақтаған жүрек әрең тыншыды. Қазір кез-келген қимыл-қозғалыс ауыр соғады. Артықтау қуаныш-реніш те солай.
11.04.14 
Таң алдында нөсер жаңбыр құйып берді. Бәлкім, хал-ахуалым енді біраз жеңілдейтін шығар.
Орысша да, қазақша да оқудан запы боп, жалығып біттім. Немісше «Freimatbuch»-ті алып, бірнеше сағат оқыдым. Көңілге қонымды, назар аударатын жәйттер бар­шылық және аз да емес екен.
Зәкірден (А) Мархабаттың басына түскен ауыр қайғы жайлы естіп, әр-сәр күй кештім. Әмірхан Балқыбек оның күйеуі екенін білмеппін. Жеке таныстығым да жоқ болатын. Бірақ, өлеңдері бірден баурап, көңілге ұялайтын. Сыншы, әдебиетші ретінде жазған мақалалары да ұнайтын. Туған жерінде жерлеуге алып кетіпті. Мархабатқа көңіл айтамын.
Өкінішті: Әмірханның жасы әлі 45-ке де толмаған екен. Иманы саламат болсын.
12.04.14 
Осы аптаның ішінде маған қазақтар екі фолиант, шалақазақтар «Литературная Алматы» (40 баспа табақ шамасы), көрші әйел «Adam bol», Ғылым академиясынан – екі зерттеу еңбек әкеп берді, оларға ұзын саны 15-20 мерзімдік басылымдарды қос, Құдай қатты жарылқады. Енді, басқа шаруаның бәрін былай қой да, оқы, оқы және оқы, оқудан бас көтерме.  Тамақтанба, ұйықтама, тынықпа. Ау, менің әрі жазып-сызатындарым да бар емес пе? Оларды да таста. Таста бәрін. Таяуда жасым 80-ге келеді. Шұрқ етуге уақыт жоқ. Соған қарамай, өйту керек, бүйту керек, керек те керек! Мәссаған! Зейнеткер-жазушының пешенесіне жазылғаны осы болса, жарыған екенбіз. Әйда, Күзембай!..
Бүгін күн ұзақ жерлес ақын досым Есләм Зікібаев ойыма түсумен болды. Оның арамыздан кеткеніне 12 жылға таяды. Есләм десе Есләм еді, бір-бірімізге ес едік, сүйеу едік. Ой, жалған-ай!..
14.04.14 
Е-һе! Кіл төрттіктердің тізіле қалуын қарашы! Он төрт, нөл төрт, тағы да он төрт! Мейлі, қашанда осыған жазып, көрер күніміз көп бола берсін. Ал, енді осы күндерде маған (не сеземін, соны жазып отырмын) қазіргі замандастарымызға тас тұғырлы тау тектес патриотизм тұрмақ, соның бір шөкімі де жетпей тұрғандай көрінеді.
Кім білсін, бұл пайымым дұрыс та емес шығар. 
Бірақ… Ресейде біреу-міреу қа­лып­тасқан жағдаймен келіспесе, сол замат ашық түрде торсаң қаға бұрқылдап, наразылығын жасырмайды да, ал, оларға патриоттар сол замат: «Ұнамай ма? Онда жөндеріңді табыңдар! Қапшығыңды арқала да, бұл жерден табаныңды жалтырат!» – дейді.
Апырай, ә? Қит етсе артыңды қыс, аузыңды жап! Құры, жоғал! Өмірем қап!..
Украинада үстеріне «Москальға берме!» деген жазуы бар майка киген украин қыздары топ-тобымен көшеге шығып, шірене жүріп шерулетті.
Осы ма патриотизм! Әлде, санкция ма? Бірдеңе деу қиын. Жатқан ию-қию!..
Қазақстан интернетінде жүрегі түкті бір сабаз менің егініме тас атып: «Для меня испражнение старика-казаха милее, чем пукание старика-немца» деп өзеурепті (по-казахски: «Маған қазақ шалының тышқаны неміс шалының осырғанынан қымбат»). Ендеше, сол мырқымбайға айтқан болар ем: олай болса, сен найсап мен қазақ шалының боғын жеп, неміс шалының осырығын иіскей бер, екеуі де теберік», – деп.
Ал, ендеше? Міне, патриотизм! 
18.04.14 
Таң атқалы Габриэль Маркес қайтыс болды деп қайта-қайта хабарлап, қақсап жатыр. Нақ бір Сталин өлген кездегідей. Маркес Сталин емес, әрине. Бірақ, танымал тұлға. Аса көрнекті жазушы. Бұдан 15-20 жыл бұрын ауырып, интернет арқылы күллі әлеммен күнілгері қоштасқан-ды. Маркес жөнінде біз алғаш рет өзіміз аэропортта күтіп алған Айтматовтан естігенбіз. Маркес 88 жасқа дейін өмір сүрді. Олар да Айтматов арқылы білген біреулер Маркесті жеке иемденгенсіп, ауыздарын толтыра күпініп жүрді. Маркесті жұрт алда да ұзақ жылдар сүйсініп оқитын болады. Нағыз нобелиант сол еді.
21.04.14 
Бүгін «Шалдыр-шатпақтың» (113 бет) 21-ші дәптерін «Датқа» бердім. Және 27-ші дәптер үшін үш бет сүйкектеген болдым. Марқұм Есләм Зікібаевтың баласы әкесінің үш томдығы мен ақынның өмірі мен творчествосы жайлы брошюра беріп жіберіпті. Қолма-қол парақтап, көзден өткіздім. Есләм қайтыс болған соң әйелі мен балалары менің жерлесім әрі досымның бірнеше кітабын шығарды. Бақиға озғандардың мұрасына қамқоршылар болғанға не жетсін. Бұл жағынан Есләмнің аруағы риза шығар деп ойлаймын. Белгілі қаламгерлердің мұрасын жиып-теріп, кітап етіп шығару былай тұрсын, мәңгүрттеу үрім-бұтақтары ескермейтін атаусыз, ескерусіз, ұымытылған (деуге болатын) марқұмдар қаншама. Аты-жөндерін атамай-ақ қояйын, ондайлар жеткілікті. Бір алпауыт қаламгердің олигарх баласы әкесінің екі томын шығаруға жарамағанын естіп, жағамды ұстағанмын. Беті аулақ!
Қостанайлық әлдебір бикеш (Гүлжібек) менімен жолығып, камераға сұхбат жазып алғысы барын айтып, өтініш білдірді. Қылымси қиылған оған қарсы емеспін, кейін хабарлас дедім. Мұндайлар мен үшін түк қызық емес. Көкезулеу біреулерге қалай мақұл дегенімді өзім де аңғармай қаламын. Қайтейін, мен де арты ашық көңілшек емеспін бе?
23.04.14 
Әлдебір сұрқай сезім жан дүниемді құлазытып, ештеңеге зауқым соқпайды, селт етпеймін. Өзіме де, айналада болып жатқан оқиға-құбылыстарға да көңілім толмайды. Бәлкім, оған себеп өмірдегі іркіліс-кідірістер шығар? Министрлік алда шығатын екі кітабыма көк тиын бермей ме деп қорқамын. Сөйтсе не болмақ, үміт желге ұша ма? Кімге арқа сүйеймін, кімнен медет тілеймін? Стол үшін жазамын ба? Бұлыңғыр болашақ. Меніңше, қоғам тұралаған. Әлде, мен тұраладым ба екен? 
Кейде екі қолым алдыма сыймайды. Ондайда, оқығым да, жазғым да келмейді.
Барлығынан көңілім қалып, қанадан тайған құқай тірлік. Неге құрып қана кетпейді екен?! Үуһ!.. Сілем қатты-ау!..
24.04.14 
Бүгін жазғым келмеп еді, сонда да, төрт бет бірдеңе шимайладым. Пенсионер үшін жеткілікті. Алдағы 80 жылдығыма орай «Таң-Шолпан» әңгіме сұрап еді, дүйсенбіде беремін деп келістік. 
26.04.14 
Бүгін Шота 82 жасқа толды. Әлдебір сапардан оралып, қазір тауда жатыр-мыс. Сондықтан, әйелін құттықтадым. Жараған! Досым әлі тың,  қалпында. Содан жазбағай.
28.04.14 
Ауа райы өлтіріп тұр: жаңбыр, жел, ызғырық, ылғал, сұрғылт аспан, тұнжыр әлем. Пәтер іші тас мылқау. Жұмысқа зауық жоқ. Көңілсіздік. Жүрек шаншиды; ауа нашар. Гидроорталық жұбанарлық ештеңе айтпайды. Суық пен ылғал бірнеше күнге созылатын түрі бар. Шамасы, тек июньде арқамыз жылып, құрыс-тырыс жазылатын сияқты.
Назарбаев 1994 жылы мартта көтерген евразиялық бастаманың жиырма жылдығына орай МГУ-де лекция оқу үшін Мәскеуге аттанды. Ресми хабарламаға сенсек, сәруәр одан соң Минскіге барып, интеграцияның не екенін іс жүзінде көрсетеді-мыс. Бәрі мейлі, әйтеуір, қазақ ақын-жазушыларын да ұмытпай жүрсе бопты да. Қазір олардың зарын сәруәрдан бөлек тыңдайтын кім бар? Баспасөздер Қазанға барғанда татарша көсілді деп шулап жазған Мәсімов енді алда тым болмаса бір рет қазақша баяндама жасап, айды аспанға шығарса тағынан тайып қалмас деп ойлаймын. Сен ше, Кәрім інім! Ренжіме, әйтеуір!..
29.04.14 
«Алматы ақшамы» газетінен Нұрғали Ораздың Қалаубек Тұрсынқұлов туралы эссесін оқып рахатқа баттым. Ораз оралымды эссеист. Жазушылық дарыны елден-ерек. Оны өздерін классикпіз деп жүргендердің кез-келгенінен артық санаймын. Алға, Нұрғали!
04.05.14 
Бүгін танымал жазушы Талғат Айтбаев 60 жасқа толды. Аслан Жақсылықов та 60 жасқа келді. Атышулы ақын Ұлықбек Есдәулетов – ол да 60-ты еңсерді. Тамаша жігіттер! Барлығына телефон беріп, шын пейілмен құттықтадым. Толағай табыстар тіледім.
Тәнекеевті кездестірдім. «Сексен деген жаман жас. Көз көрмейді, құлақ естімейді», – деді. Ал, менде әзірге тәуба. Жүрек демесе, көз бен құлақ бір сыдырғы, темпеңдеуі тәуірлеу.
Әлдебір әйел Олжастың «Код слова» дейтін кітабының тұсаукесеріне шақырды. Айтуынша, оған Олжас тапсырған құ­сайды.
07.05.14 
«Жас қазақтан» Амангелді Кеңшіліктің Маркес туралы мақаласын оқыдым. Керемет! Жараған! Ақылды! Амангелдіде зәредей менмендік жоқ, өте қарапайым, кішіпейіл. Алауыздық, рушылдық, жүзшілдікке қаны қас екені көрініп тұрады.
08.05.14 
Жеңіс күніне орай түрліше қайырымдылық ұйымдары мені ардагер ретінде кезек-кезек құттықтауда. Әзірге елеусіз қалып жатқан жерім жоқ. Бойын тіп-тік ұстап, жаныма жетіп келген Тәнекеев: «Сексен жаман жас емес. Тоқсан жаман екен», – деді де, құшырлана қолымды қысты. Оған: «Бәйекесі-ау, бұдан төрт күн бұрын сексен туралы басқаша сайрап («сексен деген жаман жас, көз көрмейді, құлақ естімейді») едіңіз ғой дегенім жоқ.
Сүйкімді қария. Жады жас адамдай. Таяуда 90-ға толады.
09.05.14 
Соғыс ардагерлерінен Қалмұқан (И) мен Сейдәлімді (Т), онан соң Гиршті құттықтадым. Бұрындары Нұрма­ғамбетов, Симашко, Нұршайы­қовты құттықтаушы едім. Қазір олар жоқ.
Мені әлдебір фирмалар мен компаниялар құттықтады.
Пәлі! Мен де ардагермін бе сонда?
Мәскеулік парадты көрдім. Міне, нағыз айбын, күш-құдірет! Және бәрі тас түйін, тап-тұйнақтай.
Путин екі-ақ минут сөйледі.
Әсер сондай, мәскеуліктер жанында біздің қазақстандық парадтың жіп есе алмайтыны айдан анық көрінді. Кәдімгі провинциялық ақалай-мақалай (десе болады).
Серуенде бірге қыдыратын серікте­рімнің бірі Қ. әлдебір қазақ мәтелін айтты: «Қарғадан бастық қойсаң, басың боқтан шықпас», – деген.
Бірінші естуім.
Ал, мына мәтел маған әзелден мәлім: «Егер, иттерді басқаруға арыстанды қойса, иттердің бәрі арыстанға айналып, арыстандарды ит басқарса, олар да тү­гелдей төбетке айналады». Меніңше, жа­ны бар ма, қалай? Сен не дер ең, Қали?
10.05.14 
Кешкілікте Қасымжановтың қызы, философ-профессор Әнелмен жолықтық. Ол маған өзі жазған кітабын сыйлап, екеуміз бір сағаттан аса ананы-мынаны мылжыңдасып, суретке түстік. Жаратылысы бөлек жан. Жақсы әсер қалдырды. Әл-Фараби туралы екі монография жазыпты. Әл-Фараби жөніндегі толғамдары қонымды, тұшымды, негізі берік.  Шығыстық әйгілі ғұлама қазақ жерінің тумасы екеніне зәредей күмән қалмайды. Жарайсың, Әнел! Қазақтың біртуар қызы!..
Соңғы екі апта бедерінде Ресейден бастап Германия, Астана, Алматы, өзге де бірқатар облыстардан беріп жіберген 15 кітап қолға тиді. Басқа кітаптар аздай-ақ, оларды да оқу керек пе, қайдан білейін. Тегі, кітап бетін ашпайтын көл-көсір тілеулестерім мені күні-түні кітап оқудан бөлек шаруасы жоқ деп ойлайды-ау деймін. О, жоқ! Есімнен адасатын шығармын, сірә!
11.05.14 
Жан дүниесі мөлдір, кішіпейіл, қарапайым, таза, баппен сөйлейтін байсалды, ұстамды, ең бастысы, дарынды ақын інім Ұлықбекті (Е) телеграмма арқылы құттықтадым. Ол 60 жылдық мерейтойын опера театрында өткізеді екен. Оған жан сарайым әрдайым ашық. Ақын ретінде де, адам ретінде де. Дау-дамай, былапыт топтан аулақ, жершілдік, рушылдық, жүзшілдіктен жұрдай жампоз. Жаса, Ұлықбек!..
12.05.14 
Ұйықтар алдында аздап Герман Гесстің шығармаларына үңілгенсідім. Төсекке жатқанда сөйтетін әдетім бар: Манн, Гессе, Гете және басқа классиктердің кітаптарын қайталап, парақтап шықпасам көңілім көншімейді. Олар дәтке қуат беріп, шабыт шақырады.
Олжас (С) тапсырып еді деп біреу телефон соқты. Олжастың 8 мамырда тұсауы кесілген кітабын апарып берейін деп ем дейді. «Әкеле бер, қарғашым, түк қарсылық жоқ», – дедім.
14.05.14 
Тыпыр  ету мұң. Тоқырау. Биыл жарық көре ме деген кітаптардың біреуі де шық­пайтын түрі бар, қауіп үлкен. Елбасы айт­­пақшы, «ақшасыз күнің қараң болмай қайтеді?».
Роллан (С) телефон тастады. Інісінің қазасынан соң ес жия алмай жүргені бай­қалады. Туған бауыр, қайтсін. Жазмышқа шара жоқ, берік бол деп өзімше басу айтқан болдым. Астана ауруханасында емделмек көрінеді. Жүрек. Сәтті болғай.
15.05.14 
Қанаттың (Т) қолжазбасын оқып бітірген бойда пікір жазып, өзін шақырдым да, барлығын қолына ұстаттым: қолжазба, пікір, әр беттің шетіне жазған ескертпе, ұсыныс. Шығармасын құптадым. Керемет!
17.05.14 
Ұйықтар алдында германиялық Ро­берт Корннің Еділ бойының тумасы, «Фаусты» бірінші тәржімалаған орыс-неміс ақыны, Пушкиннің тұстасы әрі танысы Эдуард Губер туралы монографиясын парақтап шықтым. Көшелі зерттеу! Губер жөнінде білетінім қасаң. Белинский, Жирмунский, Левин, Эккерт тағы басқалардың жазбаларынан оқыған азын-аулақ бірдеңелер ғана. Әйтсе де, тым қара жаяу емеспін, Гете мен Шиллерді аударып, орысша өлең жазғанынан хабарым бар. Ал, немісше өлең жазғанын мүлде білмеппін.
Бәлкім, Корннің кітабын түгел оқып, егжей-тегжейлі зерттейтін шығармын. Денсаулық жараса. Жараса деймін, бүгінгі ахуалым лақса-лақсасы шыққан ескі арбадан да әрі боп тұрған жоқ па? 
…Өз-өзімнен жерініп, өз-өзіме көңілім толмай, ішқұсалық жанды жеп бітті. Мұндайда Нұрпейісовке еріксіз қызығып әрі қызғанасың, ол өзін-өзі классик, корифей, патриарх, данагөй дегенге риясыз сендіріп, көндіріп, өмір бойы әлдекімдермен, түк таппаса, қызы, күйеу баласымен жауласып,  соттасудан ләззатқа батып, жаны жай тауып жүреді. Ой, дүние-ай!
18.05.14 
Бүгін асыл анамның о дүниелік болғанына 20 жыл. Менің орыс драма театрында 60 жылдық мерейтойым өтетініне 5 ай, 10 күн қалғанда өмірден озды. Ох! Неткен өкініш! Ал, әкем тойға қатысып, зерделі сөздерімен жақсы әсер қалдырды.
Әр күні таңертең жатын бөлмемдегі анамның суретіне ұзақ тесіліп қараймын, тағзым етемін және ойша сөйлесемін. Қайран анам! Неткен қымбат едің мен үшін!
19.05.14 
Ұйқыға жатар алдында Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Шахмардан Есенов жайлы жазған көлемді жазбасын тамсана оқып шықтым. Әйбат айтқан. Алыстан сермеп, тереңнен тербеп дегендей…
Екі бикеш – Ажар (Ильфаның қызы) мен Жанна (эколог) – мен жөнінде интернетке беру үшін біраз дүние жазып алды. Көкжайлау жөнінде қауқылдастық. Қанат келіп, онымен де бір сағаттай гәпірістік.
Кешкілікте телефон берген Қажығали (М) қуанышты хабар айтты. Романын оқыған Құл-Мұхаммед оған хат жазып, пікір білдіріпті. Оны газеттен мен де оқығанмын. Біреуді сырттай сыбап, жамандамай жүре алмайтын жалақор, қайырымсыз, қулығына құрық бойламайтын екіжүзді, жылпос, парақор, майдакеш сараңдардан бойын аулақ ұстайтын Қажығалиға разымын. Ау, айтпақшы, осы күнде мүше-корреспондент болу үшін ақша береді деген не сөз?! Сенбеймін! Ғылым маңында парақорлар болған емес, болмайды да. Құдайдың сүйген құлдарына тіл тигізбе, күнәһар! Дозаққа кетесің! Пах!..
21.05.14 
Темірхан Медетбеков телефон тастады. Аман-саулық сұрасқан соң, менің атыма сізді әрдайым қолдаймын деген мақтауларын үйіп-төгіп, онан соң қауіп еткеннен айтатын сөздеріне көшті. Айналада болып жатқан оқиға-құбылыстарға көңілі толмай, Қазақстан тәуелсіздігіне қоса, өзіндік бет-бейне, адами қасиеттен жұрдай боп, қазақтардың болашағы тағы да қалың тұманда шырмалып, қараңғы қапаста тұншыға ма дегендей қорқынышын жеткізді. Бір қарағанда, бұлар бұған дейін де кез-келген орта, отты өлеңдерінде сан рет айтып жүретін жанайқай, ащы дауыс. Әне, Темірхан сонысымен де сезімтал, ұстамды азамат. Күдік-күмәні негізсіз де емес. Мен үшін ерекше жаралған жарқын тұлға, қаһарлы қаламгер, өрмінез ақын. Кеңдік, кешірімшіл, әділдігі өзінше!
22.05.14 
Канадада тұратын Фатима Адалбаевадан сәлем хат пен алда ресейлік немістер әдебиеті бойынша Германияда өтетін семинар жайлы хабар алдым. Міне, қандай қазақ қыздары! Фатимадай ұлтшыл қаракөздер қазір әлемнің барлық түкпірінде қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, туған халқының ұлылығын танытып жүр!..
Ұйықтар алдында (әдеттегідей) Олжастың (С) «Код слово» деген кітабын парақтап (кей тұстарын оқып) шықтым. Санаулы лингвист-мамандарға арналған зерттеу. Сондықтан ба, байыбына жету қиын, күрделі, тіс батпайды. Жылуы аз, тартымсыз. Бұл енді, әрине, менің бейшаралығым. Кітап деңгейіне жете алмайтын қортықтығыма өзім кінәлімін. Этимология саласындағы түсінігімнің тайыз екенін де мойындаймын.
25.05.14 
…Бүгінгі жоспар түбірлей өзгерді. Столға отырып, газет бетін ашқаным сол, басыма күтпеген ой сап етсін: ау, марқұм Әбілмәжінмен (Жұмабаев) әңгімелескеніміз жөнінде неге жазбасқа (деген). Әңгіменің мазмұн нобайы  түгелімен санада сарт ете сап түзеп, сайрап ала жөнелгендей болды. Сөйтіп, бірнеше сағатта «Әбекеңмен бірге жасаған серуен» атты жеті бет естелік қағазға түсті де, бірақ, ақи-тақи аяқталған жоқ, әл-қуат жетпеді. Басы басталды ғой, енді тағы үш-төрт бет жазсам жетер деп ойладым. Шамалауымша, тәуір дүние болатын сияқты.
27.05.14 
Түн жарымда балконға шығып жарты сағаттай тұрдым. Аспанға қарадым. Балауса жас шөптердің иісін жұттым. Жапырақтардың сыбдырын тыңдадым. Жердің тыныстауына құлақ түрдім. Жеңіл, тәтті ойлар бесігінде тербелдім. Неткен керемет әлем, ғажап өмір!..
Таңғы алакеуімде үйге Дүкенбай кіріп келді. Үнсіз, жайбарақат. Тақырыбы орысша, сарғыш тартқан қолжазба әкеліпті. «Бұл не деген сөз?» –  деп сұраймын. «Білмеймін, – деп жауап береді. – Әйтеуір әлдебір модаға енген сөз…». «Сонда не, мұның роман ба?». «Жоқ, бір тақырыпқа топтасқан үш хикаят». «Ана жақта жаздың ба?». «Иә». «Менен не керек?». «Оқып бағасын бер. Бәлкім, тәржіма жасарсың…»
Осы кезде қалт оянып кеттім. «Менен күдер үзе алмай жүрсің ғой, бақұл бол, бауырым» деп күбірледім. «Шынында, ол неге кеп жүр, бұл не болғаны» деп те қиялдадым.
28.05.14 
Ұйықтар алдында Ю.Левиннің «Фаусты» бірінші рет орысшаға аударған Эдуард Губер туралы жазбаларын оқыдым. Мүмкін, екі апта уақытым кетсе де, ол жөнінде әдеби мақала жазатын шығармын. Ол үшін маған әуелі германиялық доктор Корннің кітабын саралап және Белинский, Жирмунский, Левиннің (өзім) ертеректе оқыған мақалаларын тағы да көзден өткізу, қажет энциклопедияларды қарап шығу қажет.
Барнаулдан менің атыма А. Бектің  өлеңдер жинағы мен сібірлік немістер жө­нінде  көлемді мақала басылған «Культу­ра»  дейтін қалың журнал жіберіпті. Парақтап шықтым. Назар аударарлық жәйттер баршылық. Бұйырса, алда толықтай оқи жатармын.
29.05.14
Түс кезінде Мереке мен Артур үйде болды. Артурға менің оның атына жазған сенімхатымның мерзімін ұзартып, қайта бекіттіру қажет екен. ПЕН-клубтың жырына кеңірдектеп тойсам да, амал жоқ, қол қойып бердім.
Мерекемен базбір басылымдар мәселесін талқылап, егжей-тегжейін айқындадық. Күнделігімді басып шығаруға уәде етті. Тағы да екі кітапша алды. Бәлкім, жөні кеп жатса, қазақ тілінде шығаруға тырысып көрер. Көңілдегі күдіктер мен алаңдау сәл де  болса сейілгендей болды. Қолы ашық, жомарт, пейілі кең Мерекенің бірсөзді екені дәтке қуат, әрине.
31.05.14 
Күн суытып кетті. Жаңбыр шелектеп құйды. Календарь бойынша ертең жаз басталады. Ал, ызғар кәрі ноябрь айындағыдай.
Қосымша 6 бет жазып, Әбілмәжін (Ж) туралы эссені бітірдім. Сонан соң ақ қағазға қайта көшірдім. Барлығы 14 бет болды.
01.06.14 
Күн көзі буалдыр. Аспан тұнжыр. Солтүстіктен салқын жел соғады. Мына жазды жаз деуге болмастай.
Губер туралы мақала жазуға кірісуім керек, бірақ, ол үшін етек-басты жинап, бабыма келе алар емеспін, шама жоқ. Таңертең Олжастың (С) «Код слова» кітабы туралы пікір жазбауға бекіндім (қолымнан келмейді екен); А.Бек жайлы да солай (кітабы қасаң, ескілікті жай-түйлер); сібірлік немістер хақында да жазудың қажеті шамалы; қазақ хандары жөнінде сөз етіп керегі жоқ; түркістандық археологиялық қазбаларды қаузаудың маған мүлде қол емесіне көзім анық жетті. О, тоба! Мойынға осынша артық жүк артып нем бар еді? Одан да жазғы демалысты қалай өткізу керегін ойлағаным абзал емес пе, Аманхан, ә?
02.06.14 
Академик Болат Жұбанов өмірден өтті. Химик. Қадірлі Ахаң, Ахмет Жұбановтың балалары да кетіп жатыр бақиға.  Ғазизаны да, Болатты да бір кісідей білетінмін. Артық сөзі жоқ Болат тұйық, бәлендей көпшіл емес-тін. Оны химия институтының жанынан жиі көретінмін. 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтағаным есімде.
«Ғасыр  пернелері» атты кітабын орысшаға аударған тұстарда Ахмет Қуанұлының өзімен көбірек араласып, сыйлас-сырлас, пікірлес боп жүрдік. Сан рет үйінде ұшырастық. Жаны жайлау, ақ жарқын, қонақжай, сүйкімді, ішкі де, сыртқы да мәдениеті жоғары, салиқалы адам болатын, жарықтық.
Ұмытпасам, Болат менен үш жас үлкен тәрізді еді.
Энгельс қаласынан Президенттің кеңсесі арқылы Е.М.Еринаның «Под покровом Бо­городицы» деген кітабын беріп жіберіпті (төртінші кітап). Қуанып қалдым.
Қарағандыдан профессор Нұрсұлу Бекетова көлемді романы мен «Шал және теңіз» деген әңгімесін жолдапты. Ол лингвист, шет тілдер институтының ағылшын, неміс тілі факультеттерін тәмамдаған. Романын оқыр-оқымасым екіталай, ал, әңгімесі пәлендей селт еткізе қойған жоқ. Соған қарағанда, Нұрсұлудың көңіліне келмесін, оны бір қайнауы ішіндегі қаламгерлер тобынан емес пе екен деп ойлағаным рас.
Үйде кітап дегендер тау-тау боп үйіліп жатыр. Олардың бәрін қашан, қалай оқып бітірерімді өзім де білмеймін. Әлсін-әлсін ондап-жүздеп жер-жердегі кітапханалар мен Түркістандағы Құлбек бауырыма бума-бумасымен жіберіп жатсам да, азаяр түрі жоқ. Алыс-жақын шетелдер мен кең-байтақ қазақ өлкесінің түкпір-түкпірінен күн құрғатпай тасып-төгіліп келіп жатса, қайдан азаяды. Кейбіреулерге, тіпті, қажет емес, үйде орын жоқ деп қанша зар илесем де, біреуі тыңдамай, көздері мөлиіп, қоржындарын көтеріп, жылмиып келеді де тұрады. Онымен қоймай, оқып пікір айт, баға бер дейтіндерін қайтерсің. Сонда қалай, менің пікір айтып, баға беруден басқа шаруам жоқ па? Және сол өзі өте қажет пе? Демек, қажет болғаны да. Бельгерде кез-келгеннің қамды-қатала кітабын оқудан бөлек ермек жоқ деп өздерінше мәтібиситін шіркіндерге не дерсің. О, тәңірім-ай!
05.06.14 
Ұзын-ырғасын қосқанда, бес сағат уақыт жұмсап, Е.М.Еринаның кітабын оқып шықтым. Пайдалы, оңды дүние. Ол жөнінде, сөз жоқ, пікір жазамын.
06.06.14 
Егер, (ол) нағыз жазушы болса, дені дұрыс болмағаны.
Егер, дені дұрыс болса, жәй ғана Бельгер болғаны. 
08.06.14 
Басымнан алда басылып шыға ма деп жоспарлаған  кітаптарымның жайы қалай болар екен деген күмәнді ой кетер емес. Әзірге іш жылайтын дәнеңе жоқ. Дәртіңді кімге айтасың? Кімге мұң шағасың? Кімнің есігін қағасың? Мырқымбайдың ба? Тәйт әрі! Алжыма!
Ыбыр-жыбыр, мәнсіз тірлік. Жо-жоқ! Мұндайға көнуге болмайды. Белді бекем бу да, жұмыстан. Жұмыстан, жұмыстан және жұмыстан! Тек сонда ғана ұпайың түгел боп, көштен қалмайсың. Әйтпесе, мүрдем кетесің, жәутігім. Арпабай десе!..
10.06.14
Ұйықтар алдында  «Қ.Ә» газетін парақтап, Жазушылар одағының жыл қорытындысын талқылаған жиындағы түрлі жанр бойынша жасалған баяндамаларға зер салдым. Көбі нәрі шамалы, «өлгеннің күнінен» айтылып жатқандай әсер қалдыратын жасанды, жаттанды сылдыр сөз, жадағай жайдақылық. Шіркін-ай, баяндама жасаушы күнілгері тер төге дайындалып, кітаптарды мұқият оқып, айтарын алдын-ала елеп-екшеп, әділ таразылай отырып баға берсе, көкейде қалып, есте сақталардай есті, өткір, кемел ой-пікірлер айтса, кәнеки (дейсің ғой баяғы). Әлде біз қартайдық, әлде түсінік  азып, ақыл тозды ма, қазір баяғыша салиқалы сарын, салдарлы лебізді  түсте де естімейсің. Жыл қорытындысындағы баяндамалардың барлығын бірдей жарамсыз демесем де, жалпы әсер-ұстанымым солай, Шота! Ойлы-күйлі, тағлымды баяндама жасағандардың таным-пайым, алғырлықтары бөлек сөз. Оларға бәрекелді, әрине. Осы ойларды (әрі қарай) тарата толғай түссем…
Баяндамалардың көбі жалпылама ағыс-бағдармен өрбіп, көкейге түйердей жылт еткен жұмыр түйін, үрдіс, характерлік құбылыс байқалмай, авторлар мен шығармаларының аттарын атап, әлдебір дәйектеме, сөз тіркестерін келтіріп, үйреншікті таптаурынмен тарта береді. Бастан-аяқ тәптіштеп жіпке тізу, мақтау да мақтау. Желдіре жортып, мәреге жетіп, шкала бойынша – бағалары – «жақсымен» тәмамдалады. Солайша, мен де құрсан, сен де құрсан, ол да құрсан, бәріміз құрсан боп, шаттықта шалқыдық. Сол ма еді мақсат?! Одан да бүгінгі қазақ жазушылары несімен ерекше, қай қырынан қызықты, қандай биік, асуларға көтерілді, қай бағыт, қандай сүрлеумен келеді, қандай жаңалық ашты, қайда бастайды, қандай жақсылыққа үндейді, нені пір тұтады, қандай кешенді проблемалар толғантады, жаңа ағыс, бастаулар көріне ме? Осылар жайлы азды-көпті әлденелер білер ме едік деген дәме үф етіп желге ұшқандай болды да, аузымыз жиде жегендей боп қала бердік. Ал, ендеше!..
Ой түю, өрбіту жоқ, жалаң фактілер ғана бар. Жалпы, өз басым баяндамалардан әдебиеттегі даму көрінісі мен ізденіс іздерін аңғара алмай, бейне бір орында айналшықтап тұрғандай күй кештім. Поэзия бойынша баяндама (бухгалтер немесе статист секілді) ақын емес, 50 өлеңшінің аттары аталумен шектеледі (екен). Тым болмаса, бір-екі ақынның өлеңдері жеріне жеткізе талданып, поэзияда жаңа есім (тұлға) пайда болған екен-ау дегендей ой түймеген соң, солай демей не дейін. Жоқ! Жыл қорытындысы бойынша есепті  мақалалар маған маса шаққан құрлы әсер етпеді, ойбай-ай, қайтейін. Кешір, Алла!..
11.06.14 
Кошутты оқымақ ойым бар еді, бірақ,әлдебір ішкі әміршімнің қалауымен «Сказ о семижильных казахов» деген очерк-эссе жаздым. Алты сағат уақытым кетті. Көңілім жайланып, сергіп қалдым. Жазудың рахаты да сол емес пе, Аманхан, ә? Қазір есіме түсіп отыр, маған солай деп сан айтқансың?
13.06.14 
Литвадан алдын-ала келіспестен – Вилиюс Иваничюс деген «жоспарда жоқ» – қонақ алып келді. Сыр алдырмай, қазақстандық әдебиет туралы 1,5 сағат интервью бердім. Әрдеңені бір шатып, саясатқа соқтығып, басымды әңкі-тәңкі еткен жоқ. Біздегі сұхбат алушылардай көкезу, көпсөзді емес, тоқетер сұрағын беріп, жауабымды жазып алып, жұмысын бітірді де, қайтып кетті.
15.06.14 
Алиса Фрейндлихты – мерейтойына байланысты – қалай-қалай әлпештеп, әспеттеп, көкке көтере әздектеген рәсімді көрдім. Ол, сөз жоқ, әлемге танымал актриса. Жас жағынан менен төрт айлық айырмасы бар құрдаспыз. Ал, (ол да атақты актер болған) әкесі менің әкеммен құрдас. Жалпы, кез-келген мерейтой, менің түсінігімде, ақымақтық әрі күлкілі. Ұяттан жұрдай, сұмырай жанр. Мерейтой қазақтарға ғана жарасады. Дарылда, Күзембай! Далбақта! Тек жалған намыс­тан жарылып кетпесең болды!
18.06.14 
Ермек Тұрсынов келіп кетті. Бүгінгі заманның зипа адамы. Ол менің көп нәрсеге көзімді ашты. Ермек Баққожаның інісі. Фамилиялары бөлек болғанмен, бір атадан. Іні досым, марқұм Баққожа Мұқаев шетінен дарынды отбасынан шыққан. Әлі көзі тірі ең үлкен ағасы Телқожа Жанұзақов атақты тілші-ғалым. Профессор, академик. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Одан кейінгі (ерте қайтыс болған) ағасы  Тельман Жанұзақов киностудияда бас редактор, «Ара»-«Шмель» журналының бас редакторы секілді жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Қазақ тілді журналист болса да, бірнеше жыл бүкілодақтық «Правда» газетінің қазақстандық меншікті тілшісі болды. Осының өзі-ақ оның аса терең интеллект, дарын иесі екенін білдірсе керек. Телқожа да, Баққожа да Мемлекеттік сыйлық алып, бір отбасында екі лауреат шықты. Егер мезгілсіз бақиға аттанбағанда, Тельман да сөзсіз Мемсыйлық алып, олар үшеу болар еді. Енді, міне, аса талантты публицист, бірнеше фильм түсірген кинорежиссер Ермек те Мемсыйлық не одан да үлкен марапаттарды иеленері қыр астында. 
С.Сартаев барынша әспеттеп шығарған, салмағы екі пұттық 15 кітабын әкеп, құдай беріп қалды. Неткен байлық! Тек… Мына жарық дүниеде оларды тауыса оқып шығуым… әй, қайдам, мүмкін бола қоймас. Кітап пішен. Міне, бүгін 15, кеше 25, одан алдын 17 – күн сайын бұршақтай жауып келіп жатыр. Аллаға шүкір! Кейбіреулерге ау, керегі жоқ, әкелме десем де болмайды.
19.06.14 
О, бәрекелді! Бақытжан (Қ) жабырқау жанымды жадыратып, қуантып тастады. Екі кітабыма жасаған келісім-шарт жіберіпті. Бұл қалай дегенде де, үміт оты тұтанды деген сөз. Тәуба! Тәуба! Ұзағынан!..
20.06.14 
Таяуда әлдебір газеттен Ғаббас Қа­бышевтің Г.Толмачев атындағы сыйлық жөнінде ашу-ызаға толы ма­қаласын оқыдым. Оныкі өте дұрыс. Тол­мачев деген әбзи мықтағанда ортақол журналист, кемталант жазушы еді. Жағымпаздықпен тұздықталған «Лидер» атты кітапсымағы шектен шыққан көкіме-бәдік болатын. Қайсыбір уақытта Толмачев сыйлығы бойынша комиссия құрамына мені де енгізген-ді. Алғашқыда бұған мейлінше жауаптылықпен қарап, құдайлығын айтатын пікіріммен санасқан түр байқатқанмен, біртіндеп бар-жоғымды елеместен, – міне, төрт жыл болды – не боп, не қойып жатқанынан жайлы хабар да бермейді. Қағазда аты-жөнім бар, бітті. Шамалауымша, барлығын Олжастың бір өзі мен сенімді серкелері кесіп-пішетін сыңайлы. Мен тек жалаң есепте болсам керек. Соны ойласам бе­тімнен отым шығады. Ұят. Бірақ, арым таза. Толмачевқа еш уақытта ешқандай қатысым болған емес. Мен оның үйірінен емеспін. Жолым да, жөнім де бөлек!..
…Ғалия (Ш) телефон соғып, «Каз.правдаға» интервью берсеңіз деп қиылды. Сіркем су көтермей, шаршап отырсам да, мақұл деп келісе салғанымды өзім де аңғармай қалдым жазған басым.
Педагогика академиясының президенті Асқарбек Құсайынов Мәскеуде менің батаммен басылып шыққан кітабын әкеп берді (шүкір, тағы да кітап).
Фархат (Т) менің әңгімемнің көшірмесін алып келіп, алдағы сексен жылдық мерейтойыма қолдан келген көмегін жасауға әзір екенін ишаралап жеткізді.
21.06.14 
Гүлжахан Қасымжанова қайтыс болды. Келісті, әсем, ақылды, талантты әйел еді. Талай рет кездесіп, сыр бөлісетінбіз. Документальды тарихи фильмдер түсірді. Топырағы торқа болсын!..
22.06.14 
Бұдан 73 жыл бұрынғы дәл осы күн барша ықпыл-жықпыл, бүге-шігесіне шейін есімде. Және Молотовтың сөзі де есімде. Сол жолы оның кекештеніп  сөйлегеніне таңданғанмын.
…Германия-Гана матчының екінші таймын қарадым. Немістер ұқыпты, білгірлікпен ойнады. Ал, Гана шыжкеуектене қимылдады. Немістер бірінші және соңғы голын салды. Есеп 2:2. Түсінікті, енді немістер плей-офф(қа) шығады, бұйырғаны сол болса, мейлі демей қайтеміз, Қали?!
23.06.14 
Ресей Бельгиядан оңбай ұтылды. Футбол – орыстың ойыны емес. Тыраштықпен тау аспастың кебі.
24.06.14 
Бразилия-Камерун матчының екінші таймын көрдім. Бразилиялықтар 4:1 есебімен жеңіске жетті. Олардың ойын мәнері, әрине, жоғары.
25.06.14 
Сафар Абдулло телефон тастап, мен туралы жазылған мақалаларды кітап етіп шығару жөнінде ұсыныс айтты. Құрастыруды Ананьеваға жүктеп, оған сол замат шамамен мазмұны қалай болу керегін айттым. Жә, мұны ол менсіз де біледі, түбін түсіреді.
Ертең Сағын-Герей «Қолдан бар келгені осы болды» атты қолжазбамды алып кету үшін барамын деп телефон тастады. Кітап етіп шығаратын ниеті бар құсайды. Онда кәнеки! Жақсы-ақ болар еді! Жер болған көңіл жадырап, еңсем көтеріліп қалды. Е, Алла, өзіңе шүкір! Тәуба!..
Ермек (Т) келіп, екеуміз «Таңдамалы» деп атауға келіскен болашақ кітаптың қолжазбасын алып кетті. Жанашырларға мың алғыс.
26.06.14 
Газет атаулының бәрі Өскеменде Абай мен Михаэлиске қойған құбыжық мүсінді келемеждеп, ұлардай шулап жазуда. Біз білетін Абайдан көш алыс, жарымжан-ергежейлі болған да шыққан. Масқара! Мұндай мыстан-атаны кім ойлап тауып, кім жасаған, сорақысы, кім қолдап, қаланың көрікті жеріне қоюға кім рұқсат берді екен, а? Дарынсыз дарақыға берілген есіл ақша! Осы ма жеткен жеріміз? Қазақта Абай біреу. Соның өзін кез-келген көк атты келеке-мазақ етіп, білгенін істей берсе, келе-келе не болмақ? Қашанға дейін досқа таба, дұшпанға күлкі боласың, қазақ? Намыс, ұят қайда? Көкірегі ояу, көзі ашық сауатты әкімдер мен әкімшелер қайда? Олар неге жол береді? Пішту! Бұдан өткен сорақылық болмас! Бар болғырлар десе!..
Германия-АҚШ матчын қарадым. Немістер 1:0 есебімен жеңіске жетті. Немістік қаным оянып, өте құрсан болдым. Қашанда қатыржан бола беріңдер, неміс бауырларым!
Енді, Германия Алжирмен ойнайды. Немістер оларды да шаң қаптырар деп ойлаймын. Лайым, солай болғай.
Осы күндерде қатты таралып, азып кеттім. Өң-түсім фашистік концлагерьлерде азап шеккен міскіндерге ұқсайды. Тірі әруақтан айырмам жоқ. Бір шөкім дене бітімімде қуарған тері мен саудыраған сүйек қана (қалды десе болғандай).
29.06.14 
Матч аяқталғанша бір-бірін ала алмаған Бразилия мен Чили футболшылары амалсыз пенальтқа жүгінді. Бразилия жеңіске жеткенсіді. Көңілге қонған жоқ. Шамасы, бүгінгі Бразилияда баяғы қарқын жоқ сияқты. Көкіректі босқа кергеннен не опа, не қайыр?
30.06.14 
Голландықтар Мексиканы, Коста-Рика Грецияны тізе бүктірді. Тамаша ойын болды.
01.07.14 
Түнде француздар нигериялықтарды ойқастай ұтса, немістер алжирліктерді әрең жеңді.
«Фаусты» бірінші рет орысшаға аударған Эдуард Губер жөнінде бірнеше сағат жазып, бір шаруа тынды. Өзімше, жаман еместей. Енді қайта қарап, ақ қағазға көшіру лазым.
02.07.14 
«Казахское арабески» атты кітабымның редакторы Алена келіп, мұқабасының нобайын көрсетті. Ұнады. Кітап ұзамай шығады. 30 баспа табақ. 520 бет.
04.07.14 
Берлиннен қаралы хабар келді. 89 жасында Кошуттың әйелі Шарлотта қайтыс бопты. Ол орыс тілінен неміс тіліне аударатын шебер тәржімашы еді. Оны қырық жылдан бері білетінмін. Ертеректе үйде қонақ болған.
Лео үшін жаным ауырады. 91 жаста жалғыз қалу қиын-ақ. Әсіресе, еркекке. Берік бол, аға досым! Жанашырым!..
05.07.14 
Бразилия колумбиялықтарды өкпесі өшіп әрең жеңді – 2:1. Енді, (Бразилия) Германиямен кездеседі. Қалай бітіп, немен тынарын елестету қиын.
Жә, көре жатамыз.
06.07.14 
Футболдан Аргентина 1:0 есебімен Бельгияны ұтты. Бельгия жақсы-ақ ойнап еді, амал қанша, спорттың аты – спорт.
Губер жайлы мақаланы аяқтадым. Ұзын-ырғасы 14 бет болды. Енді оны «Дойче Альгемайне Цайтунг» пен «Керуен» журналына ұсынамын.
Жағдайым күрт төмендеді. Шұғыл келген жедел жәрдем қан қысымымды әрең түсіріп, жүректің атқақтауын қалыпқа келтіргендей болды. Дәрігерлерге рахмет, осындайда аяқ астынан табылып, тез көмектеседі. Беті аулақ, егер олар болмаса… Тәуба! Тәуба!..
07.07.14 
Тағы да «жедел жәрдем». Кардиограмма жасады, укол салды, таблеткалар жұтқызды. Аздап түзеліп, тәуірленгендей болдым. Түнде балконға шықтым. Құлаққа ұрғандай мүлгіген тыныштықты балкон қуысында жасырынған шегірткенің шырылы мен әлдебір жеке сайраған құстың жағымсыздау үні бұзып тұрған сияқтанды. Әдеттегідей, зеңгір аспанда жұлдыз көрінбейді. Әр жер-әр жерден әрең жылтырайтын меңдей күміс нүктелер демесе.
08.07.14 
Ауа райы сұрқай. Жел. Жаңбыр. Нажағай. Тыста (қора ішінде) бір сағатқа зорға шыдадым. Фотосуреттерді алып кетуге Сағын-Герей келді.  Толстойдың күнделіктерінен іріктелген жазбаларымды оқыдым.
Үйге дәрігерім Мәдина келіп кетті. Жүрегімді тыңдап, қан қысымымды өлшеді. Айтуынша, халім жаман емес сықылды. Қажет боп жатса, үйде стационарлық ем ұйымдастырамыз деді. Күндіз-түні аурухана төсегіне таңылғаннан, ол да шеккі емес. Қанша дегенмен, үй деген үй ғой, оған не жетсін, ә, Қали?!
09.07.14 
Таңертең радиодан білдім:  түнде Германия Бразилияны 7:1 есебімен есінен тандыра тас-талқан етіпті. Сирек оқиға. Алабөтен құбылыс. Теңдессіз жай. Мен Бразилия өз елінде жеңілмейтін шығар деп тон пішкен болатынмын. Әйтсе де өзімше, бәлкім, немістер жеңіс тағдырын шешетін бір гол соғуы да мүмкін-ау деп үміттенгенімді де жасырмаймын. Ал, олар бразилиялықтарды жаңғақтай шақты. Пай-пай! Міне, жеңіс деп осыны айт! Бұл деген құбылыс! Сенім! Рух! Жарыс барысында 16 (!) гол соққан Клозе де ерледі. Бапкер Лев Иоахимді мақтауға тіл жетпейді. Осынау есеп футбол тарихында қалады. Жарайсыңдар, қандастар! Қиырда жатқан неміс қазақты бір жасаттыңдар! Шүкір! Шүкір!..
10.07.14 
Ұйықтар алдында Бразилия-Германия матчының қайталап көрсеткен бейнежазбасын тамашаладым. Ғаламат! Ақыл жетпейді!
Ойын соңында бір-бірін құшақтап, сүйіп, құттықтаған немістер жеңіліс тауып, ебіл-дебіл жылаған бразилиялық ойыншылар мен бапкеріне де жылы шырай, ыстық ықылас білдіріп, мәрттік жасады (олардың бапкері осалдық танытып, жүні жығылмай, еңсесін жоғары ұстады, еркекке лайық мінез көрсетті).
Түнде Голландия мен Аргентина ойнады. Соңғысы қосымша берілген уақытта бір гол соғып, шықпа жаным шықпамен әрең жеңіске жетті. Қабақтары жауар бұлттай түнерген голландықтар ойын алаңынан мойындары салбырап, аяқтарын сүйретіле басып бара жатты. О, пақырлар! Жеңіс үнемі сендердің қанжығаларыңа байлана бере ме екен? Өзгелер де бар емес пе?
Бәрін айт та, бірін айт, алда немістер аргентиналықтарды шаң қаптыра ала ма, жоқ па! Мәселе сонда. Ойын киесі қырын қарамаса бопты да!
12.07.14 
Дүйсенбіде Ермек (Т) келеді. Ол менің гипопетиялық («Таңдамалы») жинағымды әлдебір фотосуреттермен толықтырып, жануарлар жөніндегі әңгімелерді алып тас­тап, олардың орнын басқа әңгімелермен толтырмақшы. Алғызсөзді алдақашан жазып қойған. Мейлі, өзі білсін, араласпаймын. Маған зиян болмасына иманым кәміл. Жалпы, Ермек біреу-міреуге жамандық жасапты, дау-дамайға барыпты дегенді естісем керең болайын. Қой аузынан шөп алмайтын момын, кең, кішіпейіл азамат емес пе біздің Ермек деген!?
«Қ.Ә». газетінен Энгельс Ғаббастың бақилық болғанын білдім. Оны көп жыл бойы біліп, жақсы көретінмін. Өсек-аяңнан аулақ, аузы таза, ала қойды бөле қырықпайтын мәдениетті, байсалды қаламгер еді. Бір мезгілде екеуміз де Қазақстан Жоғарғы Советіне депутат боп, сөзіміз жарасып жүрдік. Жазушы ретінде өзіндік бет-бағдар, қолтаңбасы болатын. Менен үш жас кішілігі бар-тын. Иманы жолдас болсын.
13.07.14 
Қазіргі көзі тірі бірден-бір классигіміз Әбіш (К) Мақтымқұлыға арналған конференцияда кіріспе сөз сөйлеп, түрікмен медалімен марапатталды. Ол үшін жүдә құрсанмын. Қатыржандық тілеймін.
Үшінші орын үшін тайталаста Голландия Бразилияны 3:0 есебімен шөкелетті. Демек, бұл футбол киесі Бразилиядан толықтай теріс айналды деген гәп. Мынадай соққылардан кейін ол енді қайтып ес жия алар ма екен? Әй, қайдам-ау, әй, қайдам! Күштімен әзілдесуге болмайды, ә, Талғат! Өйтсең мойның үзіледі!
14.07.14 
Түнде екі сағат бойы Германия-Аргентина матчын қарадым. Жан алып, жан беріскен, тістескен, шайнасқан, қатал, ауыр шайқас болды. Екі жақ та арыстанша алысты. Немістер басым түскендей рай байқалып тұрды. Ойындары да байыпты, салдарлы, салиқалы болды. Футболшылар шымыр, құнтты. Қосымша уақыттың төртінші таймынан бірнеше минут қана бұрын немістер алаңға жіберген тың ойыншылар қақпаға әупірімдеп бір голды зорға соқты. Сөйтіп, немістер өздерінің табандылықтары мен шеберліктерінің арқасында жеңістен жеңіске жете отырып, (24 жылдық үзілістен кейін) төрт дүркін әлем чемпионы атанды. Ешқандай күдік-күмәнсіз, таза рәуіште.
Ойын жүріп жатқанда қатты қобалжып, жүйкеден жүйке қалмаған (сендей жарымжанға жанкүйер болу не теңің еді, текіректеген бейшара) сорлы басым екі рет изокетке шапқылап, екі рет конкор қабылдауға тура келді. Әлбетте, график, дағды, ұйқы бұзылды. Мейлі, бәрі  тіфәй күйсін! Қалай жеңсе де, немістер жеңді. Осы күнге жеткеніме бақыттымын! Немістер чемпион болып жатыр, мен  тірімін. Алақай!
18.07.14 
Радиодан Украина аумағында – Ресей шекарасынан 60 шақырым жерде – Амстердамнан Куала-Лумпураны бетке алып ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырап, 280 жолаушы және 19 экипаж мүшелері қаза тапқаны жөнінде хабарлады.
ПЕН-клуб Тынымбай, Мереке, Раушанов және менің мүшелік құқымызды қайта қалпына келтіріпті-мыс. Халықаралық конференцияға делегат етіп Олжас, Бигелді, Дулат, Смағұл, Үмітті сайлапты. Пах!
20.07.14 
Түнде быт-шыт құбыжық түс көрдім. Жер шайқалып жатыр-мыс.
Аспанға қараймын. Ай жоқ! Айды атып түсірді! Айды атып түсірді! (деп зар еңіреймін).
Аспан кеңістігінде қара түтін будақтайды.
Атқан кім?
Путин! Путин! Айды атып түсірген Путин!
Оу, Обама қайда қараған? Немене, Еуропаға көзбояулық жасап, шошқа жіберген бе?
Кім көрді екен?
Бірінші Порошенко! Онан соң – Яценюк!
Санкция! Санкция! Санкциямен қылқындыр!
Айсыз қалай болмақ? Ай үшін москалдар жауап береді!
Күллі планета қорқыныш құша­ғында. Аспан тас түнек. Шуда бұлт­тар­дың жыртығынан әуеге қара түтін атқылайды.
Оянып кеттім! Түс болмай кеткір! Құрысыншы әрі!..
23.07.14 
…Болды! Тағы бір – алда шығатын «Таяу және жақын маңда» деген кітабымның версткасын оқып біттім. Бойым жеңілдеп, сергіп қалдым.
Ендігі дәрт: көлемі 25-26 баспа табақ тартатын «Таңдамалы» құрастыру. Ермек (Т) оны Гонконгте шығармақ. Бірінші құқай емес қой, құдай қаласа, мұны да тындырармын.
«Қолдан келгені осы болды» атты библиографиямның версткасын оқып, оны Сағын-Герейге тапсырдым.
Шаруа дөңгеленіп қалды. Енді алда «Елім менің – Қазақия» деген кітаптың версткасын оқып, «Арыс» баспасына өткізу қалып тұр.
Мен жөнінде тағы бір кітапты («Қазақстан ұлы») Св.Ананьева құрастыратын болады.
27.07.14 
Бүгін мен ешкімге қажетсіз, үйінді үстінде қалқиған, қауқарсыз біреумін. Барлық шаруа – кітап шығару, бірдеңе бас­тыру, архив ықылас-пейілге байланысты сияқты. Баспагер, редактор, демеушілердің қайсысына не керегін сайтан білсін.
Мүмкін, барша жазған-сызғандарды жарыққа шығарудың қажеті де жоқ шығар… Кімге керек солар? Жарты ғасыр жазыппын – жетеді!.. Қажып біттім!.. Біттім!..
5.08.14 
Мұқағали Мақатаевтың жұп-жұқа «Күнделік» кітапшасын оқыдым. Қайтыс болар алдындағы жанайқай (екен). Абдырау. Өксік. Абыржу. Үмітсіздік. Азаптану. Ширығу. У мен зәр. Бәрінен күдер үзгендік. Мазасыз ақын жаны.
Зәкір (А) үшін бек қуаныштымын. Кештеу табысқаныма өкінбеймін. Табыстық, мәселе сонда. Белсенді және әспеттеп жазады. Өмірлік әсерлері ұшан-теңіз. Очерк, естелік, мақалалары тартымды, қызықты, жеңіл оқылады. Тілі қандай, үйірімді, тұшымды. Көпті көрген, ысылған. Кейде базбір өз мінін елемей, елді сынағыш қыртымбайлардың ол жөнінде әлдене дегілері кеп тұратынын байқаймын да, сол замат тойтарып тастаймын. Тура сөйлеу, шытыр ету бәрімізде бар емес пе? Молынан табылады, пай-пай!..
07.08.14 
Біздің сәруәріміздің жоғары жақта жасаған «рипормасы» көңіліме қонбайды. Сілтеуі қатты да, тоқпағы әлсіз. Дұрысы, ешқандай тоқпақ жоқ, жәй «жамбас сипар». Оның мұнысын айналасындағы қулығына құрық бойламайтын кіл сауатты, қазақ намысын жоғары ұстайтын пысықайлар ұтымды пайдалануға төселіп алғаны бадырая көрініп тұрады. Өкінішті.
Бақытжанның (Қ) ЛГ-да Айтматов туралы эссесі жарияланыпты. Шедевр! Супер!
Нұрпейісовтің сенімді өкілі Әліпбаев деген заңгердің өтініші бойынша онымен кездестік. Жүзінде иманы бар мүмінге ұқсап, тәуір әсер қалдырғандай болса да, бір бүйрегінде бүрігі бары да аңғарылмай қалған жоқ. Өзімше көп жай-түйді қаншама ежіктеп түсіндіруге тырыссам да, бәрі далаға кеткендей болды. Бір ғажабы, оған Нұрпейісовтің бетіне маска киген немересі Кәрім ілесе келіп, анадай жерде сөзімізді тыңдап отырыпты (нет­кен бейшаралық). Әрине, мен оны таныған да, білген де жоқпын. Кездесу соңында кім екенін өзі айтты. Ұзаққа созылған жағымсыздау әңгімемізде пәтуә болған жоқ. Осынау былғаныш, лас тірлікке қаншама уақыт шығындап, текке жүйке тоздырғаным үшін сан соқтым. Арсыздықтың шырқау биігінде тұрған екі есепқорға қайдағы бір парасаттылық қақында ән шырқап, әрі оған солар құлақ салады-ау деп үміттенген сорлылығымды айтсайшы. О, аңқау неме! Ақымақ бас екі аяқтың соры дегенді қалай ғана естен шығардың екен, а? Бұл менің тарапымнан жіберілген үлкен қателік, адасу, білместік, күлкілі, әрі аңғалдық болды…
10.08.14 
Ұйықтар  алдында  ресейлік   неміс­тердің бастан кешкен азап-мех­наттары жайлы «Неміс үйі» шығарған деректерді оқыдым. Сұмдық фактілер! Ресейлік немістердің қайғылы тағдыры алдында еврей құдайының түсі бозғылт тартары анық. Міне, нағыз қорлық, шектен шыққан геноцид! Қорқынышты!
12.08.14 
Ертеден қалыптасқан әдетім бойынша төсекке жатып, жастыққа бас қойған соң, газет-журнал, кітап оқитыным болады. Бұл жолы «Жас Алаш» пен «Айқынды» ашсам, о құдай, сенейін бе, сенбейін бе, Қалихан Ысқақов қаза болды деген хабарға көзім түссін. Апырай, ә!? Бұған дейін неге білмегенмін? Неге біреу-міреу айта қоймады екен? Шамасы, телевизор қарамаған болуым керек. Әйтпесе, олар міндетті түрде хабарлайды емес пе? О, кешір, Қалихан дос! Қалихан. Көрнекті жазушы. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Әдебиетке С.Мұратбеков, Р.Тоқтаров, А.Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Әкім Тарази, Әбіш, Тоқбергенов, Сағи, Қадыр, Тұманбай, Сабырхан, Қабдеш, Нұрманов, М.Сүндетов – осындай қарымды үлкен топпен бірге іріктелген ірілердің бел ортасында қасқайып келген қайран азамат! Солардың ішінде мен де болатынмын. Қалиханның алғаш жарқ еткен «Қоңыр күз еді» повесі оны бірден биікке көтерді, танымал қаламгер етті. Мерейі артты. Өзінің алдындағылармен терезесі теңеліп, кімсің, Қалихан атанды. «Қоңыр күз еді» оқушыға бірден жететін, күрделі тағдыр, болмыс-бітім, нәзік, сыршыл рух, өршіл үн, жаңа қырымен әдебиетке тың, өзгеше олжа боп қосылды. Жалпы, Бунин, Паустовский, Казаковты қазақшаға аударғаны, тіпті де тегін емес Қалихан дос барынша шыңдалған, төселген, қалыптасқан, тіс қаққан, шебер стилист, сардар суреткер еді.
Онымен пәлендей әмпей-жәмпей араласпасақ та, бір-бірімізге іш тартып, жылы қарасып, сыйласып жүрдік. Ортақ достарымыз болды. Өмірінің соңына қарай оны біреулер классик деп жүрді. Дей берсін. Қимайтын ештеңе жоқ. Төреші –халық, уақыт, тарих. Өз басым қазақ жазушыларынан классик деп прозада – Мұхтар, Әбіш, поэзияда – Иранғайып, Темірхан деуден танған емеспін және сол ұстанымнан айнымаймын.
Қалиханның қазасы аянышты. Мар­құм менен 5 ай кіші еді. Жаны жәннатта болсын.
13.08.14 
Бақытжан (Қ) телефон тастады: «Таяу және жақын маңданы» қолыма ұстап тұрмын. Жақында алып барады», – дейді. Е, Алла! Көрсеткеніңе шүкір. Бұйырса, бұл енді менің 73-ші кітабым болады (23 б.т., тираж 2000+20).
Алдын-ала хабарлап ескертпестен Күләш Оразбекова деген боянып-сыланған келісті әйел ойда жоқта кіріп келді. Психолог. Профессор (көрінеді). Бірден бұйымтай айтты: әлдебір кітабын орыс не неміс тіліне тәржімалау керек екен. Және онысын маған жүктегісі келеді екен. Пақыр десе! Үнемі айтқаны болып дәніккен бикеш өз құдіретінің алдында мені де бас иеді деп ойлаған болу керек. «Қой, қарағым, ондай нәрсе жоспарымда жоқ» деп бас тарттым да, басқа біреулердің адресін бердім. Бәрінен де, оның кітабын немісше шығарғысы келетініне таңдандым! Кім үшін? Немістер соған дидар қап, шөліркеп отыр ма екен? Жата-жабысып, бірі қалмай таласып-тармаса оқиды десе, қатты қателеседі. Олар Оразбекованың кітабын парақтарын жыртып, қол сүртуге пайдаланар ма екен?! Өз басым қоқыс жәшігіне лақтыра салған болар едім. Белгісіз ғұламаның данышпандық трактаттарын оқымағаннан түк те қылым қисаймас деп. Ал, мейлі, тәржімә жасалды дейік. Оны кім басып шығарады? Шамасын білмейтін шалажансарлар бола береді екен-ау! О, құдайым-ай!..
Және маған тағы да жұма күні қазақ тілі жөніндегі сценарийін арқалап режиссер (Ирлан) келмекші.
14.08.14 
Гамбургтен телефон тастаған Константин Эрлих әнін де, сөзін де өзі жазып, өзі шығарған су жаңа батырлар жырын орындап берді. Ұнады. Ресейлік немістер ішінде әлі күнге ешкім батырлар жырын шығарған емес.
Қызық фактілерді жария етті: қазақ елінде ең көп тараған фамилия Ахметовтар екен (74 мың). Одан кейін Омаровтар, одан соң Кимдер, әрі қарай Оспановтар мен Ивановтар (59 мың). Ауызша жиі айтылатын Мырқымбаевтар жоққа тән. Адыранов, Дамбылшаев, Дардановтар сирек. Шәушиев, Тәмпиевтер де.
15.08.14 
Еңсем түсіп, рухым төмендеп отыр. Таяп келе жатқан 80 жылдығым хақында басым қатулы. Бірдеңе жасау парыз сияқты, керек тәрізді. Әлдене күтетіндер, дәмететіндер аз емесі белгілі. Ал, менің түкке зауқым жоқ. Және міндетті емеспін. Қыбырлап, тірі жүр екенмін, сол жарайды. Абыр-сабырың өзіңе. Ол жөнінде ойлағым да келмейді.
Айтпақшы, үш режиссер телефон берді. Әлдекімге интервью қажет екен. Тағы біреу бірдеңе жариялағысы келеді. Кітап шығару, гранка, верстка оқу, корректура машақаттары өзінше. Айқай-шу көтеріп, құны көк тиын Грамотасын мұрнымның астына тосады, телеграммалар қаптайды, қисапсыз шапан жабады. Ал, не болды? Алысқа бармайтын алдамшы, өткінші өресіздік, науқаншылық, мәнсіз тірлік, ғибратсыз дабыра, берекесіз, дарақы, жалған намыс, қазақбайлық (немістік деп ұқ). Осының бәріне қос құлағың қызарып, илан да отыра бер. Тек ақымақпен ақымақ боп, бақыттан басың айналып, жарылып кетпесең болды. Неткен есалаңдық! Пай-пай! Амантай! Күзембай! Ойбай! Гук!..
18.08.14 
Жан дүнием жабырқап, жасып отырмын. Өзімді ешкімге керексіз, жалғыз сезінемін. Базбіреулердің өтірік мақтап, көлгірсуінен жалығып, мезі боп біттім. Қолдап, қолпаштағандардың (бәрі емес) іштерінде ит өліп жатқандар білініп, байқалып тұрады. Адал тілектестер жоқ емес, бар. Бірақ, әркімнің өз күйкі тірлігі біткен бе? Көңілсіздік. Сұрқайлық.
Мәжілісмен Бақытбек телефон берді. Қазақ мемлекеттік туының атворы Ниязбеков бақилық бопты. Онымен таныс едім. Ұстамды, байсалды, сыпайы, кішіпейіл болатын.
Бақытбек қоштасу өлеңін оқыды. Өткір, бүкпесіз.
Әкем тірі болғанда, бүгін 105 жасқа толар еді. Қазір оны еске алатын, көп болса, екі-үш мүмін қалған болар. Ай, заман-ай!
Шотаның қос томдығын екінші қайтара парақтап шықтым, суреттерін сан рет көзден өткіздім. Әлдебір мақалаларын оқыдым. Шотаға Еңбек Ері атағын алдақашан беру керек еді. Ол бұл марапатқа бек лайық. Жалпы, ол деген ширақ, шапшаң, жарқын тұлға. Назарбаев көз қырын салса, түк артығы жоқ.
20.08.14 
Түннің бір уағында оянып кеттім де, балконға шығып, 20-30 минуттай тұрдым. Аспанға үңілдім, Айға қарадым. Жым-жырт тас түнектің бірқалыпты ың-жыңына құлақ түрдім. Неше түрлі өткен-кеткен ойға түсіп, қиялға шомдым. Жүректі қозғап, жанды жейтін сағыныш, мұң-нала. Казаковтың «сен түсіңде егіліп жыладың» дейтін әңгімесі бар. Мен де көз жасыма тұншықтым. Мұншалық қобалжу кім үшін, не үшін? Нені жоқтап, кімді аңсап зарлаймын? Ата-анамды ма? Өз өмірімді ме? Ең өкініштісі, жан жарамды түсінетін, мұң шағатын ешкім жоқ. Ауыр ой құшағында сүйретіліп барып төсекке құладым да, ұзақ уақыт кірпігім айқаспады.
Ұмытшақтық: сонау бір уақытта Нұрпейісовтің «Парызын» бірлесіп тәржімалаған керемет орыс жазушысы әрі аудармашының аты-жөнін үш күн бойы есіме түсіре алмай итім шықты. Ақылдан адастым ба екен деп ем, бірақ, таңертең ұйқыдан тұрған бойда сарт етіп ойға түсті. Петр Краснов! Апырай, ә! Қарай гөр!
21.08.14 
Ананьева телефон соғып, «Керуенде» менің де мақалам және мен туралы әлдебіреудің мақаласы шығатыны жайлы хабарлады. Олардан тыс, «Қазақстан ұлы» атты кітапша әне-міне жарыққа шығуға бет алып тұрған көрінеді. Мәскеуден хабарласқан Зейферттің айтуынша, әлдебір жерде өткен әлдебір конкурс түгелдей маған бағышталыпты-мыс. Ой, саңлағым! Жарым көңіл жазғанды бір серпілтіп, қуантып тастағаның үшін Алланың нұры жаусын саған! Мендей мүсәпірге бұл да болса дәтке қуат, үлкен демеу! «Мысль» журналында басылған үш мақала да маған арналыпты. 
«DAZ», «Простор», «Таң-шолпан» да бірдеңелер беретін көрінеді. Бәріне бәрекелді! Атаусыз қалдырмайтындары үшін!
Ойбай-ай! О, шұнақ құдай! 80 жылдығым тезірек өтсе екен. Жүйкемді қажап бітті. Осылар кімге керек өзі? Ресей мен Германияда тарыдай шашылған, сайда саны, құмда ізі жоқ тума-туыстарыма ма, әлде үйдегі жалғыз әйел-бәйбішеме ме?
…Не айтсам да көтеретін, сөзімді сыйлайтын қара нарларым Назарбаев, Тасмағамбетов, Тоқаевтар аман болсын! Жанашырлар! Тілектестер!
22.08.14 
Әлібек Асқаров телефондады. Қали­ханды туған  топырағына апарып жерлеу рәсіміне қатысып келіпті. Менің «Казахское арабески» кітабым жөнінде жылы пікір айтты. Кітаптың отыз данасын алдағы қыркүйек айында ол басқаратын ұлттық кітапханаға беруге уәделестік.
Өз-өзіме көңілім толмайтын екіұдай ахуал. Бас бос кеуек, қуыс кеудемін. «Ішім өлген, сыртым саудың» (Абай) кебі. Жо-жоқ, осы күндерде ішім түгіл, сыртым да өлген болмаса неғылсын.
24.08.14 
Газеттерден оқыған – әйелі Болгарияда жүргенде Шукшиннің үйі тоналғаны жайлы хабар басымнан шығар емес. Қаскүнемдер әйелінің қымбат бағалы бұйымдарымен қоса, Василий Макаровичтің жарық көрмеген қолжазбалар, күнделіктері сақтаулы сейфін де үптеп кетіпті. Неткен өкініш! Оңбағандық! Сұғанақтардың жегендерін желкелерінен шығарып, көптің алдында дарға асса,  сауаптың үлкені сол болар еді. Бірақ, қайдам! Олай етсе, гуманистік идеалға кереғар болмай ма? Жүз адам өлтірсе де, бір қанішерді өлтірмейтін мораторий бар (дегендей). 
Орыс-украин жанжалында екі жақтан да белсенділік танытып, жексұрындық жасап жүргендер – интеллигенция өкілдері. Оларға керегі – қара бастың қамы, пасық мүдде. Заманында Ленин көсемнің интеллигенттерді «боқ» деп атағаны әсте де тегін болмаса керек.
Зәйтуна телефон берді: И.Щеголихиннің жесірі Цветлана Николаевна өмірден өтіпті.
26.08.14 
…Бүгінгі басты міндет (Президенттік телеарна үшін) қазақ тілі туралы сөйлеген сөзімді таспаға түсіру болды. Үш еркек жарты сағат екі камера орнатып, жарық беріп, мен де жарты сағат қазақша, орысша монолог оқыдым. Шамасы, тәуір шықса керек. Жігіттер риза. Режиссер «ғаламат!», «өте жақсы!» деді. Тележазбаның бір қысымын кинода, бір қысымын арнайы хабарда жеке монолог түрінде пайдаланатын боп шештік. Режиссер маған дискіні әкеп беруге уәде етті. Қалғанын ертең Сарыөзекте түсіреді. Менің оқушы кездегі бейнемді әлдебір балақай сомдайды екен.
Үуһ! Бұдан да құтылдым-ау! Мынадай ию-қиюды жүрегім құптаған жоқ!
Кешкілікте тарихшы Виктор Кригер телефон тастады (Германия).
28.08.14 
Рухым жермен-жексен. «Сен түсіңде егіліп жыладың». Бәлкім, менің қым-қуыт шаруам шамадан тыс көп шығар? Олар менің жасыма үйлеспейтін болар? Серпіліс жоқ.
29.08.14 
«Жібек жолы» баспасынан жаңа шыққан екі кітабымның 60 данасын әкеп берді. Енді оларды (көңіл жетерлерге) тарату лазым.
Қанапиянов (Б) қуантып тастады: 60 дана кітап және олардың көшірмесі мен терімін баспа менің мерейтойыма ат-шапан ретінде сыйға тартады екен. Ал, қаламақысын қыркүйектің соңында береміз деді. Барлығы дер кезінде. Төбем көкке жетіп, қутың қаға қалбақтадым. Енді қайтейін. Маған да бір жақсылық болу керек емес пе? Тәуба!  Болып тұр!
31.08.14 
Жексенбі. Ешкім мазалаған жоқ. Менің де демалуым керек шығар. Айтпақшы, Конституцияны атап жатыр екенбіз ғой.
Егер, жұмыс істемесем – ауырамын. Сен ше, Тұрысбек? Аманхан, сен ше? Жүрген шығарсың кемталанттарды зерттеп-зерделеп! (Өзіңнің сөзің). Ура…а…а!

Аударған: Зәкір АСАБАЕВ

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Гер ағаның ойлары қандай терең, ашық,өткір… Әркез риза болам. Көлгірсімейді, тура айтады. Осындай адамдар көп болса ғой шіркін…

Пікірлерге тыйым салынады.

Мұрағат

error: Content is protected !!