«Қазақ терминологиясының ғылыми негізі толықтай қалыптасты…»

  • 16.05.2016
  • 5196 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Соңғы кездері қоржыны бай тіліміздің қорына «Халықаралық терминдердің» қаптап енуі тіліміздің өзге сөзбен шұбарлануына себепші болып отыр. Термин сөздер мен термин емес сөздердің ара-жігін дұрыс ажырата алмауымыздың өзі күрмеуі қиын мәселені күрделендіріп жібергендей. Өзге мемлекеттердің ешқайсысы терминдерді халықаралық атауларымен атамайды. Тиісінше аударып, өз тіліне икемдеп барып, қолданысқа енгізеді. Алысты аңдымай-ақ, көрші Ресейдің өзін мысалға алсақ жетіп жатыр. Біздегі ғылыми терминдердің көпшілігі орыс тіліне икемделіп алынған. Ол қазақ тіліне аударылған күннің өзінде де сапасы сын көтермейтіні белгілі. Ұлттық терминологияны дамытуда қандай жұмыстар атқарылуы керек? Осы және өзге де мәселелер төңірегінде және қазақ терминологиясының бүгінгі бет алысын білу мақсатында А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты Терминология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент Сәрсенбай Құлмановпен  сұхбаттасудың орайы келген еді.

– Қазақ терминологиясының тео­риялық мәселелері қарастырылып,  көңіл қуантарлық нәтижелерге қол жеткізді дегенімізбен, практикалық тұрғыдан әлі де шешілмеген жайттардың бары аңғарылады. Мысалы, кәсіби терминдердің әр жерде әртүрлі жазылуы біраз қиындық тудырып отыр. Осы орайда, жалпы терминдерге қойылатын негізгі талаптар және термин сөздер мен термин емес сөздердің ара-жігін дұрыс ажырату туралы айтып берсеңіз…
– Қазіргі кезде қазақ терминологиясының ғылыми негізі толықтай қалыптасты деп айта аламыз. Бұл пікірімізге төмендегі деректер айғақ бола алады. Осы уақытқа дейін қазақ терминологиясы бойынша 15-тей монография мен зерттеу еңбектері, оннан астам оқулық, оқу құралдары, жинақтар, конференция, семинар, келелі кеңес (дөңгелек үстел) материалдары жарық көрсе, терминология мәселелеріне қатысты арнаулы басылымдар саны 50-ден, ғылыми мақалалар 1000-нан, газет мақалалары 500-ден асады. Ғылыми зерттеулерге келсек, терминология саласында тіл мамандары арасында 4 докторлық, қырықтан астам кандидаттық диссертация, ал, салалық терминологияға байланысты математика саласынан – бір, химия саласынан бір докторлық, әртүрлі салалардан оннан астам кандидаттық диссертация қорғалған.
Қазақ терминологиясы жайлы айтқанда,  ең алдымен ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары ерекше еңбек сіңіріп, термин қабылдау қағидаттарын жасағанын мақтан етуіміз, үлгі тұтуымыз, ұстануымыз керек. Профессор Ш. Құрманбайұлының еңбегіне сүйене отырып, солардың негізгілеріне тоқталып өтейін.
1924 жылдың маусым айында Орынборда «Қазақ ғылыми қызметкерлерінің 1-съезі» болып, онда қазақ терминологиясын қалыптастырудың алғашқы қағи­даттары бекітілді. Съезде терминология­ны қалыптастырудың басты қағидаттарын белгілеу жөніндегі баяндаманы Елдес Омарұлы жасады. «Қазақша пән сөздер тақырыпты Елдестің баяндамасы» негі­зінде съез қаулы қабылдады. 
Ол қағидаттар мыналар: 
1. Қазақша пән сөздері қазақтың өз тілі­нен алынатын болсын. Қазақша сөздерден түбірге жұрнақ жалғап, жаңа сөз шығарғанда, – жұрнақтарды Елдестің баяндамасында ай­тылған жолмен талғап алуға тиіс; 
2. Қазақтың өз тілінен табылмаған пән сөздер, басқа түрік халықтарынан ізделсін; басқа түрік тіліндегі пән сөздер – жалпы түрік сөзі болып, жат тілдің әсерінен аман болса, – ондай сөздер жатырқамай алынсын; 
3. Еуропа халықтарының бәрінің де тіліне сіңіп кеткен жалпы жұртқа ортақ пән сөздер, қазақ тілінің заңдарына келтіріліп, бізге де пән сөз болып алынсын, – жалпы Еуропа сөзі мен қазақша сөз түбінде екеуі қатар жазылып отыратын болсын;
4. Қазақтың өз тілінен басқа-басқа тіл­дерден алынған пән сөздер қазақ тілінің баяндамада көрсетілген заңдарынша өзгертіп алынсын; 
5. Қазақша пән сөздерін тексеріп қа­былдап алатын орыс, қазақша ілім кеңесі, – жалпы қазақ халқы үшін жалғыз болсын; пән сөздер әуелі ілім кеңесінің жанында өз пәнінің мамандарынан сайланған, өз пәнінің өзіне дербес кәмәсиелерде тек­се­рілетін болсын; Кәмәсиенің қабылдап алған сөздері баспасөз жүзінде жарияланып, көптің сынына түскеннен кейін, ілім кәмәсиесінің қарауына тапсырылып, сонда бекіп шығатын болсын;
6. Қазақша сөздер әліпби ретімен тізі­ліп, лұғат кітәбі болып жазылып шыға­рыл­­сын.
Ахмет Байтұрсынұлы ұстанған қа­ғидаттар:
а) Ең алдымен термин ретінде ұғым ма­ғы­насын толық беретін қазақ сөздерін алу. 
ә) Ондай сөздер қазақ тілінде болмаған жағдайда оларды туыстас тілдерден алу.
б) Жаппай қолданылатын әлемдік терминдер қабылдана алады, бірақ, олар қазақ тілінің табиғатына сәйкес өзгертілуі керек.
в) Қазақ тілінің табиғатына сәйкес­пейтін барлық өзге тілдердің сөздері дәл қазақтың айтуына сәйкес өзгертілуі керек. 
Құдайберген Жұбанов ұсынған қағи­даттар:
1. Әдеби тілдер практикасында ұлттық тілдерге аударылмайтын, халықаралық біртұтас белгілері бар:  революция, совет, теория, практика, тенденция, медицина, хирургия, климат, абсолютный, конкретный және т.б. терминдер қазақ тліне аударылмай, сол халықаралық біртұтас белгіленуінде қабылдансын. 
2. Әдеби тілдер практикасында ұлт тілдеріне аударылатын производство, труд, деньги, корень, стебель, мышцы, деление, умножение және т.б. сияқты халықаралық терминдері  қазақ тіліне аударылсын. Егер де, аударылуға тиісті терминнің қазақ тілінде баламасы болмаса немесе қазақ тіліндегі аудармасы оны түсініксіз ететін болса (кей жағдайда терминнің мағынасын бұрмаласа), онда тиісті орыс сөздері қабылдансын: сословие, состав, клетка, слет және т.б.
3. Түрлі пәндерде белгілі бір мағы­нада немесе бір-біріне жа­қын мағы­нада қолданылатын терминдер бірдей бел­гіленсін: форма – роrmа (философияда және  физикада), материя – mаtеrijа (философияда және физикада), корень – tybir (математикада, ботаникада және лингвистикада), морфология – morpoloqija (ботаникада және лингвистикада), реакция – reaksija (химияда, биологияда, саясатта), экскурсия – ekskursija (ағарту саласында және физиологияда).
4. Түрлі жағдайда әртүрлі мағына бе­­ретін мануфактура (тарихи эконо­микалық және тауарлық мағынада), продукт (өндіріс өнімі және азық-түлік мағынасында), легенда (фольклорлық жанр ретінде және аннотация ретінде) және т.б. осы сынды терминдер бір пән үшін термин ретінде қабылдансын, қалған жағдайларда аударылсын.  Мысалы, мануфактура экономикалық дамудың кезеңі ретінде – термин де (аударылмайды), ал, тауар түрі ретінде – термин емес (аударылады).
5. Халықаралық терминдер орыс әде­биетінде қалай жазылса, сол түрінде қа­былданады. Егер қазақ тілінде кей дыбыс­тар болмаған жағдайда (бұл терминдерді беру үшін), олар қазақ әліпбиі шегіндегі әріптермен бейнеленеді (форма – porma, химия – qijmija, революция – rebolutsija  және  т.б.).
6. Қазақ тіліне аударылған терминдер (2-тармақты қараңыз) өзінің ғылыми мазмұнын сақтаулары қажет. Оларды аудару кезінде  қазақ тілінің  грамматикалық ерекшеліктерін қатаң ескеріп, терминдерді түсінік қылып жіберетін жасанды сөз жасау амалдарын қолданбау керек. Мәселен, berilis – передача, kopkil – многоугольник, toqьma – текстиль, tэcirijbe – практика және  т.б.
7. Есім және етістік-есім формасында берілген терминдер сол күйінде қабыл­дансын (-изация, -ификация, -ация фор­мальдық элементтері арқылы жа­салған  машинизация, электрификация, объективация сынды каузатив формасы бар сөздерді ескермегенде; олар қа­зақ­тың maсijnalandьruv, elektirlendьruv, obijektiptenuv формаларына сәйкес ке­леді).
-ский, -ный жұрнақтарымен аяқталатын сын есімдерден жасалған анықтауыш халықаралық терминдер қазақ тілінде қысқа түрінде, яғни, -ский, -ный-сыз қабылдансын: популярная книга – рорular kitар, абсолютная величина – absolut çаmа, буржуазная идеология – burçuaz ijdeologija, экстенсивное хозяйство – ekstensijp carnacьlьq, дифференциальное уравнение – dijperensijal tenqerme.
«-cкий» жұрнағымен «к» дыбысын  «ч» негізіне айналдырып, жасалған сын есімдер қосымша қосылмай, зат есім күйінде қалуы керек: электрическая лампа – еlекtіr çаm, физическая география – pijzijka çagrapija және  т.б. Зат есімдер мен сын есім­дер негізді етістік тұлғалар тиісті   қазақ  жұр­нақ­тары арқылы жасалуы керек: изолировать – ijzolatsijalav, машинизировать – macijnalandьruv және т.б.  Орыс тілінде етістік формалары ғана бар және атау формасы жоқ немесе атау мағынасынан тым алшақ тұрған терминдерді контекске қарай аудару керек  (игнорировать, регулировать, реагировать – соңғысы «реакция» атау формасынан тым алшақтатылған). 
8. Терминдермен бірге қазақ тіліне халықаралық терминологиялық практикада қолданылатын, бірақ, қазақ жұр­нақтарымен ауыстыруға болмайтын бірқатар қосымшалар енгізілсін. Мысалы, «-ист», «-изм»(жұрнақтар), «ре-», «син-», «де-», «анти-», «контр-»
(қосымшалар).
Терминдерде кездесетін басқа да көп­теген қосымшаларды қазақша қол­даныста қалдыру керек, бірақ формальді элементтер ретінде бөліп көрсетпей, оларды негіздің бір бөлігі деп санау керек.  
9. Басқа сөздерге қосылатын (авто-, аэро-, авиа- және т.б.) терминдердің қысқартылған формалары арtоgо1, арtoqatьnas, аvіасаnа және  т.б. қазақ сөздерімен үйлестірілетін болсын.
Қазақ тілінде тек аударылып қолданылып жүрген  диктатура, революция, совет, теория, практика, контрреволюция, милитаризм және т.б. терминдер аудармасыз  интернационалдық формасында қабылдансын. 
10. Қазақ сөзжасамының практикасына Қазан төңкерісі кезінен бері қазіргі орыс тілінде кеңінен қолданылатын қыс­қарған күрделі сөздерді (политэкономия – роlіjtекоnоmijа, райисполком – аvаtkоm және т.б.) енгізіп, оларды төңкеріс  жетістіктері енгізген үлес деп санау керек. Алайда, мұндай қысқартуларды жасағанда, оларды қазақ әдеби тілінің заң­дарымен ұштастырып, практикада Мемлекеттік терминология  комиссиясы қабыл­дағандарын ғана пайдалану керек.  
Академик Әбдуали Қайдар ұсынған қағидаттар:
1-принцип: Егеменді ел, тәуелсіз мем­­­лекеттің басты белгілерінің (атри­буттарының) бірі − мемлекеттік тіл десек, оның негізгі тіректерінің бірі – терминологияны жан-жақты дамытуға, реттеуге, қалыптастыруға, кеңінен қолдануға сол мемлекеттің өзі қамқорлық жасауы керек.
2-принцип: Қазақ тілі термино­логия­сының жақсы дәстүрлерін жалғастыра, өскелең өмірдің биік талап талғамына сай жүз беріп отырған бұқаралық процестің тіл үшін тиімді де қажетті жақтарын саналы түрде пайдалану. 
3-принцип: Салалық терминдер мен атауларды жаңадан жасауда, өзгертуде, ауыстыруда ең алдымен қазақ тілінің төл, және бұрыннан қалыптасқан байырғы лексикалық байлығын сарқа пайдалану.
4-принцип: (қазақ терминоло­гиясы үшін жаңа бағыт): Термин шығар­машылығында бұдан кейін туысқан түркі тілдерінің (әсіресе, терминология дәстүріне бай жазба тілдердің) озық тәжірибелерінен, терминдік өрнек үлгілерінен, оңтайлы да үйлесімді сөз жасау модельдерінен мүмкіндігіне қарай пайдалану. 
5-принцип: (бұрынғы принциптің жаңаша баяндалуы): Тіліміз үшін қа­жет, бірақ, дәл баламасы жоқ, аударуға келе бермейтін интернационалдық тер­мин­дер мен атауларды қазақ тілінің өз ерек­шеліктеріне икемдеп қабылдау. 
6-принцип:  Орыс тілінен  (жалпы славян тілдерінен) енген термин-атауларды мүмкін болғанынша қазақша аударып қолдану; аударуға келмейтіндерін бұрынғыдай сол қалпында емес, қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау. 
7-принцип: (қысқартылған терминдер мен атаулар жайында): Салалық күрделі терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз негізінде алғашқы әріптері мен буындары бойынша (сөз араластырып та) кеңестік-интернационалдық термин-атаулардың үлгісімен қысқартып қолдануды заңдастыру. 
8-принцип: Күн санап толассыз туындап жатқан терминдік ұғымдарға тілімізден дәл балама іздеуде де, термин-атауларды жаңадан жасауда да жалпы терминдерге тән талаптарды сақтай отыра, дәстүр мен шарттылық заңдылығын мойындау.
9-принцип: Тілімізге қабылданатын терминдер мен атаулардың мағыналық, тұлғалық жағынан жақындарын өзара топтастырып, салыстыра отырып, лексикалық байлығымызды салалық жүйе бойынша жіктеп, саралап пайдалану. 
10-принцип: Тіліміздегі ұлттық және интернационалдық термин-атаулардың сандық және сапалық арасалмағын табиғи қалыпта сақтаудың жолдарын іздестіру.
11-принцип: Терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеу.
Сондай-ақ, терминология мәселе­лерімен айналысатын ғалым­дардың бәріне Қ.Кемеңгеров, Н.Қаратышқанов, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Күдеріұлы, Ж.Ай­мауытұлы, Н.Төреқұлұлы, М.Жұ­мабаев, М.Дулатұлы, М.Әуезов сияқты ірі-ірі тұлғалардың және ҚР ҰҒА академигі Ө.Айтбай, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Ш.Құрманбайұлы және т.б. ғалымдардың еңбектері белгілі. Ал, сұрағыңыздың екінші бөлігіне келсек, термин сөздер мен термин емес сөздердің ара-жігін дұрыс ажырату мәселесін қарапайым халыққа түсіндіру оңайға түсе қоймас. Ол үшін терең ғылыми талдау жасау қажет. Алайда, мұндай ғылыми талдауға бармай-ақ, жалпы айтып өтейін. Сөз де, термин де – тілдік бірлік. Сөз – адамзат баласының тұрмысында қолданатын қарым-қатынас құралы. Ал, терминдерді шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа көпшілік қауым күнделікті тұрмыста жиі қолданатын терминдер, ал, екінші топқа әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайларға қатысты терминдік бірліктер жатады. Енді, үшінші топқа жататын, негізінен, шет тілдерінен енген қандай да бір ғылым саласына қатысты, сол сала ғалымдары жиі қолданатын тілдік бірліктер. 
Жалпы, терминге мынадай анықтама беріледі: «Термин – ғылыми немесе өндірістік-технологиялық ұғым атауы болып табылатын арнайы қолданыстағы дефинициясы (ғылыми анықтамасы) бар сөз немесе сөз тіркесі» (Ш.Құрманбайұлы).
– Х. Досмұхамедов: «Еуропа тілдері бізге орыс тілі арқылы жалғасады. Көпке дейін Еуропа мен біздің арамызға орыс тілі дәнекер болды. Орыстар Еуропа сөздерін өзінше өзгертіп алады. Еуропа сөздерін орыс тілі арқылы алғанда өте сақтық керек», – деп ескерткен екен. Алайда, «Халықаралық терминдер» деп аталып жүрген сөздер бүгінгі күнге дейін бізде орыс тілінде қолданылып келеді. Осыған көзқарасыңыз қалай?
– «Халықаралық  терминдер» деген ұғымның бары рас. Олар бұрын «интернационал сөздер» деп те аталған. Басқа тілден, әсіресе, латын, грек тілінен, қазіргі кезде негізінен ағылшын тілінен термин қабылдап отырған біз ғана емес, әлемнің барлық тілдері десек, қателеспейміз. Бұл жағдайды ең алдымен ғылыми-техникалық дамумен және экономикалық-саяси жайттармен байланыстыруға болады. Біздің «халықаралық терминдерді» орыс тілі арқылы қабылдауымызға еліміздің басынан өткізген тарихи жағдай, яғни, Кеңес одағының құрамында болуымыз, жазуымыздың кирилл қарпінде болуы себеп болды. Бұл тек біз ғана емес, бұрынғы Кеңес одағына қарасты болған басқа республикалардың да басынан өтті. Алайда, орыстардың өзі де шеттілдік терминдерді өз тілдеріне «сындырып» қабылдайды. Жоғарыда аталған қағидаттарға зер салсақ, термин қабылдауда «төл сөздерімізге басымдық беру», «түркі тілдерінен термин алу», «терминдерді қазақ тілінің заңдылығына бағындырып қабылдау» сияқты қағидаттар Кеңес одағының саясатына байланысты негізге алынбай, орыс тілінде қалай жазылса, солай жазу қағидаты әліге дейін басым қолданылып келеді. Дегенмен, терминнің түпнұсқа түбірін сақтай отырып, қазақ тілінің заңдылығына сәйкес икемдеп алу ісі мүлде жоқ деп айтуға да болмайды. Мысалы, 2014 жылы жарық көрген 30 томдық салалық терминологиялық сөздікті құрастыруға тілшілер алғаш рет қатыстырылып, осы мәселе біршама қолға алынды, салалық терминдерді барынша біріздендіру және «ұлттандыру» мақсаты қойылды.
– Ісләм Жарылғапов – орыс тіліндегі терминдердің қазақша баламасын өте сауатты аудара білген аудармашылардың бірі. Мәселен, балмұздақ, аялдама, қаламгер, ғарыш, оқырман, дүниетаным сияқты терминдер халық арасында кең қолданыста. Соңғы кездері балкон–қылтима, банан–сарықисық, диван-кресло – былқима-сылқима сынды құлаққа тұрпайы естілетін аудармалар да айтылып жүр. Қазір неге осындай сауатсыз аудармалардың саны артып кетті?
– Ең біріншіден айтарым: Ісләм Жа­рылғапов ағамыздың көрнекті аудармашы екендігі рас. Және бізде басқа да толып жатқан аудармашылар бар. Алайда, термин тек аударма арқылы жасалмайды. «Терминжасам» ғылымының бірнеше әдіс-тәсілдері бар. Ол туралы сізге дәріс оқиын деп отырғам жоқ. Сол әдіс-тәсілдің ішінде таза ұлттық ұғымнан туындайтын терминжасам тәсілі бар. І. Жарылғаповтың жоғарыда сіз атаған және аталмай қалған терминдерін сәтті жасалған. Мұндай терминдерге көптеп мысал келтіруге болады. Ал, сіз атап отырған балкон – қылтима, банан – сарықисық, диван-кресло – былқима-сылқима тәрізді «сөздер» туралы мынаны айтқым келеді. Бұл сөздер, біріншіден, ешбір сөздікте, ешбір ғылыми еңбекте кездеспейді. Екіншіден, бұл сөздерді «мына кісі аударған» деген сөзді еш жерден оқыған да, ешкімнен де естіген емеспін. Сіз осы «аудармалардың» бірінің авторын айта аласыз ба? Айта алмайсыз. Себебі неде? Себебі, бұл – қазақ тілін мазақ еткісі келетін, әжуаламақ болғандардың арандатушылығы. Сондықтан, бәріміз, әсіресе, журналшылар әрбір сөзіне сақ болғаны жөн. Халықты тәрбиелеудің ең үлкен құралдарының бірі қазіргі кезде қаласақ та, қаламасақ та, БАҚ, Интернет болып отырғанын мойындаймыз. Сондықтан, өсек-аяң, алыпқашпа әңгіме түрінде тараған жайттарға тосқауыл беретін сіздер.
– Мысалы Жапония, Еуропа жұрты, Америка сынды бірқатар дамыған елдер техника ойлап табу арқылы, өн­діріс арқылы жаңа терминдер қалып­тастырып, оны брендке айналдырып отыр. Қазақ тілінің болашағы үшін біз де бір жаңа дүние ойлап тауып, қазақи атау беріп, неге оны «халықаралық деңгейде» насихаттамасқа? Жоқ, әлде, барлығы тек аудармамен шектеліп қалуы керек пе?
– Сіздің негізгі идеяңыз, ұсынысыңыз өте орынды. Қайталап айтайын, термин жасау тек аударумен шектелмейді. Терминжасамның бірнеше тәсілі бар. Қазіргі кезде қазақ терминдерін жасауда осы тәсілдердің бәрі дерлік қолданылып келеді. Мысалы, 2014 жылы жарық көрген 30 томдық терминологиялық сөздікте осы қағидат негізге алынды. Көптеген төл ұлттық сөздеріміз термин ретінде енгізілді. Орыс тіліндегі нұсқасы да сәйкес кирилл қаріптерімен берілді. Енді осы сөздіктің ағылшынша нұсқасы шықса, мұндай терминдер әлем тілдерінде осылай қолданылады деп ойлаймын.
– Ұлттық терминологияны дамытуда тағы қандай жұмыстар атқару керек деп ойлайсыз?
– А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білі­мі институтының терминология бөлімі негізінен терминтанымның теориялық мәселелерімен айналысады. Бұл біздің жұмысымыз тек ғылыми зерттеумен шектеледі дегенді білдірмейді. Терминология бөлімі ұсынылған терминдерге сараптама жасап, сөздіктер түзуге қатысып, қолданбалы-практикалық мәселелермен де айналысады. Алайда, кез-келген ғылым саласының терминдерін сол саланың мамандары жасайтынын атап өтуге тиіспіз. Өйткені, олар өз саласының терминдерінің ғылыми анықтамасын жетік біледі. Біз сол терминдердің қазақ тілі­нің заңдылығына сәйкестігін тексеретін төрешіміз.
Ұлттық терминологияны дамыту үшін алда атқарылатын жұмыстар ұшан-теңіз. Солардың негізгілерін жинақ­тап айтып өтейін.
І. Салалық терминологияның ғы­лыми-теориялық негізін жетілдіру. Ол үшін мынадай іс-шаралар атқарылуға тиіс:
1) салалық терминологиялық сөздік­терге (жалпы терминология мен тер­мин­жасамның даму үрдістеріне) лингвис­тикалық іргелі ғылыми-зерттеу жүргізу үшін арнайы мақсатты бағдарлама әзірлеп, жүзеге асыру; 
2) терминдердің ғылыми түсінігін, диффинициясын ашу үшін және салалық терминдерге лингвистикалық талдау жасау үшін сала мамандарынан және тілшілерден тұратын ұйым құру және оның жұмысын нысаналы түрде жүргізуге жағдай жасау (терминдерді ұсыну, терминологияны үндестіру, терминологияны үйлестіру, терминжүйені құрастыру, терминжүйені жобалау).
ІІ. Салалық терминологияның әдістемелік негізін жетілдіру. Ол үшін мынадай іс-шаралар атқарылуға тиіс:
1) термин қабылдау қағидаттарын қайта қарап, ғылыми түрде негізделген жаңа қағидаттарды бекіту;
2) терминологиялық сөздіктер жасауға арналған әдістемелік нұсқаулық жасау;
3) терминологиялық оқыту (мектеп терминологиясын қалыптастыру және дамыту; жоғары оқу орындарына терминология пәнін міндетті пән ретінде енгізу);
4) терминологияны үндестіру және үйлестіру (әрбір жоғары оқу орнында салалық терминологиялық комиссиялар құру);
5) оқытушы-профессорлар құрамының терминологиялық біліктілігін арттыру курс­тарын ұйымдастыру;
6) журналистердің терминологиялық біліктілігін арттыру курстарын ұйым­дастыру.
ІІІ. Терминологиялық сөздік түзудің практикалық негізін жетілдіру. Ол үшін мынадай іс-шаралар атқарылуға тиіс:
1) терминдерді түгендеу («Көне түркі сөздігінен» бастап, ортағасырлық жәді­герлерді (әртүрлі еңбектер, сөздіктер және т.б.), басқа мемлекеттерде қазақша шыққан және қазіргі кездегі әртүрлі сала­ларға байланысты сөздіктерді жинас­тыру, аймақтық лексиканың, көнерген сөздердің, кәсіби сөздердің,  ортақ кітаби тіл бірліктерінің терминденуіне баса назар аудару);
2) сала мамандары мен лингвистердің бірігіп сөздік жасау тәжірибесін, сөздік жасау мәдениетін, техникасын жетілдіру (семинарлар, конференциялар, басқосулар, онлайн конференциялар және т.б. ұйымдастыру);
3) қазақ терминдерінің корпусын жасау (қазақ тілінде мектеп тер­минологиясына, студенттер деңгейіндегі, академиялық дәрежедегі терминологиялық сөздіктерге арналған сайттар ашу). 
IV.Терминологиялық сөздіктерді сараптамадан өткізудің негізін жетілдіру. Ол үшін мынадай іс-шаралар атқарылуға тиіс:
1) баламалы немесе Мемтермин­ком мақұлдаған сөздіктерге те­рең линг­вистикалық талдау жасау, біріз­дендіру (тілішілік, тіларалық және терминологияны іштей біріздендіру, терминдерді нормаландыру, терминологияны қалыптандыру, оңтайландыру, терминологиялық сараптама, тер­минологиялық редакциялау);
2) бекітуге ұсынылған терминдерді немесе талқылауға ұсынылатын сөздіктерді БАҚ («Терминологиялық хабаршы», әртүрлі газет-журналдар, телевидение) арқылы таратып, жұртшылықтың пікірін біліп отыру;
3) лингвистикалық талдаудан өткен тер­миндерді стандарттау.
V.Терминологиялық сөздіктерді ор­тақ­тандыру негізін жетілдіру. Ол үшін мынадай іс-шаралар атқарылуға тиіс:
1) туыстас тілдерге ортақ термино­логиялық қор құру;
2)  бір-біріне жақын салалардың ортақ терминологиялық сөздіктерін шығару (поли­техникалық, гуманитарлық және т.б).
Міне, осыларды басшылыққа алу керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген: 
Маржан СӘБЕТ

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!