Жанат Әскербекқызының шығармашылығы

  • 02.06.2016
  • 2229 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жолдасбек Мәмбетов, 
М.Әуезов атындағы әдебиет 
және өнер институтының жетекші 
ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., 
доцент

Жанат Әскербекқызы – ақын, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2011» грантының иегері. 1966 жылы 1-қаңтарда Шығыс Қазакстан облысы Тарбағатай ауданы Қарасу ауылында мүғалімдер отбасында дүниеге келген. 1982-87 жылдар аралығында Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алған. 1987-1995 жылдары Шығыс Қазакстан облысы Тарбағатай ауданы Құйған ауылындағы орта мектепте мүғалім болып қызмет атқарды. 1995-2000 жылдары Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде аға оқытушы болды. 1999 жылы ҚР ҰҒА академигі С.А.Қасқабасовтың жетекшілігімен «Оралхан Бөкей прозасындағы мифологизм мәселесі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация, ҚР ҰҒА академигі Р.Нұрғалидың кеңесшілігімен «Мифтің поэтикадағы қызметі (қазіргі қазақ поэзиясы арқауында)» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. 

Республикалық «АҚҚҰС» жыр мүшәйрасының (1993) жүлдесін алған. Шығармашыл жастардың республикалық «Шабыт» фестивалінің Гран-при жүлдегері (1999), Президент стипендиясының иегері (1999), Қасым Аманжоловтың 90 және 100 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының (2001), Республика тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай өткізілген мүшәйраның жүлдегері (2001), Қазақстан аграрлық партиясы тағайындаған Әбдіраштың Жарасқаны атындағы сыйлықтың лауреаты (2004), «Шығыс шынары»  халықаралық жыр мүшәйрасының жүлдегері (2010, 2011).
Жарық көрген шығармалары. «Ғарыш билер ғұмырымды» (өлеңдер жинағы, 1999); «Қаракөз бұлақ» (өлеңдер жинағы, 2001); «Қаңтардағы қызыл гүл» (өлеңдер жинағы, 2001); «Көктүріктер әуені» (өлеңдер жинағы, 2002), «Қаз қанатындағы ғұмыр»(өлеңдер жинағы, 2007); «Сакура гүлдегенде» (Жапон поэзиясының аудармасы, 2011), «Ай-тамғы» (өлеңдер жинағы, 2014).

Жанат өлеңді тұлымшағы желбіріген оқушы кезінен-ақ жаза бастаған. Ақын болам деп арман қуып сексенінші жылдары сол кездегі астана Алматыдағы С.М.Киров атындағы университеттің филология факультетіне оқуға түседі. Он алты жасында студент атанған қаршадай қыз сөз өнеріне деген құштарлығы мен өлеңге деген іңкарлығының арқасында аталған оқу орнын жақсы аяқтайды.  Сол студент кезінің өзінде-ақ, Жанат жастар арасында танымал ақындардың қатарында болады. Үлкен зиялы орта мен білікті ұстаздардан білім ала жүріп жас ақын өз өнерін шыңдай түседі. Сол кездегі дәстүр бойынша жатақханадағы Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Мұхтар Шаханов, Жарасқан Әбдрашев т.б. ақындармен болған кездесулерде көпшіліктің сұрауымен ортаға шығып өз өлеңдерін оқып, үлкен ақындардың талай рет батасын да алады. Бұл кездесулер жас таланттың шабытын шыңдап, қаламының ұштала түсуіне ықпалын тигізеді. Үлкен ақындармен арадағы адами қарым-қатынастар  кейін шығармашылық байланыстарға ұласып, Жанаттың ақындық өнерде өз жолын табуына септігін тигізеді. 
Кеңестік жүйеде тәрбие алған барлық жасөспірімдер сияқты Ж.Әскербекқызы да алғашқы өлеңдерін анаға, туған жерге арнайды. Бірақ, сол балаң кезіндегі өлеңдерінің өзінен-ақ ақынның сөз саптасының өзгеше екенін, өзгелерге ұқсағысы келмейтін жаңа ырғақ, соны форма іздейтінінің куәсі боламыз. Мысалы, он тоғыз жасында жазған мына бір шумақтардан Жанаттың туған жер, өскен орта туралы таптаурын түсініктерден тыс өзіндік ойының бар екенін анық аңғарамыз.
Кеудемнен шырқыратып жанымды үзіп,
Ақ сағымда барады ауыл жүзіп.
Жүрегімді шеңгелдеп қысып алып, 
Тамырымда ойнайды қаным қызып, – (1984 ж) деген жолдардан туған ша­ңырағыңа, ата-ана мен бауырларыңа, өскен жеріңе деген сағынышың «кеудеңнен шыр­қыратып жаныңды үзетін», бәрімізге таныс қимас сезімді әсем де әдемі суретпен шебер жеткізе білген [1.14 б ]. Бәріміз де ауылдан шықтық, бәріміз де ауылымызды қимай сағынышымызды баса алмай, кеудемізге толған өксікті елемеген боп аттанып кете бардық. Бірақ, сол жүрегімізді сыздатқан сағыныштың мұңын Жанаттай айта алған ақын сирек. Қош айтысып кө­лікке мінгенде көз алдыңда қалып бара жатқан ауылдың қимас кейпін «Ақ сағымда барады ауыл жүзіп» деп беруі расында да Жанаттың өз ойын бейнелеп жеткізуге машықтана бастаған ақын екенін аңғартады. 
Жанат өзін мазалаған, сезіміне қозғау салған құбылыстарды ғана өлеңіне арқау етеді. Ол күллі адам баласына тән ой мен сезім арпалысы. Оның өлеңдерін оқи отырып сол бір сезім шырғалаңын өз басыңнан кешіргендей әсерде қалуың да сондықтан. Сонан да болар, оның өлеңдері кез келген оқырманның жанына жақын, ойына қонымды, жүрегіне жылы тиіп жатады.
Көмкеріліп сұлбасы сағымменен,
Алыстап бара жатыр ауыл менен.
Қайта-қайта бұрылып қарай бердім,
Қарай бердім, тербетіп жанымды өлең, – деген жолдар расында да ауылдан ұзап шыға бергенде әркімді-ақ мазалайтын көңіл-күй құбылысы екенін айтып жатудың өзі артық [1.15 б]. Ал, ақынның сол бір құбылысты мөлдіретіп өлеңге айналдыруы, сол арқылы көптің көңілінде жүрген сағыныштың сырын сөзбен кестелеп жайып салуы тек шынайы ақынға ғана тән ерекшелік. Өзге адам ондайда мұңға бөленер, жанын сағыныштың қимас әуені әлдилер, бірақ, онан арыға бара алмас еді, ал, Жанаттың қимастық сезімінен өлең тууы заңдылық. Өйткені, ол ақын!  Оның «Қарай бердім, тербетіп жанымды өлең» дегеніне имандай сенеміз. 
Туған жер, атамекен, яки, табиғат лирикасы  Ж.Әскербекқызының арналы тақырыптарының бірі. Прозадағы О.Бөкей шығармашылығы сияқты Жанаттың лирикасынан да Шығыс Қа­зақстанның тамаша табиғатын, сұлу көктемі мен жаймашуақ жазын, қы­тымыр қысын анық танып отырамыз. Шағын лирикадағы табиғаттың тұмса бейнесі  ақын  жырында жай құрғақ суреттеле салмайды, онда сол табиғат пен адам арасындағы нәзік байланыстардың әр қилы  сыры мен сипаты философиялық таным тұрғысынан талданып, бүкіл ғаламның бір-бірімен үйлесімі, табиғат құбылыстары мен адамның ішкі көңіл-күйінің сабақтастығы ерекше шабытпен жырланады. Табиғат пен адам арасындағы қатынас, табиғаттың өнермен байланысы туралы алаштың арда жазушысы Ж. Аймауытовтан артық айтқан ешкім жоқ. Ол ақындық өнер туралы айта келіп: «Өзгермейтiн, алдамайтын, таза қасиеттi нәрсе не? Ол – табиғат. Табиғат, махаббат, көркемдiк – мiне, қашаннан берi ақындардың жырлап келе жатқан, бас иген құдайы, жабыққан жанына ем болған даруы», – деген пікір қалдырған  [2,420].
Ақын туған өлкесінің сұлу табиғатын  жалаң жырлаудан аулақ, ол сол өзі өскен, бала күнінен сырын ұққан киелі жердің әсем бейнесінің астарына үңілуге құштар. Ол әр аймақтың, әр мекеннің, әр қыраттың, әр шоқының өз тарихы, адам тақылеттес өмірі болатынына сенеді және соған оқырманын да иландырады. Туған жер Жанат лирикасында сағынышпен тамырлас, әрдайым өзінің тәу етіп, қадыр-қасиетіне бас иетін рухани тірегі сияқты. Ақын көңілі қайда жүрсе де туған жерге деген іңкарлығынан, сағынышынан ажырай алмайды. Ата қоныста әр бір қазақ баласы жатқа айтатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Ай мен Таңсықтың ел мен жермен қоштасу әуеніне сап:
Сағым жөңкілген белім аман ба,
Жалпақ жұрт – жайлау – төрім аман ба?
Аңыз боп жеткен ата қонысым – 
Қос Арғанаты, желің аман ба?  – деген  өлең жолдары кімнің де болса жүре­гін елжіретері сөзсіз [1,4 б]. Ақын танымындағы жел ерекше символдық образ. Жанаттың табиғат туралы лири­каларының көбінде жел еркеліктің, ер­кіндіктің қозғаушы күші ретінде бейнеленеді.  
Ынтызар едім желіңе бұла,
Демеу жетпей жүр деміме мына.
Кеудемді жарған керімсал өлең
Тіріге сәлем, өліге дұға [1,4 б].
Өлеңнің поэтикалық болмысын ақын керімсал желдің қасиетімен салыстыра сипаттайды. «Керімсал өлең…». Ыстық аптаптағы аңызақ жел, қызуы қайтқан ыстық жалын сияқты. Кеудені жарып шыққан өлеңнің де дәл сондай ыстық екеніне еріксіз ұйыйсыз. Ақынның туған жерге бағыштаған дұғасы да, сәлемі де өлең. Қайшылықты екі құбылыстың басын біріктіріп тұрған бір ұғым. Ол –  тағы да өлең.
Ж.Әскербекқызының поэзиясында тарихи деректер мен оқиғалардың мәні мен маңызы жеке тақырып ретінде жиі көрініс беріп отырады. Және әр бір тарихи құбылысқа ақын әрдайым өзінше баға беріп, оның жұрт көп назар аудара қоймайтын нәзік тұстарына өзінің шығармашылық қиялы арқылы барлау жасап, жаңаша ой түйіп, тың тұжырымдар жасауға қалыптасқаны байқалады. Ақын өзінің азаматтық кредосын «Білге қағанның бақұлдасуы» деген лирикасында қағанның ішкі монологы арқылы былайша сипаттайды:
Бастыны жүгіндірдік,
Тізеліні шөктірдік, 
Тоңғанды жылындырдық,
Өштіні – жоқ қылдық.
Деген ем қақырамайтын 
Қағанат құрам,
Байтақ жұртымды намысы барға
Аманат қылам… [1,192 б ]
Өлеңнің   формалық  құрылымының өзі сол баяғы көне түркілік тас жа­зуындағы жыр үлгісіне ұқсас сипатта құрылған. Мазмұны да сол жырдың жалғасы се­кілді.   Білге қағанның өкінішін, мына жал­ғанда бәрін жасауға адам өмірінің жете қоймайтын қысқалығын айтып, болашақ ұрпағының қамын ойлаумен өтетінін ақын қағанның ауызына жоғары пафосты сөздерді салу арқылы ұтымды жеткізген. Осыдан мың жарым жыл бұрын өткен ұлы атамыздың арманы қара басының қамы емес екен, оның бар арманы өзі құрған алып қағанаттың мәңгілік өмір сүруі, азат елдің мәңгілік елге айналуы.
Тарбағатай – күміс су, алтын бел-ді,
Сусып дәуір, ғұрпы мен салтын көмді.
Қола дәуір сарқыты – бұл шырағдан
Сол күндерден қалған бір жарқын белгі [1,6 бет].
Қазақ жері тарихи жәдігерлерге бай, соның бірі көнеден қалған жұдырықтай ғана шырағданнан ақын осы жерді мекен еткен біздің ата-бабаларымыздың осыдан мыңдаған жылдар бұрын да мә­дениеті ешкімнен төмен болмағанын, олардың  өздеріне тән эстетикалық таным­дары мен талғамының болғанының дәлелі ретінде осынау шырағданды куәлік ретінде ұсынады. Ақын шырағданның қола дәуірінен біздің заманымызға аман-есен жетуінің өзін символикалық сипатта былайша түсіндіреді:
Шырағданды бабамыз қалдырған-ау,
Өзі жаққан алау от сөнбесін деп, – деп ошағыңның оты сөнбесін, ұрпақ жалғастығы сақталсын деген қазақы ұғыммен әдемі түйіндейді [1,6 б].
Жанаттың табиғат лирикасында жел, қар, шың,  бұлақ, тал образдары жиі көрініп қалып отырады. Мысалы, соның ішінде Алтайда өсетін  арша, шынар, қайың, қарағай, терек, тобылғы сынды ағаш атаулары мен олардың поэтикалық бейнелері  ақын шығармаларының не­гізгі арқауы десек те қателесе қой­маймыз. Әсіресе, жиі қолданылатын теңеу мен метафоралық құбылтудың бірі ретінде тау мен шың-құздарды атап көрсетуге болады. Оны ақынның «Алтай. Алты қыз аңызы», «Көне ғұн тауын аңсадым, аға», «Керең шыңға қараумен жан жүдетем» т.б. өлеңдерінен айқын көруге болады. 
Ақын жырларында көзге жиі түсетін табиғат образдарының бірі Ай образы. Мысалы, «Айды етекпен жаба алмайсың, Сұмдық бұл, Ай жүзінде айдай болып шындық тұр» деген өлең тармақтары кез келген оқырманның көкірегінде жатталып қалатын айшықты да мазмұны терең жолдар. Ай образын сомдауда ақынның көп ізденгенін, фольклордан бастап бүгінгі әдебиетке дейін оқып, тоқып қана қоймай, оны өз лирикасында орнымен пайдалана алғанын да ақынның тапқырлығы демеске шарамыз жоқ.
Мен түнге айналамын – 
Айдан алқа тағамын,
Жұлдыздан сырға саламын [1, ].
Жоғарыдағы өлеңді оқи отырып Мағ­жанның «Жұлдыз жүзік, айды алқа ғып берейін» деген өлеңінің мазмұнын еске түсіретінін аңғармау мүмкін емес, бірақ Жанат соны жаңа мазмұнда өзгеше құбылысты суреттеуде ұтымды пайдаланады. Айдың сыр-сипатын сөзбен құбылтуда ақын әр алуан бейнелі сөздерді жиі қолданған. Оның әр өлеңінен айға қатысты ай­шықты теңеу мен ұтымды метафора­ларды, метонимияларды, синекдоха мен сәтті шыққан параллелизмдерді жиі ұшыратамыз. 
Жанат Әскербекқызының лирикасын оқи отырып оның өлеңдерінің мазмұнынан өзіміз өмір сүріп жатқан бүгінгі заманның сыры мен сипатын, қоғамның әр алуан  құбылыстарын, адамдардың бойындағы сан қилы мінез бен ерекшеліктерді жазбай танимыз. Ақын жаны мұңға құмар. Мұң – ол қуаныштың емес қайғының, терең ой мен өз-өзіңмен сырласудың, жалғыздықтың серігі.  Сонан да болар ақын өзінің жүрек сырын былайша ағытады: 
  Басылмады солығым, 
  Жан –жүрегім толы мұң [1,74 б ].
Мұңның адам жанын қаузайтын уақыты түн мезгілі. Ұзақ түн қарапайым пенде үшін жаны тыныштық тауып дамылдайтын кез, ал, ақын үшін қиял мен сезімнің шарпысып, ала­сұратын сәті секілді. «Сезімсіз адам – қайырымсыз тасбауыр. Сезім адамды жылытады, оның бойына қайы­рымдылық, мейірбандық береді, сүюді, сүйіспеншілікті оятады. Ендеше ақын­ның сезімталдығы – өмірдің өзінен алынған, адам бойындағы жылылықтың, сүйіс­пен­шіліктің, гуманизмнің  белгісі» [4.311 бет]. Табиғат құбылысы мен адам сезі­мінің астасқан суретін тек Жанаттың поэзиясынан ғана байқаймыз десек ар­тық айтқан болар едік. Әлемге әйгілі А.Ахматованың, М.Цветаеваның, өзіміздің Ф.Оңғарсынованың да жыр жолдарынан түн мен мұңның, шуақ пен қуаныштың ерекше образдылық сипатын тануымызға болады. Түн мен мұң қаламгерлер үшін егіз құбылыстар секілді. Мысалы, Жанат өзінің жанын жеген мұң мен шерді:
Қыз дәуреннің қылығы ұмыт,
Тұла бойым тұр үгіліп,
Көкіректі тырнаған шер
Көз жұмады ұлып, ұлып, – деген өлең жолдары арқылы әдемі жеткізеді [1 ].
Ж. Әскербекқызы поэзиясында сыр­­шылдық басым. Ол өзінің басынан өткізген көңіл-күй құбылыстарын әрдайым өзіне ғана тән нақышпен, сезімді қозғайтын нәзік иірімдерді суретті сөзге айналдыруда өзгелерде көп кездесе бермейтін  қарама-қайшы құбылыстарды салыстыра суреттеу тәсіліне жиі жүгінеді.  Бұны оның осал тұсы емес, керісінше мықтылығы деп бағалау керек. Сол қарама-қайшылықтың әсерінен шындықтың бейнесі айқын да әсем көрінеді. Ж.Әскербекқызының лирикалық қаһарманының бойынан тасыған қуанышты, асқақтаған тәкәппарлықты көп кездестіре алмаймыз. Оның лирикалық «мені» көбіне мұңлы, ойлы, сырын тереңге жасырған жұмбақ сипатта көрініс береді. Ол өзгелерден басқашалау ойлайтын ерекше пайымдауларымен де оқырманын елең еткізіп отыратын шығармашыл тұлға.
Кісі жары кімім едің,
Бағы кемдеу тағдырымның
Мазасы жоқ түрі ме едің,
Қайғысы көп күні ме едің?!
Пешенемді сорға шылап,
Сезе тұрып, сүрінемін,
Қадамыма қақпан құрар
Сұғанақ көз сұғы ма едің?!
Өзегіме у сіңіріп,
Шерленіп кеп тынып едім.
Көбіне махаббатты адамның жүре­гімен байланыстырып, сезімнің ғана жемісі деп ойлайтындар үшін расында да ақынның мына тұжырымы тосындау сықылды. Бірақ, ащы да болса көбіміз айта алмай жүрген көңіл түкпіріндегі шындық екені жасырын емес. Біле тұрып қателесетініміз, «сезе тұрып сүрі­нетінімізді» қайтіп жоқ­қа шығара аламыз. Бұл тұрғыда да Жанат өзін адам жанының терең қалтарыстарын қапысыз танитын психолог ретінде көрсете алған.
Көп ақындар үшін махаббат Құдайдың берген сыйы, өмірдің рахаты, жүректің қалауын тауып, тоқмейілсуі  тәрізді. Олардың ойынша, махаббат трагизмнен тыс, әр адамның өмірінде бір-ақ рет кездесетін өмірдің тәтті бір сәті ретінде бейнеленеді. Қазақ поэзиясындағы Жанатқа дейінгі ақындардың шығармашылықтарына көз жібере отырып кейбір пессимистік ой-тұжырымдарға қарамастан  махаббат лирикасында реалистік сипаттың басым түсіп жататынын аңғаруға болады. Оның поэзиясында ақынның лирикалық қаһарманы махаббатқа қол жеткізе алмаған үмітсіз мұңлық күйінде  көрініс береді. Сонан да болар, оның лирикасында кейде өлім мотиві, қараңғы көр мен жерлеу рәсімі жиі кездесіп жатады. Ал, Жанат үшін махаббат ылғи да қол жетпейтін асыл сезім ретінде суреттеледі. Оның шығармаларындағы махаббат ақиқат шындық пен жеке адамның арманының әрдайым қабыса бермейтінінің дәлелі сияқты. Сондықтан да, ақынның махаббат лирикасында мұң мен трагизм басым.
Жанат шығармашылығының тағы бір ерекшелігі оның өлеңдері төрт аяғы тай­палған жорға сияқты. Ақынның, әсіресе, өлеңнің әуезділігіне, ұйқастың шымыр да сұлу болып шығуына көп мән беретінін байқаймыз. Оның лирикасының «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетінінің» де сыры да содан болса керек. 
 Ж.Әскербекқызы аударма саласында да жемісті еңбек етіп жүрген майталман аудармашы. Ол қырғыз, орыс ақындарымен қатар өлеңдерінің өлшемі мен мазмұны бөлек ертеректе өмір сүрген жапон ақындарының да біраз шығармаларын қазақша сөйлетті. «Сакура гүлдегенде» деген атпен қазақ тілінде жарық көрген шағын жинаққа жапондардың он екі ақынының өлеңдері топтастырылған. Біздің халықтан тұрмысы мен салт-дәстүрі, дүниетанымы бөлек халықтың жан дүниесіндегі нәзік сезімді өлең тілімен қайта туғызудың қаншалықты ауыр екенін әрине шығармашылықпен айналысқан адам ғана біледі. Мысалы,  сегізінші ғасырда өмір сүрген Отомо-Но Якамотидің махаббат поэзиясын былайша тәржімалайды.
Қараша қаздай… аспандай ұшып,
Қаңқылы бұлттан әрі асқан,
Сен алыс кеттің…
Кездескім келіп өзіңмен
Жеткенше ұзақ адасқам… [5,5 бет].
Ал, 1162-1241 жылдары өмір сүрген тағы бір Жапон ақыны Фудзивара Садайэнің таңкаларындағы табиғат сұлулығын ана тілімізде былайша сөйлетеді.
Ай , сакура, ақша қар –
Қайғылы бұл қандай түс!
Ұмытылған қуанышты еске алып,
Ескі әуенге саламын да
Шарап ішем мен байғұс [5,81 бет].
Жалпы, Жанат кез-келген аудармаға жайдан-жай бара салмайды. Ол қай тілден болсын ең бастысы өзіне ұнаған, ой салған өлеңдерді ғана аударады. Оны шебер аудармашы деп айта аламыз.
Өлеңнің дүниеге келуі – ол шығар­машылықтың өзгеше құпия сыры. Ақын үшін мынау маңызды өлең, мынау мәнсіз өлең, мынаусы үлкен, мына бірі кішкентай деген түсінік жоқ. Егер, өлеңді оқығанда ол бізді өз арнасымен алып кетер болса, егер, ол өлеңнің болмысынан адам жаны ләззатқа бөленер болса, онда оның шығармашылық тұрғыдан құнды болғаны. Әрине, біз кез-келген өлеңді ғылыми жағынан талдай аламыз, оның құрылымы мен ұйқасын, мазмұны мен мәнін ашып көрсете алуымыз мүмкін, бірақ, оның рухани салмағын ешқашан да таразыға салып өлшеп бере алмаймыз. Сондықтан да, біздің зерттеуіміз – ол қалай десек те, жеке адамның көзқарасы болып қала бермек. Тек қана оны қолдайтындар мен теріске шығарушылардың ара салмағы әр түрлі болуы ықтимал. 
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әскербекқызы Ж. Қаза қанатындағы ғұмыр. Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Жазушы, 2007. – 240 бет.
2. Аймауытов Ж. Мағжанның ақын­дығы туралы. Кiтапта: ЖҰмабаев М. Шығар­малары. –Алматы: Жазушы, 1986. – 448 б.
3. Қазіргі әдебиетті жалпыадамдық құндылықтар. – Алматы: – «Evo press», 2014. – 708 бет.
4. ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті (2001-2011 жж.) – Алматы: Арда, 2011. – 640 бет.
5. Сакура гүлдегенде (жапон поэзиясы). Орыс тілінен аударған Ж.Әскербекқызы.. – Астана: аударма, 2010. -192 бет. 

 

 

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!