Қарекетсіздікпен белдес

  • 10.06.2016
  • 660 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазіргі жастарымыздың тәлім-тәрбиесі мені көп толғандырады. Қайсыбірін айтарсың, жас­тар арасында қылмыс көбейіп барады, кейбірі ұлттық дәстүрімізден де мақұрым. Басқасын былай қойғанда, кейбір қыз-жігіттеріміздің өздерінің ана тілін шұбарлап тұрғанын көргенде жерге кіріп кете жаздаймын. Міне, осы себепті де қолыма қалам алдым. Өмірден көрген-түйгендерімді ғибрат ретінде жастарымызға ұсынғым келеді. Бәлкім бәзбіреулер кей тұжырымдарыма қарсы дау да айтар. Айтсын, тек сол пікірсайыстарымыздың жастарымыздың тәлім-тәрбиесіне пайдасы тисе болғаны.

Сонымен, қазақтың әрбір азаматына мен ұсынар талап-тілек мыналар:
Қазағым, халқым! Ана тіліңді құдірет тұт. Ана тілін білмеген қазаққа құрмет көрсетпе, қызмет ұсынба. Малға жібер, үйренсін.
Жеріңе, оның шебіне, қойнауына ие бола біл. Жер – ата-бабаңнан қалған асыл мұра. Туған өлкеңнің байлығын пайдалана біл, ысырапқа ұшыратпа. Ол – болашақ ұрпақтың қазынасы. Топырағыңды қорғауды, суыңды үнемдеуді біл.
Қазақы салт-санаңа, ән-күйіңе, әдет-ғұрпыңа бас и, бірақ, іргелі халық болу үшін ол жеткіліксіз. Ғылым мен білімге құштар бол. Қарекетсіздікпен белдес. Мұратыңа жетесің.
Сауда мен кәсіпке мойын бұр. Мал баға, егін сала біл.
Бұлар – қазақты бар қылған басты екі сала. Мал бағу – ұлттық кәсіп. Малшының тұрмысын жақсартсаң, халықтың бауырын жерден көтересің.
Уақытында ұйықта, тұр, тамақ іш, ойнап-күл, шаруаңа бар. Уақытпен санас. Уақыт – бақыт. Басқа халық кезі келгенде ішеді – көп жасайды, қазақ – кез-келгенде ішеді – аурушаң болады. Ерте тұр, бір ісің артық бітеді.
Орыс халқын құрмет тұт, қошемет білдір. Ол сенің досың. Әлі үйренер тағылымың мол. Өнерін үйрен, жаман әдетінен жирен. Европа білімін үйрен.
Шығыс мәдениетіне бет бұр. Ол – сенің қорғаның. Рушылдық – ұлттық бірлесуге көлденең тұрған індет. Мұнымен белдес. Атаңның баласы ғана болып қалып, өзіңді-өзің кемітпе, ұлттың ұлы болып, мерейіңді үстемдет. Қазақ мінезінде кесапат мол. Солардан айыға біл. Жалқаулыққа жол берме. Ол басты жауың. Мақтаншақ болма, өтірік айтпа, ұрлық жасама. Есіңде болсын: жамандық жасайтын сен, жауап беретін халқың. Бұл – надандықтың белгісі. Көп ұлтты әлеумет ортасында өмір сүре біл.
Қазақ жасы! Алыстан тоят ізде. Ауыл маңында қалып қалма. Өнер, білім қу. Жаман әдеттен бойыңды таза ұста. Арақ ішпе, темекі тартпа.
Қазақ ағасы! Үлкенге – іні, кішіге – аға бола біл. Ата-анаңа тізе бүк, ілтипат көрсет. Адамға табынба, сыйла.
Қазақ әйелі! Бала тап, көп індеттен құтыласың, қашқан берекең қайта келеді. Ана тіліңді балаңа сүтіңмен сіңдір.
Қазақ азаматы! Халқыңа қорған бол, дәулетін асырудың амалын ізде. Басқа ұлттар мен ұлыстарды қарсы қоймай, ұлтыңның мүддесін қорғай біл. Ұлт несібесін сұрап жалынба, талап ет. Қазақтың күні көп халықтан төмен. Дені жалқаулық пен енжарлықтың салдары екенін еліңе ұғындыр. Осының себептеріне үңіл. Жауап ізде.
Қазақ ұлығы! Жерімізде қару-жарақ өндіртпе. Әлемге қазақ ұлтының бар екенін санастыру жолын тап. Ұлт мәселесін алға қой. Ұлт байлығы – сенің бақытты өміріңнің де кепілі.
Зиялылардың сөзіне құлақ түр. Аты мен аруағын тұт, сөзін құрметте. Ол – сенің алтын қазығың.
Социализм бізді құрудан құтқарды, одан қол үзбе. Бірақ, әділет жолын іздестіруден тынба.
Осы айтқандарды істемесең де тыңда, басқаға тарат. Іске асырсаң – ұлт болып көсегең көгереді, әйтпесе – ұйықтаған қалыпта қалдым дей бер.
«Лениншіл жас», 15 ақпан 1990 ж.

Сәбетқазы АҚАТАЙ

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!