Румидің өмірі (Алғысөз орнына)

  • 05.07.2016
  • 858 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Амангелді Кеңшілікұлы,
сыншы

Жарық дүниеге келген пенде баласының бәрі де өзі өмір сүрген дәуірдің перзенті болғандықтан, сол заманда қалыптасқан танымды рухани азық етеді.  Сондықтан да, айдарынан жел есіп тұрмаған уақытта өмір сүрген  Румидің діни идеология үстемдік еткен кезеңде шығармашылықпен айналысқанын естен шығармаған абзал. Орта ғасырдағы сондай дүниетанымдардың бір түрі мұсылмандық мистицизм-суфизм (сопылық) болды. 

Джалаладдин Руми сопылық поэ­­зияның атасы,  ал, шайырдың «Мәс­нави» поэмасы оның шыңы болып сана­лады. Сопылық дүниетанымның өмір­ге қалай келгенін және оның қа­лай дамығанын білмей жатып шайыр шығармашылығына терең үңіліп, тұңғиығына бойлай алмайтынымыз да ақиқат.  Сол себептен де, бұл жөнінде жазған ғалымдардың еңбектеріне сүйе­не отырып, осы бір күрмеуі күрделі ағымның тарихымен таныстырып, шамамыз жеткенше оның түйінін тарқатып беруді оқырман алдындағы парызымыз санадық. 
Бүкіл мұсылман елдеріне тарап, Испания, Сицилия мен Балқанға дейін жеткен құрылымы күрделі, көп қырлы бұл ағым жөнінде әлі күнге ғылымда бірыңғай көзқарас жоқ. Біздің білетініміз өз дамуының алғашқы кезеңінде сопылық (VІІІ – ІХ ғасырдың ортасы) тақуа­лық­тан іргесін аулақ салып, дербес діни-философиялық-этикалық ғылымға айналды. Әсіресе, бұл ерекшелік со­пылық ағымының дамуының екінші және одан кейінгі кезеңдерінің  (Х-ХІ мен ХІ –ХІV ғасырдың аяғы) еншісіне тиесілі. Бұл мезгілде сопылық ежелгі идеалистік мистикалық философия мен христиандық теологияны жергілікті ғи­бадаттық дәстүрмен үйлестіре отырып, оны бойына сіңіріп, өзіне икемдеп алды. Сондықтан, сопылық дегенімізде оны бір ғана емес, барлығын да бір үлкен мақсат біріктірген бірнеше ағымдар мен мектептің құйындысы ретінде қабылдау қажет. Олардың көздеген мақсаттарына жетуінің тәсілдері де әр түрлі болды (психотренинг, дене жаттығулары). Бас­­­қаша айтқанда, сопылық дегеніміз – ис­лам шеңберіндегі ерекше діни-философиялық дүниетаным. Ағымның өкілдері өзін өзі ұмыту мен жүректегі махаббат арқылы, құдайды іздеген  пендеге шуағын шашатын ішкі нұрлану жолымен адамның  ұлы Жаратушымен рухани сырласа алатынына кәміл сенді. Орта ғасырда мұндай ағымдар көп болғандықтан, мистика сол кездегі  ірі діни жүйелердің (иудаизм, христиандық, буддизм, индуизм) бәріне еніп кетті. 
Мұсылман сопыларының мақсаты – мистикалық жолмен құдайды тану.  Осындай діни идеалға олар өздерінің барлық пейілдері мен мінез-құлықтарын бағындырды. Ал, мистикалық «жол» тұжырымының  идеясы  адамның ізгі­лікті тұрғыдан тазаруы мен кемелденуіне негізделген. Ресми дін басыларының ашық қарсылығына ұшырағанына қара­­мастан сопылық идеясы әлемдегі  мұсылман елдерінің бәріне тез тарап, тамырын тереңге жіберді. Аталған  идеялар исламның қатқыл  рационализмін жұмсартып, белгілі бір дәрежеде оған руханилық та алып келді, адам және оның қоғам мен табиғаттағы орнын басқаша саралауға жол ашты. Осыған орай, көптеген зерттеушілер сопылықтан тек діни философияны ғана емес, сондай-ақ, исламның бұқаралық дінін көруге бейім тұрады. Ел арасына тараған сондай, кеңінен тараған бағыттардың бірі «бірыңғай болмыс» пен «бірыңғай мән» (вахдат ал-вуджуд) тұжырымына негізделген бағыт. Аталған бағыттың   философиялық зерттемесінің түйінін жасап берген адам, өмір бойы Таяу Шығыстағы араб елдерінде өмір сүрген Джалаладдин Румидің ізашары – Андалузиядан шыққан мистик Ибн әл-Араби. 
Негізінде бұл ағымның пантеизмнің * емес, «мистикалық монизмнің» ** теософиялық *** тұжырымы болып табылатыны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Өйткені, пантеизм құдайлықтың табиғатта, табиғаттың құдайлықта ажырымай өмір сүретінін мойындайды. Ал, Ибн әл-Арабиде болса жаратушы бірыңғай мағыналық жоғары шындық ретінде екі түрлі қырынан түсіндіріледі: анықталуы мүмкін емес және көптікке жол бермейтін жасырын, білінбейтін және танылмайтын үлгіде (батин), сонан-соң  осы шындық өзі секілді етіп жаратқан әралуандығымен, сондай-ақ, мәнінің көп­тігімен көрініс тапқан (захир) үлгісінде. Яғни, егер де, Алла әлемді өзінің қалауы бойынша жаратқан дербес жаратушы болса, Құдай мен табиғаттың бір бірінде өмір сүруі мүмкін емес, Құдай мүлде танылмайтын, адам санасынан жоғары тұрған, ал, табиғат пенде баласының көз алдындағы құбылыс.Бұндай зияткерлік сопылық – идеалистік теорияның негізі болып саналады. 
Зияткерліктен басқа, негізі екі мектептен тұратын, көптеген ағымдар мен бағыттар ұсынған «тәжірибелік» со­пылық та бар. Олардың екі мектебі де Құдаймен байланысу мүмкіндігі идеясын дамытты. Біріншілері қуанышты күйдегі еліру жағдайында, тереңдетілген медитация мен Құдайдың атын қайталау нәтижесінің көмегімен адамның жаны жаратушымен байланыса алатынына шәк келтірген жоқ.  Сонымен бірге, олар жанның қас-қағым сәтке сыртқы әлеммен байланысы үзілгенімен, ол өзінің түп негізінің сапасын жоғалтпайтынына иланды. Екінші мектеп болса, жан осындай сәтте жаратушылықпен тұтасып онымен теңеседі, өзінің дербес белгілерін ғана емес, сондай-ақ, түп негізінен айырылып, Құдайлық мәнге ие болады деп есептеді.  Өзінің қуанышты күйіне парасат биігінен қарай алған және оны бақылай алған бірінші мектеп «парасаттылық» мектебі деген атқа ие болды. Өмірге деген көзқарастарында ауытқушылық жоқ адамдар да оны  мойындады. Ал,  «мастану» мен «қуаныш күйінің шаттығы» аталған екінші мектеп дін басыларының қатты наразылығын туғызып, олардың өкілдерін дінбұзарлығы үшін айыптады. 
Кедейлер мен қаланың орташа топтары: шағын саудагерлер, орташа көпестер, қолөнершілер, кіші-гірім шенеуніктер, төменгі дәрежелі дін адамдары, студенттер сопылықтың әлеуметтік арқауы 
*  құдаймен табиғатты қатар қоятын діни философиялық ағым
** дүниенің негізінде бір ғана бастама бар деп танитын философиялық бағыт
*** ана дүниемен қатынасудың мүм­кіншілігі туралы; жоқты-барға сенушілікті қуаттайтын діни-мистикалық ілім болып қызмет етті. Сопылық қауымның қолөнер­шілер және көпестік бірлестіктермен тығыз қарым-қатынаста болуы, оларға көпшіліктің материалдық қолдауына ие болып, әлеуметтік тірек табуын қамтамасыз етті. Осылайша, сопылық кедейлер және орташа топтардың идеологиясына айналды. Сондықтан да, халықтың басым бөлігінің қолдауына қол жеткізген бұл ағым ресми билікке қарсы оппозицияда болды. 
Көптеген ағайындықтар мен қауым­дар билікпен қандай да бір қарым-қатынас ұстаудан бас тартуды  өздерінің парызы санады. ХІІ-ХІV ғасырлардағы Кіші Азиядағы, Иран мен Мауреннахрдағы көтерілістердің көбісіне сопылар жетек­шілік жасады. Ал, Джалаладдин өмір сүрген және шығармашылықпен ай­на­­лысқан замандағы Рум сұлтана­тын­­дағы мистикалық қозғалыстың жай-жапсарына келсек,  қалалық топ­тар­дың кең қолдауын иеленген және қолөнершілердің құпия кәсіби бірлес­тіктерімен (футувва) байланыс ұстаған сопылықтың   феодалдыққа қарсы көңіл-күйге берілген, ықпалды діни қозғалыс болғанын толық сеніммен айта аламыз. Алайда, ХVІ ғасырға дейін сопылық кертарпта  діни ағымға айнала қойған жоқ. 
 ***
Дүние жаратылғаннан бері адам баласы Мәңгіліктің сырын зерттеп – Құдай мен Ақиқатты іздеумен келеді. Ақиқат пен Құдай  пенде түгіл, пайғамбарлық зер­денің де түсіндіріп бере алмайтын құдіреті  екенін біле тұрсақ та,  сол бір тылсым   құбы­лыстың  құпиясын таны­ғымыз келген  ын­тызарлығымыз, адам­­дық санамыз оян­ған күннен бері толас­таған емес. 
Бір ғажабы, Құдайды іздеген сайын адам баласы өз болмысын  тереңірек танып,  Алланың жұмбағы бұрынғыдан да бетер күрделене түсті. 
Бір ғажабы, Ақиқатты іздеген сайын адам баласының ашқан шындығы көбейіп, Ақиқаттың ауылы күннен-күнге бізден алыстап барады. 
Екі ұлы жұмбақтың сырын іздеп, ашқарақ сезімін қанағаттандыра ал­маған саналы тіршілік иесінің Ақиқат пен Құдайлық сәулені сағынып, ақын жырларына үңілетін себебі де сондықтан болса керек.  Өйткені, жазған жырлары Алланың қазынасы болып табылатын ақындар  бізден гөрі Ақиқат пен Құдайға бір табан жақын тұр. Мүмкін, содан ба екен, Руми жырларын оқығанымда  ақылым жетпей жүрген Ақиқаттың елесін  көріп, Құдайдың рухани дидарын сезгендей ерекше  бір көңіл-күйдің құшағында бал­қығаным, адамзат баласының бәрін де сүюге құдіреті жететін Алланың махаббатына бөленгендей шаттанғаным да, сондықтан ба екен. 
«Махаббат үшін бәріне де тәуекел ет» – дейді шайыр. Өйткені, өмірдің мәні – махаббатта. Ұлы ақын Аллаға берілген шынайы махаббаты арқылы өмір бойы Құдайлық мәнді іздеді. 
Руми өз ұлтының әдебиетіне ше­берлік пен сұлулықтың үлгісі болып қалған, сымбаты бөлек поэтикалық стиль қалыптастырып кеткен – парсы поэзиясының пайғамбары. Әрине, шайыр тақыр жерге өсіп шыққан бәйтерек емес. Поэзия әлемінің алып шыңына көтеріле отырып, ол Санаи мен Аттардың жырларынан тағылым алғанын жасырмайды.  «Аттар – бұл менің жаным, ал, Санаи болса – менің рухани жанарым», – дейді ол бір жырында, ұстаздарына деген шексіз сүйіспеншілігін жасыра алмай. Бір қызығы жұрттың бәрі де мойындаған кемеңгер бола тұра Руми өзін ақындардың да, философтардың да, даналардың да қатарына жатқызған жоқ. Жүрегінен туған жырлары арқылы ол өмір бойы Құдайға берілген  махаббатын дәлелдеуді өмірлік мұратына айналдырды. 
Румидің түсінігінде адам баласы Жаратушысын тану үшін үнемі өзінің материалдық бағыныштылығынан биік болуға ұмтылып келеді. Адам тек тән мен жанның ғана құйындысы емес. Тәннің, жанның, сана-сезімнің және жиі-жиі оған Құдайдың сәулесі түсіп тұратын «нәзік рухтан»  жаратылған құбылыс. Бастапқы  үшеуі адам баласының бәрінің де бойында бар қасиет болғанымен, соңғысы, тек пайғамбарлар мен «Құдайдың назары түскендердің» ғана еншісіне бұйырған құзірет. 
Руми Алланың қалаулыларын «Құ­дайдың қырандарына» теңейді. Ұлы Жаратушы адамдардың есіне Құдайдың заңдарын салып тұру үшін оқтын-оқтын оларды Жерге жіберіп тұрады. Олардың әр қайсысы елі мен жеріне адал қызмет ете жүріп, адам баласына оның рухани тереңдігін қайтарып беріп отырады. Діни міндеттерді ықыласпен орындау адамның Жаратушыға деген – адалдығының көрінісі. Тақуалық іс пен Аллаға құлшылықты Руми ерекше бағалайды. 
Румидің пікірінше, адамның Құдай­лық мәнге мистикалық жолмен құйылып кетуі (Фана) шексіз. Күннің көз шағы­лыс­тыратын нұрына қарамастан, шырақтың жалыны өзінің маздауын тоқтат­пайты­нындай мистик те Құдай бар кезде өзінің даралық қасиетін жоғалтпайды. Жан түсінігі Румидің ұғымында – Құдай патша­лығындағы адамның ой санасы. «Сенің бейнеңнің сәулесі, басқалар көрмейтін жүрек соғысындай – менің жа­нымның жарқылы. Сенің сұлулығың арқылы  – махабаттан тағылым алдым. Сенің аузың менің жырымды туғызып жатқан» (Аудармамның нашарлығы үшін оқушымнан кешірім сұраймын). Адам­ға қажетті рухани байлықтың бәрі де жүрегіміз сезгенмен, мағынасын аша ал­май жатқан күрделі ұғымдардың астарында жасырынған. Осыны терең түсінген Румидің нәзік жанынан Алланың нұрындай шалқыған таңғажайып жырлардың тасқыны төгілді. 
Румидің Тәңірлік сұлулықты тануға ұмтылған құлшынысы шайырдың Шәмсаддин Тәбрізіге берілген шексіз махаббатында айрықша көрініс тапты. Дж.Ходжсонның атап өткеніндей, «Шәмсаддин Тәбрізіге табынуы арқылы Руми өзінің Құдайға деген шынайы махаббатын тапты».  Ал, Шәмсаддин шексіз махаббаттың Ұлы Жаратушыға апаратын дұрыс жол және ол туралы нағыз ілім болып табылатынын өсиет етіп кеткен болатын. Сондықтан да, оны жұрт «Махаббаттың әміршісі» деп атаған. 
Ақиқат дегеніміз адам табиғатында жасырынған – Алланың жұмбағы. Ол жұмбақтың сырын  тек махаббат ар­қылы ғана түсіне аламыз. Басқа ешкім де дәл Руми сияқты мистикалық ғибадаттың тереңде жасырынған жұм­бағын аша алған жоқ. Адам бала­сының Жаратушыға құлшылық еткен әр ғибадаты жұмақ бағына апаратын – Алланың игілігі. Жан әлеміндегі рухани көзі  ашылған күні адам бүкіл әлемнің Алланың сыйы екенін  түсінеді.  Дүние жалғанның қызығын қуып ұзақ жылдар бойы сенің адасуың мүмкін, бірақ, Құдайдың назары түскен күні сен жүректің қазынасы болып табылатын нағыз махаббаттың мекенін табасың. Ошо айтпақшы, махаббат сенің адамдық табиғатыңды өзіңе қайтарып береді. Ол саған ұлы қуаныш және оны мәңгілік ету бақытын сыйлайды. 
Руми поэзиясын оқығанда теңіздің тұзды суындай сол махаббаттың дәмін сезесің. Ақын сөздің сыртқы әсемдігіне  аса қызықпайды, ол үшін сөз құдайлық мәнге ие болған махаббатын жеткізудің құралы ғана.  Ақын қурайдан жасалған сыбызғының әуенімен үйлесім тапқан тілдің тұтас бір теориясын да ойлап шығарды. Өлең, ол тек қана сөздік және мағыналық жарасым ғана емес. Музыкалық та үйлесім. Нағыз поэзияны адамның жанында ойнаған  әуен туғызады. Руми шығар­маларының стилі де ерекше болып келеді. Ақын шығармашылық процесі барысында өлеңдерін әндетіп оқып,  ізбасарлары оның шығарған жырларын музыкалық аспаптардың  сүйемелдеуімен әндетіп айту­ға тиіс болыпты.  Ел арасында кеңінен тара­ған бір аңызда Румидің өз одаларын билеп жүріп шығарғаны айтылады. Осыған орай, Румидің сүйікті шәкірті Салахаддин Заркубамен тұңғыш рет кездескендегі болған оқиға есімізге түсіп отырғаны. 
Бір күні Руми көшеде келе жатып Салахаддиннің үйінің қасынан өте беріп, бойындағы сезімін тежей алмай, оның балғасының тықылына қарап қимыл жасай бастайды. Сол күннен бастап өлең шығарарда оған қандай да бір әуен іздеуді ол дағды қылады. Ақын жырларының сезім ырғағы көп жағдайда дәстүрлік классикалық парсылық өлшемге сәйкес келе бермейді. 
Руми махаббат тақырыбын жеріне жеткізіп жырлаған ақын. Ақынның махаббат құдіретімен нұрланған жырларын оқығанда жаның тазарып, рухың биіктей түседі, Алланың мейірімін сезгендей боласың. Біз оны адамдарға адал қызмет етіп,  Аллаға жан-тәнімен берілген ақын болғаны үшін ерекше құрметтейміз. 

***
Әрине, Руми жайлы сөз болған соң, ақынның атақты шығармасы «Мәснави» поэмасына тоқталмай кете алмаймыз. Ауқымы жағынан Фирдоусидің «Шах-наме» дастанымен теңесе алмағанымен,  Гомердің «Иллиада» және «Одиссея» поэмаларын қосқандағы көлеміне пара-пар, Дантенің «Құдайлық комедиясынан» екі есе үлкен туынды ол. 
Ақын шығармасының қалай өмірге келгені жайлы бүгінгі күнге жеткен мынандай бір аңыз бар. 
Джалаладдиннің шәкірттерінің көңіл-күйлері мен ойларынан жақсы хабардар Хусаммадин бір күні сәтін тауып ұстазына былай дейді: «Аса құрметті мырзамыз, сіз өз шәкірттеріңізге дәріс пен сұхбат барысындағы әңгімелеріңіздегі айтылатын ойларыңызды жинақтап, Санаи мен Аттардың поэмаларындай туынды жаза алар ма едіңіз? Сіздің ғазелдеріңізде ол бар, алайда, мистикалық жолдың ережелері рет-ретімен бір кітапта баяндалса нұр үстіне нұр болар еді». Ақын сол сәтте қор­жынынан қағаз алып, өз қолымен «Мәснавидің» 18 бейітін бір демде жазып тастап,  оны Хусамаддиннің қолына ұстатыпты. Шығыстың ұлы шайырының атақты туындысындағы  «Сы­бызғының әні» деп аталатын кіріспесі осылай жазылған екен. Әрине, бұл әңгіме сол дәуірден  жеткен аңыз болғанымен, шындыққа бір табан жақын. Өйткені, Руми поэмасының жазылу тарихын баяндайтын деректердің бәрінде де осы  әңгіме айтылады. 
«Мәснави» – ақын шығарма­шылы­ғының ең ұлы шыңы. Бұл шығармаға «парсы тілінде жазылған Құран» ре­тінде баға берілгеннен бері «Мавлави» бауыр­ластығының мүше­лері мен оның ілімін қолдаушылар оған тамсанып, мадақтаумен келеді. Сопылық ілімге мойын­сұнғандардың ішінде талай-талай талантты туындыларды өмір­ге әкелген ақындар аз емес. Бірақ, солар­дың ешқайсысы да Румидің «Мәснави» поэмасындай кеңінен тарап, жан-жақты зерт­теліп, түрлі пікірлер туғыза алған жоқ. Қолжазба күйінде ғана бұл поэманың 500-ге жуық данасы бізге жетті.  Мағынасы терең, тағылымы мол поэманың даралық табиғатын егжей-тегжейлі талдаған ғылыми еңбектердің бәріне тоқталатын болсақ, әңгімеміз бүгін бітпейді. Сондықтан да, біз Румидің «Мәснави» поэмасын жан-жақты зерттеген еңбектерге шолу жасамай-ақ, белгілі ғалым Олег Феодорович Акумишкиннің ғылыми еңбегіне сүйене отырып, шамамыз жеткенше бұл туындының ерекшелігін оқырманға қысқаша түсіндіріп беруге тырысып көрейік.  
«Мәснави» поэмасын оқығанда ақын­ның табиғи зердесі мен білімінің терең­дігі таң қалдырады. Поэмасындағы әңгі­мелерге сюжет табу үшін ақын жүзден астам шығармаларға үңілген. Мысалы, асыраушы-шыбын жайлы сюжетті ХІ ғасырда өмір сүрген араб ақыны сатирасынан алған. Ақын бұл шығармасын қолмен жазған жоқ, көңіл-күйі тасып, шабыты қозған уақытта ауызша шығарды. Сондықтан да, поэмадан шығармашылық өнердегі суырып-салмалықтың ықпалы айқын байқалады. «Мәснави» поэмасының құрылымы да күрделі. Әдебиеттегі ізашар­лары Санаи мен Аттарға еліктеп. Руми өз шығармасын аңыз бен тағылымдық әңгі­мелер түріндегі дидактикалық формада жазды. Сонымен қатар, «Мәснави» поэмасын жазған шайырдың шәкірттерінің мұсылмандық мистицизмге қатысты өтіні­шін қанағаттандырып, әлеуметтік тапсырысты орындағанын да ұмытпаған абзал. Сол себептен де ол өз шығармасында мұсыл­мандық эзотеризмнің іргетасы болып саналатын Құран мен Мұхаммед пайғамбар туралы хадистерге жиі жүгінді. Құранды парсы тіліне аудара отырып,  одан 760 рет өлең жолын, хадистен 745  мысал келтірген.  Құрандағы жыр жолдарын аллегориялық жолмен түсіндіре келіп, өзінің хадистерге байланысты түсініктерін дәлелдей түсу мақсатымен оқырманға арнап Құрандағы жекелеген өлеңдер мен пайғамбарлар туралы аңыздардың құпия мағынасын аша түседі. 
«Мәснави» поэмасындағы қандай да бір моральдық-этикалық немесе со­пылық ережелердің түсіндірудің жүйе­сі төмендегідей болып келеді: теза (мис­тикалық постулат), содан кейін оны дәлелдеу (Құраннан өлең немесе хадис), сосын жарқын мысал (аңыз, әңгіме, миниатюралық новелла), сонан соң тұ­жырым (сентенция немесе уағыз күйінде). Соңғы жылдары поэмада баян­дал­ған негізгі идеялар мен сопылық доктриналарының бейберекетсіздігі жайлы да әңгіме айтыла бастады.  Еуропа ориенталисі Ю. Баликтің пікіріне сүйенсек, «Мәснави» өзінің құрылымы жағынан Аттардың «Иллахи-наме» («Құдайлық туралы кітап») поэмасын еске түсіретін туынды.  Бұл поэма да шекарасын Румидің өзі белгілеп берген үш дербес бөлімнен тұрады. Ю.Балдиктің осы айтқандарын дәлделдеу үшін келтіретін дәлелдері мынандай: «Мәснавидің» бірінші бөлімі, Құдай мен Ақиқатты іздеудің жолына түскен адам арылуға тиіс адамның құмарлық сезімдеріне арналған (бірінші дәптердің мазмұны), өйткені, зұлымдық пен жалғандық, Сай­танға елігу көңіл пәстігінің көрінісі (екінші дәптердің мазмұны). Үшінші және төртінші дәптерлер екінші бөлімді құрайды. Ондағы әңгімелердің мағынасын Руми сертін бұз­ған ғашық пен Мұса пайғамбар туралы әңгімемен түйіндейді. Сайтанды періште алмастыратын бұл бөлімнің негізгі тақырыбы – абсолютті Сана, адамның ақылы мен білімнің қарым-қатынасы. Үшінші бөлімде  (бесінші және алтыншы дәптерлер) бірыңғай мәндік Болмысты дәлел­деп, адамдық болмысты терістейтін тақырып мазмұндалған. Онда абсолюттік Рух пен Ақиқаттың мистикалық тұжырымы түсіндіріледі. 
Руми поэмасы халықтың ыстық ықы­ласына бөленген, даңқы жер жарған бірегей туындыға айналды. Бұл шығар­маның зор табысқа қол жеткізуінің бас­ты себебі ақынның мистикалық теория мен тәжірибені ұштастырғанында ғана емес, күрмеуі күр­делі философиялық тұжырымдарды өте қарапайым, ұғынықты тілмен баяндап беріп, оқырман жүрегіне жол таба білуінде.  
Ол поэтикалық ойлау жүйесі ешкімге ұқсамайтын нағыз ақын. Шайыр поэзия­сының тілінде әсіре бояулар мен жасанды сұлулық жоқ. Бәрі де қарапайым және бәрі де онда шынайы сезімнің жібімен кестеленген. Ақын жырларының бояуын анық, нәшін айқын етіп жазады. Дегенмен, «Мәснави» поэмасының өмірге келуі оңай, жазылуы жеңіл болды деп айта алмаймыз. 
Поэманы жазу барысында, біресе ақын шаршап-шалдығуды білмей, жүрегінен туған жырлардың тасқынын Хусаммаддинге ауызша айтып шабыт патшалығында шалқыса, енді бірде терең ойын жеткізетін сөз бен оған лайық ұйқас таба алмай айлар бойы шығармашылық тозақтың азабын шегіп, жаны ауырып, қатты қиналды. «Сөздер менің жауым, олар маған бағынбай қойды» деген ақын сөздерін оқығанда нағыз ұлы дүние туғызудың қандай ауыр қасірет екенін жан-тәніңмен түсінгендей боласың. 
«Мәснави» мұсылмандық мисти­цизм­нің  нағыз энциклопедиясы. Таяу және Орта Шығыс елдерінің бәрі де оны жатқа оқып, тағылым алды.  Әсіресе, бұл туынды Иранда, Солтүстік Үнді елі, Пәкістан мен Түр­кия­да кеңінен насихатталып, әдебиеттің жаңаша бағытқа бет бұруына себепкер болды. Мысалы, Түркияда ХХ ғасырға дейін Румидің бұл атақты поэмасы сол үшін арнайы салынған аудиторияларда талқыланып, оның мағынасы жалпақ жұртқа насихатталып келгені аян. Ал, мұсылман әлемінің бір бөлігі болып саналатын Шығыс Түркістанда «Накшбанди-ходжаган-и-актаглик» дәруіш­терінің ағайындығында ақынның осы поэ­масының жеті жүздей бәйітін білу мін­дет болып саналған. 
«Мәснави» сопылардың талай ұр­пақтары рухани шөлін қандырған сопылық энциклопедия мен мистикалық идеялардың қайнар бұлағы ғана емес. Өзінің мәнісі терең, тағылымы мол, бояуы құлпырған мы­сал­дарымен ақын өмір сүріп отырған қоғамының бейнесін шебер жеткізген.  Шығарманың өзегі болып табылатын көп­теген әңгімелерінің кейіпкерлерін ақын нағыз өмірден алынғандай етіп, сон­шалықты шынайы және нанымды етіп суреттеген. 
Сопыларға арналып қана жазылған бұл поэма жылдар өткеннен кейін барлық қоғамның, ғасырлар өткеннен кейін барша адамзаттың рухани игілігіне айналды. Тоғыз ғасырдан бері талай дүние ескіріп, күресінге лақтырылса да  «Мәснави» поэмасының жұлдызы бұрынғыдан да арайлы болып жарқырап, әлемге шуағын шашып тұр. 

***
Шығыстың ұлы ақыны Румидің өмірі мен шығармашылығы жөніндегі  әңгімеміздің созылып бара жатқанын өзіміз де сезіп отырмыз, қымбатты оқушым. Шайырдың шығармашылық тұлғасын көрсету үшін өмір сүрген дәуірі мен ондағы орын алған  оқиғалар, тіршілік сапарында Шәмсаддинді жолықтыруы мен рухани сырласынан айырылып қайғының отына өртеніп кете жаздап ақындық жолға түсуі т.с.с бәріне тоқталуға мәжбүр болдық.  Оның үстіне Руми сопылық поэзияның көрнекті өкілі болғандықтан, бұл ағымның тарихымен де таныстыра кетуге тура келді. Бірақ,  жүз жерден тырысқанымызбен біз Ру­мидің шығармашылық талантының сырын ашып бердік деп айта алмаймыз. 
Немістің ұлы ақыны Гетенің «Фаустында» Жер рухының «Сен өзің танығың келген рухқа теңсің» деп айтатыны бар емес пе еді. Біз өзіміздің танымымыз жеткен жерге дейін ғана Румидің шығармашылығының тереңіне  бойлауға  тырыстық. Мүмкін, біз оны сіз ойлағандай терең тани ал­маған да шығармыз.  Ең бастысы жаз­ған дүниеміз қазақ оқырманының Руми шығарма­шылығын тануға деген ықы­ласын оятып жатса, осы мақаланы жазуға шығындалған уақытымыз бен еңбегіміздің  зая кетпегені. 
Шынымды айтсам, мақаланы жазарда Руми туындыларының бағасын бергісі келген мақсатты да көздеген жоқпын.  Өйткені, оны Уақыт баяғыда беріп қойған. Ол бағаның аты  – Мәңгілік. 

(Соңы, Басы өткен санда)

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!