ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ МІНЕЗІ, ОЛ ҚАНДАЙ?

  • 05.07.2016
  • 4882 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дина Имамбай,
әлеуметтанушы

Бүгінгі таңда қоғамда жүріп жатқан әлеуметтік сілкіністер, саясат пен эко­но­микадағы түбірлі өзгерістер қоғам мүшелерінің мінез-құлқына тікелей әсер етуде және бұл ұлттық болмыстың, яғни, ұлттық мінездің шығу тегіне, түп-тамырына үңілуге себеп болып отыр. Жалпы, «ұлттық мінез» әр халықтың рухани, мәдени ерекшеліктерінің, оның құндылықтық бағдарлары мен ұстанымдарының бірлігі ретінде ұлттың тарихи, әлеуметтік, экономикалық өмір салтынан байқалады және ол адамдарды біртұтас халық етіп жұмылдырушы, біріктіруші шарттың бірі. Әсіресе, қазіргі қазақ елі үшін мемлекеттік дәрежеде маңызды мәселелер өзектіленген тұста, өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан, қанымызға сіңген ұлттық мінезін өз деңгейінде көрсету, ұлт болып сақталып қалудың амал-тәсіліне, өзегіне айналғандай. Олай болса, қазақтың ұлттық мінезі бұрын қандай еді? Ал, бүгін ше?  Өзгелерден біз қалай, немізбен ерекшеленеміз? Көбінесе, біз қазақ туралы айтқанда, қонақжайлылықпен шектеліп қалуымыз неліктен? Осы және өзге де жауабын күткен сауалдар көпшілікті мазалайтыны анық.  


Осыған орай, журналымыздың кезекті «Келелі кеңесінде» ел мен жер, ұлт мәселесіне бей-жай қарамайтын әрі осы төңіректе пікір білдіруге құзыретті азаматтар, осы тақырыпта ой қозғаған еді, олар:  философ-публицист Әбдірашит Бәкірұлы, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері Құдияр Біләл, психология ғылымдарының кандидаты Жарас Сейітнұр, саяси ғылымдарының докторы Сейілбек Мұсатай, философия ғылымдарының докторы Берік Аташ және «Ақиқат» журналының Бас редакторы Аманхан Әлімұлы. 
– Ұлт дегеніміз тілі, мәдениеті, территориясы, мақсат-мүддесі ортақ адам­дардың тобы, демек, олардың мінез-құлқы да бір болуы заңды. Олай болса, қазақтың ұлттық мінезі қандай еді және біз оны жоғалтып алған жоқпыз ба?
Әбдірашит Бәкір­ұлы: – Жалпы, қа­зақта ұлттық мінез қалған ба деген төңіректегі ойлар маған жоғары сыныпта оқып жүргенде келген болатын. Бір күні қолыма Расул Гамзатовтың «Менің Да­ғыстаным» деген кітабы түсті, онда автор халықтың бүкіл аңыз-әңгімелерін жинап, соны Авар халқының даналығы ретінде шебер берген екен. Кітапты бір деммен оқып шығып, «шіркін-ай, болашақта «Менің Қазақстаным» деген кітап шықса» деген арманға берілгенім бар. Қазақ халқының даналығы, ауыз әдебиеті ешбір халықтан кем емес, бұл жағынан қазақты ойшыл, арманшыл халық деуге келеді. Бірақ,  кейіннен Қазақстан тәуелсіздік  алмайынша мұндай кітап жазылмайтынына көзім жетті. Ал, енді еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін,  осы «қазақ халқының даналығының философиялық негіздері» деген тақырып төңірегінде ойланған кезде, мұның бәрі айналып келгенде мінезге келіп тірелетінін аңдадық. Яғни, ұлттық болмысын, ұлттық мінезін  қалыптастыра алмаған ұлт әр уақытта әлсіз, ол өзінің Отанын, жерін, елін, елім деген тұлғаларын қорғай алмайтын сондай бір шала күйде қала береді. Әр тұста, ел үшін іргелі істер туған кезде ұлттық мінезі жоқ халықтың басы қосылмай,  содан өз тағдырына деген самарқаулық өрбіп, оның болашақта дамуына, қоғамының, мемлекетінің дамуына үлкен  кедергіге айналады. 
Енді, «мінез» дегеннің  анықтамасын айтсақ, ұлттық мінез – ұлттың болмысын құрайтын құбылыс. Ол  халықтың мәдениетінің, әдет-ғұрып, салт дәс­түрінің әрекеттегі көрінісі деп айту керек. Яғни, салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен қару­ланған қазақтың әрбір азаматы, ұлы-қызы әрекетшіл болса, онда сол салт-дәстүр оның бойынан мінез ретінде көрініс тапқан деген сөз.Ұлттық мінез қоғамдық сипатта және индивидуалдық жеке деңгейде көрініс береді. Жеке деңгейде әрбір адам өзі өмір сүрген ортаның жемісі болғандықтан, жеке адамның ұлттық мінезінің бас­тауы сол қоғамдағы мәдениеттің қаншалықты деңгейде дамығанымен тікелей байланысты және соған тәу­елді. Қоғамдық сипаттағы ұлттық мінез ұлттың өзін-өзі сезінуінен туындайды, егер, ұлт өз мемлекеттілігін сезінетін болса және соған сай әрекет жасайтын болса,  оны біз ұлттық мінез бар деп айта аламыз. Басқаша айтқанда, ұлттық мінез – ұлттық миссия, барлық жауапкершілікті өз мойнына ала білген ұлт қана ұлттық миссияны атқарып шығуға қабілетті. Әлихан Бөкейхановтың  «ұлтты сүю – мі­незден» деуі де осыдан. Және де  ұлттық мінез көп жағдайда қоғамда болып жатқан саяси-әлеуметтік өзгерістерге байланысты әртүрлі атала береді. Мысалы,  ұлттық бірлік, ұлттық бірегейлік, ұлттық болмыс. Кейбір шиеленісті жағдайлар туған кезде біз соның бәрін ысырып қойып,  ұлттық мінез туралы айта бастаймыз. Міне,  дәл қазіргі кезеңде ұлттық мінез туралы айтудың кезі келді.
Осы уақытқа дейін қоғам байлар – кедейлер деп екіге жарылса, енді, рухани, діни тұрғыдан бөлініп, яғни, ұлт­тық біртектілік жойылып бара жатыр. Жақында өткен митингіге байланысты мен екі сурет көрдім, бірінде жап-жас қазақтың жігітін мұздай қаруланған арнайы жасақшылар  қолын қайырып алып барады, келесі суретте полиция жігіт үлкен ақсақалдың жағасынан алуда. Бұл жерде жас жігітте мінез бар ма – бар, ол мұнда отан­шыл­дық­тың, өрліктің, ерліктің символын көр­сетіп тұр, ал, оның қолын қайырып жатқандардың мінезі біздің ұлттық мүддеге кереғар. Ол қазақтың ұлттық мінезіне, дәстүр-салтындағы «әлсізге күш көрсетпе» дейтін, мейірімділік табиғатынан туындайтын мінезге қарама-қайшы қатал мінез. Ақсақал болса жасына қарамай, өзінің азаматтық миссиясын орындауға келіп тұр. Яғни, ұлттық  мінез отаншылдыққа, ел­­дікке қарай ұласпайтын болса, жеке адамның өз қажеттілік деңгейінен аспай қалса, ол қазақтың болмысынан туындайтын қазақы мінезге жат құбылыстарды туындатады. Міне, осы екі көріністен осындай ой түюге болады. Ал, осы мінездің екі түрлі бағытта көрініс табуы әлеуметтік жіктелудің белгісі, біздің қоғамдағы білімнің, ғылымның төмендеп кеткенінің, біздің азаматтардың қоғамда болып жатқан өзгерістерді терең саралаудан ажырағанының белгісі.  Біздің күштік құрылымдар неге өзінің қызметін қазақи ұлттық құндылықтарға негіздемейді деген сұрақ туады. Айналып келгенде, бұл қоғамдық келісімнің бір түрі. Әрбір заңды қабылдар кезде, қоғамдық келісімге легитимдік береді, ал, қазақтың ұлт­тық мүддесіне қарсы жұмыс істеп жатқан заңдар легитимсіз болып табылады. Өйткені, елдің мүддесіне қатысты заңдар әр уақытта бүкіл халықтың келісімімен қабылдануы тиіс. Сондықтан, біз  енді ғана ұлттық мі­нез­ден туындайтын әрекетке баратын деңгейге келе жатырмыз. Өйткені, қазақ халқы 25 жыл бойы үнсіз ғана толерантты болып, демографиялық дең­гейін көтеріп, осы мемлекетте қазақ үні шешуші болатынын дәлелдеу қажет болды. Бірақ, соған қарамастан қазір қазақ ұлтының нақты объективті шын­дыққа сәйкес басымдығы қазақ ұлтына қатысты жүргізіліп отырған саясатпен қайшылыққа келіп отыр. Өйткені, билік көпұлттылық прин­­ципінен айнымай келе жатса, ал, қазақ мінезі «мемлекет – менікі» деген принципті күшейтуде.Міне, сондықтан біз көпұлттылық фактордан ұлттық факторға қарай өтуді неғұрлым жедел­детуіміз қажет, ал, ондағы қазақ ұлтын экстремистік бағытқа бұрмау үшін дәстүрлі қазақы негізді күшейтуге бүкіл зиялы қауым атсалысуы қажет. 
Құдияр Біләл: – Ұлт­­тық  мінез дегенде, әр ұлттың өзіндік ерек­шелігіне мән берген жөн, кейбір жағдайда күл­­кілі жағдайлар да ұлт­тық мінездің нышаны сияқты әсер қалдырады.Айталық, орыс­тарды ішімдікпен байланыстыру, еврейге қоса  айтылатын сараңдық, (бұл дүниеқоңыздық емес, ұқыптылығы болар), мынау өзбек халқының діншілдігі, шапаны мен тақиясының ішінде қулық, жымысқылық жасырынып жатқан сияқты көрінеді. Ал, осы тұрғыдан ал­ғанда жалпы қазақтың бір  ғана ерек­шелігіне қарап анықтама беруге болмайды, мінезді қалыптастыратын әр­­­түр­лі компоненттері бар, соның бәрі жи­нақталып келіп мінезге ұласады. Бір үйдегі он баланың мінезі әрқилы, сол адами мінездің қалыптасуына ортасы, ал­ған тәрбиесі мен білімі, жолдастары әсер етеді. Ұлттық мінез осындай әрқилы ерек­шеліктердің басын қосатын болуы керек. Ұлттық мінез тоғысқан кезде адамдардың бәрі бір үйдің  баласындай ынтымақтасады, жарасым табады. Сондықтан, әрқилы адами мінездердің барлығын бір ортаға жи­нақ­­тайтын, біріктіруші  негізгі  күш, ол  – ұлттық мінез. 
«Қазақта ұлттық мінез жоқ немесе ұлттық мінезі еліктеушілік ба­ғыт­та қалыптасты» деген пікір әу бастан  отарлаушы мемлекеттің алдына қойған басты мақсаты –  қазақты ұлттық мінезінен ажырату, оны жоққа шығарудан туған теріс тұжырым. Ұлттық мінезінен ажыраған ел өзгеге тәуелді және өзге елдің құндылықтарын өз бойына сіңіруге әуес болады, өзінен алыстайды, жаттанады. Жаттандыру сипаты  ұдайы, осы ұлттық мінезді әлсірету арқылы жүргізіліп келеді, сондықтан, оның Кеңес үкіметі кезіндегі басты құралы қазақты әжуалау, мазақ қылу, осыдан барып орыстануға бет бұру болатын. Орыстанған бала мен ауылдық  қазақтың әңгімесі жарас­пайды, бір үстелдің басында отыра алмайды, әрқайсысы өз  ортасын іздейді. Міне, қазақты бірінен бірін алшақтату осыдан – мінезге әсер ету арқылы бөлшектеуден келіп туындайды. Сондықтан,  бұл өзекті мәселе және оған жеңіл-желпі қарауға болмайды, бұл біздің тұтастығымыз үшін қажет.    Қазақтың арғы тарихында өр рух жатыр, сол рухты  біздің бойымыздан  алып тастау, өшіру мінезді өзгертуден бас­талды. Айталық, Ұлы отан соғысы кезінде қазақтың батырлық рухы алға шығып кетті, оны бүркемелеп ұстай алмайсың, ол бойыңдағы  табиғи болмысың. Ал, табиғи қалыптасқан нәрсе ешқашан жойылмайды. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды»  деген, бұл өр мінез орайы келген кезде жарып шығуы мүмкін. Содан да болар, мынау қытай жұртшылығы да, орыс та арғы тарихын білгендіктен қазақпен абайлап сөйлесуге, санасуға бейім тұрады. Шын мәнінде қазақ бір көтерілсе  қауіпті күшке айналады. Таяуда Мырзатай Жолдасбекұлы айтқан «қазақ атқа мінбейді, егер атқа мінсе біреуді өлтіріп түседі, не өзі өліп түседі» деген сөзі, ұлттық мінездің бір көрінісі. «Етек-жеңі кең пішілген» деген ұғым қазақтың ұлттық мінезіне келеді, ол қазақтың кеңдігін, кешірімпаздығын білдіреді. Екі қазақ керісіп қалып, «қойсаңшы, қазақ емеспіз бе» деген сөз айтылғанда  ағайындықты емес, қазақы мінезді, та­тулықты, ата-бабаларымыздың жолы деген мәселе алға шығады да, оғаш іс-әрекеті үшін намыстанып, бірден ке­лісімге келіп, құшақтасып тарасады. Осы мәселе ислам діні келген кезінде қазақтың өзіндік түсінігіне, өзіндік қабылдауына лайықталды. Мынау әлемді уақытша деп қабылдау арқылы  қазақ уақытша нәрсеге  түбегейлі  берілмейді, өткінші екенін білгендіктен де өткінші көзқараспен қарайды. Мысалы, науқандық тірлікпен бітетін жерде шайла салудың орнына зәулім сарай салмайсың ғой. Сол қазақтың шайла  салатын мінезін қазақтың жалқаулығына теңейтіндер бар,  ал, қазақ оның түбін, негізін біліп отырғандықтан  онша басын қатырып жатпайды. Дүниені «жалған» деген қазақтың осы жалғандыққа байланысты қалыптасқан мінезін мына, дүниеауи нәрселерге құмартумен салыстырып қараған кезде, қазақ көп нәрседен кеш қалған, ақысын жіберіп алған сияқты әсер қалдырады. Ал, шынтуайтына келгенде, бұл қанына сіңіп кеткен мінезінде, көзқарасында жатыр.  Ал, енді, дінді өзінше түсінгендер қолына мылтық алды, қазақтан жаттанып кетті. Демек, дін де қазақты жаттандырды. Адам ұлттық мінезді ананың сүтімен  бойына дарытса, бүгінгідей өзге ел ұстанымына кетпес еді. Ұлттық мінездің негізі ұлттық дәстүрде жатқанын түсінген кезде бөгде құндылықтардың еш қажеті болмай қалады.  
Енді, біздің алға қойған мақсатымыз ұлттық мінезді қайта қалыптастыру болуы тиіс, қазақ үшін басқа ештеңенің керегі жоқ. Сонда көп нәрседен – ұлттық тәрбиеден де, бала оқытудан да, қарым-қатынастан да алға шығып кетер едік. Қазақта «асар» деген жақсы нәрсе бар, бірігіп, қауымдасып іс істеу деген, керісінше, капитализм  заңында  аузыңа су тамызар адам табылмайды. Бү­гінде қазақты алға шығарғымыз келсе, дінмен емес, қазақтың ғана бойында бар  қанына сіңген мінезіне қайта оралту керек. Мейлі, бүкіл әлемнің білімін, мәдениетін алсын, бірақ, онымен ешқашан қазақтың мақтанышына айнала  алмайды.  
Қазақта «қағынан жеріген» деген сөз бар, сол қағынан, қазақтық  мінезінен, болмысынан жеріген, жаттанып бара жатқан қазақ көбейіп барады. Өзге елдің құндылықтары қазақтың  құндылығымен үйлеспейді, олардың мақсаты, мүддесі, міндеті басқа. Ал,  біздің ұлттық мінезіміз адами қасиеттермен бірге ертеңгі күнмен де, бүгінгі өмір салтымен де үндеседі.
Жарас Сейітнұр: – Ұлт­тық мінез деген ка­тегорияны анықтау ғы­­лым­дағы күрделі про­б­лемалардың бірі екен­дігін мойындау керек. Орыстың Г.Д.Гачев деген ойшылы «ұлттық мінез дегенді айтқан кезде оның бар екенін сезесіз, бірақ, сөзбен беруге тырысқан кезде, ол пыр етіп ұшып кетеді, өте «қу», ұсталуы қиын «материя» деуі тегін емес. Шынымен де, осы әрі күрделі, әрі жауыр болған құбылыстың 30-дан астам анықтамасы бар. Неге? Өйткені, оны бір шеңберге сыйғызу тым қиын. Ғылымның басқа саласын білмеймін, ал, психологияда «операционализм» деген түсінік бар, яғни, әрбір зерттелетін құбылысты өлшейтін нәрсе болу керек, өлшеу керек. Әртүрлі мінезі бар  адамдарды топтық, ұлттық деңгейде біріктіру, эмпирикалық деңгейде тексеру өте қиын, бірақ, соған қарамастан негізгі анықтамасын айтуға болады. 
Жалпы, әр адамның өз жеке мінезі, одан кейін ұлттық мінезі болады. Ұлт­тық мінез дегеніміз – нақты бір эт­ностық қауымдастықтың қор­шаған ортаның түрлі жақтарына қаты­насынан көрінетін тұрақты мінез-құлқы, эмоциялық реакциясы  мен ойлау таптау­рындары. Немесе белгілі бір этностың мүшесіне азды-көпті дәрежеде тән пси­­хологиялық ерекшеліктер, бітістер жиын­тығы. Ал, біреулер белгілі бір ұлт­та жиі кездесетін тұлғалардың тұ­рақты типтері дейді, біреулер тарихи қалыптасқан тұрақты психологиялық бітістер  жиынтығы деп береді, біреулер  белгілі бір ұлт өкілдерінің психикасында оның тарихи өмір сүруінің бейнеленуі дейді. Сондай-ақ, ұлттық мінез – ұлттық дүниетаным  немесе ұлттық сананың бір элементі деуге де негіз бар. Яғни, бұл өте күрделі әлеуметтік мәселе екенінің дәлелі. 
Біз ұлттық мінез туралы айтқан кезде ұлтты құрап тұрған жеке адамдардың мінезі емес, типтік мінез көріністерін, бітістерін айтамыз.  Ұлттық мінезді зерттеуді Германияда немістер 19 ғасырда қолға алып, «Халықтар психологиясы» (Volkerspsychologie) деп атады. Оның  негізін Гумбольд, Гердер, Виль­гельм Вунд қалады. 20-ғасырда Аме­рикада атақты М.Мид, А.Кардинердің өз мектептері болды. Ал, Кеңес  ғалымдары ұлттық мінезді идеологиялық тұрғыдан зерттеді. Кейінгі кезде осы тұрғыдағы зерттеулерге жапондар мен еврейлер көп көңіл бөлді. 
Ұлттық мінез, неден көрінеді дегенге келсек, ең алдымен жүріс-тұрысымыздан, мәдениетімізден, дүниетаным, дәстү­рімізден көрініс табады.  Психолог ретінде біз оның элементтерін бөліп аламыз, мысалы, құндылықтары, өзін өзі бағалауы, стереотиптері қандай? Әр халық өзін өзі бағалай алады, сосын сол халықты өзгелер бағалайды. Мұнда, кейбір автостереотиптер де кездеседі, айталық, қазаққа қандай мінез тән дегенде көпшілік ең алдымен қонақжайлықты атайды. Бірақ, бұл мінез деуден гөрі, әдепке қатысты дүние. Шынында да, ұлттық мінез ғасырлар бойы, тарихи түрде қалыптасқан, сүйегімізге әбден сіңіп кеткен тұрақты нәрсе. Әрине, ол да  бірте-бірте өзгеріске түседі. Мысалы, отаршылдық тұсында басқаша, еркіндікте басқаша көрініс береді. Демек, оған әсер ететін факторлар көп. 
Ұлттық мінез деп бір халыққа тән қайталанбас ерекшелікті айтқан кезде, оның ар жағында ұлттық ерік-жігерді, қайратты, намысты айтамыз. Өйткені, мінезі бар, мінез көрсету дегеннің өзі сол қайрат-жігерден туындайтын құбылыс. Мінез бітістері сол ұлтқа ғана тән, сол адамның өзіне тән қайрат-жігері. Әрине, жуастық, көнбістік, асаулық та, бірбеткей, қырсықтық та мінез белгілерінің жиынтығы екені рас. 
Аманхан Әлімұлы: – Жарастың «ұлт­тық мінездің отыздан астам анық­тамасы бар» деген сөзіне көңілім ауып отыр. Шынында да, ұлтық мінез деген шек­сіздіктің көрінісі сияқ­ты, оны қолмен ұс­тай алмайсың, нақты атап айта алмайсың. Содан болса керек, кейде мен ұлттық мінезді мақал-мәтелдерден іздейтінім бар. Қазақ «Ананың көзі балада, баланың көзі далада», енді, бірде «Ер үйде туып, түзде өледі», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» дейді. Кілең дала, даланы аңсау, кеңістік іздеу, бақыт па, басқа ма, әйтеуір бір жоқты іздейді. Сол бақытын, іздеген жоғын тапқанның өзінде «ат айналып қазығын табады», «өзге жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деп, туған жерге оралғысы келеді де тұрады. Міне, осында да бір ұлттық мінез, бар –  жоқ іздеу, сол жоқты тапса да, таппаса да үйге қайту. Мұнда, әсіресе, жер деген ұғым киелі, қайтыс болардың алдында «мені туған жеріме апарып қойыңдар» дейді, бұл да ұлттық мінез. Кейде қазақтың «асықпаған арбамен қоян алады» деп, жалқаулығы мен кешігіп жүретіні, болмаса «таңғы ас тәңірден» дей салуы, – бұл да бір қазақ даласындағы көшпелілердің кеңістік пен уақыт фено­менін игерудегі мінезі болса керек. Мысалы, немістердің уақытпен есептесуі өз еркіндігіне тұсау салуынан – ерте қала­нудан, тарлықтан туындаған тәрізді. Ерте отырықшы болған өзбектер, ұйғырлар жи­нақы, дәл жүреді, уақытпен санасады, ал, біз уақытпен санаспай, кеңістікпен өмір сүруіміз, – осының бәрі көшпелі әдет-ғұрыптан, қадір-қасиетімізден туған. Әрине,  заманына қарай бейімделе келе мінез өзгереді, нарық заманының қатты қысымынан уақытпен санасатын ұрпақ келеді. Айталық, бір  кездері өзбектердің сауда-саттықпен айналысуын саудагер мінез деп, оларды күлкіге айналдырдық. Ал, қазір біз де сауданы игеріп алдық, өйт­кені, уақыт біздің мінез-құлқымызға  түзету енгізді. Демек,  мінез деген нәрсе уақыт пен кеңістіктегі шартты ұғым, ол өзгеріп отырады. Нарық жағдайында біздің қонақ күту дәстүріміз де өзгереді, несие алып той жасау, ысырапшылдыққа тосқауыл қойылуы ықтимал. Біз бұған келіп қалдық. 
Әбдірашит Бәкірұлы: – Аманхан, Әбе­­ке, өзгелер қазақтың қонақжайлығын көр­геннен кейін солай  айтады, ол негізі жақсы үрдіс. Оның арғы себебі, қазақтың өзінің мінезінен туындайды, оның ар  жағында ашықтық жатыр. Ол ашықтық, қонақжайлылық уақыт өте келе өзгеруі, уақытқа байлануы мүмкін. Ал, ашықтық әлдеқайда тұрақты стереотип, ашықтықтың  астарында ойлану, сосын тең әріптестік қарым-қатынас, әділет, шындық деген ұғымдар жатыр. Үйіне келген қонақпен арада шындық әңгіме өрбісе, ол да қонақ­жайлыққа барып тіреледі, әрбір сөздің салмағын сезіну ашықтыққа барып тірейді, сабырлылық, мәрттік және өрлік деген қасиеттер де осыдан басталады. 
Құдияр Біләл: – Қазір біз қазақтың мінезінің өлшемін тауып алғымыз келіп отыр, бірақ қазақтың мінезі ешбір өл­шемге сыймайды. Кейінгі заманауи жетіс­тіктерді, басқа елдердің озық үл­гісін аламыз да қазақтың қалыбына салғымыз келеді. Қазақтың қалыбы, олардың  шеңберіне сыймайды, өлшемге келмейді, сондықтан, біз неге оны жетістік деп қабылдаймыз, неге соның ыңғайына жы­ғылу керек деген сұрақ туады. Өзге ұлт­тың жетістігіне бейімделе алмасақ, бұл біздің ұлттың кемшілігі деуге бола ма? 
Жат нәрсеге бейімделу, қазақты жығып беруге ұмтылу қазақты күстаналаумен бірдей. Мейлі, қазақ кешігіп келе берсін, оған кешіріммен, түсіністікпен қарау керек, қазақтар келеді деп басқа жұрт алаңдап күтіп отырсын. Бұдан басқа жерде де біздің мінездеріміз көрініс беріп жатса, одан қы­сылудың  қажеті жоқ, өзімізге тән нәрседен ұялмау керек. Ұлттық қасиетті өзгенің өлшеміне тән нәрсемен өлшеуге болмайды. Ұлттық мінезді таразылағанда осы жағына да байыппен қарау, оның әу бастағы түп-тамырына үңілу керек. Ол қазақтың мі­незін қалыптастырған, қанымызда бар, бойымызға дарыған нәрселер.
Әбдірашит Бәкірұлы: – Мінез, тек адами қатынастарда ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласында көрініс табады. Мысалы, іскерлік қатынаста кәсіпкер адамдар үшін әрбір минут өлшеулі, ол қазір сізбен кездесуден кейін банкке барып он миллиард долларды санап алуы керек, егер, сіз кешігіп, ол долларды ала алмай қалса,  ол трагедияға айналады.Сондықтан  да, адами қарым-қатынастарды, туыстықты бір бөлек, қоғамның даму заңдылықтарын екінші ретпен, халықаралық деңгейге шығатын кездегі қазақ мінездерін үшінші ретпен қарастырған жөн. Жалпы, қазақ мінезін типтендіруді қазірден бастап қолға алу керек, қазіргі заманда ұлттық дәстүрімізбен үйлесетін стандарт ережелерін жасап алмасақ, онда қазақтың ұлттық мінезі шашыранды күйінде қала бермек. Ақпараттық заманда жастар әр жақтан ақпарат алып жатыр, солардан қазақтың жігіті не қызы қандай болу керек деп сұраңызшы, олар жауап бере алмайды. Өйткені,  білмейді. Дәл қазір жас ұрпақты қазақы жағымызға қарай бейімдесек, онда сол негіздер ұлттық мінезді бекітуге үлкен қызмет жасайды. 
Берік Аташ: – Жалпы, мінез деген абстрактылы ұғым. Жеке  адамның мінезі оны өзгертеді, мінезден тағдыры өзге­реді, демек, ұлттың да мінезі қандай болса, оның да тағдыры, өткен өмірі соған тәуелді. Ұлттық мінезге біркелкі анықтама беру қиын, меніңше, ол ұлттық рух пен ұлттық ділден туындайтын архетип­термен сабақтасқан, сол ділдегі халықтың көңіл-күйінің бір көрінісі деп айтуға болады. Ал, архетиптер, ата-бабамыздың мінез-құлқы бізге бейсаналы түрде сабақтаса беріледі.  Біз сол мінезді сақтап отырамыз.  Қазақта мінездің түрі көп, мысалы, Қожанасыр, Алдар көсе, бұлар да қазақтың типтік образдары. Батырлар, жыраулар, хандар, шешендер, солардың барлығының қосындысы біздің ұлттық мінезімізді білдіреді. Қазақтар негізінен адамды екіге бөледі – жақсы адам және жаман адам деп. Жыраулар айтатын жақсы әйел, жақсы жігіттің белгілерін, сипаттарын санамалауы осыдан. 
Мінез қазақтың болмысын білдіреді, мысалы, қой мінезді, жылқы мінезді дейді, қой мінезді жуас болса, жылқымінез –  батыр. Ал,  көркем мінез көбінесе дінге байланысты айтылады.  Бұлардың барлығы қазақы этикамен астасып жатыр, себебі, қазақта басқа халықтарда кездесе бермейтін, өзіндік этикалық, психологиялық категория­лар жүйесі бар. Мысалы, «намыс» ұғымы, ол орысшаға, басқа тілге аударылмайды, тек қазаққа тән. «Құт» дейді, ол да аударылмайды. Сол сияқты өзінің мінезін білдіретін, басқа халықта жоқ ұғымдар біздің ерекше болмысымыздың бейнесі болып шығады.
Жоғарыда айтылғандай, мінездің қа­лыптасуына бізді қоршаған географиялық орта да ықпал етеді. Мысалы, қазақтардың философ болуына, данышпан болуына мал бағу, көшпелі тұрмыс салты белгілі бір дәрежеде объективті әсер етті. Даналық, ойлылық, сабырлылық осыдан туындайды. Атқа отырып алып, мал бағу егін егіп, жер қазу емес. Ол еріксіз философ болады. Екіншіден, кең даланың әсері де зор. Орманда келе жатса ана жерден аң шығып қалар деп алаңдап, ойлануға мұршасы болмас еді. Ұшы-қиыры жоқ кең далада амалсыздан ойланады немесе ән салады. Түнде киіз үйдің түндігін ашып қояды, ол тұтас бір обсерватория емес пе! Міне, ұлттық мінездің осындай объективті, субъективті себептері бар. Көп сөйлемеу сабырлылыққа, ойлылық  да­на­лыққа жетелейді.
– Біз ұмтылатын нарықтық қаты­настар мен демократия әмбебап,  өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыратын құ­былыстар. Олай болса, бүгінгі заман тұр­ғысынан қарағанда, қазақтың қан­дай мінездерін сақтап қалу керек және қайсысынан арылу қажет?  
Берік Аташ: – Қазіргі таңдағы ең маңызды мәселе – біздің мінез-құлқы­мыз­дағы жағымсыз көріністерді зерттеп, оларды жоюдың жолдарын ұсыну.Мысалы, көнбістік (толеранттылық), оның жақсы жағы да, жағымсыз жағы да бар. Жеріңді, қазына-байлығыңды шетелдіктер сатып алып жатқан кезде қазақ  қашанғы көнбіс болып, үндемей отыра бермек?  Бұл көнбістіктің жағымсыз жағы, бұл аңғалдық, көңілшектік, әдейі насихатталатын идеология. Қазіргі за­манға мүлде сәйкес келмейді. Өзімізді өзіміз жамандамасақ та, кей сәттерде жалқау екені­міз рас, себебі, аттың үстінде отырған адамның жер қазғысы келмейді. Тағы бір жағымсыз мінез – көре алмаушылық. Күн­дестік, руға бөлінушілік дегендер бар, осы­ның барлығын зерттеп, содан арылудың әдіс-тәсілдерін, теріс жақтары, шығу себебі неде екенін іздестіретін уақыт жетті. Бүгінгі жастардың бойында ол мінездер болмауы тиіс. Әрине, қазір де мал бағуға болады, соның ұтымды жолдарын ұсыну керек. Ал, қазақтың жоғалтуға болмайтын жақсы жақтары – намысқойлық, ұлттық рух дер едім. 
Сейілбек Мұсатай: – Ұлттық мінез-құлық деген кешенді ұғым болып табылады, оны қандай да бір ауыз сөзбен  анықтамасын беріп, маз­мұнын ашып алу деген қиын мәселе. Ғылымда ұлттық мінездің ерекшеліктерін айқындайтын ортақ пікірдің болмауы да осыдан. Ал, енді негізгі ортақ ой философиядағы материализмнен туындаған қалыпты заңға келіп тіреледі, бұл «сананы болмыс айқындайды» деген қағида. Идеалистер қаншама теріске шығаруға тырыс­қанмен, шынында  адамның санасын болмыс, тұрмыс-тіршілік айқындайды. Сол сияқты кез келген ұлттың мінез-құлқын анықтауда осы болмыс шешуші рөл ат­қарады. 
Болмысқа қатысты  бірнеше топты бөліп көрсете аламыз, әрине, ең алдымен, ол – географиялық фактор. Мысалы, скандинавиялық салқынқанды халықтар, кав­каздық қызуқанды халықтар, тау халқы дейміз, яғни, солтүстіктікі бөлек, оң­түстікі бөлек. Бұған кезінде грек ойшылдарынан бастап, Қытай, Үндістан, орта ғасырлардағы Еуропа ойшылдары назар аударған. Платонның «Заңдар рухы» деген еңбегінде «бір мемлекеттің өзінде, мемлекеттің барлық аймақтарында теңдей, бірдей қолданылатын заңдар қабылдауға болмайды» деп айтып кеткен.Себебі, оңтүстік пен солтүстіктегі хал-ахуал екі түрлі, шаруашылық басқа, адамдардың тұрмыс тіршілігі бөлек. Солтүстікке жақсы болған заң оңтүстікке ауыр келуі мүмкін. Сондықтан, заң қабылдаған кезде сол жердің ерекшелігін ескеру керек. Халықтардың темпераменті де солай, оңтүстіктегілер қызуқанды, айлакерлеу келсе, солтүстіктегілер салқынқанды, ойлау жүйесі баяулау келеді. Сол сияқты, ата-бабамыздың кеңбайтақ даласы осы қазақ халқының мінезін айқындаушы қасиет берді, ол  – кеңпейілділік. «Кең болсаң,  кем болмайсың» дегендей, даламыз қандай кең болса, көңіліміз де сондай кең. Сіздер айтқан қонақжайлық, асықпау, – бәрі осыдан шығады.
Болмыстағы екінші фактор – климат. Климат адамның қалыптасуына ықпал еткен бірден бір маңызды  фактор болды, сондықтан да қазақтың мінез-құлқын айқындауға климат зор ықпал етті. Қазақ жері қоңыржай климаттық белдеуде орналасқан, ол бір шектен екінші шекке өтіп жатады –  қысы 40 градус аяз болса, жазы 40 градус ыстық. Яғни, аумалы-төкпелі. Қазақтың мінезіндегі бір нәрсені жек көрсе  жер-жебіріне жетуі, жақсы көрсе асыра мақтап, түбін түсіретіні осыдан шығар. Дін ұстамасақ атеист болып кететініміз, дінді ұстансақ фанатик болатынымыз да соған ұқсайды. Қазақ жерінің жазы қандай ыстық, қысы қандай боранды суық болса, біздің мінезіміз де сондай, бұрқ-сарқ етіп, күрт өзгеріп тұрамыз. Сондай-ақ,  климаттың қазаққа тағы бір әсері, ол  – бейімделгіштігі. Қазақ өте бейімделгіш келеді. Ата-бабамыз неге қыс қыстау, жаз жайлау, деп көшіп-қонып жүрді? Яғни, қазақ табиғатқа қарсыласпайды, табиғаттың  ыңғайына қарап тіршілік етеді. Сол әлі күнге дейін біздің қанымызда бар. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» деген, біз солай тез бейімделе аламыз. Нарық заманы келгенге дейін сауда-саттықты жек көрсек, енді, қазір сауда десе тіпті жерімізді сатып жіберетін деңгейге жеттік. Әрине, сауданың жақсы жағы да, жаман жағы да бар. 
Климаттың ұлттық мінезге тағы бір әсері – төзімділік, оның шектен шыққан түрін көнбістік дейміз. Біз қыстың боранына да, жаздың аптап ыстығына да төзіп, әбден бейімделіп үйренгенбіз. Сол қоршаған болмыс біздің мінез-құлқымызға ғасырлар бойы әсер етті, мұның бәрі гендік деңгейде, қанымызда жатыр. 
Келесі үшінші фактор – географиялық-саяси фактор. Бұл қазақ елінің жан-жағында орналасқан Қытай, Ресей, Азия ел­дерінің  ықпалы. Біздің айналамыздағы елдер бізге өз әсерін тигізеді, мысалы, аспан әлеміндегі планеталар бірін бірі  тартылыс күші арқылы ұстап тұр, сол сияқты мінез-құлқымыздың қалыптасуында көршілес жатқан елдердің ықпалы бар. Екіншіден, біздің айналамыздағы геосаяси, мәдени ерекшеліктер, жан-жақтан ықпал еткен кезде қазақтың рухани жан-дүниесі де түрленеді. Айталық, қазақтың дін ұстануы да қызық, өзімізді мұсылманға жатқызғанмен, терең үңіліп қарасақ, исламда ширк делінетін нәрселер бізде көп.  Себебі, мұсылмандық келгенге дейін қазақ жерінде өмір сүрген тотемизм, анимизм, тәңіршілдік сияқты толып жатқан нанымдар мұсылман дінін қабылдаған кезде бұрынғы салт-дәстүрдің бәрін жойып жіберген жоқ, исламмен қатар жүрді. Біздің жан-дүниеміздің ерекшелігі де сонда. Біз қазір ораза ұстап, жеті шелпек таратамыз, отпен аластаймыз, қасиетті жерлерге сыйынамыз, мешітке  барамыз.  Осының бәрі геосаяси, мәдени факторлардың ықпал етуі. 
Болмыстың қалыптасуындағы келесі фактор – биологиялық немесе тектік-генетикалық. Қазақтағыдай руға, жүзге бөлінуді ешбір елден табу қиын. Біз ұлттық деңгейге көтерілген ұлтпыз, өз мемлекетіміз бар, сөйте тұра бізде әлі күнге дейін рулық сана-сезім қатар жүріп келеді. Мысалы, «у ішсең руыңмен іш» дейді, ол қоғам өмірінің барлық саласына тарап кеткені жасырын емес, бұл да біздің ұлттық ерекшелігіміз. 
Бесіншісі – әлеуметтік фактор, ор­та. «Сенің кім екеніңді қасыңдағы жолда­сыңа қарап айтайын» немесе «біреуден іл­гері, біреуден кейін», «көппен көрген ұлы той» дейді, бұл тобыр психологиясының қатты дамығанын көрсетеді. Қасымыздағы адамнан қалып қоймау керек, несие алсаң да той жаса, өйткені, ұят болады, орта солай. Қатарыңнан озба деп те айтпайды, бірақ, бізде оза шабу жоқ, ілесіп жүре беру керек. Қазіргі күні  демократияның, азаматтық қоғамның дамымай жатқанына бірден бір ықпал етіп отырған да осы нәрсе, олар дамуы үшін бастамашылдық болу керек. Алайда, біз көбінесе сол айналамызға қарап теңелеміз, қатардан қалмау керек, анау үй салды ма, мен де салуым керек дегендей…
Келесі фактор – шаруашылық-эко­но­микалық фактор, бұл ата-баба­мыз­дың тұрмыс-тіршілігі, табиғат құ­­­­­­бы­­­­­­­лыс­тарына бейімделе отырып шаруа­шы­­­­лық-экономикалық қатынастарды да­­мы­­­туы.  Ғасырлар бойы қазақтың мі­нез-құлқының шаруа-экономикалық қа­ты­­нас­тарға бейімделіп қалғаны сонша, сол қатынастарды сырттан біреулер бұ­зып жіберген кезде қазақтар трагедияға ұшырады. Мысалы ашаршылық кезінде аң аулап, шөп жеп жан сақтауға болар еді, бәрін көрек қылатын қытайлар тәрізді. Ал, біз сол шаруа-экономикалық қатынасты ұстап қалғанымыз сонша, реформа ке­зінде халық аштан қырылып қалды. Енді, мына, нарықтық жағдайға көшкен кезде біз ауыл шаруашылығымызды әлі күнге дейін дамыта алмай  келеміз, содан барып жер сатамыз деген мәселе шықты. Мұндағы басты мәселе біздің психологиямызда – біз отырықшылыққа ға­сырлар бойы бейімделген елдердің ауыл шаруашылық моделін көшіріп алдық, ол біздің жер жағдайымызға, климатқа, шаруа-экономикалық қатынастарымыз бен ұлттық мінезімізге сәйкес келмейді! Қазақстан дүниежүзі бойынша жер кө­лемі жағынан  9 орын алады, бірақ, сол территория­ны игеру үшін ана батыстық технологияны, батыстың әдіс-тәсілдерін қолдану нәтиже бермейді. Сол далиған дала, қазақ жерінің көп жері шөлейт және шөл аймақтары, жайылымдық жерлер, өзен-сулар аз. Ол жер­де бұрынғы ата-бабамыздың әдісімен жұмыс істеп қана пайда таба аламыз. Ал, мінездің қалыптасуындағы соңғы  фактор – психологиялық фактор, жеке және топтық психологияның қатар жүруі жоғарыда айтылды. 
– Ханға да «Датын» айтқан қазақ соңғы жүз жылдықта жұмсақ мінезді, айтқанға көніп, айдағанға жүретін то­бырға айналғандай көрінеді кейде. Бірақ, қазақ мінезінің жойылмағанын таяуда болған жерге қатысты дау-дамай айқын көрсетіп берді. Ұлттық мінездің осы тектес экстремалды жағдайларда көрініс беруі ұлттық рухтың оянуы деуге бола ма? 
Құдияр Біләл: – Бүгінде біз қазақтың ұлттық мінезін емес, атын ғана иеленіп отырмыз, қазақ біз сияқты болмаған! Қа­зақтың мінезіндегі оғаш іс-әрекеттерге де байыппен қарау керек, оны  оғаш етіп көрсетудің сыры бар.  Біз содан арылуға, құтылуға тырысуымыздың кесірінен бүгінгі қазақты қалыптастырдық. Тіпті,  қазақтың жалқаулығының да мәні бар, мысалы, ең оңай тамақ –  қазақтың еті, қазанға су құйып сала саласың, бірақ, ең дәмді тамақ та сол. Ал, енді оғаш мінезден арылып, өзге ұлттың жақсы жақтарын алып жаңа ұлт жасағанмен, ол қазақты еш кемелдендірмейді, ол ұлттың аты қазақ болмайды! Біз қазақтықтан айрылып қалған адамбыз, сондықтан,  бізге алдымен қалыптастыру, қайтадан жаңғырту қажет, кемелдендіру содан кейін жүруі тиіс. 
Әбдірашит Бәкірұлы: – Шын мәнінде жер мәселесі қазақты біршама оятты, бұдан үлкен  үміт күтуге болады. Әсіресе, жастардың бойында ел, жер деген киелі ұғымдар әлі де жойылмаған екен, алқын-жұлқын жүріп ұлттық тәрбиеден біршама ажырап қалсақ та, сол үрдісті одан әрі жалғастырып кете алатын жастардың бой көрсетуі осы жолы анық байқалды.  Бұған дейін қазақстандық бірегейлену туралы мәселе көтерген болсақ, ал, бүгінгі көтеретін мәселе – ұлттық бірегейлену. Мемлекетіміздің даму форматы көпұлт­тылықтан бір ұлттылыққа ауысып келе жатқаны осының көрінісі дер едім. 
Сейілбек Мұсатай: – Қазақ үшін жер деген ең қасиетті ұғым, қай заманда да қазақ халқы жеріне қатер төнген кезде жұмылған жұдырықтай болып, тұтастыққа қол жеткізді, жауларына төпеп соққы беріп, жерін аман сақтап қалып отырған.Екі  мәселе – жер дауы мен жесір жауы қазақ үшін маңызды болған, бірі өзінің тұрмыс-тіршілік құратын ортасы, екіншісі ұрпағын жалғастыру инстинкті, осы екеуіне бұрыннан ерекше мән берген. Сол сияқты қай заманда да жер мәселесі өзінің қадір-қасиетін жоғалтпайды.
Жерді қазақтың жаны деп айтсақ болады, жер болмаса қазақ жоқ, жер болмаса мемлекет те жоқ, ұлт та жоқ. Міне, осы мәселені халқымыз жете түсінгеніне жақында өзіміз куә болдық. 
Берік Аташ: – Бұл солай болуға тиісті де, әрбір адамның қорғаныш тетігі бар, дәл солайша ұлттың басына қауіп төнген кезде ұлттың қорғаныш тетігі іске қосылады.Кейбіреу пессимистік көзқараспен қазақ халқы құлдырап бара жатыр дейді, бая­ғыда Түркі қағанаты екіге бөлінгенде де, Шыңғысхан шапқыншылық жасағанда, орыс отаршылдығы басталғанда да осындай пессимизм орнаған болатын. Ал, 86-да қазақ рухы оянды, солайша сәт сайын, реті келген кезде ұлттық рух пен мінез оянып, көрініс беріп отырады.
– Мінез – жанның айнасы. Сөзімізді жантанушы маманның сөзімен түйін­десек. 
Жарас  Сейітнұр: – Иә, біз   түрлі  стрес­тік жағдайлар болған кезде жұ­мыла білдік, жау шапты, аттан дегенде жұмылушы фактор, әлбетте, қажет. Бірақ, осындай төтенше жағдайда ғана біріге бермей, бейбітшілік заманда да біріккенін қалар едік. 
Мана сіз,  Құдеке, «қазіргі қазақ бұрын­ғы қазақ емес» деп дұрыс айттыңыз, бұл жа­нымызға бататын сөз. Расымен де, бұрынғы қазақтың құндылықтары мық­ты болған, сол құндылықтың, қа­дір-қасиеттің арқасында осындай алып территорияны ұстап қалды, мем­лекеттілікті де соның негізінде құрды. Ал, енді біз келіп тарихты жаңадан бастаймыз деп жүрміз.  Егер, Өзбекстанға, Ресейге, Қытайға кеткен жердің бәрін қоса есептесек, нағыз империя, держава болған екенбіз. Осы құндылықтарды сақтап келген ата-бабамыздың бағдарламасы, ар­хетиптері, олар қиын сәтттерде оянары, көрініс берері хақ.  
Шынымен де,  қазақтың дәстүрлі тәрбие жүйесі қирап қалды. Бірақ, қайткенмен де, ұлттық өзек бар. Жаһандану дейміз, басқасы бар, бәрібір де өзгермейтін дүние­лер болуы тиіс. Соңғы кезде, біз өзі­мізді сынауда шектен шығып кеттік, бұл, тіпті, комплекске айналғандай, бәрі де бізді сынауға шебер. Қазіргі жағдайда, керісінше, позитивті модельдерді дамытып, асыл қасиеттерімізді алға шы­­ғару керек. Біздің кемшілігіміз біздің жетістігіміз болуы да мүмкін ғой. Оған қоса, мінез болған соң оның жақсы-жаман жақтары қатар жүруі заңды, идеалды дүние болмайды. Ал, біз қазақты түзеп, анадан, мынадан алғымыз келетіні бар. Әрине, біз қаласақ та, қаламасақ та біраз нәрсе өзгереді. Айталық, көшпелі өмір салтынан зорлап отырықшыланғанымызға 80-90 жыл өтсе де, содан қалған белгілер әлі бар және бола береді. Ең бастысы, ұлттығымыздан, қазақтығымыздан бас тартпауымыз керек. 

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!