Алдында ата жұрттың сөз бастаған

  • 13.12.2016
  • 1056 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ақылбек Шаяхмет,
жазушы

Наурызбай би Орта жүзге есімі мәлім болған, аузы дуалы билердің бірі, бірі ғана емес, бірегейі. Би туралы тарихи деректер орыс құжаттарында кездеседі. «История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков» (8 том, часть  1-ая. Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 г.) кітабында: «На страницах сборника предстают фигуры «хитрого султана» Губайдуллы Валиханова, «справедливого и пользующегося в народе особым уважением и доверием» Кунанбая Ускенбаева, «спокойного и умного» Таттимбета Казангапова, «доброго, благородного, доверчивого и несколько нерешительного» султана Мухамедгали Таукине, «первого гениального самобытного» казахского поэта Наурызбая Казыбаева» (8 том, 7 стр. предисловие Б.Жанаева) –  деп жазылған. Құнанбай мен Тәттімбетпен қатар аталған Наурызбайды  кейінгі жұрт ақын ретінде емес, би есебінде таниды.


Орыс шенеуніктері қалдырған тарихи құжатта  отыз бір жасында 27-ші дис­тан­цияның бастығы болып тағайын­далған Наурызбайдың қыпшақ ішінде танабұға тайпасының Есенгелді тармағынан тарайтыны айтылып, оның екі ұлы және екі қызы болғаны көрсетілген. Осы құжатта: «Состояние: 500 лощадей, 300 баранов, 40 верблюдов, всего состояние  примерно 9000 руб. серебром. Место кочевания: летнее по Аяту, зимнее – по Новой линии, против Михайловского укрепления.
Человек без всякого образования, не знающий ни читать, ни писать, но одаренный глубоким, тонким и гибким умом, необыкновенным поэтическим даром и замечательной остротой: сверх того, он отличается превосходным знанием киргизских обычаев. Как поэт, он до чрезвычайности раздражителен и вспыльчив. Казыбаева, по всей справедливости, нужно считать первым гениальным самобытным киргизским поэтом. При превосходном знаний киргизских обычаев,  по своему уму, но более всего поэтическому дару, он имеет огромное влияние на ордынцев. Он и Балгоджа Джанбурчин ститаются первейшими биями по всей Восточной части Орды, но по всей справедливости первенство должно остаться  за Казыбаевым. Казыбаев считается одним из умных лучших распорядительных дистаночных начальников. Вспыльчивость, умеряемая ныне летами, вовлекло его в разные неприятные случай, подвергшие его суду. По некоторым делам, он уже оправдался от суда, другие еще не кончены») «История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков» (8 том, часть  1-ая. Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 г.149 стр.)  – деген деректер келтірілген.
Мұнда биге қандай жақсы баға берілсе де, оны сауатсыз деген пікір ұшқары айтылған. Әңгіме оның орыс тілінде білім алмағаны туралы болуы мүмкін. Әйтпесе, мұсылман молдасынан хат таныған Наурызбай шариғатқа жетік болған. Бұл оның жазған жырларынан да, айтқан биліктерінен де айқын көрінеді.
Аталған құжаттың ерекше маңыздылығы – онда Наурызбай бидің ата қоңысы, яғни, жаз жайлаған, қыс қыстаған орындар көрсетілген. Бұл қоyыстар Қостанай облы­сының Қарабалық және Таран аудандары аумағына жатады.
Жоғарыда аталған кітаптың 92-ші бе­тінде 32 жасында Наурызбайдың бір әйе­лі, екі ұлы, екі қызы болғаны айтылады. Онда оның 700 жылқысы бар дейді. Бір жылдың ішінде бес жүз жылқы 700-ге жеткен болса, оның дәулеті жыл сайын артып отырғанын байқаймыз.
Наурызбай би туралы деректер орыс құжаттарында молынан келтірілген. Тағы бір құжатта ол туралы: «этот ордынец, будучи одарен острым умом, разбирателен и справедлив, способен во всех отношениях и в утонченной степени образования на киргизских обычаях, имеет дар поэта, характера разборчивого и доступного, особенные наклонности к хозяйству. Имееет завидное влияние на однородцев по своим умственным качествам, справедливости, не лицемерности и состоянию и носит значения бия в орде…» (осы том, 136-шы бет) – дей келіп, оның бірнеше мәрте сотқа тартылғанын, бірақ, Орынбор шекара комиссиясының шешімімен ақталып шыққанын айтыпты.
Тағы бір орыс құжатында Наурызбай 27 жасында 26-шы дистанция бастығы болғаны, оған хорунжий шені берілгені («История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков» (8 том, часть 2-ая). Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 г. 26 стр) жазылыпты. Оқырмандарға түсіндіре кететін бір жай, ол кезде дистанция деп белгілі әкімшілік орталығын атаған, оның құрамында бекініс және бірнеше ауыл болған. Орынбор губерниясында 1824  жылы  хандық  басқару  жойылып,  оның  орнына  жекелеген  аймақтарды  билейтін  сұлтан-правительдер тағайындалды. Cүйтіп, ел басқарудың   дистанциялық, яғни бекінісаралық  жүйесі пайда болды.  
Аталған құжаттарда Наурызбай бидің кескін-келбетін орыс тілінде: «роста большого, телосложения здорового, очень полного, лицом белокурый, рябоват, глаза большие, небольшая черная бородка», – деп суреттейді.Тағы бір жерде оны «с полным широким лицом, усеянным веснушками, рябой, с большими серыми глазами, прикрытими совершенно толстыми веками, небольшим носом, малым сжатым ртом, небольшим подбородком и с малой черной бородкой, высокого роста» – деп бейнелейді. Яғни, Наурызбай би ұзын бойлы, толық денелі, шоқша сақалды, қалың қабақты, үлкен сұр көзді, шағын мұрынды, аузы кішкентай,  аққұба, бетінде секпілі бар кісі болған. 
Наурызбай бидің мөрі де осы уақытқа дейін мұрағатта сақталған. Оның бетіне араб әріптерімен «қырғыз-қазақтардың 27-ші дистанциясы басшылығы мөрі» деген жазу жазылған.
Таран ауданында тұратын зейнеткер Бақытжан Балмұхамбетовтың жоғарыда аты аталған Асылбек Ташбаевтан көшіріп алған жазбаларында Наурызбай бидің шежіресі таратылған. Шежіренің дерегіне қарағанда би осы күнгі Қостанай облысының Қарабалық өңірінде өмір сүрген. Қарабалық қыпшақтың ішінде Танабұға тайпасынан. Танабұғадан Қошалақ, Қошалақтан Тақсопы, Тақсопыдан Есенкелді туады. Осы атадан тарайтын Сереметтің бірінші баласы Жолшорадан Қазыбай туады.
Қазыбай бидің бәйбішесі Алдияр, Мәден есімді екі ұл туған. Қазыбайдың Тойған есімді тоқалынан бес сары атанған бес бала туады. Олар: Қойшыбай, Қияс, Тиес, Жұмабай, Наурызбай. Бұл кісілердің қай-қайсысы да олқы болмаған, есімдері тарихта қалатын тұлғалар. Наурызбай – шаңырақ иесі, кенже бала болғандықтан ешкім бетінен қақпай өседі.  
Наурызбай кезінде Ыбырай Алтын­сариннің атасы Балқожа бимен дәмдес болған, Досбол билермен сөз қағыстырып, дос-жар болса, атақты ақын Өске Торқаұлы оның әкесі Қазыбайдың қолында өскен.
«Бес ғасыр жырлайды» кітабында Өскені таныстыру сөзінде оны Қазы деген елге қадірлі кісінің тәрбиесін көрген деп жазады. Шын мәнісінде,  Қазы емес, қарабалық қыпшақтың атақты биі Қазыбай. Шамасы, алғашқыда Өске өлеңін жазып алушылар Қазыбай (Қазбай) деген есімдегі бай деген сөзді сол замандағы саясатқа сәйкес алып тастаған болуы мүмкін.
Өске ақын Наурызбай биді ерекше қадір тұтқаны оның ол туралы айтқан өлеңінен де байқалады. Бірде ол алтыбас Кенжетай мырзаға келіп, босағада етігін шешіп жатса, Кенжетай: «Сол арада тұрып төрт кісінің атын қосып, бір ауыз өлең  айтып барып отырсаң қайтеді», – депті. Сонда Өскенің айтқаны:
«Байсалды айғыр үйірін ат жақтайды,
Тәуір болған жігітті сырт мақтайды,
Арғын-қыпшақ аралас жүз жігіт бар,
Төртеуінен басқасы міз бақпайды.
Оның бірі Кенжетай, бірі Қарпық,
Алашта Наурызбайдың ақылы артық.
Кішкененің баласы Жайсаң мырза,
Келген жерден тұрады атын 
                       тартып».
Ахмет Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқышында» Наурызбай бидің:
«Түрленіп жиырмада кидім киім,
Түсірдім атын ұстап мырза-бидің,
Көрінсе қайда жақсы өзімсінген,
Келсейші қайта айналып жігіт күйім»
деген өлеңін мысалға келтіреді.
Мұхамеджан Серәлин «Топжарған» поэмасында:
«Арқада Көкбурылдай жүйрік бар ма?
Өтіпті би Наурызбай деген нарда.
Көкбурыл ат Наурызбайдан ұрлап                     алып,
Кенеге тарту қылған үңгіт Қарға», – деп суреттеген Наурызбай бидің Көкбурыл аты кейін Кенесары ханның інісі Наурызбай батырға бұйырған.
Сөз орайы келгенде айта кететін бір жай, халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың «Жа­сауыл қырғыны» дастаны мен «Қарға» дастанының бас кейіпкерлерінің бірі осы Қарға. Ал «Бабалар сөзі» сериясымен жарық көрген жүз томдықтың 22 томында («Фолиант» баспасы, Астана – 2005) «Қарға батыр» дастаны жарияланған. Ел аузынан жазылған нұсқада «Ертеде естімеген елде көпті, кім айтар әңгімені елде жоқты, бірі әділ, бірі момын, бірі залым, жаралған бірдей болып пенде жоқ-ты» – деп басталатын дастан Нұрхан нұсқасында «Ертегі естімеген елден шығар, асыл тас айдын шалқар көлден шығар, тарихты тәтті сөзбен таңырқату көзі ашық, тілі орамды елден шығар» – деп айтылады. Одан кейінгі шумақтарда да болмашы өзгерістер бар. Мәселен,ел аузындағы нұсқада «біреудің ажалы су, біреуі оттан, біреулер шаҺид болған бір апаттан» – делінсе, Нұрхан нұсқасында «біреуге ажал – судан, біреуге – оттан, кейбіреу майып болған бір апаттан» – деп жазылған. Мұндай мысалдар көп. Аталған томға жазған түсінігінде Б.Әзібаева «Қарға» қиссасының бірнеше варианты бар екенін, соның ішінде Нұрхан ақын жинаған нұсқаны оның өзі 1958 жылы «Тосын толғаулар» атты жинақта өз атынан жариялағанын жазыпты. Бізді таң қалдырғаны – Нұрхан шынымен дастан авторы болса, оны неге Ғылым академиясының қолжазбалар қорына  тапсырған. Яғни, қиссаның авторы кім екенін анықтау зерттеушілер үлесінде.
Жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің «Заман­ақыр» романының бір кейіпкері  Наурызбай деп аталады. Автор оның Баймұраттың Кекіл деген ағасының Күнсары дейтін қызын алғанын айтады. Көптеген жинақтарда дәл осы келінге Өске Торқаұлы айтты дейтін өлең де басылып жүр. Бірақ, бұл кітаптардағы Өскенің Наурызбай биге айтқан базынасы кейде қысқартылып басылған, кейде көп сөзіне өзгерістер енгізілгенге ұқсайды. Қостанай өңірінде ұзақ жыл бойы тұрып, айтыс өнерін дамытуға көп үлес қосқан қадірменді қариялардың бірі Өтеміс Қалабаевтың қолжазбасында Өскенің Наурызбайға айтқан сөздері және Шашамбайдың өліміне билік айтуы анағұрлым толық жазылған. Оның үстіне Өтеміс ақсақалдың жазбалары кезінде Сәбит Мұқановпен дос болған ақсақал Асылбек Ташбаевтың ел аузынан жазып алған Наурызбай туралы әңгімелерімен сәйкес келеді.
Өтеміс ақсақал бұл сөздерді бұдан бір ғасыр бұрын өткен Сүйірқұл молданың қара дәптерінен жазып алғанын айтады. Бұл дәптерді кезінде жазушы-журналист Хасен Өзденбаев та көрген екен, бірақ көшіріп жазып алуға уақыты тығыз болыпты.  Көккөз Досжан ақынның Наурызбай биді мақтауы және ол қайтыс болғанда жоқтауы да осы дәптерден шықты.
Наурызбай бидің өз заманының сұңғыла биі болғандығы оның Досбол датқамен жазысқан хатынан да көрінеді.
XIX ғасырдың бас кезінде қалың қыпшақ екіге бөлініп, жартысы Сыр бойына барып, Қаратауды қоңыс қылып, осы жерлерді жайлап, қыстап жүріпті.  Сол тұста оларды «төрт төбе қыпшағы» деп атайды екен. Олар Қоқан хандығына бағынып, алым-салықтарын беріп тұрады. Ел басқарған  төрт адамы болады, оларға Қоқан ханы датқа деген атақ береді. Бұлар: Досбол датқа, Бала би датқа, Тұрсынбай датқа және Тұрғанбай датқа.
Тарих ғылымдарының докторы К.Есмағамбетов  «Әлем таныған тұлға» деген кітабында (Алматы: «Дайк-Пресс»,2008 ж,35 бет) «Сыр өңірінің көп бөлігін Қоқан хандығы билеген. Тұр­­ғанбай Сіргебайұлы (1794-1850), Тұр­­сынбай Бүркітбайұлы (1788-1873) Шымкент, Түркістан, Жаңақорған, Жөлек ай­мағындағы  қыпшақтарды билейтін датқалар ретінде белгіленеді» – деп жазады.
Сол кезде би: «Біз болсақ мұсылман елі­не қосылдық, ал Арқадағы ел орыс болып кететін болды», – деп Арқаға көшіп баратын жаппастың бір адамынан келісім алып, Арқадағы қыпшақ ағайындардың басты кісілеріне тапсыр деп хат береді. Ол хаттың мазмұны мынандай:
«Дұғай сәлем айтамын,
Қанқожа мен Балқожа,
Сөзіме құлақ сал, қожа.
Шүйіншәлі, Қарпық бай,
Қазыбайұлы Наурызбай,
Жадыңда болсын бір Құдай,
Ой қыпшақ пен қыр қыпшақ,
Бәрін жисаң, бір қыпшақ,
Сол қыпшақтың ішінде
Дуа тиген бір қыпшақ.
Мінген аты топышақ,
Жал-құйрығын жайқалтып,
Шапқылап жүрген сол бір шақ.
Қоныс болар демеңіз,
Арқаның сары даласы,
Өтен болар демеңіз,
Орыстың салған қаласы,
Осында жатып қорқамын,
Орыс болып кетер деп,
Сол жақта қазақ баласы».
Сол тұстағы дағдарысқа түскен ел қасіреті, қайда барарын білмей басын тасқа да, тауға да ұрған халық тағдыры осы хаттың мазмұнынан да анық байқалады. Жақындағы орыспен тату болған дұрыс па, алыстағы Қоқанмен сыйласқан жөн бе деген сауалға ел ағалары бірлесіп жауап іздейді.
«Басымызды қосалық,
Ұзын судың бойынан,
Бір жақсылық тосалық,
Онан жақсылық болмаса,
Қатын-бала қамы үшін,
Басқа жаққа босалық.
Дәм бұйырып сіз келсеңіз,
Төсек пен төр сіздікі,
Есікте орын біздікі,
Егер тілді алмасаң,
Айтқан сөзге көнбесең,
Қазулы көр сіздікі».
Бұл хатты жаппастың адамы Наурызбай биге тапсырыпты. Би хатта аты аталған басқа да адамдардың түгел басын қосып, хатты оқып, кеңесіп, жауап қайтаруға ұйғарады. Олардың қайтарған жауабы мы­нан­дай:
«Досбол би хат жазыпты біздің елге,
Біздің ел Сарыарқада, шалқар көлде.
Сырлаған сарттың тамын мақтай                             бермей,
Досбол би, өзің келші осы шеңге.
Орыс жүр осы күні Сырды айналып,
Салуға Сырға дуан ыңғайланып,
Салғалы Сырға дуан он жыл болды,
Кімің тұр соғысуға оңтайланып?!
Баяғы мынау орыс күйінде тұр,
Бұл күнде Ақмешіттің түбінде тұр.
Жалайыр, үйсін, дулат, найман, 
               қып­шақ
Жылына үш шабылып құрып отыр.
Бұл сөзге өзіңіз де түсінерсіз,
Тегінде жігіт емессіз білімірсіз,
Жылына зекетім деп үш қанайды,
Орыстай осы күні сарт та дінсіз».
Наурызбай би бұл хатты баяғы хат әке­лушіге береді. Досбол хатты алғаннан кейін үш датқаны шақыртып: «Мен Ар­қадағы ағайындарды шақыртып едім, олар мынандай жауап қайтарыпты, не айтасыздар?» – деп ақылдасады. 
Досбол бидің серіктері отырып: «Өзім­нен басқа сөз білетін адам жоқ деп, аузы-басың сүйреңдеп, бүлдіресің де жүресің. Айтқандары бекер ме? Зекетім дейді, құшырым дейді, пітірім дейді, жылына үш рет алады, олар болса орысқа үй басы 20-30 тиыннан сбор деген салық  қана төлейді. Тек жатқан елде нең бар еді, ал енді өзің көш!» – деп кейіпті.
Досбол оларға өкпелеп, өз қарауындағы елді Арқаға көшірем деп Қаратауды бастырып, Сырға келіп құлайды. Сыр бойында жауға кездесе ме, жұтқа жолыға ма, ақыры Арқаға ауып келе алмай, отырған орындарында орнығып қалады.
Жағдай бұлай болғаннан кейін Досбол ағайындарын өзім аралап қайтайын деп Торғай бойындағы Торы баласы Шалдыбай деген байдың ауылына келіп қосылады. Содан көлденең және қарабалық ағайындарын іздеп шығады. Алдымен Наурызбай биге келіп, екеуі құшақтасып көрісіп тұрғанда Наурызбай:
«Сарттың қосын жеккенің,
Арғымақ атты баққаның,
Кілемнен жабу жапқаның,
Жат бауыр қылып балаларды,
Кәнекей, пайда тапқаның?» – депті.
Сонда Досбол:
«Арғымақты көп бақтым,
Садағасы кетсін буданның,
Оның рас, Науанжан,
Сарттың қосын көп жектім,
Садағасы кетсін туғанның», – дейді. 
Мұнда екі қонып екі би алтыбас Бал­қожаға барып түседі. Балқожа би сол кез­де жасы сексеннен асқан көлденең Мұғал биді алдырады. Досбол келіп көріс­кенде Мұғал би:
«Ілімің бар екен, Досболжан,
 Білімің қандай болар екен?
 Келісің жақсы, Досболжан,
 Кетісің қалай болар екен?», – депті.
Досбол мұнда екі қонып, жүруге Бал­қожадан рұқсат сұрайды.
Балқожа: «Бауырың балшық, сыртың су болып келдің, Досеке, бір ай жатып, аунап-қунап, тынықпайсыз ба?» – дегенде Досбол:
«Бір қондым – құдайы меймандығым,
 Екі қондым – ағайын-туғандығым,
 Үш қонсам – болмай ма иттен туған­дығым?!» – дейді.
Балқожа: «Олай болса, рұқсат!» – деп, баласын шақыртып: 
«Қошанжан, атаңа бір жақсы ат әкеліп, жетегіне байла», – дейді.
Қошан жылқыдан бір көзі соқыр, бірақ, семіз көк атты әкеліп, қораның орта­сындағы діңгекке байлап қояды. Абайласа, есік түрулі екен. Үйде отырған Досбол аттың соқыр екенін байқап қалып:
«Жапсардағы өзіңе қара,
 Төрде отырған маған қара,
 Қошан мырзаның жүзіне қара,
Анау діңгекте байлаулы тұрған көк аттың көзіне қара!» – депті.
Балқожа: «Баладан бір балалық болған шығар, мұның билігін өзіңіз айтыңыз», – дегенде, Досбол:
«Жуан, семіздігі өзіңдей болсын,
Жорғалығы мендей болсын,
Сұлулығы Қошанжандай болсын!», – дейді.
«Алып кел кержорға атты!», – деп Бал­қожа баласына ақырады. Сонымен қырық қысыраққа алған, талай бәйгеден озып ке­ліп жүрген кержорға атты Досболға мін­гізеді.
Досбол мен Наурызбай мұнан шығып Шүйіншәліге барып түседі. Онда екі қонып, ұста Тұрмағамбетке барады. Досбол Тұр­мағамбетпен көрісіп, екеуі де жылайды. Екеуі де көсе, әрі түрлері сары екен. 
Наурызбай тұрып: «Мына екі кемпір баяғы өлген аталарын жоқтап тұр ма?»» – деп әзілдепті. Бұл сөзді көңіліне ауыр алып қалған Досбол би:
«Көлде жүрген қоңыр қаз
Шөл қадірін не білсін,
Шөлде жүрген дуадақ
Көл  қадірін не білсін,
Тауда жүріп, таста өскен,
Ағайыннан басқа өскен,
Әкенің қайраты қайтқанда,
Шешенің қайраты артқанда,
Ер қадірін не білсін?!» – деген жолдарды айтып жібереді.
Осы орайда типологиялық сабақтастық билер мен шешендер өнерінде көрініс табуының айқын мысалын көреміз. Мә­селен, дәл осыған ұқсас сөз саптауы Асан қайғының Жәнібек ханға айтуында да бар. «Алты атанға қос артып, алты жыл қоңыс қарадым» – деген Жәнібек ханға Асан қай­ғы бабамыз: «Көлде жүрген қоңыр қаз қыр қадірін не білсін, қырда жүрген дуадақ су қадірін не білсін, ауылдағы жамандар ел қадірін не білсін, көшіп-қонып көрмеген жер қадірін не білсін, көшсе, қона білмеген, қонса, көше білмеген, жұрт қадірін не білсін?» – дейді. Досбол би, сөз жоқ, өзіне дейін айтылған шешендік сөздерді пайдаланып, бірақ, қайта жаңғыртып, сәл-пәл өзгерістер жасап, өз сөзін қосып айтып отырғанын байқаймыз.
Досбол осыдан кейін Қарпық байға барып екі қонып, одан шығып Торғайдағы ауылына барады. Торғайдағы туыстары: «Бұл мұнда отырып қалса, бізге билік бермес», – деп кетуін қалап, ыңғай көрсетпейді. Мұны сезген Досбол да қайта көшуге қам қылады.  
Бір күні Досболдың бір үйір қысырағы желдеп кетіп арғын үмбетей Шошақ өзі келген жылқыны сойып алады. Мұны естіген Досбол би іздеп барған туысы Шалдыбайға: «Өзім көшейін деп жатырмын. Бір үйір қысыраққа бола мен несін барайын, анау Шошаққа менің бір үйір жылқымды жегізіп қоя ма? Ақ адал малымды төлетіп, әкеліп берсін», – деп адам жіберсе, Шалдыбай: «Ой, ол бір Құдайдан безген адам, айт­қанға көнуші ме еді, бір үйір жылқыдан кедей болып қалмас», – деп барған адамын қай­тарып жіберіпті. 
Досбол ағайынға қатты ренжіп, жаппаспен бірге көшіп, еліне барып қосылады. Елінің игі жақсылары жиналып келіп: «Ағайынға барып келдіңіз, жақсы қарсы алды ма? Өзіңіздей адамдары бар ма екен?» – деп сұрапты.
Сонда Досбол тұрып: «Өз туғандарымнан көрі көлденең, қарабалық ағайындар жақсы қарсы алды. Балқожа деген бар екен, дарыл­даған қара екен, Шүйіншәлі деген бар екен, қара мекер екен, ақылының аз-көбін байқатпады. Наурызбай деген жас бала бар екен, билігінде айыбы жоқ, бірақ ішін мысқыл кернеп кеткен екен, көлденеңде бір би бар екен, алды-артымды екі ауыз сөзбен қамады, қанша сөйлесем де содан аса алмадым», – депті.
«Сіз аса алмайтындай қандай сөз айтып еді?» – дегенде Мұғал бидің айтқанын ай­тыпты.
Мұғал кезінде Наурызбаға жас кезінде сын айтққан. «Мені сынашы»  деген Нау­рызбайға Мұғал би:
«Білімің бар екен, 
Ілімің әлдеқандай?
Қағуың бар екен, 
Халыққа жағуың әлдеқандай?
Айлаң бар екен, 
Халыққа пайдаң әлдеқандай?
Жорғалығың бар екен, 
Елге қорғандығың әлдеқандай?
Заттылығың бар екен, 
Елге қымбаттылығың әлдеқандай?» – деген екен.
Досболдың қайта көшіп келгенін Қоқанның бегі естіп, шақыртып: «Сені орысқа бағынған ағайынға кетті деп еді, жақсы ма екен?», – деп сұрағанда Досбол би: «Ой, тақсыр-ай, жаман десем, бармас едім ғой, жақсы болса, келмес едім ғой», – деп жауап беріпті.
«Орысқа бағынамын деп кетіпті деп еді, енді неге қайтып келдің?» – дегенде, «Ой, тақсыр-ай, жерімді сағынып, еліме келдім, елімді сағынып, бегіме келдім», – деген жауап беріп, бек те оның сөзіне разы болып, сый-сияпатпен қайтарыпты.
Наурызбай би шешкен іргелі даудың бірі кісі өліміне байланысты құн дауы. Бірде қыпшақтың Шашамбай деген кісісін Сайдалы елі өлтіріп, құн бермейді. Екі елдің правительдері бас қосып, үй тіктіріп, мәжіліс жасап, бас билерін шақырады. Қостанайдан правитель Мұқан, Шегеннің Қазыбегі, Қазыбайдың Наурызбайы, алтыбас Балқожа, тағы бірнеше басты адамдары барады. Екінші жақтан Шыңғыс төре, Аққошқар, тағы бірнеше белгілі би болады. Екі правитель бас қосқанының құрметіне ат шаптырған той болады. Бәйге аттары келе жатқанда төрелер ат үстінде тұрып: «Қара қазақтар аттан түссін», – деп жарлық қылыпты. Наурызбай естімеген кісідей тұра береді, төрелер екінші рет кісі жіберіп: «Айтқан тілді алмаса, жазаға тартамыз», – дейді.Сонда Наурызбай би дауысын көтеріп, саңқылдап:
«Бұл төрелер сауысқандай
Мінезі жеңіл жұрт еді.
Төрелер шабар арқарлап,
Жасауыл шабар жалпаңдап,
Арғын-қыпшақ баласы, тырп етпе!
Шара бар ма Құдайға,
Орысқа қойды-ау арқандап,
Қисық сөйлеген төрені,
Кетуші едік кез келгенде талқандап», – дейді.
Мұны естіген төрелер аттарынан түсе-түсе қалады.
Той тарқаған соң билік айтуға Аққошқар мен Наурызбай шығады. Сонда Аққошқар би: «Ай, Наурызбай, дауысың қоңыр қаздай саңқылдап құлағыма жетуші еді. Мұның билігін сен айт!» – дейді.
Наурызбай: «Сіздің ел ақсақалдың айтқанын тыңдамай, аяқ асты қылатын жұрт деп естіп едім. Бұзылып кететін билікті айтпаймын», – дейді. Сонда Аққошқар тұрып:
«Аққошқар айтпайтұғын,
Айтса, айтқанынан қайтпайтұғын,
Аққошқар іс қылмайтұғын,
Іс қылса, елі тыңдайтұғын,
Билігіңді айта бер!» – деп жолын береді.
«Орыстың заңы бойынша айтайын ба? Құранға сүйеніп айтайын ба? Әлде қазақтың қағидасымен, ата-баба жолымен айтайын ба?» – дейді Наурызбай.
– Ата-баба жолымен жүрейік, – дейді Аққошқар.
– Онда сізден сұрайтын сөзім бар.
– Сұра! – дейді Аққошқар. 
– Жақсы аттың құны не болады?
– Төрт бесті.
– Жақсы иттің құны не болады?
– Екі көкжалдың терісі.
– Ер жігіттің құны не болады?
– Екі жетім қыз.
Осы сұрақ-жауаптан кейін Наурызбай: «Шашамбайды алты алаш білмесе де Орта жүздің баласы тегіс білуші еді. Оның құны қырық байтал және бір қалмақ қызы болсын», – дейді. Аққошқар бұл билікке келіседі.
Бірақ, сол елдің біраз игі жақсылары Аққошқардың бұл қылығына наразы болып: «Билікті өзің айтпай Наурызбайға неге бердің?», – деп сұрапты. 
Сол кезде Аққошқар жасы сексеннен асқан кісі екен.
«Әділ биге жүгінсең,
Шегеннің Қазыбегіне жүгін!
Жүйрік биге жүгінсең,
Қазыбайдың Наурызбайына жүгін.
Балқожа да би екен,
Бірақ, түйесі түнде боталаған 
                 би екен.
Ол маған сауал қойғанда, мағынасын түсінбегендерің өкінішті. Орыс заңымен айт десем, азаматтардың біреуін таңдап алып, аяқ-қолын кісендетіп, ит жеккенге айдатпақ ниеті болды. Бұл жаза өліммен тең емес пе?! Құранға сүйен десем, оның бахара сүресінде: «өлген адамың үшін сен де соған теңдес бір адамын өлтір» деген аят бар. Біреуімізді Шашамбайға теңеп, беліне ілген семсермен жарып тастауға дайын отырды. Ол құранға сүйенсе де мені жеңетін еді. Құран – Құдай сөзі. Жалпы, Наурызбайдың киесі бар екен. Мен жауап сөз айтсам, шайнап тастаймын деп екі иығында екі жолбарыс жұлқынып отырды», –  депті.
Сол жолы Наурызбай би 43 дауға билік айтып, жиналған жұрт ырза болып тарқасады. 
Мариям Хакімжанова Қазақстан ғы­лым академиясының мұра жинаушылары құра­мында 1947 жылы Қостанай, Торғай өңірлеріне барған сапарында Сейітқали Төлегенұлынан жазып алып, академияның сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорына тапсырған  өлеңінде  Ыбырай Алтынсаринның атасы Балқожа Жаңбыршин мен Наурызбай Қазыбайұлының есімдері аталады.
«Қыпшаққа би Балқожа аға болды,
Ағасы Қанқожа би дана болды.
Айбыны аш арыстан секілді еді,
Көрсетті сан қазаққа тура жолды.
Үш жүзге Құсмұрында билік айтты, 
Әр сөзін хатқа жазып, бетіне айтты.
Тоқтатып жалғыз ауыз сөзбен                           жұртты,
Халайық риза болып, елге қайтты.
Деуші еді Ахмет сұлтан қылман уайым,
Би берген Балқожадай бір Құдайым.
Мен түгіл үш алашты сүйреп өтер
Тар жолда, тайғақ кешу болған сайын.
Жеткен соң билігінің кемеліне, 
Өмірден болған шақта өтерінде:
«Қыпшаққа Наурызбайым аға болсын», –
Деп еді ғазиз атам өлерінде.
Ол еді Танабұға Наурызбай би,
Осындай бір-біріне істеді сый.
Кемеңгер Наурызбай би дүлдүл еді,
Ақылын шамалауға жетеді ми…
Ол күндер қайтып келмес біздің                     жүзге,
Үш-төрт-ақ би бар еді Орта жүзде.
Саны көп, сапасы жоқ, сапырылысқан
Он үйге бір би болған келді кезге».
Енді Досжан ақынның Наурызбайды мақтаған өлеңіне келейік. 
«Атыңа қаралайтын жұқпаған шаң,
Ісіңді көріп-білген қалып жұр таң.
Бірі де өзіңізден артық емес.
Бұл кезде ел басқарған би менен хан.
Әуелден дарып өткен сізге Қыдыр,
Бір Алла рақым етсе жауады нұр.
Алдында ата жұртттың сөз                     бастадың,
Екі елдің дауын шешіп түскенше іңір».
Бұдан әрі Досжан ақын жоғарыда айтылған Аққошқар бимен болған дауды суреттейді:
«Аққошқар жолды берді өзіңізге,
Сын таға алмай айтылған сөзіңізге.
Үн қатпай Шыңғыс сұлтан отырғанын
Сол топта көрді түгел көзіміз де.
Сайдалы, Сүйіндікті, Ыбырай мен,
Айтпаймын оларды да болды деп кем.
Ақылын нәсіліңнің таныған соң,
Сайыспады болған соң өзіңе тең.
Үш жүзге әкең Қазыбай аты мәлім,
Талайлар татқан оның тағам-дәмін.
Құдайым ең дәулетті мол қып беріп,
Жаратқан мейірлі етіп оның жанын.
Құдайқұл, арғы атаңыз Серемет-ті,
Қай пенде, әулие олардан керемет-ті,
Жақсы танып, жұртты олар билесе де,
Өзіңнен беделдерін төмен етті.
Демеңіз майы қалың арымайды,
Семізден жал кетсе, жұрт танымайды.
Адамнан бақ таймаған уақытында
Оқ атса, қылыш сілтеп, дарымайды.
Дүбірі тұлпардайын арғымағым,
Өресі асқар таудай әруағың,
Жиында ақ патшаның жүзін көрген,
Алашта асып кетіп, қонған бағың».
Досжан ақын бұл арада Наурызбай бидің ақ патшамен кездескенін немесе ол қатысқан алқалы жиында болғанын айтып отырса керек. Оның үстіне би орыс тіліне де жүйрік болған, екі тілді қатар меңгерген. Осыған орай ақын оның еңбегін былайша мадақтайды:
«Әр елдің көріп жүрміз би мен ханын,
Білмейді орыс түгіл, қазақ заңын.
Науеке, хакім болып тұрғаныңда,
Биледің әділдікпен жұрттың бәрін.
Сіздердей бұл уақытта хакім қайда,
Сұрамай білетұғын әркім халін.
Қызғыштай ел адамын тегіс қорғап,
Қорғаны болып едің барлық жанның,
Болып ең шешендікпен ақылгөйі,
Ахмет правитель өткен ханның.
Бір кезде билік айттың көлдеңенге,
Айтарлық кім бар еді сізден өңге.
Сүріңіз шаттықпенен ұзақ өмір,
Әр кезде келе берсін ісің жөнге».
Осы өлеңнен-ақ Наурызбай бидің елге қамқоршы, орыс пен қазақ заңын қатар білген, екі аяғы тең жорға болғанын аңға­рамыз. Қайтыс болғанда Наурызбайды Досжан былайша жоқтайды:
«Айтқан сөзі пара-пар
Алтыннан құйған теңгеге.
Қорған еді ер Науан
Дін мұсылман пендеге.
Жүзден озған жүйрікті,
Мыңнан озған тұлпарды
Ханзададан кем деме.
Шуылдамай, әлеумет,
Құлақ сал менің сөзіме!
Ақылға дана Науекем,
Төресініп жүргеннің,
Бір өзі тең ед жүзіне.
Абзал ерден айырылып,
Қолдан келер шара жоқ,
Аса ауыр қазаның
Ұшырадық кезіне.
Енді Алладан тілейік,
Жәннатынан бақидың,
Орын бер деп өзіңе».
Досжан ақын туралы да жеке-дара сөз ету керек. Оның ақпа  ақын болғаны Наурызбайды мақтауынан да, жоқтауынан да байқалады. Наурызбай бидің төрелерге айтқан сөзі кейбір ел аузындағы әңгімелерде басқа кісілерге телініп жүр.  Досжан ақын­ның: «төресініп жүргеннің бір өзі тең ед жүзіне» деген сөзінің астарына  үнілсек, айбынды сөздің Наурызбай би аузынан шыққанын айғақтайды.
«Хан алдында сөйлеген,
Дұшпанға теңдік бермеген,
Екі тілдің шешені,
Талайдың ісін жөндеген,
Тасқынды жігер қайраты,
Көрінді көптің көзіне,
Жан аянып тұрмаушы ед
Келген жерде кезіне.
Жалғызбын деп саспайтын,
Шабыттанып сөйлесе,
Әділ билік айтатын
Отырса да хан, төре,
Қарамай беті-жүзіне».
Ия, ханнан қаймықпаған, сұлтандар алдында айылын жимаған бидің хан-сұлтаннан дәрежесі төмен болса да, абырой-беделі артық болған. 
«Қара қазақ ішінде
Ханға теңес Науаным,
Сыпыра қайың ішінде,
Еменге ұқсас Науаным,
Көп түйенің ішінде,
Нар секілді Науаным,
Бақиға, сабаз, аттандың,
Жауынан халқын қорғайтын,
Өзіңдей бізге тұлғаны,
Бұйыртар ма екен заманым?!
Сегіз ұлы ішінен,
Байеке тартса әкеге,
Көрсетер көпке таланын».
Ия, мынадай жоқтаудан кейін басқа мақтау айту да қиын. Қалай болған күнде де қатар жүріп, қатар жасаған Наурызбай, Досбол, Досжан, Өске секілді аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін елге сыйлы шешендер, топ бастаған көсемдер қазақтың қара топырағында өсіп-өнгені көкірегіне мақтаныш сезімін ұялатады. Заман ағымын да дәл барлаған, халық қамын да ойлаған нағыз хакімдер төкпе билер мен ақпа ақындар болғаны дау туғызбайды. Солардың жолын тәуелсіз елімізді басқарып отырған ағалар мен інілерге, замандастарға берсе екен деп тілейсің.
Ал, жоғарыда айтылған Байеке кейін Романовтардың 300 жылдық тойына қатысқан, болыс болған. Ы. Алтынсаринның ағартушылық жұмысына қатты қолдау жасаған адамдардың бірі. Меккеге қажы­лыққа барып, қайтып келе жатқан сапарында кеме үстінде жан тапсырады. Орыс тілдік жетік білген және аса сыйлы болған Байеке жан-тәсілім етер алдында кеме капитанына өтініш айтып, қаза болған жағдайда тәнін суға тастап, балыққа жем қылмай, жағаға шығып, жер қойнына тапсыруды сұрайды. Капитан оның айтқанын орындайды. Байекенің сүйегі сол жақта Феодесия деген мекенде қалған деседі.
Екі адамның бірі білетін әйгілі Лұқпан хакім туралы айтылатын әңгімеде оның көп жасағаны әрбір мәжілісі бір ғұмырға тең болған екен деген пікірге саяды. Мұндай отырыстар байлар мен мырзалардың ішкен асы, киген киімі, мінген аты емес, маңызды да мағыналы сөздер айтылатын, яғни билер мен шешендер, ақындар қатысқан бас қосулар деген қорытынды жасауға болады. Жалпы алғанда, бұрынғы замандағы ақындық пен шешендік өнерді бір-бірінен ажыратып қарау қиын.
Наурызбай бидің «Алты ақынның алты ауыз өлеңі» деп аталатын өлеңі де ел аузында сақталған. Наурызбай бастаған әзіл өлеңді Бермағамбет, Бейбіт, Серәлі, Қосылбай және Жортеке аяқтайды. Мұның өзі Наурызбайдың сөзге жүйрік шешен ғана емес, белгілі ақын болғандығын да дәлелдейді. 
Наурызбай би бастаған үш ақын Бер­мағамбет, Бейбіт және Серәлі төртеуі Ах­мет правительдің үйіне келіп қонады.  Пра­витель  үйінде  жоқ  екен.  Бірақ,  екі уәзірі Қосылбай мен Жортеке отыр екен. Кешкі шай ішіліп болғаннан кейін ханым: «қонақкәде беріңдер, өлең айтыңдар», – депті. 
Наурызбай серіктеріне: «ендеше мен бір шумақ өлеңмен бастайын, содан кейін менің ізімше сендер де бір-бір ауыз өлең айтыңдар» – деп, өзі бастайды: 
Сұрайды қонақкәде ханым келіп, 
Қарайды Жортекеге қасын керіп. 
Ханым мен Жортекені тамыр десем, 
Кім ақтап алар екен жанын беріп?!
Бермағамбет іле-шала жалғап әкетеді: 
Жылқымды айдап салдым Кеңаралға, 
Қыламын тура қызмет жанаралға. 
Заманның азғандығын жаңа білдім, 
Қара қабан шөгіпті ақ маралға.
Бейбіт айтады:
Көшкенде тоқым тарттым сар кербезге, 
Барады басы ауырған дәрігерге. 
Азғанын замананың мен де білдім, 
Айыр бура шөгіпті нар інгенге.
Серәлі ақын одан әрі жалғайды: 
Мінезді, жайлы мініс, қатқан шұбар, 
Мейізді жан қалтадан тапқан шығар. 
Қойнынан ақ сұңқардың тұрып кетіп, 
Астында жапалақтың жатқан шығар.
Ханым ішкі есіктен атып шығып, енді немен бітер екен дегендей, өз үйіне барып тыңдап тұрыпты. 
Сонда Қосылбайдың айтқаны: 
Ақбура, менің өзім Қосылбаймын, 
Адамға анау-мынау қосылмаймын. 
Сөзіңмен  кәкір-шүкір жұмысым жоқ, 
Ежелден қаным тұщы, осындаймын!
Сонда Жортекенің айтқаны: 
Қысылған соң айтамын расымды, 
Аршын төске жаямын құлашымды. 
Қазы менен үйрегін бірдей іліп, 
Мен-дағы қылып жүрмін қыласымды.
«Апыр-ай, мұндай сөз елге жайыла көрмесін!» – деп ханым алты ақынға да ауыз бастырық беріп, жөнелткен екен деседі.
Наурызбай би қартайып, жасы тоқсанға тақаған шағында төсек тартып жатса керек. Өске ақын келіп оның көңілін сұрайды. Сөз арасында әзілге бұрып:
«АссалаумаҺалайкум, би Наурызбай!
Жаныңа жәрдем берсін патша-құдай.
Арадан қыл өтпестей тату едің,
Бұл күнде жеңгемменен араң қандай?» – дейді. Наурызбай басын көтеріп алып:
«Кәрілік қалдырып тұр бізді ұятқа,
Кірді ғой тоқсан шіркін шаһуатқа.
Қайтпайтын тау мен тастан                     арғымағым
Бармайды жетелесем кең суатқа.
Жатырмын осы күні көзім жайнап,
Алланың ақ жолына белді байлап,
Сүзекің суға салар жыртылған соң,
Құр бекер керегі не суды лайлап?!» – деген екен.
Билігімен де, ақындығымен де таныл­ған Наурызбай есімі ел есінде. Оны кезінде орыс шенеуніктері де мойындаған, қазақтың арқалы ақыны деп есептеген. Орыс ұлықтары жоғарыға жолдаған қазақтың белгілі қайраткерлері қатарында Наурызбай бидің есімі үнемі аталып және оған жақсы баға беріліп отырған. Наурызбай әкесі Қазыбай бидің жолын қуса, оның билігін кейін баласы Байеке жалғастырған. 
Атақты ақын, белгілі бидің артында қалған мұрасы әлі де зерттелуге тиіс.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!