Тағылымы мол еңбек

  • 01.02.2017
  • 775 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бақтияр СМАНОВ,
профессор

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтің «Фолиант» баспасынан жуырда ғана жарық көрген «Мәлік Ғабдуллин» атты іргелі зерттеу кітабы. Кеңес Одағының Батыры, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, халық әдебиетінің білгірі Мәлік Ғабдуллиннің ерлік және шығармашылық өсу жолына арналған. Онда айтулы ғалым, қайраткер ұстаз Мәлік Ғабдуллиннің  балалық, студенттік, аспиранттық шағы, Ұлы Отан соғысында Мәскеуді қорғау жолындағы   таңғажайып батырлық, қаһар­мандық қимылдары сөз етіліп, бейбіт өмірдегі қайраткерлік, санаткерлік істері, ұлттық әдебиеттану, фольклортану, педагогика, психология ғылымдарын дамытуға қосқан үлесі, қыруар эпистолярлық мұрасы, тұтас шығармашылық өмірба

яны мейлінше мол әдеби-тарихи мұрағат құжат­тары­мен және замандастарының естеліктері негізінде тартымды баяндалады.
Қаһарман ұстаздың жақын араласып, жақсы сыйласқан жерлес інісі әрі сүйікті шәкірттерінің бірі Серік Негимовтің қазіргі мәліктану ілімінің негізін қалаушы бірегей әдебиетші-ғалым екендігін оның бұ­рынырақта (2001, 2015 жылдары) «Санат», «Фолиант» баспаларынан жарық көрген «Мәлік Ғабдуллин» атты екі кітабы арқылы білеміз. Ал мына еңбек – оның батыр-ұстаз, академик-жазушы, көзі тірісінде-ақ  аты аңызға айналған ғибратты ғұмыр иесі Мәлік Ғабдуллин туралы жаңа мәліметтермен, тың деректермен толықтырылып шыға­рылған үшінші кітабы. «Замана­лар биігінен, тарих қойнауынан, әрқа­шан да сұңқардайын шүйілген, тұлпардайын жүйткіген, барлығымыз табынған, барлығымыз сағынған Мәлік сөзі майдан сахнасынан саңқылдап естілгендей болады. Мәлік ізі жарқырап көрінеді. Ақыл-ойға кемел, мейірім, инабат, шапа­ғат, биязылыққа толы алтын жүзі, жібектей таза сұлу жаны, ізгі де ізетті ой жүрегі, қасиетті рухы, асқақ, бекзат бейнесі өшпейді», – деп толғайды зерттеуші кітаптың алғы сөзінде. Рас айтады. Өзіміз де осы айтылғандардың куәсі болдық. Біз де сол тұста С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ берген Мәлік ағайдың терең мазмұнды дәрістерін, өнегелі  істерін, ұстаздық ұлағатын көріп өстік, шырайлы шапағатына шомылдық. Кейде сабақ арасындағы 10 минуттық үзілістерде айтатын талай әзіл-қалжың әңгімелерінің қызығына баттық. Батыр мұғаліміміздің әрбір оқыған дәрісі бейне бір үлкен өмір сабақтарындай есте қалғаны рас. Тіпті, жадымызда ұмытылмастай жаңғырады.
Өткен  жылы  Ұлы  Отан соғысын­дағы Жеңістің 70 жылдығымен қоса асыл аза­маттың  100 жылдық мерейтойы ата­лып өтілгендігі, соған байланыс­ты талай игілікті істер, мәдени-рухани ша­ралар атқарылғаны мәлім. Осы мерейтой аясында, біз қызмет ететін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ректорымыз, академик С.Ж.Пірәлиевтің басшылығымен М.Ғабдуллин атындағы Тұлғатану орта­лығы ашылып, бас ғимараттың қабырғасына мемориалдық тақта орнатылып, шет елден өкілдер қатысқан халықаралық конференция өткізілгенін, «Мәлік Ғабдуллин» атты екі томдық тарихи-танымдық кітап шығарылғанын айта кеткен орынды болар. Оқырманға ұсынылып  отырған профессор С.Негимовтің жаңа еңбегі сол игі істердің заңды жалғасы, қорытындылаушы еңбек іспетті.
Кітап «Өсу жолдары», «Майдан жылдарында», «Мәлік Ғабдуллин ғылым майданында», «Халық қызметкері», «Мәлік Ғабдуллиннің әдеби көзқарасы және әдеби ортасы», «Жартыбайдың шәкірті» атты алты бөлімнен, түйін сөз бен қосымшалардан тұрады. Бірінші бөлім әдебиетіміздің абыз ақсақалы, М.Ғабдуллиннің сүйікті шәкірті, академик Серік Қирабаевтың: «Мәлік Ғабдуллин – ғылымның, соғыстың тарихында, қазақ халқының тарихында мәңгі сақталатын есім», – деген сөзімен ашылыпты. Мұнда «Болар бала бесікте бұлқынар, болар құлын желіде жұлқынар» дегендей, болашақ батырдың бала жастан сөз өнеріне құштар болғаны әңгімеленеді. Айталық, Мәліктің 1931 жылы (16 жасында) «Екпінді жас» журналының жетінші санында «Октябрят інілеріме» атты тұңғыш өлеңі жарияланыпты. Өзі сол жылдарда қазақша шығатын өлкелік «Пионер» газетінде, 1932 жылы «Лениншіл жас» радио-газетінде қызмет атқарғаны айтылады. ҚазПИ-дегі ұстазы, атақты тілші ғалым Құдайберген Жұбановтың, академик Қажым Жұмалиевтің, сондай-ақ, сол замандарда бірге оқыған курстасы, оқу-білім саласының ардагері Мырзай Алтынбекованың өз кезінде жарық көрген естелік мақалаларымен, оқу орнының тұң­ғыш ректоры Санжар Асфендияров, оқытушылары Сәрсен Аманжолов, Шарапи Әлжанов, Сәкен Сейфуллин, Молдағали Жолдыбаев, Телжан Шонанұлы, Мұхтар Әуезов, Митрофан Сильченко, Шайхислам Бекжанов жайлы тарихи мәліметтермен дәйектелген. Кітапта 1935 жылғы 21 маусымда институт бітіруші 4 курс студенті Мәлік Ғабдуллиннің «Бейімбет Майлин» тақырыбындағы дипломдық жұмысын талқылау жөніндегі комиссия мәжілісінің хаттамасынан деректер келтірілген. Дип­лом жұмысын талқылауға оқу орны директоры Шайхислам Бекжанов, Жазушылар одағынан Сәбит Мұқанов, Халық ағарту комиссариатынан Әмина Мәметова, тіл-әдебиет кафедрасынан С.Аманжолов, М.Жол­дыбаев, Т.Шонанов қатысып пікір айт­­қанын, комиссияның төрағасы Молда­ғали Жолдыбаев болғанын осы хаттамадан аңғарамыз. Одан соң Ферғанада әскери міндетін атқаруы, кейіннен «Социалистік Қа­зақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызметте болып, еңбек майданында тәжірибе жинақтағаны,  аспиранттық кезеңі, сол кездегі жеке оқу жоспары,  қазақ фольклорынан жасаған тақырыптық жоспары, «Қобыланды батыр жырының көркемдік-стилистикалық сипаты» та­қы­рыбында ғылыми реферат жазғаны, аспирант М.Ғабдуллиннің өндірістік жоспары сияқты құнды құжаттар оқырман назарына ұсынылады. Сонымен қатар, кітапта берілген  құжат-деректерден қазақ халқының аса көрнекті педагогы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 100 жыл толуына байланысты Қазақ ССР  Халық ағарту комиссары Төлеген Тәжібаевқа әй­гілі ағартушының еңбектерін шығару  және соған орай жеті түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жөнінде ұсыныс айтып, хат жолдаған Абай атындағы ҚазПИ-дің аспиранты М.Ғабдуллин екенін бүгінде біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. «Майдан жылдарында» атты екінші бөлімде даңқты қолбасшы  Бауыржан Момышұлы айтпақшы: «соғыста Мәліктің жасаған ерлігі сұмдық сойқан, өрімдей болып өте батыл болғандығының куәсі боламыз». Мұны оның майданнан  жазған хаттары да аңғартады: «Мен майданда немістермен қолма-қол соғысқан адаммын. Көптеген немісті атып өлтірдім. Біразын қан төбелесте бауыздап салдым. Жаудың он шақты танкісін гранаталармен қират­тым», – дейді  Мәкең 1944 жылдың 12 қыр­күйегінде елге жазған бір хатында. Саяси  жетекші  Мәлік  Ғабдуллиннің әр қимылы, іс-әрекеті, әдіс-айласы, тағылым-тәрбиесі, өнегесі мол тапқыр сөздері өршеленген жау­дың үнін өшіруге, құмырсқаша қаптаған қанқұйлы жендеттердің көзін жоюға жау­ын­­герлерді тастүйін етіп, жұмылдыруда пәр­менді идеологиялық қару болды. Со­ның нәтижесінде, олар Калинин, Новгород,  Псков облыстарында, Мәскеу маңындағы Ве­ликие Луки, Ширяево,  Рыбушка, Ново-Сви­нухово, Старая Русса, Дубосеково, Бородино, Осташево қалалары мен деревняларда болған қиян-кескі шай­қастарда өжеттіктің, табандылықтың  арқа­сында  ірі-ірі жеңістерге қол жеткізеді. «Ынтымақ – оқ жетпес, найза теспес сауыт» екендігін нақтылы мысалдармен, шы­найы іс-қимылдарымен дәлелдегенін майдан жазбаларынан, әскери ресми мә­лім­деме-хаттарынан байқауға болады. Кі­тап­та сұрапыл шайқастарда  генерал И.В.Пан­филов  дивизиясынан  алғаш рет М.Ғабдуллин  мен Т.Тоқтаровтың  Кеңес Ода­ғының Батыры атағына ие болғандығы жайлы  құжат-деректер келтірілген. Орыстың белгілі жазушысы Борис Полевойдың Мәлік туралы «Правда» газетінде 1943 жылы 25 сәуірде жарық көрген «Елдің ері» атты очеркі, «Казахстанская правда» газетінде 1943 жылы 20 тамызда жарияланған  «Қазақ халқының мақтанышы» атты бас мақала да кітаптан лайықты орын алған. Мәліктің батырлығы жөнінде  баяндайтын ресми құжаттар, жауынгерлік листовкалар мен гвардия подполковниктері Ахметжан  Мұхамедияров, Бауыржан Момышұлы, гвардия майоры Балтабек Жетпісбаев, гвардия капитаны Мірақас Байсаров, гвардия аға лейтенанты Құрманбек Сағындықов, бөлімше командирі Бақтияр Меңдіғазин секілді жолдастарының естеліктері  «Жақсыны жалғыз демеңіз, жалғыз боп туса онмен тең, он болып туса жүзбен тең, жүз болып туса мыңмен тең» дейтін халқымыздың даналық сөздерін еске түсіреді. Бұл бөлімде Мәліктің  ақылшы ағасы болған баһадүр қолбасшы Бауыржан Момыш­ұлы­ның  рухани жақындығына, рия­сыз, достық қарым-қатынасына байланысты  құнды да әсерлі материалдарға ерекше орын беріледі. Мәселен, мұны ер Баукеңнің  афоризмдерін жазып, жинап жүрген Мәлік ағамыздың 1942 жылдың 15 қыркүйегінде жазған хатын­дағы: «…Егер жазушы не ақын болсам, көк күмбезді қағаз етіп, көкала дарияны сия етіп,  «Батыр Бауыржан» деген хикая да жазған болар едім», – деген ой-толғамынан байқасақ,  кейіннен, 1944 жылы 4 қазанда,  Бауыржан Момышұлының ерлік тұлғасына арнап жазған ұзақ жыр-толғауы жоғарыдағы пікірімізді тағы да бекіте түседі. Ал, Баукең іні-досы  Мәкең туралы: «Мәлік Ғабдуллин кешуі қиын жерден қол ұстасып, асуы биік жерден жіп ұстасып өткен жауынгер інім еді, қысылғанда ақылдасқан серігім еді», – деп толғанған  болатын  оның алпыс жылдық  мерейтойында. 1943 жылы 24 сәуірде көр­некті жазушы Сәбит Мұқановтың «…Мәлік туралы роман жазуды ойлаймын. Ол үшін Мәліктің туған жеріне бару және майданда жүрген жерлеріне бару қажет», – деп Үміт Балқашевқа хат жазуы жайдан-жай емес. Аталған бөлімде Мәліктің  май­дандағы іс-қимылы, Доскей Әлімбаев, Нұр­пейіс Байғанин, Нұрлыбек Баймұратов, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Қалқа Жапсарбаев, Иса Байзақов, Ғалым Малдыбаев, Ғали Жұбандықов, Шәкен Отызбаев сынды халық ақындарының жырлары, мектеп оқушыларының  батырмен кездесулердегі арнау өлеңдері, естелік-ма­қа­лалар орайлы орын алған. Кітапта 1943 жылдың тамызында батырдың елге де­малысқа келіп, Ақмола, Қарағанды, Алматы қалаларында жұртшылықпен, Қ.Сәтбаев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сынды ғалым,  жазушы, өнер қайраткерлерімен кездесіп, жыр алыбы Жамбылға сәлем беруі, сондағы ұлы жыршының: 
Батырым – Мәлік беренім, 
Жүйрігім –  озған өренім.
Халқы сүйген қалаулым,
Жырымды саған төгемін, – деген өлең жолдары мен жауынгерлерге арнаған жыр-толғауы  оқырманына жақсы әсер қал­дырады.
М.Ғабдуллиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Жұмабай Шаяхметовке 1945 жылы 10 ақпанда жазған хатындағы: «…Мен қазақпын» деген ұғымның тек-төркіні мынау: өз ұлтыма, қазағыма деген мөлдір сүйіспеншілік, өз халқымның жауынгерлік дәстүрлеріне деген ізгі құрмет, оның сан ғасырлық мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне деген құштарлық, оған арыммен адал еңбек ету, халықтар достығын қорғау, бауырлас, көршілес елдерге көмектесу, қажет жағдайда ортақ жауға қол ұстасып бірігіп аттану… «Мен қазақпын» деуімде өз ұлтымды басқа ұлттардан асыра мақтау емес. Мен өз ұлтымның перзенті екендігімді түсіндіру. Тамшы қаным қалғанша, өз халқымның мүддесі үшін күресуге әзірмін. Мен ─ халық ұлымын. Халықтың  киесі бар. Жалған дүниеде ең ізгі, ең асқақ, ең таза нәрсе – өз халқыңның қызметшісі болу…», – деген сөздері ер Мә­ліктің өмірлік ұстанымы болатын.
Автор бұл бөлімде қан майданда ақ алмас­тай жарқылдаған батырдың әдептілігі, ұстамдылығы мен біліктілігі, соғыс өнеріне жетіктігі мен сұрапыл шайқастағы шебер ұйымдастырушылығы, ақыл-парасаты мен ерлігі сай келген, елін сүйген жанның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы сом тұлғасын, кесек бейнесін аша түседі.
«Мәлік Ғабдуллин – ғылым майданында» атты үшінші бөлімде С.Негимов қаһарман-ғалымның ғылым жолындағы жетістіктері  мен табыстары туралы сыр шертеді. Кейіпкерінің туған әдебиетіміз бен ұлттық фольклорымыздың  тарихы мен теориясына, жалпы әдіснамалық мәселелеріне, әсіресе, «Қобыланды батыр», «Едіге батыр» жырларының идеялық-мазмұндық архитектоникасы мен көркемдік мәніне ой көзімен қарап,  оны асқан білімпаздықпен саралаған  тұшымды ойлары сабақталады. Кітапта  көрнекті академик-ғалымның бірнеше басылым көріп, сан мыңдаған шәкірттерді тәрбиелеуде, мамандар даярлауда кәдеге жараған «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты оқулығы, қазақ әдебиеті мен фольклорына  байланысты  оқу бағдарламалары  мен педагогика  және психология  ғылымдарына, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесіне арналған танымдық тұжырымдары  әңгіме өзегіне айналады. Мұнда қаһарман-ұстаздың  алғаш ғылым жолына  түсуі мұрағаттан жаңа табылған мағлұмат-деректермен, құжат-дәлелдермен ұсынылады. Еңбектің «Халық қызметкері», «Мәлік Ғабдуллиннің әдеби көзқарасы және әдеби ортасы» атты бө­лім­дері де өз оқырманының назарын аударады. Автор Мәлік батырдың адами тұлғасына, кісілік қадір-қасиетіне  байланысты әсерлі естеліктер, әдеби-көркем материалдар мен эпистолярлық мұрасы – құрбы-құрдас, әріптес-замандастарының (Ж. Шаяхметов, Н. Оңдасынов, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ж. Жантөбетов, Қ. Шәріпов, С. Аманжолов, Қ. Нұрғалиев, С. Серкебаев, Ш. Мұртазаға, М.Сәрсекеев, Б.Тілегенов, Р. Тоқтаров, М.Мағауин, А.Сейдімбек т.б.) хаттары арқылы адамды алға жетелейтін, ой-санасын тазартатын, жан-дүниесін дүр сілкіндіріп, қанаттандыратын ерекше күш – арман екенін, ол іс-әрекет ұштасып, ел жұртыңның мүдде-мақсатымен та­бысқан жағдайда ғажайып өнегелі құ­былысқа айналатынын байыптайды. Мәлік ағамыз адам мінезін, сөз мәнері мен көңіл-күйін, жүріс-тұрыс, ой-аңсарын аңғарғыш, байқағыш сезімтал адам болатын. Жұрт  жиылған  басқосу-мәжілістерде, кандидаттық немесе докторлық диссертация қорғайтын кеңестерде, институт ғылыми кеңестерінде қарап отырмай, әзіл-қалжыңға, тапқырлыққа толы өлең жазып,  ортасын күміс күлкіге  толтырып отыратын. Оны жұртты сергіту үшін  көбіне мәжіліс соңына таман төраға алдына беріп жіберіп, соған оқытып, кейде өзі сөйлегенде оқып беріп, ұзақ-сонар жиналыстарда шаршап отырған жамағаттың көңілдерін бір серпілтіп тастайтыны бар еді.
«Жартыбайдың шәкірті» аталатын соңғы алтыншы бөлім толығымен М.Ғаб­дуллиннің осындай фольклорлық үлгідегі шығармашылығына арналған. Бұл бөлім бұрынғы екі басылымда да берілген болатын. Ал, мына нұсқада ғылым докторлары, профессорлар Манап Хасеновке, Мырзабек Дүйсеновке байланысты жаңа мысал өлеңдермен, тың деректермен толыға түскен. Жартыбай – жыр алыбы Жамбылдың айналасында жүрген өлең шығаруға талабы бар, Жамбылша сөз сөйлеймін, жыр айтамын деген қара жаяу, қа­ра­бай­ыр жартыкеш ақын болса керек. Қа­шан да бойындағы қабілет-қарымын  бүркемелеп ұстайтын  қарапайым да кішіпейіл Мәлік өлең шығару технологиясын жақсы білсе де, ой толғау мә­нері жоғары болса да қызық үшін өзін Жар­тыбайға ұқсатып, өлеңдерінің соңына «Жар­тыбайдың шәкірті» деп қолын қоя­ды екен. Мұны сол кезде филология ғылымдарының докторы, профессор-жа­зушы Мырзабек Дүйсенов: «…Қаламды Мәкең қолға алды, Қолға алды да толғанды. Пір тұтатын ақыны Жартыбай деген болған-ды. Жартекеңе сиынған, Сөз табатын қиыннан. Мәкең шықса мінбеге, Жұрт сөзінен тыйылған. Құлақтанып бәрі де, Бір үйге түгел жиылған…», – деп жазып толықтырыпты.  
Соңғы  бөлімдегі шығармалар Мәлік ағамыздың ақындық өнермен қатар, астарлы әзіл мен ұтымды юморды, фольклорлық дәстүр-үлгіні жете меңгергенін көрсетеді. Бұл шығармалардың ойы орамды, сөзі мығым, көркемдік бояуы қою, әрі жеңіл оқылады. Мәселен, белгілі аудармашы, жазушы-ғалым Сәйділ Талжанов докторлық қорғап жатқан кеңесте Мәкең: «Тарланындай Тар­ғынның, Ауыздықпен алысып, Ұшқан құспен жарысып, Дөңгелетіп жер шарын, Бұрқыратып дөң шаңын, Қос таралғы сартылдап, Дулыға күнге жалтылдап, Бес қаруы үстінде, Ағызып біреу келеді. ─ Мынау қандай батыр? – деп, Жиналған жұрт қарады, Тұлғасына сүйсініп, Түсіріп аттан алады, Аман-саулық сұрасып, Жақындап оған барады. Жаңағы батыр ал, сонда, Бөгелместен сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Омардың ұлы Сәйділмін, Ғы­лымға тартып барамын, Құдай берсе, мен бүгін, Докторлықты аламын. Алпыс бесте Қартқожақ, Батырлығын білдірген, Дұшпандарын мұқатып, Дос-жаранын күлдірген, Мен де сондай болам деп, Докторлық төрге қонам деп, Білек түрген түрім бар…», – деп  батырлар жырындағыдай  тұтас картина, жанды сурет жасап, жыр толғаса, бүкіл саналы ғұмырын тек қана қазақ тіліндегі синоним сөздерге арнаған көрнекті тілші ғалым, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әсет Болғанбаевтың докторлық диссертация қорғаған кеңесінде: «–Уа, синоним, синоним, Сүйдім сені беріліп, Соңыңа түстім көп уақыт, Көргенім жоқ ерініп. Жатсам-тұрсам ойымды, Ғашығымдай қармадың. Бойдағы жігер күшімді, Бір өзіңе арнадым. Міне, бүгін, Синоним, Жұрт алдына келдік біз. Бағалар деп еңбекті, Ағаларға сендік біз…», – деген өлең жолдары арқылы ғылыми-зерттеу тақырыбына әбден берілген тілші ғалымның юморлық бейнесін сомдайды.
Халық қаһарманы, батыр Бауыржан Момышұлы: «Мәліктің ғалымдық, педа­гогикалық еңбегі, өз алдына, ол кешегі қан майданда ел қорғаған ер, батыр… Ол – Халық батыры. Марқұм Мәлікті сыйлау ол үшін емес, кейінгі ұрпақ үшін керек. Оның өмірі жастарымызға, па­триоттық, интернационалдық тәрбие берудің өзінше бір мектебі», – дейді. Олай болса, Кеңес Одағының Батыры, аса көрнекті педагог-ғалым, қайраткер-қаламгер Мәлік Ғабдуллиннің ғибратты ғұмыры туралы оқырманына жол тартып отырған тарихи-танымдық зерделі зерттеу қазіргі қазақ қоғамына аса қажетті еңбек деп толық сеніммен айта аламыз. Бұл зерделі зерттеуші, мәліктанушы ғалым Серік Негимовтің қажырлы еңбегі мен табанды іс-әрекетінің жемісі.  

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!