Темекі тартқанша – домбыра тартайық

  • 11.04.2017
  • 612 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Талғат Төлегенов,
филология ғылымдарының
кандидаты

Жалпы, музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй.
М.Әуезов.

«Ислам және өркениет» газетінде жарық көрген Қызырғазы Тоқтаровтың «Темекі түтініне тұншықпайық» атты мақаласына орай, менің де адамзат баласы үшін осы зиянынан басқа пайдасы жоқ темекіге қарсы күресудің бір жолы ретінде өз ойымды білдіргенді жөн көрдім.
Темекінің асқорыту жүйесіне тигізетін зардаптарына келсек: Асқа деген тәбетті қайтарады; Ас қорытуды қиын­датады; Тісті сарғайтып, ауызды сасытады; Асқазанда жара пайда болады; Ерін, тіл және өңеш рагына жол ашады. Темекінің тыныс алу жүйесіне тигізетін кесірі: Жөтелдіріп және қақырық тастатады; Созылмалы тыныс жолдары қабынуына себеп болады; Көмекей және өкпе рагына душар болғандардың 90 пайызының себебі осы темекі никотинінен. Осы аурумен өлетіндердің саны темекі шеккендер шекпегендерден он есе артық екендігі анықталған.
Жалпы, өз басым өмірімде темекі тартып көрме­гендіктен болар, сол құрғырға кейбіреулердің сонша неге әуес болатындығына түсіне алмай-ақ қойдым. Ал, олардың өздеріне салсақ әркім өзінше түсіндірген болады. Біреулердің айтуынша, әсіресе, тамақтан соң тоқ тарқатқанға пайдасы зор болса, біреулері бір түйіні көп жұмыстардың шешімін іздеп ойға батқанда рахаттанасың дейді. Ондай рахаты бар болсын. Қайта мен үшін қиялдың қалың орманын аралағанда ойыңа қанат байлап көкке ұшыратын күй атаулыға ештеңе де жетпес деп ойлаймын. Өйткені, дана халқымыз күйдің құдіретін «күй – тәңірдің күбірі» деген бір ауыз сөзге сыйдырмап па еді. Осы күні темекіні былай қойып, нашақорлықпен күрес туралы, жалпы алғанда жастар тәрбиесі жайында әңгіме жиі айтылып жүр. Алайда, құр сөзді қоздата бергенше, оның алдын алудың жолын қарастырып, іске көшкен әлдеқайда тиімді емес пе. Оның бір жолы ретінде жастардың бетін әдебиет пен өнерге бұрып, ал, темірқазық қылып исламды ұстанса дер едім. Жастарды орынсыз кінәлай беру де артық болар. Өйткені, олардың көбі немен айналысарын білмей, бойындағы күш-қуатын қайда жіберерін білмей алас ұруда.
«Адамзаттың ең биік шыңы – жастық» болатын болса, олардан небір ірі істер күтуге болады емес пе. Тек, олардың беталысын дұрыс бағыттап отырса болды. Ал, жастардың аспайтын асулары, алмайтын қамалдары болмайды. Өйткені, олардың осы жолда жастықтан басқа жоғалтары жоқ. Менің де азды-көпті атқарып жүрген істерімді айтып, оқырманмен ой бөліскім келген еді. Ал, негізгі ұстанған бағытым әдебиет өнер болғандықтан, соның ішінде жастарды қазақтың қасиетті аспабы домбыра үйретуге баулып жүргендіктен, саз өнеріне аз-кем тоқталғанды жөн көрдім.
Жалпы, күй атауының шығу төркіні жайында, күй тілінің ерекшелігі, күй орындалатын аспаптар мен күйшілер туралы, тіпті, құлақ бұрауға байланысты қоңыр үн төңірегінде бірқатар ғалымдарымыздың баспасөз бетінде қалам тербегені көпшілікке белгілі. Кейінгі жылдары ұлтымыздың киелі де, қасиетті аспабы домбыраны үйретудің жеңілдетілген түрі ретінде, сандық нотаны пайдалануды айтып қана қоймай, оны қазақ ұлты түгіл өзге ұлт өкілдеріне үйретіп, іс жүзінде көрсетіп келе жатқан ұлтжанды азаматтарымыз да баршылық.
Саз әлеміне селқос қарайтын, сазды әуенге селт етпейтін адам баласы кемде-кем болар, сірә. Өйткені, музыкасыз өмірдің мәні де, сәні де келіспейтіндей болып тұратын сияқты. Тіпті, Мұхаммед (Ғ.С.) пайғамбарымыздың өзі («Шифаһиа» кітабында) музыка туралы: «Кім сазды әуенге елікпесе, әдемі, көркем көріністен рахат алмаса, оның өн бойы бұзылған, оған лаж жоқ» деген екен. Алайда, әр халықтың, әр ұлттың өзіне тән дыбыстары болатыны тәрізді (мысалы, қазақ тіліндегі ә,ө,ұ,ү,қ,ғ,і,ң,һ қаріптері секілді), әр ұлттың өзіндік сазына тән, құлақ күйі бұрауына байланысты, ұлттық үні де болады екен. Мысалы, біздің ұлттық аспаптарымыздағы оң және теріс бұрауды төл бұрауға (яғни, ре-ля-ре бұрауына) түсіретін болсақ, ұлтымыздың рухын оятатын, баба үні қазақтың құлаққа жағымды «қоңыр» үні қайта оралып, қазақ сазы қайта жаңғырғандай болады екен.
Кезінде, қызыл идеология үстемдік құрған зұлматты жылдардың құрбаны болған, алаштың асыл ардағы, ұлтымыздың біртуар ұлдарының бірі Шәкәрім Құдай­бердіұлының ұлттық үн туралы:
«…Өлеңімде өмірімнің тұр мәні,
Оны талмай Мағжан ақын
жырлады.
Өз ұлтыңның үн өлшемін білмесең,
Онда сені Құдайдың дәл ұрғаны!..» деген сөзінде мағыналы да, мәнді, терең бір астарлы сыр жатқандай. Осы ұлттық үн өлшемі жайында бүкіл саналы ғұмырын сарп етіп, барлық тиісті орындарға айтып та, жазып та күресіп келе жатқан нағыз ұлтжанды азаматтарымыздың бірі Балтабай Мәтбусаұлына арнайы тоқталып өткенді жөн көрдім.
Балтабай Мәтбусаұлының төл бұрау туралы айтқан пікіріне келетін болсақ: «Өткен ғасырдың отызыншы жылдарын­да арнайы шақыртумен келген орыс, еврей мамандарының жоспарлауымен еліміздің барлық оқу орындарында орысша, еуропаша бағдарлама жасалып, қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері бір шетте қалған. Олардың бұл іс-әрекетінің республикамызда еуропалық музыка өнерінің шарықтап дамуына ерекше әсер еткенімен, халқымыздың ұлттық сезімінің өлуіне себеп болатыны ескерілмеген. Қазақтың тілін, дәстүрін білмей отырып, күйлерімізді өңдеп, әндер шығарып, симфония, операларды дүниеге келтірген олардың, саз аспаптарының қазақы баба бұрауының өзгертілуіне себепші болуына байланысты, ұлттық өнерімізге үлкен қиянат жасалған». Алайда, төл бұрауымызды тірілтіп, «қоңыр» үнімізді қалпына келтіру үшін, 1958 жылдан бері шыққан қаншама музыка оқулықтарын, толып жатқан халық аспаптары оркестрлерінің репертуарын, баспадан басылып шыққан күйлердің нотасын, жалпы оқу бағдарламасын қайта қарауды, өзгертуді қажет ететін аса күрделі шаруа екен. Әрине, оған мемлекет, өкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, қаржы-қаражат бөлініп, көп болып, жұмыла кірісетін істің қажет болатыны даусыз. Сондай-ақ, аспаптардың сапалылығына, оларға тағылатын ішектердің жасалу технологиясына да баса назар аудару қажеттігі туралы да ғалымдарымыз аз айтпай жүрген жоқ.
Десек те, күндердің күнінде ұлттық мүддеміз үшін, ұлттық саз өнері үшін бұл қозғалып отырған әңгіменің іске асарына сеніміміз мол. Жалпы алғанда, ұлттық саз өнері туралы қордаланып қалған проблемалар саны аз емес. Оның түйіні шешілу үшін нағыз ұлтжанды азаматтарымызға жағдай туғызып, оларға қажетті барлық мүмкіндіктерге жол ашылуы тиіс деп ойлаймын. Осы орайда, қазақ поэзиясының құлагері атанған І.Жансүгіровтің:
«Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң – тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бола ма
Тілден анық үн барда?
Домбыраның күші мол
Көмейінде күй барда!» – деп айтқаны еске түседі. Сондай-ақ, ақиық ақынның күй­дің сезімдік тілін сипаттауы бойынша күй «сыбырлайды», «мұңаяды», «толғанады», «зарланады», «бұрқырайды», «сарнайды», «ақтарылады», «лекілдейді», «лепілдейді», «сылдырлайды», «күмбірлейді», «сың­қылдайды», «маймаңдайды», «был­қылдайды», дүбір салады», «маужырай­ды», «қарғиды», «орғиды», «ағады», «лағады», «асқақтайды», «шырқайды», «сілтейді», «ызғытады», «дауылдатады», «жауындатады», «нөсерлетеді», «қайнайды», «қарш-қарш шайнайды», «пысқырынады», «сарғайтады», «сарылтады», «өртейді», «күйдіреді», «ауыртады», «сағынтады», «сылаңдайды», «қылаңдайды», «ұрандайды», «қыл­мыңдайды», «бұлаңдайды», «құл­дырайды», «бұлдырайды», «ыңы­ранады», «жынданады», бауырымдайды», «дірілдейді», «жүр-жүрлейді», «ылпылдайды», «бипылдайды», «балбырайды», «лапылдайды», «үздігеді», «ырғалады», «жалынады», «аңырайды», «боздайды», «маңырайды», «жамырайды», «күркірейді», «сорғалайды», «сыңқылдайды», «қыңқылдайды», «еркелейді», «тербейді». Бұл сипаттаудан күйдің сезімдік тілінің шексіз екендігін көреміз.
Ал, музыка атаулының барлығында ешқандай шектеу, шекара дегеннің бол­майтындығына байланысты, біздің ұлттың саз өнеріміз күйге, ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан қасиетті мұрамыз домбыраға өзге ұлт өкілдерінің де аңсары ауып, оны үйренуде құштарлық танытып келе жатқанына өзім он жылдан астам үзбей үйретіп келе жатқан студенттерімді куә ретінде тарта аламын. Өзім айтып жүретін «темекі тартқанша, домбыра тартыңдар» деген сөзімді құп алған студенттердің оқуды бітіріп, жұмыс істеп жүргені бар, әлі оқып жатқаны бар ұзын-саны 300-ден асып жығылады екен. Және де көбісі өзге ұлттың өкілдері. Әрине, студент қауымының белгілі бір мамандық алумен ғана шектеліп қана қоймай, рухани жағынан да жан дүниесін байытып, қазақтың ұлттық өнерінен, мәдениетінен хабардар болып, игеріп жатса несі артық. Тіпті, домбыра үйренуге құштарлық танытқандардың ішінен кейбіреулері өздеріне домбыра сатып алып қана қоймай, шетелге оқуға баратындары домбыраны өздерімен бірге ала кететіндерін айтқандары бар. Расында да, қасиетті домбырамыздың тек қазақ төрінде ғана ілулі тұрмай, бүкіл қазақстандықтардың төрінде ілулі тұратын болса және де ол жайында тек қазақ қана емес, өзге ұлттың өкілдері де насихаттап жатса, нұр үстіне нұр емес пе. Жалпы, алғанда, қазақ ұлтының мүддесі үшін тек қазақ халқы ғана күресіп қоймай, өзге ұлт өкілдерінің де жұмылып, атсалысатын кезі жеткен секілді. Ондай адамгершіл адамдар да жоқ емес.
Менің ойымша, қандай мамандықты қаламасын әрбір адам руханияттан нәр алуы тиіс деп ойлаймын. Ал, оның бас­тау көзі исламда жатыр. Тіпті орыс халқының ұлы ойшылы Толстойдың өзі де: «Өзін ақынмын, саналымын деп санайтын адамдардың ең соңғы табан тірер жері – Ислам» демеп пе еді. Ал, сол асыл діңгегіміз исламға ұйыған еліміздің ұлттық мәдениеті мен өнерінде, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарында жастарға беретін баға жетпес құндылықтар өте мол. Сондықтан да, сол алтын қазынамызды бағалай біліп, оны жастарға жеткізе білсек деймін.

Алдыңғы «
Келесі »