«Қоңырау теңіз» толғағы (Дежавю)

  • 10.05.2017
  • 954 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Думан Смақов,
студент

Оңашамын. Өзіммен-өзіммін. Расын айтсам, қайдағы оқшаулық.Ығы-жығы, қайшыласқан жұрт. Студенттер қауымының қарбаласы. Дабыр-дұбыр, алашапқын. Қырық үйіріледі құйындай. Не десе де, әйтеуір, өзіммен-өзіммін.
…Ащы ішектей созылған дәліз. Арғы жағы – ағараң-ағараң. Оңы мен солы қаптаған атаулы есік. Оюлы бәдіз, тарихи сурет, жыпырлаған жарнама. Керегеде ине шаншар орын жоқ.Іштей: «Күні ертең тағы бір сабаз қыр асып кетсе, оған біздің журфак орынды қайдан сайлар екен», – деп іштей мырс еттім. Анда-санда бір соғар осындай шайпау да жадау ойды бастан сыпыра бергенім сол-ақ еді, қақ алдымнан ортадан сәл төмен бойы бар, өңі аққұба жігіт ағасы шыға келді. Қасында қою қара қасты, шырайлы жасы бар. «Армысыздар!» – деп қастарынан жедел өте бердім.
– Думан, айналайын, сәл тізгін тартшы, – Кәкен ағайдың даусы. Ішім қылп ете түсті. Біздің ұстаздар, несін айтасыз, жұмсауға шебер. Мынаны апарып тасташы, ананы алып келші. Бармай көр…
– Ау, ағай? – деп профессордың қасына елпеңдей жетіп бардым. Бері жүр дегендей бос аудиторияға ерте кірді. Отыра бере сұрағын жаудырып берсін.
– Балам, сен осы Әнуар Әлімжановты білесің бе?
Білмегенде ше. Білемін. «Көгілдір тауларын», «Махамбеттің жебесін», «Алаулаған найзасын» мектеп қабырғасында жүргенде аударып-төңкеріп тас­та­ғанмын. Бұған жақында ғана «Жас Алашқа» жа­рияланған Ғаббас Қабышев ағамыздың Семей полигоны жайындағы зерттеу мақаласын қосыңыз. Онда да Әнуар Тұрлыбекұлы туралы ауыз тұщытарлық деректер баршылық… Оны несіне сұрады екен? Бұл – менің түкпіріме бүккен ойым. Сырттай бас изедім.
– Орысшаң қалай?
– Мен орыс мектебінде оқыдым. Бала кезімнен орыс тілділермен көбірек араластым, – дей бергенім сол еді, қасындағы жігіт:
– Ағай, айттым ғой. Бізге керегі осы жігіт. Алып шыға алатын секілді, – деп менің мақтауымды асырды.
– Онда былай. Соноу мың да тоғыз жүз алпыс бірінші жылы «Лениншіл жаста» Әнекеңнің «Қоңырау теңіз» деген очеркі жарық көрді. Газет жариялаған очерктер бәйгесінде бас жүлдеге ие болды-ау деймін. Бір қызығы – сол шығарма кейіпкерінің баласы біздің университетте сабақ береді. Оның өзі де бар сол очерк ішінде. Ол кезде студент. Бүгіндері белгілі ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор. Шала піскен PhD-лер, қолтума қауғабайлар мен шетелдік журдендер емес, халықаралық деңгейде танылған биофизик Виктор Михайлович Инюшин…
Мен шыдай алмай:
– Әлімжанов қазақша жазып па еді? – деген сұрағымды қыстыра қойдым.
– Талай қазақтан артық кестелейтін. Сен енді сөзді бөлме. Бұл сырттай қа­рағанда, кәдімгі романтизм сары­нындағы пейзажы қанық туынды сықылды. Бұқтырма теңізінің орнығуына, су элек­­тростансасының салы­нуына ар­налған. Ал, астарлы ойы сол за­ман­дағы идео­логиялық композициядан әлде­қай­да ауқымды. Оқып шық. Электронды нұсқасын поштаңа салып жіберем. Айт­қандайын, Валентин Распутин «Прощание с Матёрой» повесін 1976 жылы жазса, Әнекең ол проблеманы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары-ақ көтерген, жаратылыс шаруасына бас-көзсіз араласу опа таптырмайтынын сол заманда-ақ ескерте кеткен. Сен былай істе: осы тақырыпты індет. Тутуге бойлап бар. Виктор Михайлович Инюшинмен пікірлес. Өткенге оралып, мойын бұрып көрсін. Меніңше, қазір газет бетін бермей жүрген «планетарлық» журналистикадан гөрі осындай деректі материалдар оқырманға аса қажет.Бұрындары, тіпті, біздің заманның өзінде журналист іссапарға тоймайтын. Екпінді құрылыстарда жүретін, шахталарға түсетін, мыс қорытушылар еңбегін өз көзімен көретін, егін орағы, мал төлдету сияқты қарбалас науқандарға білек сыбана араласып кететін. Іссапар – қаламгердің рухани азығы, сыншыл реалистік мектептің баспалдақтары. Солай емес пе? Өйткені аумалы-төкпелі өмірді саралау, ел-жұрттың ты­ныс-тіршілігімен танысу арқылы олар өз дәуірінің жылнамасын жазады, мүм­кіндігінше кейінгі ұрпаққа шыншыл дерек, боямасыз факті қалдырады. Жур­налистиканың көркем әдебиеттен басты айырмашылығының өзі осында, халықтың күнделікті тіршілігінің ортасында жүруінде. Бұқараның психологиясын, тыныс-тіршілігін жақсы білуінде. Біз осы классикалық журналистикадан айрылып қалдық. Қазіргі журналистер – үйкүшік, мен оларды офис журналистері деймін. Ырыздығын интернеттен ғана теріп жейді. Білетіндері – ақпарат, бренд, менеджмент. Менің саған ұсынып отыр­ған тақырыбым одан мүлде бөлек, ретроспектива. Француздар айтпақшы, дежавю.
– Жарайды, ағай, – дедім де, тағы не айтар екен деп ұстазымыздың лебізіне енді құмарта құлақ түрдім. Сүйте-сүйте өткен шақтағы оқиғаларға дендей еніп кеткенімді өзім де аңдамай қалдым. Сөз арасында ағай осы шаққа да оралып:
– Негізгі идеяны естен шығарма, жа­дыңда ұста, қарғам, – деп қояды.
Осы әңгімеден кейін біраз уақыт өтті. Алматымыз көк шапанын сыпырып, ақ шапанын иығына ілгелі қашан. Салтанатты шеру, сап түзеген әскердей шыршалар. Жапжасыл арасында мен ғана, бұтақтан бұтаққа ырғыған тиін ғана. Биосфера, биокеңістік дегеніміз де осы шығар. Ал,ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультеті осы ажарлы кеңістіктің интеллектуалды жалғасы емес пе?..
Ақ маңдайлы мәрмәр баспалдақпен төр­тінші қабатқа көтеріліп келемін… Алдымнан оймақ ерін, қыпша бел, ақ халатын жабыстыра киген талдырмаш түркі тектес лаборант қыз шыға келді де:
– Сизди Виктор Михайлович кутип отыр. Он уже давно здесь, – деді жылдамдата.
Қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады дегенім асылық болар, бірақ, екінші курстың студентін атағы айдай ғалым күтіп отырғанына көп-көрім марқайып, көңілім өсіп қалды. Жайдары басып кабинетке кіріп келдім.
– Да, да, молодой человек, проходите, – деді төрдегі жұмыс үстелінің арғы жа­ғына жайғасқан сұңғақ бойлы, алпамсадай қария қолын ұсынып. Осыдан кейін екеуміз де, қазіргіше айтсақ, ұлтаралық түсіністік тіліне көш­тік. Қанына сіңген әдеті ме, әлде, қай-қайдағы есіне түсті ме, атағы біздің елден әлдеқашан асып кеткен ғалым бір күрсінді де әңгімесін сабақтап әкетті…
– Серябрянск, шамамен, 1960 жыл. Әну­ар Әлімжановтың қасында бел­гілі ақын Леонид Кривощеков бар. Әнуар ол уақытта жап-жас. Бұл кезде Бұқтырма су қоймасын толтыру жұмыстары басталған. Біз «Қоңырау теңізде» ай­тыл­ғандай, тымық күні су қоймасынан Қара Ертіске дейін жүздік. Ол өзінің бас­тан кешкендері, Индия сапары жайлы елді еліктірер суреттерді жайып салды. Оған су бетін тілгілей зымыраған катер қатты ұнады. Біз шамамен екі күндей айдынды армансыз шарладық. Қара Ертіске жеткен кезде от жағып, түнімен әңгі­ме-дүкен құрдық. Әкем мен Әнуар аға талай тақырыптың басын шалды. Әкем Бұқтырма су қоймасын қалай сал­ға­нын, оның тарихын, қиындықтары мен қызықтарын баяндап берді. Әнекең жас­тығына қарамастан Бұқтырманың, Зайсан мен Шүлбінің табиғатын, флорасы мен фаунасын жақсы біледі екен. Осы түннен кейін мен сол арада қалып қалдым, Әнуар Әлімжанов пен әкем Бұқтырма су қоймасына қайта кетті. Мен ол уақта өзіңдей студентпін, сол себепті көп нәрсе есте қалмауы мүмкін, өзің білетіндей,С.М. Киров атындагы КазГУ биофагының 4ші курсында оқитынмын.
Әнуар аға кеткен соң, көп ұзамай Бұқтырма жайлы материал жарқ ете түсті. Уақыт өте келе 61-ші агрегат іске қосылды. Кейін, Әнекең Алматыда әкеммен жолыққан екен. Орталық Комитеттің Пленумында. Әкем партия Орталық Комитетінің мүшесі болатын. Әкемнің айтуынша, ол тағы да Шығысқа келуді жоспарлаған екен. Бірақ, беймәлім бір себептерге байланысты жолы түспепті. Іле-шала Ресейден Сергей Залыгин келіпті, ол қаламгер де біраз материал жинап кетіпті. Әлімжанов пен Залыгин бір-бірін тікелей болмаса да сырттай білетін. Олардың бір-бірі туралы пікірлері жағымды еді.
«Қоңырау теңіз» жайлы сөз қозғалғаннан кейін, оқырман сол очерктің басты кейіпкері – әкемнің өмір мектебі сілемдерімен та­нысқаны да жөн шығар. Ендеше, азды-көпті мәлімет бере кетейін. Михаил Васильевич Инюшиннің 1960 жылы Мәскеудегі «Моладая гвардия» баспасынан «Свирь Иртыш» деген кітабы жарық көрді.Ертіс өңірі туралы. Аталмыш кітап 1961 жылы қайта басылып шықты. Әкем осы кітабына қолтаңба беріп, Әнуар ағаға сыйлаған болатын. Бұл кітапта әкем туралы, оның өмірі мен қызмет өрісі туралы біраз дерек берілген. Негізі, ол өзінің еңбек жолын Туладан бастаған. Әжем фельдшер, атам агроном еді. Сол тұста ауыл шаруашылығын қолдап, оны көркейтуге өзіндік үлес қосқан ең беделді партиялардың бірі – эсерлер құрамында болған. Талай көтеріліс, бас көтерулерге қа­тысқан. Ақыр-аяғы тұтқындалып, Коми республикасына айдалған. Ол өңірде қатты ауруға шалдығады, соңыра оны Архан­гельскіге қарағанда, анағұрлым жылырақ Калмыкияға айдайды. Ол жерде атамның дерті асқынып, өкпе кеселі меңдей бастайды. Сөйтіп, не керек, атамды айналасына қауіп төндіретін сырқат деген желеумен босатыпты. Сонымен, өзінің туған жеріне оралады. 1912 жылы атам дүниеден озғанда, әкем небәрі 6 жаста. Әкемнен атам жайлы сұрасам, ештеңе айта алмайтын. Тек еміс-еміс есінде екендігін ғана тілге тиек ететін. Небір қиындық көріп өскен ол жастайынан ауыр еңбекке араласып, отбасын асырайды. Осы тұста екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Бұл жылдары әкем приходская школада оқып жүрген.
Одан кейін омарташының көмекшісі болып, артынша майданда жарақат алған солдаттарды емдейтін пунктке ауысқан кө­рінеді. Ол осы жерде жүріп оң-солын таниды, біраз дүниені меңгереді. Әкемнің өзіндік жеке емдеу тәсілі де бар еді. Ол негізінен қымыз беріп ем дарытқан.
16 жасында Тула қаласындағы раб­факқа оқуға түсіп, ол жерде пеш жағушы болып қосалқы жұмыс жасайды. Оқуды үздік бітірген (ол тұста үздіктер саны аз болған) Михаил Васильевичті Петроград Политехникалық оқу орнына ұсыныс жолдамамен жібереді. Осы жерде гидротехника факультетінде оқиды. Айта кету керек, бұл оқу орны большевиктер көсемі Лениннің бастамасымен ашылған-ды. Жоғары мек­тепті тәмамдаған алғашқылардың бірі – әкемді Волхов СЭС-іне жібереді, ол осы арада ұста, кейіннен бөлім бастығы, инженер болып жұмыс бабымен жоғарлаған. Күндердің күнінде аталмыш станцияны ашуға Сталин мен Молотов келеді. Волхов станциясы енді ғана атауы өзгерген Ленинград үшін ғана емес, сонымен қатар, айналасындағы елді-мекендер үшін де аса маңызды болғаны тарихтан белгілі. Өзінің өжеттілігімен, қайсарлығымен елден дара тұрған М. Инюшинді ел басшылары байқап қалған көрінеді.
Содан кейін, оны Қазақстандағы ГЭС-терге Бас инженер ретінде бекітеді. Нар­комның бұйрығымен 1938 жылдың басында оған Өскемен су қоймасының құрылысын салу тапсырылады. 25-35 мыңдай ғана тұрғыны бар кішкене қалашықта сол тұста өркениеттің бір де бір белгісі байқалмаған екен. Ешқандай өңдіріс те болмаған. 1941 жылдың мамырында, шамамен менің екі айлығымда Ленинградтан Өскемендегі Аблакет кентіне қоныс аудардық. Осы жыл­дары Ертістің арнасын өзгертіп, СЭС са­луға дайындық басталған тұста соғыс өрті тұтанады да, су қой­маның құрылысы уақытша тоқтатылды. Тек 1946 жылы құрылыс қайта жанданады. Сөйтіп, жұмысшылар 1952 жылы нысанды мерзімінен екі ай бұрын іске қосады. Ал, ол кездері жоспардан бұрын пайдалануға беру деген мода еді ғой. Қорғасын комбинатына, атом бомбасына, уранға қатысты барлық қажетті қуат осы СЭС-тен алынды.
Өскемендегі шаруа аяқталысымен әкем Тельман Аспандияровпен бірге Бұқ­тырманы салуға кіріседі. Тельманды менің әкеме оның әкесі, сол кездегі ішкі істер министрі аманаттаған. Олар алғаш рет суперқатты бетон технологиясын пайдаланады. Ал, қазір осы технологияны бүкіл әлем іске жаратып отыр. Дәл осы әдісі, су қоймаларын салудағы ерен еңбегі үшін оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі және Ленин ордені қоса тапсырылады. Оның арманы өз тәсілдерімен қатар жаңа тәсілдерді ойлап табатын орталық ашу еді. Не керек, ол бұл мақсатына жете алмады. Осы құрылыстан кейін ол Алматыдағы (тауда) СЭС-ті салуды бастап кетеді.
Қазақта дәм-тұз деген ұғым бар. Жұмыр басты пенденің талқаны қай қиырда таусыларын кім білген. Әкем 1965 жылы 22 ақпанда Ленинградта бү­кілодақтық ғалымдар кеңесінде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін дәлелдеу барысында о дүниелік болып кетті. Әкейдің аса қош көрер ісі өзі айналысқан ғылым түрі еді. Сонымен қабат, ол барлық ғылымнан, тарихтан, нақты ғылымдардан, әдебиеттен хабары мол еді. Алматыдан, Мәскеуден шығатын танымдық басылымдарды сүйіп оқитын. Өз заманындағы қатал басшыларға шаншыла қарайтын, қарапайым шаруа отбасынан шықса да, кекірейіп қалған лауазымды шіркіндерге ойланбастан тойтарыс бере алатын.
Ол әке ретінде аса қатал емес еді. Көбіне үндемейтін. Байыпты да салмақты. Қашан көрсең де өз шаруасынан айнымайтын. Көбік ауыздардың заманында өмір кешсе де, сөзі әрі кеткенде 10 минуттан аспайтын. Әнуар аға айтып өткендей, басты рөлді өз жұмысы мен азаматтарға деген құрметке беретін. Әншейінде сыр ашпайтын әкем журналистерді өте құрметтеді. Олардың жұмыстарының қиын, оқыс оқиғалар мен тосын жағдаяттарға толы екенін үнемі айтып отыратын.
Әкем болған соң мақтап отырғамын жоқ, шындығы осы. Оны қарама­ғын­дағы жұмысшылардың барлығы да жақсы көретін. Өйткені ол әділ еді, жолдастары мен қызметкерлеріне жаны ашып тұратын. Сол тұста, Өскемендегі СЭС жұмысшылары қатарына қазақтарды барынша тарту саясатын жүргізді. Нақ­ты бір мысал – әкем Кембаев және Слямов деген жігіттерді майталман кадр етіп тәрбиелеп шығарды. Слямов ауылға кетемін, мынау аса қиын жұмыс деп әкеме барған кезде, ол ақырын ғана: «Сен жұмыс жасай бер, әлі-ақ қазақ арасынан шыққан мықты электр дәнекерлеуші боласың», – деп жігерлендіріп, жібермей қойыпты. Содан, біраз жыл өткен соң, ол шынымен де қатарластарының арасында беделді электр дәнекерлеушіге айналды. Әкемнің адам танығыш қасиетін осы оқиғадан-ақ байқауға болады.
Қазақ азаматы Рахымбек Саматаев бас энергетик еді. Мұны айтып отырғаным, ол – 1930/31 жылы Ленинград политехникалық институтын бітірген жалғыз қазақ.
Осы тұста «Қоңырау теңіздегі» Алеша Чернецовты да тілге тиек ете кет­кені­міз дұрыс секілді. Алеша атай гидро­құры­­лысшы-прораб болып жұмыс жасады. Оның Леня Чернецов деген ұлы да гидро­құрылысшы мамандығы бойынша оқу бітіріп, біраз жерде жұмыс жасады. Асуан СЭС-інде жұмыс істеген, қазақ елінен шыққан жалғыз азамат дәл осы Леня еді. Осы сәтте есіме түсіп отырғаны, менің әкеме Асуан СЭС-і құрылысына басшы болу ұсынылған тұста, ол Д. А. Қонаевқа хабарласып, аталмыш қызметтен бас тартатынын, осы шешімін Мәскеуге жеткізуін өтініпті. Д. А. Қонаев В. М. Инюшиннің өтінішін орындайды. Д.А. Қонаев өзінің естеліктерінде: «Михаил Васильевичтің осы бір атақ қуудан алыста жүретін қасиетін ұнатамын. Оның бұл шешімі тек мені ғана емес Мәскеуді де таң қалдырмасына шара жоқ еді. Ол тұста тағайындалған қызметтен бас тарту жағдайы мүлдем кездеспейтін еді», – деген екен.
«Халықаралық Биік су қоймалары коми­теті» мүшесі болған М. В. Инюшин алпысыншы жылдары Италия, Жапония, Еуропа елдерінде болып қайтқан. КСРО-дан шыққан 4 адам ғана осы ұйымға мүше еді.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары СЭС табиғи тепе-теңдікті бұзады, экологияны ластайды деген пікірлер айтыла бастады. Бұл, әрине, қисынсыз уәж. Керісінше, су қоймалары таби­ғаттағы тұрақтылықты сақтауға ықпалын тигі­зетін, Жер анаға адамның жасаған сыйы деп түсінгеніміз дұрысырақ секілді. Осы тұста әкемнің мына сөзі есіме түсіп отыр: «Жолдастар! Сендер экология деген сөзді желеу қылып, су электр станциясын салуға қарсы болып отырсыңдар. Өздерің ойлаңдаршы, қарапайым жер сілкінудің нәтижесінде жер-жаһандағы ең тұнық Байкал көлі пайда болды. Бұл Евразияның жақұты емес пе?! Енді, ой­лаңдар, бұл табиғат ананың өзі берген сыйлығы. Ал, адамның табиғатқа сыйлық жасауы бұрыс па сонда? Ал, Ыстықкөл туралы не дейсіздер? Тек­тоникалық плиталардың жылжуы нәти­жесінде пайда болған жасанды көл ғой. Сендердің айтуларыңа сенер болсақ, онда олар да қоршаған ортаға зиян тарт­тырғаны ма? Естеріңізде болсын, суды бір арнаға түйістіріп, жинақтау арқылы біз табиғи тепе-теңдікті сақтауға мейлінше ықпал жасаймыз».
Бертіндегі ғалымдардың пайымдауынша, Ыстықкөлдің астында 100 елді-мекен, соның ішінде 20-ға жуық қала бар екені анықталды. Ал, мен оны бұған дейін де білген едім. С.М. Киров атындағы зауыт базасында зымыран бөлшектерін жасаушыларды және торпедаларды сынақтан өткізушілерді осы көлге шомылуға апарғанда, олар маған адам бас сүйектерін әкеп көр­сетуші еді. Солардың бірі академик, екі мәрте Сталиндік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Ең­бек Ері, Нобель сыйлығының иегері Игорь Евгеньевич Тамм еді. Ол кісі сол кездің өзінде дайвингпен айналысатын. Ол, тіпті, өткен мыңжылдықтың басында жер сілкінісінен пайда болған көлдің түбінен монастырь көрдім дейтін. Сол есімде қалыпты. Және бір нәрсе айтайын, «бейбіт атом» деген жалған ұранды жалаулатып, кейбіреулер әскери атомға бейбітшілік атомының шекпенін кигізгісі келді. Қазір, біз осы қалпақты мыжырайта киюге келіп қалған секілдіміз. Мен бұл туралы Н.Ә. Назарбаев мырзаға хат жолдадым. Жауап келмеді. Менің ойымша АЭС салуға болмайды. Семейдегі сынақ, Чернобыль, Фукусима-2 бізге ғана емес, күллі әлемге сабақ болуы керек. Әр радиоактивті элементтің залалсыздануы үшін ең аз дегенде 300 жылдай уақыттың керегі тағы да бар. Оның барлығы суға, адам денсаулығына, табиғатқа әсер етеді.
Мұндай атом жоспары Кеңес заманында академик А.П. Александровтың бастамасы бойынша ғылыми потенциалды сақтау, атом энергиясын дамыту мақсатында көтерілген болатын. Ал, ысыған атом реакторларын сумен суытады. Содан ол суды далаға ағыз­басына кім кепіл?! Жапондықтардың осы мәселеден ауыздары күймеп пе еді? Бұл – өте қа­терлі іс.
Жоғарыда айтылған СЭС-тердің қор­шаған ортаға келтірер бірен-саран зиянына да тоқтала кетейік. Мысалы, Нілдің суын Асуанға толтырып, артынша сыздықтата жіберген кезде аз-маз жер сілкінісі болған. Сол секілді, Бұқтырмадағы суды ақтарған кезде де жер сілкінісі байқалды. Олардың ішіндегі ең жойқыны – Зайсандағы дүмпу. Ал, қазір екі аймақта да жер сілкінісі мүлдем болмайды десе де болады. Су қашан да керек. Сусыз біз бір сәт те өмір сүре алмас едік. Бұқтырмада 50 текше километрден асатын тұщы су бар. Бұл Қазақстандағы не­гізгі тұщы судың жартысынан асады. Бұл туралы да Елбасына жазған хаттарымда көрсеткен болатынмын.
Әкем мен оның өмірі, қызметі жайында айттым ғой. Енді, өзім жайлы да айта кетейін. (сәл ойланып) Серебрянск орта мектебін бітірер тұста біз жаққа Г.М. Маленков келді. Ол кезде оның дәурені аяқталған. Шындығында, ол Шығысқа жаза арқалап келген-ді. Хрущев Сталинді қаралап жатқан кезде, Молотов пен Маленков бастаған топ оған қарсы шыққан. Адамның жеке басын қорлауға болмайтындығын, Сталиннің Отан үшін атқарған еңбегі орасан екендігін көлденең тартқан. Десе де, Хрущев оларды оппозиция өкілдері деп танып, Маленковты Өскемен СЭС-нің директоры етіп жібереді. Оның дәл біздің үйге келмесі бар ма?! Су қоймасына, әкеме келіп біраз әңгімелесті. Кешқұрым ол кісіні әкем үйге ертіп әкелді. Георгий Максимилианович мені де сөзге тартты.
– Балам, кім болғың келеді?
– Биолог, – дедім ойланбастан. Ол кісі сәл жымиды да:
– О-о-о, таңдау деп осыны айт. Менің балам МГУ-да оқыған, қазір профессор. Ол да биолог. Саған қол ұшын берер. Сен де Мәскеуге тапсыр, – деді.
– Жоқ, менің Мәскеуге барғым кел­мейді.
– Ну-ка, мына балаға қара?! Интересно! Елдің баласы Мәскеуге жете алмай жүрсе. Мынауың шынымен де қызық екен (Сәл ойланып). Енді, қайда оқығың келеді?
– Алматыдағы С.М. Киров атындағы КазГУ-ға тапсырсам ба деп едім. Өз елімде оқып, өз жерімде жұмыс жасағым келеді. – деп міз бақпадым. Маленков әкеме бір, маған бір қарады. Ол:
– Баламның өзі біледі. Қайда барғысы келсе, сонда барсын. Ең бастысы, өз қалауы ғой! – деді. Г.М. Маленков қарқылдап күліп жіберді де, маған жәрдемдесетіндігін айтты.
Бірер күннен кейін ол Д.А. Қонаевқа, тағы да басқа азаматтарға хабарласып мені КазГУ-ға емтихансыз қабылдатты. Бұл 1962 жыл еді. Ең алғашқы кураторым – швед ғалымы Б.А. Домбровский. Ол кісі Қазақстанға Киевтен 1929 жылы келген. Мына қабырғада ілініп тұрған сурет сол кісінікі. Мен оқуға түскен тұста кураторымның жасы 85-90-да еді (Мен бұрылып ту сыртымдағы портретке қа­ра­дым, шарж үлгісінде салынған кар­тина екен. Ұстаз ұстазының жүзі жылы секілденді. Бірақ, соның өзінде бір қия­патты байқауға болатындай).
Менің алғашқы ғылыми-зерттеу ма­қалам 1962 жылы басылып шықты. 1966 жылы Семей полигоны туралы кан­дидаттық диссертация қорғадым. Ол кез­дері полигон тұрмақ, оның маңы туралы айта қоятын адамды тауып көр. Аса құпия әрі жабық жұмыс болып саналатын. Сол себепті де болар, диссертацияда келтірілген деректеріме Мәскеу екі жылдай күмәнмен қарап, кандидаттық дәрежемді бермеді. Сонымен, не керек, біраз уақыт өткен соң, ғылыми дәрежемді берді-ау ақыры. Осы орайда маған зор көмегі тиген ер мінезді тұлға – Өмірбек Жолдасбеков. Ол азамат ретінде де, ұстаз ретінде де, жанашыр дос ретінде де аса керемет Адам болатын. Өмірбек Арысланұлының көмек қолын созуы арқасында докторлық диссертациямды да сәтті қорғадым. Ол да лазер жайында. Бастабында қару ретінде қолдануды көк­сеген әскерилердің оны бейбіт мақсатқа да пайдалануға болатынына көздері жетті.
Бірде Өмірбек Арысланұлы каби­нетіне шақырып алды да, мені басымнан аяғыма дейін бір шолып шықты. Содан алдындағы орындықты меңзеді де жұмсақ, биязы дауыс­­пен:
– Отырыңыз, – деді. Отырдым.
– Виктор Михаилович, сіздің зерттеп жүрген тақырыбыңыз – өте қызықты әрі тың сала. Бұл құйқаға әлі ешкім түрен тартпаған. Менің сізге бір ұсынысым бар еді, – деп маған қарап жымиды.
– Иә, иә, Өмірбек Арысланович, құлағым сізде, – дедім мен әлі де дәнеңе түсінбей.
– Виктор Михаилович, бізге биофизика кафедрасы керек секілді. Бұл болашақтың мамандығы ғой. Осы салаға ден қойсақ дұрыс болар еді. Сіз осы кафедраны аш­саңыз қалай болады?
– Өмірбек Арысланович, мен де осыны сізге айтайын деп жүр едім. Екеуіміздің ойымыз бір жерден шықты ғой.
– Ендеше, іске сәт, – деді ол күлімдеп. Менің де жүрегімде қуаныш лебі есіп, ректордың кабинетінен шыға бердім.
Бірер айдан кейін биология факуль­тетінде «Биофизика кафедрасы» ашылды. Өмірбек Арысланұлы кафедра ашуға қосқан үлесім үшін, докторлық дәре­жемнің жауабын күтпестен мені кафедра меңгерушісі етіп тағайындады. Сөйтіп, қазақ даласында биологиялық физика саласын зерттеу түбегейлі жолға қойылды. Ол кафедраны 25 жыл басқардым. Талай шәкірт тәрбиелеп шығардым. Қазір кафедра меңгерушісі – Сұлтан Тілеуханов, ол менің жетекшілігіммен докторлығын қорғаған. Менің ізіммен жүрген шәкірттерімнің арасында қара шаңырақта қалған осы жігіт.
Мен өз шәкірттерімнің қандай қа­сиет­терін бағалаймын? Әлбетте, ізде­німпаздығын, өз бетінше шешім қабылдай алушылығын, жеке бас тәуелсіздігін, мәселеге басқа, өзгеше қырынан қарай алушылығын құп көремін. Ал, енді, балаларымның арасында менің жолымды таңдағандары да, таңдамағаны да бар. Қызым Д. И. Менделеев атындағы институтты бітірді. Мамандығы биохимик. Ол қазір химиялық мониторинг жасайтын белгілі компанияның басшысы. Тағы бір перзентім тарихшы, енді бірі экономика саласының маманы. Сайып келгенде, барлығы түрлі салалардың тізгінін ұстап, сол салада жетістікке жетіп жүрген азаматтар. Мен оларды Қазақстанды сүйетіндей етіп тәрбиеледім. Өскен Отаны мен елін сүйіп, оның тілін меңгеру әр азаматқа парыз деп санаймын.
Сен өзі бағанадан бері менімен әңгі­мелесіп, әр сөзімді бағып отыр­сың ғой. Мен журналистерді осы шыдам­ды­лықтары үшін де сыйлаймын. Сіздерді патша да, әкім де, қарапайым халық та басына көтеруге тиіс. Өйткені журналист – қоғам айнасы. Сол себепті де менің әкем де қолына қалам мен микрофон ұстаған профессионалдарды қатты құрметтеген. Ол кісі тіпті қала мен шет жақтан келетін БАҚ өкілдері үшін тұңғыш рет журналистер үйін салғызған да еді. Менде де сол мінез. Журналистер прогрестің көшін бастаушылар. Оларсыз прогресс тұрмақ қарапайым бір күнді де көз алдыма елестете алмаймын.
Сіз мені атаққұмар деп ойлайтын шы­ғар­сыз. Мен ешқандай атақты сұрап алған емеспін. Түріктердің Сүлеймен патшаларынша айтар болсам, «Өмірге жалаңаш келіп, жалаңаш кететін жұмыр басты пенде емеспіз бе?» Менде ештеңе де жоқ. Мал-мүлік жиып, өзімнің имиджім үшін жұмыс жасаған емеспін. Бұл біздің мамандығымызға да байланысты шығар деп ойлаймын. Менің ойымша байлық деген кітап пен білімде.
Виктор Михаилович сөзін іркіп, терең ойға шомды. Мен болсам, алғыс білдірдім де,ғылым мен нағыз ғалым лебі ескен кабинеттен ұзай бердім.
Дала жып-жылы. Жаңбыр жауып тұр. Алматымның жылы желі маңдайымды сылап-сипап келеді…

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!