БӘЙДІБЕК БАБА БАЯНЫ БАЯНДЫ БОЛМАЙ ТҰР…

  • 19.09.2012
  • 4296 рет оқылды
  • 3

Жарылқасын БОРАНБАЙ,
Қазақстан Республикасы
Білім беру ісінің
Құрметті қызметкері

Тәуелсіздіктің таңы атып, ел дүр сілкініп Рух Діңгектерін түгендей бастағанда алдымен ауызға ілінгені Бәйдібек баба, Домалақ ене болды. Халықтың сұрауы талап-тілегімен ежелгі «Шаян», бертіндегі «Алғабас» атауы – Бәйдібек ауданы болып өзгертілді. Ендігі жерде, ұлы баба туралы дерекнама жазылуы тиіс еді. Мыңдаған-миллиондаған ұлағатты ұрпақ ұлы бабасы туралы шындықты білгісі келді. Осы арада, тарихшылардың көбі аңтарылып қалды. Себебі, ауызша айтылатын аңыз әңгімелерден басқа қолға ілігерліктей жарытымды ештеме жоқ болатын. Тарихнама өте қызық жазу тәсіліне жатады. Мысалы, Сіз Әмір Темір туралы әңгіме қозғайсыз ба, әңгіме пәлен жылы туды, пәлен жылы өлдімен бітпейді. Олар қандай киім киді, кімдермен соғысты, қандай құрылыстар жүргізді, бала-шағасы кім еді дейтін сұрапыл сұрақтар қаптап кетеді. Біреуді «батыр» деңізші, сөз жоқ «Кіммен соғысты?» деген сұрақтың басы қылтияды. Бәлкім, ел басқарған адам дейсіз бе, «Қай жұртты» дейді. «Би-шешен» болды десеңіз, «Сөзі, ұлағаты қайда?» дейді. …Иә, өстіп кете береді. Осының оябын таба алмағандар әлі күнге дейін баршылық. Ойдым-ойдым ой айтқан болады, бірақ, солардың көбі әзірге еш жерге тұрақтай алмай келеді. Осыны ең алғаш байқаған белгілі қоғам қайраткері, ғалым, қазақ журналистикасының аса ірі өкілі, бабаның ұлағатты ұрпақтарының бірі Темірбек Қожекеев болды (Біз, ендігі жерде дау тудырмас үшін, айтылған, жазылған нәрселерді қаз-қалпында беруге тырысамыз).
Темірбек Қожекеев. «Бәйдібек баба». «Парасат» журналы. №11, 2002, қараша.
«Тарлан Тараздың екі мың жылдық тарихи тойы қырқүйек айының 26-сы күні Бәйдібек баба ескерткішін ашумен басталды. Сағат 12-ге 15 минут қалғанда тұғыр алдына Президентіміз Н. Назарбаев пен облыс әкімі С.Үмбетов шықты. Елбасы «бисмилла» деп ақ жамылғының бауын қолға алып, бүркеніш шымылдықты сырғытып түсірді. Алдымен бабаның төбесі, астындағы атының қос құлағы көрінді. Онан соң түркілік бөркі, қою қара мұрты, қазақи жарқын жүзі жарқ ете қалды. Сол қолымен тізгінін ұстап, оң қолын оң жақ тізесіне қойып алысқа көз салып, болашақты барлап тұрған сияқты.
Жұрт ду қол соғып, зор қуаныш, ризалық білдірді…
Ескерткіш тұғырына «Бәйдібек» деген жалғыз сөз жазылыпты. Біреулер «туған, қайтыс болған жылдарын неге көрсетпеді екен?!» деп тұрды.
Біздіңше, оның сыры бар… Өйткені, күні бүгінге дейін бабамыздың қай жылы фәниге келіп, қашан бақилық болғаны түгілі, қай ғасырда өмір сүргенін де анық білмейміз…»
Бұдан кейін қазақ журналистикасының қара қазанының құлағын ұзақ жылдар бойына қолына ұстаған ағамыз мынадай ойтолғау жасайды. «…Әркім әртүрлі жылдар мен ғасыр­ларды көрсетеді.
Мысалы Д. Дүйсенбаев «Домалақ ана» (1991) шығармасында «Бәйдібек 1356-1419 жылдары өмір сүрді» дейді.
Жазушы Е. Тұрысов «Бәйдібек» атты кітапшасында (1992) «Бәйдібек Қарашаұлы ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген» – дегенді айтады.
Құралбек Ергөбеков «Бәйдібек баба мен Домалақ ана» (1999) еңбегінде «Бәйдібек баба ХІІІ ғасырдың бірінші жартысында дүниеге келіп, осы аталмыш ғасырдың аяқ шенінде көз жұмған»(30-б) – дейді.
Осы деректер рас болса, сонау Таш­кент, Түркістаннан бастап, бүкіл Оң­түстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, бұрынғы Талдықорған облыстарының кең даласын ғасырлап мекендеген:
Үш хандық ел таралып Жарық­шақтан,
Кең байтақ Жетісуды алып жатқан.
Ұраны, «арғы атасы, «Үйсін» болған,
Ешқашан берген емес намыс қолдан,- деп жырға қосылған сары үйсін, ойық, ошақты, шапырашты, албан, суан, дулат, жалайыр т.б. қалың ел бес-алты ғасырда-ақ осынша өсіп-өнген, бүкіл оңтүстік өңірді жайлап үлгірген бе деген күдік туады…» Осыны «толғап» болған соң, Темірбек Қожекеев жан-жағына қарана бастайды. Мынадай сөз айтады:
«Осы күдікті сейілткендей Мұхаммед Хайдар Дулати «өзінің он екінші атасы Майқы би Шыңғыс ханның орта биі болып, дүйім елді басқарған. Ал, осы елге бірінші болып билік жүргізген арғы бабасы Бәйдібек екен» дейді. Яғни, оның Майқы биден бұрын болғанын айтады.»
Темірбек Қожекеев енді одан да әрман кетеді. Міне,оқып көрелік: «Ермек Сауранбаев «Бәйдібек бидің VІ-VІІ ғасырдың адамы екенін жазады («Мерейлі Мерке».2001,62-бет). Оны қуаттап Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы «Бәйдібек Қарашаұлы шамамен 6-7 ғасырлар тоғысында өмір сүрген» (2-том 222-бет) – деп көрсетеді. Енді ғана бір жүйеге келдік пе десек, Құралбек Ергөбеков «Төбе биіміз Майқы болатын. Майқы биден өрбіп шыққан жеке тұлғалардың бірі – Бәйдібек» – дейді. Яғни, ол бабаны Майқыдан кейінгі кісі етіп көрсетеді. Кейбір ғалым «Бәйдібектің әкесі Қараша бидің 530-604 жылдары өмір сүргендігін, Жетісу өңіріне билік жүргізгені Қытай жылнамасында жазылған» деп дәлелдейді. Осылай деп Ұлттық энциклопедиямызда да жазылады.
Сонда, әкесі 6-ғасырда, баласы 14-15 ғасырда өмір сүрген бе?!
Ал, әдебиет зерттеушісі Н. Төреқұлов 1991 жылы «Бәйдібек 1356-1419 жылдары ғұмыр кешкен» деп алып, артынша «ол бұдан 645 жыл бұрын туған» («Жас Алаш» 29.11.1991) – деп жазды.
Онда ол 1356 жылы емес, 1346 жылы туған болмай ма?!
Осыдан кейін талай ұрпақты тәрбиелеген ұлық ұстаз былай деп өкініш білдіреді:
…Сөйтіп күні бүгінге дейін сыйынып, табынып келген қасиетті бабамыздың ең болмаса өмір сүрген ғасырын да дәл атай алмаймыз. Ғылым Академиясы бар, оның арнаулы тарих, археологиялық институты бар, ондаған университетінің тарих факультеттері бар қазақ елінің ардақты атасының қашан өмір сүргенін білмеуі ұят-ақ!»
Сөз соңында мынадай ұсыныс айтады: «Бәйдібек баба туралы жазба дерек­тер мен тарихи құжаттардың аз екені рас. Сонда да, әртүрлі әдіспен оны шамаға келтіруге болады ғой. Ол кісі туралы халық аузында сақталған аңыз әңгіме көп қой…»
Бір қызығы сол, барлық деректерді, газет-журналдарды, кітаптарды қалт жі­бермей оқитын Темірбек Қожекеев Бәйдібек баба туралы әжептәуір сөз айтқан Қазыбек бек Тауасарұлы дегеннің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабын ауызға алмайды.
Ол кітаптың 45-бетінде мынадай дерек бар: «Майқы би билікке келгенде еліміз қорғасын ерітіп, мыс балқытатын жағдаяты болатын. Мысалы, бүгінде Дайырбек ауылында (Дулат-Жаныс-Жайылмыс) ошақпен бірге құйылған тайқазан Сарыарқада-Қоңыратта-хижра жылнамасынан 695 жыл бұрын құйылған екен. Бүгінгі таңда менің үйімде де сол кезде құйылған жорықта артып жүретін, ошақпен бірге құйылған кішігірім қазан (бір қой еті сиятын) тұр. Оның құйылғанына да, міне, бір мың жеті жүз жыл болыпты. Ол біздің Бәйдібек бай бабамыз ұстаған қазан екен».
Бұл кітапты, негізінен 1692 жылы сәуірде дүниеге келіп, 1776 жылы дүниеден өткен адам жазғандықтан, ол өмір сүрген уақыттан 1700-ді алып тастасақ, Бәйдібек бабамыз біздің дәуіріміздің бірінші ғасырының орта шенінде өмір сүріп, әлгі қазаннан ас ішкен болмай ма?!
Бәйдібек бабаны ғылым тілінде сөй­леткен, ең алғаш «Елтұтқа» деген кітап болды. Ол Астана қаласындағы «Күлтегін» баспасынан 2001 жылы жарық көрді. Авторлары Қазақстан Республикасының маңдай алды азаматтары – Мырзатай Жолдасбекұлы, Қойшығара Салғараұлы және Ақселеу Сейдімбек. Бұлар бір ауыздан Бәйдібек бабаны 5-7 ғасырда өмір сүрді деп тұжырым жасады. Олар Бәйдібек бабаның әкесі Қарашаны 530-604 жылдар аралығында өмір сүрген Тоныкөктен бұрынырақ орналастырды. «Көшпелі тайпалардың көсемі» деді. Бұлардың төрелік беруі бойынша Бәйдібектің кесенесін жаңартып жатқанда «6-7 ғасырға дәл келетін тиын теңгелер табылған» көрінеді. Бұл есімі елге әйгілі азаматтар тіпті Домалақ ана (Шайқы Мизамбекқызы Нүрилә) туралы да арнайы бет арнап, оны да сол 6-7 ғасырда өмір сүргізеді. «Жаратылысынан шағын болғандықтан» «Домалақ ана» деп атап кеткен деп төрелік берді (біздіңше бұл «домалақ» сөзі парсының «диһнат»( дохнат)сөзімен үндесетін сияқты көрінеді). Осы анықтама біршама кеңейтіліп «Ұлттық энциклопедияға» көшіріледі. Ендігі жерде, Бәйдібек баба өмір сүрген, сүйегі сонда жатқандықтан, 2005 жылы жарық көрген «Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясы» да соны қайталайды (Тек, бір есте болатын нәрсе, бұны жазуға Тұрысов Е., «Бәйдібек». А.1992 жылы шыққан кітабы пайдаланды делінген). Мұнда Бәйдібек «қазақ халқын құраған тайпалардың аумақтық және этникалық тұтастығын қалыптастыру жолында көп еңбек сіңірген тарихи тұлға» болып көрсетілген.
Бәйдібек бабаның ғұмырбаянын хатқа түсірушілер Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашидиіне» көбірек сүйенеді. Әйтсе де, ондағы дерек мынадай болып келеді. «Тоғылық Темір Есенбұға ханның ұлы» – деп алып ары қарай былай тарқатады. «Есенбұға хан, ибн Даваж хан, ибн Барақ хан, ибн Қара Исун, ибн (Қарасу) Мамкан, ибн Шағата, ибн Шыңғыс хан, ибн Йүсуқай, ибн Биртан, ибн Қабал, ибн Кумше, ибн Туман, ибн Байсұңқар, ибн Қайду, ибн Думанин, ибн Бұқа, ибн Бузанжир хан (Нұрбаһрән). Аланкуа Көріктің ұлы. Мұнда өкінішке орай, Бәйдібек бабаның аты аталмайды.
Тағы да, мынадай деректі «Мұхаммед Хайдар Дулати һәм оның «Тарих-и-Рашидиі» атты еңбегінде Байұзақ Қожабекұлы Албани келтіреді («Тарихи таным» «Ататек» баспасы, Алматы, 1994 жыл, соның 166-беті) «Мұхаммед Хайдар Дулатидің Моғолстан кезінде билік жүргізген ата-бабалары былай таратылады: Бобдахан, Ұртубу-Болатшы-Құдайдат-Сейіт Ахмет-Сейтәлі-Мұ­хаммед Хайдар» «Осылардың ішінде тарихта ерекше аталатыны – Болатшы. Ол 1360-62 жылдары қайтыс бо­­лады». Демек, «Бобдахан» Болатшыдан небәрі бір-екі ата ғана әрірек.Ал, кей­бір «бәйдібектанушылар»шынында да ХІІІ ғасырда өмір сүрген осы Бобдаханды – Бәйдібек деп танығысы келетінін жасырғымыз келмейді. Тағы бір, есте болатын нәрсе мынау, Мұхаммед Хайдардың арғы аталары Тоғылық Темірді хандық дәрежеге жеткізуге көп қызмет жасапты. Ал енді, Мұхаммед Хайдардың төрелік етуі бойынша Моғолстан мұсылмандықты Есенбұға хан өлген соң, 1462 жылдардан кейін оның баласы Тоғылық Темір тұсында біржолата қабылдапты. Демек, бұған қарағанда Бәйдібек бабамыз Ислам – мұсылман әлемінен тыс болады.
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ҒЗО (ғылыми зерттеу орталығы) директоры, Қазақстан Журналис­тер және Жазушылар одақтарының мүшесі Бақытияр Әбділдаұлы басқалар бұған дейін байқамаған, байқаса да дұрыстап мән бермеген мынадай ой айтады. Ол «Егемен Қазақстан» газетінің 2009 жылғы 3 нау­рызындағы «Бәйдібек баба қашан өмір сүрген» атты мақаласында былай дейді: «Бәйдібек баба есімінің лингвистикалық түп төркініне келейік. Орта ғасырларда өмір сүрген бабаларымыздың Байдахан, Байдабек, Байдалла, (Байдулла) деген есімдері әлі күнге дейін қазақ арасында сақ­талып келе жатқан Құдайменде, Байменде, Бименде, Рысменде деген ата­тектер сияқты.
Шежіре бойынша Байдібектің інісі – Шақшам тайпасының атасы Байдалла есімі тек Қазақстанда ислам діні берік орнағаннан кейін ғана қойылғандығын көрсетеді. Бәйдібек бабаны хижрадан бұрын немесе 6-7 ғасырлардағы Түр­кеш қағанаты кезінде өмірге келді десек, бұл бабамыз, оның әйелдері, балалары мұсылман болмас еді. Оған «Құран» талаптары («Тәуба» сүресі, 23, 84 және 113-аяттар ) бойынша дұға бағыштауға да болмайды». Расында, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің Ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, әрі «Бәйдібектану» ғылымына барынша үлес қосып жүрген Бақытияр Әбділдаұлы ендігі жерде бұл ойын дамытып, тіптен терең кетеді. Міне, оқып көрелік: «…Сондай-ақ, Бәйдібек бабаны жырлаған Жамбыл ақын ғана емес, өздерін Бәйдібек бабаның Жәлмембет (Жармұхамед-Жалмұхамед) деген есімінің қысқаша қысқарта айтылуынан) есімді ұлынан тараған Шапырашты, Ошақты, Ысты ұрпақтары, Шапыраштының – Есқожа, Дулат – Шымырдың Шынқожа руларынанбыз дейтіндердің бәрі түгелдей адасқандар немесе өтірікшілер болып шығады».
«Дулаттар өздерінің үлкен анасын Домалақ ене деп санайтындығы белгілі. Ол Бәйдібектің кенже ұлы Тілеуберді – Жарықшақтың анасы ретінде шежіреде айтылады» – дейді автор.
«Жас Алаш» газетінің 2005 жылғы 6 қыркүйек айындағы №106 санында белгілі қаламгер-ғалым Мамытбек Қалдыбай «Қонаевтың әкесі» (Бауыржан Момышұлы шерткен сыр) атты естелік жариялады. Бұл мақаланың мәнісі сол, батыр Бауыржан ауруханада жатқан Дінмұхаммед Қонаевтың әкесіне сәлем беруге барады. Қарттың құлағы естімеген соң, ескіше сауаты болғандықтан жазу арқылы «тілдеседі»:
«Қарт қасыма жабысып, менің жазғанымды ізбе-із оқып отыр.
– Әулие, жарықтық Домалақ Ана қожаның қызы ғой, – деп қарт көңілденіп, мейірлене түсті. Қағазға:
– Ол кісіден Жарықшақ деген бала туған, – деп жаздым.
– Иә, иә, – Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат тарайды.
– Дулаттың Сиқым, Жаныс, Ботпай, Шымыр деген төрт ұлы болған. Мен Шымырға жатамын.
– Шымырдың ішінде қайсысы боласың?
– Бекболат боламын.
– Әй, Ақмолда батыр басы деуші еді. Соның тұқымы екенсің ғой!
Басымды изеп, қағазға «Иә, солай, Бекболат, Жаңабай, Құли, Шілмембет болып бөлінеді», – дедім.
– Жаңабайдан Байзақ датқа тарамай ма?
– Иә, – деп жылдамдата жазып отырмын, – Біз Құли, Шілмембет боламыз».
Енді, өрен жүйрік ақын, шежіреші Кенен Әзірбаевқа сөз берелік:
(…Ақсақалға келейік енді жанап,)
Ақсақалдан Байдулы, Бәйдібекті,
Шаруаға Бәйдібек жайлы кепті.
Байдулыдан Шақшам деген ел таралады,
Бәйдібектің тұқымы тіпті көпті.
Бәйбішеден Сарыүйсін тарайды,
Аз ел болған көп емес қаралары.
Шапырашты, Ошақты, Ысты үшеуі,
Зеріп деген әйелдің балалары.
Бәйдібектің тоқалы Домалақты,
Туған екен Домалақ Жарықшақты.
Домалақтың есімі – Бибісара,
Ешкім оның шын атын атамапты.
Жарықшақтан – Албан, Суан, Дулат,
Үшеуінің тұқымы талай дуан.
Өсіп-өнген халықта кім болмайды,
Талай-талай зорлықшыл шыққан жуан.
Дулаттан – Ботпай, Шымыр, Сиқым, Жаныс,
Жаныстан – Жанту, Жантақ, Жарлы­қамыс.
Тәшкеннен бері қарай алып жатыр,
Көбейген соң арасы кеткен алыс…»
Бұл арада біз «Домалақ анамыздың» есімінің «Бибісара» екенін біліп қалдық. Болса да Кенен атамыздың аузынан «Бәйдібектің шаруаға жайлы келгенін» аңғардық.
Бақытияр Әбділдаұлы мұнан бөлек мынадай да шындықтың бетін ашып тастайды. Міне, оқып көрелік: «Тарих-и-Рашиди» еңбегінен бес ғасыр бұрын, қарахандар дәуірінде Махмұд Қашқарий баба жазған «Түркі сөздігінде» – «Диуани Лұғат ат-түрік» кітабында көрсетілген түркі тайпаларының ішінен дулат тайпасы түгілі Шыңғысхан заманында мемлекеттері бар керей, найман елдері аталмайды. Тек қыпшақ, оғыз, иемеек, башқұрт, пешенек, басмыл, қай, йабақу, татар, қырғыз, шығыл, яғма, ығырақ, чарук, чомыл, ұйғыр елдері аталып, дөңгелек картада көрсетілген. Махмұт Қашқари 20 түркі тайпасы бар екендігін, ал, көп майда руларды бір Алла ғана білетінін жазған-ды. Біздіңше, дулаттар сол кезде майда рулардың бірі болған, кейін шағын ұлыс – мемлекет құрған».
«Бәйдібектанушылардың» бір ескермей отырғаны,тарихи таным тараулары мұнымен түгесілмейді. Бұл дүние күні ертең-ақ өнер, руханият, фәлсапа, логика қисын әлеміне көшіріледі. Сол кезде ұлы бабамыздың киген киімі, жеген тамағы, қолға ұстаған құралдары, өсіп-өнген ортасы, әйелдері, бала-шағасы сияқты т.б. мың сан дүниелік су бетіне қалқып шығады. Керек болса, Шерхан Мұртаза, Иранбек Оразбаев, Еркінбек Тұрысовтар оның сахналық бейнесін жасап халыққа ұсынды.
Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) «Тас-Қорған хикаясы»(2005 жыл.15 желтоқсан №150-151 «Жас Алаш» газеті) «Оқиға 14-ғасырдың аяқ шені мен 15 ғасырдың бас кезеңінде, Қазақ Даласында өтеді» деген анықтамамен басталады.
Басты кейіпкерлер – Бәйдібек бабаның немересі Дулат, Дулаттың әйелі Гүлханым, Дулаттың ұлдары – Сиқым, Жаныс, Шымыр, Ботпай болып келеді.
Енді, бұған кино өнері киліксе, не боларын көзге елестете беріңіз…
«Бәйдібектанушылар» тобының шежірешілер шоғыры Даниярбек Дүйсенбаевтың 1991 жылы Алматы қаласы,«Мұраттас» ғылыми-зерт­теу орталығы шығарған «Домалақ ана» кітабын көбірек қолдайды. Оған «Кіріс­пе» ретінде «Ұлттық тарихымызға үлес» деген тақырыппен белгілі ғалым, инсти­туттың ректоры қызметін атқарған Мәдіахмет Аяпов мақала жазған. Бұл кітапқа Төле би Әлібекұлының «Диһнат мама ғұмыры», «Барлыбай Байсалұлының «Диһнат мама ғұмыры», «Қасымбек Қожабекұлының «Сиқым шежіресі», Аққұс Сатыбалдыұлының «Диһнат мама ғұмыры», Насруллахан Мүбаширханұлының «Бұхараның мың ғалымы», Әбділда Тілепбергенұлының «Қазақ шежіресі», Марайым Сырлыбайұлының «Бәйдібек батыр тарихы», Керімбай Бұралқыұлының «Шымыр шежіресі», Мұқамеджан Әбді­жалилұлының «Аққойлы шежіресі», Аққұс Сатыбалдыұлының «Дос би шежіресі», Бақтияр Батырбекұлының «Үйсін шежіресі», Ағабек Өзбекұлының «Жаныс шежіресі», Тастанбек Белқожаұлының «Борас шежіресі», «Қазақ энциклопедиясы-2 том, Әбілғазы «Түрік шежіресі», «Бәйдібек», «Ибн Сина» сияқты туындылар дәлел ретінде алынған. Зерделі зерттеуші Құралбек Ергөбеков жазған «Бәйдібек баба мен Домалақ ана» кітабы («Жібек жолы» баспасы, Шымкент. 1999) осы деректерді толық қуаттайды, жаңаша да әңгіме айтады. Мұнан бөлек, Домалақ ана әулиенің басына 1871 жылы арнайы барып, дұға қайырып, жанындағы серіктес ақын Орынбай Таймановтан барлық тарихын сұрап алған Жамбыл Жабаев кейіннен мұны ұзақ жырға айналдырады. Онда ол:
Мақтамазам қызы екен,
Домалақтай енеміз, – деп төрелік береді.
Халықтың Қаһарман Батыры Бауыржан Момышұлы 1945 жылы шежіре жазған (Момышұлы Б. «Шежіре», «Қазақ батырлары» үнпарағы,№3,29-қараша,1991 жыл,6-бет). Онда ол осы деректерді қуаттаған.
Енді, белгілі қаламгер, «бәйдібектануға» көп үлес қосқан Еркінбек Тұрысов «Оңтүстік Қазақстан» газетінің екі номерінде жа­рия­ланған Қалаубек Тұрсынқұловтың «Бәйдібек әрі-сәрі, Жәнібеков мүлдем жоқ» атты мақаласына қарсы жауап қатқан екен, соны оқып көрелік.
«…Дәл осы қарсаңда ел ішінде көп әңгімеге өзек болған белгілі қайраткер журналист-жазушы Б.Қыдырбекұлының қолынан 18- ғасырдың ұлы тұлғасы ілімпаз қолбасы Қазыбек бек Тау­асарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты көп тиражды тарихнама кітабы жарыққа шықты.Қызыға оқыдық. Бұдан 230 жыл бұрын Жоңғарияға қарсы жосынды-жорық заманында қазақ тарихын жазған батыр бабамыз былай депті: «Бабамыз Бәйдібек хижра жыл санауынан 13 жыл бұрын» яғни жаңа дәуірдің 609 жылы) туыпты да, сексен алты жасында өз ажа­лынан Қаратауда Бөген өзенінің бойында қайтыпты. Оған, міне, 1081 жыл болыпты». Дәйекті сөз, қайран қаларлық дәл мағлұмат. Осыны, өзінен мың жыл бұрынғы Бәйдібектің дерегін өзі жорықты жол кешкен батыр баба қайдан алды, неге сүйенді, белгісіз…
…Міне, көріп отырмыз, бірі алыс ғасырларда өткен, екіншісі кешегі замандасымыз (Даниярбек Дүйсенбаев, «Домалақ ана») берген екі автордың екі кітабы. Екі кітаптағы Бәйдібек жылнамасының ара алшақтығы жер мен көктей. Аз-кемі жоқ 647 жыл. Кімдікі жөн, қайсысын ұстанамыз?!
…Бәйдібек баба және онымен бір кезеңде өмір сүрген қасиетті халық аналары Қарахан дәуірінде 10-11 ғасырлар тоғысында, бұдан мың жыл бұрынғы заман тұлғалары.
Менің 1992-1998 жылдары жарыққа шыққан жазбаларыма негіз болған жай осылар еді… Осы орайда, алдын-ала хат жазып, кездесіп-кеңескен тарихшы ғалымдар мен көрнекті халық қайраткерлері А.Асқаров, Ш.Мұртаза, Қ.Тұрысов, С.Оразбаев, О.Сәбденов, С.Жолдасов, т.б. көптеген зерделі азаматтар да осы «мың жылға» табан тіреуді жақтады.
Қазақстан энциклопедиясына Бәйдібектің тарихи баянын жазғанда мен өз басым санама орныққан көз көріп, қолмен ұстаған тарихи танымдық, табиғи үйлестік, ғылыми сәйкестік жағдайында қазақ тарихындағы бір Бәйдібек. Ол көне шежіре, ескі тарихымыздан белгілі Қараша бидің баласы. Бұдан мың жыл бұрын 10-11 ғасыр тоғысында өмір сүрген көшпенді елдің көсемі ретінде есімі ел жадында сақталған аса ірі тарихи тұлға екендігі өз тұрғысынан көрсетілген болатын.
Әйтсе де, үздіксіз қозғалыс, даму жаңару үстінде заман ағысы бұған дейінгі Бәйдібектің тарихнамасына өз жаңалығын әкелді. Біздің тараптан бабаның тарихи баянын баспа редакциясына тапсыру мен энциклопедия томының жарыққа шығуы арасында біршама жыл өтіп те кетті. Бұл аралықта «Өнер» баспасы «Бәйдібек баба – алып бәйтерек» көлемі 1200 беттік (170 баспа табақтық) шежірелік алып кітабын жарыққа шығарды. Ол кітаптың ҚР ҰҒА-ның бір топ көрнекті ғалымдары мен әдебиет, қоғам қайраткерлері атынан (11 кісі) берілген «Бәйдібек» тақырыпты алғысөзінде және осы кітаптың ізімен баспадан шыққан «Ел тұтқа» (авторы М.Жолдасбеков, Қ.Салғараұлы, А.Сейдімбек) кітабында соңғы жылдарғы «Қытай жылнамаларынан» алынған деректерді негізге алып, Бәйдібек 6-7 ғасырларда үйсін мемлекеті ішінде ірі тайпалық одақ құрып, топтастырған, кейінірек өз ұлысының әр тармағына жерін, дәулетін мұраға қалдырған тарихи тұлға, ел басшысы, көреген көсем…» екенін жариялады. Осыған сәйкес біз ұсынған тарихи баянына қосымша авторлық түзету енгенін көрдік…
Бұл түзетулердің қаншалықты дәйекті екенін ең ұлы төреші уақыттың өзі көрсетер. Тарихтағы Бәйдібек дәуірі қаншалықты бізден ұзай түссе, оның ұлы тұлғасы биіктей түсетіні де ақиқат. Ең басты мәселе, қаншама заман заңғарынан асқан Бәйдібек өз тарихы, өз қасиетімен туған жер топырағында мәңгілік мызғымас өз орны, өз ордасында. Ал, тарихи баянның өткен кезеңі жаңсақ жазылып, адасып, сан ғасырлар сыртында қалған қасиетті Әулие ана-Нұриланы ұлы бабамыздың қайыспаған қара шаңырағына қайта табыстырған жөн болады» («Оңтүстік Қазақстан» газеті. 17 05.2005 жыл. №65. Еркімбек Тұрысов. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, «Бәйдібек-Сыланда» қорының президенті) «Бәйдібек өз ордасында, ал, әулие анамызды адастырмайық» мақаласынан).
Ескерте кеткен жөн болар тағы бір 487610. Шымкент облысы, Алғабас ауданы, Шаян қыстағы, Акционерлік-коммерциялық агроөндірістік банктің Шаян бөлімшесі, есепшоты 000700815. Халық депутаттары Алғабас аудандық Кеңесі «Бәйдібек-Сыланды-Домалақ ана» Қорының берген анықтамасында ( «Егемен Қазақстан» газеті) «Қазақ халқының елдігін сақтап, тұтастығы мен бірлігін нығайтуда аса зор үлес қосқан өз заманының парасатты азаматы, елдің сөз сөйлері, көшбасшысы және халық батыры» делінген.
Бәйдібек баба туралы Қазыбек бек Тауасарұлы былай деп толғайды: «Бәйдібек бай өте ауқатты, шаруасын өргізуге бейімді де, пейілді де адам болған. Оның жайлауы, қыстауы үнемі Қаратауда болыпты.
«Атамыз Бәйдібек бай ер көңілді, көбіне байлықпен аң аулап, сейіл құруға бейілді кісі екен».
«Домалақ енем кішкентай домаланған кісі екен. Оның өз аты Нұрила болған. Бірақ, жұрт оны елге жайлы адам болғандықтан Нұрбүбі, Бибімәрия, Бибіажар деп бірнеше түрлі етіп атай берген» .
«Бәйдібек бай сол бір кездері қызылбас елінен келген жауды Үйсінге беттетіп жібергенін, содан біраз Абыл, Азық баласының қырылғанын еске алып, Қоңырат Қызыл биге (Қожбамбетке) өкпелі екен».
«Осындай талас Бәйдібек байдың кезінде де болған (101-бет) Марау бәйбіше Домалақ (тоқал) баласы Жарықшақтың үлкен үйде қалуын құптамаған. Оған ол түрлі себеп келтірген. Сондықтан, бәйбіше мен тоқалдың таласына әбден қанық әрі әбден осыдан титықтаған Бәйдібек бай бәйбішесіне де, тоқалына да бармай, ғұмырының соңғы кезін Зеріппен өткізген» (102-бет).
«Біздің атамыз: Қараш (Қарашаби), Боран. Бәйдібек, Жәнібек,Мәдібек, Жалмамбет, Жарықшақ, Сирықты, Шапырашты, Ошақты, Жауатар, (Ысты)» (125-бет). «Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. «Түп-тұқияннан өзіме шейін» Алматы. «Жалын» баспасы. 1993.
Қазанқап Байболов дейтін ақынның «Еңсегей бойлы ер Есім» дастанынан:
Төле дейді ұраным,
Қоғалы дейді тұрағым.
Бақтиярдан ажырап,
Бәйдібек бай, Жәнібек,
Жалғыз ұлы Жарғышақ,
Домалақ дейтін ананың… – дегенді оқимыз.
«Қазақ шежіресінің көпшілігінде Бәйдібек байға туысы жағынан қатысты адам Бәйділлә деп аталады» – деп төрелік береді шежіреші Құралбек Ергөбеков («Бәйдібек баба мен Домалақ ана». «Жібек жолы» баспасы. 1999 жыл. .5-бет.) Ал, енді Даниярбек Дүйсенбаев «Домалақ ана» кітапшасында Бәйдібек бабаның қызметі жайлы мынадай сөз айтады: «Ұлы бабамыз Бәйдібек 1356-1419 жылдары өмір сүрді. Оның туған жері – Ташкент қаласы. Ел халқына жайлау таңдау мақсатымен Қаратаудың құйқалы күңгейіне көшіп келеді. Боралдай тауы өңірін иемденеді. Жаз, қысы ел малы осы өңірде бағылады. Бәйдібек жаз бойына жайлау төсінде болып, осындағы елге билік жүргізеді. Кейін хан болып жарияланады»(20-бет).
Қараша деген бидің баласы, өзі де би болған, кейіннен хандыққа сайланған Бәйдібек бабаның тыныс-тіршілігі қалай болған екен, шежіре деректеріне назар аударалық. Мың-сан шежірелі деректердің ішінен қазақ халқына есімдері мәшһүр аса ірі тұлғалардың жазғанынан үзінді келтіруді жөн көрдік.
Даниярбек Дүйсенбаев: «Сары бәйбі­шенің тоғыз ұлы болса да Нұриланың жалғыз ұлы Тілеубердіні күндейді. Жас сәбидің көзін жоюға бекінеді. Баланы түнде жасырын түрде өлтіруге адам жұмсайды. Бірақ, бұл қылмысқа жұмсаған адамы көнбейді. Сосын, өзі түн қараңғысында Нұриланың отауына кіріп, бесікте ұйықтап жатқан сәбиге пышақ салады».
«Сары бәйбіше дұшпандығын тоқ­татпайды. Әрнәрсені сылтау етіп келіп, жазығы жоқ Нұриланы таяққа жығып кетуін қоймайды. Әртүрлі құбыжық бейнесіне түсіп, Нұриланы қорқытады, баласын шошытады. Түнде елдің көзі ұйқыға барған кезде, қарамал болып керегенің сыртынан сүйкенеді».
«Нұрила бір күні үйіне құрғақ отын әкеле жатады. Сары бәйбішенің үйінің тұсынан, бірақ, едәуір қашық жерден өтеді. Осы кезде Сары бәйбіше үйінен жүгіре шығып, Нұрилаға «Тоқта!» деп айқайлайды. Оның қолында қамшысы бар еді. Қасына жетіп барып, еш жазығы жоқ Нұриланы қамшылап сабай бас­тайды»(17-бет).
«ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл Жабаев жырлаған нұсқада Бәйдібектің жылқысын шабатын барымташы жау қырғыздан шыққан Аққошқар делінген. Ол Домалақ анаға келіп бата сұраған:
-Бәйдібектің мен бүгін,
Көп жылқысын аламын.
Батаңды бер, Домалақ,
Сенің батаңды аламын!
Сонда Домалақ анамыз өзінің «күйеуі» Бәйдібектің бар малын шауып алу үшін мынадай бата беріпті-міс:
– Қалағаным берсеңіз,
Қуанышы менде болсын деп.
Түп қазығы менде болсын деп,
Қол жайып бата береді…
(12.Жабаев Ж.Екі томдық шығармалар жинағы.Бірінші том.Алматы. «Жазушы» баспасы.1982 жыл,101-бет)
Енді, Бәйдібек баба мен Домалақ ана жатқан жерден бар болғаны 20-30 шақырымдай жер Жамбыл облысы, Жуалы ауданында дүниеге келген, ұлттық батыр, «Ұшқан ұя» сияқты шежірелік кітабы үшін Мемлекеттік сыйлық алған Бауыржан Момышұлы соғыс кезінің өзінде-ақ (1945 жылы) бұл тақырыпқа арнайы қалам тербепті.Оқып көрелік: «Бәйдібек балаларына енші бергенде, даланың қалыптасқан заңын бұзып, өзінің жақсы көрген сұлуының балаларына үлесті ерекше мол беріп, Домалақ ененің балаларына қалған ақсақ-тоқсақ, кәрі-құртаңын ғана береді. Бұған риза болмай тұртаңдаған балаларына Домалақ ене: «Тәңірінің жазуы солай шығар. Құдай деген құр қалмас, жасағаннан тілейік» деп олардан тағдырдың салғанына көнуді талап етеді.
Бәйдібек мұнымен де қоймайды.Дома­лақ енені балаларымен жұртқа қалдырып, өзі басқа жаққа көшіп кетеді. Арада бес жыл өтеді. Баяғы ақсақ-тоқсақ, кәрі-құртаң малдың төлінен өнген төрт түлік далаға сыймай кетеді. Домалақ ене кім келсе де есігін айқара ашып, дастарқанын жайып, құрметпен қарсы алады.
Ал, шалғай жайылымға кеткен Бәй­дібек болса үлкен жұтқа ұрынып, жоқшылықта қайтыс болады.Мұны естіген Домалақ ене балаларын жұм­сап, әкесін арулап жерлеткізеді. Жы­лы болғанда асын бергіздіреді. Өзі қара жамылып, қалған ғұмырында қосағының қайғысын аза тұтуға шешім қабылдайды» (Момышұлы Б. «Шежіре» «Қазақ батырлары үнпарағы» №3,29-қараша,1991 жыл, 6-бет).
«Бәйдібек ата, қасиетті аналар» қоғамдық қорының президенті (Бәйдібек ауданы) Әбілдабек Шардарбеков мына мәтінде, сол кезгі премьер-министр болып қызмет еткен И.Тасмағамбетовтің назарына» деген айшықпен «Рухы асқақтап тұрса» деген үндеу жолдады («Айғақ» газеті,4.12.2002.№48).
«Бәйдібек бабамыз хижра жыл санауынан 13 жыл бұрын туылыпты да, сексен алты жасында Қаратауда Бөген өзені бойында дүние салған екен. (Ескерту: хижра жыл санауы 622 жылдың 24 қыркүйегіне дәл келеді. Демек, Бәйдібек баба Қазыбек бек Тауасарұлының айтуында 609 жылы дүниеге келген болып саналады. Пайғамбарымыз 570 жылдың 29 тамызында дүниеге келген. 610 жылы қырық жасында пайғамбарлық аян етілген. 632 жылы қайтыс болған. Демек, қарт Қаратауда ғұмыр кешкен бабамыз Ислам әлемінен бейхабар халде Қазыбек бек Тауасарұлының төрелік беруі бойынша 622 жылы өмірден өткен.)
Кейінгі жас ұрпақты осындай ұлы бабаларымыз бен қасиетті аналарымыздың өмір жолынан хабардар ету мақсатында бірқатар мағлұматтарды айта кетуді жөн санаймын. Шежіре деректерінде Бәйдібек бабамыздың бәйбішесі Озбайдың (Оразы) он ұлының бірі Отанбайдан тарайтын Арыстан деген бидің қызы Марау – «Сары бәйбіше» атаныпты. Ал, Зеріп анамыз – Бәйдібектің екінші әйелі. Ол кісі атамыздан 13 жас кіші екен.Оның тапқан балаларынан қалған ұлы жалғыз ғана Жалмамбет. Бәйдібек баба Қожбанбетпен құда болуға аттанғанда жолай бір арланды соғып алып, артына бөктеріп, әлгі Қожбамбет ауылына алып келеді. Содан, біраздан соң далаға шыққан Бәйдібек би қасқырдың іші жарылып жатқанын көреді (Кейбір шежірешілердің айтуында Бәйдібек баба жолбарысты соғып алған). Сөйтсе, анадай жерде өзі діттеп келген болашақ келіні қасқырдың бауырын қанын сорғалатып шикідей жеп отыр екен. Содан, шешеміз Жұпар жолбарыс мінездес, бірайтар адам болған екен. Абысындары оны жолбарыс сияқты «алапаш», «мапыраш» деп жүріп, анамыз Мапырашты атанып кетіпті. Бұл кісіден туған бала бір көзі бір көзіне ойысып, «шапыраштанып» туылыпты. Сондықтан, оның атын Досымбет қойса да Шапырашты атанып кеткен. Шапырашты сұлу ата­мызбен бір жыл ғана ғұмыр кешіп, қай­тыс болыпты. Содан кейін, Жалмамбет бабамыз Жұпар апамыздың туған сің­лісі Қарашаш (Тұмар) сұлуды алған. Қарашаштан Ошақты (Атшабар) дүниеге келген. Қарашаш шешеміздің айтуымен үлкен үйді Шапырашты басқан. Зеріп анамыз қартайып, сексен бір жасында дүниеден қайтқанда келіні Сыланды да сол жылы өмірден озған. Сондықтан, екеуін Қаратаудағы Ұзынбұлақ өзенінің Кіші Бөгенге қосылар тұсына бірге жерлепті. Содан бері бұл биік «Қос мола» деп аталады» (Ескерте кеткен жөн болар,бұны «Бәйдібек ата,Қасиетті аналар» қоғамдық қордың президенті Әбілдабек Шардарбековтің Шапырашты бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабынан алғаны көрініп тұр).
Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сал­ғараұлы Қойшығара өзінің «Қазақтың қилы тарихы» атты кітабында (Алматы, «Жалын» 1992 жыл) мынадай ойталас өткізеді:
«Бәйдібектің үшінші ұлы Жарық­шақтан халық арасында Домалақ-ене деген атпен танылған екінші әйелінен туған Албан, Суан, Дулат есімді үш баладан өсіп-өнген ұрпақ кейін үш рулы елге айналады.
– Тоқтаңыз, сонда бұл мерзім мөлшер­мен алғанда қай кезге келеді.
– Қай кезге дейсіз бе? Шежіре дерегіне жүгінсек бұл сол Жетісу жерінде Қазақ хандығының құрылуымен тұспа-тұс келетін тәрізді.
– Мұныңыз тым бері емес пе?
– Неге?.. Өзіңіз есептеп көріңіз. Жаңағы Жарықшақтың үш баласының бірі Дулаттан – Жаныс туады.
Жаныстан – Жантобы.
Жантобыдан – Жайылмыс.
Жайылмыстан – Қожамберді.
Қожамбердіден – Құдайберді.
Құдайбердіден – Әлібек.
Әлібек атақты үйсін Төле бидің әкесі. Ал, Төле би 1663 жылы туып, 1756 жылы қайтыс болғаны тарихта белгілі нақты тұлға.
Сонда, Дулат Төле бидің жетінші атасы.
Ғылымда анықталғандай,үш атаны бір ғасыр деп есептегенде Дулат пен Төленің арасы екі-ақ ғасыр. Олай болса Дулаттың өмір сүрген кезі Қазақ хандығының құрылған кезі болмағанда қайтеді?
– Жақсы, солай-ақ болсын, бірақ, онда ғалымдарымыздың «дулаттар көне тайпа. Тіпті, біздің жыл санауымыздан бұрын өмір сүрген дейтін пікірін қайда қоясыз?!
– А-а…ол басқа мәселе. Мұның мә­нін түсіну үшін алдымен бұл аталған кезең шежіреде көрсетілгендей ру, ата­­лықтарының туған кезі деп емес, керісінше, олардың жеке тайпа ретінде, қазақ хандығының құрамына кірген кезі деп ұққан жөн».
«Міне, «дулат» атауына да осы тұр­ғы­дан қарап, оның тарих тегіршігі айналымының бірінде қайталанып отыруын, көшпелі өмір салтының кезекті бір заңдылығы десек керек» (206-207-бет).
Әрине, Қойшығара Салғараұлы осылайша тарихи тұжырымдамада тұрақтап қала алмағанымен қоймай, өзінің соавтор болған «Елтұтқа» кітабының талай тағдырды талқандағанын, сот процесіне айғақ ретінде қабылданғанын біле де бермеуі мүмкін. Енді бір сәт, 2003 жылы 14.05 №9 республикалық «Айғақ» газе­тіндегі жарияланған мақалаға көз салалық. Оңтүстік Қазақстандық бір топ ардагерлер Б.Әжібеков, Қ.Аманқұлов, Ж.Сұлтанов, Ә.Сасбұқаев, Т.Назарбеков, М.Ильясов және одан басқа 10 ардагер қатысып қол қойып, белгілі шежіреші-тарихшы Зайыр Сәдібекұлының «тәртібін» қарады. Ақыр соңында ортаға ала отырып, қысым жасап, «З.Сәдібеков қателіктерін мойындап, кешірім сұрап, қолхат жазып берді» деп масаттанады. Бұл енді «Газетке жарияланады» және Оңтүстік Қазақстан облысы шежіре Қорының жұмысы туралы есеп алып, оның құрамын қайта сайлау туралы тиісті орындардан сұралды» деп халыққа жар салды. Зайыр Сәдібеков болса шыбын жаны мұрнының ұшына келіп, «Кешірім сұраймын» деп мына мәтінде жауап жазды: «Менің 1994 жылы жарыққа шыққан «Қазақ шежіресі», мен 2002 жылы баспадан шыққан «Шежіре шеңбері» кітаптарымдағы Бәйдібек баба мен Домалақ ана туралы деректерді жекелеген авторлардың дерегіне сүйене отырып, жазған болатынмын. Қазіргі кезде халқымыздың белгілі оқымыстылары М.Жолдасбекұлы, Қ.Салғараұлы, А.Сейдімбекұлы жазып, баспадан шы­ғарған 2001 жылы «Елтұтқа» ел тарихының әйгілі тұлғалары» деген оқу құралы кітабы бұл мәселеге тиянақты түсінік беріп, түбегейлі нүкте қойғандай болды. Сондықтан, бұрынғы жазылғандарды ағаттық санап, кітапқа ретсіз кірістірілгеннің дұрыс емес екендігін енді түсіндім. Осыған орай Бәйдібек баба мен Домалақ ана аруақтарынан және оның ұрпақтарынан кешірім сұраймын. Сонымен қатар «Елтұтқа» кітабындағы Шапырашты, Ысты, Ошақты туралы айтылғандарға қосыламын». Оның бұлай айтпасқа шамасы да жоқ болатын.
Өйткені «ақсақалдар» қол­ға құран ұстағандай болып, «М.Жолдас­бекұлы, Қ.Салғараұлы және А. Сейдім­бекұлы­ның «Елтұтқа, ел тарихының әйгілі тұлғалары» атты кітабы шықты. Оның редакциялық алқасына И.Тасмағамбетов (төраға), Ә.Кекілбаев, Қ.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, Артықбаев, т.б. ғалымдар қол қойған, ғылыми кеңесші М.Қозыбаев болған» деп Зайыр Сәдібековті тал түсте сойылдады. Болса да сотқа береміз деп қорқытты (несін жасырамыз, кезінде бұндай оқиға біздің де басымыздан өткен болатын).
Сонымен осындай ұлы баба туралы білгісі келгендердің қатары көбейіп келеді. Тіпті мемлекеттік тұрғыда да сөз болуда. Оны Еркінбек Тұрысов былай суреттепті:
«Анығы да солай болды. Сол күнгі жүректі шуаққа бөлейтін аса ізгілікті жол сапарының да әсері болар, бейнебір өзі­мізбен араласа өскен осы ауылдың бір баласындай (Елбасы деп біліңіз) жарқырай сәлемдесіп, айнала мөлдіреген таза табиғат­қа, шығыста көкжиекті көмкерген көгілдір Боралдай –Үлкен Тұраның зау биігіне көз жіберіп тұрды да ол жалт бұрылып:
– Ал, қане, айта беріңіз, аға, жарықтық әулие анамыз қай заманның, қандай қасиеттің адамы, – деп, көне дүниенің кө­зіндей ескіден қалған, қаншама өзгерісті көрген ежелгі орнындағы Нұрила (Домалақ ене) ананың кедейдің күр­кесіндей шағын күмбезінің тас қабырғасын оң босағасынан бірер сипап, оны сырт жағынан бір айналып шықты («Ұлы Бәйдібек есімі ауданға қалай берілді?» Еркінбек Тұрысов.2008 жыл.11-қыркүйек. «Оңтүстік Қазақстан» газеті, №136).
«Бәйдібектанушыларға» бас қосып бабаның жасын, қай ғасырда өмір сүргенін, қандай қызмет атқарғанын анықтайтын жиын жасаса, пайдалануға болатын мынадай нысандар бар екенін айта кеткенді жөн көрдік. Біріншісі, тілдік ерекшеліктер, есімдер, атаулар, қызметтік шендер т.б. Мысал ретінде Ашина – Көкбөрі, Аттила, Бумын, Білге Тоныкөк, Күлтегіндермен қазақы қалыптағы Бәйдібек, Нұрила, Жұпар, т.б. есімдерді қаз-қатар қоя аламыз ба? Екіншісі, тарихи, жағрапиялық жағдайдың өз ерекшеліктері. Түркеш қағанатын 690-692 жылдары Өжелі Баға тархан орнатқаны, бұл қағанаттың 715 жылы құлағаны есте тұруы тиіс. Бұл 7-8-ғасырға жатады. Олардың негізгі құрамы – Бес дулат – Ши мойын, қойлау, ысты, түркеш, жаныс болды. Есте болатын нәрсе «Тоныкөк» жазбасында «Түркеш халқын ұйқыда бастық. Жеңдік, қағанын тұт­қындадық. Жабғысын, шадын сонда өлтірдік» дейтін анықтама бар. Сонда бір-бірімен соғысып жатқан кімдер? –деген сұрақтың жауабын іздеуге тура келмей ме?! Үшіншісі, Бәйдібек баба ғұмырнамасы белгілі тарихи адамдармен бір тізбекте тұруы. Домалақ енеміздің – қожаның қызы екендігі, Қызай деген қызын наймандарға ұзатқаны, Төле би бабамыздың, болса да Мырза Хайдар Дулатидің Бәйдібек бабаның ұрпағы болуы, олардың нақты белгілі уақыт кесіндісінде өмір сүруі.т.б. Төртінші, Бәйдібек бабаның басындағы ежелгі кесененің Қарақан мемлекеті тұ­сында бой көтеруі, олардан бұрын Кесене тұрғызбай, балбалтастар қойғаны. Мысалы «Күлтегін» ескерткіші соның айғағы. Бесінші, Бәйдібек бабаға қатысты барлық аңыз-әңгімелердің «қаратаулық» үлгіде екендігі. Оларда ешқандай «хан», «батыр». «би» болу белгілердің көзге бірдестен байқалмауы. Олардың орнына әулие анамыздың қадір-қасиеттерінің молынан суреттелуі, т.б. Әрине, мынаны есте ұстау керек, ол – қай заманда болсын қолында мол қаражаты, мал-мүлкі бар адамның елге билік жүргізетіні рас. Қолында орасан зор малы бар адам оны қорғау үшін батыр болса да жарасады.
Ең соңында осыған өз ойымды қоса кеткім келіп отыр.Ол қисын мәселесіне байланысты. Мысалы «Жарықшық» туралы менің әз анам Орал, оның солай атануы барымташылар кеп қалғанда ұлы анамыз, ең әуелі кішкентай сәбиін аман сақтап қалу үшін, жерге жатқыза салып, үстіне қазан төңкергеннен, сол қазанның шеті жас баланың маңдайын сырып кеткеннен болған деуші еді. Кейіннен дәл осыған ұқсас оқиғаны белгілі ғалым-тарихшы-теміржолшы – Алаштың айбыны Мұхамеджан Тынышбаевтың «Ақтабан шұбырынды…» атты кітабынан жолықтырған едім. Онда ұлы азамат өз бабаларының дәл осы Домалақ ана жатқан жерден 10 шақырымдай жерде, «Теректі» әулиенің маңында «Садыр қамал» деген жерде, қалмақтардың қырғынынан жалғыз баланы, өзінің түп атасын жас келін қалай аман алып қалғанын суреттеген екен. Жалпы, мұндай амал-тәсіл көшпелі өмір салтында жиі қолданылған.
Мұнан кейінгі Домалақ анамыздың басқа да абысындарымен тату-тәтті тұр­мауы туралы әртүрлі аңыз әңгіме бұлардың дүниеден өткенде біртегіс қатар жатпай, Ұлы әулие анамыздың басқа жерде, жападан-жалғыз, Кіші Бөгеннің бойында болуынан деп түсіндірген болатын. Жалпы, менің әз анамның айтуында До­малақ енеміздің есімін елге жайған ұлы-ұлы үш оқиға бар. Біріншісі – жаудан ақылмен жылқыны қайыруы, екіншісі –Жарықшақ– Тілеубердіні аман алып қалуы, үшіншісі көріпкелдігі, мейірбандылығы, кешірімділігі, ақ сүйек қожаның қызы бола тұра «қараға» шығуы, Бәйдібек баба қайтыс болған соң да шаңырағын құлатпай, көзі жұмылғанша қасиеттеп ұстауы, болса да, қанасын жарып шыққан Жарықшақтан бір қауым жұрттың өсіп-өрбуі, т.б.
Тарихи тұлғаның тағдыры қырық қатпарлы болады. Алтынның құм арасында болатынындай, соны елеп әжетке жарататындай,біз соның тағылымдық, танымдық жағын мүмкіндігінше таңдап, талғап ала білуіміз керек. Осыны жақсы білген Ұлы бабаның баянын баяндауда белгілі бір жетістікке жеткен жазушы, шежіреші-тарихшы Еркінбек Тұрысов: «Міне, көріп отырмыз, бірі алыс ға­сыр­ларда өткен, екіншісі кешегі замандасымыз берген екі автордың екі кітабы (Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» және Даниярбек Дүйсенбаевтың «Домалақ ана» кітабын айтып отыр деп біліңіз). Екі кітаптағы Бәйдібек жылнамасының арақашықтығы жер мен көктей, аз, кемі жоқ 647 жыл. Кімдікі жөн? Қайсысын ұстанамыз?» – дейді ағынан жарылып.
Ауданға аты берілген, алып ескерткіштер тұрғызылған, энциклопедияға енгізілген драмалық-тарихи туындыларға жиі-жиі өзек болып жатқан, енді көп ұзамай фильмдер түсіріле бастайтын ұлы тұлға туралы белгілі бір тоқтам жасалынуы тиіс емес пе?! Бәлкім, таза ғылыми жолмен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ҒЗО (ғылыми-зерттеу орталығы) директоры, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі, «бәйдібектанушы» Бақытияр Әбділдаұлы айтқандай «қабірді жапқан ағаштарды, ең дұрысы кебін мен басқа да оңай жатқан органикалық заттарды алып-көміртекті-сутекті (углеродно-водородный метод определения возраста) тәсілін қолдану керек пе?! «Көлбеу шруп салып, әскери техниканы қолданып қабір ішінен кебіннің немесе моланы жапқан ағаштың тырнақтай жұрнағын алса да жетер еді» – дейтін ұсынысына қалай қарайсыздар?! («Бәйдібек баба қашан өмір сүрген? «Егемен Қазақстан» газеті, 3-наурыз. 2009 жыл №84-86). Әмір Темірдің, Хан Абылайдың, большевиктер қырғын таптырған патша әулетінің сүйегін солай анықтаған емес пе?! Пирамидаларды, Трояны, «Алтын киімді адамды» ғылыми ақиқатты анықтау үшін қазып көрдік емес пе?! Сонымен, несін жасырамыз, әзірге Бәйдібек бабаның ғұмырбаяны бір жерге тұрақтамай, яғни, баянды болмай тұрғаны баршаны алаңдатады. Бәлкім, бір кездері 6-7 ғасырды азсынып, бір «мықты» біздің жыл санауымыздан бұрын өмір сүрген Үйсін мемлекетіне «үйлестіріп» жіберсе не істемекпіз?! Өйткені, Қытай жазбаларында Үйсіндер (усунь) біздің заманымыздан бұрынғы 2 -ғасырда аты аталатыны рас қой!

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Бәйдібек (ХІІ-ХІІІ ғғ.) – Ұлы жүз құрамындағы Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты, Албан, Суан және Дулат тайпаларының түпкі бабасы. Оның ең кіші әйелі – Домалақ. Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданындағы Ақпан батыр ауылында жасаған шежіреші Көпжасар Мәденұлы (1912-1997) Домалақ ана жөнінде былайша әңгімелеуші еді: «Ертеректе Сәдір ата, Бәдір ата, Сейіт Ахмет ата, Ұзын Хасен ата деген төрт кісі Бұхара қаласында ілім-білім алады. Бір күні үлкен дін басшысы бұл төртеуін алдына шақырып алып: «Сендер ілімге әбден жетілдіңдер, енді күнге күйген құлға ұқсаған, өзі зәңгі тәрізді қап-қара ешенді іздеп тауып, соның ізбасар шәкірті болыңдар», – дейді.Сөйтіп, Бұхара қаласынан шыққан төрт кісі Түркістанды бетке алып, даланы кезіп, жүре беріпті. Сонда қазіргі Ташкент қаласының маңайындағы жалаң далада сиыр бағып жүрген бір қап-қара адамға жолығыпты. Бұл – Зеңгі баба екен. Өзінің алдындағы төрт кісіні көрген кезде ол: «Сіздер қандай кісілерсіздер, бұл далада осылай жүрулеріңізге не себеп болды?» – деп сұрапты. Әлгі төрт кісі өздеріне ешен іздеп жүргендіктерін айтыпты. Сонда Зеңгі баба: «Мен барлық ғаламды іздеп шықтым, бірақ ешен тапқаным жоқ, ал, ілімдеріңізді толықтыру үшін сіздерге менің ұстаз болуым жеткілікті», – деген екен. Ахмет ата ішінен: «Қандай мақтаншақ, мен Сейіт әулетінен бола тұра, осы қара бақташының мүриді болуым керек пе?» – деп ойлапты. Бәдір ата да іштей: «Еріндері түйенікіне ұқсап салбырап, қандай мақтанады?» – дейді. Зеңгі баба қасиетіменен Ахмет пен Бәдірдің өз сөзіне оншалықты ықылас таныта қоймағанын біледі. Төртеуінің ішінен өзіне деген сенімі мен пейіліне қарай бірінші Хасен атаның қолын алыпты. Кейінірек оны Сыр жағындағы елге пір болуға жұмсаған. Қазақтың Ұзын ата дегені осы. Екінші ретте Сәдір атаға бата беріп жібереді. Бәдір атаны да көп ұстамайды. Сейіт Ахмет ата кідіріп, жіпсіз байланып, тұрып қалады. Оның істері кері кетіп, алға баспай-ақ қояды. Бірде ол Зеңгі бабаның жұбайына: «Маған көмектесіңізші, Зеңгі рұқсат берсін», – дейді. Сол уақытта Әнуар ана оған қарап: «Ол үшін Зеңгінің ықыласы түсетіндей бір амал жасау керек. Мен құманды қойныма орап жатып, таңертеңгі дәрет алатын суын үнемі жылылап беруші едім. Қазірден бастап мен ауырып қалайын. Сен суды жылылап бер, сонда ықыласы түсер», – деген екен. Бірінші күнгі таңертеңгі уақытта Зеңгі баба өзенге барып, дәрет алады. Күн суықтау, шытымыр болса керек. Зеңгінің денесін басқан қалың түктері де, кіндік тұсына жететін ұзын сақалы да мұз боп қатып, саудырлап келеді. Сол күні Әнуар ана Ахмет атаға: «Сен енді түнде қара киізге оранып, аяғыңды бүктеп, Зеңгінің жүретін жолына жат. Онымен тілдескенде кішілік таныт», – депті. Ахмет ата түнде құманды қойнына алып, киізге оранып жатады. Зеңгі баба таңертеңгі уақытта оны көріп, аяғымен басып: «Бұл кім-ей?» – дегенде, киізге оранған кісі: «Сенің Ахметің, сенің Ахметің», – деп екі қайтара жауап береді. Ол үнемі шыққан тегін бетке ұстап, Сейіт екенін әсіре мақтаныш етіп, менменсіп, тәкапбарлық танытатын екен. Бұл жолы кішілігі ұстап, Сейіт сөзін тастап сөйлепті. Оған Зеңгінің сәл ғана іші жылыпты. Сейіт Ахмет ата киізден босанып, Зеңгінің аяғына құлап, сүйе бастапты. Зеңгі қатуланып, оған: «Орныңнан тұр!» – дейді. Ахмет ата орнынан тұрып, құманды Зеңгіге беріпті. Дәрет алып келгеннен кейін Зеңгі баба Ахмет атаға: «Сен бүгін кішіпейіл болуға ниет еттің. Содан да сыртың аздап тазарды. Бірақ ішің әлі онша таза емес», – депті. Сол күні Зеңгі Ахметке батасын беріпті. Ол: «Сен енді Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауидің жайына бар. Сол арада отырған шырақшы саған не берсе де Бәйдібекке бер», – деп рұқсат етіпті. Қожа Ахмет Йасауидің жайын күзеткен шырақшысына Мейір бегім деген қыз нәзірге түсіпті. Түркістанға барған уақытында Сейіт Ахмет атаға шырақшы осы қызды беріпті. Бұл кісі Зеңгі бабаның айтқанын орындап, Мейір бегімді Бәйдібекке сыйлапты. Міне, Домалақ ана осы. Нәзір – екі дүниеде де сұрауы жоқ, тағдыры сіздің қолыңызда, тарту садақа деген мағынада айтылып отыр». Қазанқап ақын да: «Домалақты біреулер қожаның қызы дейді. Онысы Ғаббас қожаға нәзірге түссе керек», – деп жазған. Зеңгі бабаның 1258-59 жылдары қаза болғанын ескерсек, онда Бәйдібек баба XII ғасырдың екінші жартысында дүниеге келіп, ХІІІ ғасырда көз жұмған болып шығады. Мұхаммед Хайдар Дулати гүргеннің «Тарих-и Рашиди» кітабындағы мәліметтерге назар аударсақ, оның түпкі бабасы Әмір Байдаған (Байдахан) ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген. Байдаған, Байдахан, Байдабек, Бәйдібек атаулары бір-біріне мағыналық жағынан өте жақын, түпкі түбірі – Байда екені көрініп тұр. Біздің ойымызша, Байдаған – Бәйдібек баба болуы ықтимал.

  2. Міндетті түрде бұрмалап жазу керек пе?

  3. сараптама арқылы анықтау қажет деп ойлаймын

Пікірлерге тыйым салынады.

Мұрағат

error: Content is protected !!