Сөйлеп тұрған суреттер

  • 21.08.2017
  • 952 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Айтқазы Байдәулетов,
өнертанушы

Қай халық болса да, өнерді сүйеді. Бірақ, біздің пікірімізше, қазақ халқы өнерді аса жоғары бағалаған, өнер иесін қатты қадірлеген. Өнерлі адамның ныс­пысына оның қандай өнердің шебері екенін әйгілейтін қосымша сөзді қосарлай айтып, құрмет-ізетін білдірген. Мәселен, «Молықбай күйші», «Сандыбай үйші», «Бектеміс ұста» деген өнерлі адамдар есімдері халық аузынан әлі кетпейді. Ұл­тымыздың «Өнерлі өрге жүзеді», «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Бармағынан бал тамған», «Темірден түйін түйген шебер» деген сияқты мақал-мәтелдері, нақыл сөздері, теңеу-эпитеттері өнердің бағасын, дарынды адамның қадір-қасиетін жете ұғынған халық екенімізді білдіреді.
Әрине, ғасырлар бойы қалыптасқан жоғары өнер мектептері, өнер салаларында классикалық дәстүрлері бар. Кейбір елдермен салыстырғанда, олқы көрініп жататын тұстарымыз бар. Бұған бірде тар, бірде зар заман ағымы, ұлт тұрмысының өзгешеліктері себеп болған шығар. Дегенмен, халқымыздың байырғы хас шеберлерінің озық дәстүрлерін жаңғыртып, байытып, атадан қалған мұрамызды көздің қарашығындай сақтап, ұлттық өнер үлгілерін жалғастырып, дамытып жүрген дарынды, ойлы, ізденгіш азаматтарымыз әр кезде болған, әлі де бар. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда тіпті көбейіп келеді. Мемлекет басшысының ұлттық өнер саласына, өнерлі тұлғаларға жіті қарап, қамқорлық жасағанынан болар, ұлтын сүйген дарын иелерінің арасында жақсы бір сілкініс байқалады.
…Жуырда сондай бір тамаша азаматпен, өнерге, әсіресе, ұлттық өнер түрлеріне жүрегімен берілген, жаны жайсаң, мінезі жаз жігітпен танысудың сәті түсті. … Ол – дарынды суретші, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан республикасы Көркемөнер Академиясының корреспондент мүшесі Мұратхан Әбділдаев. Жетісудің самал желіндей аңқылдаған, кең жауырынды, сұңғақ бойлы, өңді жігіт ағасы әдемі, терең мағыналы әңгімелерімен бірден баурап әкетті. Сыры мол суреттер салумен қатар Мұратхан қазірде сирек кездесетін өнер иесі екен: танысым-суреттегі әдемі көріністерді, оған негіз болған ой-қиялдарын, өмірден түйген тұжырымдарын туған еліне деген сайын даладай шексіз сүйіспеншілігін текті ағаштың тақтайын бедерлей ойып жеткізетін шебер болып шықты. Ол еңбектерінің кейбірін бізге бірден көрсетті. Автордың шабыттана айтқан түсіндірме әңгімесімен әдіптелген әсем ойылған ағаш бетіндегі бейнелер көзді де, көңілді де тұңғиық әлемге тартып барады…
Суретшінің шығармаларына таңырқай қарап тұрып, алғашқы қойған сұрағым мынадай мағынада еді:
– Мұндай керемет өнер қаныңа қалай бітті? Тұқымыңда бар ма еді?
Мұратханның жауабы, тіпті, еліктіріп жіберді:
– Әйгілі суретші атамыз, Жетісулық жерлесіміз Әбілхан Қастеевті әрбір қазақ біледі ғой. Сол кісіден: «Сурет салуды қайдан, қалай үйрендіңіз?» – деп сұраған екен. Сонда, жарықтық былай деп жауап беріпті: – «Өнер таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, әженің киізінен туады».
Қатты ойланып қалдым… Астары қалың, меңзегені тереңде жатқан асыл сөз екен деп жадыма түйіп қойдым.
Мүкең айтады: «Әбілхан Қастеев айтпақшы, мен суретшілікті, ағаштан ою оюды аса ісмер адам-анам Рахаттан үйрендім. 90 жасты жағалап жүрген анамның қолынан келмейтіні жоқ ол кісі жасаған ою-өрнектер, тұскиіз-текеметтер де көздің жауын алады. Басқа өнерді табиғаттан, ұлттық рухтан алдым». Мұ­рат­ханмен әңгімеміз кейінгі күндері де жалғасты. Асыл азаматтың өмір жолын, өнердегі өткені мен беталысын білгім келді.
Ұстаздық жұмыс адамға уақыт қалдыра ма? Бұл, әсіресе, шығармашылық жолында жүргендерге көп ыңғайсыздықтар тудырады. Біресе дәріс, біресе емтихан, енді бірде шұғыл жиналыс… Алайда, бұған ренжіп жүрген Мұратханды көрген жоқпын. Үнемі жадыраңқы көңіл-күйде, ұстаздық міндеттерін атқарған соң темір тұлпарына мініп алып, шапқылап жүргені. Сонда деймін, шығармашылыққа, өнерге қалай уақыт табады? Бір байқауымша, Мұратхан ұстаздықты да өнердің сұлтанындай көреді екен. Оның ерік-жігері ұстаздық пен суретшілікті, қолданбалы өнер қиындықтарын да қатар алып жүруге молынан жететін сияқты. Мұратхан Дүйсенғалиұлы Алматы облысының Алакөл ауданындағы Ақтүбек ауылында 1966 жылғы 13 сәуірде дүниеге келіпті. Әзіз анасының арқасында өнер туындыларына, ұлттық нақыштарға көзі қанық болып өскен бозбала сурет өнеріне, қолданбалы өнер түрлеріне жасынан жақын болды. Өзі айтпақшы, табиғатпен тілдесті, ұлт тарихына зейін қойды. Шеберлерден үйренді, зерттеді, зерделеді. Осындай, қызығушылық оны Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетіне алып келді. Бұл 1990 жыл болатын. Жоғары білім алып, үлкен өнер ортасын көрген жас ұстаз-суретші Талдықорған қаласындағы мектеп-интернатта 4 жыл бойы сурет пәнінің мұғалімі болып қызмет істеді. Бұл уақыт та ол үшін үйрену, ойлану жылдары болды. Үнемі шеберлігін шыңдап жүрген жас суретші 1991 жылы Талдықорған қаласының көркемөнер залында «Туған жер» атты жеке көрмесін өткізді. Осы көрмеге қойылған «Таушелек саты» атты шығармасы жоғары бағаланып, облыстық Мәдениет басқармасының Дипломымен марапатталды. Бұл Мұратханның өнердегі алғашқы толымды табыстарының бірі еді.
1994 жылдан бері Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік универ­ситетінің Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасында ұстаздық етіп келе жатқан М.Әбділдаев осы қызмет орнында да табыстарға жетіп, өнер саласында да сан мәрте топ жарды. Суретші-дизайнер, өнер зерттеушісі ретінде алқалы жиындарда пікірлерін ортаға салып жүрді. Өнер мәселелеріне арналған Халықаралық ғылыми тәжірибелік конференцияны университетте өткізуді ұйымдастыру ісі­нің бастамашысы болғанының өзі үлкен мәртебе болған еді. Сол жылдардан бергі уақытта осы бір «өнер» десе, бәрін ұмытатын дарын иесінің жеткен жеңістерін, алған жүлделерін санамалап шықсақ та, еш артығы болмас еді.
2010 жылы Жаркент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркем өнер галереясында жеке көрмесі өткізілді. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналып ұйымдастырылған көрмеде «Мың тағзым» атты триптихы жоғары бағаланып, Қазақстан суретшілер Одағының Алматы облыстық филиалының атынан алғыс хатпен марапатталды. Сол жылдың қыркүйегінен Қазақстан Рес­публикасы Көркем Академиясының кор­рес­пондент-мүшелігіне сайланды. 2011 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесіне өтті. Оның артын ала «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең үздік плакат» байқауына қатысып, белсенділік танытқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. Жақсылық жақсылыққа ұласып, мұғалімдер күніне орай Алматы облыстық маслихатының Құрмет Грамотасымен марапатталды. Ал, 2012 жылы Қазақстан дизайнерлер Ода­ғының 25 жылдық мерекесіне байланысты дизайнерлердің Алматы облысы әкімінің «Көркемөнер галереясында» өткен «Дизайн – дәстүрге жаңа көзқарас» атты көрмеге шығармашылық жұмыстары қойылды. Араға бір жыл салып, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының басқармасы Ел Тәуелсіздігінің 21-жылдық мерекесіне орай өнердегі ерекше жетістіктері, Қазақстан бейнелеу өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағы Мадақтама Грамотасымен марапатталды. Айтып, тізе берсе суретші қуанышында шек жоқ, ол еткен еңбегінің жерде қалмағанының белгісі.
Шығармашылық жұмыстары Германия, Ресей федерациясы және басқа шет ел мемлекеттерінде, жеке коллекциялар құрамында сақтаулы.
М.Әбділдаевтың суреттеріне, ағашқа ойып салған бедерлі шығармаларына көз салып қана, жайбарақат өте шығу мүмкін емес. Оның «Қазақ елі», «Ұрпаққа аманат», «Мәуелі бәйтерек» атты, басқа да көптеген шығармалары ойлы көзбен қарауды, жаныңмен ұғынуды қажет етіп тұр. Олардың мәні мен мағынасын жете түсінсең ғана автордың түпкі ойын, нені меңзеп тұрғанын аңғара бастайсың. Сонда ғана суреттер сөйлеп қоя береді. Иә, бұл дүниелер – сөйлеп тұрған суреттер. Ашылмай қоятын бүкпе сырлары да көп… Әлемге әйгілі қыл қалам шебері Леонардо да Винчидің «Джакондасын» алып қарайықшы. Осы айтулы керемет суреттегі әйелдің жүзіндегі жұмбақ жымиыстың сырын адамзат қаншама ғасырдан бері аша алмай келеді.
Енді, Мұратхан Әбділдаевтың «Ұрпаққа аманат» атты шығармасына үңіле қарайық. Мән бермеген адамға әлде бір ер адам мен әйелдің бейнелері, жас бала, қынынан суырылмаған қылыш, шұғылалы күн, бесік орналастырыла салған сияқты көрінеді. Ер адам – ел қорғаны, әйел бейнесі отбасының анасы, сәби өсер ұрпақ, қынынан алынбаған қылыш-бейбітшілікті қалайтын халық, бесік – келер ұрпақ, өсу, өну белгісі, ал фонда көгілдір таулар, жасыл баулар, көкшіл көлдер бетегелі белдер, жазиралы дала жатыр деп елестетсек, қалай болар еді. Сурет сөйлей бастайтын сияқты. Суретшінің әр шығармасы, ондағы әрбір сызық, деталь тылсым сырды айтқысы келіп тұрғандай. Тек сөйлете білсек…
Өнерің өрге жүзсін, Мұратхан!

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!