ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

  • 21.08.2017
  • 1233 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Назым САМЕТ,
студент

Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, «Түркия» қоғамы тіл және мәдениет орта­лығының төрағасы, философия ғылымдарының докторы, Халықаралық қауіпсіздік саласының профессоры, академик Қазақбай Қасимовпен сұхбат

– Қазақстан Халқы Ассамблеясының XXV сес­сия­сында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жаңғы­рудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім. Ал, осы үш қасиетті бір арнаға тоғыстырған Қазақстан Халқы Ассамблеясы» деген. Ассамблея тарихы мен маңызына көз жүгіртсек.
– Ғасырлар қойнауында, қаншама ұрпақтарымыз бен ата-бабаларымыздың аңсаған арманы тәуелсіздік болатын. Бүгін де, Тәуелсіз мемлекетімнің бақ жұлдызының жанып тұрған сәтті кезінде сіздер менен біздер, барша қазақ­стандықтар заман уақиғасының куәсі болып отырмыз. Жас қазақ мемлекетінің туып-қалыптасуын көзбен көріп, қолмен жасау бақытына біз ие болып отырмыз. Заман өте біздің ұрпақтарымыз біз туралы: «Нұрсұлтан ағамыздың заманында өмір сүрдік деп, жаңа қоғамымыздың дамуына үлес қосқан бізді де мақтанышпен, аңызбен еске түсіретін болады». Бүгін де 25 жыл ғана тарихы бар ел иесі, жер иесі қазақ мемлекеті жасампаз қуатының арқасында өз Қазақстандық моделін адамзатқа мұра ретінде әлем жұртшылығының назарына ұсынуы біз үшін таптырмас, баға жетпес ең қымбат қазына. Сол, Қазақстан модельдерінің бірі – Қазақстан Халқы Ассамблеясы бүгін де ұлт пен ұлыстардың, этностардың, қоғамдық ұйымдардың арасын мемлекетпен жалғастыратын алтын көпірге айналған. ҚХА мемлекетіміздегі достық пен татулықтың, келісімнің киелі бесігі. Ынтымақтастық пен сыйластықты көрсетудегі бейбіт өміріміздің белгісі. Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстар құт мекен етіп келеді деп айтамыз. Бұл сөздің астарында мемлекетіміздегі ұлт пен ұлыстардың кез келген халықпен терезесінің тең, керегесінің кең екендігін көрсетіп отыр. Осы орайда аса құрметті Елбасымыздың ұлтаралық проблемаларды, мәселелерді шешудегі көрегенділігі мен даналығын айрықша атап өтер едім. 1995 жылы 1 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ҚХА-ын мемлекет басшысының жанындағы кеңесші орган ретінде құрады. Ал, ҚХА-ның бүгінгі күнге дейін жаңа қоғамымыздың дамуына үдемелі үлес қосып келе жатқаны бұл ұйымның болашақта да әлі жұмыс істеу керек екендігін дәлелдеп отыр. Ассамблея аясында жұмыс істеп жүрген мемлекетіміздегі этномәдени орталықтардың маңызы ерекше. Әрбір этнос өкілінің тұрмыс-тіршілігін, тынысын тамыршыдай дөп басып қоғамның алға жылжуына, өркениеті дамуына ықпал жасайтын осынау азаматтық институттардың бейбітшілік орнатудағы маңыздылығы ерекше. Әрбір этнос өкілінің тіліне, түсіне, ұлтына қарамастан олардың бас бостандығын және еркіндігін, тең құқықта қамтамасыз етуде Ассамблеяның маңызы зор. Ал, осы айтылғандардың Ата Заңымызда көрсетілуі толеранттылықтың құжаттамалық заңнамасына жатады. Енді, өзіңіз атап өткен бүгінгі таңдағы мақсатына тоқталсам… Халық дипломатиясының күре тамырына айналған ҚХА-ның алдына қойған мақсаты – қоғамның белсенді саяси күші болып, елімізді құт мекен етіп жүрген этностарды байырғы қазақ халқының төңірегіне топтасуын түпкі өзегі ете отырып Қазақстандық патриотизм мен біртектілікті берік орнықтыру. Этностардың этносаралық келісімін қам­та­масыз ету Ассамблея мүшелерінің негізгі мақсаты.
– Ассамблеяның құрылуы жайлы…
– Біз көпұлттық мемлекетпіз. Мемле­кетімізде саны шағын ұлттар да аз емес. Ұлысаралық және конфессия аралық қарым-қатынастарды нығайтып, елімізде тұратын барлық ұлттардың қоғамдарын, тілдері мен дәстүрлерін сақтау бағытында ел саясатын әрі қарай дамытатын, көп ұлтты халқымызды достыққа, татулыққа, бірлікке топтастыратын ҚХА-ның рөлі мен беделін көтеру мақсатында 2007 жылы Ассамблеяға Конституциялық мәртебе берілді. Алғашында Парламент мәжілісінен 9 депутат сайланды. Ассамблеяның өзі сайлаған депутаттары Парламент қабыр­ғасындағы мінберден халықтың көкейіндегісін тауып, олардың мүдделерін заң жолымен реттеуді қамтамасыз етеді. Енді, бұл сайланған депутаттар жеке топтардың мүддесін емес, Тәуелсіз мемле­кетіміздің мүддесін заң жолымен айқындап, қаншама проблемаларды шешіп отырады. Біз Конституциялық мәртебе алғаннан бері талай-талай істерді атқарып, мемлекетімізді абыройлы жеңістерге жеткізіп отырмыз. Мысалы, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мунның мемлекетімізге келгенде: «ҚХА кішігірім БҰҰ-ның қызметінен кем қызмет атқарып жатқан жоқ» деп ҚХА қызметін кішігірім БҰҰ-на теңеп, Ассамблеяның жемісті нәтижелерін жоғары бағалауы біз үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар, Ассамблеяның елімізде заң шығару ісіне араласуына толық мүмкіндігі бар. Бұл көпұлтты және көп конфессиялық қоғамда пайда болатын қайшылықтарды болдырмауға Ассамблея мүшелерінің дер кезінде септігін тигізуіне мүмкіндік береді. 2008 жылдың қазан айының 23-ші жұлдызында өткен «XIV ҚХА сессиясының басты ерекшелігі – мемлекеттік мәртебеге қол жеткізуіміз бен заңның қолданысқа енуі. Ассамблея Мемлекеттік орган ретінде еліміздің мүддесін, ұлт пен ұлыстардың, этностардың мүдделерін, әлеуметтік жағдайларын және басқа да көптеген сұрақтарды, түйткілді мәселелерді шешуді заң жүзінде атқарып келеді. Ассамблея құрамына келетін болсақ, қауымдастық аясында көптеген этномәдени орталықтар қызмет атқарып келеді. Мәселен, «ғылыми сарапшылық кеңес» деген бөлім 200-ден астам еліміздің танымал ғалымдары мен сарапшыларынан тұрады. Олар өздерінің ойларын, ұсыныстарын ортаға салып, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай қызмет атқарып келеді. Бүгінгі күні Ассамблея құрамында 820-дан астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. 400-ден аса ассамблея мүшелері бар. Олар ұлтаралық татулық пен тұрақтылықты одан әрі жарастыра нығайтып келеді. Мұнда тағы «Аналар кеңесі» бар. Мысалы мемлекеттік тілді әрмен қарай жаңғырту мақсатында «Түркия қоғамы», яғни, біз әр жыл сайын Ассамблея аясында олим­пиадалар өткіземіз. Мемлекеттік тіл білгір­лерінің олимпиадасы менің төл жобам. Өткен жылдары Қазақ Ұлттық университетінде «Қазақ тілі білгірлерінің олимпиадасын» өткіздік. Алғашқы жылы олимпиадаға 80-дей оқушы қатысса, алдағы жылдары қатысушылар саны 170-ке дейін жетті. Бұл жыл сайын атқарып жатқан еңбегіміздің жемісті нәтижесінің белгісі. Олимпиада қазақ мектебіндегі қазақ оқушылары үшін емес, басқа ұлт өкілдерінің арасындағы қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылатын шара. Жүлдегерлерді ақшалай сыйлық, ұялы телефондар және бірнеше демалыс орындарына баратын жолдамалармен марапаттадық. Біз көп жылдар бойы өткізіп келе жатырмыз. Бірақ, өкінішке орай соңғы жылдары белгілі бір себептермен «Қазақ тілі білгірлерінің олимпиадасы» өткізілмей қалды.. Бірақ, болашақта өз жалғасын табады деген сенімдемін..
Оған қоса бұл бағыттағы олимпиадада өз ойымнан туындаған эмблемаларым да бар. Қазақтың ою-өрнегінің «Қошқар мүйіз» деп аталатын түріне сәйкес етіп жасалған бұл таңба бейне қазақтың қалпағына да ұқсастық жайттары бар. Эмблемада орын алған бұл қалпақ тектес өрнектен кейін кішкене тағы бір дәл сондай екінші өрнек суреттеледі. Үлкен өрнек – әкесі, ал оның ішіндегі кіші өрнек – баласы, яғни, ұрпағы боп танылады. Ендеше мәнісіне келер болсақ, ғасырлар қойнауынан келе жатқан қазақ халқының рухани ұлттық құндылықтары ана тіліміз, дініміз, әдебиетіміз бен мәдениетіміз, салт-дәстүріміз ұрпақ сабақтастығындағы атадан балаға жалғасып келе жатқан мұра екендігін түсіндіретін таңба.
– Олимпиада туралы толығырақ баяндап берсеңіз.
– «Қазақ тілі білгірлерінің Респуб­ликалық олимпиадасының» мақсаты – қазақ тілін меңгерген жастарға, мек­теп оқушыларына қолдау көрсету, тіл мәдениетінің деңгейін көтеру, өзге ұлт жастарының қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру, қазақ тілін үйренуге ынталандыру арқылы мемле­кеттіліктің, ұлтаралық татулық пен ынтымақтастықтың нығаюына ықпал ету, қазақ тілінің жастар арасына кең таралуына жағдай жасау. Олимпиадаға 9-11 сынып аралығындағы мектеп оқушылары қатысады. Олар жас ерекшеліктері бойынша жіктеліп, әрбір топқа бөлек тапсырмалар беріледі. Олимпиада екі кезеңде өтеді. I кезең – аймақтық, ол – облыстар және Астана мен Алматы қалалары бойынша өткізіледі. Оны облыстық Шағын ассамблеялар өткізеді. Содан іріктелген балалар екінші кезеңге жолдама алады. II кезең – республикалық, ол Қазақстан Халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Астана қаласында өтеді. Кейіннен Қазақстанның басқа қалаларында өткізе беруге болады. Жоба жоспары бойынша, Республикалық олимпиада үш күнге созылады. Бірінші күні іріктеліп келген қатысушыларды тіркеу және арнайы салтанатты сарайда ашылу рәсімі болады. Олимпиада әсемдеп безендірілген сарайда мемлекеттік әнұранмен ашылады. Онда Қазақстан Халқы Ассамблеясының басшылығы, қоғам қайраткерлері, белгілі тіл жанашырлары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар өкілдері сөз сөйлеп, олимпиада жұмысына сәттіліктер тілейді. Екінші күні қатысушылар олимпиада тапсырмаларын орындайды. Үшінші күні Қазылар алқасы Олимпиада қаты­сушыларының көрсеткен білімдерінің қорытындыларын шығарады. Арасында Олимпиада қатысушыларына арнап қаланың көрікті жерлеріне серуендеу шарасы ұйымдастырылады. Үшінші күні түстен кейін олимпиаданың жабылу салтанаты болады. Онда Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, белгілі қоғам қайраткерлері, ерікті демеушілер, бизнес өкілдері сөз сөйлеп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді бағалы сыйлықтармен, тиісті белгілермен марапаттайды. Республикалық олимпиада жеңімпаздары арнайы (алтын, күміс, қола) медальдармен, заттай сыйлықтармен және лауреат дипломдармен марапатталуы керек. Сонымен бірге, үздік шыққан оқушыларға, мектеп бітірушілерге түрлі жеңілдіктер, жоғары оқу орындарына тегін жолдама беру, білім грантын тағайындау да қарастырылғаны абзал.
Мұнда жазылған керемет сөздерді өзім де анда-санда көңіл бөліп қана қоймай, толқынып тұрып оқимын. «Ана тілі жас ұрпаққа тәрбие берудің, тарихи деректердің көзі, ұлтымыздың бойындағы ізгі салт пен жақсы дәс­түрді ұрпақ сабақтастығындағы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін рухани қазына, ұлттың өзегі және халықтың зердесі. Сондықтан да, зорлықпен келіп, зұлымдықты жайлатқан Қызыл империяның кезіндегі қанымызға сіңірген ұлтымызға деген теріс пікірлерден айырылуға тиіспіз. Сарқып келгенде, намысқа келіп тірелетін, ұлттық құндылықтарымызға дақ түсіретін құлдық мінезді тастап, одан арылатын уақыт жетті. Осы тұрғыдан қай заманда, қай мемлекетте, қай халықта болмасын оның бойындағы ұлттық мақтанышының алғашқы рухани бастауларының қайнар бұлағы өзіңнің туған ана тілің бүкіл жан-дүниеңді оятып, ұлт екеніңді сезіндіреді». Қазақ халқының бар рухани қуатын бойына сіңірген ардақты асылы – тілі.
«Ең өкініштісі, сол басқа тілде, басқа мәдениетте сөйлеп, өзгенің тілін, өзгенің мәдениетін, өзгенің құндылығын өз ұлттық дүниесінен артық санау, өзгеге еліктеу, өзгенің тілінде сөйлеу – бұл әлсіздердің, құлдық санадан арыл­маған жандардың санасыз әдеті деп ойлаймын».
Жыл сайын қазақ тіліне деген өзге ұлт өкілдерінің ыстық ықыласы мен махаббаты артып келеді. Қазір кей ата-аналармен сұхбаттассаңыз, үлкен ұлымды ғана емес, кіші қызымды да қазақ мектебіне бердім деп жатады. Мәселен, бір жолы мәдени ошағына барсам сұрақтарын даярлап бір кісі күтіп отыр екен. Қолында қазақ-түрік сөздігі бар, жаттап жатыр. Міне, нәтиже деген осы ғой. Түбіміз бір, тарихымыз ортақ, қанымыз бен жанымыз туыс, тіліміз бен дініміз, тілегіміз бен жүрегіміз, мәдениет, тегіміз бір екі бауырлас түркі халықтары арасындағы достығымызды, жарасымды бірлігімізді жетілдіруіміз қажет. Келешекте осындай ұлтаралық мәдени жобалар мен шараларды дамыту керек. Сол арқылы нәтижеге жетуді және екі халықтар арасындағы туыстық қарым-қатынасты нығайтуды біз мақсат етіп отырмыз.
– 2016 жылы, 70 жылдық мерей­тойыңызға орай «Дала» баспасында дайындалып, Алматы қаласында жарық көрген үш тілдегі «Мәңгілік ел құшағындамын» атты туындыңызды оқыдым. Кітаптың дүниеге келу тарихына тоқталсаңыз.
Кітап үш тілде жазылған. Қазақ тілдегісін өзім жаздым. Қалған екеуі ау­дарма. «Қайраткер Қазақбай» деген кітабым да бар. Бір ғана тілде болғаннан кейін, көп пікірлер айтылды. «Аға, біз бұл кітапты Түркияға алып барамыз. Ол жақтағы бауырларымыздың біразы қазақ тілінде түсінбейді. Өзіңіздің ана тіліңізде де басылуы керек» дегеннен кейін үш тілде басқыздым. «Мәңгілік ел құшағындамын» кітаптың атауының өзі тұнып тұрған тарих. Өткен жылғы Елбасымыз ҚХА-ын «Мәңгілік Ел» деп атады. Оған дейін кітаптың 200 данасы басылып, оны Астанаға алып кеткенмін. Ертеңіне, депутаттар мен Ассамблея мүшелерінің қолына осы кітап сыйға тартылғаннан кейін олар: – Қазекең, мына кітапты түнде жазып шықты ма? Кеше ғана Елбасымыз «Мәңгілік Ел» деп атап өтіп еді, ал, бүгін Қазақбай ағаның «Мәңгілік ел құшағындамын» атты кітабы жарыққа шықты. Бұл бір керемет аңыз оқиғадай болды. 1 мамыр Халықтар Достастығы мерекесі күні Елбасымыз этностардың барлық тіккен үйлерін аралайтын дәстүр бар. 32 этнос үй тіккен. Мен Түркия қоғамынанмын ғой. Ескі алаңда, қолымда кітап. Елбасының біз жаққа аяңдап келе жатқанын қарап тұрмын. Тура бізге жеткенде, алдынан шықтым да, кітапты ұстап тұрып: «Көрегенділігі мен даналығында шек жоқ. Қыранның көрегенділігіндей алыстан көздейтін, алғыр, әлемнің қайталанбас заман тұлғасы Нұрсұлтан аға деп едім, бірнәрсе болғандай тоқтап қалды (күлді). Одан кейін, сөзімді жалғастырып, «ҚХА-ның жетінші мінберінде сіздің берген қолыңыздың жылуы. Бүгін осы кітапты маған шығаруға септігін тигізді. Егер, рұқсат болса, кітапты мұражайыңызға тапсырар едім» дедім. Елбасы: Әрине! – деп кітапты қолына алды. 2 минуттай парақтарын қарап: – Жарайсың! Беру керек! деп еді, артындағы сарбаздары кітапты алып кетті. Елбасымыздың менің кітабыммен танысуы солай болды.
Осы кітаптың алдыңғы 90 парағы ғасырлар қойнауынан келген қазақ хал­қының рухани құндылықтарын ұрпақ сабақтастығында жас ұрпақтың бойы­на дарыта алмай келе жатқанымыз жазылған. 25 жыл бойы. Екі ғана мысал келтірейін, «Бұдан бірнеше жыл бұрын. Тамыз айының 31 жұлдызы болатын. Көршім Жанар баласын әдемі киіндіріп мектепке қарай бара жатыр. Мен машинама отырып жұмысқа қарай бет алғанмын. Қасына жақындап қалып:
– Баланың қадамы құтты болсын, қайда барасыңдар?– дедім.
– Мектеп линейкасына бара жатыр­мыз – деді Жанар.
Біз тұратын жерге жақын №100 қазақ мектебі болатын. Ал, Жанар баласын недәуір алыста орналасқан орыс мектебіне апара жатыр.
– Жанар, балаңды неге қазақ мек­тебіне апармадың? – дедім.
– Ой аға, балам көршілердің бала­ларымен ойнағанда қазақша білмейсің деп жылатып жібереді – деді.
Машинаның кабинасынан түстім де тұла-бойымды билеген намысқа ерік беріп:
– Екеуің де машинаға мініңдер –де­дім. Жанар баласымен машинаға отыр­ды. Бір жолғы жұмысты кейінге қалдырып, №100 қазақ орта мектебіне келдім. Оқушыларды қабылдайтын соңғы күн. Жанарды баласымен қасыма ертіп алып мектеп басшысына келдім. Орынсыз жерге пышақ ұрғандай шаруа болды. Әйтеуір, мәмлеге келіп баланы мектепке алғызатын болдық. Өзімнің қуанышымда шек болмады. Ана тілі үшін арпалыс жасау әркез намысты оятады ғой. Намысқа тырыстым. Жа­нардың жүзінен күдік пен үміт қа­тар байқалып тұрғандай болды. Оны түсінуге болады. Қазақша білмейтін қазақ баласының қиналатыны ана жү­регін сыздатады. Қалада ғұмыр кешіп жатқан Жанар тәрізді өз тілін өздері дәріптеп үйрене алмай жүрген қанша жан бар дейсің. Бәріне заман талабы кінәлі сияқты.
Дегенмен ана тілін жойып алу әр ұлт үшін үлкен қасірет екенін ес­кере бермейміз. Біраз жылдар өтті. Өт­кен жылдың қараша айы болатын. Телефоным безек қақты.
– Ия, тыңдап тұрмын – дедім.
– Аға, мен Жанармын. Кеше балам мені оятып, қолында қазақ әде­биеті жаттаған өлеңдерін айтып тұр. Сіз есіме түстіңіз. Бір кездері «бұл қателіктеріңді қазір түзетіп алма­саңдар, кейін өкінесіңдер» деген. Сөзіңіз есіме оралды. Баланың қазақша сайрап тұрғанына қуаныштымын, керек десе өзім де қазақшаны бір кісідей үйреніп алдым. Сізге деген шексіз рахметімді айтып, бас иемін.
– Рахмет Жанар.
Ойым сан-саққа бөлінді. Жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, қазақ тілінің әлі де болса босағадан сығалап тұрғаны жан ауыртады. Мемлекеттік тілге деген үкіметтің қанша қаулы, қарарлары шыққаны, заң қабылданғаны, яғни, барлық атқарылып жатқан шаруаларға қарамастан «баяғы жартас, сол жар­тастың» күйін кешіп тұрған ана тіліміз қай кезде тәуелсіздігін алар екен? Ой артынан ой орала береді. Өзімнің түсін­генімде ана тілін білу, ананың ақ сүтін емгенмен бірдей ғой. Анадан нәр алған ұрпақ ұлағат пен болашақтың берекелі болары хақ. Олай болса, ұрпақ болашағы – ана тілін сүю, білу, құрметтеп, қастерлеу оның өріс алып өркен жаюына ерекше атсалысу. Бұл әрбір адамның абзал борышы болып табылмақ.
Кітаптың ішіндегі «Өмір өткелдері» бөлімінде біраз әңгімелерім жазылған. Бұл тек сол 90 парақтың біреуі ғана…

Әңгіме автоинспектор жайында

Таңғы кез. Есік қаласына қарай көлі­гімнің жылдамдығын арттырып жүйткіп келемін. Оны өзім де сеземін. Себебі қалаға тез қайтуым керек. Жұмыс көп, асығыспын. Осыдан шамалы күн бұрын Омар Хайямның өсиеті мол кітабын шолып шыққаным бар еді. Онда өмірдің тынымсыз екенін жазған, асықпа, тоқта, аялда, айналаға көз сал. Бұл өмір қандай тамаша. Айналаң жап-жасыл көк шалғын. Көк шөпті алақаныңмен сипап, бұл өмірдің қызығына қайран қал. Күні ертең-ақ, сол көк шөптің астында мәңгі бақи жататыныңды ұмытпа дегені бар еді.
Әй, жалған қайран өмір-ай. Қайда мені асықтырып бара жатырсың?
Көшенің бір бұрылысынан жолдың тәртіп сақшысы таяқшасын көтеріп қалды. Тоқтадым. Көліктің әйнегін түсірдім. Жаныма жақындаған инс­пектор қолын көтеріп маған: «Здрав­ствуйте» – деді. Жиырма жылдан астам уақыт болды осындай шұбар тілді қазақтың намысына тиетін жандармен арпалысып келе жатқаныма.
– Күніңіз қайырлы болсын, аға, сіз, жол жүру ережесінің 2-ші бабының, 3-інші тармағына сай жол жүру ере­жесін бұзып келе жатырсыз деп көркемдеп айтсаң не болар еді – дедім.
Жігіт қатты ұялып қалды. Жауап беруге сөз таппай «аға жолыңыз болсын, жүре беріңіз» – деді. Жүруіне жүремін ғой, бірақ:
– Қарағым, деп әлгі инспекторға қарап, ғасырлар қойнауынан келген ұлт­тық рухани құндылығымызды сіз сияқты ел серкелері үйренбесе, болашақ ұрпақ сабақтастығына жеткізбесе біз қалай өзге ұлттың салт-дәстүрімен, тілімен мәңгілік ел боламыз? – дедім.
– Аға,кешіріңіз. Үйреніп келе жатыр­мыз, әрине, болашақта да үйренетін боламыз – деді күлімсіреп.
Өткен бір жиында мінберге шығып: Баршамыз ойлайтын бір сауал мәңгілік ел идеясының үлкен бір арқауы мемлекеттік тіліміз бен тікелей сабақтас екендігін жақсы білуіміз керек деп Елбасымыздың пікірін жеткізген едім. Себебі, тілі өркендемеген ел, ұлттық мемлекет бо­лып, салтанат құра алмайды. Қай заманда, қай халықта болмасын оның бойын­дағы ұлттық мақтанышының алғашқы рухани бастауларының қайнар бұлағы туған ана тілін бүкіл жан дүниеңді оятып, ұлт екеніңді сезіндіреді. Ұлт намысын қадірлейік, қастерлейік әзіз халқым.
Аудан әкімдері (Медеу, Алмалы, Жетісу т.б.) Тәуелсіздік, Конституция күн­дері секілді көптеген айтулы даталарда жиындарға сұхбат беруге, баяндама жасауға шақырады. Осы әңгімелерді бес-алты мінберлерден айтқанмын. Мысалы, Қазақ Ұлттық университетінің Заң факультетінде екі-үш рет баяндама жасадым. 20 минут баяндама ішінде студенттер 30 шақты сұрақтар қойды. Сонда, бір студент маған кекесін (ка­верзный) сұрақ қойып еді, мен: – Балам, анау артыңдағы жазба сенің сауалыңа менің жауабым деп едім, бәрі артқа бұрылып қарады. Ал, арқа тұстарындағы жазу мынадай еді: «Мәдениетсіз білім де, байлық та халықтың қайғы-қасіреті» (Әбу Насыр әл-Фараби). Сондай қызықты әрі керемет көрініс болды (ағай күліп есіне алды).
– Аға, осы бақыт дегеніміз не?
– Өзіміздің мемлекетте қазақ тілді білу­дің арқасында да өзімді бақытты са­наймын. Бақыт дегеніміз не? Бақыт – өмір сүрген ортаңыздың құрметіне бөлену. Мен әлдеқашан қазақ халқының құрметіне бөленіп жүргендей сезінемін. Мүмкін, сол Бекайым апамыздың ырымы да болар… Менің атымды әкем Қазақбай деп қойған емес. Алзада деп қойған. Шымкент облы­сы, Түлкібас ауданы, Мақталы ауылында туғанмын. Сонда көршіміз Бек­айым дейтін қазақ әйел болатын. Молда. Анам мені туғаннан кейін көршілес ауылға емдеуге алып барған. Екі-үш күннен соң қайтып оралғаннан кейін, құтты болсын айтып Бекайым апамыз келіпті.
– Әй, кімдерің болды?
– Ұл бала туылды.
– Есімін кім қойдыңдар?
– Әкесі Алзада деп қойды.
Біраз ойланып тұрып: –Алзадасы несі? Мен қазір қайтадан батамды беріп, ырымдап басқа есім қоямын-депті. Содан батасын беріп, ырымдап Қазақбай деген есім қойыпты. Мен 1946 жылғымын. Сол кезде Қазақ ССР жоғарғы советі пре­зидумының төрағасы Қазақбай дейтін жігіт болған екен. Халықтың болмысында, тұрмысында, жоқшылығында, әлеуметтік жағдайларында мейірбандық танытып, халыққа қолұшын береді екен. Сол кісінің есімі Мақталы ауылындағы тау бөктеріне дейін келіп жеткен. Содан Бекайым апам айтыпты ғой: – Сол Қазақбайдай жігіт болсын. Ел қамында болсын. Елдің болмыс, тіршілігінде болсын деп… Біз енді, ырымға сенетін халықпыз ғой. Меніңше, сол ырым жұққанба деймін (күлді).
– Әлем елдері мен қауымдас­тықта­рындағы Қазақстанның беделі қандай?
– Елбасы өз сөзінде біз алдыңғы қатар­дағы 30 елдің бірі боламыз дейді. Осы тұста менің пікірім мүлде өзгеше. 25 жылда үдемелі жетістіктердің бастауында тұрып, біз бүгін әлемдік қауымдастықтың көшіне келе жатырмыз. Ендігі 25 жылда қараңыз сіздің бет әлпетіңіз ханның қызындай нұрланып отыр. Қазақ халқын өзге ұлттан ерекшелейтін құндылықтар өте көп. Жеті атаңды тану, бір-бірімен қыз алыспау, тыйым, ырымдар мен салт-дәстүрлер. Міне, осындай адамзат баласының қанын тазалайтын, жанын сақтайтын игі дәстүрлердің барлығы тек қазақ халқында бар…
Міне, Елбасымыздың «Рухани жаң­ғыру» атты Жолдауының шық­қанына да 5-6 айдың жүзі болды. Мен бұл жаңғыруды 25 жыл бойы халыққа насихаттап, айтып, жазып жатырмын. Неге десеңіз, небәрі 25 жыл ішінде осыншама жетістіктерге жетсек, біз алдағы жылдары озық ойлы 30 елдің емес, үш елдің бірі боламыз. Әлем таныған қаншама спортшы ұлдарымыз, шахматист қыздарымыз, аруларымыз бар. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл ғана болды. Жасампаз қуатымыздың, үдемелі жетістіктеріміздің арқасында Алла қаласа, біз алдыңғы үш мемле­кеттің бірі боламыз.
Мен бір мінберден айтқанмын: «Тілі өркендемеген ел, еш уақытта ұлт­тық мемлекет болып, салтанат құра алмайды. Тіл бірлігі болмаса, не мемлекет, не тәуелсіздігіміз баянды болмайды. Тілімізді, дінімізді бір-бірімізге арқа сүйеу болып, бірлігімізді жарастырсақ қана, осындай ел бар деп басқалары бізбен санасады. Ал, бір-бірімізді талан-таражға салатын болсақ достық қарым-қатынас орна­майды. Төңірегіміздегі елдердің біразында жарылыстар, қантөгістер орын алуда. Қазақстанның жеткен жетістігіндей бір мемлекетте жоқ. Қоры­тындылай келгенде айтарым әрбір этнос өкілі қазақ халқының тілін ғана емес, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, дарқандығын, істеген жақсылығын жадында сақтап жүруі қажет. Көптеген ұлт пен этностардың ұлт ретінде бұл дүниеден мүлдем жойылып кетпеуі қазақ халқының жомарттығының арқасында. Қазақ халқының тарихына тағзым ету, болмысына, тағдырына салауат айту менің ғана емес, еліміздегі әрбір ұлт өкілінің қасиетті парызы.
– Тарихқа көз жүгіртсек, Осман империясынан бөлініп шыққан патшалық – Ахыска деп аталған. Сіз қазақтың туын көтеріп жүрген Ахыска түрік азаматтарының бірісіз. Ахыска түріктерінің қазақ жеріне келуі жайлы сөз қозғасаңыз.
Бұл табиғаттың құбылысы. Дүниеге келген дүниеден қайту керек. Мәңгілік еш нәрсе жоқ. Біз де бір күні қайтамыз… Мына дүниеден Шыңғысхан да, елімізді жаулап аламыз деген талай би, батыр, шонжарлар да қайтты. Сол сияқты Осман империясы да 600 жыл, 60 мемлекеттің басында патшалық құрып, о да дүниеден қайтты. Бірақ, барлығы қайтқан жоқ. Құдайға шүкір, еліміз, жеріміз, байрағымыз бар. Біз оны мақтан етеміз. Осман импе­риясының төңірегінде дұшпандар көп болды. Жаулап алған мемлекеттер де бұларды құртқысы келді. Құрта алмаса да, бөлшектеп-бөлшектеп жіберді. Сол бөлшектеп жіберген ұлттардың өкілінің бірі – орыстар. Осман империясы жаулап алған елдің балаларына дейін өлтіріп, озбырлық көрсеткен емес. Менің кіндік қаным түскен туған жерім – Қазақстан. Бірақ, мен Түркияны да мақтан етемін. Елі­міз, түркі тілдес бір-бірімізге бауырлас туыстығымыз бар. Бірақ мен түрік ті­лінде 10 сөздің екеуін ғана түсінемін.. Кез келген жаулап алушы мемлекет сол ұлттың жерін ғана жаулап алады. Салт-дәстүріңмен, мәдениетіңмен өмір сүре беруіңе болады. Мәселен, Иосиф Виссарионович Сталин кек алу аясында басқа ұлт, ұлыстармен бірге Грузияны жаулап алған. Сталиннің жарлығымен Грузияның Оңтүстік өңіріндегі жылы, жайлы аймақ тұрғындарын Қазақстанға күштеп қоныс аудартты.
Қолына қару алып Ахыска түріктері майданда неміс, фашист басқыншыларына қарсы Отанды қорғап жүрсе, олардың әке-шешесін, қыздарын, бала-шағасын, туыстарын мал таситын вагондарға толтырып жер аудартып жіберді. Бір жаманның, бір жақсысы бар. Дегенмен, Сталиннің бізді Қазақстанға жібергеніне де алғыс айтамын. Неге десеңіз, біз қазір Грузияда тұрғанда осындай жетістікке жетер ме едік? Менің осындай кабинетім болар ма еді? Сіз менен сұхбат алып отырар ма едіңіз? Кім білсін… Әлем ойшылдарының бірі былай деген: «300 жыл бодандықта тұрған халық 300 жылдан кейін еркіндік алады екен». Міне, біз өз еркіндігімізді алдық. Еркіндік алғаннан кейін, қазақ ортасына түскеніме де қуаныштымын. Түбіміз бір, тарихымыз ортақ, тіліміз бен дініміз, жүрегіміз, мәдениет, тегіміз бір. Жаңа айтып өткенімдей, тағдырға әр уақытта салауат айту менің қасиетті парызым. Себебі біз діні,тілі басқа мемлекетке түскен жоқпыз. Өз ата-бабаларымыздың осыдан 1000 жыл бұрын арман еткен мекеніне біз қайтып оралдық. Мұның да «бірақ» дейтін тұстары бар. Көшіп келгенде біраз қиыншылықтар көрдік. Қарашаның ызғарлы күндері мен талай аязды түндер… Осы тұста қазақ халқының жомарттығын, кең пейілін айтпай кетуге болмайды. Балаларымызға қазақтың аналары ана болды. Аталары ата болды. Аузындағы бір жырым нанын қақ бөліп, өздеріне тапшы киімдерін кигізіп, төрлерінен орын берді. Қолдарынан келген барлық жақсылықты аямады. Тіпті, өздері абақтыда жүрсе де.. Есіңізде ма? 1937 жылдан бастап, қаншама көзі ашық, көкірегі ояу, жалын атқан, от тілді шешендер мен ұлт көшін бастаған көсемдеріміз заманның қапас түрмелерінде жатпады ма? Соның өзінде қазақ халқының басқа ұлт өкілдеріне көрсеткен қамқорлығы ерекше. Тағы да қайтара айтамын. Басқа этностардың мүлде бұл әлемнен жойылып кетпеуі қазақ халқының жомарттығының арқасында.
Елбасы Ассамблеяның бір жиылысында: «Мен осы мінберге шығып сөйлегенде, менің ана тілімді осында отырған 2000 адамның барлығы да түсінсе екен деп армандап жүрмін» деген. Елбасы осы тілегін халыққа жоғары мәдениеттілікпен көркемдеп жеткізеді. 25 жыл ішінде талай асулардан асып, тек тіліңді ғана емес, дәстүріңді, мәдениетіңді түгелдей білетін шаққа жеттік. Мен өзім бір мінберде: «Түркі тілдес халықтардың ішінде қазақ­тың көркем де кестелі тілі ортақ тіл болатынына мен кәміл сенемін» деп едім отырғандардың барлығы риза болып, ду қол шапалақтады (чуть потолок не взлетел).
– 2016 жылы 10 ақпанда Франция елінің құжаттамасы бойынша, «Адам құқығын қорғау» халықаралық коми­теті Қауымдастығының кеңесшісі болып тағайындалдыңыз. Қызмет барысында ел тағдырына әсер ететін өзгерістер мен соны жаңалықтар турасында не айтар едіңіз?
– Бұл қауымдастықтағы қызметіміз ҚХА-дағыдай. Бірақ, мұнда ұлт пен ұлттың арасындағы қақтығыстарды емес, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршіліктегі түсінбеушіліктерін тез арада шешіп, септігімізді тигіземіз. «Адам құқығын қорғау» қауымдастығының құзыреттілігі де жоғары. Құжатты көрсе болды, халық сөзімізді бірден тыңдайды, түсінеді. Құрметпен, қошеметпен қарайды. Бүгінгі таңда азаматтық ауызбірлік ауадай қажет болып отырған кезде, осы құжаттың құндылығы аса жоғары. Ешбір елде ішкі кикілжіңсіз болмайды. Болуы мүмкін емес. Тұрмыс-тіршілік бар жерде үйкеліс те, қақтығыс та болады. Бірақ, қай дәрежеде? Кез келген қақтығыстарға ұлттық сипат берудің қажеті жоқ. Елді-мекендегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіндегі болымсыз бір әрекеттерін ұлттық сипатқа балауға болмайды. Ол үлкен қате. Міне, біз осының барлығын түсіндіреміз.
– Индустрияландырудың нышаны және техникалық, технологиялық табыстарды көрсетуге арналған ашық алаң – ЭКСПО халықаралық көрмесінің біздің елімізде өтіп жатқандығы үлкен мәртебе. Осынау айтулы шараға Қазақстан Халқы Ассамблеясының белді өкілі ретінде барған боларсыз?
– Барып келдім. Бірақ, ашылуында бір жағдайлар болып қайта оралғанмын. Алла қаласа, барамыз ғой. Енді, ЭКСПО-ға келер болсақ. Бүгінгі үде­мелі жетістіктердің бастауында тұр­ған Елбасымызға менің айтарым: «Дар­қандығы қазақ даласындай Елбасымыздың басқа этностарға деген құрметі, халықаралық ЭКСПО көрмесінің біздің елімізде өтуі, ҚХА-ын ашуы, оған Конституциялық мәртебе сыйлауы, көрегенділігіне тәнтімін. Қай мемлекет осы Қазақстандай дәрежеге жетіп отыр? Сондықтан да, бүгінгі жетістіктеріміздің бәрі де осы Елбасымыздың еңбегінің арқасында» дегенмін. Алла қаласа тағы бір 20 жыл патшалық етсінші, қазақ халқының саны 30 млн.-ға жетеді. Әрмен қарай өз билігімізді өзіміз жүргізіп, осылай дами берсек, басқаларды санастыратын, біздің де бір ел, жұрт екенімізді білдіретін, дәлелдейтін уақыт жетеді. Мен оған кәміл сенемін.
– Қазақстан Халқы Ассамблеясы еліміздің барлық аймақтарының басын біріктірген көптеген шараларды ұйымдастырды. Атап айтсақ, 20 игі іс эстафетасы, еліміздің түкпір-түкпірін аралап, халыққа рух берген «Менің Қазақстаным» арнайы поезды, «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафоны мен «Қайырымды жандар» форумы, «Шерілік шежіре аманаты» жобасы халықаралық шараға айналды. Ассамблея аясында болашақта халықтың бірлігі мен жасампаздығына бағытталған қандай игі жобалар іске аспақшы?
– Ең алдымен Ассамблея аясында жасаған істерімізді атап өтсек. Өз атымнан «Жанұя» жетімханасына әрбір наурыз мейрамдарына 1500 литр наурыз көже жасап, тегін таратамыз. Дәмі тіл үйіреді. Астанадағы Парламент, әкімдіктегілердің барлығы Қазақбай ағаның көжесі деп ат қойып, наурыз көжемді асыға күтеді. Жаңа жылда мүгедектер үйіне екінші рет барғанда 123 кг. тәттілер апардық. Әрқайсысына 3 кг.-дық тәттілер апарғанда балалардың қуанғандары соншалық, отырған арбаларынан көтеріліп жатты. Бұл көріністі көріп отырған адамдардың бәрі де көздеріне еріксіз жас алды. Оның ішінде мен де бармын. Мұның бәрі Ассамблея аясында өткізілетін игі шаралар.
Қазақ халқының киелі мерекелерінің ішінде салт-дәстүрлер, бейбітшілік пен мәдениеттер мерекесі бар. Осы қатарды тағы бір «алғыс» мерекесі толықтырып отыр. Алғыс мерекесіне байланысты мен жеті жерде баяндама жасадым. Мәселен, Талғар ауданының әкімі:- Аға, өзіңіздей сөздің майын тамызып, халқымыздың құндылығын бұқараға дәріптейтін маңдайалды азаматтар көп болғай! Келіп, баяндамаңызды оқып, халықтың көкейтесті сауалдарына үн қатсаңыз – деп шақырады.
Ассамблея аясында, мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату, жарым жан, мүгедек жандарға қол ұшын беру секілді көптеген игі шараларды әлі де болашақта өткіземіз. Мысалы, жаңа айтып өткеніңіздей, «20 игі істің” мен бес-алтауын атап өттім. Игілікті істер еліміздің басқа аудандарында да түрлі жолдармен өткізілуде. Бұл да өз нәтижесін беруде. ҚХА-на бүгін де 15 мемлекет қызығып отыр. Басқа мемлекеттерде де Халық Ассамбелялары бар. Бірақ, оларға Конституциялық мәртебе берілмеген. Жәй ғана қоғамдық ұйым деп аталады. ҚХА-ның Конституциялық мәртебесі бар екендігі өзге ұлттарда қызығушылық тудыруда. Біздің басты артықшылығымыз да осы. Біз туған тарихымыздың мәңгі жасай беруіне де өз үлесімізді қосамыз. Мысалы, Өскемен қаласынан құнды тарихи жәдігер Тайқазанды алып келдім. Тайқазанның ішінен қаншама хаттар табылды. Олардың әрбіреуін оқысаңыз көзіңізге жас аласыз. Міне, Ассамблеяның тұғыры осындай. Әрмен қарай да Ассамблея аясындағы шаралар өз жалғасын тауып, абыройлы жемістерге жететіндігіне мен кәміл сенемін.
– Сұхбат соңына қарай өзіңізден байтақ елімізге, «Ақиқат» журналы ұжымына деген жүрекжарды тілегіңізді естісек!
– Мақсатымыз қашан да, абыройлы жеңістер әкелсін. Бүкіл әлемді Жаратқан Алла Тағаламыз түбіміз бір, тарихымыз ортақ, қанымыз бен жанымыз туыс, тіліміз бен дініміз, тілегіміз бен жүрегіміз, мәдениет, тегіміз бір екі халықтар ара­сындағы адал ниет, ізгі тілегімізді, Алла Тағалам, біздерге нәсіп етсін. Татулық пен достықты ту етіп, бірлікті жыр еткен Қазақстан халықтар арасындағы мызғымас достығымыз мәңгілік жасай берсін! Осындай салтанатты күндерге, торқалы тойларғ,а Алла Тағалам, жеткізе берсін! Әумин!

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!