ҰСТАЗҒА ТАҒЗЫМ

  • 20.09.2017
  • 953 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Еркін ТОҚПАНОВ – І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің география-экология кафедра­сының доценті, география ғылымдарының кандидаты 

2017 жылдың 30 маусымында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жаратылыстану пәндері кафедрасының профессоры, танымал әдіскер ғалым Назгүл Әужанова 70 жасқа толды. Ол 1947 жылы Алматы облысы, қазіргі Райымбек ауданы, Қарабұлақ ауылында туған. Әкесі, Құрманбаев Бектұрсын, 7 жасынан МәскеудіңҮлкен театры жанындағы Жоғары балет училищесінде (жоғары оқу орны құқығы бар) оқып, 1941 «балетмейстер, хореография мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби маман. 1941 жылы Мәскеудегі оқуын бітірісімен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына балетмейстер болып орналасты. Ұлы Отан соғысы басталғанда, өз еркімен майданға аттанып, 1944 жылы ауыр жарақаттан соң, ІІ топтағы мүгедек ретінде әскер қатарынан босатылды. Соғыстан кейінгі жылдары Кеген аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Шелек ауданында партия, кеңес, кәсіподақ қызметтерінде жұмыс істеді. Соғыста алған ауыр жарақаттың салдарынан 1967 жылы, 43 жасында дүниеден озды. Анасы, Құрманбаева Күләнда есеп-қисап қызметкері. Назгүл Бектұрсынқызының бойына терең білім сіңіріп, ұстаздық жолды таңдауына ата-анасының ықпалы зор болғандай. Зерделі әке оқу озаты, мектептің қоғамдық өміріне белсене қатысатын қызының рухани өресінің қалыптасуына ерекше назар аударды. Жұмыстан қолы босағанда қызын Алматы қаласының театрлары мен концерт залдарына апарып, тәрбиелік мәні бар драмалық қойылымдарды көрсетіп, қазақ әндерін тыңдатты. Әсіресе, Абай атындағы опера және балет театрындағы «Аққулар көлі», «Баядерка», «Щелкунчик» сияқты балет қойылымдарын, «Аида», «Қыз Жібек», «Кармен» операларының премьераларын тамашалауы болашақ ұстаздың ой-өресінің қалыптасуына зор ықпал жасады. Назгүл Бектұрсынқызы 1964 жылы қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылындағы Абай атындағы «Жоғары сыныптар мектебін» медальмен бітіріп, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының география-жаратылыстану факультетіне түсті. 1970 жылы институтты үздік бітіріп, ұстаздық еңбек жолын Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты ботаника кафедрасының мұғалімі болып 33 жыл жұмыс істеді. 2003 жылдан бүгінге дейін І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жаратылыстану пәндері кафедрасының профессоры қызметін атқаруда.
Назгүл Әужанова,1928 жылы ашылған, қазақ топырағындағы алғашқы жоғары оқу орнында еңбек еткен жылдары аса жемісті жылдар болды. Әдіскер ғалым ретінде биологияны оқыту әдістемесіне, заманауи оқыту әдістерін пайдалану арқылы болашақ жоғары білімді маман білімгерлердің теориялық білімдері мен кәсіби шеберлігін шыңдауға баса назар аударды. Оның студенттік жыл­дарында сапалы білім алуына аса жауап­кершілікпен қарайтын доцент Ильфа Ілияс­­қызы Жан­сүгірованың, ғылыми жетек­шісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Надежда Дмитриевна Хмельдің дәрістерін тыңдап тәлім алу бақыты бұйырды. Еңбек жолын жаңа бастаған Назгүл Бек­тұрсынқызының биолог маман, білікті ұстаз болып қалыптасуына сол жылдары институттың ботаника кафедрасын ұзақ жылдар басқарған, қазақ тіліндегі алғашқы «Ботаника» оқулығының тұңғыш авторы, профессор Тәліп Мұсақұлов мол еңбек сіңірді. Жоғарыда аталған ғұлама ғалымдардың әдістемелік шеберліктерін басшылыққа алған ұстаз әр дәрісін білім­гер­лерге қолжетімді, түсінікті, әрі қызықты етіп өткізуге тырысты.
Ұлағатты ұстаздың білікті маман ре­тін­де қалыптасуына өмірлік серігі А.Жда­нов атындағы Ленин орденді Ле­нин­град мем­лекеттік университетінің түлегі, ұзақ жылдар мемлекеттік қыз­меттер атқарған Болат Әужанұлы, қайын атасы, белгілі ұстаз Ниязбеков Әужан және енесі аяулы ұстаз Әтен апай да өз үлестерін қосты. 1996жылы Ә.Ниязбековтің халыққа білім беру саласында сіңірген ерен еңбегі ескеріліп, Райымбек ауданындағы Құрметі орта мектебі Ә. Нияз­бековтің атын берген болатын. Ұстаз Н. Әужанованың педагогикалық қызметінде білімгерлердің биология сала­сындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары ма­ңызды орын алады. Ол ұзақ жылдар бойы биология үйірмесін басқарып, көп­теген шәкірттері республикалық және халықаралық ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болды. Білімгерлермен жұмыс істеу тәжірибесін жүйелеуі нәтижесінде «Подготовка студентов к проведению педагогической практики», «Подготовка студентов к руководству внеклассной работой по биологии в школе» атты оқу құралдары жарық көріп, қазіргі кезде оқу үрдісінде кеңінен қолданылуда.
Теориялық білімді тәжірибемен ұштас­қанда ғана біліктілігі жоғары кәсіби маман қалыптасатынын жете түсінген ардагер педагог білімгерлерге жазғы далалық өсімдіктанулық және жануартанулық оқу-іс тәжірибелерінде Жетісу өңірінің өсімдіктері мен жануарларының өзіндік ерекшеліктерін талдап үйрену арқылы алған білімдерін іс жүзінде бекітуге баса назар аударды. Жүйелі білімді шынайы өмірмен ұштастыра оқыту бүгінгі таңда өз жемісін беріп, бір кездері өзі дәріс берген шәкірттері жоғары жетістіктерге жетіп білікті мамандар атануда. Сабақ барысында жүйелі білім берумен қатар, ұстаздың қатаң тәртіп пен жо­ғары талап қоюы нәтижесінде көптеген шәкірттерінің ішінде танымал ғалымдар, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздіктері, жоғары санатты биология пәні­нің мұғалімдері, мектеп директорлары шықты. Ардақты ұстаздың дәрістерін тыңдаған білімгерлер бүгінгі таңда жас ұрпаққа жүйе­лі білім беріп, кәсіби біліктіліктерін шың­­дауда. Солардың ішінде ғылым докторлары: О.Мазбаев, К. Каймулдинова, Б. Абдіманапов, А.Қазмағамбетов, М.Саипов, Қ. Шалғынбаева, ғылым кандидаттары Е. Тоқпанов, С. Қасенов, Д.Жангелдина, Г.Бердіғұлова, Р.Төреханова, Р. Ізбасарова, Абдықадыров Балхаш, мектеп директоры, Ақүрпекова Гүлмира – белгілі әнші,т.б. бар. Н. Әужанованың тағы бір шәкірттері қазір АҚШ-та (Вашингтон қ.) –Тагильцева-Дутил Людмила Владимировна, ал, Германияда – Вера Кирий (Магдебург қ.), А.Ахметова-Йеншке (Берлин қ.) жауапты қызметтер атқарады.
Назгүл Бектұрсынқызы білімгерлерге жүйелі білім беруді ғылыми-әдістемелік жұмыстарымен ұтымды ұштастыра білді. Ол ұзақ жылдар бойы Алматы облыстық мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру инсти­тутының мамандарымен бірлесіп, белсенді оқыту әдістерін тиімді пайдалану арқылы орта мектепте биологиялық білім беру жүйесін жетілдіру бағытында әдістемелік зерттеулер жүргізді. Жоғарғы білім беру саласында 48 жыл еңбек еткен әдіскер ғалымның 60 астам оқулықтары мен оқу құралдары, 400-ден астам ғылыми мақалалары жарық көрді.Олардың ішінде бірқатар оқулықтары мен монографиялары дүниежүзі педагогтары еңбектерінің антологиясына енді. Солардың ішінде Нью-Йоркта (АҚШ), Лондонда (Англия), Венада (Австрияда) шыққан 3 монографияның құндылығын ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, Варшавада (Польша), Прагада (Чехия), Софияда (Болгария), және жақын шетелдерде: Мәскеу, Санкт-Петербор, Қазан, Ярославль, Тамбов, Таганрог, Томск, Самара, Краснодар, Воронеж, Уфа, Чебоксары (Ресей), Киев, Переяслав-Хмельницкий (Украина), қалаларында шыққан ғылыми жинақтардағы іргелі еңбектері көрнекті шетел педагог-ғалымдарының назарын аударып, жоғары бағасын алды. «Внеклассная работа», «Организация внеклассной работы», «Биология пәні бойынша сыныптан тыс жұмыстар», «Мектепте валеологиялық білім мен тәрбие беру», «Валеологическое образование и воспитание учащихся», «Биология сабақтары», «Уроки биологии» оқулықтары Қазақстан Республикасының орта мектептері мен жоғарғы оқу орындарында білім көзі ретінде кеңінен қолданылып, жоғары бағалануда.Жоғары білім беру саласында ұзақ жыл еңбек еткен білікті маман ретінде жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде жазған «Современный урок: типологии, технологии, анализ», «Биологияны оқыту үрдісінде халықтық педагогиканы пайдалану», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары», екі тілде қатар жазылған монографияларындағы теориялық тұжырымдамаларын білімгерлер мен магистранттар білім көзі ретінде пайдалануда. Әдіскер ғалым Н. Әужанованың еңбек­терінің құндылығы ұзақ жылдар бойы жи­нақ­талған іс-тәжірибесінің нәтижесінде халықтық педагогиканы пайдалану негізінде орта мектепте биологияны оқытудың жаңа тиімді әдістерін қалыптастыра білуінде. Қазіргі кезде бұл жұмыстарды жолға қою­да және оның пәрменділігін арттыруда Н.Әужанованың басшылығымен қалып­тасқан ғылыми-шығармашылық мек­тептің ықпалы зор. Ұзақ жылдарғы ұстаздық еңбектері үшін ардагер ұстаз «Ы.Алтынсарин атын­дағы» (2 мәрте) және «А.Байтұрсынов атын­дағы» медальдермен, «Еңбек ардагері» медалімен және университет, облыстық, республикалық деңгейдегі көптеген мақтау және халықаралық деңгейдегі Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2010 жылдан Н. Әужанова – Райымбек ауданының «Құрметті азаматы». Жазған ғылыми-әдістемелік еңбектерінің құндылығы мен маңызы ескеріліп, 2015 жылдың 28 наурызынан бастап Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.
2009 жылдың желтоқсан айында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті бойынша «Жылдың үздік оқытушысы» атанды. 2014 ж. Ресейде өткен халықаралық педагогикалық қызметкерлер арасындағы «Созвездие педагогических талантов» байқауында 1 орынды иеленіп, арнайы медальмен марапатталды. 2016 жы­лы Ресейде өткен ІІ халықаралық «Золотое перо» педагогикалық ғылыми еңбектер бай­қауында да 1 орынды иеленді. Ал, 2017 жылы Ресейде өткен І халықаралық пе­да­­гогикалық қызметкерлер арасындағы «Педаго­гические лабиринты» байқауында 2 орынды иеленді. Соңғы жылдары қа­зақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұ­рыптары, халықтық эт­но­педагогика жайлы жазған еңбектері білім­герлер, ұстаздар, ата-аналар тарапынан үлкен сұранысқа ие болып, жылы қабылданды. Сонымен бірге ұзақ жылдар бойы жи­нақталған өмірлік тәжірибесі мен тарихи-танымдық зерттеулерінің нәтижесінде «Қос жұлдыз. Две звезды», «Тағдырдың тоқ­сан түйіні», «Зерде жаңғырығы. Сквозь приз­му вре­мени», «Страницы памяти» әдеби-таным­дық кітаптары жарық көріп, оқыр­­мандардың ықыласына бөленді. Соңғы 2012/2013, 2013/2014 оқу жылдарының І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессор-мұғалімдер ұжымының ғылыми, ұстаздық, қоғамдық жұ­мыстары бойынша байқауында ең жоғарғы рейтинг-ұпай көрсетіп, 1 орынға ие болды.
Профессор Н.Әужанова жайлы деректер «Ғылымға арналған өмір. Қазақ­стан Республикасының ғалымдары. I том жина­ғына» енген (Кітапта Қазақстан Рес­публикасының ғалымдары жөнінде дерек­тер енгізілген. Басылымда өз еңбек жо­лында маңызды із қалдырған Казақ­станның ғалымдары жайында кең көлемде мағ­лұматтар берілген). Тағдырдың қуанышы мен қайғысын қатар көрген, өмірлік қосағы – бүгінде құр­метті демалыстағы Болат Әужановпен баянды ғұмыр кешіп, үлгілі келін, асыл жар, аяулы ана, ақжарқын әже, білікті оқытушы атанған Назгүл Бектұрсынқызының 52-жыл­­дық ғылыми-педагогикалық өмірі өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Сөз орайы келгенде айта кететін бір жай, ол Назгүл Бектұрсынқызының ұлдары Ермек пен Есеннің (екі жоғары білім алған) таңдап алған мамандықтары ұстаздық пен ғылым салаларынан іргесі аулағырақ, инженерлік және полиция қызметтері болды. Ұлдарының балалық шақтары еске түскенде Назгүл апай кіші ұлы Есеннің айтқан уәжін ылғи еске алады. Бірде ұлдарының мектептен алып келген бағаларына көңілі толмай: «Сендердің әкелерің де, аналарың да мектепті медальға бітірді, ал, сендер болсаңдар қою шаңның ортасында жүрген­деріңе жол болсын», – дегенде, кенже ұлы Есен «Мама, алма ағашы да жылда жақсы өнім бере бермейді ғой. Мүмкін, табиғаттың да мына Ермек екеумізде демалғысы келген болар. Енді, үмітті немерелеріңізден күтіңіз», – деген сөзбен анасының алдын орап кетіпті. Айтса айтқандай, Назгүл Бектұр­сын­қы­зының немерелерінің білімге, ғылымға, искусствоға деген ықыласы ерекше болды. Бар­лық немерелері мектепте әрбір сыныпты Мақтау қағазымен бітірген. Тұңғыш немересі Дарина сынып аттап, 14 жасында 9-шы сыныпты бітірді. Салған суреттері халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып, дипломдармен марапатталды. Жазған «Асқағым-Астанам» атты шығармалар топтамасы, «Көңіл көзі» суреттер каталогы республика кітапханаларына жіберіліп, оқырмандардың сұранысына ие болды. Өкінішке орай, болашағынан зор үміт күт­тірген Дарина 2007 жылы көлік апатынан әкесі екеуі қайтыс болды. Даринаның сің­­лісі, Ермектің қызы – Нарғиса, қазір екін­ші жоғары білім алуда. Ермектің ұлы – Елжан да біраз мақалалардың авторы, студенттердің Халықаралық байқауының «Оставь свой след в науке» лауреаты (Мәскеу қ.). Ал, кенже немересі, Даринаның інісі – Дінмұхамед математикадан Софияда (Болгария) Халақаралық байқауының жеңімпазы болды. «Балдәурен» суреттер каталогы, «Көкбөрі – дала тағысы» – атты кітаптары оқырмандардың қолына тиді. Арнайы жоба­ларға сәйкес жазылған рефераттары Англия, Польша, Чехияда жарық көрді.12 жасар Дін­мұхамедтің алар асулары әлі алда. Бұл да болса тағдырдың күнгейі мен теріскейін тең көрген Назгүл Бектұрсынқызы үшін қуаныш. Ендеше, Әужановтар отбасы үшін ұрпақтар үндестігі үзілмей, өзінің лайық­ты жалғасын тапты деуге толық сеніміміз бар.
Бүгінгі таңда ұстаздықтың қараша­ңы­рағы Абай атындағы кәрі ҚазПИ-де білім алған, «Біз Назгүл апайдың шәкіртіміз!…» деп, мақтан тұтатын ұстаз мамандар қан­шама! Солардың барлығы «Назгүл апайдың шәкіртіміз!…» деген осы бір қасиетті сөзді айтудан еш танбайды… 1983-1988 жылдар аралығында білім алған шәкірттерінің атынан Назгүл Бектұр­сынқызына ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат мол бақыт тілейміз.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!