ҚИЯНАТ КӨРГЕН ҚАСЫМ

  • 05.10.2012
  • 733 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Гүлжан Мырзағалиева,
Қазақстан Республикасы
Мұрағатының бас маманы

Ол өмірге келген Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы Сексенбай ауылы – сол кездегі басқа да кеңестік қазақ ауылдары сияқты шағын ғана елді-мекен еді, тұрғындары мал шаруашылығымен айналысатын. Үш жасында әкесінен, он жасында анасынан айырылған Қасым Қызылорда қаласындағы балалар үйіне тәрбиеленді (1924-1929 жж.). Осында сауа­тын ашып, 6 сыныптық білім алады, комсомолға мүшелікке өтеді. Оқу-білімге деген ынтасы оны мектептен кейін бірден институт қабырғасына алып келеді. Ең алдымен, ол Орынбор қаласындағы Халық ағарту институтының дайындық бөлімін, кейін Мемлекеттік кинематография институты жанындағы рабфакты бітіріп, осы оқу орнының әдебиет факультетіне түседі.
Қасым Шәріпов өзінің болашақ мамандығы журналистиканы сол кезде ақ таңдап алды деуге әбден болады. Ол еңбек жолын 1929 жылы «Лениншіл жас» газетінің хатшысы, «Социалистік Қазақстанның» тілшісі қызметтерінен бастайды. 1933 жылы жас тілші БКП (б) ОК Марксизм-ленинизм институтының қазақ филиалына жұмысқа шақырылып, партия баспасының редакторы, 1935-1941 жылдары ҚКП ОК-і жанындағы Партия тарихы институтының аудармашы – ғылыми қызметкері жұмыстарын атқарады. Бұл жылдар оның қызметтегі ерекше бір жеміс­ті кездері болатын. Өйткені, Шәріпов айналысқан аудармашылық іс кез келгеннің қолынан келе бермейтін қиын да тың және Республикамызда бір жүйеге түспеген жұ­мыстын.
Қ. Шәріповтың аудармашылық шығар­ма­шылығы алғашқы кезден бастап-ақ осы қағидаға жауап берерліктей болды. Құжаттардағы: «Жолдас Шәріповті марксизм-ленинизм классиктерін аударушы білгір маман ретінде әскер қатарына алудан босатуыңызды сұраймыз»[2] немесе КНИИМЛ дирекциясы отырысының «Қ. Шәріповті марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аударуға қатыстыру туралы» хаттамасынан: «Жолдас Шәріпов марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аудару жұмысына толық қатыса алады, сондықтан оны аталған институтта қалдыруды өлкелік комитеттен сұраймыз. Лекеров»- деген ой-пікірлер бұған дәләл [3]. Әрине аудармашы қаламы әлі де шыңдала түсер еді, егер соғыс басталмағанда…
Ұлы Отан соғысының алғашқы айла­рынан-ақ майданда Панфилов дивизиясы 8 ротасының саяси жетекшісі, батальон комиссары, әскери тілші, бірқатар дивизиялық газеттердің редакторы – бұлар Қ. Шәріповтың қанжар мен қаламды ұштастыра ұстаған жауынгерлік және журналистік жолы. Ол жоғарыда аталған міндеттерімен қатар тілегі бір, тілі басқа жауынгерлердің арасындағы біріне бірін бауырластыратын, түсіністік танытатын алтын көпір болды. Өйткені Қ. Шәріпов газеті екі тілде қатар сөйлеген-ді. Ол өзінің күнбе-күнгі жұмысы туралы «Жертөледе типографиялық мәшиненің қасында үш адамнан тұратын редакция «аппараты» келесі нөмірді дайындаймыз. Аса нақтылық пен тәртіп керек. Басынан-ақ қай материал орыс, ал қайсысы қазақ тілінде шығуы керектігін анықтап алу қажет. Біздің кішкене «американкамыз» тек қысқа емес, тез әрі жауынгерлерге түсінікті етіп жазуды талап етеді. Радиохабарларды қабылдап алысымен бірден аударып, жатқа жаздыртатынмын» – деп еске алады [4].
Майдангер журналистің жауынгерлік жолы 1946 жылы 22 қаңтарында аяқта­лады. Алапат айқастың айғағындай оның майдандағы естеліктері «Братья по оружию», «Рядовой герой», «Мы – панфиловцы» кітаптарына енді.
Соғыстан кейін қызметіне қайта орал­ған Қасым Шәріпов сүйікті ісімен қайта қауышты. 1946 жылғы 7 мамырда ҚКП ОК-нің бюросы Партия тарихы институты директорының есепті баяндамасы бойынша «И. В. Сталиннің шығармалар жинағын қазақ тілінде басып шығару туралы» арнайы шешім қабылдайды, онда «Сталиннің еңбектерін аударудың жауапты редакторлары: ҚКП ОК-нің хатшылары Шаяхметов, Әбдіхалықов, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары И. Шәріпов, Партия тарихы институты директорының орынбасары Қ. Шәріпов құрамымен бекітілсін» делінген [5]. Сондай-ақ, Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институты марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аудару және баспаға дайындау бөлімінің есебінде «Ленин – Сталин бір томдық еңбектерінің аудармасы деңгейі төмен Өтемісов сияқтылардың қолында қалды, ал Шәріповтей деңгейі биік мамандарға жеңіл мәтіндер берілген» деген ескертулер жасаған [6]. Осы жылдары Шәріпов В. И. Лениннің «Что делать?», «Шаг вперед, два шага назад», «Две тактики социал-демократии в демократической революции» еңбектері мен И. В. Ста­лин­нің «Вопросы Ленинизма» еңбегіне кіргізілген мақалаларының көпшілігін редакциялаған.
Өзінің «Қысқарған сөздердің қазақ тілінде қолданылуы» атты мақаласында Қ. Шәріпов: «Қысқарған сөздерді аудармалау мәселесіне өте абайлап қарау керек. Мен қысқарған сөздер деп орыс тіліндегі қысқарған сөздер терминдерінің күнделікті тұрмыстық жағдайда өздері-ақ тілімізге еніп үлгірген НЭП, ЗАГС, колхоз, совхоз, т. б. белгілілерін айтып отырмын. Тілшілердің қысқарған сөздер аудармасында қандай да бір шектеу болуы қажет деулері өте дұрыс. Өйткені тілдің сөздік қорына олардың аз ғана мөлшері кіреді, көбі қызметтік ресми болып қала береді. Және де қысқарған сөздердің тым көп болуы, тілдің дамуына кері әсерін тигізеді» – деп өз пікірін алға тартады [7]. Осы мәселе жөнінде Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы Д. А. Қонаев өзінің орыс тіліндегі қысқарған сөздердің қазақша қолданылуы туралы ҚКП ОК-ң хатшысы Л. И. Брежневке жазған хатында: «Шәріпов және Сағындықов жолдастардың мақалаларында орыс қысқарған сөздерінің қазақ тілінде қолданылу мәселесі көтерілді, меніңше теориялық жағынан дұрыс және тәжірибелік мәні бар сияқты», – деп Мем­лекеттік терминологиялық комитет шешімінің созылып кетуіне байланысты ОК бюросында қарауды ұсынған-ды [8].
Алға озып айта кеткенді жөн көрсек, Қасым Шәріпов ҚазТАГ директоры (1964-1974) қызметінде жүрген кезінде де аударма саласына көп көңіл аударады. «Республиканың құзырлы орындары және елдегі әртүрлі мекемелер ресми жиындарда тәржіма жасауға ҚазТАГ-тың аудармашыларына ғана сенім артып, шақыртатын. 1969 жылы Мәскеудегі Кремльдің Съездер сарайында ІІІ-Бүкілодақтық колхозшылар съезінде тікелей ілеспе аударманы КазТАГ-тың қызметкерлері жасаған болатын. Ел ішіндегі, одақтағы және шет елдерде болып жатқан оқиғалардан хабардар етіп отыратын ҚазТАГ-тың қызметі ел мәдениеті мен ғылым-біліміне тиісті дәрежеде ықпалын тигізіп отырды» – дейді аударма ардагері [9]. 1970-80 жылдары ҚазТАГ-тың Одақ көлемінде ТАСС пен РАТАУ-дан (Украина ақпарат агенттігі) кейінгі алдыңғы орындарды алып жүргені, тек қана Орталыққа Республика хабарларын шұғыл әрі сапалы жеткізудегі ғана емес, оның аударма қызметінің де үлесі мол болғандығының мойындалғандығы еді. Себебі, аударма арқылы қазақстандық оқырмандар одақ пен одақтас республикалардың тыныс-тіршілігін біліп отырды. Ал, одақтас республикалардың өзара бір-бірін біліп отыруы орталық үшін тиімді де еді. Одақтас республикалар арасында хабар таратуда үздік танылған ҚазТАГ-тың тәжірибесімен танысуға Арменияның, Өзбекстан мен Қырғызстанның және басқа да республикалардың өкілдері арнайы келіп жататын. Иә, біз бұл жерде аудармашылық жүре үйренетін мамандық емес, ақын, жазушы секілді тұла бойға туа бітетін талант десек, Қ. Шәріпов осындай таланттың үлкен тұлғасына айналғаны сөзсіз.
Қасым Шәріпов 1949 жылдың наурыз айында, ҚКП-ның ІV съезінде Орталық Комитеттің мүшелігіне сайланғаннан кейін съезд пленумы оны «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторлығына бекітті. «Ізденімпаз Қасекеңнің ұжым өміріне енгізе бастаған жаңалықтары аз емес екен. Айталық, қызметкерлердің шығармашылық кабілеттері мен іскерлігін шыңдап отыруға септігін тигізетін ілез­демелерді (летучкаларды) апта сайын мін­детті түрде өткізіп тұруды берік дәс­түрге айналдырған екен. Ілездемеде ре­дактор газетгі шығару кезекшілігіне барғандардан ондағы мақалалардың калай қорытылғаны, кемшіліктері, көтерілмей жатқан мәселелер жайында айтуды талап ететін. – Газетте не берілгендігін сіздің жалпылама шолып шығуыңыздың бізге пайдасы шамалы. Әркім газет жұмысын қалай жақсартуға көмектесетін құнды пікірлерін ортаға салсын! – деуші еді. Қалай дегенде де газет шығару қызығы мен қиындығы қатар жүретін күрделі жұмыс-ау. Мәселен, баспаханаға кезекшілігімізді атқаруға барғанда көбінесе Мәскеуден телетайп арқылы түсетін ресми хабарларды сарыла күтетінбіз немесе газетте қандай да бір қате кетіп бара жатса беттерді қайтадан құйдыртып әуре-сарсаңға салатын. Мұндайда редакторымыз әрдайым қасымыздан табылатын, әрбір қатені тапқандарды көтермелеп отыруға көп мән беретін [10].
1940-1950 жылдары кеңестік қоғамның бет пердесін аша түскен қаһарлы қаулылар қақпанына республикадағы бас газеттің редакторы Қ. Шәріповте ілікпей қалмады. ҚКП ОК 1951 ж. 30 қарашада «Правда» газетінің 1951 ж. 29 қыркүйектегі «Теріс позицияда» мақаласы туралы» қаулысын қабылдайды. Осы қаулының 2 тармағында газет жұмысына басшылық жасай алмағаны, идеологиялық мәселелерде кемшіліктер мен қателіктер жібергені және Бекмаханов туралы кітапқа жазған сараптамасында үлкен қателер жібергені үшін «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Қ.Шәріпов жолдас қызметінен босатылсын» делінген [11].
Бұл туралы белгілі жазушы Б. Қы­дырбекұлы: «Қасым Шәріпұлы біздің газетті басқаруға (1949 жылдың наурызынан 1951 жылдың желтоқсанына дейін және 1955 жылдың тамызынан 1960 жылдың қыркүйегіне дейін) екі рет келіп, екі рет кеткен кісі. Мұндай оқиға өте сирек. Ол елу бірінші жылдың қыркүйегінде орнынан босады. Оған негізгі себеп деп тапқаны: «Қазақ тарихына» жазған сынында Кенесары Қасымовты мақтады деген айып тағылды. Ал, шынында Кенесары жөнінде тәуір пікір білдірген жалғыз ол ғана емес болатын. Кеңес-герман соғысы кезінде Қазақстан Компартиясының басшылығында отырған қатардағы хатшы Ж. Шаяхметовтің де айтқаны бар-ды. Қасекең өзіне сол рецензиясы пәле болып жабысатынын білген соң жазда демалыс алады да, Сочиға барып, сонда жатып мақала жазып жібереді. Әрине, ол мақаласында Кенесарыны кеңес-герман соғысы кезінде мақтаған ол ғана емес, басқалардың да болғанын, оның ішінде қазіргі бірінші хатшы Ж. Шаяхметовтың да бар екенін көрсеткен еді. Бірақ ол мақала басылмай сол бірінші хатшының қолына түсті де, Қ. Шәріповті орнынан босатты. Ол қаулының (Қ. Шәріповті орнынан алу жөніндегі) жүзеге асуы тура үш жарым айға созылды. Өйткені, редактордың жалғыз кінәлі еместігіне Мәскеу көңіл аударды»[12]. ҚКП ОК-нің 1955 ж. 14 маусымдағы шешімімен «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы болып екінші рет тағайындалған Қ. Шәріпов, 1960 жылы билік қаһарына қайта ілігеді. Ол Қазақстан Компартиясы ОК-нің 1960 ж. 12 қарашадағы «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған «Тұрар Рысқұлов туралы» мақаласына байланысты орнынан алынып, ҚазТАГ-тың директоры қызметіне жіберіледі. Бұл туралы белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері П. Бейсенов «Сірә маңдытып жұмыс істемейтіндер ғана жазаланбайды» дегеннің мәні де осында шығар. «Қажырлы Қасекеңнің бұрындары ешбір кінәсіз халық жауы деп жазаланғандардың енді ақтала бастағандығын елге ертерек қуана хабарлағысы келгені үшін ғана жапа шеккеніне қатты ренжідік» деп еске алады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Шәріпов Қ. Журналист и жизнь. Алма-Ата, 1976. 63-64 – бет.
2. ҚР ПМ. 811-қ. 8-т. 69-іс. 47-п.
3. ҚР ПМ. 141-қ. 1-т. 10175-іс. 7–8-п.
4. Шәріпов Қ. Рядовой герой. Алма-Ата, 1976. 103-бет.
5.ҚР ПМ. 811-қ. 8-т. 472-іс. 9-10-п.
6.ҚР ПМ. 811-қ. 8-т. 107-іс. 8-10-п.
7. ҚР ПМ. 708-қ. 28-т. 301-іс. 75-81-п.
8. Сонда. 75-81-п.
9. Шәріпов Қ. КазТАГ – информационный орган. Алма-Ата, 1978. 50-бет.
10. Бейсенов П. Самғатып еді біздерді биік­терге. //Егемен Қазақстан. 13 қараша 2009 ж.
11. ҚР ПМ. 708-қ. 75-т. 358-іс. 27-п.
12. Қыдырбекұлы Б. Жетпіс бестің отыз же­тісі.// Егемен Қазақстан. 8 желтоқсан 1994 ж.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат