ҚАЗАҚ АТАУЫНЫҢ МӘНІ

  • 08.10.2012
  • 3923 рет оқылды
  • 2

Құдияр БІЛӘЛ,
журналист

Біз кімбіз? Дұрыс. Қазақпыз. Енді, осы сауалды жеке адамға қарата қойып көрелік. Сонымен, сіз кімсіз? Тағы да дұрыс. Иә. Қазақсыз. Міне, осы сауалға қайтарылған дұрыс жауап бізді бүгінгі күнге жеткізді. Алла қаласа, ертеңгі күнге де алып барады. Рас, бір қарағанда біз қойған сауалдың да, оған қайтарылған жауаптың да пәлендей мәні жоқ тәрізді. Шынымен солай ма? Байыптап көрелік.
Кеңестік дәуір тұсында бұл сауал ешкімге тікелей қойылмайтын. Қойылған күннің өзінде оған «советпін» деген жауап қайтарылатын. Бәлкім, сәл басқашалау. Алайда ұғымы сол советке келіп-ақ тұратын. Неге? Қорқыныштан ба? Жоқ. Себебі «қазақ» сөзі мәнінен КСРО атауының қуат күші басым болатын. Бұл – әлеуеттік басымдық емес. Бар гәп КСРО атауының ғарыштық үйлесіммен үндесе алғандығында. Ол үндесу – халықтың арман-тілегі арқылы жүзеге асты. Сан миллиондаған адам бір ғана ойлау жүйесін қалыптастырды. Тұтастық – жер мен көкті қамтыды. Солай бола тұра, сол алапат қуаттың өзі «қазақ» атауын жойып жібере алмады. Неге? Себебі, «қазақ» атауы – мәңгілік ұғым. Бір сөзбен айтқанда, Алла қалауы. Ал, КСРО қалыптастырған «тұтас әлем» – адамдық ой-сана. КСРО идеология­сын құдайсыз, дінсіз демей-ақ, «Алла әмірі­нен тыс әлем» деген жөн сияқты. Оның баянсыз болуы да сондықтан. Ал, қазақ…
Сәл шегініс жасап, әңгімемізді әріден басталық. Бұрындары бұл сауал «қай бала­сың?» деген ыңғайда қойылатын. Неге? Себебі, сауал қойып, жөн сұраушыға алдында тұрған адамның қазақ екендігі мәлім болатын. Сондықтан, әлгі сауалға «қазақпын» деп жауап қайтару әбес. Демек, ру сұрасқанның айыбы жоқ. Егер, қазақ болсаң. Қазақ болмасаң… Онда жойыласың. Әулетіңнің соңғы тұяғы өзіңмен бірге тәмәмдалатындығын да жоққа шығаруға болмайды. Бәлкім, тағы бір-екі ата. Одан әрі үміт жоқ. Үміт жоқ болатыны, ұлтты тұтастырып тұрған алтын арқау – бейнелеп айтқанда, ғарыштық ұлы үйлесімнің бір уығы. Ал, сіз сол «уықтан» ажырағаннан кейін әлгі тұтас әлемге мүлде маңайлай да алмайсыз. Біздің, қазақтың өзі «уық» болғанда, ол әлемнің қандай екендігін бағамдай беріңіз. Ол – мәңгілік әлем. Дұрысы – ахиретке дейінгі әлем. Ол әлем, ақын айтқандай, «Күн сөнгенше сөнбейді». Әрине, ол әлем ішінде біз де бармыз. Сіз де барсыз. Егер… Иә. Қазақ болсаңыз. Ал, біз ол әлемге қалай ендік? Дұрыс. Қазақ болған соң. Тағы сауал. Сонда, біз қалай қазақ болдық? Жауап айқын. Саналы түрде. Қазақ атауының қайдан, қашан шыққандығы туралы әңгіме бөлек. Біздің тақырып – Қазақ атауының мәні. Қазақтың тарих сахнасына шыққан кезін әзірге Керей мен Жәнібек хандардан, яғни, 1456 жылдан бастай тұралық. Бұл – түбегейлі байлам емес. Гәп – ұйысуда. Қазақ атануда. Жоқ. Олай емес. Гәп – қазақ атауының мәнінде. Әлгі бір ертекте айтылатын өлгенді тірілтетін су бар ғой… Бар гәп сол «суда». Ол «судың» аты – қазақ. Егер, біз басқа атты иеленгенде, бүгінгі күнге жетпес едік. Демек, «қазақ» атауы дәл сол күні ойға оралған жоқ. Ол – әу бастан бар болатын. «Тірі» болатын. Тірі болатыны, ол – мәңгілік. Ол – біздің жердегі кіндігіміз. Бастауы… Иә. Адам ата. Біз – Адам атаның баласымыз. Қазақпыз. Қазақтықтан ажыраған күні… Одан Құдай сақтасын. Жаратылыстық ұлы үйлесім бізді тек қазақ деп қана таниды. 1456 жылы біз жадымыздан шыққан қазақ атауын қайта иемдендік. Гәп – қазақ атын табуда емес, сол атауға көнуде. «Көну» – ұлылық қасиет. Байыптап көрелік.
Қазақ, яғни, сіз бен біз бәріне көнеміз. Шыдамдымыз. Оңайшылықпен шамырқана да қоймаймыз. Біз көнбейтін бір-ақ жайт бар. Ол – тегімізге тіл тигізу. Қай ата, қай ру да өзін ешкімнен кем санамайды. Кем санағанды былай қойғанда, біреу басынса – қолында өледі. Ал, сол өзінің шыққан тегін әспеттеген адам «Бәріміз бір-ақ ру болайық» дегенге көне ме? Көнбейді. Өлсе өлер, бірақ, көнбейді. Міне, осы өмірі басы қосылмайтындай көрінген рулық, тайпалық топты бір шаңырақ астына жинаған қандай күш? Бәріміз арғын, не адай, болмаса шапырашты… болайық» дегенге келіспеген біздің арғы бабаларымыз біреу біліп, біреу білмейтін, тіпті қашан, қайдан шыққандығы да беймәлім «қазақ» деген атауға неліктен емешектері үзіле қалды. Жауап айқын. Қайталап айтайық. Ол – бастапқы тек. Ол – рух. Ол – тұтастық. Жер мен Көктің тұтастығы. Біздің бабаларымыз «қазақ» атауынан соны сезінді. Сезінгеннен кейін әлгінде ғана жиырылып тұрған «бөгде ата» баласына қайта қарады. Ол сонда кімді көрді? Дұрыс. Өзін көрді. Қазақты көрді. Қазақ бір-бірін тек қазақ болғанда ғана көре алады. Қазақ болмаған адам… Иә. Руды көреді. Ал, ондай адамның кейінгі тағдыры қандай болатындығын жоғарыда айттық, білем.
Жарайды. Әңгімеміз қисынсыз көрінбес үшін қазақтың әлі күнге дейін неге ру сұрасатындығына да тоқтала кетейік. Қазақ – мәңгілік ұғым. Ал, ру – қазақтың ұйтқысы. Русыз қазақ тұтаспайды. Рудан айрылсақ, қазақтан да айрыламыз. Қарсы пікір болатынын білемін. Трайбализм… Далбаса. Трай­бализмді қазақтың жаулары ойлап тапқан. Қайталап айтайық. Ру – қазақты бөлшектемейді, қайта тұтастырады. Қа­лай? «Қазақ құда-жекжат арқылы тұтасады» деген де әңгіме бар. Бос сөз. Қазақ тек ру арқылы ғана тұтасады. Бәрімізге белгілі, қазақ – белгілі бір жүйе бойынша қоныстанған. Кімнің қай жерден екендігін білгеннен кейін, оның қай рудан екендігін де шамалауға болады. Ұғынықтылық үшін айтайық. Жалпы, қазаққа айбар болған бір тұлғамыздың атын ұрандатып шағын бір ауыл тұрғындарын рухтандыра аламыз ба? Жоқ. Рухтандырмақ түгілі күлкіге қаласың. Ал, енді сол рудың емес, сол ру қосылатын тайпаның аруақты адамының атын ұрандатсақ, әлгі ауыл өре түрегеле ме? Жоқ. Қайта қитығып қалуы мүмкін. Тұтасу үшін әуелі әлгі ауылдың айбар тұтатын аталарының аты аталуы тиіс. Олар сонда ғана өре түрегеледі. Осылайша әр ауылды көтеруге болады. Шағын ауылдар топтасқаннан кейін «ауыл аталары» ұран болудан қалады да, тайпалық тұлға аты ауызға іліне бастайды. Мұндай тұтасу кезін­де «ауыл аталарын» ұрандату ұят саналады. Бұл – қазақ болудың басы. Ал, тайпалар тоғысы кезінде біз жоғарыда айтқан қазаққа айбар болған тұлғалар есімі ұранға айналады. Қазақ осылайша тұтасып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғаннан кейін жеке батырларды өз руы атымен атауды айып санамайды. Себебі, оны өзінен бөлмейді. Өйткені, ол – өзі, өзінің бір жапырақ бөлшегі. Ежелгі дәуір батырларының есімі бүгінгі күні де өздері шыққан ру атымен қабаттаса аталып жатады. Солардың қай рудан екендігіне қазір қайтадан мән беріле бастаған тәрізді. Ол ру аты біз қазақ болған кезде байқалмайды. Қайта көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады.
Біз 1986 жылы, одан кейін 90-шы жылдардың басында қайта қазақ болған едік. Алаштың Ахмет Байтұрсынұлы бастаған атпал азаматтары есімін қайта жаңғыртқанда қазақ болдық. Қазір де қазақпыз. Солай ма? Солай. Қазіргі қазақтың ұйтқысы – мемлекет. Мемлекет пен қазақ атауын бөліп қарауға болмайды. Рулық ұйтқы өз міндетін орындады. Ол бізді қазақ жасады. Егер, рулық ұран ұлттық мүддеден басым түссе, онда ол бөлшектеуге алып келеді. Рас, ру қазақтан, яғни, мемлекеттен тыс қалмайды. Біз оған мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарай алуымыз керек. Сонда ешқандай оқшаулық та сезілмейді. Алайда, біз бүгін мемлекеттің жетістігін қазақтың жетістігі деп бағамдай аламыз ба? Қазақ өзінің, яғни, мемлекеттің тілеуін тілеп отыр ма? «Иә» деу оңай. Бірақ… Иә. Қазақ пен мемлекет әлі бір ұғымға айналған жоқ. Оның себебі… Бәрін қазбаламай-ақ қоялық. Объективті себептерді де қоя тұралық. Әңгіме өзіміз туралы. Сондықтан, қазаққа қатысты жайттарды ғана қаузайық. Оның ішінде айтпағанымызды әуелі баспасөзге қатысты мәселелермен байланыстыра өрбітіп көрелік.
Бір ғана сауал. Ұлттық мүддені, мем­лекеттік мүддені, бір сөзбен айтқанда, қазақтың мүддесін көтеріп жүрген қазақ басылымдарының таралымы неліктен аз? Оның себебі… Рас, қаржы тапшылығын көлденең тартқан кезіміз болды. Бірақ, ол негізгі себеп емес. Қазір қаржылылар, қалталылар ауылда да аз емес. Қорасынан мыңдап қой өргізіп отырғандар да баршылық. Бірақ, газет-журналға жазылмайды. Неге? Маған өткенде біреу өзінің «Егемен Қазақстан» газетін оқымайтындығын мақтанышпен айтты. Бар гәп – осы санасыздықта. Шынтуайтына келсек, оны да кінәлау қиын. Қиын емес, обал. Себебі, ол сана – әлсіреген, сан­сы­раған дімкәс сана. Қоғамдағы тосын өзгерістер біз қаншама жыл ардақ тұтқан құндылықтардың бәрін тәркі етті. Бір сөзбен айтқанда, біз бос кеңістікті ғана қармап қалдық. Сондықтан, ауру, дімкәс сананың ем тілейтіндігі заңдылық. Ал, ол «ем» сырттан келді. Біз іздемей-ақ, сұрамай-ақ қаптап келе бастады. Оған өзіміздің дәлдүріштер қосылды. Не керек, күлдібадам желікпе басылымдар барлық аймақты басып қалды. Бар гәп – сол саржағал басылымдардың әлі күнге дейін сұранысқа ие болуында. Бұл біздің бүгінгі деңгейіміз.
Оның сондай болып қалып қоюының екінші бір себебі, жекеменшік факторына деген түсініктің таяздығына байланысты. Өйткені, әр қоралы қой иесі өзін мемлекеттен оқшаумын деп сезінеді. Ол отбасының өзіндік жеке қызықтары, өзіндік жеке идеологиясы бар. Ол идеологияны қалыптастырған әлгі басылымдар. Әрине, оны «Егемен Қазақстан» қызықтырмайды. Себебі, ол «Егемен Қазақстан» деген сөздің мәніне бойлай алмайды. Бойласа… Иә. Талып қалар еді. Тағы бір мәселе бар. Ол – дін. Біз бірінші қазақпыз. Одан кейін барып мұсылманбыз. Әлһамдулла! Бірақ, кейбіреулердің әуелі қазақ емес, мұсылман болғысы келеді. Ол – дұрыс емес. «Мен сендерді бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттарға бөлдім» деген аят бар. Демек, өз ұлтыңды тәркі еткен күннен бастап мұсылмандықтан да шеттей бастайсың. Мың жерден аққа оранып, тақуа болуға ұмсынсаң да… Тақуалық киім үлгісіне ешкімнің де таласы жоқ. Бірақ, сол тақуалық киім үлгісінің де, оның ішіндегі адамның да қазақ болғаны қымбат. Сонымен қатар, жастарымыздың мына жайтты де ескергендері жөн. Біздің, жалпы біздің ғана емес, жер бетіндегі барлық адамзат баласының бір ғана арман-тілегі бар. Ол – өз ісінің теңдессіз білгір маманы болу. Нарықтың сіз бен бізге қойып отырған талабы да сол. «Өз кәсібіңнің білгір маманы бол» дегенді… Иә. Бәрі де айтуда. Нарықтың осы бір жазылмаған қағидасына кешегі күнге дейін бой алдырмай келген тек қазақтар еді. Біз де жеңілдік. Өкінішке қарай, біз оны жеңіліс емес, жеңіс деп бағалап жүрміз. Дегенмен таразылап көрейік. Кәсіби мамандыққа баулитын оқу орындары бұрын да болатын. Рас, сол мамандықтарды игергендер бұрын да жаман тұрмайтын, олар қазір де ешкімнен сорлы емес. Бірақ, солай екенін біле тұра, қазақ балалары ол мамандық түрлерін таңдай бермейтін. Неге? Себебі біз біліктілікті емес, білімді іздедік. Кейбіреулерге біз кәсіби білімді игере алмағандықтан да өзгелерден қалып қойғандай көрінуіміз кәдік. Маған сол «қалып қойғанымыз» ұнайды. Неге? Себебі, адам өз кәсібін неғұрлым жетік меңгерген сайын, ол соған тәуелді бола түседі. Өйткені, оның алған білімі өз кәсібінің қыр-сырын меңгеруге ғана негізделген. Ал, оны білім деу… Меніңше, қате түсінік. Сондықтан да, ол бірте-бірте өз кәсібінің құлына айнала бастағандығын сезіне алмайды. Өз кәсібінің құлына айналған адам туған жер, Отан деген киелі ұғымдардан алшақтай бастайды. Ол өз кәсібінің өрістеуіне мүмкіндік ашылған адам, қай елге болсын қоныс аударуға пейілді болады. Ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдденің тоғыспай жатуының да ең басты себебі осы.
Енді, осы жайттарды таразылауға тиіс зиялыларымыз туралы бір ауыз пікір білдіре кетелік. Айт­па­ғымызды әріден, пайғамбарлардан бас­та­лық. Сонымен, пайғамбарлар өздері өмір сүрген дәуір қажеттілігіне байланысты туған. Жарайды. Оларды Алла жіберді-ақ дейікші. Сонда, Алла оларды неге жіберді? Дұрыс. Әлгі ел азған соң. Бірақ, сол елдің тұтқасын ұстап тұрған адамдар «О, пайғамбареке, келгеніңіз жақсы болды. Сіз болмасаңыз біз құрып, бітер едік» деп пайғамбарларды құшақ жая қарсы алды ма? Жоқ. Қайта… Иә. Өлтіріп тастады. Себебі, адамға өздері құрған құрылым әманда дұрыс көрінеді. Оны өзге біреудің, тіпті ол пайғамбар болса да бұзғанын қаламайды. Соның салдарынан қаншама дамыған елдер жер бетінен жойылып кетті. Неге? Себебі, олар адамзат дамуының дұрыс жолын таңдаған жоқ. Пайғамбарлардың өмірге келу қажеттілігі де содан барып туындайды. Бірақ, адамдар дегендерінен қасарысып, ешқашан қайтпайды. Неге? Егер, шынтуайтына келсек, пайғамбарларға ерік бермеген сол дәуірдің зиялылары. Сондықтан, әуелі зиялылардың кімдер екендігін байыптап алған жөн.
Кешегі кеңестік жүйе зиялылық туралы түсінікті де былықтырып жіберді. Сондықтан да, олар әуелгіде жоғары білімі барлардың бәрін зиялылар санатына қосты. Одан түк шықпаған соң, зиялылық міндетті билік өз қолына алды. Содан келді де, қолында пәпкі, басында шәпкісі барлардың бәрі зиялы болып шыға келді. Ең сорақысы – соның салдарынан зиялылықтың жалаң формасы қалыптасты. Оқымаса да кітап жинайтындар, түк түсінбесе де театрға баратындар, өздерін зорлап отырып орталықтың жаңалығын көретіндер қалыптасты. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл қоғам зиялылық формасына енді.
Зиялылық туралы ұғым өткен ғасырда, тіпті одан арғы ғасырда жойылған. Рас, кейбіреулер бойынан зиялылық жұрнағын ептеп сезінуге болады. Алайда жалаң форма дегенің қазір айналайын болып қалды. Айналайын болатыны, ол байғұстар топас еді ғой. Қазіргілер… О, қазіргілер… Қазіргілердікі форма емес, кеп. Жұрттың бәрі соған құмар. Зиялылыққа емес. Кепке. Сол кепті киюге. Алайда, ол адамдықтың кебі ме, жоқ, әлде шайтандықтың кебі ме, ол жағы белгісіз. Белгілісі – бұл зиялылықтың екінші деңгейі. Үшіншісі агрессивті, зиялылық. Бұл – зиялылықтың жоғары деңгейі. Ондай зиялылық… Дұрыс. Ондай зиялы болмайды. Ендеше, «зиялы» деген атауды да қолданыстан алып тастау керек. Өйткені ке­зінде Пайғамбарларды жер жастандырған, осы, үшінші деңгейдегі зиялылар.
Ал, ұлтшылдар… Олар біздің тегіміз. Тек… Ол – адамдық болмыс, ол – тазалық, ол – кісілік. Тек – әмәнда өз нәсіліне тартады. Ал зиялылық… Оны айттық. Сонымен бізде зиялылар бар ма, жоқ па? Бар. Біздегілердің бәрі зиялы. Мәселе онда емес, гәп – кімнің қай деңгейде екендігінде. Жалпы зиялы болу – бүгінгі құрылымның негізгі генераторы болуға ұмсыну деген сөз. Ал, ол шығыршық өзіндік қуатына еніп, айналысқа түскен кезде оған қарсы тұруға ешкімнің пәрмені жетпейді. Сонда жердің шығыршығын айналдырып отырғандар бізбен санасатын болады.
Қорыта айтқанда, ұлттан асқақ тұрған арман, мүдде және соған жасалған қызмет – адамдықтан тыс. Ол – зиялы емес. Ол – қазақ та емес. Ұлт пен мемлекеттің тұтаспай жатқандығы да сондықтан.

ҚАЗАҚЫ БОЛМЫС
Қазақы болмыс. Бұл қай болмыс? Шынтуайтына келсек, гәп – болмыста емес. Болмыс − ол біздің ұлтқа тән жаратылыстық қалпымыз. Бастапқы негізіміз. Қазақы кейпіміз. Алайда, сол болмыс өзіндік бастапқы мәнін тұтастай сақтап қала алған жоқ. Ол заңды да. Заңды нәрсеге талас жоқ.Уақыт өлшемі, қоғамдық, әлеуметтік, саяси өзгерістер адам болмысына да әсер ететіндігі күмәнсіз. Жарайды, біз бұларды бір сөзбен «заңды өзгерістер» санатына жатқызайық. Сонда, болмыс өзгерісіне байланысты туындайтын кінәрәт неде?
Кінәрәт қолдан жасалған өзгерісте. Дұ­рысы – сол қолдан жасалған «өзгеріске» мойынсұнуда. Соған көндігуде. Сол «өзгерісті» өзіндік «Мен» деп қабылдауда. Ол «Мен» – бүгінгі қазақы болмыс. Енді, сауалды төтесінен қояйық. Қазақы болмыс – қазақтың болмысы ма? Бұл жерде «жоқ» деу де, «иә» деу де кесімді байлам емес. Кесімді байлам болмайтыны, біз, негізінен, ұлтқа тән жаратылыстық қалпымызды қазақы мінезге телиміз. Байыбына барсақ, бұл – тұтас бір ұғымды мәннің бөлшектенуінің басы. Бұл бөлшектену бір күнде қалыптасқан жоқ. Алайда, сол бөлшектену барысында бастапқы таза қазақы болмысқа (әу баста «қазақ» пен «қазақы» бір мәнге ие болатын) қазаққа телінетін келеңсіздіктердің бәрі кірігіп кетті де, «қазақы бала-бала емес» дегенге саятын жаңа ұғымды қалыптастырды. Бұл «жаңа ұғымды» біз жоғарыда айтқан «заңды өзгерістер» «кемелдендірді». Сол «кемел­ден­діру» нәтижесі бүгінгі сіз бен біз, яғни, бү­гінгі қазақ. Бір қызығы, осы «кемелдендіру» нәтижесінде «қазақ» пен «қазақы» ұғымдары қайта тұтасты. Содан барды да, тұтастай бір ұлт бастапқы жаратылыстық болмысынан ажырап, Абай атамыз мансұқтайтын «қазаққа» айналып шыға келді. Шындығында бұл «қазақ», ол Қазақ емес. Сондықтан, гәп қазақ болуда емес, қай қазақ болуда. Біздің кемшілігіміз, Ахмет Байтұрсынұлы кезінде басталған «қазақ болмау» процесін дұрыс түсінбеуімізде. Оның себебі, «қазақ болмау» процесінің өзі екі бағытта жүрді. Біріншісі – бастапқы текке ұмтылу; екіншісі – өзге ұлт құрамына ену. Жүре келе әлгі «заңды өзгерістер» нәтижесінде бірінші бағыт мүлде ұмыт қалды да, екінші бағыт тіптен белең алып кетті. Ал, оларға қайтадан «қазақ» бол деу… Бұл енді қорлық. Сонда олар қайтадан қазақ болмай ма?
«Болады» деу үшін әуелі сол «болады» сөзіне мән берген жөн. Өкінішке қарай, қазіргі «боладының» анықтамасы – тек қана тіл. Сонда қалай, қазақ тілін білгеннің бәрі қазақ па? Егер, әлгі басқа ұлтқа сіңген «қазақ» қазақ тілін өзге шет тілінің бірін меңгергені тәрізді үйреніп шықса қазақ бола ма? Болмайды. Бірақ, тіл үйренуі қазақ болуға ұмсынудың басы екендігін жоққа шығармағанымыз ләзім. Алайда әу бастағы қазақы болмысымызбен қайта қауышу үшін бұл аз. Аз болатыны, оларды былай қойғанда, ана тіліне жатық біздің өзіміздің қазақ болып жарытып жатқанымыз шамалы. Егер, шынайы қазақ болсақ, Абай атамыз бізден түңілмес еді. Байыбына барсақ, Абай атамыз санамалап берген кінәраттардың бәрінен арылмай тұрып, тіпті, онымызды өзімізге мін санамай, сол кінәраттардан арылу үшін өзге ұлыс құрамына кіруге бел байлағандарды «қайтадан біз сияқты бол» деу әбестік емес пе?
Әбестік емес. Бұл әсіре ұлтшылдық емес, шындық. Себебі, өзге ұлт құрамына саналы түрде енген бөгде ұлт өкілі, қанша жерден әулие болғанымен түбінде жойылады. Өйткені, ол жат топырақта тамыр жая алмайды. Қазақ тек қазақтың жерінде ғана өседі, өнеді, өркендейді. Біз әу бастағы болмысымыз өзгеріске түскенімен, өзімізді сақтап қалуымыздың басты себебі – сол топырақтан, жерден кіндігіміздің ажырамағандығынан. Ұғынықтылық үшін мына бір жәйттарды байыптап көрелік.
Мән берсек, қазақ жерінде өсіп – өнген өзге ұлт өкілінің өз ұлысына қайта сіңуі қиын. Тап осындай гәп біздің қандастарымызға да тән. Оны шет елден келіп жатқан оралмандардың рең-басынан да аңғару қиын емес. Кімнің қай жақтан келгендігін өздерінен сұрамай – ақ топшылауға болады. Алайда, біздің қандастарымыздың бойында бір артықшылық бар.Ол – ұлттық мінездің сақталып қалуы. Өйткені, олар әу бастағы қазақ жерінен, өздерінің ата қонысынан тамырын үзген емес. Дегенмен, ол жерлерде де жаттану процесі жүріп жатқандығын жоққа шығаруға болмайды. Жер жаттанған соң… Иә. Адам да жат.
Ал, біздер, біздер ғана емес, біздің өз қатарымыздан шеттей бастағандар, байырғы болмысын, ұлттық рухын қайта табуға пейілді ме? Пейілді. Оны біз жоғарыда айтқан екі бағыттың, екіншіден бірінші – өз тегіне ұмтылу бағытының алға шығуынан да аңғаруға болады. Біз ол бағытты – «қазақ болмау» процесі дедік. Себебі, оның қай қазақ екендігін жоғарыда айттық білем. Бұлайша бұлталақтатпай-ақ «нағыз қазақ», болмаса, «бастапқы қазақ» деуге де болар еді, бірақ, тағы да бөлшектенуден сақтағандықтан «қазақ» атауына шамалы философиялық мән бергенді жөн көрдік. Себебі, бар кілтипан бір тұтас ұлттық ұғымға кезінде жете мән бермей бөлшектеуден бастау алған болатын. Ол – біз сөз басында айтқан «қазақ» пен «қазақы» ұғымдарының мәні. Енді, сол негізгі айтпағымызға қайта ойысайық.
Қазақы қасиет – қазақтың қасиеті. Бұл – ұлттық өлшем. Мінез де сол сияқты. Осы тұтас ұғым – біздің рухымыз. Біз сол өршіл рухтан қалай ажырадық? Себебі, қазақ екіге жарылды. Екіге жарылған өзі емес, рухы. Бірі – «қазақта» қалды да, екіншісі – «қазақыға» ауды. «Қазақы» – формалық мәнге ие болмағандықтан, ол өзін сақтап қала алмады. Ал, жалаң формаға ғана ие «қазақ» бар қасиетін жоғалтты. Осы жаңа формаға ғана ие «қазаққа» біз жоғарыда айтқан «заңды өзгерістер» жаңа мінезді, құлдық психологияны қалыптастырды. Соны өзім деп білген «қазақ» өзінің жара­тылыстық болмысын, яғни, әу бастағы қазақы мінезді ажуалай бастады. Оның бүгінгі көрінісін қала қазағының дала қазағын ажуалауынан да аңғаруға болады. Жүре келе қазақы мінезге телінген келеңсіздіктер жаңа мінезге ие «қазаққа» да тән болғандықтан, олар қайтадан тұтасып кетті. Біз – солмыз. Қазақпыз. Ұялмай айттық . Қайтеміз енді. Басқа қазақ жоқ.
Қазақ – ар еді. Нар еді. Ірі еді. Сірі еді. …еді, …еді … еді. Бірақ біз сияқты емес еді. Оған кім сенеді. Сіз сенесіз бе? Сенсеңіз… Иә. Қазақсыз. Біздің іздегеніміз де сол. Ондай қазақ… Иә. «Жоқ» дегенді де айтушылар баршылық. Оны айтатындар біз жоғарыда айтқан қазаққа жаңа мінезді қалыптастырушылар. Кезінде «Қазақтар өз алдына дербес ел бола алмайды» деген пікірді қалыптастыруға жанталасқандар да солар болатын. Ол арандатушылықтарынан дәнеңе шықпаған соң, олар «Билікті орыс тілділер ұстап тұр» деп те байбалам салудан тайынған жоқ. Өкінішке қарай, мұндай пікірді қолдаушылар да аз емес. Олар санасына мемлекет тізгінін өз ұлтымыздың төл перзенті ұстауға қабілетті болғанда, өзге «майда-шүйде» шаруаларды атқаруға қазақ ұлтының өкілі неліктен қабілетсіз болуы керек деген ой әзірге кірер емес. Бұл да жалған мінезден әлі де толықтай арыла алмай жат­қан­дығымыздың әсері. Алайда үміт басым. Ол үмітті қалыптастырған мемлекетіміздің бүгінгі даму деңгейі. Мемлекетіміздің жетістігі – біздің жетістігіміз. Қазақтың жетістігі. Иә. Сол қазақтың. Ол қазақ аз емес. 9 миллион. Әзірге.

МЕМЛЕКЕТТІК МҮДДЕ ЖӘНЕ ДІН
Діннің ауқымы кең. Ол – саясат. Ол – дәстүр. Ол – ұлттық болмыс. Ол… Жә, осымен шектелейік. Әрі қарай да жіліктей беруге болар еді, бірақ, мақсатымыз ол емес. Дегенмен дінді тілге тиек еткеннен-ақ оның тек сенім-наныммен шектелмейтіндігі мәлім болды. Солай бола тұра, діннің мәні мен қоғамға тигізер әсеріне көзжұмбай-лық­пен қарап, оған тек сенім-наным құралы ретінде тар шеңберде қарау, оның қуаты мен мүмкіндігін бағаламау – бүгінгі күні қалыпты жайтқа айналды. Дінді мемлекет саясатынан тысқары қалдырған кеңестік идеология ұстанымы әлі күнге өзгере қойған жоқ. Шынтуайтына келгенде, кеңестік дәуір мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға болмайды. Гәп – тәуелсіз мемлекеттің оқшау саясат ұстану қажеттілігінде ғана емес. Өзгерісте. Түбегейлі, саналық өзгерісте. Сондықтан, дінді жекелеген адамдар ғана емес, мемлекеттің қабылдағандығын жоққа шығаруға тырысу, әбестік. Әбестіктен бұрын, тұтастығына нұқсан. Бұл тұрғыда бізге кешегі КСРО үлгі бола алмайды. Себебі, оларда дін болған жоқ. Ал, жоқ нәрсенің мемлекет саясатынан тысқары қалатыны – заңдылық. Демек… Иә. Мемлекеттің дінге деген көзқарасын түбегейлі өзгертетін уақыт жетті. Ең бастысы – Қазақстан өзінің ислам діні қағидаттарын ұстанатын мемлекет екендігін әйгілеуі тиіс. Сонымен қатар, өзіміздегілерге де, өзгелерге де Қазақстанды тек мұсылман адамның ғана басқаруға құқылы екендігін сезіндіру қажет. Рас, бұл жерде демократия қағидаларының көлденең тартыла-тындығын жоққа шығаруға болмайды. Демократия… Демократияның атасы – АҚШ. Алайда бір мұсылманды АҚШ президенті орынтағына қонжия қалады деп ойлау… Иә. Күлкілі. Байыбына барсақ, діннің мемлекеттен оқшауланатын жері де осы ара. Ондай демократияның… Иә. Бізге қажеті жоқ.
Дін мемлекет саясатының құрамдас бір бөлігіне айналу үшін, ол жалаң қасаңдықтан арылып, ұлттық мүддемен үндесуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, жанды организмге айналуы тиіс. Жансыз нәрсе жандыны жетегіне ертпек түгілі, ол оған үлгі де бола алмайды. Ұғынықтылық үшін «жанды» мен «жансыз» мәнін байыптай кетелік. Дінде жан бар. Оның формалық көрінісі – адам. Адамның діни ғибадаттарды орындауы – оның «тірі» екендігін айғақтайды. Мемлекет те сол тәрізді. Мемлекеттік тұрғыда атқарылып жатқан мың сан шара – мемлекет өміршеңдігінің айғағы. Ол шаралардың қай-қайсысында да нәтиже бар. Демек, тірі. Ал, дінге бұл қағида жүрмейді. Себебі… Дұрыс. Мемлекет діннен тысқары. Тысқары болатыны, жоғарыда айтқанымыздай, біреуі жоқ. Жоқ нәрсені бар деп саясат жүргізу, «жанды», «тірі» деген ұғымды былай қойғанда, жай ғана ауа қармау болып шығады. Мемлекеттік тұрғыда өткізіліп жатқан іс-шаралардың бізден тыс, бөгде жерде өтіп жатқандай әсер қалдыруының бір себебі сол.
Рас, Құрбан айт – мемлекеттік маңызы бар мерекелердің бірі. Бірақ, бұл тұрғыда да мемлекет пен ұлт үндесе қойған жоқ. Себебі… Оны жоғарыда айттық. Бұл – мемлекет тұтастығына нұқсан. Мемлекеттік тұрғыда жүргізіліп жатқан діни іс-шаралардың мемлекет пен ұлтты тұтастырудың орнына кері әсер беруінің басты себебі – мемлекеттің дінді саяси құрал ретінде толық мәнінде қабылдамауында. Бұл жерде қазіргі «қабыл­даудың» атеист адамның иман болып тағайын­далғанындай әсер қалдыратындығына мән берген жөн. Сондықтан, іс нәтижелі болуы үшін мемлекеттің діни саясатын жүргізетін адамның, жалпы мемлекеттік діни идео­логияның қай дінге басымдық беретіндігін, дұрысы – қай дінді мойындайтындығын жалпы жұртшылықтың біле жүргені теріс болмас еді. Бұл тұрғыда әзірге тек Елбасымыз ғана үлгі көрсетуде. Шынтуайтына келсек, ұлттың дінге деген көзқарасын мемлекетпен байланыстырып тұрған тек Президенттің ислам дініне деген ұстанымы. Осы үрдіс өзгелерге де өнеге болса, мемлекеттің діни бағытта жүргізіп отырған саясаты анағұрлым нәтижелі болар еді. Жалпы, билік тізгінін ұстағандардың қай дінді мойындайтындығын айғақтайтын уақыт жетті. Түптеп келгенде ол – мемлекеттің діни ұстанымының көрінісі. Ал, оны байыптамай тұрып, дінді бақылауда ұстаймын деу, бекершілік. Дұрысы – күл болмаса бүл болсын дегенге саяды. Оған жол бермейміз десек, дінге шындап бет бұрған жөн.
Жарайды. Мынандай жағдайға да ой жіберіп көрелік. Сонымен, дін тек сенім-наным құралы. Дінді ұстай ма, ұстамай ма, мойындай ма, мойындамай ма, ол – әр адамның өзіндік құқы. Шынтуайтына келгенде, бұл – жеке адамның емес, қазіргі мемлекеттің ұстанымы. Мақұл. Әзірге біз оны жеке адамның ұстанымы деп қарастырып-ақ көрелік. Сонымен біз, егер конституциялық құқығымызды пайдалансақ – дінсізбіз. Дұрысы – еріктіміз. Бірақ, адам табиғаты ұдайы ерікті болып қалуға дәрменсіз. Оның қалай да бір дінге мойынсұнатындығы күмәнсіз. Оған әзірге тосқауыл болып тұрған кешегі кеңестік идеологияның санаға сіңген жаңғырықты әсері ғана. Күн өткен сайын ол «қуат» әлсірей түседі. Оның үстіне оған дем беруші идеологияның да күні өткен. Оны уағыздаушы коммунистер, шайтан болып кетпесе, ертең өмірден өтеді. Сонымен, Аллаһу акбар. Айтпақшы, мемлекет те ол идеологияны терістей қойған жоқ. Жарайды. Еш дінді мойындамайтындар тағы да бірнеше жыл өмір сүрді делік. Әрине, мемлекеттің қолдауымен. Сонда қалай, осылай кете бере ме? Жоқ. Ол мүмкін емес. Оған адамзаттың даму тарихы куә. Адам адам болғалы діннен тысқары өмір сүрмеген. Гәп – қай дінді ұстануда емес. Басы ашық жайт – адам баласы бір дінге мойынсұнбайынша өмір сүре алмайды. Демек… Дұрыс. Ата-баба дініне ойысқан жөн. Осы жерде кілтипан бар.
Біз ата-бабаларымызды қай жерден бас­тап қайырғанымыз жөн. Ғұндарға барамыз ба, жоқ әлде сақтардан қайтамыз ба? Болмаса… Қайсысын атасақ та олардың ислам дінін ұстанбағандығы кәдік. Дегенмен, олардың біздің арғы тегіміз екендігі күмәнсіз. Неге екенін қайдам, кейінгі кезде кейбіреулерді олардың қай дінді ұстанғандығы қатты мазалай бастағандығы аңғарылады. Ол мазаланушылар әлгі ата-бабаларымыз аруағына бағыштап, Құран оқудың қисынсыздығын көлденең тартып, дұрысы солар ұстанған дінді қайта қабылдаған жөн-ау деген ой ұштығын ортаға салып келеді. Біз ол ойға жете мән бермегендей кейіп аңғартып отырмыз. Болмаса, олар, дұрысы – тәңіршілдер қазір әжептеуір белең алып қалды. Дені – зиялылар. Иә. Кешегі коммунистер. Ол ойдан шіли секем алмай отырғандығымыз да сондықтан. Оларға әу бастан аты бар да заты жоқ, тек мына бос қалған кеңістік орнын толтыруға жарайтын идеология болса жетіп жатыр.
Жарайды. Олардың да айтқанына бас шұлғып көрелік. Тағы да кілтипан. Сонда қалай, мың жылдан бері ислам дінін ұстанған ата-бабаларымызды ұмыт қалдырамыз ба? Әлде, оларды тікесінен тік отырғызып қайта жерлеп шығамыз ба? Мақұл. Олар солай қала берсін. Мына тәңіршілдерді қалай жерлейміз? Қай дәстүрді ұстанамыз? Көмеміз бе, жоқ әлде өртейміз бе? Сауал көп. Бұл – қыжыртпа әңгіме. Құдайшылығына келсек, тәңіршілдер ойын қуаттай қояйын деп отырған қазақ жоқ. Бірақ, ол ойдың да тұтастығымызға нұқсан келтіретіндігін жоққа шығаруға болмайды. Ақыры айтқан соң тәңіршілдерге қарата айтылатын жауапты да нақтылай кетелік.
Тәңір – байырғы және қазаққа тән атау. Біз сол өзімізге тән атауды ислам діні арқылы, жарайды, арабтар арқылы-ақ дейікші, санаға сіңген Аллаға телідік. Тап осы сияқты парсылар да өздеріне тән Құдай атауын ислам діні арқылы санаға сіңген Аллаға теліді. Арабтар да солай. Оған көнбегендер өз діндерін, яғни, өз Құдайларын сақтап қалды. Тәңіризмнің көп құдайшылыққа бастайтын ішкі құрылымын тарқатып айтпай-ақ, негізгі аргумент (дәлел, тұжырым) ретінде көлденең тартылатын осы жағдаятқа-ақ мән беріп көрелікші. Қазақтың тәңірі қай тәңір? Оны Алладан басқа тәңір деп білсек, сонда біздің жаратушы иені әу бастан жалғыз деп білгеніміз жалған болып шықпай ма? Ал, Тәңір мен Алланы қазір мойындап жүргеніміздей, бір ғана жаратушы деп танысақ, біздің Алланы арабтардан бұрын білгендігіміз мансұқтала ма? Байыбына барсақ, бар-жоғы белгісіз өзге күмәнді діндерді былай қойғанда, Алланы ислам діні келместен бұрын таныған христиандар мен иаһудилерге де ислам дінін мойындау қажеттілігі Құран кәрімде міндеттелген. Бұрынғының кейінгімен толықтырылуы және оның мойындалуы – Құран кәрімде нұрға нұр қосылғандай әспеттеледі. Сондықтан, қазаққа қосылған нұрды артық көрудің қажеті жоқ. Тағы да кілтипан. Шынтуайтына келгенде, бұл – кілтипан емес. Алайда бұл сауал да талайды мазалап жүргендіктен тарқата кетелік. Мақұл. Тәңір – қазақтыкі. Құдай – парсыныкі. Алла – арабтыкі. Алайда ақиқат – жалғыз. Ол – бір ғана Жаратушы иенің бар екендігі. Демек, жалғыздың аты да жалғыз. Ол… Оу, сонда Алланың 99 аты қайда қалады? Ол 99-ды атасақ, Алланың жалғыз екендігіне шүбә келтіргендей болмаймыз ба? Бір нәрсе айқын. Біз өз істеген жақсылықтарымызбен де, жамандықтарымызбен де Аллаға қылаудай әсер ете алмаймыз. Алла оған мұқтаж емес. Оның үстіне «Қалай атасаңдар да ең көркем есім Аллаға тән» деген аят бар. Демек, Аллалық ұғымды бір ғана атау айшықтай алмайды. Бұл жерде Алланың өзіне тән сипаттары мен қасиеттеріне де мән берген жөн. Алланың бар болуы, бар болуының басы, не соңы болмау, көру, есту сияқты өзіне тән сегіз сипаты ислам дінінде айқындалған. Ал, қасиеттері Алланың 99 көркем есімдерімен айшықталады.
Жарайды. Бұл айтқандарымызды ислам дінін дәріптеуге жатқызалық. Бірақ, дінсіз жүре берудің де соңы құрдым екендігін жоғарыда айттық. Тәңіризмді де тәркі еттік. Ендеше… Әлде қаптап жүрген секталарға кіре салған жөн бе? Сонда… Иә. Әлемдік және дәстүрлі діндердің келесі съезін өткізуге сырттан адам шақырып әуре болмаймыз. Жә, бұл да қыжыртпа сөз. Алайда, шындыққа айналуы әп-сәтте. Сондықтан, бұл жағдаятты да таразылай кеткен жөн тәрізді.
Секта – мойындалған дін емес. Ағым. Ондай ағымдар әлемдік діндерде де, дәстүрлі діндерде де баршылық. Ислам дінінде де аз емес. Гәп – сол ағымдарды ұстанып жүрген адамдарда емес, соны өмірге әкелген идеологтарда. Ол идеологтардың өзі белгілі бір мүдделі топқа қызмет етеді. Ал, мүдделі топ – мемлекетке. Әрине, ол біздің мемлекет емес. Бұл – мәселенің саяси жағы. Ал салдары… Дұрыс. Бөлшектену. Діни бөлшектенудің залалды зардабы болатындығын күнделікті көріп жүрміз. Алайда, Таяу Шығыс, Ирактағы жағдай секталық ағымдар күш алған кездегі туындар зардаптың қолына су құюға да жарамайды. Оның залалы… Құдай бетін аулақ қылсын. Дегенмен, ол пәлекеттің де нышандық белгілері бізде көрініс таба бастағандығын жоққа шығаруға болмайды. Әртүрлі дінді ұстанған бір отбасындағы қайтыс болған адамды қандай діни ғұрыппен жерлеу қажет деген мәселенің күн тәртібіне қойыла бастауы да үйреншікті жайтқа айнала бастады. Діни ұстанымына үйлеспегендіктен жақынының жаназасына бармау, не болмаса сүйек шыққан үйден көңіл айтып келген адамдарға нәр татқызбау – дағдылы үрдіске айналуда. Демек, дін біз ойлағандай тек сенім-наным құралы ғана емес. Ол мемлекет ұдайы бақылауында ұстайтын маңызды мәселе. Сондықтан, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасын әлеуетті құзырлы органға айналдыру қажет. Ондай қадам мемлекеттің де діни ұстанымын айқындайды. Сонда ғана өзге мемлекеттер қазақты мұсылман деп таниды. Жалпы, Күнді қолмен көлегейлеуге болмайтынын ұғатын уақыт жетті.

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Алаштың Ұлы Ұс елі
    немесе
    Ұс (құс) елін бүгінгілер
    қайдан білсін.

    (Тарихи – этимологиялық зерттеу)

    Тамырынан таратылып текті сөз
    Ал арманшыл асыл халқым көкті кез!
    … Көк байрақты, қыран текті қазаққа,
    Күн астында қанат жаяр келді кез.
    Маралтай

    Алаш, үш Жүз һәм Қазақ
    Қазақ турасында сөз қозғап, ол жайында қалам тартқан адамдардың барлығы дерлік Алаш, Үш жүз атауларына соқпай өте алмайтындығы ақиқат. Алаш турасында “Қазақ совет энциклопедиясында” “Алаш” “Алаш мыңы”- ежелгі қазақ тайпаларының алғашқы қауым болып біріккен одағы “қазақ” деген бұрынғы елдің жалпы аты” – деп жазады,
    – Шынында Алаш, үш жүз, Қазақ сөзінің мән-мағынасы не? Бұл турасында біз неге бір тоқтамға келе алмай жүрміз? Неге біз Алаш сөзінің мән-мағынасын, шығу негізін білмей тұрып осындай күйде тұрған «Қазақ» сөзімен бір синонимді сөз дейміз, тек бұл атаулардың әр кезеңдерде бір-бірінің орнына қолданылғаны үшін ғана ма? Ел аузына тараған:
    Алаш Алаш болғанда,
    Ала тай ат болғанда
    Таңбасыз тай
    Енсіз қой болғанда
    Алаш хан болғанда – деген сөздердің бірінші жолы неге “Алаш Алаш болғанда” – деп тұр? Егер Алаштың Алаш екендігі әу бастан-ақ белгілі болса, онда Алаш Алаш болғанда демей – ақ, Алаш болғанда деп бастап аяғында Алаш хан болғанда десе де түсінікті болар еді ғой. Ұлы Абай атамыздың «Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттарда «Қазақ» атап кетіпті, бұрын өздерін «Ұлұс» дейді екен де жүре береді екен» деуінің астарында не жатыр? Бұрын біз өзімізді Алашпыз, Қазақпыз, Үш жүзбіз деуші едік, енді Ұлы Абайдың дерегінен біз өзімізді «Ұлыс» деп те атаған екенбіз. Бұлай болған жағдайда бұл төрт атаудың қайсысы алғашқы бастапқы атауымыз болмақ?- деген сұрақ туады. Осы арада данышпан Абай атамыз “Ол күнде наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып наурыздама қыламыз деп той тамаша қылады екен. Сол күнін “Ұлыстың Ұлы күні”-дейді екен” деуінен менің түйгенім біздің қазақтардың ол күнді, яғни жер жаһанның жаңарған, қыстың ызғары кетіп табиғаттың бусанып жыл басының басталуына себепкер күн мен түннің теңелуін “наурыз”- яғни “жаңа күн” демей өздерінше бұл күнге ерекше мән беріп “Ұлы күн” деп атап, той тамаша қылғандығына көзім жетті. Сондықтан төркі – қазақ үшін бұл күн шын мәнінде ерекше сағынышпен тосып алатын ұлт мейрамы. Әрі бұл күнді «Ұлғ күн» (Ұлы күн) – деп тойлап қана қоймай «Ұлық күнмен басталған жыл он екі айды ұлұғ ай, кішіг ай, деп бастап бірінші ай, екенші ай, үшінші ай, төртінші ай, бесінші ай, алтыншы ай, жетінші ай, сегізінші ай, тоғызыншы ай, оныншы ай деп жіктеген. Бұл ескі төркі календары Бируни мен Ұлықбектің кітаптарында жазылған. Ал осы «Ұлғ күн» (Ұлы күн) неге «Ұлұстың Ұлы күні» – деп тойланған. Мен бұл жұмбақтың сырын ашу үшін «Ұлұс» сөзін Ұлғ және Ұс яғни Ұлұ және Ұс (құс) деген екі сөзден құралған атау деп қарауды ұсынамын. Құсты көктің, символы санаған көшпелілер өздерін көк тәңірінің ұланымыз деп тәңірі құсына, көктің құсы қыранға балаған ханымызды көтеріп, бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өзіміз ұлылап тәңірі құсы қыранға балаған ханның ұрпағымыз, соның әулетіміз деп бір ханнан, бір әулеттен, бір тектен ғана тарататын болайық деп ант берісіп өзінің батырлығымен, ақылдылығымен көзге түскен бірін ел басшысы етіп “Ұл(ұ) Ұс”, “Ұл(ұ)Ұс” деп ұлылап хан көтерген деген қортындыға тоқталамын. Сол ұлы жиында жер қайысқан қалың қолдың айқай шуынан Ұл(ұ)Ұш, Ұл(ұ)Ұш деген шу басым естіліп, (бұл жерде төркі халықтарының ішінде қазақтан басқа басым көпшілігі “с”-ның орнына “ш”- деп сөйлейтінін ескеруіміз керек. Мысалы: басты-баш, тасты-таш, қасты-қаш, құсты-құш, Алпамысты-Алпамыш, Манасты-Манаш, дүйсенбіні-дүйшенбі, т.с.с.) қол астындағы қара халықтың құлағына Ұл(ұ)Ұш”, “Ұл(ұ)Ұш” деген айқай Алаш Алаш деп естілгендіктен күллі халық Ұл(ұ)Ұшты яғни “Ұл(ұ)Ұсты” – Алаш деп атап кетіпті. Әрі батыр, әрі ақылды данагөй Ұл(ұ)Ұс хан осыдан бастап өзін халық берген атпен Алаш деп атап, өзіне қараған елін “Ұс” һәм, “Ұл(ұ)Ұс” елі деп атаған деген тұжырымға келдім. Ұл(ұ)Ұс хан өзін халық берген атпен Алаш атағандықтан халық арасында осы бір үрдіс дәстүрге айналған. Әрі бұл дәстүр осы күнге дейін өзінің төл ұрпақтарының арасында жалғасын тауып келеді. Әбілмансұрдың-Абылай, Ибраһимнің-Абай, Мұхамедқанапияның-Шоқан, Ерасылдың – Қабанбай, менің өз атам Сүгірдің – Сақал т.т. аталуы соның айғағы, бұл оларға халықтың берген аты. Құрбанғали Халидтің “Тауарих хамса” кітабында:”Алынша хан кезінде” мен пәленнің нәсілімін” деп айтуға тиым салынып кім хан болса оның қауымы “мен пәленше ханың әулетімін” деуге бұйрық шығарған. Себебі бір ханға ерген халық мен пәлен нәсілдемін деп бөлектеніп араларынан түрліше келіспеушілік туады деген екен” – деуі көңілге қонымды құптарлық дерек. Бұдан байқайтынымыз, қазақтың Абылай әулетіміз, Жәнібектің ұрпағымыз, Әбілхайырдың тұқымымыз деп сан-саққа бөлінбей, тек Алаш еліміз деп өздерін Алаштан ғана таратуында қанға сіңген тарихи шындықтың бары айқын байқалады. Олай болса жоғарыда келтірілген ел аузына тараған шумақтарды орын-орынына қойып оқып көрейікші.
    “Ұл(ұ)Ұш Алаш болғанда
    Ала тай ат болғанда
    Таңбасыз тай
    Енсіз қой болғанда
    Алаш хан болғанда – деп оқитын болсақ, бұл бес шумақ өлеңнің мазмұны ашылып шыға келеді, яғни Ұл(ұ) Ұштың – Ұл(ұ)Ұстың – Алаш атанып одан Алаштың хан болғандығы белгілі болады. Ұсты ұлылап ҰлыҰс атап пір тұту қазаққа жаңалық емес. Бұл үрдістің де сонау көне заманнан бастау алып үзіліссіз ұрпағымен жалғасын тауып келе жатқанын аңғару үшін біз Абайды – Ұлы Абай, Жамбылды – Ұлы Жамбыл, Мұхтарды – Ұлы Мұхтар, Шоқанды – Ұлы Шоқан, Мағжанды – Ұлы Мағжан деуімізді көлденең тартсақ та болады. Демек мұның да Алаштан бастау алғанына куә болғандаймыз. Алаш бабам өз елін Ұс, Ұлы Ұс еліміз деп атап қана қоймай, оны “оң қанат”, “орта”, “сол қанат” деп үшке бөліп билік жүргізген және үшеуін бірге “үш Ұс” (үч Ус-үч Уз) деп атаған. Қазақтың қазіргі “үш жүз” “үш жүздің баласымыз” деп жүргені осы. Асылы бұл сөз “үш Ұс” атауының сәл өзгеріске түскен түрі. Ал енді Алаштың “Ұс” елі неге үшке бөлініп үштік жүйемен басқарылды және неге бірін оң қанат, бірін орта, бірін сол қанат деп атаған. Мұның сырын ашу үшін біз алдымен Ұс, Ұлы Ұс дегеніміздің өзі не мағынаны білдіреді, соны айқындап алуымыз керек. Бұл турасында Әбілхан Әбіласан “Ұс, Ас, Аз – тәңірі құсы, бүркіт (гриф орел). “Ұс” (гриф) – тәңірі құсы деген мағынада. Махмұт Қашқари “Ұс” деген сөзді ертегілерде айтылатын басы бүркіт денесі арыстан бейнесіндегі құс (гриф) бүркіт мағынасында қолданған екен. Ұш үшкірсә өлүр -үш үшкірсе өлер (Қашқари). Ұс ес көріп йуксак қалық қолы чақар -гриф завидев падаль бросается с высока неба (Қашқари). А.Аманжолов осы мағынадағы сөзді (“Ас”) ертедегі қиял ғажайып құс (гриф) немесе бүркіт, ол көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған Көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) деген қорытындыға келеді дейді. Демек “Ұс” дегеніміз тәңірі құсы, бүркіт екеніне көз жеткіздік. Олай болса Алаштың өз “Ұс” елін үшке бөліп билеп, бірін оң қанатым, бірін сол қанатым деуінің сыры осында жатыр. Адамдардың дене мүшесіне қарай оң қол, сол қол, болмаса оң көз, сол көз демей құсқа байланысты “қанат” сөзінің ел билеу мен әскер билеу тәсіліне енуінің астары енді ашыла түсті-ау деймін. Н.Мыңжан: “Шежіре дерегі бойынша қоңыраттар екі үлкен бірлестікке бөлінеді. Бұл екі бірлестікті әйгілі ғалым В.Радлов “Алты ата көктің ұлы, алты ата көктің құсы” – деп атаған деген дерек бар”-деп жазады. Иә, қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп ер балаларын қыранға, қыз балаларын аққуға теңеуі мен «Ұлым ұяда, қызым қияда», «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай», «қанатының астына алды», «атқа қонды», «үйге қон», «қонып кет», «қанаты қатайды», «топшысы бекіді», «бақ құсым», «балапаным», «қанатым», – деп қана қоймай, мектеп бітіріп үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған ұл-қыздарын, еліміздің «жас түлектері» деп сөз саптауы да кездейсоқ айтыла салған сөз емес екен, “Қыран түлегіне қайтпас қайсар сыйлайды” – дейді дана халқымыз. Олай болса “түлек” деп бүркіттің, яғни тәңірі құсы, қыранның балапанын ғана айтатынын еске алсақ та жеткілікті-ау деймін, тіпті келін түсіргеңде “аққуыңды аяла”, “құсың құтты болсын”, деп қыздарына “құс етек” көйлек кидіретін де осы біздің қазақ. Ол ол ма домбыра мен найзасына, тақия, бөрік, һәм тымақ пен сәукелеге үкі тағып дұлығасына қыран құстың қауырсынын тағып құстың кеуде жүні мен балақ жүніне ұқсатып ұрыс-соғысқа ыңғайлы етіп сауыт киетін де біздің батыр бабаларымыз. Тіпті хан көтергенде де ханды ақ кигізге (ақ кигіз биік шың басындағы қардың бейнесі С.С.) отырғызып ұлылап Ұлы Ұс (Ұлұғ Ұс/Ұлұ Құс), (Шыңғ Ұс/ Шың Құс) деп көктің құсы, биіктің құсы, тәңірі құсына балап “қыран аласаға қонбайды” – деген ниетпен биікке шығарып хан көтерген.
    “Күлтегін” сағанатасының маңдайшасында бүркіт бейнесінің бедерленгенін білеміз. Ал, Шыңғыс ханның (Шыңғ Ұс хан /Шың Құс С.С.) туында да қыран бейнесі, бейнеленген. Бұл ту наным – сенім бойынша, Шыңғысхан әулетінің желеп-жебеушісі, киелі белгісі болып есептелген. Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда Шыңғыс ханның өсиеттерінің бірі былайша берілген екен: “Момын халықтың арасында жүргенде қошақандай момын бол, ал шайқасқа шыққанда аш бүркіттей шүйлік” деген екен.Жалпы біздің қырандар елі аталатынымызды көрші қытай елі жақсы білгенге ұқсайды. Оған “VIII ғасырдағы Қытай императорында түркі сарбаздарынан жасақталған армияның қолбасшысы, түркі тұқымынан шыққан Ань-лаушанды қытайдың ұлы ақыны Ду-ФУ “Ұлы қорғанның сыртындағы жорық” атты өлеңінде:

    “Қыран құсындай текті қырағы жанар жау қабақ
    Қанатын қомдап іздейді түзден тоятын.
    Томаға тартып жіберсең болды аспанды бүркеп шәу қанат
    Сорғалап төмен жауының көзін жоятын.
    Қанына сіңген өжеттік рухы оянып,
    Қолдайды оны алыста қалған аруақ
    Қаптаған құзғын қыпқызыл қанға боянып
    Тырнағын қайрар қауырсынға жанып-ап”1 – деп Төркі тұқымынан шыққан Ань-Лаушанды “қолдайды оны алыста қалған аруақ” дей отырып, шабыттана жырлап, қыран құсқа теңеуі тегін болмаса керек. Мен “ежелгі жунго жылнамаларында “Ус-ун” “Ус-ин” “Ас-са” “Ас-у” “Ас-о” деген аттардың кездесетінін әрі бұл атауларды “қазақ” атауының дыбыстық баламасы дегенді қолдайтын Жан Шиман, Хи Шиутау сынды қытай зерттеушілерінің пікірін мақұлдаймын.
    Көне төркілер қоғамын зерттеуші Ю.А.Зуев қытай дерек көздерімен зерттеушілерінің көрсетулеріне сүйеніп “647 жылы Батыс Төрк қағаны Таң императорына алтыннан құйылған қарғаның мүсінін сыйлыққа тартқанын айтса,” енді бірде «Ашына» атауы төңірегіне тоқталып бұл атаудың қытай дерегіндегі усундардың атауы екенін сөз ететіні бар”-меніңше бұл пікір негізсіз емес. “Ашина”атауының түбірін “Уш-ин”, “Аш-ин” яғни «Ұс», «Ас» сөзімен байланыстырып Ұс-ин, Ас-ин деп оқысақ Ашина атауының тәңірі құсы, бүркіт атауымен сабақтас екенін бірден аңғарамыз. Демек Ашина деп жүргеніміз Усундар яғни Ұс, Ас елі.Н.Мыңжан “Уи хандығы тарихының түсіндірмесінде: “Аса елінің тағы бір аты-Алан” деп жазған “Кейінгі хан патшалығы тарихы батыс өңірі шежіресінде: “Аса мемлекеті өзінің атын Алан бірлестігі деп өзгертті…” ежелгі замандағы хан патшалығы тарихы” қатарлы деректерде Алан мен Аса деген аттың қосарлана қолданылуы қазақтың шежірелерімен тарихи аңыздарында “Қазақ” пен “Алаш” атауының қосарлана қолданылуын еске түсіреді”3 – деп жазған.
    Меніңше дәл осы пікір шындыққа саяды. Аса мен Алан, Қазақ пен Алаш атауының дыбыстық баламасы. Алаш атауы тарихи шежірелерде Алаш, Алаша, Алынша Аланша түрлерінде кездесетінін ескеруіміз керек. Құрбанғали Халид Алашты Алын-ша деп, ал Рашиден мен Әбілғазының шежіре деректерінде Алашты Алан-ша деп жазған. Осыларды ескере отырып, біз Алан бірлестігін Қадырғали бише айтсақ Алаш мыңы (одағы) деп ұғыуымыз керек, ал Аса дегеніміз соңына “а” әріптік жалғауы қосылған Ұс, Ас атауының яғни “қазақ” атауының дыбыстық баламасы деп тұжырым жасауымызға негіз бар. Демек Жунго жылнамаларында кездесетін “Ус-ин” “Ус-ын” “Ас-а” “Ас-о” “Ас-у” деген аттардың “қазақ” атауының дыбыстық баламасы деген Жан Шиман, Хи Шиутау сынды зерттеушілердің пікірлерінің шындыққа айналғаны.
    Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы кітабінің авторлары Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиев «Ұлыс тұлғасының шежіреде ең жиі кездесетін мағынасы “халық” автор түркі-моңғол халықтарын ұлұс деп атайды” деп ескертсе. Қ.Халид: “Ұлұс” сөзі моңғолша “тайпа”, жамағат: есе, үлес мағынасын береді. Мұны қазақтар бірлік, жиналу кейде: заң ереже орнына пайдаланады. Мысалы, “Елдің ұлтынан шығайын ба” дейді. Мұнда бірлік, жиналу мәні көрініп тұр, яғни жұрттың бірлігінен шығайын ба көптен айырылайын ба болмаса елдің ұлты солай деседі “Бұл елдің өткені солай болып келген” деген мағынада, мұнда ереже, әдет болып аударылып тұр” деп жазады. Демек “Ұлұс” сөзі қазақтар үшін бірігу, жиналу, ұлт болып ұйып, бірлесіп бас қосу. Бұдан аңғаратынымыз қазақтардың “Өз елімнің, ұлтымның атынан шығайын ба, ұлттығымнан, елдігімнен айырылайын ба” болмаса “Елім солай аталады, ұлтым солай, елімнің ғасырлар бойына аталып келгені солай еді”-дегеніне көз жеткіземіз.Кезінде Шоқан Уалиханов “Ұлыс” сөзі о баста белгілі бір территорияда құрылған тайпалар одағы” – деген болса.Абай атамыз “Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттар да “қазақ” атап кетіпті. Бұрын өздерін “Ұлұс” дейді екен де жүре береді екен» – деп тарих қойнауына терең бойлап өзінше тұжырым жасаған. Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ біз ең біріншіден Ұлы Ұс (Ұлы құс) яғни Алаш ханның ұрпағымыз соның еліміз деп, хан елі ретінде өзімізді қыран құсқа балап, қыран бейнеленген ту көтеріп Ұлұ Ұс, үш Ұс, Ұсақ (Сақ) бертін Төрк Ұс (Түркеш) атанған «Құс» еліміз. Екіншіден қыстың ызғары кетіп, көктемнің келгенін паш етіп, бірінші болып ұшып келетін жыл басының жаршысы Ұс, Ұз демекші Ұсақ-Ұзақ яғни Ұзақ қарғаға балап Ұзақпыз-Ғұзақпыз десіп өзімізді «қарға тамырлы қазақпыз», «қарға тамырлы ел едік қашаннан-ақ» деп өскен «Құс» еліміз. Үшіншіден бейбітшілік, сұлулық, адалдықтың ару құсы, құстың төресі, аққу қазды киелі құс санап ару қыздарымыз бен асыл аналарымызды аққу қазға балап «қазақ» атанып жүрген «Құс» еліміз. Қалай түрлендіріп, қай жағынан алып қарасақ та біздің жер түгілі аспаннан «құс жолы» – деп жұлдыздар шоғырынан түнделете жол салған «Ұс – Құс» елі екеніміз анық. Демек біз Сайыпқырандар мен Аққулар елі яғни көк тәңіріне сиынып тәңірінен басқаға бас имеген тәңірі текті, тәңірі болмысты көк төркілерміз. «Құс» төрдің символы, демек біз көк тәңірі, яғни аспан символы болған құсты ұлттық тотеміміз – киетегіміз етіп өскен тәңірі текті, тәңірі болмысты түз түлегіміз. Атақты ғалым, көне төркі тілінің маманы Алтай Аманжоловтың «Ұс», «Ас», «Аз» – қиялғажайып құс, тәңірі құсы, бүркіт, ол-көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) – дегені шығар күндей шындық екенін мойындауымыз керек.
    Тіл – тарих кілті демекші,біз осылайша Алаш пен Қазақ һәм Ұлұс, (Ұлы Ұс), үш жүз (үш Ұс) атауларының шын мәнінде бір-бірінің баламасы яғни синонимі екеніне көз жеткіземіз.

    Шетінен өр қайтпас қайсар ерім бар,
    Ұлан байтақ шетсіз-шексіз жерім бар.
    Алаш бабам Ұлы Ұс, үш Ұс атаған,
    Тәңірі құсы, қыран текті елім бар.

    Ұлғ Ұс – Оғұз һәм Алаш
    Түріктен өрбіген елді тоғыз дейді
    Тартатын күй аспабын қобыз дейді
    Башқұрт пен қазақ ноғай қарақалпақ
    Төртеуін шежірешілер оғыз дейді

    “Ататек” – деп дастан жазған Қожаберген жырау (1663ж).
    ’’Қазақтың түп атасы Оғыз- Түрік
    Құт қонған ұйтқы болып орнап бірлік”- дейді. Осы Оғыз елі, Оғұзхан немесе Ғұздар дегеніміз кімдер? Қ.Халид «Тауарих хамса» кітабында Хун тайпасын «Усул» тарихта «Хуз» деп жазған, арабтар «Ғұз», түркілер- «Оғұз» дейді деп атап өтеді. Ал Е.Смағұлов “Под сенью храма штрихи к историческому портрету Туркестана” деген мақаласында “…Таким древним культовым центром объединеия огузских племен и было видимо поселение Ясы”- дей келіп “Возможно что Ясы-это остатки поселения того племени асиев (асианов) которые упоминается еще античными авторами (Страбон, Птоломей, Помпей Торг) среди племени сокрушавших во II в до н.э. греко бактрийскую державу. Во всяком случае появление и происхождение этого названия и народа с которым он связан (асии) на средней Сырдарье представляют из себя трудно разрсшимую загадку. Поэтому поводу различными учеными высказано множество догадок. Известный лингвист А.С.Аманжолов в свое время предположил что “Ас” есть название, древнего династийского рода и божества неба. Может быть такая этимология дает ключ к пониманию истоков местного культа?1 деп жазған болса, О. Сүлейменов “Слово вовлеченное русскую граматическую эволюцию переразложилось торки так называют летописи кочевое племя самоназванием которого было – узы. Вероятно одно из Огузских племен в источниках принят написание этнонима – “огуз” “оуз” “уз”2- деп жазған. Бізге төркі жұртының бірнеше диалектіде сөйлегендігі мәлім. Осынау көшпелі төркілердің тілінде тәңірі құсы, бүркіт мағынасындағы көне династиялық әулеттің аты “Ұс” “Ас” “Ұз” “Аз” немесе “Хас” “Қас” “Қаз” “Ғұз” түрлерінде айтылғанын есте ұстағанымыз жөн. Әйгілі Махмұт Қашқаридың “Біздің ата – бабаларымыз – бектер, “хәмір” дейді. Өйткені оғыздар әмір деп айта алмайды”1 дегені бар. Осы ретте төркі жұртының бір бөлігі өздеріне тән диалектіде ақты-хақ, Ақназарды-Хақназар, Асанды-Хасан, Қасан, Ұсманды-Ғұсман, Құсман, Айдарды- Ғайдар, Қайдар, Абдолланы- Ғабдолла, Алиханды- Ғалихан, Әкімді-Хакім, деп жазатыны сияқты “X”, “Ғ”, “Қ” әрпінің қосарлануы арқылы Ұзды-Ғұз деп, әрі осы атауларды ұлылап Ұлы Ұз, һәм Ұлы Ғұз деп жазу үшін Ұз, Ғұз сөздерінің алдында парсы немесе төркі тілі диалектикасының біріне тән “О” “У” әріпі жалғанып “Оуз” «Ууз» “Оғуз” делініп жазылған. Парсы, өзбек тілдерінде “О” “У”- ол, ул деген мағынада қолданылады. Біз өзіміз де қазіргі кезге дейін “ол не”, “ол не дегенің”, “ол не қылғаның” “ол кім екен”, “ол не қылған адам” дегенді “о не”, “о не дегенің”, “о не қылғаның”, “о кім екен, о не қылған адам” деп айта береміз. Демек, “О+уз” “У+уз” “О+ғуз” деп жүргеніміз Улус, Ұлұс яғни Ұлұ Ұс елі, ал Ууз хан, Оғуз хан деп жүргеніміз Ұлұ Ұс ( Ұлұ Ұш ) хан яғни Алаш хан деген тұжырым жасауымызға әбден болады. Жалпы «Ұс» атауының «Ғұз» түрінде түрленіп тарихта орын алуына алдыңғы «Оғ» һәм «Улғ» сөзі әсер еткен. Улғ Уз / Ул (ғ)+Уз. Оғ Уз / О(ғ)+Уз. Осылайша «ғ» әріпі «с» әріпінің «з»-ға өзгеруіне өз әсерін тигізбей қоймаған. Біздін Аллахты – Алла дейтініміз сияақты табақ – таба, тірк – тірі, сарғ –сары, төрк – төрө, бөрк – бөрү, Ұлғ – Ұлұ (Ұлұ Ұс түрленген түрі Ұлұс). Екі “ұ” әріпі қатар келгендіктен біреуінің естілмей түсіп қалуы заңды құбылыс.

    Ұс – Ұз – Ғұз

    Ұл(ұ) Ұс – У ус / О уз – О ғұз

    Ұлұ Ұс хан – Ууз хан – Оғұз хан демек Алаш хан
    С.П. Толстов: «Оғыздардың тайпалық одағы Оксқа дейінгі заманда басқа жақтан көшіп келген тайпалар емес, одақ аты да, өзен аты да ертеден бері жалпыға ортақ тотем атынан, жергілікті ел тілінен туған сөз. Ендеше Орта Азия оғыздарын ерте замандарда сол жерді мекен тұтқан сақ тайпаларының заңды мұрагері (ұрпағы) деп қарау керек. Оғыз тотемінің аты ертедегі сақтар ортасында да болуға тиіс»1 – деп жазса. Е.Шаймерденов “Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда Оғұз хан Ұлыс үлестіргенде ұшы-қиыры жоқ киелі кең дала тиген үшінші ұлына елтаңба ретінде қанатты қыран бейнесін ұсынған екен”2 – деп жазады. Қарап отырсақ бәрі тәңірі құсы, бүркіт, көктің құсы қыранға келіп тіреледі. Осының бәрін жай ғана сәйкестік деп қарауға болмайды. Бұнда тарихи шындық бар. “Оғұзнамада” Оғұз ханның алты баласы болғаны айтылса бұл қазақ арасындағы “алты Алаштың баласымыз”, “алты Арыстың баласымыз” деп келетін сөздерін еріксіз еске түсіреді. Осының бәрін ескере отырып Оғұз бен Алаштың бір адам екені яғни бір хан жайында айтылып тұрғаны күдік тудырмаса керек деймін, әрі екеуі де бір ауыздан төркі халықтарының басын біріктіруші өз алдына ел етуші болып халық арасында ауыздан – ауызға аңыз боп таралған. Демек Ұлы Абайша “Ұлұспыз”, Қадырғали бише “Алашпыз”, әйгілі Махмұтша “Оғұзбыз”-деп жүргеніміздің барлығы да біртұтас төркі халқының негізгі билеуші тайпасының аты.

    Тұран елі – Қыран елі киелі
    Ертеде Түркістанды Тұран дескен
    Тұранда Ер Түрігім туып өскен
    Тұранның тағдыры бар толқымалы
    Басыннан көп тамаша күндер кешкен
    Мағжан
    Бүгінгі таңда төркі тарихын Қытай тарихына сүйеніп алынған 545 жылмен шектеп қарайтындар саны белең алып тұрғаны жасырын емес, егер біз мұндай пікірден арылмайтын болсақ, онда төркі халықтарының 545 жылға дейінгі мыңдаған жылдық тарихына балта шапқанымыз. Өз басым Төрк атауын Төранмен/Туранмен сабақтастыра қарауды жөн санаймын. Өйткені Төрансыз төркілер тарихын елестету мүмкін емес, әрі Төрансыз төркілер тарихы бір жүйеге түспесі хақ. Менің пайымдауымша Төрк сөзі әу баста табиғатпен үндес өмір сүруді мұрат еткен, сол табиғаттың төл баласына айналып өзіндік тұрмыс тіршілігін қалыптастырған көшпелілердің наным-сенімі мен дүние танымынан туындаған жинақтаушы атау сөз.
    Бұл араптарды, орыстарды, қытайларды олардың наным-сеніміне қарай (христиандар, исламдар, пұттар) атайтынымыз сияқты шығар күнді қастер тұтып, көк тәңіріне бас іиіп «көктен жаным-жерден тәнім», «аспан ата-жер ана» деп өскен көшпелілерге ғана тиесілі атау. Біздің қазіргі таңдағы айтып жүрген «төрк/турк» сөзінің негізі яғни түбірі «Төр» һәм «Тур» сөзі. Бұл сөз әу баста жоғарыны, биікті білдірген әрі тәңірі, көк тәңірі яғни түпкі жаратушы (Ұлы Төр – Улуғ Турк) сипатында айтылған деген қортындыға келемін. Осы бір көне сөздің қазақ арасында әлі де жаңғырығы сақталып қалғанын аңғару қиын емес. Мысалы қазақ үйіне келген қонағына «жоғары шығыңыз, жоғарылатыңыз» деп қана қоймай «төрлетіңіз, төрге шығыңыз» дейді әрі бастан жоғарғы жақты «Төр» санайды. Бұдан «Төр» сөзінің жоғарыны, жоғарғы жақ көкті меңзеп айтатынын аңғаруға болады. Төркі халықтарының ішінде осы бір «Төр» «Тур» сөзінің дәл осы мағынаны білдіретін жаңғырығын қазақпен бірге шуаштар да (чуваштар) сақтап қалған екен. Мұрад Аджи: «қыпшақтар «тәнірі» немесе «тенгир», буряттар «тэнгри», маңғолдар «тенгир», чуваштар «тура» деп атайды. Айтылуы сәл пәл өзгеше болғаны мен барлық халықтар үшін оның мағынасы біреу ғана «рух» нақты нұсқап көрсетуге келмейтін еркек текті тәңіри бастау» деп жазған. Демек чуваштардың көкті, аспанды яғни тәңірді «тура» деп атауы қазақ тілінде түбірі сақталған «төр» сөзі екені дау тудырмаса керек.
    Бұлай болған жағдайда «Тур», «Туры», «Тура», «Туран» һәм «Турк», сөздері қазақ тіліндегі «Төр», «Төре», «Төрк», атаулары деп қабылдағанымыз орынды. Бұл тәңірі болмысты, тәңірі текті, көкке сыйынған көк тәңірінің ұландары көшпелілерге ғана таңылған ерекше қастерлі атау. М.Қашқари: «…Тәңір оларды төркілер деп атап асқан сән салтанатқа ие қылды» деп төркілерге тәңірдің өзі арнайы ат қойғанын айтады. Иә, аспанның – көк аспан, тәңірдің – көк тәңірі деп аталатыны сияқты төрктің – көк төрк деп аталуы, біздің төр/тур, төре/тура һәм төрк/турк атауын еншілеген тәңірі текті көктің ұландары екеніміздің айқын дәлелі. Күн нұрынан жаралып, көк тәңірінің қолдауымен, қаракөктің қайсар ұлдарының басын қосқан көшпелілердің даңқты қолбасшысы Қиат руынан шыққан Ұлы хан Шыңғысханның (Шынғ Ұс / Шың Құс биіктің, көктің құсы мағынасында) “Төре” тұқымы аталуы, Шыңғысханның шын мәнінде таза “Төрк”екенінің бұлтартпас айғағы деп білуіміз керек.
    Шыңғысханның : «Құлаш бойымнан тұтамы қалса да,
    Сен аман бол, Төре елім!
    Тұла бойымнан қайратым кетсе де,
    Сен аман бол, Ұлысым!» – деп тебіренуі тегін емес.
    Бұл жерде ол маңғолым яғни мыңқолым деп әскери одағының қамын емес,жалпы көшпелі Төркі жұртының яғни Ұлы Ұс елінің қамын ойлап тұрғаны бірден аңғарылады.
    Қожаберген жырау (1663 ж.) «Қазақтың түп атасы Оғыз-Түрік
    Құт қонған ұйтқы болып орнап бірлік» – деп жырласа.
    Қазақ тарихын терең зерттеген әрі оны өлеңмен жазған Шәкәрім атамыз: «Қазақтың түп атасы» деген өлеңінде:«Болады арап жұрты Самның ұлы
    Біледі шежіренің бәрі мұны
    Түріктің шын аты екен Нәдұлұше
    Түрік деп неге атанды тыңда соны» дей келіп, «Түрік деп хан көтерген патша қылып» деп Нәдұлұшеге Түрік деген атақ, титул беріп хан көтергені хақында айтады. Осы «Түрік» атанған Нәдұлұше кім? Дұрысы Нәдұлұш. (Бұл біздің арагідік Алашты кейде Алаша деп «а» әріпін қосып айтатынымыз сияқты Нәдұлұшке Нәдұлұше делініп соңына «е» әріпі қосарланып айтылып тұр.) Яғни «Ұлы Ұс» һәм «Ұлұ Ұш» деген екі компоненттен тұратын атаудағы алдынғы «Ұлы» сөзі, келесі Ұс, Ұш сөздеріне қосылып Ұлұс, Ұлұш болып танылғандықтан да осынау «Ұлұш» сөзін ұлылау үшін төркі жұртының бір бөлігі «Ұлы» сөзінің синонимі «Нәд» сөзін қолданып «Нәд Ұлұш» атауын өмірге әкелген деген тоқтамға келемін. Алыс Мажарстандағы қыпшақ қандастарымыз әлі күнге дейін осы «Нәд» сөзін қолданып «Ұлы Шеркеш» дегенді «Надьчеркеш», «Ұлы Құмандық» дегенді «Надькүншақ» деп атайды екен. Олай болса Надұлұш деп отырғанымыз Ұлы Ұлұш яғни кәдімгі Ұлұ Ұш – Ұлы Ұс атауы екені күмән тудырмас деймін. Осы арада біз Ұлы Ұс, Нәдұлұш, Оғұз, Алаш атауларының егіз ұғымдар екеніне тағы бір мәрте көз жеткіземіз және барлығы дерлік бір ауыздан төркі халықтарының басын біріктіруші, әрі оларды өз алдына ел етуші алғашқы хан ретінде танылып тек төркі тілі диолектілеріне орай әртүрлі аталғанын аңғарамыз. Айтпақшы Нәдұлұштың «Төрк/Турк» атағын иеленуі дегеніміз сөз жоқ Ұлы Ұс – Алаш яғни Қазақтың – Төрк титулын иеленгенін паш етеді.
    Оны «Қазақ түрік емес, қазақсыз түрік емес» деген ежелгі мәтел айғақтап беріп тұр. Бұл мәтелдің айтпағы мынау: Тәңірі құсы, Ұлы Ұс (құс) жоғарының, төрдің, көктің (көк пен күн бір ұғым) аспанның символы. Тек қана символы. Демек тәңірі құсы, Ұлы Ұс (құс) – нақтылы тәңір немесе аспан емес яғни қазақ (Ұлы Ұс) – төрк емес деген сөз. Бірақ, сол тәңірдің, көктің, аспанның символы тәңірі құсы Ұлы Ұсты (құсты) ұлттық киетек (тотем) етуіміздің арқасында біз жоғарының төрдің, көктің ұланы төрк – көк төрк атанып отырмыз яғни қазақсыз (Ұлы Ұссыз) – төрк емес деуіміздің сыры осында. Міне осылайша бізге Нәдұлұштың – Ұлы Ұстың «ТӨРК» атағын иеленгені анықтала түседі.
    Аталған сөйтіп Түрк Нәдұлұше
    Ол кезде жылдар өтті мыңдап неше
    Түріктен шыққан талай сайып қыран
    Жер жүзі тітіренген түрік десе – дейді Шәкәрім.
    Жалпы құс культінің өзі тәңірге, көкке табынудың белгісі екенін жоғарыда айтқанбыз. Дегенмен де Б. Қайырбековтің «Беркут – птица счастья» деген мақаласында: «Казахи чтут орла, как вестника Весны, ведь он прилетает одним из первых, в конце марта. В прежние времена в честь прилета орла устраивали той… Вестник весны, как и сама весна почитался как Возродитель, творец природы. Именно поэтому орел – солнечное божество, связанное с древнейшим культом плодородия»1 – деп жазғанын айта кеткім келіп отыр. Қысқасы ұлы даланың еркіндік сүйгіш сайыпқыран ұландары, табиғатпен үндес өмір сүруді үйлестіріп қана қоймай, өздеріне тән тұрмыс-тіршілік пен наным-сенімді де қалыптастырды. Сөйтіп әу баста көктің символы құсты киетек-тотем етіп қана қоймай, әуезді аспаптары қобыз бен домбырасын аққу мен қазға ұқсатып, үстілеріне киген сауыт киімдерін құстың кеуде жүні мен балақ жүніне ұқсатып, тақия, тымақ, сәукелесіне үкі тағып, құс етек көйлек киіп, аң – жануарларды бейнелегенде оларға қанат бітіріп қанатты барыс, қанатты бұғы, қанатты ат, қанатты киік түрінде суреттеген. Бұның бәрі де көшпелі төркілердің тәңірі текті, көктің ұландары екендіктерінің сөзсіз айғағы. Келе-келе олар таңғажайып далалық архитектура киіз үйді кіші әлем сипатында толықтай етіп жетілдірді. Сөйтіп қысы – жазы өздерімен бірге алып жүретін жылы ұясы-киіз үйдің төбесіне шуағын шашқан күн яғни шаңырақты қондырды. Бұл тәңірі болмысты, тәңірі текті төркілердің түпкі тегін айқындаушы ең басты да ең негізгі ТҮП ТЕКТІЛІК ЕЛ ТАҢБАСЫ еді. Әрбір төрктің «Шаңыраққа қара!» – деп сес көрсете, өктем сөйлейтіні де содан. Қаракөктің ұландары әрқашанда «Қара шаңырақ» – деп үлкен үйдің, түтінін түтетіп шырағын сөндірмеуге тырысқан. «Отан от басынан басталады» – дейтін халқымыз «Шырағың сөнбесін» – деп бата берген. ШЫРАҚ – ОТ / ОТ– КҮН / КҮН– ШАҢЫРАҚ. Бабалардан мирас болған ұлы дала, ұлан байтақ Еуразия кеңістігі, төркілердің алтын ұя, ақ бесігі, бізге қалған қасиетті де киелі ҚАРА ШАҢЫРАҚ.
    «Көп түрік енші алысып тарасқанда
    Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? – деуіміз де содан.
    Бүгін де дербес ел ретінде төріне ойуы өрілген, қыраны қалықтаған, шуағын шашқан, көк тәңірлі көк ту көтеріп «ер қанаты – ат» демекші қанатты пырақ пен түп тектілікті айқындаушы елдік таңба ШАҢЫРАҚТЫ елтаңба етіп береке бірлігіміз жарасқан әлем мойындаған бірегей ел болып отырмыз.

    «Жұдырықтай жүрегіммен мықшия
    Бас орнына күн көтеріп келем мен» – дейтін Тыныштықбек ақынның енді бірде
    «…Таңыра боп Шаңыра боп тұр Есің.
    «Таңыра» да, «Шаңырақ» та – бір Есім.
    Ал, ала ғой, сыйға тарттым мен саған
    Ақ бүркітті – Алғырлықтың Киесін!…» – деуі тегін емес.
    Күн – Шаңырақ – Аспан – Құс (шаңырақ күннің, құс көктің символы – көк пен күн бір ұғым). Ғалым А.Аманжоловтың «Ұс» «Ас» «Аз» – қиял ғажайып құс, тәңірі құсы, бүркіт ол – көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған көк тәңіріның бейнесі – деуі аса көргендікпен айтылған ақиқат сөз.
    Шетінен өр қайтпас қайсар ерім бар,
    Ұлан байтақ шетсіз шексіз жерім бар.
    Алаш бабам Ұлұ Ұс, үш Ұс атаған,
    Тәңірі құсы қыран текті елім бар.

    Ұс еліміз, Ұлы Ұспыз көк төрінен жаралған,
    Сол себептен тегімізге “Төркі” аты таңылған.
    Көк Төркілер, көшпелілер жер жаһанды ен жайлап,
    Күллі әлемге Туран, Иш гуз , Сақ , Қазақ боп танылған. Самат Сыпатайұлы

  2. Қазақтың сөз түбірі Аз (Әз). Бүгінгі қазақ атанған елдің түп атасы осы Әз әулие. Бүгінгі күнгі әлемдегі адамзат мәдениетінің бастау алған жері деп, бүкіл дүние жүзі елдерімен толықтай мойындалған, ең үлкен құрылық атауының Аз-ия (Аз елі ме? деген сұраққа ия, дәл солай деп жауап береді) аталып жүргенінің сыры осы. Қазақтың осы сөзін бүкіл әлем елдері қолданады. Мысалы, Индия (Үнді елі ме, иә, дәл солай), Россия (Орыс па, ия дәл солай), Белоруссия, Албания, Түркмения, Англия, Франция т. т. болып жалғасып кете береді. Ал, «Иә» өз кезегінде Қазақтың – Бекарыс – Он екі ата Байұлы-Адай-Келімберді-Мұңал-Қият руынан шығып, кейіннен Қиян, Қият, Қидан, Қыпшақ, Қимақ атанған елдің атауы. Еске алайық, Қазақтың ұлы қағаны Шыңғысханнның тегі де осы Қият руынан болатын. Бұл тұжырым дауға жатпауға тиіс. Егер де, бүгінгі ұрпақтың бұны түсінуге шамасы жетпей, дауға айналдырып жатса, оны да түсінуге болады. Себебі, әрбір адам өз санасының, яғни ақылы мен білімінің жеткен жерінің «қонағы» болмақ. Ана тілін білмейтін, сөз мағынасын ұқпайтын, оны сыйламайтын, қадір-қасиетін түсіне алмайтын, таза «мәңгүртке» айналған орыс тілді ұрпаққа қандай өкпе болуы мүмкін! Бірақ, саналарыңды тірілте алсаңдар, әлі де кеш емес…
    Әз әулие қазақтың түп атасы. Моласы Маңғыстауда. Маңғыстаулық 360 әулиенің ең біріншісі, ең ұлысы, ең ардақтысы осы Әз әулие. Сондықтан “Ол Әз әулие емес қой.”, “Ол не соншама, Әз әулие ме?”, “Тасташы әрі Әз әулие қылмай” деген сөз тіркестері Маңғыстау да күні бүгінде де қолданылады.
    Құрметті Оқырман! Еске ұстайық! Атам Қазақ та сөз түбірі (өз түбі, яғни сөздің атасы) ешқашан жаңылысып көрген емес. Жаңылыспайды да. Жаңылыстыратын болса, ол Адамның баласы емес, Дарвин айтқан “маймылдың” баласы болғаны.
    Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім
    04.03.2015 at 7:33 am

    Басында Аз (Әз) елі, кейіннен Қазақ қағанаты (ежелде Қазақ қағанатына бағынбаған ел болмаған) дүниеге келген кезде Қазақтан басқа ел (мемлекет) болмаған.
    «Қазақ» деген бір ауыз сөзге адамның да, осы сөзді ойлап тауып дүниеге әкелген елдің де барлық болмысы, мемлекеттік құрылымы: Қаз тұру, қаз басу, қаз-қаз басу, қаза болу (адам өмірі); Қазық, түп қазық (Қазақ елі бүкіл әлем елдерінің түп қазығы), Темірқазық – ұстанған бағыты (адам баласы бірігіп ел болуға тиіс. Мақал: «Жалғыз ағаш орман емес»), Қазы (мемлекеттегі әділ билік), Қази, қазырет (дін, ар, иман), Қазине (құдірет), Қазауат (мұсылман діні үшін жүргізілген қасиетті соғыс), Қазына (мемлекет мүлкі, байлығы), Қазу (елді сумен қамтамасыз ету), Қазбалау (өткен тарихқа үңілу), Қазғану (қазақ болу үшін күресу), Қазір (уақыт өлшемі), Қазан (а. Күз айы: егіннің пісіп, малдың семіріп қоймаға, қазанға түсетін мезгілі, яғни адамның да, мемлекеттің де әл-ауқаты, ішер асы; ә. Отқа шыдамды ас пісіретін ыдыс; б. ел, жұрт), Қаз-қатар (ең бірінші дүниеге келген қазақ елінің артынан қаз-қатар тізіліп өзге елдердің дүниеге келуі), Қаз-қалпында (сол алғашқы өзгермеген бейнесінде), Қазақи (қазақ үлгісі бойынша жасалған) түгел сыйып тұр. Сөз түсінген адамға бұдан асқан даналық болуы мүмкін бе?! Жер бетіндегі қай елдің атауы осындай мән-мағынаға ие бола алады?! Бүткіл жер бетінде атауы дәл осындай мағына беретін бірде-бір ел болып көрмеген, бола да алмайды.

Пікірлерге тыйым салынады.