Кедейшілік мәселесінің әлеуметтанулық аспектісі

  • 08.11.2012
  • 3144 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Кедейшілік мәселесі ерте кезден бастап қоғам алдында тұрған басты мәселе. Қоғамдық құрылысқа байланыссыз-ақ, ол кез-келген қоғамға тән болды. Саяси және әкімшілік құрыл­ғыдағы ерекшелік кедейшілікті анықтаудың түрлі дәрежесін көрсетеді. Оның кейбір жақтары барлық дерлік елдерде байқалады. Кедейшілік деп индивидтің (отбасының) қалыпты тіршілік етуін қамтамасыз ететін, нақты қажетті ресурстар саны аз болып табылатын жағдайды түсінеміз. Жалпы, «кедейшілік» ұғымын алғаш рет әлеуметтану ғылымына француз социоэкономисі Ж.Прудон енгізген. Адам өз организмінің физиологиялық мұқтаждықтарынан туындайтын, өз қажеттіліктерінің ең төменгі әлеуметтік мұқтаждықтарын қамтамасыз ете алмаса, онда мұндай тұрмыс ахуалы «абсолютті кедейшілік» деп анықталады. Ал, «салыс­тырмалы кедейшілік» дегеніміз, қоғамда белгіленген әл-ауқаттың стандартқа сай өмір сүруге материалдық мүмкіндіктері жоқ адамдар тобы жатқызылады. Одан басқа, кедейшілік адамдардың тұтынуға қажет деңгейі туралы пікірлердің негізінде бағалануы мүмкін, ондай жағдайда олар өздерін кедеймін деп санамайды. Бұл жағдайда әңгіме «субъктивті кедейшілік» туралы болады [1].
У.Уилсонның пайымы бойынша кедей­шілікті қоғам өзі тудырады. Өйткені, қалалардың орталығында жұмыс орны жеткі­ліксіз. Сондықтан, кедейлердің енжарлығы мүмкіндіктердің шектеулі болуының нәтижесі. Нарық экономикасының үстеме пайда табу заңдылығына сай, ірі өндіріс орынның иесі оның тиімділігін арттыру үшін оны шикізаты мен еңбек қоры арзан елдерге көшіреді. Табыс жоғары кезінде өндіріс кеңейтіледі. Ал, дағдарыс кезінде қызметкерлерді аяусыз қысқарта бас­тайды. Сондықтан, Еуропада жұмыссыздық 7 пайыздан 10 пайызға дейін өсті, ал Испания, Грекия мен Португалияда 15-20 пайызға жетті. Бұл ереуілдер қозғалысын күшейтті [2].
Кедейшілік мәселесі Қазақстанды 90-шы жылдардың басынан толғандыра бас­тады. Оның өткірлігі, кедейшілік нақты табыстың күрт төмендеуі мен қоғамның әлеуметтік жіктелуінің күшеюі салдарынан қоғамның әлеуметтік құрылымының өзгеруіне әсер ете бастаған сәттен бастап байқалды. Кедейшіліктің өсуі, оның үлес салмағынан да, кедейшілік санаттары бойынша да көрініс тапты. Кедейшілік деңгейінің өзгеру қарқынында оның қалыптасуының екі кезеңін бөліп көрсетуге болады. Бірінші кезең – 90-шы жылдар­дың бірінші жартысы – бұл кезде халық­тың тұрмыс деңгейінің нашарлауынан, кедейшілік ауқымының ұлғаюынан, табыстар, тұтыну, маңызды материалдық және әлеуметтік игіліктерге қолжетімділік бойынша қарастырғанда әлеуметтік ала-құлалықтың күшеюінен көрінген аса келеңсіз үрдістер байқалды. Екінші кезең – 90-шы жылдардың екінші жартысынан бастап, қазіргі кезге дейін – экономиканың нақты секторындағы оңды ілгерілеулер нәтижесінде халықтың бақуаттылығы өлшемдерінің біршама тұрақтану кезеңі.
Қазақстанда 1990-1995 жж. жылдамтылған экономикалық құлдырау байқалды, 1990 жылдың деңгейіне қарағанда 1995 жылға қарай нақты ЖІӨ 61,4пайызға дейін төмендеді, 1990 жылдардың басындағы жоғарғы инфляция 1,975 пайыз жылдық деңгейде 1994 ж өз шыңына жетті. Содан кейін, 1998 жылы 7,6 пайызға дейін және 1999 жылы 8,3 пайызға дейін төмендеді [3]. 1996 жылы ЖІӨ көлемінің төмендеуі тоқтатылды. 1997 жылдан бастап, ЖІӨ көлемі біртіндеп кө­те­ріле бастап, елімізде экономикалық өсу байқалды. 1990-1995 жылдарға дейін созылған экономиканың құлдырауы халықтың маргинализация, жұмыссыздық, кедейшілік және т.б. сияқты әлеуметтік құбылыстардың өсуіне ықпал етті. Осындай тәріздес құбылыстарды жою үшін ғалымдардың пікірінше, 10 жыл мерзім ішіндегі жыл сайынғы экономикалық өсім 5-8 пайызға жетуі керек [4].
Кедейшілік мәселесі қалай экономис­тердің, әлеуметтанушылардың және саясаттану­шылар­дың, сонымен бірге, қарапайым азамат­тардың да назарында болып келді. Бұл мәселе жөнінде көптеген пікірлер айтылып, талдап-талқылаулар жүргізілді. Біздің ойымызша кедей­шіліктің негізгі негативті салдарын көрсе­туге болады.
Бірінші, ұлт генофондының төмендеуі мен азаюы: халықтың орташа өмір сүру ұзақ­тығының азаюы, туудың төмендеуі, ха­лық денсаулығының нашарлауы, девиантты мінез-құлықтың, маскүнемдіктің және нашақорлықтың өсуі. Екінші, қылмыстың өсуі, адамдардың қауіпсіздік қауіп-қатерінің өсуі. Үшінші, әлеуметтік шиеленіс қаупінің артуы, халықтың өмір сүру деңгейімен қанағаттанбауы, наразылық акциялары (Алматы қаласындағы ай сайын өтіп отыратын зейнеткерлердің наразы­лығы, үй-жайсыз қалған адамдардың заңсыз басып алуы, адамдардың аштық жариялауы және өзін-өзі өртеу және т.б. акциялары). Сонымен, Қазақстанда кедейшілік мәселесі еліміздің қауіпсіздігіне қауіп әкелмес бұрын, кідіртпей дұрыс оңтайлы шешім қабылдауды талап етеді.
Елдегі қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың ерекшелігі ретінде, «жаңа кедейлер» деп аталатындардың пайда болғанын айтуға болады. Бұған рефор­маларға дейінгі кезеңде болған әдеттегі кедейлерден бастап, жеңіл өнеркәсіп, мәшине жасау, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет салаларында жұмыссыз қалғандар жатады. Шағын бизнес өкілдері, зейнет жасына жеткен адамдар, мектеп, жоғары оқу орындарын бітірушілер, экологиялық дағдарыс өңірле­рінде тұрып жатқан халық жоғары тәуекел аймағында қалып отыр. «Жаңа кедейшілік» ауқымы ауылдық жерлерде тұратын халықтың есебінен едәуір кеңейді. Ауыл халқының табысы қала халқының табысынан орташа алғанда 2,2 есе төмен және ауылдағы кедейшілік деңгейі едәуір жоғары. Қазіргі жағдайда өңірлік кедейшілікті ерекше бөліп көрсету керек. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін отбасылардың үлесі жоғары өңірлер ара­сында Атырау облысы оқшау тұр, онда кедейшілікте өмір сүріп жатқан халықтың үлесі 29,1%-ды құрайды (бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш), Маңғыстау – 21,0%, Жамбыл – 18,3 пайыз, Қызылорда – 26,5 пайыз, Оңтүстік Қазақстан – 23,0 пайыз. Аталған облыстарда жағдай осындай болса, республика бойынша орташа көрсеткіш – 16,1 пайыз.
Халықтың табыс деңгейі бойынша теңсіздігі еңбекке ақы төлеудегі айырма­шылық пен басқа да табыс көздерінің болуынан ғана емес, отбасында қанша жан бар екендігіне, отбасында жұмыс істейтін­дер санына, балалардың болуына қарай да қалыптасады. Асырау жүк­темесі неғұрлым жоғары болса, табыс та соғұрлым төмен болады. Үй шаруашылығы деңгейінде табысты екінші рет қайта бөлу мен отба­сылық бюджетті қалыптастыру жүріп жатыр. Атырау және Маңғыстау облыстары сияқты жоғары табысты өңірлерде отба­сындағы жандардың орташа алғандағы санының жоғары болуы, әсіресе, ауылдық жерлерде, олардағы табыс деңгейінің төмен болуына ықпал етеді және оңтүстік өңірдегі табысы төмен облыстардағы жағдайды шиеленістіріп жібереді.
Елде қазіргі кезеңде жүргізіліп отырған әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты ке­дейшілік деңгейін төмендету және қоғам­дағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайту болып табылады. Экономикалық өсу халықтың әл-ауқатын көтеру үшін негіз жасайды, бірақ, әлеуметтік проблемаларды шешу үшін мынадый шараларды қолдану қажет:
Бірінші, табыстар саласында ең төменгі әлеу­меттік кепілдіктерді қамтамасыз ету, олардың бастапқы негізі маңызды өмірлік қажеттіліктер мен қызметтердің әлеуметтік қажетті деңгейін көрсететін ең төменгі тұтыну бюджеті болуы керек. Азаматтардың төлемдерінің жаңа түрлері пайда болуда: жылжымайтын мүлік салығы, ипотекалық жүйе, міндетті сақтандырудың әртүрлі нышандары және т.б. Осының бәрі тұтыну бюджетін есеп­теудің жаңа құрылымына көшу қажеттігін алға тартады, оның үстіне байқалған экономикалық өсу жағдайында елдің осындай әлеуметтік ең төменгі деңгейді есептеуге көшуі үшін ресурстық мүмкін­діктері ұлғаюда; екінші, сала аралық және сала ішілік дең­гейде, мемлекеттік және жекеменшік секторлар арасында, сон­дай-ақ, кә­сіп­­орын ішінде жұмыс күшін қайта қалпына кел­тіру үшін бірдей жағдай­лар жасау (еңбекке ақы төлеудің ең төменгі мөл­шері рөлін күшейту, ең­бекке ақы төлеудің ең тө­менгі, орта және ең жо­ғары деңгей­лері арасын­дағы арақа­тынасты реттеу, салық салу жүйесін жетіл­діру және т.б.); үшінші, республикада орта тап­тың қалыптасуы жө­нін­дегі саясатты қалып­тастыру мен жүзеге асыру. Осы мақсатта халықтың табыстарын түбегейлі көтерумен бірге жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті қол­дау, білім беру техноло­гияларын дамыту, жинақ ақшаның, меншіктің қорғалуына кепілдікті күшейту және т.б. жөніндегі шаралар қажет; төртінші, ауылдағы еңбекпен қамтылу құры­лымының индустриялық еңбектің үлесін ұлғайту жағына қарай оңтай­ландыру қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ж.Тулеев. Қазақстандағы кедейшілік және кедейлердің әлеуметтік құрылымы. Ұлт тағылымы №3. 2008. 318 б.
2. Ш.Қарабаев. Әлеуметтік теңсіздік пен кедейшіліктің әлеуметтік-саяси және әлеуметтік-рухани салдарлары. Ізденіс № 3. 2011 ж. 130 б.
3. Цели ООН в области развития на пороге тысячелетия в Казахстане 2002. – Алматы: Taimas Print House, 2002.
4. Мустафаев Н.И. Социально-демогра­фические процессы в Казахстане: 1990–2000 гг. // Саясат. – №10-11. – 2001

Жанат Саурықова,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің Әлеуметтік жұмыс мамандығының
2 курс магистранты

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!