ОТАРШЫЛДЫҚҚА ҚАРСЫЛЫҚ ПОЭЗИЯСЫ ЖӘНЕ МЕНТАЛЬДІЛІК МӘСЕЛЕСІ

  • 08.11.2012
  • 2453 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Ұлттық ұстын, ұлттық мұрат қай кезде де әдебиеттің алтын арқауы болып келгені баршаға мәлім. Біздің әдебиетіміздің де басты белгісі осыдан көрінеді. Әсіресе, бұл руханият тарихынан бағасын алған отаршылдыққа қарсылық поэзиясынан айқын байқалды. Жыраулық дәстүрден нәр алған бұл құдіретті өлең-жырлар – «басы барды идірген, тізесі барды бүктірген» ұлттық менталитетіміздің жемісі. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда-ақ, оның бағасы нақты берілген. Көрнекті жазушымыз Мұхтар Мағауин 1992 жылы Анкарада өткен Түрік дүниесі жазушыларының құрылтайында былай деп мәлімдеді: «Қазақтар XIX ғасырда және XX ғасырдың бас кезінде отаршылдыққа қарсы күрес сарынына құрылған ұлы әдебиет жасады. Отарлық езгі, құлдықтағы халықтың азаттық үшін күресі – әлемдік мәселе десек, Ресей өктемдігіне қарсы бағытталған, «Зар заман» аталатын әдеби ағым – тек түрік дүниесі ғана емес, бүкіл әлемдік дәрежедегі құбылыс болды» (1, 161-162).
Бұл тек біздің елдің әдебиетінен ғана орын алған ағым емес. Отаршылық дәуірді бастан өткерген бірқатар халықтың әдебиетінде осы сарындас өлең-жырлар жетіп артылады. Көрші қырғыздарда тіпті айқын байқалатын бұл ұқсастықты үрдісі мен үлгісі бөлек, тым алыста қоныс тепкен кейбір халықтардың шығармаларынан да көре аламыз. Өктемдікті мүлде мойындағысы келмеген қарсылық жырларының сипаты негізінен біркелкі болып келеді. Бірақ, әрбір ұлттың бір-бірінен айырмашылығы болатыны секілді қазақтың қарсылық поэзиясы да өзінің ұлттық ментальділік белгілерімен ерекшеленеді.
Барлық елдердің ұлттық отаршылдыққа қарсылықтан туған өлең-жырларында күрескерлік рух, тізе бүкпеуге үндеу, басқыншыларға өшпенділікті байқату, олардың жексұрын бейнесін кейіптеу сарындары көрініс тапқан. Қазақ әдебиетіндегі қарсылық поэзиясында осының бәрі көшпенді өмір салтының аясында суреттеледі. Ұлт ақындары билеп-төстеушілерге қазақтың бағзы заманнан қалыптасқан қаймағы бұзылмаған жарасымды болмысын қарсы қояды. Сорақы саясаттың салдарынан қазақы ұғымға көрік беріп тұрған құндылықтардың кетеуі кеткеніне налиды.
Ұлт менталитеті – отаршылыққа қарсы жырлардың негізгі ұстыны. Басқыншылар елді ойрандап, езгіге ұшыратқан тұста поэзиямызда ұлттық иммунитет бой көтерді. Ол елдің барлық бөлігін қамтыған жаппай қарсылық жырларына қозғау салды. Бір-бірін өмірінде көрмеген ақындар бір уақытта, бірдей сарынмен үн қатты. Сол арқылы қазақ позиясында отаршылдық дәуірдегі қазақ ұлтының қасіретнамасы жасалды.
Бұл шығармалар біздің ұлттық бет-әлпе­тімізді айқын танытады. Әдепкіде ешкімді жа­тыр­қамайтын, кім-кімді де басқа шауып, төске өрлегенше аяғынан тартпайтын жайбарақат мінезіміз, билеушілерді бауырымыздай көріп, қолтығына тығылып, пана көретін бейқамдығымыз, әбден тамырымызға балта шабылған кезде, аяқ астынан аттандап шыға келетін алашапқындығымыз, өзегімізді өртке шалдырған соң жылап-сықтайтынымыз, егіліп-езілетініміз осы өлең-жырлардың өн бойынан анық аңғарылады. Тіпті, бір-біріне етене жақын туыс халық­тардың осы тақілеттес жырларының өзіндік өзгешелігі болады. Мысалы, қазақтың «зар заман» ағымынан кеңпейілдіктің, қырғыздың «замана» ағымынан (олардың әдеби ағымы осылай аталады) кекшілдіктің, қарақалпақтың осыған ұқсас өлеңдерінен шарасыздықтың белгілері байқалады. Бірақ бәрінің өзегінде де отаршылдыққа деген өшпенділік, ешкімге бас игенді қаламайтын ұлттық ұстаным атойлап тұрады. Осындай бұғауға бағынбаған жырлар туралы зерттеулер өз елімізде жариялана бермейтін уақытта, қазақтың қарсылық поэзиясы туралы еңбектер сырт елдерде басылған кезі болды. Кейде зерттеу, кейде хрестоматия түрінде танымдық мақсатпен ұсынылғанымен бұл жарияланымдардан қазақ ұлтының үні естілді. Сол тұстағы саясаттың ыңғайына қарай орайластырылды десек те, қалың жұртшылық біздің ұлттық болмысымыз жөнінде хабардар болды.
Мысалы, 1958 жылы АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатындағы Дьюк университеті Томас Густав Виннердің «Орталық Азия қазақтарының сөз өнері мен әдебиеті» атты кітабын бастырып шығарды. Винердің еңбегі ауыз әдебиеті нұсқаларынан бастап қазақ әдебиетінің елуінші жылдарға дейінгі кезеңін қамтиды. Кітабының алғы сөзінде ғалымның өзі: «Айналымға қосылатын барлық түпнұсқа туындылар мұқият тексерілді, бірақ, осы еңбек жазылып жатқан тұста Кеңестер Одағының өзінде жан-жақты зерттеу жүргізуге мүмкіншілік болған жоқ. Сол себепті менің қазақ әдебиеті мен сөз өнерінің эстетикалық құндылықтары туралы қандай да болсын кесімді пікір айта аламын деген ойым жоқ. Одан гөрі мен әлеуметтік көзқарасқа ден қойдым» (2, 98), – деп атап көрсетеді.
Автор зар заман дәуірі («Time of Lament») ақындарының санатында Шортанбай мен Мұратты атайды. Базар, Әбубәкір және Ақан серінің шығармаларын да осы сарынмен байланыстырады. Виннер зерттеуінде, әсіресе алдыңғы екі ақынның ағылшын тіліне аударылған өлең текстері біршама талданған. Шортанбайдың «Зар заман» («Time of Lament») және «Алдаушы жалған» («Faithless Lying»), Мұраттың «Үш қиян» («Three Epochs») толғаулары орыс тіліндегі аудармасы арқылы ағылшыншаға тәржімаланған. Сонда Шортанбайдың «Сауып ішер сүті жоқ, Мініп көрер күші жоқ, Ақша деген мал шықтысының» АҚШ-та басылған оқулықтағы нұсқасы былай болады:
Instead of herds, money. From such cattle
Yow can obtain no milk.
How can one put a saddle on it?
Бұл, әрине, түпнұсқаның бар бояуын сақтаған аударма емес. Автордың өзі айтқандай, әлеуметтік көзқарасты таныту мақсаты ғана алға қойылған секілді. Сондықтан, ол «Үш қиянды» талдай отырып, «Мұрат тығырықтан шығар жол іздеп, «замананы қалай жөнге келтіреміз?» деген, сауалға жауап таппай қиналды» (2, 98), – деп, қазақ әдебиетінде әлденеше рет айтылған дәстүрлі қорытындыға келеді. Ең бастысы, Т.Виннер зар заман әдебиетінің табиғатын таниды, әлеуметтік-тарихи себептеріне үңіледі, халық тағдырымен тамырластығына назар аударады. Бұл зерттеу осынысымен де құнды.
Ал, 1940 жылы Мәскеуде жарық көрген «Песни степей» атты қазақ поэзиясының антоло­гиясына (құрастырған Л.Соболев) зар заман поэзиясының бірқатар үлгілері енгізілді. Кітап төрт тарауға бөлінген: хан сарайы маңындағы ақындар (Бұқар, Нысанбай, Досқожа), көтеріліс дәуірі поэзиясы (Ығылман, Махамбет, Шернияз), зар заман («эпоха скорби») ақындары (Шортанбай, Мұрат), XIX ғасырдағы жазба әдебиеті (Ыбырай, Шәңгерей, Абай, Жүсіп, Нұржан). Жинақты құрастырушы Леонид Соболевтің: «Екі жақты езгіге ұшырап, өз жұртының қалталылары мен патша отарлаушыларынан қорлық көрген қазақ халқының қайғысы «зар заман» ақындары – Шортанбай мен Мұраттың өлеңдерінде көрініс тапты» (3, 7-8), – деген пікірі күні бүгін де құнын жоғалта қойған жоқ.
Сондай-ақ, 1978 жылы зар заман поэзиясы өкілдерінің (Дулат, Шортанбай, Мұрат) өлеңдері М.Мағауиннің құрастыруымен «Советский писатель» баспасының Ленинград бөлімшесінен орыс тілінде жарық көрді. Бір айта кетерлік нәрсе, бұл жинаққа айтулы ақындардың азулы жырлары енгізілді. «Поэты Казахстана» кітабының құн­дылығы – отаршылдықты сынаған, өз жерімізде қырағы көздер мүлт жібермейтін өршіл өлеңдердің Ресейде жариялағандығында. Жинақтың алғы сөзінде, бұл ақындардың айналада болып жаткан құбылыстарға, тарихи ахуалдың шұғыл өзгерістеріне тосырқай әрі шошына қарап, қазақтың өткен өмірін идеал тұтқаны туралы айтылды. Сонымен қатар, «Дулат, Шортанбай, Мұрат ақындар айрықша өкілдері саналатын «Зар заман» («Эпоха скорби») әдеби ағымы осылай пайда болды» (4, 29-30), – деген түйін жасалды.
Осыған орай, былайша ой қорытуға болады. Өзінің болмысын жоюға бағытталған күшке қарсылық танытатын ұлт поэзиясының үні ешқашан өшпек емес. Оның өктемдік ошағында да айқын көрініс тапқанына жоғарыдағы мысалдар дәлел. Қалыпты поэзияға да арқау болып жүрген ұлттық ментальділіктің белгілері мұндай өлең-жырларда көбірек байқалатыны – дау тудырмайтын ақиқат. Бұл – біздің талайғы тарихымыздың, талайлы тағдырымыздың, ұлттық ұстынымыздың бөлінбес бөлшегі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Мағауин М. Ұлттың күре тамыры. //Жұлдыз, 1994, № 10-12.
2.Thomas G. Winner. The oral art and literature of the Kazakhs of Russian Central Asia. Duke university press, 1958. – 270 p.
3. Песни степей. Антология казахской литературы. М.: Художественная литература, 1940. – 588 с.
4. Поэты Казахстана. Л.: Советский писатель, 1978.-608 с.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат