ҚҰЛДЫҚ САНАДАН ҰЛТТЫҚ САНАҒА

  • 08.11.2012
  • 1356 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Елсерік Әбдірешұлы,
саясаттанушы

Ел егемен болғалы ұлтшылдық ұранды даңғазадан арыға аспағандай әсер бар. Нәтиже соған меңзейді: қазақтың аграрлық ахуалдан индустриалдық үдеріске бейімделуі ақсап жатыр (кезінде кеңес өкіметі қазақ жұртын қалаға шоғырландыруға шектеу қойғаны белгілі), тіл мәселесі қордаланды, діни тұтастық шұбарлана түсті, әлеуметтік мешеулік қазақы мазмұнға айналды т.т.
Әрине, аталмыш жайт бір мақаланың аясына бағынбайды, десек те, «Ұлттың мүд­десін қорғауға тиісті ұлтшылдық мұндай жағдайда басты «ойыншы» болмауға тиіс емес пе еді?» деген сауал көбірек алаңдатады. Егер, биліктің өз қызығы, бизнестің өз мүд­десі, өзге топтардың төл ісі мен міндеті бар десек, ұлтшылдардың миссиясы қайда? Қазақ ұлтшылдығы болса, қандай деңгейде болғаны? Бұл сауалдарға жауап іздегенде, амал жоқ ойымыз ұлтшылдықтың өзі құлдық деңгейде болғандай әсерде қаламыз. Ойымызға «құлдық сана» тіркесі орала береді.
Құлдық сана – біздің кешегі отарлық дәуірімізді әйгілейтін емес, ең әуелі қалыптасқан жағдайды өз пайдамызға жаратуға ықпал жасайтындай сананың жоқтығы. Сана болса, қауқар табылар еді.Бұл – ұлттық субъективтік емес, объективтік ахуалдың нәтижесі: ұлт постиндустриалдық (қалалық) үдерісті бастан кешіп үлгермеді, қоғамдық формация мен экономикалық формат жедел құбылды, қалыптасқан рухани-мәдени құндылық тәрк етілді; сөйтіп, жиырма жыл бойы ұлтымыз үдеген үдеріске ілесе алмай, егемен болу сезімімен алдануға тура келді. Бұдан да басты себеп: ұлттық элитаның құлдық ахуалды бастан кешуі еді.
Құлдық санаға не тән? Бастысы – қордаланған мәселелерді шешуге ұлттық деңгейде жұмыла алмау, қауқарсыздықтан сөз жүзіндегі бастамадан басқаға қабілет таныта алмау, мәселені шешуге біріге алмау, шешім қабылдау қабілетінің жоқтығы.Құлдық санаға тән тағы бір белгі – ұғымның деформацияға ұшырауы. Сол себепті де, қазақ қоғамы ұлттық элитаның бірігуін жиналыс ашу, құрылтай шақыру, ұйым құру секілді бірмәртелік шаралармен шатастырып келеді. Сондықтан да, қанша жиналыс өтсе де, ұйымдар мен қозғалыстар құрылса да, құрылтайлар болса да, ұлттық мәселені шешуге қадам жасалмай келеді.
Десек те, қазақ қоғамы құлдық санадан ұлттық санаға өту дәуірін бастан кешуде. Оған нақты дәйек ретінде Халық ассамблеясы бастаған дүмбілез «Ел бірлігі» доктринасының ұлт мүддесіне бағындырылуын атауға болады. Бұл үдеріс жоғарыда аталған ұлттық сананың салтанат құру жайттарын дүниеге әкелді. Бұқара үзілді-кесілді қарсылық білдірді, билік санасуға мәжбүр болды, элиталық топ құжатты әзірлеуге белсенділік пен қабілет танытты. Нәтиже – белгілі! Бұл шағын ғана үдеріс ұлттық сананың салтанатын әйгіледі: біржақты бұқаралық қарсылық – аталған бірмәртелік шаралар емес, акция болатын; биліктің бұқарамен санасуы – ұлттық мүддені айқын көксеген күшті мойындау, ал құжатты әзірлеуге халық атынан қатысқан интеллектуалдық топ ұлт тарапынан қабыл­данған шешімді жүзеге асырды. Ұлт­тық бірігу дегеніміз – осындай күрделі үдеріс! Бірақ, бұл стихиялы түрде туындаған жағдайды ұлт пайдасына жаратудың жанкешті көрініс беруі мен ахуалдың сәтті бітуі ғана. Жалпы, қоғамдық үдерісті тұрақты түрде қолға алып, оны ұлт пайдасына жаратудың қауқарлы құралы мен жолы бар ма?
Бар! Ол – ұлттық сананың салтанаты. Ол – бұқараның өзін элитаның қорғауына сенімді болуы, ал, элитаның билікке ықпал ету тактикасын таңдап, қолға алуы мен өз күшіне өзінің мығым болуы. Нәтижесінде – ұлттық сана салтанат құрған нәтиже қолда. Ендеше, неге осындай ұлтшылдық үдеріс орын алмай отыр? Себебі, бұқара сенетіндей жаңа жағдайға төселген элита қалыптаспай отыр. Элитаның рөлін орындайтын жекелеген азаматтар мен жекелеген істер бар, бірақ, ол тиянақты да ықпалды сипат ала алмауда. Кәзіргі кезде, әлеуметтік жағдай қысқан бұқара өз мүддесін талап етуге дайын. Ал, оны қорғайтын элита дайын емес. Нәтижесінде бала-шаға элитаның рөлін орындауға шығып, ауық-ауық қозғалыс құрған болады, онысы бір отырыстан арыға аспай жүр.
Не істеу керек?
Әуелі, элиталық аз ғана топқа Ұлттық мүддені қорғау мен билікке оппозиция болуды шатастырмау керек.Элитаға оппозициялық күш болып қажет емес, бірақ, ұлт мүддесі жолында ықпалды күшке айналуға әбден болады. Ықпалды күш дегеніміз – билікті иттің етінен жек көру де емес, жылқының етіндей жақсы көру де емес! Ең әуелі, билікке басты изей отырып, ұлттың мүддесін қорғау мен бұқараның дегенін сауатты да тиянақты орындату. Осындай әрекет жүйелене келе билік пен элитаның сыбайластығы емес, серіктестігі орнайды, одан әрі қоғамда саяси сыпайы ықпал ету тетігі пайда бола бастайды. Осының дағдыға айналып, ереже орнықтыруы – демократия!
Биліктің қазақ ұлтының мүддесін қанағаттандырмауы, кәзіргі кезде қоғамдағы оппозициялық көзқарас пен ұлтшылдық арасына теңдік таңбасын қойғызып отыр. Қызық жері, Қазақстандағы демократия әуелі қазақ ұлтының мүддесін қанағаттандыру жолдарының ашылуымен қатар орнығуы әбден ықтимал. Себебі, салыстырмалы түрде алғанда, елдегі сан алуан әлеуметтік топ мүддесі түрлі дәрежеде қорғалған да, қазақы ұлттық мүдде қорғалмаған. Бұл – елдегі демократиялық тактиканы талап ететін осал тақырып.
Элита дегеніміздің өзі – қоғамның билікке ықпал ететін саяси және зияткер алдыңғы легі. Біздің қоғам элита мен билікке қырсыққандар тобын шатастырып жүр. Сол себепті де, Ақордаға кіріп шыққан зиялы адамды күйеуге құдаласпай қашып кеткен қыздай көреді.Күйеуге шыққан талай әйелдің өз төркінінің мәселесін шешіп отырғанын елемейді. Сөйтіп, аз ғана топ өзара тәжікелесіп, аз ресурсты итыр­қылжыңмен тауысып, ұлтшылдардың бұқараға жаманатты болып жүрген сыңайы бар.
Элита ретінде атағы бар, қоғамға белгілі кісіден гөрі, соңына жұрт ерте алатын, алдына нақты мақсат қойып, билікті бұқараға иліктіре алатындар жоқ та емес, көп те емес. Соның бірі – Зәуреш Батталова. Егер де Зәкең секілді елімізде бес адам болса, қоғамды өзгертуге алғышарт жасауға молынан жетер еді.Ол кісі – мәселенің түбіне көз жеткізе алатын және билікті иліктіре отырып, шешу жолына барынша тиімді шаралар тізбегін жасайтын аса тактикашыл саясатшы.Өз ұстанымын да қорғайды, әлеуметтік тобының мүддесін де жолда қалдырмайды.
Оның есесіне элита болып көрінуге тырысып, бола алмай жүргендер жеткілікті. Оларға не тән? Олар басты мақсат етіп өздерін лидер (жетекші басты адам) көрсетуге тырысады және сол үшін төрге таласады, жан алысып, жан беріседі, яғни, әу баста нақты саяси мақсат қоймайды, попкулизммен (атышулылықпен) ауыратынын өзі де білмейді. Сөйтіп, жұртты да, өзін де әурелеп, өз мұраты далада қалып, абыройы тоналып жатады. Қысқасы, айқын мақсат, оған жету жолдары мен тәсілдері, қолда бар ресурс қор – алты қырдың арғы жағына жеткізер қоғамдық лидерге қажетті нәселер. Көбіне жарқ етіп көрініп, жылт етіп сөніп жүргендер – өз ісімен де, артына ерген жұртпен де санаспайтын кертартпалар. Сондықтан да, олардың шаруасы бір «құрылтайдың» деңгейімен бітіп жатады. Ал, жұрт кімге сенерін білмей, кезекті алдаудың арбауына түскендей күй кешеді. Сөйтіп, «мәселе тиелген» қазақтың арбасы ауылдан ұзамастан ауып қалады.
Сайып келгенде, қазақтың саяси көшін түзуге шынайы лидер қажет болмаса нақты мақсатқа жұмылып, ұлттық мүддені мұрат еткен топ керек. Алайда, саяси партия мен қоғамдық қозғалысты шатыстыруға тағы болмайды. Біріншісіне аталған лидер мен топтан басқа, мол қаржы мен ресурс, білікті саяси технологтар қажет. Сонымен, ұлтшыл мүдде аяққа тапталмау үшін, сол мүддені субъект ете алатындай ұлттық сана керек. Тек сол сананы меңгергендерде ғана ұлттық мүдде үшін жанкештілік пен ықпалдылық танытып, бірігу әлеуеттілігін көрсетеді. Бұған қоса, құлдық санада ұлттық мүддені қоршаған ортамен қатынаста шешу түйсігі болмайды, жалаң ұлтшылдық ұраны ғана болады. Ал, ұлттық санада ұлттық мүддені мемлекеттік мүддемен астастыра отырып шешу ниеті мен жолдарын табу қабілеті бар. Демек, бұған дейінгі ұлтшылдық деп жүргеніміздің өзі – құлдық сананың сарсаңы ғана!
Ұлттық – саналы ұлтшылдық ұлттың мүддесін қоршаған ортамен санаса отырып, мемлекеттік деңгейде шеше алатындай қабілет. Бұл қабілет біршама үдерістер мен уақыттың жемісі.Біздің байқауымызша, сол жемістің пісетін уақыты келген сықылды.Абзалы, мұндай деңгейдегі ұлтшылдық қоғамдағы белгілі бір экономикалық көріністің де нәтижесі екенін ұмытпағанымыз жөн. Орта табы орнықпаған ұлттың санасы да пәс әрі қауқарсыз. Сон­дықтан, орта тапты нығайтуға мемлекет қана емес, алдымен ұлттық элита мүдделі болып, сол үшін барын салғаны абзал.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!