• Заманхат
  • 20 Наурыз, 2019

ТҰСАУ САЛАР КЕЗ ЖЕТТІ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, ҚР Журналистер одағының мүшесі

Біздің бала күнімізде көкелеріміз жеңгелерімізді атқа өңгеріп немесе трактордың тар кабинасына екі бүктеп тығып та топырлатып әкеле беруші еді. Үйге бір әкеліп енгізген соң көкеміздің ештеңемен шаруасы жоқ, бірнәрсені тындырып тастағандай шіреніп «мен әкелуін әкелдім, ендігісі сіздердің міндеттеріңіз» дегендей, маңғаз қалып танытып, екі қолын қалтасына салып шікірейіп, шіреніп тұратын. Мұнан соң ауыл-аумақтағы кемпір-сампырларға кәдімгідей жұмыс табылып қалады. Жаңа ғана босаға аттаған келінге орамал жабу, оны үйге адыраспан түтетіп, табаға май салдырып, оң аяғымен аттату, ақ шымылдық ішіне кіргізу, қуғыншыларға бөлек дастархан әзірлету, қыз сыңси бастаса «ата-бабалар салтын» көлденең тарту, өзінің дебір кездері осылай келгенін айтып, жап-жақсы өсіп-өнгенін тәптіштеп түсіндіру, иландыру – өз алдына бір институт болатын. Қыз әуелгіде орамал салдырмай әлекке салады, содан кемпірлерді өлімші күйге түсіріп барып «амалсыз» көнеді. Осыны көріп өскен біз «е, үйлену деген осындай екен ғой» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, бұл екі жастың амалсыздан барған әрекеті екен-ау. «Қалыңмал» төлеуге шамасы жоқ. Сондықтан, әуелі бірін-бірі ұнатқан соң қыз келісіп, соңынан екі жақ кездесіп, осындай амалға барады. Сосын, «қашып кеткен қыздың» соңынан қуғыншылар барады. Босаға аттап қойған қызды кері алып қайту дәстүрде болмағандықтан әрі жаман ырым екені ескеріліп, екі жақ дау-дамайсыз құда болып, құшақтары әзер ажырасып тарайды. Бірақ, бұл бара-бара қызды зорлықпен, еркінен тыс алып қашатын жалпы бұқаралық сипатқа ие болды. Өзі қаламайтын жігітке барған қыз «басқа салды, біз көндік» деп барған жерінде сыңсуын айтып қала беретін. Ал, біреулері «босаға аттаған» деген соңынан ерер сыпсың сөздерден сескенетін. Тағы бірі босағада көлденең жатып алған кемпір-көпірден аттап өте алмай, амалсыз қалып қоятын. Алайда, осы «ата дәстүрден» аттап кете алмау көп келіннің басына сор болып та жабысты. Жұбайлық өмірде бір-бірімен тіл табыса алмай, талай ошақтың ойраны шықты. «Қыз алып қашу» бүгін де бар. Осы ретте мына бір оқиға еріксіз ойға оралады. Төрт-бес жігіт қызды жансыздай аңдып, оңаша бір қалтарыста көліктеріне еріксіз мінгізіп тартып кетпейді ме. Сөйтсе, әлгі қыз байбалам салып жұлқынбапты да, басына бұғалық салынса бұлқынбапты да. Жымиып қойып «Құдай салды, біз көндік» деп үн-түнсіз отыра беріпті. Не керек, оны алып қашып келгендер үйге зорлықпен кіргізіпті. Әбжіл кемпір де келіннің басына орамал салуға дайын тұр екен. Басына орамал салына бергенде жаңағы қыз сыңғырлап күліп: – Менің басыма осымен екінші рет орамал салынып жатыр. Ойпырмай, не деген бейқам жұрт едіңіздер. Осы әкелгеніміз «қыз ба, әйел ме» деп ешқайсысыңыз сұрамайсыздар-ау,- депті. Бұдан соң не айтуға болады? «Келінді кері апарып тастауға мәжбүрленгендер жердің үстімен барып, астымен қайтыпты. Біріншіден, олар ауыл-аймаққа күлкі болды. Екіншіден, келін жақтың күйеуі «жігітсымақтардың тұмсығына жұдырық иіскетіпті» деседі. Үшіншіден, іс заң қызметкерлерінің құлағына іліккенде, біраз адам сотталып кетер ме еді? Осы жерде дәстүрге байланысты тағы бір жәйт еске түседі. Бұрын қыздарымыз тұрмысқа шыққанға дейін басына қызыл орамал салып жүруші еді. Қазір осы дәстүр ұмытылды. Тіпті, мұны біреулер ескірген, көнерген дәстүрлер санатына қосып жүр. Егер, жоғарыдағы келіншек басына жаулық салып, ұзын етек көйлек кисе, «ұрылар» оны сырт айналып жүрмес пе еді? Әйтпесе, бүгінде қызы қайсы, келіншегі қайсы ажыратып болмайды. Иә, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Ал, осы озық пен тозықты ақсақалдар, әжелер, ата-аналар кеңестері жұртшылыққа қаншалықты деңгейде түсіндіріп жүр? Бізде атауларынан жаңылысатын көптеген ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты семинарлар, сырласу сағаттары өтіп тұрады. Солардың ішінен біз қозғаған мәселеге байланысты қандай шара өткенін есіме түсіре алмай-ақ тұрғаным. Егер, тиісті қоғамдық ұйымдар осындай тақырыптарға семинарлар, кездесулер өткізіп,олары оң нәтиже беріп жатса, кешірім сұрауға дайынмын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді» деп атап көрсетті. Ендеше, тозығы жеткен әдеп-ғұрыптар мен дәстүрге тұсау салатын кез де жетті емес пе?

КӨКЖАЛ ҚАЗАҚ КҮНШІЛ МЕ?

Қазақ «көкбөрілерден тараймыз» деген аңыз-әпсанаға сенеді. Содан да, бәрінің көкжал болғысы келеді. Бірақ, бәрі бірдей көкжал бола ала ма? Көкбөрінің тұқымы болғандықтан ба, қазақ итті жеті қазынаның біріне жатқызады. Тұрмыс-тіршілігі, әдеп-ғұрпы да сол итпен біте қайнасып кеткен. Үлкендер құрдастарының ісіне сүйсінгенде немесе әлдебір мінезіне күйінгенде «әй, ит-ай!» дейді. Негізі осы «ит-айда» неше түрлі мазмұн-мағына бар. Сол үлкендер кішілерді еркелеткенде «ой, күшік!» дейтінін қайтерсіз. Бір қызығы, есіміңізді итке теңеп сүйсініп жатса да, кейіп жатса да ешкім ренжімейді. Сонда, біздің көкбөріден тарағанымыз рас-ау деп те ойланасыз. Бірақ, біз сол бастапқы көкбөрі күйімізде неге ақазу болып қалмағанбыз? Неге «итке» айналып кеткенбіз? Бүгінгі жауабы жұмбақтау әрі қиын сұрақтың бірі осы секілді. Мұны Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақиық ақын Ғалым Жайлыбай досым былай суреттейді: Иттің де білсең, жолы айқын, Бойына біткен сай қару. Ойланып тұрсам, оңай тым, Адамнан итке айналу. Әрине, оңайлатып жүрген өзіміз Иттігімізбен. Қазір ғой үндемей келіп балақтан тартатын иттер көбейді. Ит болған соң сүйтеді де. Әйтпесе, әуелі әупілдеп үріп, сақтандырып барып ырылдап келіп қаппас па? «Мына пәле қабады-ау осы» деп сақтанасыз ғой. Жоқ, үрмейді. Жүрісінің сыбдырын білдірмей келіп ту сыртыңнан ала түседі. Бітті. Құрыған жерің осы. Заты ит болғаннан соң оған ұрыса алмайсыз. Қарғай да алмайсыз. Құтырған ит болса амал жоқ енді... Онда да иесі рұқсат берсе. «Бөрінің Тәңірі болса, иттің иесі бар». Бұл да дұрыс. Сол балақтан қапқыш, айтаққа ергіш иттерді де біреулер желеп-жебеп жүр. Сосын олар үреді. Қаптырған адам шалқалай құласа айтақтаған топ артын ашып күледі. Мақал тапқыш қазақ «Қызғаныш деген – қызыл ит» деп мұртын шиырады. Сол қызғаныштың тасасында іштарлық, ішмерездік, күншілдік пен кекшілдік бұғып жатады. Қазақтың түбіне жететін де осы жаман қасиеттер. Қарап тұрсақ, адамгершілігімізден иттігіміз көп сыңайлы. Кісілік қасиет жоғалып барады. Сондықтан да, шығар-ау, тарлан талант Асқар Сүлейменовтің «Кісілігін жоғалтпаса жауыңның қайсыбір иттігін де кешіруге болады» дейтіні. Ит жылы да тарих сахнасынан сырғып қалатын уақыт тым жақын. Осы жылға иттігімізді тастап кетсек қайтеді?..

Масақбай мамандығын неге ауыстырды?

«Тық» десең тауыққа тиеді» демекші, қазақ десек өзімізге тиеді, бойымызда жатыпішер жалқаулық, немкетті немқұрайлылық, жымысқы жайбасарлық дерті әлі де бар. Бұл айықпас, созылмалы дерттің шипасы бар болып шықты. Осы «ішірткінің» құпиясын ашқалы отырмыз. Енді мұны ғасыр сенсациясы десек, бәлкім, қателеспейтін де шығармыз. Масақбай да осы түп аталарынан қалған дертті арқалап, болдырып, өн бойының әл-дәрмені құрып, қарт адамдай қалжырап жүретін жандардың алдыңғы қатарынан еді. Бірде оның үйіне досы әрі құрдасы Болатбек келді. Оның 30 гектар егістік жері бар. «Игере алмай жатырмын, ақыры бос жатқан жер ғой, бір шетіне көкөніс егіп алсаңшы. Балаларыңа азық болады ғой» деді құрдасы. Ұйқыбастау Масақбай әуелі досының бұл сөзін сайқымазақтыққа жорыды. «Жер жарылқаса өзі байи бермей ме?» деп қыңырайды. Бірақ, Болатбек егістікке судың келіп тұрғанын, қауын-қарбыз, картоп, қияр, қызанақ, пияз егіп алғаны үшін одан ешкім де көк тиын сұрамайтынын айтып отырып алды. «Жер менікі. Үкіметке тиісті салықты өзім төлеймін» деп көрді. «Несі бар, ермек болсын. Түк шықпаса нем кетеді? Екі-үш жиекті айналдырып көрейін» деп ойлаған Масақбай қолына күміс кетпен мен үшкір күрек ұстап егістік басына келді. Егін айырқұлақтанып көріне бастағанда Масақбайда төзім қалмады. Енді оның көз алдына қауын-қарбыз жеп, әкесінің қамқорлығына риза болып отырған балалары келді. Осылай, тәтті қиялының шуағына бөленіп жүргенде егін жайқалып өсіп кеп берді. Егінжайын балапандай баптады. Арам шөбін отады, суарды, топырағын қопсытты, жатпады. Қоңыраулатып қоңыр күз келіп жетті. Өнім тау болып үйіліп қалды. Өйткені, жер тың еді. Үй ішіне ғана жеткілікті өнім алуды жоспарлаған Масақбай «мынаның бәрін не істеймін?» деп айран-асыр болды. Досы Болатбек бұл жолы да көмекке келді. Біразын базар апарып сатты. Қалған бөлігін ағайын-туысқа қылдай етіп бөліп берді. Масақбай еңбек еткеннің еңсесі биік екенін, қара жердің қарыз арқаламайтынын енді жақсы біледі. Бүгіннен кетпен-күрегін, соқа-сайманын, басқа да керек жабдығын сайлап, егіншілікпен түпкілікті айналысуға тастүйін бекініп отыр. Енді жергілікті атқарушы билік оның талабына тас лақтырмай, сұраған жер учаскесін берсе болғаны. Қазақстан Республикасының Пре-зиденті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ-стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады» деп атап көрсетті. Осы сөз Масақбайдың көңілінен шықты. Енді ол мамандығын ауыстырмақ. Егіншілікке бет бұрмақ. Адам жаны қанша жерден медицина, психология ғылымдары дамыды дегенмен, жұмбақ жаратылыс. Тегі, еткен еңбектің, төккен тердің өтеуіндей, адам баласын күрт өзгертетін құдіретті күш еш жерде жоқ-ау! Ендеше, еңсені биіктетер, жұтатпайтын, жұтамайтын, адами болмысымызды қалыптастырар ең ұлық Ұстаз – Еңбекке табынайық!

САРАҢДЫҚ, СҰРАМПАЗДЫҚ СОҢЫ – СОР

Біздің бала кезімізде үй-үйді аралап қайыр сұрап жүретін кезбелер көп болушы еді. Олар әр аулаға кіргенде «Алла!» деп дауыстарын әндете созып, артынша Құран сүрелерінен үзінді оқып, отбасыңызға құт-береке тілейді. Осындайда, шешем байғұс үйден қолына іліккенін алып шығып береді. Кейде біздің қолымызға тие бермейтін тәттілер, үнді шайы да ұзатылған қыздай мөлдіреп кетіп бара жатады. Көзіміз қимай, жәутеңдеп қарағаныңмен қайтпайды. Шешеміз талай рет бізді тиып тастаған. – Қайбір жетісіп жүр дейсің, мүсәпірлер,-деуші еді олар кеткеннен соң. Ал, көршіміз Мешітбай қария қайыршы келсе-ақ болды, міндетті түрде үйіне қондырады. Бұл кісінің сондай қайырымды екенін бір-біріне айта жүреді ме, кім білсін, әлгілер қас қарая осы үйге тұмсық тіреп тұрады. Қазір ғой, оларды «қайыршы» дейді. Ол кезде «дуана» дейтінбіз. Біреуден әлдене сұрай қалсаң, «әй, дуанамысың» деп мысымызды басып тастайтын. Сондықтан ба, біреуге алақан жаюды білмедік. Бар болса өзіміздікін пайдаландық, жоқ болса қолдан жасап алатынбыз. «Біреуге қарап телміру, тіленшектік жақсы қасиет емес» деп отыратын әкеміз. Кейін ес жия бастағанда сол дуана болып жүргендердің ата салтында дуанашылық бар екенін естідік. Үйленетін жігіт бір жыл бойы қайыршылық жасап келуге міндетті екен. Мұнысы «әйелімді, бала-шағамды қайыршы болсам да баға аламын» деуіне дәлел болса керек. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген. Сонда да, дана қазақ қандай байыпты да ақылды болған десеңізші. Ұрпағын ешкімге алақан жайдырмаған, кішкентайынан адал еңбекке, батырлыққа, батылдыққа баулыған. Ұлан байтақ жеріміз ата-бабалары-мыздың берік салт-дәстүрлерінен де аман қалған деп бүгінде мақтана айтып жүрміз, мақтана да бермекпіз. Бізге біреудің қаңсығы таңсық емес. Қазақты Қазақ етіп отырған Өр Рухы. Намысшылдығы. Батылдығы һәм бауырмалдығы. Осы ретте Қазақстан Республикасының Президенті Нұр-сұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы еске түседі. Осыдан алдыңғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегімен са-бақтас бұл мақала да ұлы ұлағатты ұлықтайды. Текті туындының тәрбиелік маңызы ерекше, жөні бөлек, жосығы ерек. Шымкент шаһарының Тельман шағын ауданында тұрғанымызда бір көршіміз болды. Қайдан тауып әкелгені белгісіз, бірде қоларбаға танылған мүгедек баланы үйіне алып келді. Әлгі мүсәпір қоларбадан түсе алмайды. Белі құныс. Қолдары келте. Қашан көрсеңіз де тағдырына лағнет айтып зарлайды да отырады. Күндердің күнінде осы баланы көршілер Қырғы базарға таңертең ерте апарып тастайтын болды. Байғұс бала екі көзі жәутеңдеп өткен-кеткеннен қайыр сұрап отырады. Үй иелері әлгі баланы кешке базардан алып қайтады. Сөйтсек, олар күнкөрістік қаржысын әлгі баланың зарлап тапқан табысынан алады екен. Сол баланың зарлы үні бүгінге дейін құлағымнан кетпейді. Кейіннен полиция араласты ма, білмедім, сол бала көрінбей кетті. Артынша отағасы есірткі бизнесіне қатысты сотты болды. Бір баласы автомобиль апатына ұшырады. Кісіге жасаған қиянаты алдынан шықты ма екен деп кейде ойланамын. Шешеміз «біреуді табалама» деп отырушы еді. Табалағаным емес, адами асыл қасиеттерді сақтамаған соң әйтеуір бір сүрінерің хақ екен ғой. Автобекеттерде қайыр сұрап жүрген осы жігітті шымкенттіктер түгел таниды. Лақап аты - «Жолың болсын». Қашан да автобусқа мінгелі жатқан жолаушыға «жолың болсын!» деп «бата» беріп, бес-он теңгесін алатын оны білетіндер солай атайды. Енді ырымшыл халықпыз ғой, біреу «жолың болсын!» деп тілекші болып тұрса қалай ғана қолың қалтаңа барып қалмайды. Әңгіме оның тілекшілдігінде де емес. Білетіндер осы жігітті бай-бақуатты тұрады деседі. Үйінде әдемі жары, бір қора малы бар дейді. Тіпті, зәулім үйі бар дегенді де естідік. Сонда да осы жігіт ағасы қоржынын арқалап автобекеттерде жүру әдетін тия алмады. Осыдан он-он бес жыл бұрын біреулер «Мұны рэкеттер жұмсап отыр. Кешке тапқан табысын тартып алады» дейтін. Қазір рэкет деген пәлекет жоқ. Ендеше, бойға сіңген әдеті болды ғой. Мұндай бетінде қытығы жоқ, ар-ұяттан, иманнан жұрдай жанды асыл дініміз де хош көрмейді енді. Өткен ғасырдың сексенінші жылы Мәскеуде бүкілдүниежүзілік олимпиада өткені белгілі. Міне, сол кезде «Коммунистік қоғамда қайыршы деген болмайды. Қайыр сұрап жүрген адамдар шетелдік қонақтар алдында бетімізге шіркеу. Біз марксизм-ленинизм жолымен алға өрлеп бара жатқан бақытты елміз. Адами құндылықтарды бағалаймыз. Сондықтан, шетелдіктер мұндай сорақылықты көрмеулері тиіс» деп үй-күйсіз тентіреп жүргендерді жиып алып Шымкентке әкеліп төккен ғой. Неге? Өйткені, Шымкентіңізде қыс жайлы. Жертөлелерде жатса да өлмейді. Нан көп. Адамдарының жүректері нәзік. Сонау қуғын-сүргін кезінде сан ұлтты бауырларына басқан қазақ бұларды да өлтірмейді. Қайыр сұрап барса бір үзім нанын бөліп береді. Міне, осылай Мәскеу маңындағы мыңдаған «бомж» біткен (человек без определенного место жительства) Оңтүстік Қазақстан облысына жөнелтілген. Онсыз да қайыршыларынан құтыла алмай отырған Шымкентіңізге олар келіп қосылған соң не жорық, қалада тіленшектер толып кеткен. Бұл қаланың рухани келбетін солғындатып, құтын қашырған. Кей адамдар моральдық жағынан азғындай бастаған. Кейіннен әлгілерге цыгандар қосылды. Тәртіп сақшылары олармен бертінге дейін күресіп, әлек болды. Өйткені, ұрлық, бұзақылық, басқа да тәртіп бұзушылық көбінесе солардан шығатын. Індетіп іздегенде бұзақылықтың басым бөлігі «бомждардан» табылады екен. Соңғы жылдары тәртіп нығайтылып, әйтеуір, «бомждар» азайды ғой. Түп-түгел құрып та кеткен жоқ алайда. Осы жерде еске түседі, сол жылдары журналистер «Кейіпкер кейпіне енгенде» деген айдар ашып алып, «Бомж болып көрген күн» деген тақырыпта құлаш-құлаш мақалалар жазып, қаңғыбастардың өмірлерінен зерттеулер жазды. Адам болған соң небір тағдырлар кездеседі. Олардың ішінде тағдыр тауқыметін тартып жүрген небір жақсылар мен жайсаңдар да табылды. Түрлі себептермен өмір иірімдеріне бір жұтылған соң одан қайта шыға алмағандары қаншама! Әрине, олардың талайлы тағдырлары көпшілікті толғандырды. Қаңғыбастардың сол жай-күйлері үшін қоғамды кінәлаушылар да табылмай қалған жоқ. «Адам – өз тағдырының қожасы» дей тұра, әлдекімдерге тас лақтырғандар да кездескен. Айтпақшы, сол кезде бір актер қаңғыбастың бейнесін шынайы сомдаймын деп «бомждардың» бел ортасына гүмп ете түскен ғой. Адасып ай жүріпті. Күңіреніп күн жүріпті. «Бомждардың» образын барлық жағынан зерттеп, танып-біліпті. Олардың жаргон сөздеріне, жалған көздеріне дейін айнытпай салатын «шыңға» шығады. Нәтижесі қандай? Атақты актеріміздің образға ендеп бойлағаны сондай, оны үйіне қайтару мүмкін болмай қалған. «Бомджардан» тартып алып, бұрқыратып махорка шегетін әлгі актер адамгершілік кейіптен кетіңкіреп қалған деседі. Мұндағы айтпағымыз не? Мәселе-адамдардың жамандыққа тез бой алдыратынында. Қазақ «жаман жұққыш келеді», «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп сондықтан айтқан. «Көргені жаман оңбайды, Айтқан тілді алмайды. Алғаны жаман оңбайды, Қағып бір төсек салмайды» деуінде де шындық бар. Айтқан тілді алмаған адасады. «Бір жаманның ниеті түзелсе, екі жаманның беті түзеледі» деген де бар. Жоғарыда біз айтқан әртіс бері қараса, бірге жүрген екі-үш адамды да қоғамның толыққанды мүшесі етер ме еді-ау деп те ойлаймыз. Дүние-дүбірге ден қойып, назар аударсаңыз, әлемге танымал болған қаңғыбастар да бар екен. Айталық, париждік Жак Сайя, ирандық Амоа Хаджи, сербиялық Братислав Стоянович, Сан-Францисколық Чарльз Питтс, қытайлық Си Ли Гэ қайыршылықтарымен әлемге танылған. Канаданың Эдмонтон қаласында тұрған Райан, АҚШ-тың Флорида қаласында өмір сүрген Дональд Гулд пианинода ойнаудың асқан шеберлері болған. Осы өнерлерімен де олар әлемге танылған. Ал, мәскеулік Женя Якуд блогер. Оның жеке каналы да бар екен. Осыншама өнерімен қайыршылыққа қалай ұрынды екен деп ойланасыз. Солардың ішінде тапқанын тамағына қимайтын сараңдары да көп. Мәселен, Курт Дегерман деген қаңғыбастың өмірі тым аянышты. Ол 2009 жылы жүрек талмасынан дүние салады. Көзінің тірісінде миллиондарға ие болса да ол қаңғыбас күйінде өмірден өтеді. Ол өмірден өткен соң екі туысы оның миллиондары үшін соттасады. Көшеде бөтелке теріп жүріп өмір сүрген қаңғыбас 30 жыл ішінде 12 миллион швед кронасын жинаған ғой. Сонда да көл-көсір ақшасын тамағына қимай, қоқыстағы фас-фудтармен азықтанып жүріпті. Түбіне дүниеқоңыздық, сараңдық жетті. Тегі, «сараң-саңырау», «сараң санға қосылмайды» дегендер рас та шығар. Сараңдық-адамдарды дүние-қоңыз-дыққа, ашкөздікке ұрындырады. Жер бетіндегі алғашқы қауымдардың құрып кетуіне олардың сараңдығы себеп болды деген хадис бар. Хадисте: «Сараңдықтан сақтаныңдар, өйткені, сараңдық сендерден бұрынғылардың опат болуына себеп болды. Ол (сараңдық) оларға қызғаншақ, дүниеқор болуға бұйырды және олар солай жасады. Ол адамдарды күнә жасауға шақырды және олар солай жасады» делінеді. Бірде шәкірттері хазіреті Әлиден сараңдық жайлы сұрапты. Сонда Әли: – Сараң байлығын жұмсамайды, қажетіне де жұмсамайды. Сөйтіп дүниеде бәрібір кедейге ұқсайды. Бірақ ақыретте ол байлардың қатарында тұрады, есепті де солардай тапсырады,- деген екен. Мұнан соң Әли шәкірттеріне сараң болмаңдар деп өсиет етеді. Сонымен бірге, «Егер қолыңдағы дүниеңді өз қажетіңе жұмсауға қимасаң, онда сенің нағыз сараң болғаның. Расында, дүниені жиғаннан не пайда? Егер оның пайдасы емес зияны болса. Малдың дүниелік һәм ақыреттік пайдасын көру үшін мұқтаж жандарға садақа беріп, ізгі амал жасауды естен шығармаған жөн. Қиямет күнінде Алланың алдында есеп-қисабына жете алмай тұрған шарасыз пенденің қатарыңда тұрасың. Алла бізді мұндайлардың қатарынан қылмасың» деп өсиеттепті. Жоғарыда жазғандарымызға қайта оралайық. Шымкенттің тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға өте қолайлы орта екені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Көшенің әр-әр жерлерінде қоларбаға танылғандардың қайыр сұрап отырғанын әлі де көріп қаламыз. Автобус салонына кіре салып Құранды асығыс-үсігіс оқып жолаушыларға алақан жаятындар да бар. Менің бір танысым болды. Жүрісі сұйық еді. Бірде көшелердің қиылысында қоларбаға таңылып, әрі өткен, бері өткен автомобиль жүргізушілерінен қайыр сұрап отырғанын көріп, қатты сасып, бетті басып тұра қаштым жалма-жан. Екі бетінен қаны тамған, тепсе темір үзетін әлгі жігіт мұндай оспадарсыз әрекетке неге барды екен? Күні бүгінге дейін осы сауалдың жауабын таппай, толғанамын. Енді адам болған соң, Құдай құлақ берген соң естиміз ғой, кейбір «күштілер» арнайы қайыр сұрайтын адамдар ұстайды деседі. Олар «қайыршыны» таңертең вокзал, автобекет, базар жанына апарып тастап, кешке үйлеріне үбектеп алып қайтады екен. Елімізде «Экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша бірқатар Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қолданысқа енгізілгені белгілі. Осыған орай, қаладан қалаға қыдырып жүргендерді, тіркеуде жоқтарды бақылау, қадағалау жүрген еді. Уақытша тіркеудің, бақылаудың сақтыққа тигізер септігі мол. Міне, осы іс-шара барысында жалған қайыршылар мен олардың қамқоршылары құрықталғаны да белгілі. Облыстық прокуратура мамандары осыдан бірер жыл бұрын Шымкент қаласының қылмыстық деңгейіне, әлеуметтік ахуалына сараптама-талдау жүргізген. Талдау барысында қылмыстың басым көпшілігін жұмыссыздар мен қаңғыбастар жасайтыны белгілі болыпты. Шымкент қаласындағы қабылдау-тарату орнына жыл сайын мыңдаған адам түсетін көрінеді. Олардың басым көпшілігі құқық бұзушылық әрекеттері үшін сот шешімімен қамауға алынған. Тексеру көрсеткендей, ұсталғандардың бірқатары алыс және жақын шетел азаматтары болып шыққан. Бізде қайыршыларға, селтеңдеп текке жүргендерге тыйым салатын арнайы заң жоқ. Ал, бірқатар шетелдерде қайыр сұраушыларға қатаң жаза белгіленген. Мәселен, Италияда көшеде қайыр сұрап жүрген адамның басы үлкен дауға қалады. Оған 750 евро көлемінде айыппұл салынады. Ал, Швейцарияда да қайыршылыққа қарсы шектеулер бар. Біз де осы амалды қолдануымыз керек сияқты. Иә, «жау жоқ деме, жар астында» деп дана қазақ бекер сақтандырмаған. Қайыршы кейпіне еніп қаңғырып жүргендердің қандай мақсатпен келгендерін кім білген? Сондықтан, қаңғыбастардан да қатер көп. Ендеше, оларды тексеріп, тіркеп тұру керек-ақ. «Аңқау елге арамза молда» дейтін де қазақ. Жалған дүние үшін адами болмыстан, кісілік келбеттен айырылу түбі жақсылыққа жолықтырмайды. «Мың күн қорқақ болып өткенше бір күн батыр болып өлген жақсы». Бүгежектеп, бұқпантайлап, тіленіп өткен өмір кімге опа берер дейсіз? Тіршілікті тек дүние-мүлікпен ғана безбенбеп, өмірлерін өксікпен өткізетіндер бұл жалғаннан не ұттым деп кетеді? Асылы, бір-ақ рет берілер өмірде өзекті жандар өнегелі өрнек қалдырып кетулері керек қой. Иә, халық айтқандай, сараңдық, тілемсектік, ашкөзділіктің түбі құрдым. Абайлаңыз, ағайын! Тіленшіліктен таудай тауқымет туып жүрмесін. Дуанадан келген даулы даудан даңқты дауыл сақтасын!

424 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз