• Заманхат
  • 20 Наурыз, 2019

ТОБЫРЛЫҚ САНАДАН ҰЛТТЫҚ САНАҒА ДЕЙІН...

(діни-пәлсапалық эссе)

Абай Мауқараұлы, жазушы-журналист

Сана деңгейлері

Адам санасының деңгейін саралағандағы Құранның ғажаптығына таңқаласың. Бұл да, Құранның Жалғыз Жаратушыдан жіберілгенін дәлелдейтін бір айғақ. Өйткені, адамдардың өз санасын өзі саралаған өлшемдері үнемі өзгеріп, ескіріп жатады: Ертедегі мифтік өлшемдерде адам санасын құдайлардың санасы мен құлдық санаға ғана бөліп қараған, мұны қазір мойындайтындар жоқтың қасы. Ал, «Тарихи материализм теориясы адам санасын таптық саналарға яки қоғамдық формацияларға бөлді, яғни, сананы тұрмыс билейді» деп дәлелдегені, өзін ақтай алмады. Практикада сондай коммунизм деген әділ қоғамды төңкеріс арқылы жасамақ болғаны бүкіл адамзатқа қасірет әкелді. Енді, бұл заманда адам санасын технократиялық интелектіге жеткізсе бәрі шешілетін секілді ғылыми қиялдармен адамдар алдануда... Алайда, бұл да алдыңғы теориялар секілді бір жақты өлшем екенін Құран өлшемін көргенде еріксіз мойындауға тура келеді. Себебі, Құрандағы өлшемдер уақыттан тыс. Бұл дүние жаралғанға дейінгі уақытсыз кезеңді және бұл дүние аяқталған соңғы мәңгілік бақи кезеңді қамтыған абсолют өлшеммен сөйлеген. Және Құран өтпелі уақыттың үш шағын да өзіне түгел сиғыза алған. Сүрелердегі замандарды суреттеген қиссаларда өткен шақ та, осы шақ та, келер шахта бір сәтте қатар баяндалады. Бұндай керемет синтезбен баяндауға адамның ақыл шамасы жетпейді. Әрі, Құран аяттары эволюциялық дамуды жоққа шығарады. Ұлы Жаратушының адамзат баласын топырақтан жаратып, өз рухын үрлеп бірден кемелдікке жеткізгенін терең ілімдерімен дәлелдейді. Бүкіл адамзатты үш ұлтқа, яғни, үш топқа ғана бөледі: «Сенуші, Сенбеуші және екеуінің арасында жүретін Алдаушы», деп. Және, адамзаттың бұл дүниедегі жаратылу мақсатын Құранның басынан аяғына дейін өте айқын айғақтармен үзбей айтады: Адамзат мәңгі ақырет дүниесіндегі ғажайып мекен Жәннатқа лайықты болу үшін жаратылған. Ол үшін Жаратушының жолдаған бұйрықтарын бұлжытпай орындап, жіберген елшілеріне бағыну шарт дейді. Ондай адамдар бұ дүниеде рухани кемелдікке жетеді. Қияметте қайта тірілгенде тәнімен, бүкіл дене мүшелерімен, бұрынғы рух-жанымен мәңгілік ғажайып өмірге қауышады. Адамның жаратылуының, бұ дүниеде өмір сүруінің ең жоғарғы мақсаты да осы екенін Ұлы Жаратушы Құран арқылы хабарлайды, уәде етеді, серт береді. Ал, осы басты мақсатқа бағынғандар мен бағынбағандардың сана деңгейін мынандай нақты өлшемдермен анықтайды: Сәбилік сана, бүкіл адамзаттың балиғатқа толмаған балалары пәк, күнәсіз. Егер, олар бұл дүниеде бала шағында өлсе, мәңгі ақырет дүниесінде асыл маржандардай әдемі, сүйкімді қалпы Жәннат балалары болып, мәңгілік өмірі жалғасады. Өйткені, Жаратушы адамдардың рухын жаратып, өзін оларға таныстырғанда бүкіл рух иесі бір ауыздан «Сен біздің Жаратушымызсың» деп, рухани иманға келгендіктен сәби балалар түгелдей иманды саналады. Тұрмыстық сана, бүкіл адамның басынан өткізетін ең төменгі сана, ішіп-жеу, ойнап-күлу, көбею үшін қарекет етушілер. Олар өзінің адамдық мақсатын бір күндік, бұл дүниелік күнелту деп біледі. Кәсіптік сана, адамдарға Жаратушының берген қабілеті бойынша, көптеген адамдардың әртүрлі кәсіби мамандыққа жетуі. Бұлар да өмір сүру мақсатын материалдық деңгеймен өлшейді, өз мақсаттарын жақсы тұрмыс, көрнекті әлеуметтік жағдайға жету дегеннен ары аса алмайды. Ғылыми сана, яғни, логикалық сана – бұл Жаратушыдан ерекше қабілет берілген адамдардың жететін деңгейі. Олар Жаратушының бұл дүниедегі қойған заңдарын ашады, мәселен математика, химия, физика, астрономия, медицина, философия, қоғамтану, тарих, кәсіби жазушылық...секілді көптеген пән ғылымдарын игереді. Бұндай санаға жеткендер де адамзат қоғамында ғылыми төңкерістер жасап, қарапайым тұрмыстан жоғарғы технологияға жеткізуді, бұл дүниеде жоғарғы адамгершілікпен гуманистік моральмен өмір сүруді басты мақсат етіп қояды. Адамзат қоғамындағы ең жоғарғы сана – имандылық сана. Бұл сана иелері Ұлы Жаратушыдан жолданған ақиқатты бірден қабылдап, соған жан-тәнімен мойынсұнатын ерекше адамдар. Және, олар өзіне берілген дана қабілеті арқылы айнала дүниенің Жаратушыны тану үшінгі көрініс, құбылыс екенін түсінеді. Өзінің бұл дүниеге келуінің кездейсоқтық емес екенін, бұл өмір мәңгі ақырет дүниесіне дайындық үшін берілгенін жете ұққан адамдар осылар. Олар хақ діннің ақиқат қағидалары бойынша Имани жоғарғы санаға жетеді, Жаратушысын танып, Соған ғана жалбарынады, ғибадат етеді. Ондай адамдар өзін рухани жетілдіруге бүкіл қабілетін жұмсайды. Өзін өзі тани алады. Ондай санаға жеткендер бұл дүниедегі материалдық жетістіктен рухани жетістікті жоғары қояды. Өтпелі өмір үшін емес, мәңгі ғұмыр үшін саналы өмірін арнайды. (Қазақтың рухани көсемдерінің дана сөздерінен мұны анық көре аламыз). Бұдан да жоғарғы адамзат баласы жете алатын сана деңгейі – әулиелік сана. Мұндай адамның бүкіл болмысы Ұлы Жаратушымен ғана байланыста, оған бүкіл болмысымен берілген достықта болады. Мұндай адамдардың тәні пәни дүниеде өмір сүрсе де, рухани жан дүниесі рухтар әлеміндегі пәк жандармен бірге бола алады. Олар Жаратушысын хақ діннің ақиқаты бойынша ақылмен ғана емес, адамға берілген басқа тылсым сезімдері арқылы да толық таныған кемел адамдар. Қазақ халқының Құдайдан кейін әулие адамдарды пір тұтуы осыдан. Жоғарғы имандылық сана мен әулиелік санаға жеткендер Ұлы Жаратушының жаратылғандарға ұқсамайтын теңдессіз сипаттарын тани алады: Ұлы Жаратушының дара жалғыздығын; ұқсасы болмайтынын, теңдессіз екенін; мінсіз-мұңсыз, мұқтажсыз болатынын; Жаратушының өзі тумаған, өзінен тудырмаған серіксіз екенін; жоқтан бар ететін құдіретін; шексіз естуші, көруші екенін;ілімімен бәрін қамтитынын; не қаласа соны болдыратынын; адамды махаббатымен жаратып, оған ойлайтын қабілет беріп, кемел пішін сыйлаушы екенін; өлтіріп-тірілтуші, өмір беруші Ие болғандығын және шексіз жаратылыстағы құбылыстар Оның киелі есімдерінің айнасы екендігін; ең соңғы қияметқайым сағатында саналы жаратқандарының бәрін бір сәтте қайта тірілтіп есеп алып, мәңгі өмірде сый мен жаза беруші шексіз билікке ие екендігін... хикметті іліммен санасына сіңіргендер. Олар өзіндегі адами ерекшеліктерді толық таныған, оның пайдасын іске асырған біртуар адамдар.Ондай адамдар өзін тудырған халықтың рухани көсемі, ұлтының көшбасшысы ретінде өшпес қызметтер атқарады. Ал, адамзаттың ең ақырғы жоғарғы сана иесіне пайғамбарлық сана жатады. Алайда, оған жететіндер Ұлы Жаратушының сүйген құлдары ғана, яғни, мұндай мінсіз сананы адамға Жаратушының өзі нәсіп етеді, оған біліммен, еңбекпен ешкім де жете алмайды. Мәселен, бүкіл адамзаттың ақырғы пайғамбары Мұхаммедке с.а.у. пайғамбарлық келген кезде ол кісі қырық жаста еді, алайда, жаза алмайтын, оқи да алмайтын, сауат ашпаған адам болатын. Иса алейһис сәлам тіпті, сәби кезінде даналық сөз айтып, пәндік білімі болмаса да ғылым ғажайыптарын көрсете алатын еді. Пайғамбарлық сана иелері жеке халықтар мен бүкіл адамзатқа Жаратушыдан арнайы жіберген арнайы рухани ұстаз болғандықтан олардың қалдырған тағылымы мен адами үлгілері, салып кеткен сара жолы екі дүниенің бақытына қатар жеткізетін кемелдік көрінісі саналады. Ал, бұған дейінгі саналардың деңгейінің бәрі де адамның өз талабымен жете алатын биігі. Қарапайым адамнан кемел адамға дейінгі жете алатын рухани аралық, рухани деңгей. Бұл сана иелерінің жеке-жеке, мысалы, Құран сүрелеріндегі қиссаларында айтылғанын оның тәпсірінен анық танып, ұғуға болады.

Тобырдың тегі

Осы жеке адамға қатысты сана деңгейлерін қоғаммен байланыстырғанда Имандылық санаға жетпегендерді түгел «тобырлық санадағыларға» жатқызады. Мысалы, Нұқ пайғамбардың соншама көп қауымы бола тұра, оның шақыруымен Иманға жеткендері небары сексендей адам болды дейді. Және, Иса пайғамбар өзінің пайғамбарының дәлелі ретінде қанша ғажайыптар көрсетсе де (өлгенді тірілту, аспаннан дайын тамақ түсіру, дауасыз деген ауруды жазу...) артынан ергендерінің саны он екіден аспаған. Тіпті, елінің патшасы Нәмруд Исаны биік төбеден отқа лақтыртады. Сонда, Жаратушының ерекше жәрдемімен от-алаудың ортасында аман қалған пайғамбарды соншама қауым көзімен көріп тұрса да, оған емес, патшасына бағынады. Алайда, осынша тобырдың ортасынан тұрмыстық санадағы, кәсіптік санадағы кейбір адамдар Имандылыққа жетуі мүмкін. Мұндай адамдардың иманға жетуінде өзіндегі ізгі ниет, таза көңілдің әсері көп, яғни, осы үшін Жаратушының ерекше разылығына ие болып хақ жол нәсіп болған адамдар деуге де болады. Ал, ғылыми санаға жеткен адамдардан Иманға қол жеткізген ұлы адамдар туралы деректер бұрын да, қазір де көптеп кездеседі. Ғылым арқылы Жаратушыны танып мойындаумен келген мұндай имандылықты нақты иман деп те атайды. Солай бола тұра, ғылыми санасы қанша биікке жетсе де ол арқылы Жаратушысын мүлде танымаған, ғылымның ғажайып сырын ашқандығын өзінің жеке даналығының нәтижесі деп көретін ғалымдар жер бетінде жетіп артылады. Яғни, бұл өз ақылын өзі құдай санап тәкаппарланудың көрінісі. Сөйте тұра, өзіндегі осындай ақыл-ойдың тетігі болған миды, көруді, естуді, сөйлеуді беруші кім деп ойлануға қадам баспағандықтан осындай өзімшілдік мінез оның иманға жетуіне бөгет болды. Олай болса, имандылық санаға жетпеген одан төменгі сана иелерін де ішінен екі топқа бөлуге болады: Бірі білімсіз тобыр, екіншісі білімді тобыр. Немесе жоғары дәрежелі ақсүйектер мен төменгі дәрежелі қара халық сыртқы жағдайында үлкен айырмашылық болса да, рухани жағынан екеуі де тобыр деген сөз. Мәселен, Перғауын мен оның қауымы, Нәмрудтың өзі мен қауымы, т.б. Құран қиссаларында бұлардың бәрін, адамдық жаратылу мақсатына талпынбағаны үшін, яғни, иманға жетпегені үшін «хайуаннан да төмен» дейді. Адам пішінді тобырға санайды. Тобыр дегені, адамшылығынан хайуандығы басым дегені. Ондайлар ішіп-жеуді мақсат етеді, күлуді, ойнауды, тойлауды жаны сүйеді, терең ойлауға келгенде құлқы жоқ, бірақ бос сөйлеуге, мәнсіз қарекетке өте құмар, бұл жағынан өзара жарысқа түседі. Тобырдың дүниетанымы дүние-байлықты, жоғарғы мәнсапты, даңғаза марапатты, сыйлық-сияпатты, мәнсіз дыр-думанды жақсы көреді. Адамшылық моральға келгенде, жеке басының жалған намысы үшін адам өлтіруді бұйым құрлы көрмейтін, байлық жолында қырғын соғыстарға баратын, мансап жолында өзінен басқаның бәрін пида етуден тайынбайтын... яғни, адамшылықтан жұрдай, жанашырлықтан ада адам пішінді құбыжықтар деуге саяды. Бұған адамзат тарихындағы дүниені жаулаған қанды жорықтарды басқарушылар мысал болады. Құранда бұл қоғамдық көріністерді қысқа да нұсқа ғажап қиссалармен суреттейді: Қанышерлікпен адам өлтіру, Адам Атаның балалары Қабылдың Әбілді өлтіруінен басталған. Тойшылдық, сауыққұмарлық, ойсыздық, сөз тыңдамаушылық Нұқ қауымның әдеті болыпты. Ашкөздік, қызғаншақтық жартастан сарай салып, Алланың құдіретімен жартастан туып шыққан аруанасын өлтірген Самудтардан қалды. Аяусыздық, тоңмойындық, жағымпаздық, сатқындық Ибраһим пайғамбарды отқа лақтырған Нәмруд қауымының рухани науқасы. Ұятсыздық, анайылық, тұрпайы нәпсіқұмарлық, еркектері өзара некелескен Лут елшінің еліндегі жексұрын көріністер. Асқан мансапқорлық, дүниеқорлық таққа таласады деп Исрайыл әулетінің сәби ұлдарын жаппай бауыздаған Перғауын елінің рухани дерті. Даңққұмарлық пен бақталастық, Иса пайғамбарды шармаққа керіп өлтірмекші болған яхуди оқымыстыларының пасық мінезі. Жауыздық пен жалған намыстың асқынуы, өздерінің бейкүнә қыздарын топыраққа тірідей көметін бәдәуи арабтардың сұмдық әдеті... бұл ақырғы пайғамбардың елінде болған ең қайғылы оқиғалар... Бұл Құран қиссаларынан алынған қысқа мысалдар, өз халқын адамның жаратылу мақсатына ала-и иллинге (ең жоғарғы адамдық дәреже) жетуге шақырып, адамды хайуаннан төмен болудан әсфел-и сафилинге (ең төменгі деңгейге) түсіп кетуден сақтандырған Алланың елшілері мен қауымдары туралы еді. Бұл ақиқат қиссалар Құран Кәрімнің көптеген сүрелерінде алуан көркемдікпен, әртүрлі мақсатпен қайталана баяндалып отырады. Қиссада аталған қауымдардың ішінен өте аз санды адамдар ғана пайғамбарларының шақыруына ілесіп, имандылық санаға жетіп Жаратушының жарылқауына ие болады, әрі қайта тірілетін мәңгі ақырет дүниесінде рахатқа толы жәннатпен сүйіншіленеді. Ал, көп санды тобырлар елшісін мазақ қылып, ақиқатқа мойынсұнбай Жаратушының азапты жазасына ұшырайды. Жалғыз Жаратушыға бағынып, жәннатқа жетуге емес, өздері жақсы көретін нәпсісіне бағынып, тәкаппарлығына табынып, мәңгілік азапта қалатын жәһаннамдық болуға асығады... Жоғарыдағы Құранда аты аталған жазаға ұшыраған қауымдардың бірі алапат топан сумен, бірі аспаннан жауған отты таспен, бірі ғаламат ащы дыбыспен, бірі қорқынышты зілзаламен, бірі үрейлі қара дауылмен, бірі теңізге батырылып, бірі жанартаудан атылған отты селге бастырылып... бәрі азапты ажал құшады. Және, осы жалпы жазаға ұшырағандар ақырет дүниесінде де мәңгі азапта қалатындығы Құранда жеріне жеткізе хабарланған. Жоғарғы тобыр бұл дүниеде қанша мәртебелі болса да, соншама байлық-мәнсапқа ие болған болса да оның ешқандай себі жоқ екендігі, Жаратушының мақсатын аяқтарына таптағаны үшін енді, Жаратушы да оларға лайық мәңгі жаһаннам жазасымен азаптайтыны анық ескертіледі. Ал, сондай жазаға ұшыраған қауымдардың жұртын зерттеген қазіргі археологиялық қазбалар, Құранда айтылған қиссалардың ақиқатын ғылыми түрде растауда. Теңізге тұншығып өлген Перғауынның сақталған мүрдесі ағылшындардың мұражайында көрмеде тұр. Ибраһимді алау отқа лақтырған биік жартас төбедегі манжылық сақпанмен атқан биік тас діңгек қазір Түркия жеріндегі Урфа шәһарында көненің куәсіндей көз тартады.

Тобырдың ісі

Міне, мұндай тобырлық үрдіс кейінгі заманда да сол қалпында жалғасып келеді. Бұл көріністі қоғамтанушы саясаткерлердің көзқарасымен сараласақ мынандай суретті көреміз: Соңғы замандағы тобырлар қауымы, күнделікті күнкөріске құл болған саны мол төменгі тобырлар және жоғарғы тобыр саналатын ел басқарушы деп аталатын билік пен байлыққа құл болған жеке шоғыр шонжарлар мен соларды қолпаштаушылар деген екі топқа бөлінеді. Жоғарғы тобырдың ішінен басқарушылық қабілеті күшті, билік пен мансап үшін неден де тайынбайтын біреулер танылып шығады, айналасындағылар мен қолпаштаушылар тобы оны басшы етіп таңдап, үздіксіз қолдап отырады. Жоғарғы тобыр өздеріне не ұнаса, нені қаласа әлгі басшыларына соны орындатқызудың бүкіл амалдарын жасайды. Және сондай идеяларды өздері дайындап үнемі көсемнің атынан жариялауды ерекше тәсілге айналдырады. Басшылары оны құптап, іске асыртқан сайын, оны «данышпансың» деп мадақтайды. Басшы мен қосшы осылай тобырлық мафияға айналады. Олар көбінде саяси партия ретінде күш біріктіріп, соның атынан іс жүргізеді (Мысалы, Большевиктер партиясы, Нацистер партиясы, т.б). Сөйтіп, қоғамдық катаклизмді даналықпен әдейі шатастырған алаяқ тобыр, өздерінің пасық мүддесін іске асыру үшін көсемдерін араластырмайтын жері қалмайды. Осындай басшылар діннен дым білмесе де дінбасыларға нұсқау беріп, көпшілікке діни пәтуа айтады. «Әмбебап басшыдан» бас редакторлар бағдар сұрайды, технологтар тың жаңалық дәметеді, кинорежиссерлер тәсіл үйренеді, экономистер ақылын алады, спортшылар үлгі етеді, таяқ жегендер араша сұрайды, арызқойлар мен амалсыздыққа ұшырағандар ашық хат жазады, сыйлық дәметкендер оған мақтау-ода жазып жарысады... Сөйтіп, осындай әмбебап басшы енді, «басшылардың басшысы» болып танылудың айрықша амалдарын жасауға мәжбүр болады. «Көреген» деп айтсын деп, ешкімнің көзі жетпейтін қияли жоба-жоспарлар жариялайды (Мәселен, коммунизм елесі... қияли бағдарламалар...). Осылайша, сол қоғамдағы төменгі тобырға әлгі «көреген басшыны» қол жетпес «күн көсем» секілді етіп көрсетудің бүкіл қитұрқы әдістері іске жегіледі. Көпшіліктің күшімен жасалған игіліктің бәрі «басшының көрегендігі» деп насихатталады. Төменнен жоғарыға баратын ақпараттар түгелдей «керемет жетістіктер» деген өтірікке толы жел сөзге айналады. Қоғамда жасалған өкіметтік қылмыстар, үлкен қателіктер, әлеуметтік кемшіліктер әдейі елеусіз қалдырылады немесе «жасампаздық» жолындағы болуға тиісті заңды шығындар деп түсіндіріледі. (Қазақ даласындағы жасанды ашаршылықты «Кіші октябрь» деп атағаны, елді мекенді ат арқандайтын да жер қалдырмай талқандап жыртуды «Тың игеру» дегені секілді, т.б.). Ал, үнемі болып тұратын келеңсіздіктер үшін орындаушы бастықтар жазаланады. Немесе өмірден өтіп кеткен көсемдерге бүкіл қателіктер жабылады. Жоғарғы алаяқ тобыр лидер-басшыларын әдейі өмірдегі нақты шындықты көре алмайтындай етіп рухани мастыққа түсіреді. Жүрген-тұрған жерінің бәрін жарқыратып жасандырып қояды. Және рухани мастықтан басшының есін жидырмау үшін, таусылмайтын жиын, жиналыс, кездесу, қол қою секілді бітіп болмайтын ресми жұмыспен мұршасыз қылады. Сьезд, форум, саммит, симпозиум, конференция, фестиваль, құрылтай... секілді неше түрлі аталатын басқосуларда жаттанды сөздер сөйлеп, өзара қол қойысып, қыруар қаулы қабылдап, шешімдер шығарып өз елінің, бүкіл халықтың, әлемнің тағдырын шешіп тастағандай көріністер жасайды. Бірақ, алдыңғысы ұмытылған кезде жаңасын жалғастыра беретіндіктен қоғамда материалдық алға басулар болса да, рухани өркениет тоқырағандықтан ештеңе өзгермейді. Бұл баяғы бүкіл дүниені дүрліктіріп, елес коммунизмнің қиялымен елдің басын айналдырған КПСС съездерінің өтірікке толы, аяқсыз қалған жиындарының жаңа түрлері мен бұрынғы империализм қатерінен сақтану дейтін ауқымды қарулану шараларының енді, жаңаша атауларға ие болып одан бетер қарулану мен сұрапыл қаруларды сынаудың сұмдық түрі шығып келгендіктен сол бұрынғы үрдіс тынымсыз жалғаса береді... Сондықтан, жер бетінің түкпір-түкпірінде сол баяғы қанды соғыс, қауқарсыз халықтардың қырғыны, тоналған елдердегі ашаршылықтар, алпауыттардың қыруар қаржыны шығындап сұмдық қымбатқа түсетін соғыс құралдарын жасау жарысы...еш өзгермейді. Ал, алаяқ тобыр қоғамның нақты бет-пердесін жасыру үшін не қилы дыр-думан, шоу-ойындармен, жасанды даталы күндермен көпшілікті алдайды. Төменгі бишара тобыр күнкөрістен артық ой ойлаудан қалады, жоғарғы тобыр не айтса соған көнетін рухани құлға айналады. Мұндай шым-шытырық ахуалды одан әрі күшейту үшін бұрын-соңды болмаған «супер, гипер жағымпаздар» туып шығады. Басқару жүйесіндегі алаяқ тобырлар ондай жағымпаздардан жоғарғы сыйлықтар мен қолайлы мәнсаптарды аямайды. Осындай марапаттаулармен ақпарат құралдарының алғашқы бетінен түспейтін «күн көсемнің» жарнамалары төменгі тобырдың ақыл-есін шатастырып, адамға табынудың жаңа түрі пайда болады (Ленинді «Күн көсем» дегені секілді...). Сөйтіп, адамдардың арасында «өзіндік ойлау», «өзіндік көзқарас», «жеке пікір» деген қоғамдық қалыпты көріністер жойылады. Жеке басшының «Жалғыз ойлау жүйесі» іске жегіледі. Көпшілікпен ойластыру, қауыммен санасу, жеке пікірді тыңдау жойылған қоғамда бүкіл саладағы тығырықтар пайда болады. Рухани өркениет тоқтайды. Сұрқай тобырлық талғам белең алады. Таланттардың адамгершілікке үндейтін эстетикалық өнері мен шығармалары ескерусіз қалады. Оны тудыратын зиялы топ қайыршылық ахуалға түседі. Оның орнына сөзі мағынасыз, ешқандай әуенсіз айғаймен алмасқан сайқымазақ бақырауықтар пайда болып, бүкіл эфирді басып алады. Ғибратты әдебиеттің орнын бос мылжың, қырттық толы қызыл сөз иеленеді. Көпшілік ортасында тек мәнсіз тойшылдық белең алады, дарақы сауықшылдық қоғамның сәніне айналады, сахналарда ондаған сағат бойы ойына не келсе соны оттайтын, көпшілікті өтірік күлдіретін сайқымазақ маймыл секілді біреулер жүреді... Осылайша, «жеке адамға табынушылық» деп аталатын тобырлардың топас дүниетанымы қалыптасады. Адамдар ақиқат іздеуден қалады, шындық айтылмайды. Ақпарат жүйесі жалпы қоғамға емес, жоғарғы тобырдың мүддесіне ғана қызмет ете бастайды. Сондықтан, «күн көсем» көзге көрініп тұрған үлкен қателіктер жасаса да, ол қателік болып көрінуден қалады. Өйткені, басқару жүйесіндегі алаяқ тобыр бүкіл жауапкершілікті жоғарыдағы бір адамның мойнына арта салатын, өздеріне тікелей тиісілмейтін қолайлы жағдай жасап алған. Саналы топтың аз ғана белгілі белсенділері қоғамның осындай шатасқан кроссворд секілді жағдайын түсіне алмай, түсінік айтумен, сұхбат берумен өздерін алдарқатып жүруден басқа амалы қалмайды... Сөйтіп, қоғамда заң атын жамылған заңсыздық, парақорлық... зиянды науқаншылдық етек алады. Халық пен билік арасы барынша алыстайды, қарапайым адамгершілік, аяушылық сезімдері азаяды, қоғамда билікті сақтап тұруды ғана ойлайтын тасжүрек басқару жүйесі қалыпты жағдай, ауқатты тұрмыс, қоғамдық тұрақтылық секілді көрінетін болады, бұған адамдардың да бойы әбден үйренеді. Өйткені, осындай қайшылыққа толған қоғамда ішкі наразылықты өршітпеу үшін күштік құрылымдар қызметке кірісіп, топтарды, жеке адамдардың ізіне түсіп аңду етек алады. Ол үшін, жоғарғы тобыр арнайы заңдар шығарып, халықты үрейлендіретін жасанды жалаларды жариялайды, оны тынымсыз насихаттайды. Күдіктілерді ұстау, жазалау науқаншылыққа айналады, ақыры алапат асыра сілтеумен жалғасады (Ленин, Сталин кезіндегі «контр», «банд», «басмашы», «пантүрікшіл», «ұлтшыл», «алашшыл», «халық жауы», «жапон тыңшысы», «антисовет»... секілді...) . Ал, осы зардапты көріністерді әшкерелеген, сынаған, қарсылық білдірген жеке адамдар, топтар шыға қалса, оған әлгіндей айдар тағылады немесе барынша қудаланады, қуғындалады (контрреволюционер, басмашы, банды, халық жауы, оппозиционер, ұлтшылдық, экстремист, сепаратист, терісағым, бүлікші, тәртіп бұзушы, псих... т.т.). Мұндай қоғам тежеуішсіз мәшине, компассыз кеме іспетті қатерге қарай зымырап бара жатса да оны ешкім тоқтата алмайды (Мәселен, Советтік және басқа репрессиялар). Ал, әлгі «күн көсем» арқылы өз мүдделерін іске асырушы шонжар тобырлар болса, қандай қатер болса да құтылып кететін ең әккі қулар солар. Олар, сатқындық пен қашқындықтың мамандары, қолына байлық тисе отанын сатып кете беретін екіжүзділер. Ал, ең зор зиян шегетіндер төменгі көп санды тобырлар, аш қалатын да, қырылатын да солар... Елдің аз санды адал жеке тұлғалары қуғынға, репрессияға ұшырайды. Мұндай кезде, бүтін қоғам, бүкіл сала тұйыққа тіреледі. (Тұйыққа тірелгендер алға шыға алмайды, тек кері шегініп жаңа жолға шығады) Тұйыққа тірелуден тоқырау басталады, тоқыраудан кейін әрине, кері шегіну болады. Кері шегінудің шегі жоқ, гуманизм аяққа тапталып, авторитаризмнен, диктаторлыққа, террорлық-фашизмге дейін құлдырап кете береді (Ресей елінде Толстой заманында күдікті адам тергеушіге жауап бермеймін деп айта алады екен, оны зорлап сөйлетуге ешкімнің құзыры жоқ. Ал, жеке адамға табыну басталған Сталин кезеңінде жаланы мойындату үшін, адамға жасалатын азап түрлері орта ғасырдағыдан да асып түскені туралы тарихи деректер бар). Тоқырауға ұшыраған қоғамда, негізгі жазаланатындар «күн көсемнің» қателігін айтып ескерту жасаушы, саусақпен саналатындай аз санды жеке тұлғалар. Көпшілік қауым көңіл күй наразылығынан аса алмайды, тобырлық пиғылдан шыға алмайды. Сондықтан, адамзат тарих бойы көзқарас еркіндігін, ақпарат ашықтығын, яғни, плюрализм үшін күресумен келеді. Өйткені, ол ақиқатты танудың, қоғамдық ойлаудың, әлеуметтік кемелденудің жалғыз жолы. Бір көсем емес, бүтін қоғам ойланған кезде ғана өркениет басталады. Бұл тарихта әлдеқашан дәлелденген ақиқаттар. Қазақ қауымы мұндай адамгершілік еркіндігін «дала демократиясы» арқылы кереметтей іске асыра білді. Әділ хандар, дана билер, көреген көсемдер мен шешендер сол заманның туындысы. Тіпті, ханға сөзін өткізе алатын Тазша бала да даналықтың белгісі. Олар туралы халық жадында жазылған қыруар аңыздар мен дастандардың бүгінге жұқанасы әрең жетті.

Тобырдың түрі

Жоғарғы тобырдың ең белгілі мысалы ретінде Перғауындар әулеті аталады. Пайғамбарларға ең қас болған да солар. Өйткені, пайғамбарлар Жалғыз Жаратушыға ғана бас июге шақырды, яғни, ала-и иллинге (ең жоғарғы дәрежеге) жетуге, адамдық жаратылу мақсатын орындауға үндейді. Ал, перғауындар болса, адамды адамға табынуға, яғни, әсфел-и сафилинге (хайуаннан да төменгі деңгей) түсуге мәжбүрлейді. Сөйтіп, перғауындық жүйе адамды адамға құл ету үшін, тежеусіз билік орнатқан король-қағандар үстемдігін құрды. Бұл жүйе бас еркі жоқ қара құлға, жалдамалы жалшы жұмысшыға дейінгі пендәуи бағындыру жүйесін одан әрі жалғастырды. Қағандар жүйесінің төменгі тобырдан жасақтаған сан мың қосындары адамзаттың тарих бойында қорғану мен басып алу соғыстарында есепсіз қанды қырғындарға ұшырап отырды. Соңғы замандарда оның империялық, коминтерн-интернационалдық, одақтық, социал-демократиялық, ұлтаралық, халықаралық...дейтін монополиялық бағындыру жүйесінің қаншама түрі іске жегілді. Ондай жүйенің негізін салып, іске асырушылар сонау Рим, Грек философтарынан бастап, жаңа дәуірде ағылшын, неміс және басқа еуропалық неофилософтар мен материалистік идеядан туындайтын эволюционист, дарвинист көзқарастағы ғалымдар мен соцдемократтар, революционерлер, коммунистер, интернационалистер, неокоммунистер... деп аталатын атеистік көзқарастағы қауым өкілдері болды. Яғни, бұлар бұл дүниеде күшің жетсе билік етіп қал, қызыққа кенеліп қал дейтін құдайсыздық ұстанымды өрістеткен, мәңгі ақырет дүниесін жоққа шығарған тобырлық пиғылдың шегіне жеткендер еді. Осылардың індеттей таралған алдамшы идеологиясынан суперимпериялар, оған жақтасушы миниимпериялар, оларға жандайшаптық жасайтын жеке мемлекеттер жүйесі жер шарында пайда болды. Олардың басқыншылық, тонаушылық мақсаттары кәдімгі «әлемдік ақиқат» болып мойындалды. Олардың жауыздық әрекеттерін құтқарушылық, тонаушылығын бейбітшілік орнатушылар, өркениет әкелуші, адам құқын қорғаушы... деп насихатталды. Өз елін, өздерін қорғаған патриот ұлт батырларын бүкіл елдің дұшпаны, банды деп жариялайды (Ливиялық Омар Мұхтар, шешен Шәмил қажы, қазақтан шыққан Исатай, Махамбет, Кенесары, Алаш көсемдері, Бөке батыр, Зуха батыр, Елісхан батыр, Қасым батыр, Оспан батыр... басқа бүкіл халықтардан осындай мысал келтіруге болады). Бұл қоғамдық азғын көріністің тобырлардың санасына сіңірілетіні сонша, улайтыны сонша өзінің жанкешті, адал перзенттерін жау көретін, басқыншының көсемдерін жанашыр санайтын мәңгүрт бишаралыққа ұшырайды. Осындай бүкіл қоғамдық зымиян түсініктің нәтижесінде қазіргі империя басшылары баяғының перғауындары секілді, өздерін Құдай санайтындай үстемдікке жетіп алды, әншейін ақмақтық сөздері даналық болып саналатын болды... Өткен тарихтағы перғауындарға қарсы келген пайғамбарлар, адамның Жалғыз Жаратушыға құл болуын насихаттап, мәңгі ақыреттік өмірдің бар екенін дәлелдеген Хақ дінді жер жүзіне қалыптастырды. Хақ діннің жолындағылар пайғамбардың достары мен солардың жолына ерген мұсылман деп аталатын дәреже жағынан бөлек болса да адамдық құқы тең болатын жүйені үлгі етіп қалдырды. Сөйтіп, қазіргі бүкіл адамзаттың талас-тартысы Пайғамбарлық жол мен перғауындық жүйенің тайталасы десе болады. Хақ жолдағылар мен адасушылардың қиямет қайымға дейін жалғаса беретін тарихи жолы деген осы.

Тобырлық сана  мен Имандылық сана

Осындай қарама-қайшы екі жүйенің адамзат тарихындағы нәтижесі қандай болып шыққанын Ислам ғұламалары былай түйіндейді: Перғауындық жүйенің арқасүйері қара күш, оның көрінісі зорлық-зомбылық. Көздегені бас пайда, оның нәтижесі басқаны зиянға, шығынға ұшырату. Өмірлік қағидасы күрес, зорлықпен бағындыру, яғни, диктатура, оның нәтижесі қақтығыс, төңкеріс, қантөгіс. Алпауыт топтардың өзара байланыс дегені, өзге әлсіз жұртты жұтып қою үшін жасалған жікшіл нәсілшілдік пен үстем ұлтшылдық. Оның жеткізер жері сұмдық басқыншы соғыстар. Тартымды іс дегені, сезімді желіктіру, көңілді қоздыру және солайша құмар қандырту болып табылады. Ондай желігулердің соңы адамдарды рухани құлдырату, азғындық, қызыққұмарлық, арақкештік, нашақорлық, құмарпаздық, думаншылдыққа... ұштасады. Ал, Хақ діннің ұстанымындағы рухани мәдениеттің арқасүйері қара күш емес, ақиқат. Оның көрінісі қоғамдық әділет пен адамдық теңдікке жету. Мақсаты бас пайда емес, иман арқылы рухани даму, мұның нәтижесі сүйіспеншілік пен бауырластық байланысты орнату. Өмірлік мақсаты, нәсілшілдік пен ұлтшылдыққа қарсы, діни бауырластық, отансүйгіштік, әлеуметтік ауызбірлікпен өмір сүру. Мұның нәтижесінде, қоғамда шынайы бауырластық орнап, әлеуметтік жанашырлық қалыптасып, бейбітшілік ішкі ауызбірліктің нәтижесіне айналып, сыртқы шабуылдарға қарсы тұратын рухани қорғаныс күшейеді. Өмірлік қағидасы күрес емес, өзара көмек. Мұның мәні, бірлік пен бір-біріне арқа сүйеу. Жалаң желігудің орнына рухани жетілу жолға қойылады. Сөйтіп, адамның жаратылу мақсаты болған, Жаратушыға жалбарыну үрдісі қалыптасады, нәтижесінде әр адам имани ар-ұят деген рухани сақшының бақылауында болатындықтан адамдардың өзара сенімділік, адалдық жүйесі орнығады, қылмыс азаяды. Ол бүкіл қоғамда адами даму мен рухани кемелдікті туғызады. Міне, осындай қоғамда жеке тұлғалар қалыптасады. Жеке тұлғалар қоғамда әділдікті орнатуды, адамгершілік эстетика қалыптастыруды, ғылымды игілікке пайдалануды, өнерді адамның жан-дүниесін әсемдікке тәрбиелеуді, жеке халықтың мыңдаған жылғы рухани құндылықтарын ұмытпай рухани өркениет жолына пайдалануды... іске жегеді, яғни, әмбебап гуманизм үшін күресіп өмір сүретін біртуар азаматтар.

Ұлттық сана – имандылық  сананың көрінісі

«Дала өркениеті» деп аталған ерекше қоғам құрған қазақ қауымы шын мәнінде нағыз Мұсылман елі болатын. Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан, ауылдар ассоциациясынан құралған алып ел ӨЗ ЖҰРТЫ, НАҒАШЫ ЖҰРТЫ, ҚАЙЫН ЖҰРТЫ дейтін бір-бірін қоршаған, берік үш шеңбермен етене туыстық жүйе арқылы бұзылмастай байланысып, осылайша үзілместей қатынаста болған еді (Осы үш жұрт арқылы пайда болған туыстық атаулардың өзі ерекше атаусөздер қазынасын қалыптастырды: нағашы, жиен, жезде, жеңге, балдыз, бажа, бөле, қайын ата, қайын ене, қайнаға, қайынбике, абысын, құда, құдағи, құдаша...). Және осы үш туыстық қатынастың өзі Хақ діннің шариғаты бойынша іске асырылып отырды. Яғни, қазақтар Хақ дінді құрғақ қағида бойынша емес, жанды тұрмыстық қатынас бойынша өз болмысына сіңіре білді. Мәселен, «жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпайтын ел болу» әмеңгерлік дейтін мұсылмандық үрдіспен іске асты. Бүкіл елді, елге танылған әрі батыр, әрі дана біртуар көсемдер басқарды. Халықтың мүддесі үшін, бүтін жұрт таныған дана адамдардан таңдалған «Билер Алқасы» билік жүргізіп, бүкіл елді бүтін ел болдыратын кемелдікке жеткізіп отырды. Қоғамдық тәртіпті жасауыл-жандармсыз, зындан-түрмесіз орнатып, руаралық құн төлеу, ауыл арасы ат-шапан айып салу, ағайын арасы сөзге тоқтау сынды адамгершілік тетіктер арқылы тентектерін тиып, қылмыстыны ар-ұждан сотымен жазалап, адамның құқын қорғай білді. Әр адамның полицейін жүрегіндегі рухани иманымен, ішкі ұятымен бақылатып қойды (Бұл қоғамдық көрініс қазақ халқының Ақ Орда кезеңінде шарықтау шегіне жеткен еді, ал, сол кезде өздерін өркениетті санайтын батыс, шығыс елдері үрейлі қараңғы түрмелер мен айыптыны азаптайтын не қилы сұмдық жүйемен өз қоғамдарын әзер ұстап отырғаны тариха мәлім). Елде арнайы армия құрмай-ақ, әр ауылдағы бозбаласынан бастап бақуат қариясына дейін найзагер, қамшыгер, шабандоздыққа жас басынан дағдыландырған жауынгер, ержүрек, қуатты қауымды қалыптастыра білді. Әлеуметтік қызмет көрсетуде отел-қонақүй, жолбекет салмай-ақ, алып далада көсіліп жатқан әрбір ақбоз үйлі ауылы «Құдайы қонақ қабылдау» (Бұл да пайғамбарымыздың сүннетінен негіз алған) дейтін ізгілік қызметін тегін әрі мүлтіксіз іске асырып, халықтың төл дәстүр-салтына айналдырып жіберді. Нағашылаған, қайыншылаған, ел кезген, мал іздеген кім болса да, аш қалам, қаңғырып қалам деп қорықпай күншілік, айшылық алыстарға емін-еркін сапарлап кете беретін тегін жол торап жүйелерін құрған еді. Жеке адамдарға төлқұжат жасамай-ақ, жолаушы адам өз руын айтса болды, кез келген адам оның қай ауылдан екенін айнытпай танып, егер өте алыс жерге келсе ауыл ақсақалдары оның қай жүзге жататынын сұрап, ары қарай тегін таратып танып алатын, жеке жадтан қоғамдық жадыға дейін дамыған ерекше биокомпьютерлік «төлқұжат жүйесі» қалыптасқаны, қазақтың ғана таңданарлық феномені деуге болады. Балабақша, мектеп, университетсіз отбасы мектебінен бастап... ақсақал, ақбасты әжелер даналығына дейін шарықтаған бүтіндей қазақы төл білім жүйесін қалыптастырып отырды. Бұл білім жүйесі күнделікті тұрмыстық қарекеттен бастап, аспандағы ай, жұлдыз есебі, сахара даланың сансыз тіршілік тынысынан тартып, төрт түлік мал, аң-құс, жайылымдағы сан түрлі өсімдіктердің аты-жөніне дейін әрбір дала тұрғыны айнытпай білетіні ондағы адамдар үшін әркім білуге тиіс әдеттегі нәрсе саналатын-ды... ал, бөтендерден ең керектіні алып, өзіндік салтқа, дағдыға айналдырып, жатжұртқа еліктемей өз мәдениетін де, өз тұрмыс құралдарын да төл болмысына сай кемелдендіре білді... Қазір осы ерекше рухани өркениеттің тірі көзіндей болған қайталанбас дала әуендері мен терең тебіреністі домбыра күйлері, даналыққа толы дастандар мен ғажайып аңыз, ертегілер, әдемі киіз үй, сүйкімді бесік қана бізге мұра болып қалғандай! Расында, мұндай ғажап қоғамдық жүйе адамзат тарихында бұрын-соңды болмағанын, мұны өзгелер айтуға жасырды, ал, өзіміз мүлдем ұмыта бастадық. Себебі, соңғы бодандық қамытын киген екі жүз жыл бойы осы асыл құндылықтарымызға үнемі сырттан, іштен не түрлі қастандық жасалып, асылдарымыздан үздіксіз айырылумен келдік... Ақырында, жады бұзылған жабырқау, жатжұртқа жалпақтағыш жалтақ ой, «біреудің қаңсығын таңсық көретін» еліктегіш тобырға айналдық... Ең соңында, өрттен аман қалған өміршең түбірлерден сүмбіл болып қайта көктеп келе жатқан жанкешті, жаны берік халыққа ұқсаймыз. Енді, бәрін қайта қалпына келтіруге тиіспіз, әсіресе, рухани құндылықтарды қалпына келтірсек, материалдық құндылықтар уайым болмауы керек. Алайда, жоғарғы айтылған мысалдар, қайтадан бұрынғы өткен шаққа қайту емес, мың жылғы мәдениетті қайта қалпына келтірудің жолын қарастыруды көздеу үшінгі еске түсіру ғана. Біз, қазіргі өркениетті деп аталатын елдерден ғылыми технологияны ғана үйренуіміз керек, басқа мәдениет өзімізде жетерінше жасалған, кемелдіктің шыңына жеткен. Яғни, біз тобырлық санадан ұлттық санаға әлдеқашан жеткен, одан да өтіп имандылық сананы бойымызға сіңірген кемел халық едік... Алайда, кейін жаугершілікке ұшырап, бүтін елдің шеті сөгіліп, «Алқакөл сұлама» сұрапылы бізді бодандық қамытын киюге ұшыратып кетті, сөйтіп бодандықтың тобырлық кезеңі басталды. «Зар заман» жыраулары айтқандай ерліктен ездікке бет алдық; Махамбет батыр жырымен өсиет етіп кеткендей, елдікті билікке саттық; Абай хакім айтқандай, «өз билігі өз қолынан кеткен, бір ұрты май, бір ұрты қан» сал-серілік құрып, қылыштың орнына домбыра ұстаған әуейі тобырға айналдық. Соңында, елес коммунизмді қиялдап есі кеткен арақкеш, дінсіз советтік тобырлықты бастан өткіздік. Енді, тәуелсіздік кезеңінде, осыған дейін дендеген рухани дерттің кеселінен айығу жолындағы жанкешті күреске түскен, ұлттық санаға жету үшін сан түрлі қайшылықты бастан өткізіп жатқан қилы тағдырды бастан кешудеміз... Ақиқатында, тобырлық санадан құтқаратындар ұлттың ДАРА ТҰЛҒАЛАРЫ ғана, (мәселен, Алаш Арыстары аз уақытта айтулы тарихи істер атқарды, ақ патшаның меншігіне айналған қазақ жерінің заңды шекарасын қалпына келтірді, қазақ тілінің ғаламат грамматикасын жасап кетті, әр салада кемел оқулықтар жазып үлгерді, бүкіл түріктік мұсылмандық дүниетанымның негізін салды, әдебиеттің кемел үлгісін жасап үлгерді...т.с.с. қазіргі тұлғаларды оқырман өзі біледі...) дара тұлғалардың қаншалықты көптігімен ғана халықтың кемел қасиеті жетілетін болады. Сондықтан, тұлғаларды тәрбиелеу, тұлғаларды қолдау, тұлғаларды қорғау, тұлғаларды көбейту ұлтымыздың мақсатына айналуы шарт, ұлы ұлттардың тарихы осыны көрсетуде... Қазір қазақ халқының алдында тек осы мәселе тұр!

1205 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз