• Тарих толқынында
  • 20 Наурыз, 2019

ТІЛДІ СТАНДАРТТАУ – ИНДУСТРИЯЛЫ ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ

Қанағат Жүкешев, зерттеуші

Норма болмаған жерден ауытқу басталады. Ағылшын мақалы

Тек ауызекі тілде жазу тіл білмегендікті айғақтайды. А.Пушкин

Қазақ тілінің ұзаққа созылған, шешуі қиын түйіндерінің объективті себептеріне қарағанда субъективті себептерінің кері ықпалы басым болды. Құбылысты теориялық-тұжырымдамалық келіспен зерттеудің болмауынан, осы уақытқа дейін тіл көші қонысын таба алмай, қатардағы мұғалімнен Президентке дейінгі күллі қазақтың бас сақинасына айналып отыр. Бұл мақалада сөз қазақ лингвистикасының зерттеу аясынан тыс қалып қойған, сонысымен тілді дамыту бағытына күңгірттік түсірген, өзекті мәселелерінің кейбіреулері туралы болайын деп отыр. Отандық лингвистика картасындағы ақтаңдақтардың ішінде тілді стандарттау (қалыпқа түсіру) және оның тілдердің семантикалық жүйе бірлігіне ықпалы мәселелерін зерттеудің маңызы ерекше болып табылады. Орыс лингвистерінің түсінігінде «тілдік құралдарды стандарттау (қалыпқа түсіру) – олардың айтылу, құрылу, морфологиялық өзгеру, т.б. үдерісіндегі түрлі нұсқаларын бір арнаға тоғыстыруды; солардың арасынан тілді нормаландырудың негізі болатын, міндетті қолдануға ұсынылатын үлгісін таңдап алуды» [Ахманова О. С. Словарь лингвистических терминов.- М.: Советская энциклопедия, 1969] білдіреді. «Тілді стандарттау – әдеби тілді дамытудың квитэссенциясы. Өйткені, «әдеби тіл дегеніміз – нормаланған тіл» [сонда]. Ал, тілді нормалау атауларды, терминдерді, фразеологиялық бірліктерді стандарттаудан басталады. Бұл тренд шеңберінде мыналар қарастырылады: - тілді стандарттау (тілдегі атауларды, терминдерді, фразеологиялық бірліктерді пішіндік және мағыналық орнықтылыққа келтіру); - бейнелілік және орнықтылық категорияларының индустриялы қоғамның әдеби тіліндегі алатын орны; - денотаттық-сигнификативтік ұстаным және оның аударма үдерісінде, термин жасауда қолданылуы; - тілді стандарттау аясындағы полисемантизм құбылысы; - тілдегі синонимдердің тіл стандарты жағдайындағы алатын орны; - тілдегі редупликациялық құрылымдардың (қос сөздердің) тіл стандарты жағдайындағы алатын орны; - тілдегі мақалдар мен мәтелдердің тіл стандарты жағдайындағы алатын орны; - тілді стандарттаудың семантикалық жүйеге ықпалы; - ареалдық және функциялық лингвистика мәселелері; аграрлы және индустриялы қоғам адамдарының лингвемалары, олардың арасындағы айырмашылықтар; - тіл талғамы; - тілдің стандартталуы және мүдделі субъектілердің оны меңгеруі. Аталған мәселелер қазақ лингвистикасында мүлдем зерттелмеген. Тілтанушы ғалымдардың таным ойкуменасында белгіленбеген. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдардың ішінде де, қазақ лингвистері қоғамның аграрлы басқыштан индустриялы басқышқа өту үдерісінің өзі тілдің алдына жаңа талаптар қойып отырғанын, тілді, енді, жаңа укладқа сәйкестендіре дамыту қажеттігін сезе алмады. Енді, бұл мәселелермен айналыспау мүмкін болмайтын кезбен бетпе-бет ұшырасып отырмыз. Қазақ лингвистикасында тіл ор-нықтылығын жүзеге асырудың қазақ тілін дамыту үдеріндегі маңыздылығы ескерілмеді. Қазақ тілінің индустриялы қоғамның мемлекеттік тіліне айналуға тиіс екені, ол үшін тілді жаңа жағдайға лайықтап, іс жүргізуге дайындау қажеттігі назардан тыс қалды. Бұл бағыттардағы жұмыстарды атқарудың жаңа жағдайдағы стратегиясы айқындалмады. Аграрлы қоғамда тілдегі ұғымдарды, атауларды стандартты пішінде және мағынада қолдану қатаң талап етілмейді. Тілдік бірліктерге әркім әр түрлі күңгірт коннотациялық реңк беріп сөйлей береді. Ерекше аймақтық шеңберде, ауыл шаруашылық укладының шектеулілігі жағдайында тілде терминдер сирек ұшырасады және олардың астарлы, бейнелі мағыналарда қолданылуынан аграрлық өндіріске, іс жүргізуге зиян келмейді. Ал, индустриялы қоғамда түгел керісінше. Тілді стандарттау индустриялы қоғам тілін дамыту аясындағы жүзеге асырылуға тиісті бағыттардың ішіндегі ең ұстанымдысына және маңыздысына жатады. Өнеркәсіптің өркендеген, ғылым мен техниканың өндіргіш күшке айналған, нарықтық қатынастар үстемдік құрған, ел ішінде ғана емес, шет елдермен де экономикалық байланыстар мейілінше қарқын алған шақта терминдер, ұғымдар, атаулар қатаң, стандартты мағынада қолданылуы керек. Стандарттау (қалыпқа түсіру) – индустриялы қоғамның әдеби тілінің имманентті ерекшелігі. Ол тілдік бірліктердің пішіндік және мазмұндық орнықтылығының қатаң талап етілуінен көрініс табады. Қазіргі қазақ тілінің әмбебап дағдарысына себеп болып отырған ұстанымды мәселелердің бірі осыдан – аграрлы қоғам тілінің бейнелілігі мен индустриялы қоғам тілінің стандарттылығы арасындағы қарама-қарсылықтан көрініс беріп отыр.

* * *

Бейнелілік – аграрлы қоғам тілінің ерекшелігі

Академик Р. Сыздықова «қазақтың, жалпы түркi-моңғол тiлдерiнiң бiр құдiретi бейнелiлiгiнде» [Сыздықова Р. Бiз қалай сөйлеймiз? // «Қазақстан-Zaman», 24 қазан 2001] деп жазды. Бұл – аталған зерттеушiнiң субъективтi пiкiрi ғана емес, Кеңес кезіндегі және қазіргі қазақ тiлшi ғалымдарының қазақ тiлiнiң «артықшылығы» және «ерекшелiгi» ретiнде қабылдап жүрген бағалаулары болатын. Фольклордың ықпалынан шыға алмай жүрген қазақтар арасында бейнелi сөйлеуге тырысу қастерлей ұстанатын сара бағыт ретiнде әлi қалмай келедi. Бұған ешкiм сын айтпайды, қарсы да шықпайды, керiсiнше, қазақ тiлiнiң «бейнелiлiгiн» әркiм кез келген ұрымтал тұста келтiрiп, «артықшылығын» дәлелдеп бағады. Қазақ лингвистикасында орын алған іргелі қате бағыттарының бірі осыдан бастау алады. Бейнелiлiк құбылысының қазiргi қазақ тiлiнiң дамуына қатынасын айқындауды алдымен сол бейнелiлiк дегеннiң өзiнiң не екенiн түсiнiп алудан бастау керек. Классикалық түсiнiкте бейнелiлiк деп көркем әдебиет туындыларын жасаушының сипаттап отырған объектiнi, құбылысты, оқиғаны немесе кейiпкердiң әрекетiн шынайылықтан тыс, әсiрелеп көрсетуiн айтамыз. Ондай мақсатқа қол жеткiзу үшiн автор көркем әдебиет туындыларын жасағанда жеңiлдiк пен ыңғайлылық тудыратын, тiлдегі бейнелегiш құралдарды – троптарды (теңеулер, аллегориялар, гиперболалар, метафоралар, эпитеттер, литоталар) пайдаланады. Сөздерді астарлы мағынада қолдануға көбірек барады. Қазақ тілінде күшейткіш коннотациялық реңк беруге тырысушылар аталған троптармен қоса, редупликациялық құрылымдарды, синонимдерді, мақалдар мен мәтелдерді, елiктеуiш сөздерді қолдануға бейімдік танытады Қазақ лингвистерінің ақсақалы Ә. Қайдаров бірде «қазақ тілінің ерке-бұлан қасиеті, бейнелеушілік, образдық табиғаты кез келген сөзді бұғау салып, термин етіп қолдана беруге көне бермейді» [Қайдаров Ә. Ұлтты ұйыстыратын құдіретті ұйтқы.- А.: «Қазақстан» баспа үйі», 2003.: 26] деген тезисін алға тартты. Бейнелі сөйлеуді бетке ұстау тұрғысынан қарағанда бұл тұжырымынан терминдердің оңбай жүруі тілші ғалымдардың зерттеулеріндегі дәйектіліктің жетіспеуінен емес, оған «көнбей» жүрген қазақ тілінің «асаулығынан» деген ой аңғарылады. Демек, бұдан ұғарымыз – өзге тілдердің «еркелігі» жоқ, «бұғау салдырады», термин жасауға «көнеді», ал, қазақ тілі «көнбейді». Академиктің коннотациясына сүйенсек, өзгелерден «ерке-бұландығымен», «бейнелеушілігімен», «бұғау салдырмайтындығымен», демек, «керемет асаулығымен», өзгелерден озық қасиеттерімен ерекшеленетін қазақ тілі маңдайы жарқырап, өркениеттің алдында, өзгелерден озып бара жатуы керек еді. Өкінішке орай, нағыздық мүлдем керісінше. * * * Р. Сыздықова ханым мен Ә. Қайдаров мырзаның тұрғысынан қарап, түркi-моңғол тiлдерiнiң, соның iшiнде қазақ тiлiнiң басқа тілдерден артықшылығы ретінде сипатталатын «бейнелiлiгiнен» туындаған «құдiреттiлiгiне» сенсек, қарапайым логика бiздiң алдымыздан мынадай сұрақтарды алға тартады: бiздiң тiлiмiз «бейнелiлiгiмен құдiреттi» болса, онда бейнелi бола алмағандықтан, құдiреттi бола алмай жүрген тiлдер қайсы? Мүмкін, «құдiретсiздердiң» қатарына ағылшын немесе орыс тiлдерiн жатқызуға болатын шығар. Бұл екеуінің алдымен ауызға ілігуін біздің үштілділік практикасын енгізуді көздеген ниетімізден туындаған деп түсіну керек болар. Егер, түркi-моңғол, соның iшiнде қазақ тiлi «бейнелiлiк құдiретiмен» ерекшеленетiн болса, онда, қисынға сай, мұндай тiлдерде көркемөнердiң теңдесi жоқ туындылары жасалып, бұл жағынан «бейнелi» болмағандықтан «құдiреттiлiкке» қол жеткiзе алмай жүрген Еуропа елдерiнiң тiлдерi қазақ прозасы мен поэзиясынан үлгi алуы керек қой. Бейнелi болмағандықтан, «құдіретсіз» болып қалған ағылшын немесе орыс тiлi көркемөнерде қазақ тiлi жеткен деңгейге жете алмаса керек едi. Өкінішке орай, бұл тезистің ғылыммен қоңсы қонбайтынына көз жеткізу қиын емес. Қазақ және ағылшын тiлдерiнiң көркем өнердi дамыту практикасы бұл тұжырымды растамайды, түсiнiк қандай кереғар болса, салдар да көңілдегіден сондай алшақ. * * * Заманауи лингвистика бейнелілікті тілдің ерекшелігі ретінде қарастыруды қуаттамайды. Отандық лингвистикада қағидаланып қалғандағыдай, бейнелiлiк қазақ тiлінің де ерекшелiгi бола алмайды. Бейнелiлiк – тiлдiң тарихи даму үдерісінде көрініс беретін, кезеңдік құбылыс. Дәлірек айтқанда, бейнелiлiк барлық тілдерге тән, бірақ олардың тек дамудың аграрлы баспалдағында болу кезеңінде айшықты көрініс береді. Былайша айтқанда, бейнелілікке үйірлік аграрлы қоғам адамының тілінің ерекшелігі. Барлық индустриялы қоғамдар даму сатысының аграрлық баспалдағында болған. Сол баспалдақта өмiр сүрген кездерiнде ол қоғамдағы тiлдердiң бәрiнде бейнелiлiкке үйiрлiк көрiнiс берген. Қазiргi техника мен ақпараттық технология үстемдiк еткен постиндустриялы заманның «қасаң» тiлiнде сөйлейтiн ағылшындардың өздерi де аграрлық қоғамда өмiр сүрiп жатқан кезде ойларын бейнелеп жеткiзуге құштарлық танытқан, күшейткiш тiлдiк құралдарды көп қолданған. Оны Ф. Бэкон былай сипаттаған: «Бiлiмнiң әлi аз кезiнде, ғылымның әлсiз шағында, қазiр жалпыға танымал және жауыр болып отырған түсiнiктер әдеттегiден тыс, оғаш көрiнiп, сирек естiлiп жүрген уақыттарда адым аттаған сайын метафоралар мен теңеулер естiлушi едi» [Бэкон Ф. Сочинения в двух томах. Том 1. М.: Мысль, 1977: 331]. Аталған ғалымның XVI-XVII ғасырлар аралығында өмiр сүргенi белгiлi. Бұл – Англияның қоғам дамуының аграрлықтан индустриялы басқышына өтiп жатқан, өнеркәсiп пен ғылымның дамуы қарқын алған шағы болатын. Сол заманда ағылшын тілін стандарттау жұмыстары жүргізілген. Дамудың кезеңдік тұжырымдамасы бойынша, тілдердің өркениеттің даму баспалдақтарындағы қолданылу практикасына қарап отырып, қай елдiң тiлi болса да, бәрiне бiрдей, дамуының белгiлi кезеңінде әмбебап құбылыстарды басынан кешiретiн көруге болады. Солардың бiрi – қоғамдық укладтың тiл қолданысқа әсерiне қатысты. Өмiрдің қарқыны мен қоғамдық еңбектің интенсивтiлiгiнiң аграрлық қоғамда төмен, ал, индустриялы қоғамда жоғары болуының тiл қолдануға да тиiсiнше әсерi болады: бiрiншi жағдайда (ауыл қоғамы тілінде) тiл бейнелiлiкке бейiмдiк танытады, полисемантизмге жол береді, екiншiсiнде (қала қоғамы тілінде) дәлдiк пен қысқалық үстемдiк құрады. Бұған қатысты аталған ағылшын ғұламасы мынадай мысал келтiредi: «гректер күрделi сөздердi қолдануға үйiр болған. Римдiктер, керiсiнше, бұл тұрғыда қатаңдық сақтаған. Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады: гректер өнермен айналысуға, римдiктер болса, практикалық қызметке үйiрлiк танытты. Екеуiнiң арасындағы айырма мынада – өнер күрделi сөздердi талап етедi, ал, қауырт iске толы өмiрде қарапайым сөздер қолайлы [сонда: 319-б.]. Одан ары Ф.Бэкон «ежелгi тiлдерде септеулер, көптеулер, жiктеулер, уақытқа бөлулер көп болатынын, ал, қазiргi тiлдер олардан дерлiктей арылып келе жатқанын, көпшiлiк жағдайда олардың орнына предлогтар мен қосымша етiстiктер қолданылатынын» байқаған еді [сонда: 320-б]. Индустриялы қоғамда ақпарат алмасуда тiлдiк күшейткiш элементтердi пайдаланып, ойды бейнелеп жеткiзуге тырысу жаппай қабылданатын құбылыс бола алмайды. Онда, керісінше, бейнелілікті сақтауға тырысу – тілді тығырыққа тіреудің бірден бір жолы болып шығады. Тілдің даму динамикасы қоғамдық укладтың (салт, әдет-ғұрып) дамуымен үйлесімді болуы керек. Қазақстан қоғамы мен қазақ тілінің арасындағы идентификацияның салдары көзге ұрып көрініп тұр. Аграрлы қоғамға тән сипаттамаларымен өмір сүріп келген қазақ тілі индустриялы қоғамдық укладпен үйлесе алмаудан зардап шегуде. Тіл «өгей» қоғамға бейімделе алмай сарсаңға ұрынуда. Бұл құбылыс түрлі ұрпақ өкілдерінің сөз қолданысындағы айырмашылықтан көрініс тауып отыр. Атасының тілін немересі түсіне алмай қалатын жағдайлар осыдан туып отыр. Қазақ тілі қазір XVI ғасырдағы аграрлықтан индустриялы баспалдаққа ауысар шағындағы ағылшын тілі басынан кешіргендегідей ахуалға тап болып отыр. Қазақ тілін аграрлы қоғамның шектеулілігінен құтылдырып, индустриялы қоғамға телу үшін, оны ағылшын тілінің тәжірибелеріне сүйене отырып, стандарттау керек.

* * * Тіл стандарты: формалық және мағыналық аспектілер

Орыс лингвистикасында индустриялы қоғамның әдеби тiлiне қойылатын басты талап – тiлдің стандартталуы мәселесі терең және жан-жақты зерттелген. Академик Ф. П. Филин және басқа зерттеушілер тілдік бірліктердің нормаға келтіріліп қолданылуын стабильность языка деп пішіндейді. Осы зерттеулерде, ретіне қарай, бұл ұғым тілді стандарттау немесе тіл орнықтылығы (тіл тұрақтылығы емес) деп қолданылады, тиісінше, формалық және мағыналық аспектілерге бөлініп қарастырылады. Орыс тілінің лингвистикалық сөздіктерінде, кейбір зерттеушілердің шығармаларында тілдік белгілердің жазылу формасы «план выражения» деп, ал, сөздердің мағынасы «план содержания» деп алынады. Олардың біріншісі тілдік белгілердің сыртқы пішінін, дыбыспен және әріппен берілу тәсілін, екіншісі тілдік белгінің қандай мағына беретінін көрсетеді. Егер, тілдегі терминдер, атаулар, ФБ-лер пішіндік және мағыналық жағынан стандартты қолданылса, онда ол тілде берілген ақпарат пен қабылданған ақпараттың арасында мағыналық айырмаға орын қалмайды, айтушының датын тыңдаушы адекватты түсінетін болады. Бірден айта кету керек, қазақ тілінде ауызша және жазбаша сөз қолданыста формалық орнықтылық талабы мүлдем ескерілмейді. Соның салдарынан мыңдаған сөздердің жазғанда формасы сақталмайды, айтқанда мазмұны да құбылып кетеді. Қазақ тілінде пiшiндiк түрлiлiкте қолданылатын сөздердің көптігі сондай, оның мысалдарын баспа табақтап келтiруге болады.

Мысалы:

Қазақ тілінде сөз қолдануда формалық орнықтылық толыққанды жүзеге асырылмауы, бiр сөздi әркiм әр қалай, өзiне ұнаған нұсқада жаза да, айта да беруі қазақ тілін үйренуді қиындататын факторлардың біріне айналған.

* * *

Қазақ тілінің сорын қайнатып, оны үйренуге де, үйретуге де тосқауыл болып жүрген қырсықтардың келесі бірі және бірегейі тіл қолданыстағы мағыналық күңгірттік болып табылады. Ақпарат берушiнің белгілі бір орнықты мағынасы бар сөзді күңгірттендіріп, өзге мағынада қолдана салу әдеті кең таралған құбылысқа айналып отыр. Бар өкінішті сол, тiл бұрмалаушылықтың үлгілерін алдымен академиялық басылымдардың өздерi көрсетіп отыр. Өрескел мағыналық қателіктердің тiл бiлiмдерiнiң мамандары жасап шығарған сөздiктерден батпандап табылуы – еш өркениеттi қоғам қабылдай алмайтын айғақ. Мысалдар келтірейік.

1-мысал: Бытие – болмыс, тұрмыс; Действительность – ақиқат, шындық, болмыс, жарамдылық; Истина – шындық, ақиқат; Конкретность – нақтылық, айқындық, дәлдiк, деректiлiк Реальность – нақтылық, iске асатындық, шындық, ақиқатқа жататындық [Орысша-қазақша сөздiк. I том. – Алматы: ҚСЭ 1978., Орысша-қазақша сөздiк. II том,– Алматы: ҚСЭ, 1981]. 1-мысалға түсiнiк. Мұнда ғылыми категориялардың аударылуы келтiрiлген. Қазақ лингвист ғалымдарының үлкен тобының қатысуымен жасалған, ең көлемдi сөздiктен алынған бұл аудармаларда дәлдiктен ауытқу былай тұрсын, бұл сөздердiң негiзiнен ғылыми категорияларды бiлдiретiнi, сондықтан, қатаң денотаттық-сигнификативтік келіспен аударылуы керек екендiгi ескерiлмеген. Әр термин үш, төрт, бес сөзбен, кейде тiркес сөздермен аударылған. Кейбiр қазақ сөздерi бiрнеше терминнiң, мысалы, «шындық» сөзi бір жерде «действительность», екінші жерде «истина», үшіншісінде «реальность» сөздерiнiң аудармасы ретiнде қолданылған. Узустық мағынасы бойынша «шындық» – «правда» болуы керек. Аудармада мағыналық қателер де бар, мысалы, «бытие» – «болмыстың» аудармасы бола алады, «тұрмыстың» аудармасы бола алмайды, «тұрмыс» – «бытье». Осы мысалда (бұдан кейін де) узустық мағынасы бойынша дәлдікке жақын аударылған сөздердің асты сызылған. Осы сарынмен алғанда, «действительность» – «нағыздық» (кейде – «жарамдылық»), «реальность» – «шынайылық» болып аударылуы керек. Сөздіктер әр түрлі мақсатта жасалады. Кеңес кезіндегі қазақ ғалымдары жасаған сөздіктер орыс тілін үйренуге және оны қолдануды жеделдетуге бағышталды. Ал, қазақ тілін өмірлік практикада да қолдану мақсатын көздеген сөздіктер құрастыру қарастырылмады. Орыс тілін үйретуді нысана етіп құрастырылған сөздіктердің мынадай ерекшеліктері болды. Орыс тіліндегі сигнификат қазақша сипаттап түсіндіріледі, демек, денотатпен беріледі немесе мағынасы жақын сөздердiң бәрiн тiзумен «аударылады». Заттардың аттарынан басқа мағынаны нақты сөзбен жеткізу қарастырылмаған. Сонда, ол аударма емес, тек интерпретациясы қазақша берілген, орыс тілінің түсіндірме сөздігі болып шығады. Мұны, басқаша айтқанда, орыс тілін үйретуді жеңілдету, қазақ тілін үйретуді қиындату әдістемесі деуге де болады. Өйткені, осындай сөздікпен жұмыс істеген субъектінің есінде орыс сигнификаты ғана қалады, ал, оның қазақшасы қалмайды. * * * 2- мысал: душевая – душқа түсетін үй; процедурная – ем қабылдайтын орын; терапевт – ішкі ауруларды емдейтін дәрігер;.. [Орысша-қазақша сөздiк. I том. – Алматы: ҚСЭ 1978., Орысша-қазақша сөздiк. II том,– Алматы: ҚСЭ, 1981]. 2-мысалға түсінік: Егер, орыс тіліндегі бір сигнификат қазақшаға бір сигнификатпен берілгенде, тілді үйрену, үйрету және оны практикада қолдану әлдеқайда жеңіл болар еді. Ал, орыс сөзін қазақшаға синонимдер тізбегімен немесе бірнеше сөзбен жасалған сипаттамамен бергенде оның мағынасы есте қалады, ал, сол мағынаны қазақша шұбыртып айтып жату мүмкін емес. Сондайдың салдары қазақ тілін меңгерту жолына қойылған үлкен тосқауыл болып келді. Аталған сөздікті құрастырушылардың логикасымен «я в душевой» деген екі сөзбен берілген ақпаратты қазақша «мен душқа түсетін үйдемін» («я в доме, где можно принять душ») деп, төрт сөзбен жеткізу керек. Және бұл «аудармада» «үй» деген сөзді қолданудың ақылға сыйымсыздығы көзге ұрып көрініп тұр. Мұның аты – тілдердегі семантикалық сәйкессіздік. Семантикалық жүйедегі бірлік болмаған жағдайда тілді үйрену де, өзгеге үйрету де мүмкін болмайды (қараңыз: п. 2.2). * * * 3-мысал А: а) сущность – мән, маңыз; значение – мағына, маңыз; смысл – мән, мағына, мақсат, ақыл-парасат; содержание – мазмұн, маңыз, мағына [Орысша-қазақша сөздiк. I т. – Алматы: ҚСЭ, 1978., Орысша-қазақша сөздiк. II т.,– Алматы: ҚСЭ, 1981]. 3-мысал Ә: мағына – смысл, значение, содержание, толк; мән – значение, смысл; мазмұн – содержание, сущность; маңыз – смысл, содержание [Махмудов Х., Мұсабаев Г. Қазақша-орысша сөздiк. – А., 1987.]. 3-А, Ә мысалдарға түсiнiк: Бұларда бiр сөздiң орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздiктердегi аудармалары келтірілген. Бұдан бiр сөздiң екi сөздiкте екi түрлi, дәлiрек айтқанда, көп түрлi аудармалармен берiлетiнi, сонымен қоса, ең бастысы орнықты мағынада қолданылатын әр орыс сөзiне қазақтың қай сөзi тәржіма бола алатындығын түсiну мүмкiн емес екендiгi көрiнедi. Орысша-қазақша сөздікте: сущность – мән, смысл – мағына болып берілгенде, қазақша-орысша сөздікте осы аудармалардың мазмұн – сущность, мән – смысл болып берілуімен қалай келісуге болады? * * * 4-мысал: вдохновить – дем беру, рухтандыру, қыздыру, шабыттандыру [Орысша-қазақша сөздiк. I т. – Алматы: ҚСЭ, 1978.]. одухотворить – рухтандыру, жандандыру, жанды деу, қыдыр тұту [Орысша-қазақша сөздiк. II т.,– Алматы: ҚСЭ, 1981]. 4-мысалға түсiнiк: Мұндағы екi орысша сөзге (түбір сөздің мағынасынан туындатқанда: вдохновение – шабыт; дух – рух), тиiсiнше, шабыттандыру, рухтандыру сөздерi аударма бола алады. Ал, қалған сөздер өздерiнiң тұрақты атқаруға тиiстi мағыналық мiндеттерi болса да, мына жерге орынсыз тықпаланған. * * * 5-мысал: душа – жан, ниет, ой, көңiл, адамшылық, адамгершiлiк, ықылас; душевно – жүректен, ашық; душевнобольной – есi ауысқан; душевность – шын ашықтық; душевный – iшкi сезiм, көңiл, шын жүректен, шын көңiлден; душегуб – жан алғыш, қанiшер; душенька – жаным, күнiм; душонка – пасық жан, құр сүлде. 5-мысалға түсiнiк: Мұндағы асты сызылмаған қазақ сөздерiнiң бәрiнiң тиесілі атқаратын мағыналық жүктемелерi бар. Олар мыналар: ықылас – внимание; ой – мысль; ниет – намерение; адамшылық – человечность; адамгершiлiк – нравственность; жүректен – от сердца; ашық – открытый; есi ауысқан – сумасшедший; iшкi сезiм – внутреннее чувство; қанiшер – кровопийца; күнiм – солнышко (мое); құр сүлде – (только) скелет. Сөздiктiң осы 210-бетiндегi 44 сөздiң 22-сiнде (50 пайызы) қазақша аударғанда дәлдiктен ауытқу, кейбiреулерiнде өрескел қате бар [Орысша-қазақша сөздiк. I том (А-О). – Алматы: ҚСЭ бас редакциясы, 1978]. * * * 6-мысал: Понятие – ұғым, түсінік, мағлұмат, пиғыл (Орысша-қазақша сөздiк. А.: ҚСЭ, 1981). 6-мысалға түсінік: Аударма ретінде бірінші тұрған сөз дұрыс. Өзге үш сөздің атқаратын өздеріне тиесілі мағыналық жүктемелері бар. «Түсінік» белгілі бір зат, құбылыс, үдеріс жөнінде адамың мағлұматты болуын (ор.: представление) білдіреді. Және ол мағлұмат түрлі деңгейде – көбірек немесе азырақ болуы мүмкін. «Мағлұмат» – мәліметтің пішінін өзгерткен түрі, ақпараттың синонимі. Пиғыл – адамның ойша діттегені. * * * 7-мысал: Миропорядок – әлемсипат. Мироустройство – әлемқалып (Терминологиялық хабаршы, № 4, Желтоқсан 2009). 7-мысалға түсінік: Әр сөздің узустық мағынасы ескерілмегендіктен ұсынылған үлгілердің де мағынасы күңгірттеніп, тыңдаушыны шатастыратын, жасанды құрылымдар пайда болған. «Мир» сөзін «әлем» деп аударуға болмайды. Мир – дүниежүзі; әлем – вселенная; сипат – характеристика; устройство – құрылғы; қалып – норма. Бұлар қазақтың құлағына осылай сіңісті болып, орныққан. Бұларды басқа мағынада қолданып, түрлендіру индустриялы қоғам тілін стандарттау ұстанымдарына қайшы келеді. «Порядоктың» түбірі – ряд, қазақша «қатар» немесе «рет». Бұдан миропорядок – дүниенің түзілу реттілігі, қысқартып айтқанда дүниетүзілім болып шығады. Мағынасы дүниенің белгілі бір ретпен түзілуі. «Қалыптың» бұл жерге қатысы жоқ. Устройство – құрылғы болғанда, мироустройство – дүниеқұрылғы, фонетикалық ыңғайлылығы жағынан дүниеқұрылым деп алуға болады. 8-мысал: «Қос министрліктен жауап келді» (Ана тілі. 21-27. 08. 2014). «Қос халықтың арысы» (Қазақ әдебиеті. 13.03.2015). «Қос қыз жарысқа аттанды»; «Қос елдің басшылары кездесті» (мерзімді басылымдардан). 8-мысалға түсінік: Қазақша «қос» деген сөз орысшаға «пара» деп аударылады. Узустық мағынасы жағынан қазақ сөзі де орыс сөзінікіндей, бірі бірінен ажырамайтын, бірінсіз екіншісі өмір сүрмейтін, үнемі бірге болатын екеуді білдіреді. Мысалы, қос қанат, қос аяқ, қос балақ, қос ат (арба бір дәртелі болғанда). Қостан қосақ деген сөз шығады – отбасын құрайтын ері мен зайыбы дегенді білдіреді. Қазір қазақтар қостың коннотациялық реңкін сұйылтып, «екінің» синонимына айналдырып алды: қос команда, қос қыз, қос спортшы,.. деп сөйлейтін болды. Өте сауатсыз, зиянды қолданыс, тілбұзарлықтың өрескел түрі.

* * * 9-мысал: «Қазан айының оныншы жұлдызы күні» (мерзімді баспасөзден). 9-мысалға түсінік: Ақталмайтын, тіл үйренушіні шатастыратын, сауатсыз транссемантизация. Бұл жерде «күн» сөзін «жұлдызбен» алмастыру қажеттіктен туындап отырған жоқ. Біріншіден, орфоэпиялық және фонетикалық тұрғыдан «жұлдыздың» «күннен» артықшылығы жоқ. Екіншіден, «жұлдыз» лексикологиялық және лексикографиялық реестрлік мәртебесі бар, онсыз да семантикалық жүгі ауыр сөз. Узустық мағынасы бойынша «жұлдыз» – күн сияқты, айналасында планеталары бар, аспан денесі. Қосымша семемада көпбұрышты геометриялық фигура. Енді, оған тағы бір мағыналық жүктеме қосып, өз орнында дұрыс тұрған сөзді (күн) қозғаудың сауаттылыққа жатпайтынын аңдау қиынға соқпаса керек еді. Құбылыстың орын алу себебі мынада: орта ғасырларда жазылған тарихи деректерде «жұлдыз» сөзін айдың белгілі бір күні мағынасында қолдану ұшырасады. Осы қолданысты бір тарихшы тіл практикасына жауапсыз алып шығуы мұң екен, журналистер іліп әкетіп, енді «күнді» «жұлдызбен» алмастырып айтуды әдетке айналдырып алды. Соның салдарынан, тіл практикасында осындай плеонастикалық қойыртпақ орын алып отыр. Бұл мысал да тіл қолданыстағы анархиялық бетімен кетістің көрінісі болып табылады. Индустриялы қоғам тілінің талабы осы ұғымды «қазанның оны күні» деп, іс жүргізуде қысқа және нақты қолданыс талабы «оныншы қазан» деп қолдануды қалайды. * * * Терминдер және олардың қолданылуы Қазақ тілінде сөз қолдану практикасында терминдерді мағыналық шатастыру түрлі девиациялық формаларда ұшырасады: орнықты мағыналық жүктемесі бар термин өзге мағынада қолданылады немесе түрлі мағынада қолданылуға тиіс бірнеше термин бір мағынада немесе бір термин бірнеше мағынада немесе бір семантикалық өрістегі терминдер бірінің орнына екіншісі қолданылады. Құбылыс тілдің алдында тұрған үлкен қырсықтардың біріне – қауіпті сырқатқа айналған. Кең таралған ұғымдар мен термин сөздердi ғылыми дәйектілікке жатпайтын, эклектикалық тәсiлдермен аударудың тұрпатты мысалдары: - терминдердi күрделі редупликациялық құрылымдармен аудару: «сознание» – «сана-сезім»; «достоинство» – «қадір-қасиет»; «адрес» – «мекен-жай»; - терминдердi аударуда көпсөздiлiкке жол беру, бiр сөзбен берiлген терминді екi немесе бірнеше сөздермен аудару: «коррупция» – «сыбайлас жемқорлық»; - терминдердi аудару үдерiсiнде мағыналық қателiкке жол беру. Мысалы, «транспорт» – «көлiк». Көлік – транспорт емес, тасымал құралы, мыс.: автомобиль, түйе, арба, ЛЭП; «Стабильность» – «тұрақтылық». Тұрақтылық – «постоянство», мыс.: Авогадро заңы; π = 3,14; - қисынсыз ресемантизациялау арқылы жаңа сөз жасап аудару. Мысалы, «ресторан» – «мейрамхана»; - екi немесе бiрнеше терминдi бiр сөзбен аудару. Мысалы, «абитуриент» – «талапкер», «истец» – «талапкер»; - өзге терминнiң аудармасы мiндетiн атқарып жүрген сөздi екiншi рет қолдану: «космодром» – «ғарыш айлағы» («айлақ» - «причал» болатын). Келтiрiлген мысалдардан бiз қазiргi қазақ терминдерінің уақыт талабына сай жетіле алмай отырғанын көреміз. Осылай, ресми ақпарат таратушылар – мемлекет қайраткерлерi, ғалымдар, журналистер, түрлi оқу орындарында сабақ берушiлер, көше безендiрулерiн жасаушылар, жарнама берушiлер, құқық қорғау және қоғамдық тәртiптi сақтау органдарының адамдары, бәрі тілбұзарлықтың өрескел үлгілерін көрсетіп отырады. Көпшілікке таралатын ресми ақпаратты жеткізушілер солай сөйлейді, қатардағы адамдар соларға ілеседі. Қазақ сөздерi мағыналық жағынан да, пiшiндiк жағынан да өрескел бұрмалаушылыққа ұшыраған. Бұл құбылыс қазiргi қазақ тiлi индустриялы қоғамның әдеби тiлiне қойылатын талаптардың бiрi – тiл стандарттылығы талабын қанағаттандырудан аулақ жатқанын көрсетеді. * * * Кең таралған ұғымдар мен ғылыми терминдердің тіл қолданыста бұрмалануының кейбір мысалдары: 1-мысал: «Топан су Манхэттеннің оңтүстік бөлігіндегі үйлердің подвалдарын толтырды» немесе «топан су Қызылағаш ауылының жанындағы көпірді бұзып кетті» (күнделікті баспасөзден). Мысалға түсінік: Топан су – қасиетті кітаптарда сипатталатын, бүкіл дүние жүзін түгел басып кететін су. Тіркестің орнықты мағынасы бар. Топан су қаптағанда тау жоталары ғана көрінетіндей жағдай орнайды. Қазақ журналистері қатты дауылдан кейін мұхит суының көтеріліп, қалалардың көшеліріне қаптауын, нөсер жауыннан өзеннің тасуын, сел жүруін топан сумен шатастырып соға беруді әдетке айналдырып алды. 2-мысал: «Дүниетаным, дүниеге көзқарас дегеніміз – айнала қоршаған орта, бүкіл әлем, тұтас дүние туралы, ондағы адамның орны, тіршіліктің мән-мағынасы туралы көзқарастардың пікірлер мен түсініктердің жүйеленген жиынтығы» (Рахметов Қ., Сәрсенова Ж. Философия (оқу құралы) – А.: Өлке, 2004. 4-б.). Мысалға түсінік: Айқындамада жеке философиялық категорияларды білдіретін дүниетаным мен дүниеге көзқарас бір ұғымды білдіретін терминдер ретінде келтірілген. Орыс тіліне олар, тиісінше, «мировоззрение», «взгляд на мир» деп аударылады. Бұған қоса, бір сөйлемнің өзінде бірнеше семантикалық түйткіл бар. Сөйлем шашырап жатыр. Логикалық тавтология бір емес, үш рет ұшырасады. Біріншісі – қоршаған орта, бүкіл әлем, тұтас дүние; екіншісі – «көзқарас дегеніміз... көзқарастардың жиынтығы», үшіншісі – «туралы» сөзі. Басы артық екі сөз бар: «дегеніміз», «жүйеленген». Нақты мағыналық жүктемесі бар екі сөзді (мән – сущность, мағына – смысл) себепсіз қосарлап қолданудан ой күңгірттігі туындаған. Бірыңғай мүшелердің арасына үтір қойылмаған. 3-мысал: «Көзқарастың өмір сүруінің үш формасы бар: сезімдік, рационалдық және еріктік» (сонда. 4-б.). Мысалға түсінік: Философиялық ұғымдарды мүлдем қате түсіндіру: сезімдік, рационалдық –көзқарастың формалары емес, дүниетанымның деңгейлері. «Еріктіктің» бұл өріске қатысы жоқ. 4-мысал: «Аңыз (мифология), дін және философия – бұл көзқарастың үш типі» (сонда. 5-б.). Мысалға түсінік: Бұл жерде дүниетанымның үш түрі «көзқарастың үш типі» деп тағы қате түсіндірілген. 2, 3, 4-мысалдарға қорытынды: Мәселенің мәніне дендеп бара алмайтын, интеллекті төмен, сауатсыз авторлар «Философия, оның қоғамдағы рөлі және зерттейтін мәселелері» деген тақырып бойынша берілген ғылыми категорияларды (дүниетаным, көзқарас, мән, мағына, дүниетанымның деңгейлері, дүниетанымның түрлері) түгел қате түсіндірген, теріс оқытудың теңдесі жоқ үлгісін көрсеткен. Әзірше қазақ терминдері жеке адамның немесе Терминкомның бастығының қалауымен, ұнайды-ұнамайды ұстанымымен жасалып келеді. Ғылымилыққа үш қайнаса сорпасы қосылмай тұрса да, сол сөзді, сол жерде, солай айту сол адамға ұнап тұрғандықтан солай қабылданып кете береді. Терминді жасанды жолмен немесе ойдан шығаруға болмайды. Терминкомның төрағасының немесе лингвистикадағы беделдінің, ақсақалдың ырқымен жасалған терминнің өмірі ұзақ болмайды. Жаңа термин жасауда немесе аударуда тек тілдің даму логикасы мен заңдылықтарына сүйену лазым. Қоғамның өркениетті өмірдегі орны, күйі, функциялы лингвистика талаптары ескерілуі керек. Тіл стандарты бірінші кезекте терминнің формалық және мазмұндық жағынан орнықтылығын қалайды.

925 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз