• Тарих толқынында
  • 30 Сәуір, 2019

БІЗ – ХАНЫН ҚАДІРЛЕГЕН, БИІН ҰЛЫҚТАҒАН ҰРПАҚПЫЗ

Мұзараф АХАНОВ, еңбек ардагері, инженер-геолог, «Құрмет» орденінің иегері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы

Бірден шаруаға көшейін, мен жасы сексеннен асқан қарт кісімін. Кезінде сан түрлі қызметтердің басын қайырдық. О жағына тоқталғым келмейді. Дегенмен, көптен бері ойда жүрген, мына, мәселені ел есіне қайыра салғым келеді. Қолым қышып, мақала жазып, жұртқа білгіш атанайын деген мақсат емес, менікі «ұмытылмауға тиіс жағдаятты жүзеге асырудың мезгілі жетті-ау» дегенді қаперге салу, дұрысы, осыған қолдарынан іс келетін азаматтарды жұмылдыру. Алдымен айтарым, бұл пікірдің туындауына Тұрсынхан Зәкенұлы деген жазушының «Көкбөрілердің көз жасы» атты тарихи кітабы түрткі болды. Мұнда біздің талай тарихымыз тұнып жатыр, «өткеніңді білмей, болашақты болжай алмайсың» дегендей, кейінгі жолды ілгері жалғайтын жастарға алатын тәлім-тәрбие көп. Рас, ықылас қойып зерделеп оқымағанға бұл оңай шағылатын жаңғаққа ұқсамайды. Мұны оқу үшін де ішкі дайындығың керек. Оқып отырып, бабаларымыздың қайсарлығы мен қаһармандығына таң қаласың. Міне, мына бір тұсқа назар салыңызшы: «Монғолдар Хорезім Шах-Мұхамбеттің жерлерін жаулап алды. Тұтас Дешті-Қыпшақ солардың құзырына өтті. Бір кезде олардың алды Иран асып, Гүржістан арқылы Қап тауына дейін жетті. Ұлы дала тағы да ұлыстарға бөлінді. Шыңғыс хан басып алған жерлерін төрт ұлына үлестіріп берді. Байырғы Дешті-Қыпшақ, Арқа төсі – Жошыға, Алтайдың күн бетінен Жиделі-Байсынға дейінгі жерлер екінші ұлы Шағатайға қарады. Жошының ордасы алғашқыда Найман-Кере Шыңғыстауға қонып, кейін Ұлытауға көшірілді. Ал, Шағатайдың ордасы Іле бойына ірге жайды. Қоңыраттың Мәуке биі, Барластың Қарашар биі оның оң тізесі мен сол тізесін қатар басқан ақылгөй білгірі болды. Күшілік зарын қылған Алтай беті тұтасымен Өгедейге қарады. Хангай бойы кіші ұлы Төлеге тиді» делінеді. Көрдіңіз бе, Шыңғыстың төрт ұлы төрт тарапты түгел алды ғой. Солардың ішінде менің назарымды аудартқаны Жошы. Шыңғыс хан өзінің төрт ұлын Найман-кереде отырып, әңгімеге тартады. Сөз арасында төртеуіне ортақ бір сауал қояды. Ол қандай дейсіз ғой? Қызық. Қызығы сол, төрт ұлын қатар отырғызып қойып, бір-бірлеп көзін сүзе қарап «Айтыңдаршы, дүниенің рахаты не?» дейді. Жошы: «Меніңше, дүниенің рахаты жылқыны көбейтіп, үйір-үйірімен семіртсе, олардың жайылымына киіз үй тігіп тастап, сауық-сайран құрса, шетсіз, шексіз далада ит жүгіртіп, құс салса, абалап аң ауласа» деп жауап береді. Шағатай: «Менің ойымша, дұшпанды жеңсе, бас көтергеннің еңсесін түсіре езсе, нар атаулы ботасын іздеп боздаса, патшалар солқылдап жыласа» дейді. Ал, Өгедей болса «Әкеміз сан қиындықпен қосқан елге тыныштық орнаса, әкенің ұлылығын сақтап, халқы бақытты өмір сүрсе» дегенді айтады. Соңынан сөз алған кіші ұлы Төле: «Арғымақ атың бәйгеден келсе, айдын-көлдің жағасында қаршығаң сұқсыр ілсе, қуаныш деген сол ғой» - дейді. Балаларының сөзін тыңдап болған Шыңғыс: «Жошы жасынан жылқыны жақсы көрді. Ол соны айтады. Шағатай ес білгелі жанымда жүріп, осы күнге қалай жеткенімізді көзімен көрді, оның айтып тұрғаны сол. Өгедейдің арманы баланың қиялы ғой. Ал, Төленің айтқанының жаны бар» - дейді. Осыдан да аңғарылады. Әке балаға сыншы. Шыңғыстың көрегендігі сол, болашақ тақ мұрагерлерін таңдаудың тәсілін таба білгендігінде. Жошының даланы, жылқыны жақсы көретінін бейбіт күнге құштарлығын аңғарды. Содан да болар, оған Арқаның мидай жазық кең даласын сыйға тартты. Қазіргі тілмен айтқанда, байтақ еліміздің барлық өңірі. Әрине, соның ішінде бас тіреп, баса айтатыны Ұлытау болса керек. Ал, аталмыш кітапта бұл туралы да қызық мәліметтер бар. Мынаған қараңыз. «Жастайынан ерлікті, серілікті ту еткен Жошы хан Арқа төсін ен жайлап, желіге бие мол байлап, емін-еркін салтанатты сән құрды. Арқаның Қызыларай, Қарқаралы, Көкшетау, Баян, Ұлытау деген тауларын ұлық тұтты. Ондағы ел де Жошыны құшақ жая қарса алды. Үйсін Майқы би бастаған қазақ билері 1224 мешін жылының жаз айында Найман-Кере тауының бөктерінде Тимужинді өз аттарынан ұлықтап, оның ұлы Жошыны өздерінің тікелей әміршісі деп таныған еді. Жошы ел құрметін түсінді. Қаракеңгір өзенінің бойындағы көкорай шалғын далада иісі моғолдың жақсы-жайсаңдары мен билері түгел қатысқан жиында дала төсіндегі қалың тайпалы ел Жошыны ақ киізге салып, хан көтеріп тұрып, «Үйсін Майқы би: «Тақсыр, біз тек бұл дүниедегі теңдессіз Шыңғыс ханның алдында ғана бас иіп, оның және ержүрек ұлы, Сіздің құзырыңызға кіруге ниет қылдық. Басқа әрқандай күш бізді бағындыра алмайды. Сіз біздің ұрпақтан-ұрпаққа дейін төрімізден орын, төбемізден жайлау беретін төреміз болыңыз»,- деді. Майқы бидің бұл сөзін Қоңырат Сеңгеле би мен Мәуке би, барлас Қарашар би, моғол Тазша бала, атақты Көкеше шешен ағынан жарылып, ағыл-тегіл сөз сөйлеп қоштады. Күйші Кетбұқа, Домбауыл, Арғсұн қобызшы дала желінің сарынына салып, күңірентіп күй тартты. Өзін хан көтеру рәсімі аяқталған соң, жұрт алдында Жошы Майқыны «ел көсемі, ұлыстың ұйытқысы болсын» деп, ел атасы атады. Майқы биге «Таңбаң сүргі, яғни, малатемір болсын, құсың бүркіт, ағашың қараағаш, ұраның «Салауат» болсын» деп, Қоңырат Сеңгеле биге ұраның «Қоңырат», құсың – сұңқар, ағашың – алма, таңбаң – ай болсын», - дейді. Сол жолы Жошы хан қазақ ру тайпаларының, ұлыстарының қағандары мен бектеріне, тархандарына, жабғыларына түгел ат-атақ, ұран, таңба үлестіреді. Осы жиынға қатысқан билер бірауыздан: «Бұдан былай ұранымыз Алаш болсын, төреміз Жошы, көсеміміз Майқы болсын. Төре ұрпағы арқа ұранды төре аталсын»,- деп пәтуаласады. Міне, біздің тарих қайда жатыр. Жошының билігіне бас ұрған ел оны өзіне Шыңғыс ханның көзі тірісінде-ақ, Жошы хан деп атап, сеніп, хан сайлады. Жалпы, Жошы – тарихы өте күрделі тұлға. Жошы туралы әртүрлі қауесет, жел сөздер жетерлік. Бірақ, Шыңғыс хан оны ешкімнің талқысына салмайды. Өзінің ұлы Шағатайдың Жошының жағасынан алған әрекетіне де одан әрі жол бермеді. Ен далада өзінен кейін хан аталған ұлы Жошыға шексіз билікті өз қолымен берді. Оған деген басқа ұлдарының қызғанышын да сезді. Тіпті, мұрагерлік туралы әңгіме болғанда, Шағатай: «Оу, әке! Сен оны өзіңе мұрагер қылмақшысың ба? Ол деген меркіттің сарып кеткен жеріне шыққан арамшөп емес пе»,- дейді. Жошы оның алқымынан алып сығымдайды. Оларды Боршы мен Мұқали арашалайды. Сол жолы Шыңғыс хан Шағатайдың ұсынысымен Төлені мұрагер деп жариялайды. Оған Жошы келіседі. Бірақ, хан балалары арасындағы араздық өрши түспесе, басылмайды. Аяғы, 1227 доңыз жылы Сарыарқа жерінде аң аулап жүрген Жошы ханды Шағатай адам жіберіп, опат етеді. Бұл туралы тарихи деректі кітаптарда толық мәліметтер бар. Қазақ ССР энциклопедиясының 4 том 43-бетінде Жошыны Шағатайдың кісі жіберіп өлтіргені ашық айтылады. 2015 жылы Мәскеуде басылып шыққан Рүстем Рахманалиевтің «Империя тюрки» деген кітабының 286-бетінде Шағатай Жошыны адам жіберіп өлдірді деген дерек бар. «Құлан теуіп өлтірді, құлан шайнап өлтірді» дегенді де айтып, жазып жүргендер жетерлік. Кім қалай десе де, «Жошының өлімі кейінгі ұрпақ бірімен бірі шайқасып кетпесін» деп жасырын сақталып қалды. Осы жерде Кетбұқа бабамыздың даналығын айта кеткен дұрыс. Жошыны құлан шайнап өлтірді деген аңызды Шыңғыстың құлағына құйды. Ел солай құлағдар болсын дегені. Әйтпесе, қару-жарағы сай, соңында бес мың нөкері бар тұлпары дүлдүл Жошыны тұрқы қашырдай болатын өзі жаралы ақсақ құлан қалай шайнайды? Жошы – жекпе-жекке шығып жүрген батыр. Құралайды көзге атқан мерген. Оның қасындағы оққағарлары да осал емес. Бұл арнайы адам өлтіруге машықтанған баскесерлердің қапиядағы қимылы болса керек және бір ойға оралатыны күні бүгінге дейінгі аңыздар мен басылым беттерінде жарық көрген мәліметтерде Жошының астына мінген тұлпары қайда қалғаны туралы айтылмайды. Ол кімнің тақымында кеткені де белгісіз. Белгілісі – Кетбұқаның күйі. Осы күй арқылы Жошының өлімі иен далаға құланнан келді деп естілді. Әсілі, Жошының атының өзі, әу бастан-ақ сан тарапқа жүгіртер сыпсың сөздерге жел бергендей. Жошы деген сөздің өзі моңғолдардың арасында жолшы, жолаушы дегенді меңзейді екен. Шыңғыс хан баласына жолаушылап келдің бе, жолдан келдің бе дегендей сұрақпен қараған сияқты. Себеп, Бөртенің меркіттердің қолында тұтқында болғандығында жатса керек, қалай десек те, Шыңғыс хан Жошының ерлігін, әділдігін, батырлығын, байыптылығын, байсалдылығын бағалаған. Өзінен кейін көзі тірісінде хан аталған баласының әр ісіне сүйсінген. Шыңғыс ханға бұл қаралы хабарды Кетбұқа күймен жеткізді деген де аңыз бар. Рас. Шыңғыстың алдына келіп, ботасы өлген бозінгендей күйді бебеулеткен Кетбұқаға Шыңғыс хан: «Оу, Кетбұқа, баяғыда бозінген жеріп, ботасын алмағанда сен бес саусағыңды сірімен қаптап алып, інгенді иітіп, ботасын алдырып едің. Енді, мені де сол ботасынан жеріген інгендей еміренттің-ау. Қайда менің Жошым? Андағы пәленің дауысы сұмдық қой. Ау, Шыңғыс хан, Шыңғыс хан, Арқада құлан жосыған. Балаң өлді Жошы хан, Балаң өлді Жошы хан, – деп отырсың-ау тәрізі», - дегенде, омырауы жасқа толады. Оған қосыла ел жылайды. Күйді естірткен домбыраның шанағына қорғасын құяды. Ал, Кетбұқаның кім екенін қалың ел бүгін танып білді. Жезқазған қаласының қақ ортасында Кетбұқаның ескерткіші тұр. Ендігі бір ой, сол Кетбұқа ескерткіші жалғызсырамаса екен деймін. Бұл – менің жеке пікірім. Алты алаштың басын қосып, кең даланың ханы сайланған Жошы ханды ойға түсіріп көрейікші. Жошы деген атына хандықты қосып айту нені білдіреді? Қазақ даласындағы хандық биліктің басқадан емес, дәл осы Жошыдан басталғанын аңғартады. Алты алашқа билігін жүргізіп, ел ішінде мамыражай көңіл-күй қалыптастырып, қазақ баласының қаз тұрып, қадам басуына, өз алдына жеке ел болуына арналған қаданы алғаш қаққан да осы Жошы дер едім. Ендеше, бізге, мына Қазақ еліне Жошы Шыңғыс ханның үлкен ұлы ретінде ғана емес, елдің басын құраған хандық дәуірдің шаңырағын көтеріп, босағасын бекіткендігімен де қадірлі. Ана жылы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жезқазған -Бейнеу теміржолының ашылуы салтанатына қатысып, сөз сөйледі. Содан кейін Елбасы атбасын Ұлытауға бұрды. Сондағы Балбұлақтың басында, қалың орман арасында елге сөз арнады. Реті келгенде, айта кетейін, сол бұлақтың басындағы әлемдегі барлық шұрайлы жердегідей табиғаты келіскен тарихи орынды таңдап, ғажайып демалыс үйін салдырған «Қазақмыс» корпорацияның сол кездегі Жезқазған аймағындағы құрылымын басқаратын менің ұлым Талғат Мұзарафұлы болатын. Міне, осы жерде Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлытау туралы айта келіп: «Бұл жерде біздің халқымыз Жошы ханды ақ киізге орап, хан көтерді», - деп атап өтті. Елбасы еске салған ерімізді біз неге ұмытамыз? Бүгінгі рухани жаңғыру жоспары жүзеге асып жатқанда, қазақ хандарының бастауында тұрған, Елбасының өзі атын атап өткен ханымыздың мәңгілік қонысы болған жер – іргемізде. Жошының биік бейнесін ұрпақтан-ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Жошы туралы Елбасы бекер еске салған жоқ. Мұны Елбасының тапсырмасы деп қабылдағанымыз жөн. Еліміздің экс премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевпен бірге Жезқазғанға келген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Санта-Клаустың қайда туып, қайда өлгенін ешкім білмейді. Өмірде ол болған ба, болмаған ба, белгісіз. Әйтсе де, еуропалықтар бір жерді Санта-Клаустың моласы деп белгілеп, соған туристердің баратын жағдайын жасады. Қазір оған ағылған адамда шек жоқ. Біз де осы Ұлытауда бір адамға белгі қойып, туристерді шақыруымыз керек» деп еді. Міне, министр мырзаға қиялдан адам іздемей-ақ дәл осы Жошы ханға назар аударып, оған ескерткішті Жезқазғанның басында орнатса, дүниенің төрт бұрышынан ағылған адамның легін көрер едік. Ресейлік жазушы Константин Пензовтың Мәскеудің «Алгоритм» баспасынан 2006 жылы «Русский царь – Батый» деген кітабы жарық көрді. Басылымның басынан соңына дейін Жошының баласы Батыйды орыстың патшасы деп бағалайды. Қазақша айтқанда, біздің алғашқы ханымыз дейді. Ал, Батыйдың әкесі кім? Жошы. Сол Жошының баласын орыстар «бірінші царь» деп отыр. Ендеше, Жошыны Елбасымыз есімізге салып, билігіміздің бастауында тұрғанын атап өткенде, біз неге үнсіз қаламыз?! Константин Пензовтың кітабы шыққаннан бері қаншама жыл өтті. Жайшылықта шу ете қалатын орыстың жазушы, тарихшылары «бұл дұрыс емес» деп айтқан жоқ. Демек, мойындалып тұр. Батыйдай баһадүрді тәрбиелеген Жошы біздің жадымызда. Бабаларымыздың бабалары хандығымыздың бастауы Жошыдан деп айтып өтті. Бұл Жошыға дейін мемлекет болмады дегендік емес, жеке-жеке хандық құрған кезден басымызды біріктірген – Жошы хан. Сол Жошыға күмбезді мазар салған да біздің бабаларымыз. Бабаларымыз құрметтеген ханды, балалары бағаласа артық па? Кейінгі ұрпақ біліп, көріп, үлгі алу үшін де Жошының биік бейнесі бой көтерсе, Арқа төсі ажарлана түспей ме? Бұл Жошыға ғана емес, сол заманда өмір сүрген бабаларымызды еске алуға да мүмкіндікті молайтады. Сансыз нөкерінің дені де осы бүгінгі қазақ балаларының бабалары екені әмбеге аян. Осы тұрғыдан келгенде Кетбұқадан кейін Кеңгір бойындағы келісті қалада Жошы ханның ескерткіші орнатылса, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Олай дейтінім, біз ханын қадірлеп, биін ұлықтаған ұрпақпыз. Өткенімізді өшірмей, алға қарай өсу үшін де бабалар жолын жоғалтпағанымыз ләзім. Мамандығым инженер-геолог. Мек-тепте оқып жүргенімде, Шахмардан Есеновпен кездесу өтті. Сонда ғалым бір сөзінде академик Обручевтің «әсілі кен инженері дегеніміз жермен жұмыс істейді. Ал, жұмыс істейтін жерінің тарихын білмеген адам қалай ин-женер болады» деген сөзін айтқан еді. Инженер боламын деп жүрген маған бұл сөз ой салды. Орта мектептегі тарих үйірмесін басқардым. Тарихи құжаттарға үңілдім. Тарихшы Е.Бекмахановтың жазғандарын қалдырмай оқыдым. Сол Е.Бекмаханов «ұсталып» кеткенде, жер-жерде оны күстаналайтын жиналыстар өтіп жатты. Біздің мектепте де болды. Мен Е.Бекмахановты ақтап сөйледім. Мектеп директоры жиналысты тоқтатты. Мені жеке қабылдауына шақырды. Сондағы айтқаны «Бекмахановты қолдаймын деп өзіңді де, бізді де қиын жағдайға қалдырма» деген сөз болды. Содан бері мен тарихқа ден қойып келемін. Үйдегі қабырғада сіресіп тұрған кітаптар арасында бүгінде сирек кездесетін басылымдар бар. Осыларды қарап, оқып, ылғи таразылап отырамын. Сырласым да осылар. Кітаптағы деректер шындыққа жол бастайды. Менің айтарым да осы кітап сөздері. Осылай десем, қазақ хандарының бастау көзінде Жошының тұрғанын ешкім де жоққа шығармайды. Елбасының өзі бізге осылай жол көрсетті. Ендігі міндет рухани жаңғыру бағытындағы атқаратын басты шарамыз – Жошыны ұрпаққа үлгі ету. Жезқазғанның басында Жошының Алатаудай бейне-ескерткіші асқақтап тұрса, әлем жұрты назар аудармай ма? Жошының басына келіп, тәу ететіндер көбеймей ме? Кетбұқаның ескерткішін қойған ел Жошы ханды да ұмытпауы керек қой деген үміттемін.

546 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз