• Еркін ой мінбері
  • 01 Мамыр, 2019

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОСАРАЛЫҚ НЕКЕ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БІРТЕКТІЛЕНУ

Дина Имамбаева, «Ақиқат» журналының бөлім редакторы

Қазақстан Республикасы өзінің тарихи қалыптасу ерекшелігіне байланысты көп ұлтты елге айналды. Бұл үрдіс негізінен патшалық Ресейдің қазақ елін отарлауы барысында күштеп қоныс аударту жолымен шаруалардың жаппай келуімен және әскери бекіністердің салынуымен қатар жүрді. Одан кейінгі кезеңде Кеңестік билік бұл үрдісті одан әрі жалғастырып, қазақ жерін түрлі ұлт өкілдерінің көптеп келуіне мүмкіндік жасады. Оның ішінде сондай-ақ ІІ дүниежүзілік соғыс тұсында саяси сенімсіз деп танылған ұлттарды жер аударуы бұл процесті күшейте түсті. Жалпы, ХХ ғасырда 5 миллионға жуық адам елімізге көшіп келген. Осылайша, Қазақстан «ұлттар лабораториясы» аталды. Қоныс аударған халықтардың барлығын қарапайым халық құшақ жая қарсы алып, бір үзім нанын бөліп жеді. Келушілер жергілікті халықпен етене араласып, бірте-бірте өздерін еркін сезініп, қоғам мен мемлекеттің барлық саласында өз орнын иеленді. Осындай үрдістер барысында өзара әрекеттесу арқылы түрлі ұлт өкілдері арасындағы некелік қатынастар өріс алды. Дүниежүзі бойынша халықтардың қарым-қатынасы ұлғайып, бұрын-соңды болмаған дәрежеде алыс-берістің көбеюі себепті, бүгінгі таңда көптеген мемлекеттер көп ұлтты. Бұл, әсіресе, экономикасы жақсы дамыған елдерді миграция тасқынына ұшыратты. Мысалы, Париж қаласында миллиондаған афроамерикандықтар тұрады, АҚШ-та тұтас бір кварталдарды мекендейтін қытайлар бар. Бұл үрдісті тоқтату мүмкін емес екендігі сөзсіз. Сондықтан, қазіргі өзекті бір мәселе – түрлі ұлт өкілдерінен құралған қоғамда әлеуметтік келісім, тұрақтылық, бейбітшілікті сақтау. Мұның бір жолы – толеранттылық. Ал, толеранттылық қоғам мүшелерінің күнделікті тұрмысында, еңбек ететін ортасында, туыс-туғандары арасындағы қарым-қатынастан қалыптасады. Осы тұрғыда көпұлтты қоғамдағы ұлтаралық некені көптеген зерттеушілер толеранттылықты орнықтырудың бір жолы деп есептейді. Толеранттылық қазіргі қазақстандық қоғамда да орнықты әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды бір факторына айналды. Бұл ретте мемлекетқұрушы ұлт – қазақтардың еңбегін лайықты бағаламауға болмайды. Төзімділік, сабырлылық, парасаттылық қасиеттері қазақтың қанында, түп-тамырында бар. Осылайша қазақ халқының бойындағы қонақжайлылық, ешкімді нәсіліне, ұлтына қарай бөлмеу сияқты бауырмалдық қасиеттері ұлтаралық неке құру үрдістерінің оң сипат алуына ықпал етті. Қазақстандағы ұлтаралық неке, әсіресе, кеңестік кезеңде үйреншікті жағдайға айналды және осы күнге дейін бұл қалыпты үрдіс саналады. Жалпы қазақтардың өзге ұлтпен некелесуі бұрыннан бар құбылыс. Және де ол негізінен өзге халықтан қыз алу, жаугершілік заманда қолға түскен әйелдерге үйлену сияқты ер адамдарға ғана тән құбылыс болды. Бірақ, ол дәуірлерде халқымыздың ұлттық дүниетанымы, көзқарасы, салт-дәстүрі қатаң сақталып, ассимиляциялау қабілетінің жоғары болуына байланысты жат үрдістерге жол беріле қоймайтын. Яғни, бұдан халқымыздың ділі мен тілінің, салт-дәстүрлерінің негізіне ешқандай нұқсан келген жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстанда өмір сүретін жүзден астам ұлт өкілдері құқықтары мен бостандықтары жағынан мемлекетқұрушы халықпен тең дәрежеде сезінеді. Ешкімнің де ұлттық қадір-қасиеті кемсітілмей, қайта ұлттық дәстүр-салтын өркендетуге, мәдениетін дамытуға барлық жағдай жасалған. Бұл үрдіс елімізде тұрақтылықты, әлеуметтік бейбітшілікті қалыптастырушы бір фактор болып табылады. Аралас некеге құрылған отбасы мүшелері бір-бірімен қарым-қатынаста оңтайлы жол табуға, өзара құрмет пен сыйластыққа негізделген атмосфера құруға тырысады және бұл олардың балаларына ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы толеранттылық, этникалық ықпалдасу үдерістеріне жағымды ықпал етеді. Көпұлтты қоғамдағы ұлтаралық қатынас мәдениеті бірнеше деңгейден тұрады. Бірінші деңгейде отбасы, туыс-туғандары, достары арасын қамтыса, одан кейін ересек өмірде бұл шеңбер ұлғаяды, яғни, бүкіл қоғамда болып жатқан үдерістер мен өзгерістер адам тұлғасына ықпал етеді. Аралас неке құрған индивидтер отбасында өзара қатынас мәдениетін қалыптастырады. Жалпы, тұлғаның қалыптасуы және оның құндылықтық бағдарларының негізі алдымен отбасында қаланады. Әлеуметтену барысында ұлтының ең үздік қасиеттерін қабылдап алған балалардың дүниетанымы, айналасындағы адамдарға қарым-қатынасы ұлттық-мәдени дәстүрлерге негізделетін болады. Ол ересек өмірде де айналасындағы адамдармен қарым-қатынаста өзара сыйластық, әрбір адамға құрмет қағидаларын басшылыққа алатыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде қоғам мүшелерінің арасындағы жарасымға, бірлікке септігін тигізеді. Мұнда, сондай-ақ, ерлер мен әйелдердің табиғи жаратылысына байланысты индивидтермен өзара әрекеттесуінде бірқатар өзгешеліктер бар екенін айту қажет. Мысалы, қазіргі көпұлтты қоғамда бірлесе өмір сүру, ортақ құндылықтар мен ережелерге бағыну және т.б. мәселелер өзекті. Осы тұрғыда әйелдер көбінесе өздерінің табиғи ерекшеліктеріне сәйкес этникалық толеранттылығымен, өзге ұлттың тұрмыс-салтына, әдет-ғұрыптарына деген қызығушылығымен көзге түседі. Бұл, әсіресе, ас әзірлеуге, ұлттық тағамдарға байланысты әр ұлтты өзіндік қасиеттеріне қарай бағалаудан көрініс табады. Сондай-ақ, әйелдер өздерінің түрлі ұлт өкілдері болып табылатын көршілеріне қатысты төзімділік, ашықтық, аралас-құраластық, эмоциялық жанашырлық және т.с.с. адами қарым-қатынасқа да анағұрлым жақын келеді. Этносаралық келісімнің салтанат құруында мәдениеттің алатын орны ерекше. Бұл жағымды және теріс көзқарастардың қайсысы басым болуына байланысты. Яғни, ұлтаралық некелердің құрылуына өзге ұлт өкілдері туралы пікірлердің сипаты әсер етеді (олардың көпшілігіне тән жағымды немесе теріс мінез-құлықтары, көпшіліктің жинақталған түсініктері). Өзге ұлт өкілімен отбасын құруға ұмтылудың бір себебі, ер адамның жеке тұлғасына да байланысты, оның жауапкершілігі, отбасын асырауға қабілеттілігі, ер мінезділігі, бала тәрбиесіне араласуы, жұмысында табысты болуы және т.б. қасиеттері ер адамның мәртебесін өсіре түседі және мұндай ер азаматпен тұрмыс құруға ұлтына қарамастан, кез-келген нәзік жыныс өкілі дайын. Америкалық социолог-ғалым Дж. Коулменнің әлеуметтік айырбас ретіндегі «рационалды таңдау» теориясы бойынша, әлеуметтік өзара әрекеттесу жеке мақсатына жетуді көздеген адамдардың әрекетін үйлестіру үдерісін білдіреді. Өз таңдауын рационалдандыру үшін индивид өзіне ыңғайлы мінез-құлық стратегиясын құрады. Сөйтіп, мүмкін іс-әрекеттердің арасынан ең жақсы нәтиже алып келетін нұсқаны таңдайды. Мысалы, индивид неке құру үшін өзіне серік болатын адамды ең алдымен физикалық сұлулығы, ақыл-ойы, мейірімділігі, жұмысының мәртебесі, табыс деңгейі және т.с.с. қасиеттері бойынша таңдайды. Демек, некелік мінез-құлық, Коулменнің пайымдауынша, нақты баламалар жиынтығынан рационал-дылықпен таңдап алуға келіп тіреледі. Осылайша, ұлтаралық некелер индивидтердің болашақ өмірін бірге құратын адамды таңдауда оның ұлттық өзгешелігінен гөрі, жеке бас қасиеттерінің жиынтығы үстем тұратынын көрсетеді. Мұнда стратификациялық жіктелу де өз ролін атқарады. Оған қоса, қазіргі нарықтық қатынастар кез-келген адамнан прагматикалық мінез-құлықты, пайдаға негізделген нәтижеге жеткізетін іс-әрекетті талап етеді. Осының бәрі жинақтала келе, адамдардың белгілі бір ұлттың өкілі ретінде ұлттық құндылықтарды тасымалдаушы, ұрпақтар сабақтастығының бір буыны ретінде сезінуін соңғы орынға ысырып, тұрмыстық, экономикалық мүдделерді бірінші кезекке қояды. Мысалы, қазақтың қыздарына үйленген өзге ұлт жігіттері олардың отбасылық өмірге икемділігін, бағынуға бейімдігін, салмақтылығын, жанжалдардан аулақ мінезін, үлкенді сыйлауын және т.б. қасиеттерін жоғары қояды. Өзге ұлт пен қазақ ұлтының өкілі арасындағы өзара әрекеттесу нәтижесінде неке құруға ұмтылыс кезінде қазақтардың тарихи қалыптасқан генетикалық тазалығы да іргелі фактор болып табылады. Тілдік өзгешелік жағына келетін болсақ, еліміздегі қазақтардың барлығы дерлік ұлтаралық қатынас тілін жақсы меңгерген және бұл некелік серіктердің бір-бірімен жылдам тіл табысуына көмектеседі. Өкінішке орай, қазіргі басым үрдістің бірі, қазақтар отбасылық өмірде қосағына ыңғайлы тілге бейімделуі басым. Бұл өз кезегінде аралас некеде дүниеге келген балалардың негізінен орыстілді болып қалыптасуына алып келуде. ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Алаштың көптеген ардақты азаматтары өзге ұлттың қыздарына үйленгені мәлім. Бұл сол замандағы қазақ қыздарының көбінесе оқу-білімнен қашық болуы, отбасы, ошақ қасында қалып қоюы сияқты үрдістерден белең алды. Ал, қазіргі кезде мұндай мәселе туындай қоюы екіталай. Керісінше, бүгінгі қазақтар ұлынан гөрі қыздарын оқытуға ұмтылады, бұл олардың болашақ келін ретінде барған жерінде сыйлы болуын, кемдік көрмеуін тілеуден туған құбылыс. Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстандағы аралас неке бүкіл неке көлемінің 18%-ын құрайды, оның ішінде қазақтар арасында – 10-15% (Ресейде бұл көрсеткіш – 25%). Ал, аймақтар бойынша бұл көрсеткіш әртүрлі, мысалы солтүстік аймақтарда – 40%. Осы мәселені зерттеп жүрген белгілі ғалым А.Қалыштың пікірі бойынша, «аралас некедегі қазақтардың жартысы орыс ұлты азаматтарымен жұптасқан. Қалғандары түркі тектес ұлттармен отбасын құрған. Оның ішінде ұйғырлар, өзбектер басым. Аралас некеге қарсылық негізінен аға ұрпақ тарапынан туындайды және әр ұлттың салт-дәстүрін, ғұрпын сақтауға келіп тіреледі. Мұндай жағдайда келін болып түскен өзге ұлттың өкілі сол дәстүр-салтты қабылдап, тез бейімделіп кетуі талап етіледі. Қазақтың ұлттық сана-сезімі өссе, сапасы да артады. Міне, сондықтан, аралас неке мәселесіне мұқият қарау керек» дейді ғалым. Жалпы некелер көлеміндегі ұлтаралық некелік одақтардың үлесіне келетін болсақ, бұл көрсеткіш кеңестік кезеңде 1970 жылғы халық санағы бойынша – 20,6%, 1979 жылы – 21,5%, 1989 жылы – 23,9% құраған (ҚР Статистика агенттігінің деректері). Ал 1999 ж. – 7,9%, 2000 ж. – 7,5%, 2003 ж. – 9,3%. 2009 жылы жалпы неке көлеміндегі ұлтаралық неке үлесі – 18,1%, 2010 ж. – 17,5%, 2012 ж. – 16,2% құрады. Деректерге қарағанда, кеңестік кезеңде сол тұстағы саясатқа сәйкес аралас некелердің үлесі жоғары екені байқалады. Ал, 1990-2003 жж. экономикалық дағдарыс кезінде халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауына байланысты неке құру үдерісінің де төмендегені көрініп тұр. Ал, біртіндеп экономиканың орнықты даму жолына түсуі тиісінше отбасылы болуға тиімді ахуал қалыптастырды және бұл көрсеткіштер өсті. Деректерге қарағанда, Қазақстандағы ұлтаралық неке құрушылардың құрамында, әсіресе, орыстар, украиндар, белорустар, татарлар көп. Ал, қазақтар арасындағы аралас некеге келетін болсақ, 1999 жылғы мәлімет бойынша өзге ұлт өкіліне күйеуге шыққан қазақ қыздары 8,4% болса, 2003 жылы өзге ұлт өкілімен өмір қосқан қазақтардың ішінде ерлер – 3406 немесе 5,23%, әйелдер – 2666 немесе 4,14% болған. Мұнда әйелдер ерлерден біраз қалыңқы. 2009 жылы бұл көрсеткіш өсіп, 16,4%-ға жеткен. Басқа этностармен некеге тұрған ер азаматтардың саны: 2009 ж. – 4910, 2010 ж. – 5090, 2011 ж. – 5559, 2012 ж. – 5494. Енді, дәл осы жылдар аралығында қазақ қыздарының 2009 ж. – 4185, 2010 ж. – 4246, 2011 ж. – 4548, 2012 ж. – 4591 мыңы өзге ұлт өкілдерімен тұрмыс құрған. Ол осы отбасылардың жартысынан астамы ажырасқан. Қазір болса, өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығатын қазақ әйелдердің үлесі қазақ-еркектердің үлесінен анағұрлым көп. Ұлтаралық неке тек екі адамның одағы ғана емес, бұл осы некеде дүниеге келген балаларға да қатысы бар күрделі үдеріс. Отбасы – адам баласының ең алғашқы қарым-қатынасы, жақсы қасиеттері қалыптасатын ерекше орта. Мұнда адам бойындағы мейірім, сүйіспеншілік, жанашырлық, достық және т.б. сезімдері пайда болады және дамиды. Отбасы адамның бүкіл өмірінің сапасына, адамдармен өзара әрекеттесуіне әсер ететін маңызды институт. Сәйкесінше, аралас некелік одақта туған балалардың өмірі біртекті отбасының баласынан өзгеше болуы заңды. Мысалы, аралас некеде дүниеге келген жасөспірімдер кәмелеттік жасқа толған кезде олардың алдында таңдау мәселесі – өзін қай ұлттың өкілі сезінуі тұрады. Яғни, олар өздерінің ұлтын анықтаған кезде анасының немесе әкесінің ұлтын таңдауға құқылы. Мұндай жағдайда жеке отбасында қандай ұлттың тәрбие жүйесі басымдық алды, сол маңызды. Статистикалық деректер бойынша, еліміздегі осындай некелік отбасында туған балалар көбінесе қазақ ұлтын таңдайды екен. Мысалы, қазақ-орыс отбасыларында 87,3-тен 95,8%-ға дейін жасөспірімдер өздерін қазақ ұлтымыз деп есептейді. Ал, түркітектес отбасыларында қазақпыз дейтіндер бұдан да жоғары. Қазақ ұлтына тән отбасы институты маскулиндік сипатта болады, яғни, ер адамның үстем тұруы, шешім қабылдауда әкеге, отағасына жүгіну, ер адамды ерекше құрметтеу және т.б. Жалпы, отбасында жұбайлардың қайсысы басымдық алса, сол ұлттың өзіндік ерекшеліктері билік құратыны белгілі. Бұл өз кезегінде балалардың көзқарасынан көрініс табады. Психологтардың пікірі бойынша, баланы сәби кезінен анасы тәрбиелеп, бесік жырын айтады, әңгімелеседі, осыдан барып бала ең алдымен анасының дүниетанымын, этникалық қасиеттерін жақын тартады. Бұл кейіннен оның ұлтын таңдауына әсер етеді. Алайда, кейде аралас некеден туған баланың этникалық топты таңдауында қиыншылықтар кездеседі, яғни, ол әкесінің де, анасының да ұлтына тән өзгешеліктерді бойына сіңірмеуі, өзін-өзі біртектілендіру негіздерінің әлсіздігі себепті екі жақты да таңдай алмайды. Осылайша, мұндай жасөспірім этникалық маргиналға айналуы мүмкін. Ол өзінің бірұлтты некеден туған құрдастарының ортасында жайсыз сезінеді. Бұл үрдістер кейбір жағдайда девианттылыққа әкеп соғады. Әрине, мұнда басқаша мән-жайлардың ықпалын да жоққа шығаруға болмайды. Мұнда, сондай-ақ, сенім мәселесі ерекше алаңдататын тақырыптардың бірі. Әр ұлттың өзіне тән тарихи қалыптасқан наным-сенім жүйесі, діни ұстанымдары бар. Бұл жастардың алғашқы албырттығымен мән берілмей келсе де, жылдар өте келе келіспеушіліктер туғызуы әбден мүмкін. Әрине, егер ерлі-зайыптылар екеуі келісіп, бір діни сенімді таңдаған жағдайда оның алдыналуға болады. Ал, керісінше, тұрмыс-тіршіліктегі түрлі жағдаяттарда аралас некедегі дін мәселесі кейде өкінішке әкеп соғатыны кездеседі. Тағы бір көңіл аудартатын жайт – аралас некеден туған балалар кейіннен өздері де басқа ұлт өкілімен неке құруға бейім. Бұл оның отбасында алған тәрбиесіне, өзге ұлттармен жылдам тіл табыса білу дағдысына, полимәдениеттілігіне байланысты. Осындай ортада өскен балалар өзге мәдениетті қабылдауға икемді, мінез-құлық, өмір салты жағынан ешбір қиыншылықтарды сезінбейді. Мұндай мінез-құлық қазіргі кезде қазақстандықтардың шетелдік азаматтармен неке құруына да ықпал етуде. Экономикалық, саяси интеграцияның дамуы, түрлі ұлт өкілдері арасындағы байланыстың артуы, бизнес, білім алу және т.с.с. мәселелер шет мемлекеттер мен Қазақстан арасындағы алыс-берісті арттыра түсті. Алдағы уақытта да бұл үрдіс одан әрі тереңдей беретіні сөзсіз. Өйткені, бұл жаһандану дәуірінің бір ерекшелігі және одан қашып құтылу мүмкін емес. Қазақстан да әлемдік қауымдастықтан оқшау өмір сүре алмайтындықтан, осы үдерістердің орын алуы заңды құбылыс. Осыдан келіп, неке құруда рационалды таңдауға себеп болатын факторларға, енді, некелік серігін таңдаудың басқа да өлшемдері қосылды. Оның ішінде, әсіресе, жоғары мәртебеге ие болу, сол елдің азаматтығын алуға ұмтылу, тұрақты тіркеуге тұру сияқты мән-жайлар қосылды. Бұл, көп жағдайда дамыған және серпінді дамып келе жатқан елдерге тән құбылыс. Қазақстанда да мұндай көріністер бар, мысалы, елімізге жұмыс істеуге келіп жатқан түрік, өзбек, тәжік азаматтары қазақтың қыздарына үйленуі үйреншікті жайтқа айналды. Бұның бір себебі, Орта Азия елдері арасында Қазақстанның экономикалық дамуының біршама озықтығы. Тіпті, қытай азаматтарына күйеуге шығып жатқан қыздар да бар, бірақ, қоғам оларды жатсына қабылдайды. Сонымен қатар, білім алуға, біліктіліктен өтуге шетелге барған қазақ жастарының сол жақта қалып қою, үйлену фактілері де жиі кездесетін болды. Бұл олардың жақсы өмір сүруге деген талпынысы, дамыған елдермен салыстырғанда біздегі тұрмыстың әлі де төмендігі және т.б. байланысты деген ой түюге болады. Алайда, мұндай үрдістерге қарап, елімізде отбасы институтының дағдарысы бар деген қауіп тумауы тиіс. Өйткені, дәстүрлі қазақ отбасы әлі күнге дейін өзінің төлтума ерекшелігін, рухани-мәдени, тұрмыстық құндылықтарын сақтап келеді. Бұл, әсіресе, ауылды мекендерде берік ұсталады. Оған қоса, мемлекет тарапынан отбасы институтын нығайтуға, насихаттауға жеткілікті көңіл бөлінуде. Соның бір айғағы – республикалық «Мерейлі отбасы» конкурсы. Оған еліміздің барлық облыстарынан ең үлгілі отбасылар қатысып, өздерінің жетістіктерін, артықшылықтарын бүкіл елге үлгі етеді. Әлеуметтену адамның бүкіл ғұмырында үздіксіз жүре береді. Бұл процесс дүние есігін ашқан сәттен басталып, балабақша, мектеп, оқу орны, жұмысы мен қызметі, айналасындағы адамдар және т.с.с. жалғасады. Әлеуметтену барысында индивид сол ортадағы әлеуметтік-мәдени құндылықтарды, нормалар мен ережелерді қабылдайды, меңгереді, сөйтіп өзінің жеке дүниетанымы мен көзқарастарына енгізеді. Бұл көзқарас оның алдағы болашақ өмірінде де басымдық алатын болады. Яғни, бала кездегі меңгерген нормалар мен ережелер оның ұлттық біртектілігіне ықпал етеді. Демек, ұлтаралық некелік одақтан туған балалардың ұлттық өзгешелігін, мәдени құндылықтарды таңдауы кезінде жергілікті халықтың мүдделері ұмытылмауы аса маңызды. Бұл жерде халқымыздың демографиялық ахуалын да ескеру қажет. Қазіргі әлемде әрбір ұлттық мемлекеттің саяси және рухани-мәдени тәуелсіздігін сақтап қалуы басқа да факторлармен қатар ұлттың саны мен сапасына тікелей байланысты. Осы тұрғыда Қазақстан Президенті 2025 жылға қарай халық санын 20 миллионға жеткізу міндетін қойған болатын. Бұл міндет те еліміздің болашағын ойлаудан туған көкейтесті мәселе. Осылайша, заманауи көпұлтты қоғамның басты құндылығы – әлеуметтік, экономикалық, саяси қатынастардың үйлесімділігі, тұрақтылығы, әлеуметтік тыныштық, келісім мен ынтымақ, бірлік. Осы тұрғыда ұлтаралық неке достықты, бірлікті нығайтады деген пікірлер бар. Дегенмен, ұлтаралық толеранттылық, татулық орнауы үшін ұлтаралық некенің көбеюі міндетті емес. Мұнда ең алдымен ұлттық өзгешелікті сақтауға ұмтылу, төлтума рухани-мәдени құндылықтарға берік болу, ұрпақтар сабақтастығын ұмытпау сияқты мәселелерді басты орынға қою маңызды. Отбасында өзінің шыққан тегіне, ұлтына қатысты дүниетанымы, ұлттық санасы толық қалыптаспаған адамның ұлтаралық некеде тұтастай космополиттенуі орын алады. Міне, сондықтан, аралас некелер мәселесіне біржақты қарауға болмайды, бұл әрбір азаматтың жеке ісі ғана емес, сонымен қатар ұлттық үрдістерге ықпал етуге қабілетті фактор. Сол себепті, аралас некеде дүниеге келетін болашақ ұрпақтың тағдырын, оның ұлттық біртектіленуін естен шығармау қажет.

1453 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз