• Тарих толқынында
  • 01 Мамыр, 2019

«ТАРИХИ ЕМЕС» «ТАҒЫ» ҰЛТ БОЛА МА? немесе «өркениетті» жақтаушылардың қателігі

Серғазы Қалиұлы, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры педагогика ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры

«Этнос» деген сөз гректің – тайпа, халық деген сөзінен шыққан. Ғылымда «халық» терминінің орнына «этнос»термині орынды қолданыла бастады. Бұл термин этностың негізгі тарихи түрі - «тайпа», «ұлыс» (народность), «ұлт» ұғымын түгел қамтиды. Оның үстіне «халық» сөзінің бір топ адам (мәселен, «халық жиналды» десек) деген мағынасы да бар екені белгілі. Сондықтан, «этнос» терминін қолдану қолайлы демекпіз. Адам баласы ғасырлар бойы коллектив болып тіршілік етіп келеді. Оған әлеуметтік бірлестік деп те, этностық бірлестік деп те қарауға болады. Шындығында, әр адам бір жағынан белгілі бір қоғамның мүшесі бола отырып, ол, сонымен бірге, ұлттың (этностың) да мүшесі болып саналады. Мәселен, кез келген адамға «сен кімсің?» деген сұрақ қойылса, ол ойланбастан: «орыспын», «французбын», «ағылшынмын», «неміспін», «қазақпын» деп жауап береді. Олай болса, адамның санасындағы этнос жайындағы түсінік көпке ортақ. Ал, сол адамға «сен неге ол халықты немесе ұлтты өз ұлтым деп санайсың?» – деп сұрақ қойса, оған анықтама беруге қиналады. Әсіресе, «сенің ұлтыңның басқа ұлттан қандай айырмашылығы бар?» деген сұраққа бұрынғы Кеңес Одағы, бүгінгі ТМД елдерінде тіршілік ететін ұлт өкілдері тиянақты жауап бере алмайды.

Ол заңды да. Себебі, 70 жыл бойы «Бірыңғай тіл, бірыңғай мәдениет жасаймыз»деген ұранмен тіршілік еткен Кеңес халқы, әсіресе, «келешек коммунизм кезінде дүниежүзінде бір ұлт, бір тіл болады. Ол француздың да, ағылшынның да, немістің де, орыстың да тілі емес. Оған барлық ұлт өз үлесін қосады»- деген сталиндік волюнтаристік теорияға айрандай ұйыған ғалымдар әр ұлттың өзіндік ерекшелігін зерттеуге онша мән бермей келді. Ұлт мәдениеті мен ұлт тілдері біртіндеп кірігетін өткінші процесс деп қарады. Ал, бүгінгі демократия мен жариялылық салтанат құрып отырған заманда этностық мәдениет пен ұлт тілдерінің өткені мен келешегіне көз жіберу үшін этностардың шығу тегін ғылыми методологиялық тұрғыдан қарастырудың қажеттігі туып отыр. Бұл жөнінде кезінде В.А.Анучкин, С.А.Токарев, А.Т.Агеев, В.И.Козлов, М.И.Артоманов, Л.Н.Гумилев, т.б. тарихшы-этнограф ғалымдар еңбек жазып, пікір айтқан болатын. Олардың бәрі де этностар тарихын зерттей келе «этнос» деген ұғымға түрліше анықтама беріп келді. Мәселен, біреулер «этнос дегеніміз – шығу тегі бір халықтар» десе, екіншілері «этнос – тілдің бірлігіне негізделген мәдениеттің тууы» деп қарады, ал, үшіншілері «этнос дегеніміз – бір-біріне мінез-құлқы жағынан ұқсас адамдар тобы» дейді. Төртіншілері «этнос – белгілі бір қоғамдық формациядағы адамдардың шартты түрде топтасқан тобы» десе, бесіншілері «этнос – табиғаттың сыйы, әлеуметтік категория» деп қарады. Солардың ішінде ұлт мәдениеті тарихын ғылыми-методологиялық тұрғыдан терең зерттеп, бірден-бір дұрыс анықтама берген ғалым Лев Николаевич Гумилев болды. Ол өзінің «Халықтар қалай пайда болады және жоғалады?» (изд-во Ленин. Унив., 1989) деген еңбегінде дүниежүзіндегі халықтардың пайда болу, өсіп-өркендеуінің және олардың біртіндеп өліп жоғалу заңдылықтарын материалистік диалектикалық тұрғыдан тарих, география және биология (оның ішінде, экология мен генетика саласы) ғылымдары негіздеріне сүйене отырып «этнос»туралы ғылыми дәйекті анықтама береді. Л.Гумилев осы еңбегінде Кеңестік ғалымдардың этнос жөніндегі көзқарастарын қорыта келе, адамның шығу тегін зерттеу процесінде материяның қоғамдық және табиғи-диалектикалық даму заңдылықтары бірлігінде қарастырып, механикалық, физикалық, химиялық, биологиялық қозғалу формаларымен қоғамдық формациялық даму өзгерістерін комплексті түрде алып қарауды ұсынады. Л.Н.Гумилев жаңа этностардың пайда болу себептері неге байланысты?- деген сұраққа, ол біріншіден, көрші этностардың тіршілік үшін бір-бірімен соғысып, жеңілгендердің қоныс аударуынан, сөйтіп олардың жаңа жерге келіп, жергілікті халықтармен (тайпалармен) биологиялық қан араласуынан (миграцияланудан) жаңа этностар дүниеге келеді десе, екіншіден, бірнеше тайпалар мен халықтардың жаңа жерді колония етіп игеруінен пайда болады деп қарайды (мысалы, ағылшындар мен испандықтар Солтүстік Американы жаулап алып, жаңа жерге қоныстануынан Американ этносы пайда болды). Ал, үшіншіден, климаттық табиғи өзгеріс (қуаңшылық немесе су тасқыны, т.б.) адамдарды туған жерінен ауа көшуге мәжбүр етеді, сөйтіп олар басқа жерден тұрақ іздейді дейді, мысалы, қырғыз халқы XV ғ. басында Алтайдың солтүстігі мен Енисей өзені бойынан ойраттардан бөлініп шығып, қырғыз Алатауына көшіп келіп, жергілікті түрік тайпаларымен қосылып жаңа этнос құрды. Гумилев бұл жерде: «жас этностардың ескі этностан бөлшектенуінен пайда болмайтынын, жаңа жерге келіп тіршілік етуші этностар тобының жергілікті этностар тобымен бірігуінен (қан араласуынан) пайда болатынын ескеру қажет. Яғни, этникалық тіршіліктің географиялық ортамен тығыз байланыста екенін ескерген жөн» – дейді. Осыдан келіп, Э.Серплдің «Адам жер бетінің продуктысы» деген теориясы туындайды. Ал, жер бетіндегі тіршіліктің күн нұрының активтілігіне, космостық сәулелердің әсеріне тікелей байланысты екенін естен шығаруға болмайды. Ол әсер жер бетіне ауа қабаттарын жарып өтіп, бірнеше кедергілерді жеңіп барып жетеді. Осыдан келіп, себептестік және қарама-қайшылық заңдары туындайды. Табиғатта да, адамзат қоғамында да қарама-қайшылықсыз, себеп-салдарсыз дамудың болуы мүмкін емес. Адам өмірі оны қоршаған табиғатпен, космостық кеңістікпен, күн сәулелерімен, оның радиациясының жер бетіндегі тіршілікке (соның ішінде, адамға да) әсерімен биосфералық жағынан тығыз байланыста өтеді. Бұл жөнінде Чижевскийдің «Күн бетіндегі отты борандардың жер бетіндегі жаңғырығы» атты кітабында жақсы айтылған. Күн бетіндегі отты борандар мен қопарылыс-жарылыстар пайда болғанда, жердің магниттік белдеуі өзінің бағытын өзгертетін көрінеді. Сонымен бірге, күн бетінен жерге өткір сәулелер атқылайды. Ал, ол жер бетіндегі тіршілік әлеміне ерекше әсер ететін физикалық құбылыстарды туғызады. Чижевскийдің байқауынша, күн бетінде пайда болып жатқан осы құбылыстар кезінде өткір сәулелердің шамадан тыс бөлінуіне байланысты вирустар көбейіп, олар желдің бағытымен бір жерден екінші жерге ұшып келіп шоғырланып, әртүрлі жұқпалы аурулар таратады, түрлі апаттар жиілеп, адамдардың ақыл-есі ауысуынан асылып өлушілердің көбеюін, бір ұлт пен екінші ұлттардың өзара соғысып, қантөгістердің болуын туғызатын көрінеді. Теңіз толқындарының көтеріліп, құрлықтар мен аралдарды су басуы немесе жанартаулардың атқылауы, жер сілкінісінің болуы да осы Ай мен Күн бетіндегі сәулелердің жерге, суға әсерінен болады деп қарайды. Биосфераның әсерінен болатын осындай табиғи апаттар жер бетінде тіршілік етуші этностар өміріне орасан зор зиян келтіріп, оларды шалажансарлық жағдайға ұшырататын көрінеді. Табиғи апаттар мен биосфералық құбылыстар, әсіресе, этникалық жұлдыздарға (этностардың алдыңғы белсенді тобына) үлкен әсерін тигізіп, әлсіретуі, тіпті, тұқымға орасан зор қауіпті зиянын тигізуі мүмкін. Адам үнемі табиғат құшағында өмір сүріп, тіршілік ететін болғандықтан, күн сәулесінің де адамның психикасына ықпалын тигізетіні көпке аян. Яғни, адамдардың өз еркін билеу әрекеті де табиғатпен тығыз байланысты. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы жиі-жиі болатын соғыс, қақтығыс, қантөгістерді бір жағынан, экономикалық үстемдік үшін, басқаларды тонап, талау арқылы баю, тіршілік ету үшін күрес деп қарасақ, екіншіден, ұлттар мен халықтарды басқарушы хандар мен патшалардың мінез-құлық әрекетіне, мемлекетті басқарушы адамның жүйке жүйесінің қызметіне тікелей байланысты құбылыс деп қарауға да тура келеді. Мысалы, Гитлердің неміс ұлтын үстемдік ету үшін жаралған ақ раса деп қарап, бүкіл Еуропаны басып алуды мақсат етуі, еврейлерді кемсітіп, асып-атып, жер бетінен құртпақ болуы Мальтюстің теориясына негізделген фашистік диктаторлық іс-әрекет. Этностардың бір-бірінен этногенездік айырмашылығы олардың нәсіліне, тіліне, дініне, біліміне байланысты емес, мінез-құлқы мен жер бедері қыртысының табиғатына үйреніп, бейімделуіне байланысты деп қарауды география ғылымы қуаттайды. Мысалы, Солтүстік мұзды мұхит жағалауындағы ұлттар мен ұлыстардың салқынқанды болуы, олардың балық аулап, аң етін жеп, аң терісін киіп тіршілік етуі, ал, оның керісінше, оңтүстік Африка халықтарының ыстыққанды болып келуі және тропикалық өсімдіктермен көректенуі географиялық-климаттық жағдайға байланысты ерекшелік. Этностық-ұлттық характер адам мінезі мен іс-әрекетінен көрініс беретін тұрақты құбылыс. Ұлттық характер сол ұлтқа тән темпераменттік, психикалық рухани сапасымен ерекшеленіп, көзге түседі. Мысалы, қазақтарға тән бауырмалдық, ақжарқын, қонақжайлық мінез-құлық болса, өзбектерге тән майда, сыпайы мінезділік, үнемшілдік, діншілдік, орыстарға тән қарапайымдылық пен кеңпейілділік, американдықтарға тән құнттылық, ағылшындарға тән салқынқандылық, немістерге тән ұқыптылық, француздарға тән жинақылық, испандықтарға тән қызуқандылық ерекшеліктері байқалады. Әрине, бұл қасиеттер басқа халықтарда жоқ, кездеспейді деген ұғым тумайды. Ол қасиеттер әр халықта әртүрлі қырынан көрініс табады. Әр ұлттың өзіне ғана тән таза этностық мінез-құлықтың болуы мүмкін емес. Мысалы, орыстарға тән төзімділік мінез-құлық, қытайларға да тән немесе грузиндерді қызуқанды халық дейміз. Ал, ол мінез испандықтарға да тән. Академик С.Кон өзінің «Ұлттық характер ерекшеліктер проблемасы» атты еңбегінде ұлттық характерді анықтауда әр ұлтқа тән этностық мінез-құлықты шартты түрде алып қарау керек деуі өте орынды. Дегенмен, бір халықта ерекше басымырақ болып көрінетін мінез-құлық сипаты сол халықтың психикалық ерекшелігі болып табылады. Әр ұлттың өзіне тән мінез-құлық құрылысы ұрпақтан-ұрпаққа көшкен сайын өзгеріп отырады. Мысалы, XIX ғ. қазақтардың мінез-құлқы мен қазіргі қазақтардың мінез-құлық сипаты бірдей емес. Бұл факті этностардың дамуда болатынын, дамудың экономикамен бірге ұлттық психологияға да әсерінің тиетіндігін дәлелдейді. Қазақтың «заманына қарай заңы, тауына қарай аңы» деуі осыны мегзейді. Этностардың тегі жеке адамдардың қабылдауы-сезінуі арқылы анықталады. Ал, сезіну психологиялық құбылыс. Олай болса, адамның белгілі бір этносқа қатысын анықтау сезімге негізделген. Адам сезімі өзіндік ұлттық ойлау және мінез-құлық ерекшелігін білдіреді. Этностардың, қала берді жалпы адамның мінез-құлық ерекшеліктерін зерттеу этнопсихология мен этика ғылымдарының обьектісі. Адамның бір этносқа тән қасиеті оның бойына жас сәби кезінен бастап ата-анасының, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасы, мінез-құлқы, іс-әрекеті арқылы дарып қалыптасады. Олай болса, «этнос» дегеніміз белгілі бір жүйеге негізделген топ-ұжым екен. Әлеуметтік жүйенің көпшілікке ортақ түрі – отбасынан басталады. Ал, отбасылық жүйе этностық жүйенің қайталанатын атрибуты болып саналады. Этностық тайпалар (топтар) күнделікті тұрмысындағы, әдет-ғұрпындағы, мінез-құлқындағы, көзқарасындағы айырмашылықтар арқылы ерекшеленеді. Яғни, әртүрлі халықтар белгілі бір регионда пайда болып, сол регионның өзіндік ерекшеліктеріне (климатына, өсімдігіне, географиялық аймақтың хайуанаттары мен жәндіктеріне қарай) бейімделіп тіршілік етеді. Сонымен, этнос мүшелері, бір жағынан, табиғаттың кезекті – биологиялық бөлшегі болып есептелсе, екіншіден, табиғи байлықтарды игере отырып, қоғамды құрушы күш болып саналады. Міне, осыдан келіп, этностың биологиялық дамуы мен тарихи-әлеуметтік даму бірлестігі туындайды. Ал, ол этностар мен этностар мәдениетін зерттеудің ғылыми әдіснамасы болып шығады. Сонымен, Гумилевше айтқанда: «этнос дегеніміз – жер бетінде белгілі бір региондық тіршілік аймағы мен әлеуметтік аймақтың бірлігінде жатқан салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылық кәсібі, мінез-құлқы, тілі мен мәдени мұрасы бір халықтар тобы» демекпіз. Этнос мүшелерінің мінез-құлық құрылымының бірізділігі (яғни, бүкіл этносқа ортақ болуы) қатаң қарым-қатынас нормаларына негізделеді. Олар:1) жеке адам мен ұжымның арақатынасына; 2) жеке адамдардың өзара қатынасына; 3) этникалық топтардың арақатынасына; 4) этностар мен этникалық топтардың арақатынасына негізделген. Басқа этностардың басқаша нормалармен байланысуына әр этнос мүшелері таңғалады және өзіндік пікірін білдіріп, басқалардың «өрескелдіктерін» таңдана сөз ететін болады. Мысалы, ертедегі афиналықтар скифтердің үйінің жоқтығын, ал, өздерінің мейрамдарында есі кеткенше ішетінін ызалана сөз етеді. Римдіктер болса, еврейлердің баласын сүндетке отырғызуын жаратылысқа қарсы әрекет деп айыптаған. Палестинаны жаулап алған рыцарлар арабтардың көп қатын алуын айыптаса, ал, арабтар француз әйелдерінің бетін ашық ұстауын сөлекет көрген. Иудейлер римдіктерді шошқа етін жегені үшін жек көрген. Этнография ғылымы бұндай «сөлекеттіктерді» жеңе отырып, этникалық мінез-құлықты байқаудың принциптік жүйесін енгізді. Мұны адамзат этикасының мәдени нормасы деп қараймыз. Этностық мінез-құлық нормалары қоғамдық талаптарға сай өзгеріп, жаңарып отырады. Мысалы, Қазан төңкерісінен кейін қазақтарда «қалыңмал» беріп, әйел алу заңы мүлде жойылды. Немесе өзбек әйелдері пәрәнжі жамылуды қойды. Алайда, этностардың дамуы үнемі біркелкі прогрессивті даму сатысында болмайды. Себебі, этнос қоғамдық мәдени-экономикалық және географиялық жағдайға байланысты бірде шапшаң, бірде баяу, қисық доға іспетті дамуды бастан кешіреді. Этностар мәдениетін анықтауда археологиялық қазба ескерткіштерді тарихи салыстыру әдісін қолдану арқылы анықтауға тура келеді. Бүгінгі бізге жеткен мәдениет ұшығы сол этностың өткендегі мәдени өрісіне өлшем бола алмайды. Себебі, ағаш пен киізді былай қойғанда, қиыршық құм, тас сияқты құрылыс материалдарының өзі желмен, жаңбырмен үгіліп, тозып жоқ болатынын естен шығаруға болмайды. Сондай-ақ, жер сілкінісі мен су апаттарынан жер астына түсіп немесе су астында қалған мәдени мұралар қаншама. Олай болса, адамзат қолымен жасалған мәдени ескерткіштердің бәрі мыңдаған жылдардан кейін жер бетінен жоғалып кетуі ақиқат. Міне, материалдық мәдени мұра-лардың өткен дәуірлердегі осындай жай-күйі этностар мәдениетін дұ-рыс анықтауға мүмкіндік бермей, ғалымдарды қателіктерге ұрындырып, теріс көзқарастар туғызды. Мысалы, Орта ғасыр ғылымы бойынша Батыс Еуропа мәдениеті Грек, Рим импе-риясына қарағанда, төмен деген ұғым орын алып келді. Ортағасырлық идеалистік бағыттағы философ-тарих-шылар кейбір этностарды «тарихи емес» «тағы» этностар да бар деп қарап, қателіктерге ұшырады. «Өркениетті» жақтаушылар сақтар мен гундерді көшпелі тағы халықтар деп санап, оларға жоғарыдан менсінбей қарады. Олардың көне өзіндік бай мәдени мұрасының бар екенін білмеді, білгісі де келмеді. Немесе үндістерді «тағылар» деп есептеп, оларды аң аулағандай асып-атып өлтіруге құмартушылық, сөйтіп «мәдениетсіз ұлттарды құрту» (геноцид) сияқты фашистік саясат пайда болды. Этностар мәдениеті жөніндегі мұндай теріс көзқарас кеңестік әкімшілдік-әміршілдік дәуірде кеңінен өркен жайып, «ұлы халық», «кіші халық» деген теорияны шығарды. Олар: «Адамның тұлғасы оның бойының ұзын-қысқалығымен өлшенбейтіні сияқты, халықтардың да үлкен-кішілігі санының аз-көптігімен өлшенбейді, өткендегі тарихи мұрасымен, адамзат игілігіне қосқан үлесімен өлшенеді» - деген Виктор Гюгоның қағидасын ескермеді. Этнос мәдениетінің бірқалыпты дамымайтынын, оның өрлеу, өсу және құлдырау кезеңдерінің болатынын түсінбеді. Осы жерде ғұлама ғалым М.О.Әуезовтің: «әлемдік мәдениетке әр халық өзінше үлес қосады. Француздар асқан сұлу живопись өнерімен, итальяндықтар әсем сазды музыка мәдениетімен, египеттіктер атақты пирамидаларымен, қытайлықтар фарфор бұйымдарымен із қалдырса, ал, қазақ халқы бай ауыз әдебиетімен үлес қосты» деген ұлағатты пікірін еске ала кету орынды демекпіз. Этностар мәдениеті мен жаратылыс ерекшеліктерін тарих, археология, мифология, этнология, этнопсихология, логика, этнолингвистика, фольклористика, этнопедагогика сияқты қоғамдық ғылымдармен қоса, биология (оның ішінде, генетика), география сияқты жаратылыстану ғылымдары да қарастырады. Ал, философия ғылымдардың ғылымы, барлық ғылымдардағы зерттеу әдіс-тәсілдерін жинақтаушы этностың болмыс-бірлігімен байланысты мәселелердің басын біріктіретін, методологиялық талдау жасайтын алтын діңгек іспетті. Демек, «этнос» бұлардың бәрінің бір-бірімен тоқайласатын «мама ағашы», бәріне ортақ «түйісу нүктесі» болып табылады. Осы ғылымдардың даму заңдылықтарымен танысып, этнопедагогиканы зерттеу ісінде басшылыққа ала отырып, біз адамзат тарихы мен табиғат тарихындағы өзара байланыстың бар екенін байқаймыз. Біз зерттеу деректерінің барлық түрін кешенді пайдаланып, сол арқылы салыстыра тексеру, толықтыру, жинақтау, қорыту әдістерін қолдана отырып, этнопедагогикалық ғылыми жүйе жасаймыз.

1449 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз