• Тарих толқынында
  • 12 Қазан, 2011

АМАНАТ

Жанболат Әлиханұлы (Аупбаев) Жанболат ӘЛИХАНҰЛЫ (Аупбаев), «Қазақстан коммунисі» журналының 1986 -1991жылдардағы бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, «Ақиқат» журналының 1996-1998 жылдардағы бас редакторының бірінші орынбасары Кәкең! Кәкімжан аға!!! Бүгіндері газет-журнал беттері мен теледидар бағдарламаларынан 80 жылдығы қылаң беріп қалып жатқан асыл азамат туралы ойлағанда көңілге көп жай оралып, көп нәрсе еске түседі. Өйткені, ол күрмеуі көп күрделі жолдардан өткен адам еді. Сондықтан да оның өмірбаяны бай-тын. Осыны еске алғанда бұл ағамыздың болмыс-бітімін бір мақалада егжей-тегжейлі қамтып, толық ашып көрсету әсте мүмкін емес. Оны біз бек жақсы түсінеміз. Соны көңілге түйе отырып, төменде оқырман¬дарға «Ақиқат» журналының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында тек бір-ақ нәрсені баяндап айтсақ дейміз. Ол – Кәкеңнің өмірден озардан жеті ай бұрынғы аманаты. ...1989 жылдың 4 марты еді. Талдықорған облы¬сының Ақсу ауданында “Қазақстан ком¬му¬нисі” журналының “Партиялық жұмыс: іскерлік, жаңа¬шылдық, ізденіс” деген тақырыпта “дөңгелек стол” басындағы сұхбаты өтетін болды. Оған ре¬дак¬циядан екі адам баруға шешім қабылданды. Олар: бас редактор Кәкең және бөлім меңгерушісі мен. Алматыдан ертелетіп аттандық. Қапшағайдан өтіп, Шеңгелдіге иек артқанда: “Сөйле, батыр, – деді қаладан шыққалы бері ауыр ойда отырған ағамыз кенеттен. – Мынадай ұзақ жолда бір-бірімізге әңгіме айтып отырмасақ болмас, сірә”. Мен қысылдым. Өйткені, барып кел-шауып келге шамдағай, жұмысқа әбжіл болғаныммен, үлкендермен арадағы былайғы қарым-қатынаста тәжірибем аз, әлі ашы¬ла қоймаған ұяң кезім. Сондықтан бәрімізді үнемі мысы басып тұратын басшымыздың алдында аты-жөні жоқ қандай әңгіме айтуға болады? Осыны сезді ғой дей¬мін, мәшине тере¬зе¬сінен сыртқа барлай қа¬раған Кәкең: “Рахаң... Рахымжанды айтамын да... Сол кісінің көзі тірісінде біздің редакцияға бас сұққан соңғы келісі есіңде ме? – деді. – Бұл 1987 жылдың февралі еді ғой. Мен онда батыр ағаңды өзімде көп ұс¬тамай, саған әңгімелесуге жіберген болатынмын. Содан бір жыл алты айдан соң қайран ер қайтыс болды емес пе?...” – Иә, – дедім мен. – Ол кісі екеуміздің арамыздағы сұрақ-жауап әңгіменің магнитофон таспасы сейфте сақтаулы тұр. Қажет десеңіз мына сапардан қайтып оралған соң, сізге берейін. Бірақ, екі нәрсеге түсінбедім. Ол өзіңіздің осыдан 31 жыл бұрын очеркіңіздің де, содан сәл кейінірек жарық көрген кітабыңыздың да кейіпкерін маған жібергеніңіз және Рахаңның кейбір мәселелер туралы тәптіштеп тұрып сұраған сауалдарыма: “Баукең мен Кәкең біледі. Өйткені, ол шаруа¬лардың басы-қасыңда сол кісілер жүрді ғой”, – деп көп нәрсеге мардымды жауап бермегені. – Мәселе міне, осында, бауырым. Саған қазір соны айтқалы отырмын, – деді ағамыз мына ұзақ жол үстінде үлкен бір әңгіме тиегін ағытуға ыңғайланғандай болып. – Алдымен сөзді сенің бірінші сұрағыңа емес, екіншісіне жауап беруден бастайын. Рейхстаг қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевты маған тауып берген Баукең. Бауыржан Момышұлы! Бұл кісінің бәйбішесі Жамал 50-ші жылдар¬дың бас кезінде өзіміз жұмыс істеп жүрген “Лениншіл жаста” машинистка еді. 1956 жылдың көктемінде апамыз Баукеңнің Мәскеудегі әскери қызметтен біржолата босап, Алматыға келгенін айтты да, біздерді батыр ағамызбен таныстыру үшін үйіне шақырды. Содан бастап ол кісінің назары маған мықтап ауғанын жасырмаймын. Кейін тіпті батырдың үлкен баласындай болып кетіп, Орынша апаңа үйленуге сөз байласқан кезімде оны сол үйге келін етіп түсіріп, батасын алған да жайым бар. Сол Баукең, аруағыңнан айналайын асыл ағам бір күні үйіне шақырды. Айтқан әңгімесі: өзіне соғысқа қатысқан бейтаныс жас жігіт сәлем беруге келіпті. Ал тапсырған шаруасы: менің соған міндетті түрде жолығып, оны газетке жазуымның керек екендігі. – Білесің бе? – деді көзі ұшқын шашып, ширыққан Баукең. – Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Төрт жыл бойғы сұрапылдың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ, Берлинді алардағы, рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз ақырзаманның өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отының ішінде болған. Сол алапаттан аруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс жалауын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретіндегі өмірбаянын сол сәтте жазған!!! Сендердің міндеттерің енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу. Баукең осы сөздерді айтты да, қолыма тілдей қағазды ұстатты. Онда: “Рахымжан. Рейхстаг қа¬һар¬маны! Странно... Соғыс біткелі 13 жыл. Ешкім із¬демеген. Ахметжан Қойшығұловтың қарама¬ғында жұмыс істейді”, – деп жазылыпты. Мұны оқи сала болашақ кейіпкерімді ал кеп іздейін. Көп кешікпей оны таптым да. Аңқылдаған ақжарқын жігіт екен. Оңай тіл табыстық. Қайта-қайта барып, бес күндей әңгімелестім. Содан соң жазуға отыр¬дым. Нәтижесінде 1958 жылдың 21 февралі күні “Лениншіл жас” газетінде “Рейхстагқа ту тіккен қазақ” деген деректі очеркім шықты. Ол республика жұртшылығын дүр сілкін¬дірді. Ал редакцияға келген хатта есеп жоқ-тын. – Осыдан кейін үкіметке де ой түсіп, билік тарапынан қозғалыс болған шығар. – Жоқ, бауырым... Оған тағы да араласып, мұрындық болған Баукең. “Қалай?” дейсің ғой. Айтайын. 1960 жылы февральда ағамыз мені шақырып жатыр деген хабар келді. Бардым. Ол кісі сәл ойланып отырды да: “Сенің очеркің арқылы Рахымжанның есімін ел білді. Енді оны батырлық атаққа ұсыну керек. Мен Ілияс Омаровпен сөй¬лестім. Өзіңмен кездескісі келеді. Құрқол барма. Жақсылап орысша справка-анықтама жазып апар. Ілекең сондағы деректерді тілге тиек етіп, республика басшыларымен сөйлеспекші”, – деді. ...Көп кешікпей Ілияс Омаров ағамызға да жолықтым. Ол уақытта бұл кісі Қазақ ССР Мемлекеттік жоспарлау комитеті председателінің бірінші орынбасары-тын. Өте жылы қарсы алды. Жазып апарған қағазымды асықпай оқып шықты да: “Мұны маған тастап кет. Үлкен жұмыс жасап¬сың, қарағым”, деді риза кейіппен. Содан біраз уақыт өткен соң Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Әкімшілік бөліміне шақырылдым. Онда менімен Мәметқа¬зин жолдас әңгімелесті. Сұраған сауалдарының бәріне нақты дәлелмен жауап бердім. Кейіннен білдік қой, Жеңістің 15 жылдығы қарсаңындағы осы қарекетке мықтап атсалысқан адам Жұмабек Тәшенов екен. Ол кезде бұл кісі Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі болып істейтін. Баукеңнің айтуында тиісті материалдармен қаруланған Жұмекең Мәскеудегі СССР Жоғарғы Советі Президиумы Предсе¬дателі¬нің орынбасары ретіндегі бір айлық кезекшілік қызметінде Р. Қошқарбаев жөнінде Бас штабтың архивіндегі материалдарды көтертеді. Одан Рахымжанның кезінде Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғанын біледі. Сөйтеді де оның неліктен өтпегені жайлы маршал И. С. Коневті шақыртып сұрайды. Өйткені, бұл адам соғыстан кейін Бас штабтың бастығы болған. Ж. Тәшенов¬тің қатқылдау сұрағына маршал шамданып қалады. Екеуі қатты сөзге келеді. Бұл жайсыз ха¬бар сол кездегі СССР Жоғарғы Советі Прези¬диумының Председателі К. Е. Ворошиловқа жетеді. Климент Ефремович мәселені ушықтырмас үшін өзінің орынбасары мен әйгілі маршалды татуластыруға күш салады. Сөйтіп жүргенде даудың түйіні назардан тыс қалады. – Бәрі Климент Ефремовичтің азусыз¬ды¬ғы¬нан болды, – депті Жұмабек Тәшенов күйіне отырып Баукеңе. – Жұмекең де мен секілді қызба ғой. Екеу¬мізді құртып жүрген мінез, – деді маған айтқан әңгімесінде Баукең. Сөйтіп, алғашқы талпынысымыз сәтсіз аяқталды. Осы жерге келгенде әңгіме кілт үзілді. Оған себеп болған жүргізуші Серіктің мәшинені жайлап қана тоқтатып, капотты аша бастағаны еді. Оны көрген біз де сыртқа шықтық. Күн ала бұлт болып көрінгенмен, төңірек манаураған жаймашуақ кейіпте. Жылы жел – алтынкүректің лебімен жол жиегіндегі қар ағыл-тегіл еріп жатыр. Табиғаттың осы көрінісіне сәл назар аудара қараған Кәкең бір мезетте алдымыздағы Арқарлы асуына, оның шығысқа қарай иіндеп барып, түу сонау Қоянкөз жайлауына қосылатын тұсына көз тікті. Оған жапсарласа атақты Алтынемел мұнартады. Байқап әрі біліп тұрмын, бұл өңірдің бәрі де ағамызға баяғыдан таныс, ыстық жерлер. Олай болатыны, сонау 50-ші жылдардың ортасында мына Қоянкөзде ол кездері есімі елге әлі таныла қоймаған, кейін Социалистік Еңбек Ері атанатын Зылиха Тамшыбаеваның комсомол-жастар бригадасы отыратын. Оны Алматыдан “Лениншіл жастың” тілшісі Кәкімжан Қазыбаев іздеп келіп, бірде репортаж, енді бірде суреттеме, очерк жазып қайтатын. Газеттегі сол материалдар кейін ақын Қуандық Шаңғытбаевтың ойын оятып, одан Қанабек Байсейітовпен бірге жазған “Беу, қыздар-ай!...” пьесасы туды емес пе?! Ал ағамыздың Алтынемелге аңсары ауа қарап тұрғаны да түсінікті. Ол даланың дара жұлдызы, ұлы Шоқанның мәңгілікке дамылдап жатқан жері ғой. 1982-1985 жылдары Орталық Комитеттің хатшысы болып тұрған кезінде Кәкең сол жерге Димекеңнің тапсырмасымен әр алты ай сайын бір келетін. Сөйтіп жүріп ұлы ғалымның 150 жылдық юбилейін ЮНЕСКО деңгейінде өткізуге мұрындық болып, Шанханайдағы Ш.Уәлиханов мемориалдық музей комплексін өз уақытында пайдалануға беріп үлгерді емес пе. – Арада төрт жыл уақыт өтті, – деді бәріміз мәшинедегі орнымызға отырып, көлік Арқарлының асуына бет алғаннан кейін Кәкең. – Алда Жеңістің 20 жылдығы жақындап келе жатты. Баукең: “Рахымжан туралы жоғары жаққа хат жазсақ, оған өкілеттіктері зор төрт адам қол қоятын болды, – деп тағы бір әңгіменің шетін шығарды бір күні. Сол кісінің түртпектеуімен мен енді Р. Қошқарбаев туралы табылған соңғы тың деректерді қосып, тағы да анықтама жазуға отырдым. Қазір сол документтің бір данасы әлі күнге архивімде сақтаулы. Оған Баукең былай деп жазыпты: “Бұл тақырыпта ¬М. Мүсіреповпен әңгіме болды. Оған алғашқы данасын қалдырдым. 15 июль. 1964 жыл. Б.Момышұлы”. Күзге тарта хат қайта-қайта жөнделіп, әбден толықты¬рылып барып дайын болды-ау, әйтеуір. Оған өкіметке сөздері өтетін, қолдарында манда¬ты бар төрт атақты ағамыз қол қойды. Олар: Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, респуб¬лика Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы ¬Ғ. Мүсірепов, СССР Жоғарғы Советінің депутаты, жазушы ¬Ғ. Мұстафин, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, жазушы И. Шухов, республика Жоғарғы Советі Президиумының мүшесі, ақын Ә.Тәжібаев еді. Бұл бастаманы билік қолдады. Сөйтіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында арнайы қаулы қабылданып, алты жыл бойы жинақталған бүкіл документ Мәскеуге жіберілді. Ол кезде оны адамдардың аз ғана тобы біле¬тін. Сеніміміз күшті болды. Өйткені, 1964 жыл¬дың күзінен бастап еліміздегі жоғары басшылыққа басқа адамдар келді ғой. Жақындап келе жатқан Жеңістің 20 жылдығында олардан жаңа көзқарас, жаңа ықылас болар деп күттік. Дүрілдеп 9 мамыр мейрамы да өте шықты. Бірақ Рахымжан Қошқар¬баев туралы орталық үндемеді. Қандай өкінішті... Кәкімжан аға сөйлеп отыр. Мен жоғарыдағы бірінен-бірі өткен тың да соны деректерге толы тол¬ғанысты тыпыр етпей үнсіз тыңдаудамын. Себе¬бі, бұл бұрын мүлде естімеген жаңа әңгіме. Аға¬мыздың рейхстаг қаһарманы Рахымжан Қош¬қарбаевтың ерлігін 50-ші жылдардың соңында газетке бірінші болып жазған қаламгер екенін біле¬тінбіз. Кейін, яғни 1966 жылы басты кейіпкері Рахаң болып табылатын “Кернеген кек” атты деректі повестің де авторы атанғанынан хабарымыз мол еді. Бірақ... иә, бірақ мынадай жан¬кешті тірлікке ынты-шынтымен араласуы... Қайта-қайта құшырлана кірісуі... Бұл енді нағыз керемет, ғажап іс! – Баукең менімен әңгімелесерде немесе бір жұмыс тапсырарда үнемі шақыртып алушы еді, – деп сөзін жалғады Кәкімжан аға Мұқырға жетіп, Көксу өзенінен өте бергенде. – Бұл жолы, яғни 1969 жылдың январында ақсақал маған телефон арқылы өзі хабарласып, былай деді: “Рахымжан десе ¬Ғабит Мүсірепов ішкен асын жерге қояды. Пікірі әлі жоғары. Сол кісімен ақыл¬дасқайсың. Бастаған істі орта жолда қалдыруға болмайды”. Батыр ағаның айтқаны біз үшін бұйрық. Ал ол сөзбұйдаға салынбайды, орындалады. Осылай деген ішкі ойым көп кешікпей мені Ғ¬абеңмен жүздестірді. Ақылдас¬тырды. Содан кейін жоғары жаққа тағы бір хат кетті. Ол Жеңістің 25 жылдығы қарсаңында Р. Қошқарбаевтың ерлігін әділ бағалау жөніндегі тілек-ұсыныс еді. Оған атақты Баукең, Бауыржан Момышұлы өзі бастап, екі мәрте Совет Одағының Батыры Сергей Луганский мен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, ақын Жұбан Молдағалиев қостап, 12 адам қол қойды. Бұл 1969 жылдың 29 январы болатын. Мәселені қарауға уақыт жеткілікті болсын, ертең ешкімде де өкініш қалмасын деп аталмыш документ Мәскеуге Жеңістің 25 жылдығынан бір жыл алты ай бұрын әдейі ерте жіберілді. Тағы да үнсіздік. Орталық бұл хатқа да ләм-мим деп жақ ашпады. Сөзімді аяқтарда әділеттілікке қиянат болмас үшін, мына бір жайды да анықтап айта кетейін. Жоғарыдағыдай мазмұндағы ең соңғы хаттың ¬Ғабең, ¬Ғабит Мүсірепов бастаған бір топ адамның қол қоюымен Л. И. Брежнев атына 1975 жылы да жазылғаны бар. Мұны қолға алып, оның басы-қасында болған жазушы Әзілхан Нұршайықов ағаң. Айтпақшы, осыдан бір апта шамасы бұрын сол кісінің “Мәдениет және тұрмыс” журналында “Ескірмеген естелік” атты мақаласы шықты. Оқыдың ба? – Иә, – деп жауап қаттым мен. – Февраль¬да¬ғы номер ғой. Жалғасы № 3 санда жарияланатыны айтылыпты, – дедім сөзім дәлелді әрі әсерлі болсын дегендей нықтап. – Дұрыс, – деді Кәкімжан аға. Сөйтті де: – Міне, Талдықорғанға да келдік. Мұнда обкомға кіріп шығуым керек. Онда мені идеология жөніндегі хатшы Гүлша Тәңірбергенова тосып отыр. Ал сендер қаланы аралаңдар. 40-45 минут көлемінде бой көрсетіп қалармын, – деді жүргізуші Серік екеумізге. Қаланы аралағанда қайда барамыз. Уақыт шектеулі. Оның үстінде мұнда көре қоярлық жер де аз. Екі кітап дүкеніне кіріп шығып, орталық алаңның шығыс жағындағы сұр үйге қайтып келсек, Кәкең де баспалдақпен жайлап түсіп, бізге қарай беттеп келеді екен. – Сонда атақты адамдардың ақыл-кеңесімен сіз дайындап, ол кісілер қол қойған жоғарыдағы үш хаттың тағдырынан ешқандай хабар болма¬ғаны ма? – дедім мен көлігіміз Ақсуға бет алған соң, ағамызды қайтадан сөзге тартып. – Өзіңіз кейін Орталық Комитеттің хатшысы қызметін ат¬қарған кезіңізде сол мүмкіндікті пайдаланып, Мәс¬кеудің үнсіздігінің сырын білудің сәті түсті ме? – Ол жұмбақтың жауабы мен үлкен үйге бармастан көп уақыт бұрын-ақ белгілі болған, – деді ағамыз жоға¬рыдағы сауалға күні бойы дайындалып отырған адамдай іле жауап қатып. – 1980 жылы августа республикамыздың 60 жыл¬дығы тойланатын болды. Онда мен, өздерің біле¬сіңдер, ҚазТАГ-тың директорымын. Той салтанатына Бас хатшы Л. И. Брежневтің өзі келіп қатысты. Сондағы аз ғана билік иелері арасындағы әңгімеде Леонид Ильичке алдымен Рахымжан Қошқарбаев, содан соң Бауыржан Момышұлы мәселесі құлаққағыс етілді. Оған Кремль қожайыны: “Тарихты қайта қарап қайтеміз”, деп өте қысқа жауап берді. Бұл: “Бол¬ды, бітті. Бәрі осымен тәмам. Ондай тақырыпты енді қайтіп қозғамаңдар” деген сөз еді. Ал: “Орталық Комитеттің хатшысы кезіңізде жоғарыдағы жайттың ізіне түсіп көрдіңіз бе?” деген сұрағыңа келетін болсақ былай. Иә, осы лауазым арқасында Мәскеу архивтерінің басшыларын біраз ақ тер-көк терге түсіргенім бар. Соның нәтижесінде көптеген документтерге қолым жетті. Олардан ой түйетін бір нәрсе: республиканың бұрынғы басшылары: атап айтқанда, өзіміздің Орталық Комитет пе, Жоғарғы Совет немесе Совмин бе, Баукең мен Рахаң туралы ұсыныстарға олардың ешқайсысы қарсы болмаған. Қайта қолдап отырған. Орталықтағы қолыма түскен деректерден өз басым осыған анық көз жеткіздім. Бұл болашаққа өте керек нәрсе. – Мен мұның бәрін саған неге айтып отырмын? – деді осы арада сәл үнсіз қалып барып әңгімесін қайта жалғаған Кәкімжан аға. – Біз қартайдық. Бір жылдан соң Баукең айтқандай “дерпен”, яғни дербес пенсионер боламыз. Сөйтіп, қоғамның қыз-қыз қайнап жатқан өмірінен алыстаймыз. Ал бұл деген тіліңді біреу алып, біреуі алмай, пұшайман күй кешесің деген сөз. Сонда рейхстаг қаһарманы туралы жиып-терген дүние не болады? Жеңістің 15, 20, 25, 30 жылдығындағы бастамалар жағдайы қайда қалмақ. Оны келешекте кім жалғастырады? Осыны ойлай келе мен мынадай шешім қабылдадым. Ол – қалаға оралған соң Рахаң туралы 30 жыл бойы жинаған архив деректерім¬нің көшірмесін саған беру. Жассың. Болашағың алда. Қайда, қандай жағдайда жүрсең де осы мәселе әйтеуір жүрек түкпіріңде жатсын деген ниет қой менікі. Батыр ағаңмен өзіңді осыдан екі жыл бұрын неге кездестіріп, әңгімелестірдім деп ойлайсың? Оның мәнісі міне, осында, қарағым. Үмітсіз шайтан деген... Алда Жеңістің 45 жылдығы келе жатыр. Одан кейін 50 жылдық та бой көрсетпек. Сондай кезде үнсіз қалмасаңдар болғаны да. Әңгіме аяқталды. Мен үндемедім. Тек иығымды көтердім де қойдым. Өйткені, бұл елп етіп, бірден бас изей салатын жеңіл-желпі шаруа емес еді. Салмағы ауыр, жолы қиын жүк болатын. Сондықтан оны бірден қабылдай алмадым. “Жауабы жиырма жылдан бері табылмай келе жатқан жұмбаққа жолап нем бар?” деген екіұдай сезім жетегінде қамалдым да қалдым. ... Ақсудан Алматыға 7 мартта кештетіп жеттік. 10-ы күні жұмысқа шықтық. Түске таман: “Бас редактор шақырып жатыр”, деді хатшы қыз. Есікті ашып кіре бергенімде: “Міне, бауырым! Саған айтқан документтер мынау”, деді Кәкімжан аға сейф кілтін нығарлай жауып жатып. – “Жейтін наным бар еді деп жүргенше, жеп тынайын”, депті ғой баяғы ашаршылықта біреу. Сол айтқандай мына папканы саған беріп, көңілімді жайландырайын. Айтарым: асықпа. Бүгін-ертең қолға алатын шаруа емес. Жағдайға қарап қимылда. Өмір ұзақ жол ғой, қалқам. Бір реті келіп қалар. Ал болмаса... Қайтесің. Әйтеуір, осы іс саған аманат”, деді”. Мына сөзді естігенде жүрегім дір ете түсті. Не істерімді білмей бетіне қарадым ағамыздың. Әлі күнге дейін көз алдымда: жайдары да жайбарақат, салмақты да сырбаз кейіпте тұрған еді сол сәтте ол кісі. Қиналу мен ренжу немесе мұңаю атымен жоқ-тын өңінде. Керісінше, дегдар, бекзат қалпымен қарап тұрды маған. ...Содан тура жеті ай өткен соң Кәкімжан аға кенеттен қайтыс болды. Мен сонда барып бәрін бірақ түсіндім. Түсіндім де: “Өмір бар жерде, қаза бар деген... Көп нәрсені ерте ойластырған екен-ау жарықтық”, дедім ішімнен. Сөйте отырып, 1990 жылдың басында ұзынқұлақтан: “Орталық Комитеттегі Мемлекеттік наградалар бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары Көрік Дүйсеев Баукеңнің 80 жылдығы қарсаңында кейбір мәселелерді анықтау үшін Мәскеуге барады екен” деген хабарды естіп, сол кісіге жолығуға бел будым. Ойым – Кәкеңнің қалдырып кеткен көшірме қағаздарындағы дерек көздерді ағамыз¬дың қолына ұстатып, сол арқылы орталықтан олардың куәландырған даналарын алдырту жөнінде өтініш жасау. Көрік Құндыз¬байұлы 1987-1989 жылдары “Социа¬лис¬тік Қазақстан” газетінің бас ре¬дакторы болған адам. Барлық редакция бір ғимаратта орналасқандықтан, Кәкімжан ағаға үнемі келіп-кетіп әңгімелесіп жүретін. Бізді содан жақсы танитын. Соны бетке ұстап келеміз ғой, баяғы. – Жарайды, – деді ағамыз қашанғы елпілдеген кішіпейіл мінезімен. – Әкел тізіміңді. Ала кетейін. Уақыт өте келе мүмкін Рахаң мәселесімен де айналысып қалармыз. Сонда қажетке жарары анық. Бірақ, есіңде болсын, қазіргі басты тапсырма – Баукең. Халық батырының 80 жылдығына байланысты ол ниет пен тілектің бәріміздің ойлағанымыздай болып, абыроймен орындалғанын қазір бүкіл жұрт біледі. 1990 жылғы 12 декабрьде респуб¬ликаның жаңа басшысы Н. Ә. Назарбаев¬тың орталықты мойын бұрғызбас дәлелдер арқылы көндіруімен Бауыржан Момышұлына Совет Одағының Батыры атағы берілді. “Тәубе! – дестік бұл ақжолтай хабарға. – Рахымжан Қошқарбаевқа да осындай ақжарыл¬қап күн туса екен...” Өстіп жүргенде арада төрт жыл өтті. Бұл кезде мен “Халық кеңесі” газеті бас редакторының орынбасары едім. Алда Жеңістің 50 жылдығы жақындап келе жатты. Осының қарсаңында Рахаңды жоғарғы жақ есіне тағы бір салып қойсақ қайтеді деген оймен басшымыз Сарбас Ақтаевқа кіргенім есімде. “Қажетті деректің бәрі Көрік ағамызда. Ол кісі оны Кәкеңнің қалдырған дереккөз тізімі арқылы Мәскеуден анықтап қайтқан”, – дедім Сәкеңе, барлық оқиғаның бүге-шегесін қалдырмай баяндап. Сарбас аға: “Көрейік” деді де жоғарғы жаққа барлау жасауға кетті. Бір ай шамасы уақыт өткеннен кейін ол кісі кабинетіне шақырып алды да: “Қазір қоғамдық пікірдің бәрі Қасекең, Қасым Қайсенов жағына ауып тұр”, – деді. – Бұл заңды да. Себебі, халық көңілінің түкпірінде баяғыдан бері келе жатқан үш ардақтымыз бар еді десек, солардан көзі тірі қалғаны – осы партизан ағамыз ғой. Ал енді Баукең мен Рахаң қазір мына өмірде жоқ. Сондықтан биліктің бұл кісіге бүйрегінің бұруын: “Қарияның кеудесінде өкініш кетпей, ерлігінің еленуін көзі тірі кезінде көрсін” деген тұрғыда түсінуіміз керек. Әңгіменің тоқ етері, қалай, не десек те енді жарты жылдан соң бүкіл ақпарат құралдарының назары Қасекеңе қарай ауады. Одан біз де тыс қалмауымыз керек. Тапсырма солай”. Айтқандай-ақ, 1995 жылдың басынан бастап газет-журнал мен телерадиода Қасекең туралы қуатты қоғамдық пікір дүмпіп кеп берді дейсіз. Сәкең ескерткендей, бұдан “Халық кеңесі” де шет қалмай, басшылықтың тапсыруымен менің де аңыз адам туралы “Кейіпкер” атты көлемді мақала жазғаным бар. Ақыры Жеңістің 50 жылдығы аталып өтілуіне екі жеті қалғанда, яғни, 24 сәуір күні Қасым Қайсенов Елбасы Жарлығымен “Халық қаһарманы” атағына ие болды. Әрине, ол кезде Кеңес Одағының Батыры мәртебесі болса да жоқ. Ал тәуелсіз Қазақстан¬ның ең жоғарғы наградасы партизан ағамызға нағыз лайық марапат еді. Арада тағы да біраз уақыт өтті. 1998 жылдың аяғында мен “Егемен Қазақстанның” табалдыры¬ғын аттадым. Бұл жаңа жылға бір апта қалған кез болатын. Келе сала газеттің жылашар нөмірін шы¬ғаратын топқа жетекшілік етуге жегілдім. Редак¬ция алқасының талабы: ол нөмір тартымды, тың тақырыптарға толы болуы керек. “Тіпті жыл бойына жүргізіп, көптің көңілін аударатын, сол арқылы басылымға бедел әкелетін ірі идеялар мен жобалар болса, тіпті ғажап болар еді”, дейді бас редакторымыз Ержұман Смайыл жұмыстың ара-арасында. Күні бойы ойландық. Көз алдымызға келер жылдың келбетін әкелеміз. 1999 жыл... Қаңтар – Президент сайлауы; сәуір – Қаныш Сәтбаевтың ғасырлық мерейтойы; желтоқсан – “Егемен Қазақстанның” 80 жылдығы... Тағы не бар дегендей, күнтізбені қайта парақтауға көштік. Тоқта... Тоқта! “Рахымжан Қошқарбаев. 1924 жылы 19 қазанда туған”. Сонда ағамыз келер жылы қаншаға келеді? Дереу 99-дан 24-ті алып тастап, санай бастадық. 75! О-о, бұл рейхстаг қаһарманының мерейтойы ғой. Болды! Бітті! Осы датаны алға тартып, он ай бойы қоғамдық пікір көрігін гуілдету керек. Құдай қаласа, бұл бір керемет идея болайын деп тұр! Содан отыра қалып, Рахаң туралы мақала жазайын. Бісмілләсі Кәкімжан аға атынан бас¬та¬лып, тіні 1987 жылғы магнитофон таспасындағы сұрақ-жауаптан өрілген бұл дүниенің тақырыбы “Ха¬лық ала алмаған қамал” деп аталды. Неге? Оның жауабын аталмыш материалдың “Сөз соңы” тарауындағы сөйлемдер анық ашып берді ғой деп ойлаймын. “Халқымыз кезінде еш пәр¬мен, жарлықсыз “Батыр” деп өз жүрек қалауымен ат берген үш қаһарман¬ның бар екенін жақсы білесіздер, құрметті оқырман!” – делінген бо¬л¬а¬тын онда. – Жариялылық пен демократия, тәуел¬сіздік тұсында солардың екеуі – Бауыржан Момыш¬ұлы мен Қасым Қайсенов кеш те болса, сол атаққа қол жеткізді емес пе? Ал Рахымжан Қошқарбаев ағамыз ұмыт қалды. Неге? Бізді міне осы сұрақ мазалайды. “Халық алмайтын қамал жоқ”, дейді қазақ даналығы. Әділеттілік қал¬пына келсін десек, ел екенімізді білдіргіміз келсе, Рахаң туралы 60-70-ші жылдардағы қоғамдық пікір негізінде бір дүмпіп барып басылған ұм¬тылысты тағы да қайталап көрсек қайтеді? Сөйтейік, жарандар! Пікір білдірейік. Ұсыныс айтайық. Халық ала алмай келе жатқан қамалға тағы бір рет шабуыл жасап көрейік. Нәтижесі болып қалар...” Аталмыш мақала 1999 жылдың 1 қаңтарында “Егемен Қазақстанның” 5-ші бетінде жарық көрді. Сол-ақ екен, жер-жерден редакцияға қолдау хаттар қаптады-ай дейсіз. Олардың ішінде атақты Қ.Қайсенов пен Қостанай облысындағы Социалистік Еңбек Ері М.Яровойдың, Талды¬қорған облысындағы Жаркент өңірінің тұрғыны Т.Исабеков пен кезінде Рахаң директор болып тұрған “Алматы” қонақ үйінің әкімшісі қызметін атқарған зейнеткер С.Дәуренбекқызының лебіздері жүрек толқытарлық дүниелер еді. Міне, осындай пікірлерді әуелі Кәкімжан ағаның бізге қалдырып кеткен папкасындағы хаттарын ай¬шық¬тай орналастырып барып, содан соң жұртшылық ұсыныстарын “Иә, Қошқарбаев қандай атаққа болса да әбден лайық”, “Қашанғы атаусыз қалады?”, “Рахымжанға “Халық қаһарманы” ата¬ғын беру керек” деген ортақ тақырыптарға бағын¬дыра топтап, айына арнайы кесте бойынша екі реттен бердік те отырдық. Әлі есімде, сол жылғы 4 сәуір күні Мемлекет¬тік хатшы Әбекең, Әбіш Кекілбаевтың көмекшісі Тілекқабыл Боранғалиұлы редакцияға телефон соғып, “Егемен Қазақстандағы” Рахаң туралы соң¬ғы үш ай ішінде шыққан материалдарды жи¬нақтап жеткізіп беруді өтінді. “Иә, сәт”, дедік іштей. 5 мамыр күні Тілекқабыл тағы бір рет ха¬барласып: “Қошқарбаевтың жанындағы Григорий Булатов Ресейдің қай жерінен еді? Сондай бір мәлімет керек болып тұр”, – деді. “Вятканың орысы ғой”, – дедік сақ еткізіп. – Соғыстан оралған соң Кировск қалашығында тұрып, еңбек еткен”. Ал 7 мамыр күні түскі сағат 12-лер шамасында редакцияға тағы да тілеуіңді бергір Тілекқабыл алақайлай телефон соғып, бізді Мемлекеттік хатшыға қосты. Әбекең аман-саулықтан соң осы жаңа ғана Елбасының кабинетінен шыққанын, Президент Рахымжан Қошқарбаевқа “Халық қаһарманы” атағын беру туралы Жарлыққа қол қойғанын толқи тұрып айтты. Содан соң Рахаң¬ның елордада тұратын туыстарын іздеп табуды, оларға “Қазақстан” теле¬арнасының кешкі қоры¬тынды жаңалықтарында оқылатын Жарлықтан жарты сағат бұрын осы қуанышты хабарды жет¬кізуді тапсырып, газеттің 9 мамыр – Жеңіс күнгі мейрамынан кейінгі нөмі¬ріне арнайы мақаланың қажет екенін ескертті. Кешкі сағат 19-да курьер “Егемен Қазақ¬стан” редакция¬сына Елба¬сы Жарлығын жеткізді. Бұл құжат Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев¬тың “Ұлы Жеңістің ерекше оқиғасы” деген түсініктеме мақаласымен бірге газеттің ертеңге шығып бара жатқан 8 мамыр күнгі нөміріне салынды. Ал оған дейін біз тілші Нұрхан Мыңбай екеуміз телефон арқылы Рахаңның Астанада тұратын немере інісі Кәртай Мұсабеков пен әпкесі Гүлшен Жұмағожинаны тауып, әңгімелесіп үлгерген едік. Ол сұхбат 11 мамыр күні аға газетте “Халық алған қамал” деген тақырыппен жарық көрді. Содан көп кешікпей редакцияға бейтаныс апайдың келіп, біздің бөлменің есігін имене ашқаны бар. “Атым – Рымжан, қарағым, – деді ол кісі даусы дірілдей. – Рахымжан ағаларыңның немере қарындасы болып келемін. Көп жыл осы Ақмоладағы кооператив техникумында сабақ бердім. Қазір зейнеткермін. Жақсы іс, үлкен азаматтық тірлік жасапсыңдар, айналайын. Үнсіз қалмайық деп туған-туысқандар атынан “Егемен Қазақстанға” рахмет айтқалы келдім”, деді. Сөйтті де көзі мөлтілдеп, егіліп қоя берді. “Жалғыз еді, – деді. – Бас көтерер іздеушісі жоқ еді”, – деді. Мұны көріп отырып енді менің көңілім босады. – Олай деп айтпаңыз, – дедім апайды жұба¬тып. – Артында қазақ деген халқы, Кәкімжан Қазыбаев секілді өмір бойғы жоқтаушысы боп өткен інісі тұрғанда Рахаң қалай жалғыз болады? Рахмет айтсаңыз алдымен батыр ағамызды алғаш рет газетке жазып, 31 жыл насихаттаған Кәкеңе айтыңыз. Осылай дедім де мен Рымжан апайға Кәкімжан аға туралы әйда кеп әңгіме соғайын. Қолына Кәкең туралы өзім құрастырып, 1996 жылы “Қазақстан” баспасынан Нұрмахан Оразбек ағамыз шығарып берген “Көзден кетсе де көңілде қалған” естеліктер жинағын берейін. Сөйтіп, редакцияның кезекшілік атқарып жүрген көлігіне мінгізіп, Рымжан апайды үйіне шығарып салайын. Содан соң Алматы жақтан пойыз келетін шығысқа қарап тұрып: “Аманатыңыз орындалды, Кәкімжан аға!” деп күбірлей тіл қатып, көңілімді бір демдейін. Мен бұл мақаланы неге жазып отырмын? Кәкімжан аға Қазыбаевтың 80 жылдығына байланысты әу бастағы ойым басқа тақырыпты қаузау еді. Бірақ кейінгі кезде “Қошқарбаевты тапқан анау зерттеуші еді”, “Біз болмасақ, ұмытылып қалатын адам болатын ол”,– деген әңгіме көбейіп кетті. Соның салдарынан Рахаңды ең алғаш жазған, ширек ғасырдан астам уақыт бойы насихаттап, қоғамдық пікір қалыптастырған және мойындатқан адам – Кәкімжан Қазыбаев есімі ұмытылуға айналды. Мұның бәрі әдеп деген нәрсені білмегендік. Мәселенің мәнісіне терең бойламай, обал-сауапқа қарамағандық. Ондайлардың ойы жалған жарнама арқылы тарихта қалу. Тарихтың сахнасы тар. Оған көп ешкім сыя бермейді де. Қатарына кімді алып, кімді қоюды қария тарихтың өзі ғана біледі. Осыны ұмытпайық. 2009 жыл.

562 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз