• Ел мұраты
  • 28 Мамыр, 2019

ЖҰРТЫМ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ

(Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, заңгер, әдебиетші, сыншы Ыдырыс Мұстамбайұлы хақында)

Талғат Төлегенов, филология ғылымдарының кандидаты

ХХ ғасырдың 20-жылдары қоғамдық өмірде ірі-ірі оқиғалар болды. Бір-біріне кереғар сан-алуан пікірдің нәтижесінде әдебиетте түрлі айтыс-тартыстар болып жатты. 20-жылдардағы әдеби процеске белсене араласқан қаламгердің бірі Ыдырыс Мұстамбаев болатын. Ол – сол тұстағы әдеби сынға араласып, біліктілігімен көзге түскен қаламгер. Аталған кезең әдебиетін зерттеуші ғалымдар 20-30-жылдардағы әдеби сын мәселесін сөз еткенде Ыдырыс Мұстамбаев еңбектерін де тілге тиек етеді. Оның есімі 20-жылдардағы әдеби сын туралы әдебиет тарихының шолу тарауларында кездеседі. Қаламгердің әдеби сынға сіңірген еңбегі, абайтану жөнінде болған сол жылдардағы айтқан ой-пікірлерінің әдебиеттануда алатын орны ерекше. Ыдырыс Мұстамбайұлы 1898 жылы Семей уезі, Заречная Слабодка (Алаш) елді мекенінде (қазіргі Жаңа Семей) дүниеге келген. Әкесі – Мұстамбай Жауғашұлы, шешесі Қолан сол жылдары Алексеевтердің жүн жуатын зауытында жұмыс істеген. 6-7 жасқа келгенде Ыдырысты ата-анасы мұсылманша оқуға беріп, ол мұнда 13 жасқа дейін оқиды. Ыдырыстың 12 жасында өкпе ауруынан анасы қайтыс болса, ал, әкесі зауыттағы жұмысын тастап, етікшілік кәсібіне ауысады. Осы зауытта ат айдаушы болып жүрген ағасына, біржағы қолбала ретінде көмектесе жүріп, Ыдырыс 1911 жылы Семейдегі екі класты орыс-қазақ училищесінің 6 жылдық курсына оқуға түседі. Оның үш жылын зауыттағы тері және жүн кептіру жұмысында қол үзбей істеп жүріп оқыса, кейін қабілеттілігінің, зеректілігінің арқасында мемлекет есебінен оқуға қабылданады. Интернатта жатып оқыса да, Ыдырыс жазғы демалысында да, зауытта жұмыс істейді. Еңбек ете жүріп, 1916 жылы аталған училищені үздік бағалармен аяқтап шығады. Мұның ішінде, әсіресе, арифметика, геометрия, физика, тарих, жаратылыс тану, таза жазу, орыс тілі пәндерінен озық білімділігін танытады. Ары қарай білімін жетілдіргісі келгенімен, Ыдырыс қаражаттың жетімсіздігінен осы жылдың көктемінде почта-телеграф мекемесіне әуелі үйренуші ретінде жұмысқа кіреді. Жаңа мамандыққа байланысты оқуын Заречная Слабодкадағы почта-телеграф кеңсесінде жалғастыра жүріп, аздап етікшілікпен айналысып, әкесіне көмектеседі. 1916 жылы күзде осы кеңсеге байланысшы болып тағайындалғаннан соң, оқуға деген ықыласы күшейген Ыдырыс өз бетінше іздене жүріп, Семей мұғалімдер гимназиясының курсына түсуге дайындалады. 1917 жылы төңкерістен кейін, ол кеңсе қызметкерлерінің одақтық жұмысына белсене араласады. 1918 жылы Семей қаласында Кеңес өкіметі орныққанда, Бүкілресейлік почта-телеграф қызметкерлері одағының Губерниялық комитетінің атынан Семей Совдепіне делегат болады. Көп ұзамай сәуір айында Алаш (Заречная Слабодка) аудандық совдепі төрағасының орынбасары болып және Семей уездік Совдепі Төралқасының мүшесі болып сайланады. Сонымен қатар, почта-телеграф мекемесіндегі жұмысын да қоса атқарады. 1918 жылы маусым айының басында Семейде Кеңес өкіметі ауысып, Кеңес қызметкерлерінің жауапты адамдарымен бірге Ыдырыс та қамауға алынады. Семейдегі төңкеріс алғашында қантөгіссіз бейбіт жағдайда өтеді. Тіпті 1918 жылы Колчак диктатурасын жариялағанда да одақ жұмысы біраз уақытқа сақталады. Төңкерісті эсерлер мен меньшевиктер басқарады. Ыдырыс Мұстамбайұлы жақын достарының арқасында, солардың араласуымен қамаудан босатылады. Алайда, бұрынғы істеген байланысшы қызметіне қайта орналасу құқынан айырылып, жұмыстан босатылады. Қамаудан тамыз айында босаған Ыдырыс мұғалімдер гимназиясының 5-класына оқуға түсіп, оны өз қаражатымен 1919 жылдың қазан айының аяғына дейін оқиды. Осы кезде ол өзінің ескі жолдастарының ұсынысымен Совдеп жұмысы бойынша көтерілісті дайындау жұмысы жөнінде астыртын іске кетеді. 1919 жылы 30-қарашадан, 1-ші желтоқсан айына қараған түні Семейдегі Плещеев хуторы, Затонның жұмысшылар ауданында болған көтеріліске Ыдырыс та қатысады. Күндіз – Облыстық әскери-революциялық штаб деп аталынып, азаматтық бөлімдерге бөлінеді. Ыдырыс та азаматтық бөлімге мүше болады. Көтерілісті бұрынғы эсер Құрмажин деген біреу басқарады. Бір айдан кейін Совдепке сайлауға дайындық жүргізуді бастап, біржағынан Омск арқылы Орталықтың өкілдерімен де байланыс жасайды. Қаңтар айында Омбыдан 5-Армияның саяси бөлімінен (жорықтық) Ревкомы келіп, Семей Губерниялық Ревкомы және РКП(б)-ның Губбюросы құрылады. Ыдырыс Губерниялық басқару бөлімінің меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалады. Рухани мұра жөніндегі айтысқа Ыдырыс Мұстамбаев өзінің 1927 жылы жазылған «Көркем әдебиет туралы» атты мақаласымен қомақты үлес қосты. Аталған мақаласында Ыдырыс Мұстамбаев көркем әдебиет туралы айтыста ерекше көзге түскен Сәбит Мұқанов пен Қошке Кемеңгеровтың баспасөз бетіндегі айтысына тоқталып, оған төрелік айтады. Әділ сынның болуын, бір-бірінің жеке басына емес, олардың шығармаларын сөз ету керек екенін қаламгер баса айтады. Сәбит Мұқанов пен Қошке Кемеңгеровтың айтысынан жеке басқа тиісудің кең етек алғанын тілге тиек еткен қаламгер оның зиянды жақтарын да санамалап көрсетеді. «Бізде Белинский, Добролюбов секілді сыншылар жоқ. Белинский болмағанымен де әркім пікірін айту керек. Пікір таласа келе шындық шығады» деген пікірінен әділ сынның пайдалы екендігін түсіндірген қаламгер өз замандастарын сын шын болсын дегенге шақырады. Әділ сынды дұрыс қабылдау керек, сын айтқан адамның жеке басына тиісудің қажеті жоқ екендігін қаламгер баса айтады. Сынды қабылдау мәдениеті қалыптасқанда ғана сын шын болатындығын да қаламгер жадында ұстап отырған. Ыдырыс Мұстамбаевтың бұл пікірлерінің қазіргі күнге дейін маңызын жоғалтпағанын атап өткен жөн. Ол осы мақаласында Бейімбет Майлин поэзиясына да назар аударып, ақын өлеңдерінде аса үлкен кемшілік жоқ екендігін, қала мен ауылды салыстырып жырлауда үлкен ілгерілеушілік барын атап өте келе: «...Біздің жас жазушыларымызға, кедейшіл ақындарымызға айтатынымыз жалпы саяси тілек бөлек. Бірақ, «Батыр Баянды», «Қартқожаны» оқы. «Қартқожа» секілді романды сен де жаза алатын бол дейміз» деп Мағжанды, Жүсіпбекті үлгі етеді. Қаламгер Мағжан Жұмабайұлының «Батыр Баяны» мен Жүсіпбек Аймауытұлының «Қартқожасын» тілге тиек етіп қана қоймай, қазақ ақын-жазушыларына одан үйренуді міндеттейді. Осыған қарағанда ол шығарма табиғатын бойлай білген. Себебі, «Батыр Баян» сол тұстағы қазақ поэзиясының қол жеткізген табысы болса, «Қартқожа» қазақ прозасындағы үлкен жетістік еді. Ыдырыстың әдебиетке деген көзқа-расында сол кездегі ресми көзқарасқа тәуелді жақтары байқалып тұрса да, ұлттық рухани мұра туралы сөз болған жерлерде, әсіресе Абай мұрасын қорғауда жанын сала кірісіп, өзінің батыл пікірлерін тарихи тұрғыда талдау жасауға, дәлелдеуге тырысады. Әсіресе, сол кездегі айтыстың белсендісі Сәбит Мұқановтың кейбір ұшқары айтылған пікірлеріне үнемі тойтарыс бере отырып, оған өзінің сын тұрғысынан достық ниеттегі ойларын білдіреді. Ыдырыс Мұстамбаев 1925 жылы жазған «Біздің таластарымыз» деген қомақты сыни мақаласын көркем әдебиет турасындағы айтысқа баға беруден бастап, сол кездегі айтыста қызу пікірталас тудыруға себеп болған Сәбит Мұқановтың көзқарастарына толық тоқталып сынайды. Ыдырыс Мұстамбайұлы Сәбит Мұқа-новтың мақалаларына сын ғана жазып қоймай өзінің достық ақыл-кеңесін де ұсынады. Қаламгердің жазған пікірінен оны әлем әдебиеті мен оның тарихынан мол хабары бар екенін көруге болады. Ол Сәбит Мұқановқа да соларды білу қажет екендігін айтады. Қазақта ештеңе жоқ болса, онда әлем тарихы мен әдебиетіндегі озық үлгілерді қарасын дегеніне қарағанда Ыдырыс Мұстамбайұлы Сәбит Мұқановқа жанашырлық танытып, оның білімін толықтыру керек екендігін, оқып, үйрену керек екендігін талап етіп отыр. Осы үйрену мәселесін Сәбит Мұқановтың өзі де құптайды. Қазақ әдебиетінің жай-күйі, бағыты туралы айтысқа қатыса отырып, бірнеше көлемді мақалалар жазған Ыдырыс Мұстамбаев та ұлтшыл атанған ақын-жазушыларға әділ бағасын бере келе, бәрін айыптай беруге қарсылық білдірді. Тарихи жағдайдың әсерін ескеруді ұсынып, олардың шығармашылығын зиянды деп жоққа шығаруды қолдамайды. Керісінше Абай, Мағжан, Жүсіпбектерді үлгі тұтады. Мағжан Жұмабаев одан қалды ұлт-тық сипаттағы бүкіл қазақ әдебиеті «ұлтшылдықпен», «байшылдықпен», «ескішілдікпен» айыпталып, бұл туралы жылы сөз естудің өзі қиынға айналып бара жатқанда Ыдырыс Мұстамбаевтың 1929 жылы жазылған «Джумабаев и «Девяносто» атты мақаласын жариялауы үлкен азаматтық ерлік еді. Мақала бастан аяқ Мағжанды қолдап, ақын шығармашылығының күрмеуі күрделі қырларына ойлы көзбен қарауға арналған. Ыдырыс қазақ қаламгерлерін Мағжаннан үйренуге шақыратын «Джумабаев и «Девяносто» атты мақаласын: «Біздің қазіргі әдебиетіміз өсу үстінде. Сейфуллин мен Майлин тіл жүйесі жағынан кемеліне жетті. Тоқмағанбетов пен Мұқанов та үлкен шеберлікке еркін жетті. Бірақ та, оларға әлі де тілге қатысты, түр және шеберлік жағынан Жұмабаевтың зор пайдасы тиюі мүмкін, оларға өлең құрылысы, техникасы жағынан Жұмабаев үлгі бола алады. ... біз Жұмабаевтан жүз пайызды маркстік көркем шығармашылық талап ете алмаймыз» деп аяқтайды. Ыдырыс Мұстамбаев 1928 жылы жазылған «Сын мен баспасөз туралы» мақаласында сол кездегі «өзара сынды күшейтудің бір жолы баспасөз арқылы істеген істің жөнін айтып еңбекшілер жұртшылығының алдына салып таныстырып отыру» екендігін айта келіп, қазақ газеттерінің кемшіліктеріне тоқталады. Сыншының 1920 жылдардағы әдеби айтысқа белсене қатысып, батыл пікір білдіруінен оның үлкен дайындықпен келгеніне қоғамдық ой мен әдебиет ғылымынан мол хабардар екендігіне оның 1928 жылы жазылған «Н.Г.Чернышевский» деген мақаласы айғақ бола алады. Бүгінгі әлемге танылған әдебиетімізге кеңестік дәуірдегі әдебиеттің де ықпалы болғандығын жоққа шығаруға болмайды. Сондай-ақ, 20-жылдардағы әдеби сын-айтысқа қатысқан қоғам қайраткерлерінің ішінде Ыдырыс Мұстамбайұлының да өзінің терең білімділігімен, асқан парасаттылығымен әдебиет тарихында орын алуы тиіс деп ойлаймыз. Оның көркем әдебиет туралы жазған құнды мақалаларымен бірге, басқа салаларға арналған мақалаларының да қазақ әдебиеті тарихынан өз орнын табары сөзсіз. Ыдырыс Мұстамбаев Абай шығар-машылығын қорғап қалуда үлкен еңбек сіңірді. Абайдың қайтыс болғанына жиырма жыл толуына байланысты жазылған Ыдырыстың «Ұлы ақын – Абай» атты мақаласы 1924 жылы Семей губерниялық «Қазақ тілі» газетінде (қазіргі «Семей таңы» газеті) жарияланды. Сыншының бұл мақаласы ұлы ақыннан қалған бай мұраны іс жүзінде ғылыми жүйеге келтіріп, жан-жақты зерттеу, жарыққа шығару жұмыстарын шындап қолға алуға мұрындық болды. Ыдырыс Мұстамбаев өзі де түрлі лауазымды қызметтер атқарғанымен Абай мұрасын үнемі назарда ұстап, сол кездің қасаң саясатынан қызғыштай қорғады, ақын шығармаларын талдай келіп, Абайдың ұлылығын таныды, батыл түрде алғаш рет «Ұлы ақын» деп жариялады. Абайды байшылдық әдебиет өкілі деп қарап жаңылыс басқан Сәбит Мұқановтың «Әркім өзінше ойлайды» деген мақаласына жауап ретінде жазылған Ыдырыстың «Абай» атты көлемді зерттеу мақаласы 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналында жарияланды да, сол жылдардағы әдеби өмірде үлкен қозғалыс туғызып, Абай шығармашылығын зерттеуге жаңа серпін әкелді. Абайдың ақындығын зерттеген Ыдырыс Абайдың өлеңдеріне талдау жасай отырып, өзінің сыншылық шеберлігін де байқатады. Абайдың «Құлақтан кіріп бойды алар», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Қабыл көрсе сөзімді» деген өлеңдерін мысалға ала отырып: «Орыстың тұңғыш Державин, Майков, Козловтар секілді ақындарын былай қойып, Пушкиндерді алсаңыз да өлең ақындық туралы айтқан сөздерінің көркемдігі, мағынасы осындай-ақ. Қайта өлеңге, ақынға бұлардан гөрі Абайдың көзқарасы дұрыс» деп, өзінің сын тұрғысынан әділ бағасын береді. Ыдырыс Абай аудармаларына да ерекше тоқталып өтеді. Сондай-ақ, Ыдырыс Абайдың Крыловтан аударған мысалдарына тоқталып, «тіл жағынан, орам жағынан сұлулығына, елдің ұғымды, жатымдылығына» баға бере келіп, «Крыловтың мысалдарының қазақтың құлқына, мінезіне жатымды екені басқа, ал, Абайдың тілі оларды жандандырып жібереді десе де болады» деп, мысалдармен дәлелдейді. 1920-жылдары Абай шығармашылығына теріс көзқарас білдірушілердің бірі ретінде және ең қауіптісі ретінде Ілияс Қабыловты атап өтуге тура келеді. Ыдырыс өзінің 1929 жылы жазылған «Ақын Абай және пәлсапашыл Ілияс туралы» атты мақаласында, Ілияс Қабыловтың «Философия казахского поэта Абая и ее критика» деген мақаласынан үзінді келтіріп бастайды. Ілияс Қабыловтың мақаласындағы: «...Сондықтан, Абайдың дүние тану әдісінен үлгі алудың керегі жоқ. Өйткені, Абайдың дүние тану әдісі біздің әдісімізге үйлеспейді. Оның дүние тану әдісі – ұлтшылдық, қиялшылдық, біздің дүние тану әдісіміз затшылдық диалектика. Қазақстанның жас жұртшылығы соны үйренуге, бұл жөнінде Абайдан үлгі алмай Маркс, Плеханов, Лениндерден үлгі алу керек» деген пікіріне Ыдырыс былай жауап береді: «Өзінше Ілияс жолдас мұны әбден тауып айттым деп отырған шығар. Абайды марксшіл, диалектикашыл емес деп сөгу балалық емес пе? Ал, дүние тану әдісін, пәлсапа жәйін Абайдан іздемей Ленин, Маркстен үйрену керектігін біздің жас жұртшылығымыз Ілияс жолдастың шалағай пәлсапасынсыз да, байбаламынсыз да білетін шығар» деп батыл пікірін айта келіп, ары қарай былай жалғастырады: «Қасқыр сазайын қомағайлықтан тартады ғой. Әйтпесе биыл Октябрь төңкерісіне 11 жыл болғанда жаңа жұртшылығымыз жетіліп өсіп қалғанда диалектиканы Абайдан үйренбей Маркс-тен үйрен деп шұбатылған пәлсапа соғу орынсыз». Расында да, Абайдың пәлсапасы марксизмге үйлеспейді, Абайдың дүниеге көзқарасы теріс деп, Абайдан марксизм ілімін іздеу ақылға мүлдем сыйымсыз екендігі айдан-анық. Бұл тұрғыдан келгенде Ыдырыстың пікірімен толық келісеміз. Ыдырыс Абайдан соңғы жазба әдебиет тіл жағынан өнегені Абайдан алғандығын, тілдің бұқараға ашық түсінікті болу жайын кейінгі ақындар Абайдан үйренгендігін, тіл жағынан көп ел әлі де болса Абайдан кем екендігін ерекше атап өтеді. Қорыта келе, жиырмасыншы жылдары екі дүркін айтыс болған абайтану ғылымында да әдебиеттанушылардың, қоғам қайраткерлерінің айтарлықтай қосқан табыстары болды. Абай мұрасын қорғап қалуда үлкен қажыр-қайрат танытқан көрнекті қоғам қайраткері, әдебиеттанушы, сыншы Ыдырыс Мұстамбайұлының да абайтанушылардың қатарында өз орнын алары сөзсіз. Оның әсіресе, Абай мұрасына қарсы шыққан І. Қабылұлының мақаласына екі тілде бірдей жауап жазған мақаласының әдебиеттану ғылымындағы орны ерекше. Сондықтан да, оның Абай шығармаларын зерттеу тарихындағы өзіндік орнын ерекше атап өткен жөн. Ы. Мұстамбайұлының көркем әдебиет, өнер туралы, жалпы мәдениет жайында жазған мақаларынан оның жан-жақты терең білімді, аса парасатты, кең ақылды, алғыр ойлы, әділдік, шындық жолынан таймайтын қажырлы, қайсар қайраткер екенін көреміз. Әсіресе, оның, абайтану мәселесіне сіңірген мол еңбегін ешқашан маңызын жоймайтын баға жетпес құнды мұра деп білеміз. Ы. Мұстамбайұлы өзі де түрлі лауазымды қызметтер атқарғанымен, Абай мұрасын үнемі назарда ұстап, сол кездің солақай саясатынан жанын сала қорғады, ұлы ақынның асыл қазынасын халық санасынан өшіріп, шығармаларын жоққа шығаруға тырысқан, шолақ белсенділер мен қасаң саясат жетегінде кеткен кейбір қаламгерлер әрекеттеріне батыл тойтарыс беріп, дәлелді түрде қарсылық білдірді, ескілік атаулы мен көне мұраға тыйым салған Сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйе қаһарынан еш сескенбестен, ұлы ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы ерекше орны мен мән-маңызын жете ашып берді. Ыдырыс Мұстамбайұлы ақын шығармаларын жан-жақты талдай келіп, Абайдың ұлылығын танып қана қоймай, батыл түрде тұңғыш рет қазақ поэзиясының биік шыңы деп бағалады. 1920-жылдары халық санасынан Абай мұрасын өшіріп тастауға бағытталған саяси теріс жолға түсіп кеткен кейбір қалам-герлеріміз ақынның шығармашылығына айтарлықтай қауіп төндіріп, ақынның әрбір өлеңдерінен қызыл идеологияға жат пиғыл іздеп қана қоймай, өз басына тиісе келе, бүкіл шығармашылығын мансұқ етуге тырысқан кезде, озық ойлы алаш азаматы ретінде Ыдырыс Мұстамбайұлы да бұған немқұрайлы қарап қалмай Абай мұрасын қорғауда ерекше атсалысып, белсенділік танытты. Өзінің дәлелді туралы пікірлерімен терең білімпаздықтың, асқан парасаттылықтың, кемеңгерліктің биігінен көрінді. Ешқашан мән-мағынасын, маңызын жоймайтын құнды еңбектерін қалдырды. Сондай-ақ, Ы.Мұстамбайұлы поэзия әлемінде айрықша із қалдырған, аса көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтың басына қауіп төнген жылдарда да басын бәйгеге тігіп, ақынды пәле-жаладан арашалап қалуға араласып, мақала жазуы да ерлікпен пара-пар еді. Қорыта айтқанда, Ыдырыс Мұс-тамбайұлы біріншіден сыншы ретінде 1920-жылдардағы көркем әдебиет туралы пікірталасқа белсене араласып қана қоймай, сол жылдардағы солақай саясаттың ықпалына түспестен, ұлттық мүддені жоғары қоятын берік ұстанымынан таймай, өзіндік батыл пікірлерімен көзге ерекше түссе, екіншіден ұлтымыздың рухани байлығы, әдебиетіміздің темірқазығы Абай шығармашылығын жоққа шығаруға тырысқан кейбір қаламгерлердің теріс пиғылды мақалаларына батыл түрде тойтарыс беріп қана қоймай, абайтануға қосқан өзіндік салиқалы да, салмақты ойлары мен зерттеу мақалаларының үлесі зор. Үшіншіден, Ыдырыс Мұстамбайұлының зұлматты жылдарда алаштың саңлақ ақыны М. Жұмабаевты кеңестік идеологияның айыптауынан арашалап алып қалуға тырысып жазған мақаласының да мағжантануда алар орны бар деп есептейміз. Ыдырыс Мұстамбайұлының басына төнген қасірет бұлты, оның отбасын да айналып өтпеді. Жары Шаһзада Қаратаева Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданында 1903 жылы дүниеге келген. Шаһзаданың әкесі Арон Қаратаев, әйгілі Әбілқайыр хан ұрпағы, белгілі ел азаматы Бақытжан Қаратаевтың інісі болатын. Шаһзаданың анасы Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы Нұралыханова – қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы мұғалімдердің бірі болатын. Шаһзада өзінің алғашқы мақалаларына «Мұстамбай келіні» деп қол қойып жүреді. Шаһзада Ташкентте 1920 жылы құрылған Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне түскенімен, оған «тап жауының қызы» деген айып тағылып, оқудан шығарылса, І931 жылы Алматыға қоныс аударып, медицина институтына оқуға келген оған баяғы жала тағы да алдынан шығып, бұл оқудан да шеттетіледі. Шаһзада соншама сәтсіздікке қара-мастан іздене жүріп 1933-36 жылдары педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер, ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, бастауыш және орта мектеп бөлімінде ғалым-хатшы болып жұмыс істейді. Шаһзада тағдырдың жазуымен екі рет тұрмысқа шығады. Алғашқы ері ЬІдырыс Мұстамбаевты «халық жауы» деген жаламен ұстап әкеткеннен кейін, энциклопедист-ғалым, қоғам қайраткері Телжан Шонановпен бас қосады. Қаратаева деген тегіне шүйліге берген соң, тұрмыс құрып, күйеуінің тегін алғанда да, Шаһзада бәрібір қуғынның құрығынан құтыла алмайды. «Халық жауы» деген айып тағылған Телжан Шонанұлы 1937 жылы шілденің 20-сында Алматы қаласында тұтқынға алынып, 1938 жылы 27 ақпанда ату жазасына кесілсе, араға небәрі 10 күн салып, 9 наурыз күні қазақтың маңдайалды мақтанышы, аяулы қызы – Шаһзада Шонанова атылып кете барады. Жазушы Хамза Есенжановтың «Ақжайық» романында Шаһзаданың сыртқы сымбаты, ажары, жүріс-тұрысы ерекше суреттеледі. Алаштың аяулы қызы Шаһзада Шонановаға өзі туып-өскен топырағы Орал қаласында бұрынғы әйелдер гимназиясы ғимаратында ескерткіш тақта орнатылды.

1129 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз