• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2019

ШАРТАСТЫҢ ҚҰПИЯСЫН БІЛЕМІЗ БЕ?

Райымбек ауданы өңірінде Сарыбастау мен Абай ауылдарының төрінде Шартас атты тау жоталары бар. Шартас Сарыбастау ауылынан онша алыс емес, бар болғаны шамамен алты-жеті шақырым шамасындай ғана жерде. Шығысында Үйсін тауының үлкен жотасы жатса, солтүстігінде Есек-артқан тауы. Бұл жөнінде «Қазақстан ғылымы мен жоғарғы мектебі» басылымының жауапты хатшысы қызметін атқарған досымыз Жексен Алпартегі былай баяндайды: «Бұл ғажайып көріністерді мен 1961 жылы көргенмін. Әкеміз Шартастың жанында мал бағып жаз бойы отырды. Біз тау тастарына шығып жүріп, үңгірлерге де кіретінбіз. Бір үңгірдің қабырғалары шіркеу тәріздес болып келсе, зымыран құстың кескінімен қатар бір-біріне айбат шеккен арыстандардың бейнелерін және жан-жануарлардың да суреттерін көрген едік. Ал, оның төменгі жағындағы бір жалпақ таста адам жұдырығы сиятын тесік те бар еді. Ол туралы үлкен кісілер: «Кезінде бұл тесік тасқа Манас батыр атын байлапты. Аты өте ақылды болыпты, жайылымға жіберілгенде Текестен су ішіп, Тұздыкөлдің тұзын жалап қайтады екен» деген әңгіме айтатын. Сондай-ақ, соған таяу жердегі үстел тәрізді тас та өзінің ерекшелігімен таңдандыратын. Үстел болғанда, кәдімгі төрт бұрышты, үсті теп-тегіс тас. Таудың етегінен жоғары биіктеген сайын тастар бір-біріне мінгескен күйде таудың басына дейін жалғаса беретін. Олар қолдан жасалған мүсіндерге көбірек ұқсаса, шоқпар тәріздес, бүркіт бейнелі, кейбірі адамға да ұқсайтын тастарды көріп, қызығушы едік. Тауды асықпай аралап көрген адам мұнда көп сырға қанық болары сөзсіз» – дейді автор «Ғибрат» деген кітабында. Жері шүйгін, табиғаты бай тау тепсеңі «Шартас», «Шарташ», «Шортас» және «Жар тас» деп аталғанына қарағанда, бір жүйеге түспеген жер атауларының өзі анықтауды керек етіп тұрғандай. Бір қызығы, осыншама атауы көп аймақтың өзі «Қазақстан ұлттық энциклопедиясына», «Жетісу» ай-мақтық энциклопедиясына енбей қалған. Қазақтың өміріне, тіршілігіне жақыны, мағыналық жағынан да үйлесімдісі «Шортас» дегеннің негізі бар сияқты. Шор дегеніміз – заттың шорланып немесе қырсыз қайнап бірігуі екенін жақсы білеміз. Шор тастар мекенінен қырлы, үшкір тастарды кездестіре алмайсыз. Сондай-ақ мұнда тас үгінділері, майда қиыршықтар жоқ. Алқапқа шоғырланып, үйіліп жатуына қарағанда, бұл жердің дұрыс атауы «Шортас па?» – деп ойлайсың. Жергілікті тұрғындардың кейбірі осы тас жоталарының атауы «Шарташ» дегенді айтады. «Шарташ» бұл көршілес қырғыз елінің тілінде мағыналық жағынан шарға ұқсаған тас дегенге келеді екен. Десек те, тау жоталары жөніндегі барлық атаулар, бір-біріне жақын, адастырмас аксиома болары анық. Шартас атауын Чартас деп жазып, оны «Жартас» деп қазақшаға аударған Еркебай Қойшыбаев та бұдан басқа дерек қалдырмаған («Краткий толковый словарь топонимов Казахстана» атты еңбегінде). Ал, Шоқан еңбектерінде бұл өңірге 1856 жылы тамыз айында полковник М. Хоментовский басқарған орыс әскери-ғылыми экспедицияның құрамына Шелек жақтан қосылғанын жазған. Экспедиция Ыстықкөл мен Күнгей Алатауында болып, бұдан кейін атақты Шалкөде жайлауына аялдағанын білеміз. Құрамында жүзден астам адамы бар экспедиция жер шенеуші топографтардың бастығы Яновский мен Жетісуды жақсы білетін аудармашы Бардашов, шекарашылар тобы, сонымен қатар албан, жалайыр руының тарихты жақсы білетін адамдарынан жасақталса, әйгілі Әбілес Тазабек (Тезектің бауыры), Бұлан Сасыбаев, Байғозы Тіленшин, Жайнақ Темірбеков және басқалардың болғанын Шоқан жазбаларында кездеседі. Экспедициядағылар тау мен тасты кар-таларға түсірумен қатар, мұндағы тарихи маңызы бар жерлерге ерекше мән бергенін аңғарасыз. Бұл Шоқанның Шалкөдеге алғаш барғаны болса, ғалымның қайыра келгенін Қашқар сапарында Шалкөде өзенінің жағасында қос тіккенін орыс жазушысы Сергей Макаровтың «Асқарға аттанғандар» деген кітабында баяндалады.Ал, белгілі балалар жазушысы Сапарғали Бегалиннің «Шоқан асулары» повесінде Шоқанның Шартасқа әскери-ғылыми экспедиция құрамында болған Бұлан ақсақал мен Байғозы қарияны ертіп, Шартас алқабына барғандығын әңгімелейді. Аңызды тыңдаған Шоқан Байғозы қарияның әңгімесін сүйсіне тыңдап өз дәптеріне жазып алып, «бұл бір анықтай түсер аңыз екен», деп жазып алғаны бекер әңгіме болмаса керек-ті... Тастың бетіндегі сурет және оның мазмұны сол аймақ тұрғындарының өз уақытындағы діни сенім бағытын ай-қындайтын кескін салынған. Соған қарап, бұл аспанасты ғибадатхананың орны болар деген жорамал жасауға болады. Демек, тастағы сурет мазмұны ислам мәдениетінен бұрынғы кездегі, діни нанымды айқындайтын орын болғанын білдіреді. Салмағы жүздеген тонна, биіктігі он метрдей қызыл шомбал тастың шеті тесілген, жеңді білек сыятындай, шамамен отыз сантиметрдей болар. Оған кезінде қырғыздың Манас батыры Аққұла тұлпарын байлапты деп ел аңыз айтады. Арқандалған арғымақ ат құйқалы майда қырқаларда жайылып, Текес өзеніне түсіп су ішетін көрінеді. Ал, Шартас пен Текес өзенінің арасы 20 шақырымдай. Тесік тастан басталған тас жабдықтар; түңлік тас, табақ тас, астау тас, стол тас, бесік тас, диірмен тас, түйе тас, тоқпақ тастар ашық аспан астында жатқан музейдің экспонаттары сияқты әсер береді. Келушілер стол тасқа дастарқанын жайып тамақтанса, берекеге кенеледі деген де наным бар. Мұндағы тас көріністерінің келбеттері сан алуан, оның әрқайсысына әртүрлі баға беріп, әр қырына қарап әр нәрсеге ұқсата беруге болады. Шор тастар аспандағы бұлттар сияқты қиялға қамшы салдырады. Екінші Шартастағы Манастың аты байланған тасқа жақын «Көтек тас» тұр. Биіктігі екі метрдей үш тастан тұратын осы бейненің «Көтек тас» аталуы жоңғар басқыншыларының соғысымен байланысты көрінеді. Алапат жылдары жас қазақ қызы жоңғарлардың қолында кетеді. Шапқыншылықта қолға түскен қазақ қызын жоңғарлар өздерінің бір дөкейіне тарту етеді. Кезінде дөкей болғанмен, қартайып көкей болған қалмақ қыздың тым жас екенін көріп, «өссін, қалғанын уақытында көреміз» деп, тұтқынды қолбала ретінде ұстайды. Араға біраз уақыт салып қыздың ағасы қарындасын іздеп барған екен. Диуананың кейпіне енген жігіт қарындасын табады. Жігіт көп ойланып әуре болмай, көкейдің қызын қоса алып, Шартастағы көп үңгірдің біріне тығылыпты. Өздерін таба алмаған жаудың ұзап кеткеніне көзі жеткен қашқындар Шартастың аузына келсе керек. Сонда қыздар біріне-бірі сүйеніп тұрған тастарды көріп, «ой, көтек, ұят болды-ау, ұятсыз тас екен» десе керек. Содан, «Көтек тас» аталыпты. Шар-тастағы жұмбақ тастар жөнінде де әңгімелер көп. Соның бірі батыр Ер Көкше салдырған қорғанға қатысты. Бүгінде жұрнағы қалған төбешікті батырдың қосабасы дегенді айтады. Өткен ғасырдың 80-жылдары осы маңда балық өсіру үшін тоған қазылыпты. Сол кезде жер астынан күйдірілген қыш кірпіштер мен тас кірпіштер табылған. Бірақ осы кірпіштердің ізіне ешкім түспей, табылған тарихи заттар әркімнің уысында кетті. Бүгінде оларды ел ішінен іздеп табу да қиын. Дегенмен кірпішті айтпағанда, Шартаста ғасырлардан бері сыры мен сынын сақтап тұрған суреттер мен петроглифтер жеткілікті. Самұрық құстың бейнесі, арыстандардың шайқасы, жан-жануарлардың келбеті тасқа қашалып салынған. Олардың қай ғасырда жазылып, сызылғаны, мәні мен мазмұны әлі нақты емес. Шартас тарихшылар мен археологтарды сарғая күтіп жатқан алтын местей. Тас бетіндегі бұғыға қарасаң, сол заманның шедевр туындысы екеніне ешбір күмәнің болмайды. Мүйізі сегіз салалы бұғы суретінің көлемі тірі бұғымен шамалас. Шартаспен жалғасып кететін Шыныбек сайындағы тақта тастарға салынған суреттер тіпті өзгеше. Орындау шеберлігі мен мазмұнының өзгешелігіне тақта тастың әсері шығар. Арасы жақын екі сайдағы сурет кескіндерін бір-бірімен салыстыруға келмейді, екеуі екі дәуірдің еншісі, ұрпаққа қалдырған аманаты сияқты. Ел аузындағы аңызға қарағанда, тастар галереясының ортасына бағзы заманда Қытай көмбесі, сондай-ақ, жауынан қашқан жоңғарлардың алтын қазынасы жасырылған. Бірақ сол қазынаның сыры әлі де шешуі жоқ жұмбақтай.

Алмабек ИБРАЙЫМОВ

729 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз